Қалағаңның қалжыңдары қайта басылып шықты
Биылғы желтоқсан Қазақстанның халық жазушысы, драматург, публицист, сыншы, аудармашы, ақын-қазақтың Қалтайының туған айы. Осы қуанышқа тосын сый ретінде ақын Оспан Сейфолла Міркемелұлының құрастыруымен «Қалтайдың қалжыңдары» 13 жылдан кейін халқымен қайта қауышты.
2006 жылы жарық көрген бұл жинақ Қалағаңның ұшан теңіз қалжыңдарының тұтас болмағанымен, денінің сақталып қалуына үлкен пайдасын тигізді. Биыл «Атамұра» баспасынан таралымы 3000 дана болып жарық көрген. «Қалтайдың қалжыңдарының» қайта шығуы,ол дүниеден өтсе де рухына, талантына қамқорлық көрсетіп келе жатқан көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед бауырымыздың еңбегі. Қалағаңның көзі тірісінде үш томдық таңдамалы жинағын 1998 жылы өз қаражатына шығарып, қазақ әдебиетіне үлкен сыйлық жасады. Жазушының 70 жылдық мерейтойын Алматы, Тараз, Түркістан, Қызылордада атап өтуіне зор үлес қосты. Бүгінгі Сіздерге ұсынылып отырған кітапта Мұхтар Абрарұлы інісінің қазақ драматургиясының қайталанбас тұлғасы Қалағаңның 90 жылдық мерейтойына тартқан сыйы деп қабылдаған абзал. Аталмыш еңбектің Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ағасына арналған «Абыз» атты эссесімен ашылуы да заңдылық.
Қалағаңның 90 жылдығы (2018 ж) досы, әріптесі, құрдасы Шыңғыс Айтматовтың тойымен салыстырғанда, айыр қалпақтылардың Ұлыларды ұлықтауда шаңына ере алмағандығымызды тарих мойындатар, мүмкін өкіндірер де.
Төрт бөлімнен тұратын кітапты тәтпіштеп айтсақ, оқырмандарға қызықта болмас. Оны өздеріне қалдырып, кейбір ерекшеліктеріне ғана тоқталайық. Бұрын жарық көрген «Қалағаңның қалжыңдары» толықтырылды. Алғашында үш бөлімнен тұратын кітап кеңейтіліп, бір бөлім қосылды. «Ел аузындағы әзіл қалжыңдар» аталатын екінші бөліміне іні-шәкірттері: Сейфолла Оспанның, Көпен, Толымбек, Дидахметтердің жазғандары қосылды. «Қалағаңның қағидалы сөздері» деп аталатын үшінші бөліміне еңбекті құрастырушы Сейфолла аға мен Жанабек Шағатайұлының естерінде қалған Қалағаңның қағидалы сөздері енді.
Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі Қалағаңның ақындық талантына көбірек мән берілгендігі. Оның:
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім? -деп кебер едім.
Әртүрлі хикая мен дастандардың,
Ширатқан шым жібектен көгені едім-
деп өзі айтқандай, әдебиет жанрларына, аға-інілеріне арнаған пародиялары, Халил Мұхаммед деген бүркеншек атпен жазған жырлары мен толғауларына кітаптың төртінші бөлімінен орын беріліпті. Бұл сөз жоқ Қалтай ағаның бабасы Күдеріқожа Көшекұлына тартқан ақындық талантын көпшілікке таныта бермек. Уақыт өтер. Қалағаңның бейнесі ел есінде осындай шығармаларымен қала бермек. Мүмкін бірнеше жылдардан кейін Қалтайдың қалжыңдары келер ұрпаққа да жол тартар. Лайым солай болғай. Аталмыш еңбек сабылып іздеп, сүйсініп оқитын, оқып тоқығаныңды елге жеткізуге асықтыратын дүние екеніне ешкім дау айта алмас. Ендеше асығыңыздар, Қалағаңның қалжыңдарымен қаруланыңыздар!
Қазбай Құдайбергенов ҚМУ-дің профессоры,
Қалтай Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі