Бір суреттің сыры

Амангелді батыр бата алған киелі мешіт

Ұлы Жыланшық бойын ғасырлар бойы жайлаған байлар мен бектер, діндарлар мен тахуалар талай тарихи орындарды салдырып, халықтың игілігіне пайдалануға берген. Соның бірі де, бірегейі Жыланшық өзенінің бастауындағы бір саласы «Дулығалы» бойына салынған киелі қызыл мешіт. Халық Дулығалы мешіті деп те, Бердікей ишан мешіті деп те, Қызыл мешіт деп те атайды. Осы киелі өңірді ғасырлар бойы Бердікей руынан шыққан ишандар әулеті мен Бегімбет рулары мекен еткен. Кешегі XIX-ғасырдағы Торғай облысының Қайдауыл болысына қараған осы өңірді Аманкелді, Кейкі, Әбдіғапар, Әлібилер мекендеген. Бабаларымыз азаттық жолында атқа қонғанда, елді жинап үлкен зиялы қауымнан, ел ағаларынан бата алғаны анық. Сондай бабамыздың бірі – Аманкелді Үдербайұлы Имановтың Кейкі Көкенбайұлының бата алған киелі орындарының бірі Бердікей ишан мешіті деп аталып жүр. Осы Бердікей ишан мешіті туралы, ондағы Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан кесенесіндегі батырға батаға арнап сойылған арқардың басындай үлкен қошқардың басы осы уақытқа дейін сақтаулы екенін көпшілік біле бермейді. Осы ұлт-азаттық көтерілісшілеріне арнап сойылған қошқардың басы жайлы дерек сол Бердікей әулетінен шыққан сауатты кемеңгер қарт Қалиев Қожа, Ұлытау өңірінен шыққан түбі ырғыздық жазушы Қуаныш Ахметов еңбектерінде кездеседі. Мен өзім сол жерге 2003 жылы барып, кесене ішіндегі басты көрген адаммын. (Шөптібай Байдилдин). Осы киелі орынға шығарда ағаттық жібердік. Асығыстық жасап бүгін ана жерге жетеміз, ертең анда барамыз деген ағат ойымыз жүзеге аспай, ауылдан шығарда мал шалып құдайы бермей, әрі жолға сәрсенбіде шықпай, жексенбіде шығуымыз, жолда азап көрсетті. Жолға шығып машина сынып, қайтып ауылға келдік. Жолда батпаққа батып, үш күн жүрдік, далаға түнедік, ақыры мешітке бейсенбіде жеттік. Қатты жаңбырдан Дулығалы өзені тасып кетіп судан тоғып өттік. Бата оқуға келген адамдар бізді көріп кідіріп тұр екен. Мешіт алдында отыз шақты адам бізді күтіп алды. Олар Қази ишанның қайтыс болғанына жиырма жыл толуына орай жиналған ағайындары, дені Байқоңырдан келген екен. Ішінде Құлмұхаммед ишанның қызы, Қази ишанның балалары, немерелері, мешітті зерттеп жүрген ғалым қарындасымыз да бар екен. Амандықтан кейін Құлмұхаммед ишан кесенесіне келдік. Кесене Жошы хан кесенесі жобасымен салынған оюлы, аят жазылған, өте көрнекті екен. Ішке кіргенде байқадым, есіктің жоғарғы маңдайында және соның қарсы бетінде үлкен көмкерілген ою тұр да, соның ортасына екеуіне бірдей бір деңгейде қарлығаш ұя салған. Кейін далаға шыққанда Құлмұхаммед ишанның қызынан ұя қашаннан бері тұр деп сұрағанымда, сексеннен асқан кейуана «Қарағым, бұл ұялар менің бала кезімде бар еді» – деп жауап берді. Кесене іші өте кең, жағалай адам отыратын кесек орындық жасалған. Төрдегі дене топырақ үстіндегі ерекше үлкен бас көзге ұрып тұр. Бүгінде сол қошқардың басы аппақ қалпында мүйізімен тұтастай кесене ішіндегі төрде Құлмұхаммед ишан дене топырағы үстінде тұр. Ишанның дене топырағы бірнеше қабат ақ матамен жабылғын. Батыр бабамыз Бердікей ишан әулетіме ерте араласқан.

Әрі осы әулетке жиен, ауылы аралас көрші отырған ел. Аманкелдінің туған жері сол мешіттің дәл жанында Балық қара суы. Бір көрген адамға арқардың басындай боп көрінген үлкен бас батырға, оған ерген ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларға бата бергенде елден таңдап сойылған қошқардың басы екені даусыз. Кесене ішіндегі Құлмұхаммед ишан дене топырағы үстінде солдан оңға қарай қошқардың 2 басы, киіктің 2 басы мүйіздерімен сақталған. Күні кеше қойғандай еш жері мүжілмей, шірімей, қараймай, аппақ күйінде тұруы да ұлы құдіреттің амалы демеске шараң жоқ. Алдымен осы киелі әулет – Бердікей ишандар жайлы айтар болсақ: Бердікей ишаннан – Дәулетбай, одан Өтеулі – Берсүгір –Арыстанбай –одан Бірмағанбет, Құлмұхаммед. Бірмағанбет ишаннан: Құлмұхаммед, Әбдірайым, Әбдірахман, Сейітмағанбет, Әбдіғапар туады. Әбдірайым ишаннан Қази ишан туады. Қази ишан осы жердегі мешітте 1943-1983 жылдарда шырақшы болған. Үйі бүгінде жабулы бос тұр. Жоғарыда айтылған Арыстанбай ишаннан Құлмұхаммед 1852 жылы туған. Он бір жасында ұйқыдан «оқу-оқу» деп тұрған екен дейді. Кірешілерге еріп 11 жасында оқу іздеп кетіп, 27 жасында елге оралған. Бұхарда, Араб, Мысыр, Шам, Бағдад елдерінде оқыған діни сауатты, шебер кісі болған. Осы Дулығалы бойындағы тоғыз күмбезді мешітті Құлмұхаммед ишан 1902 жылы салдырған. Мешіттің жобасын, кесектерін дайындауын, құйылуын Түркістанға барып үйреніп келіп, қалыптарын өзі жасаған. Қызыл күйдірілген кесектерде оннан аса ою түрі, аяттар болған. Мешіттің төбесі ешқандай ағашсыз кірпіштен тоғыз күмбез болып өріліп шыққан. Ортадағы үлкен күмбез астында жалғыз тіреу болған. Ғимарат Бұқара үлгісімен салынған. Намаз оқып, дәрет алатын, жайнамаз, киім ілетін және кітапхана болған. Онда арбша, парсыша, шағатайша, орысша кітаптар қойылған. Мешіттен кейін оюлы қызыл кірпіштен 24 бөлмелі медресе салдырған. Медресенің төбесін жабуға ағашты Аманқарағайдан тасытқан. Мешіт пен медіресе жұмысы 1929 жылы ишандар әулетін қудалау кезінде тоқтаған. Ишандар елден қашып, Қызылордаға тақаған жерде алдынан әскерилер шығып малын алып, жанын қырғынға ұшыратқан. 1934 жылы белсенділер мешітті бұзған. Олардың ішінен екі адам біреуі төбеден құлап, бірі жерде мертігіп өлген. Жоғарыда аталған Қази ишан 1943 жылы осы киелі орынға көшіп келіп 1983 жылы ата-баба топырағында дүниеден озды. Ұрпақтары бұрынғы «Байқоңыр» совхозында тұрады. Баласының аты Мәлікзада. Марқұм Қази ишан орта бойлы, шағын денелі, елгезек қария еді. Қолынан талай дәм таттық. Көршілес «Родник» совхозына жиі келіп қарттармен көп араласатын. 1964 жылы Жезқазғанан Құлан Әбу Қарақожин Кейкіге темір там мен Көктас әкеліп қойғанда осы кісі еріп келіп құран оқыған адам. Бірде шайпаулау әжеміз Қази ишанға Ишеке! сіз бала өзі пішіледі деп ишара жасап едіңіз, бала пішілмеді деп ренжігені бар. Ишекең бәйбіше, асықпаңыз, Алла қаласа болады, болады деп шығарып салған күні бала пішіліп қалып, әжеміздің Қазидан кешірім сұрағаны бар. Сол елге келген кездерінде мешітке Кеңес үкіметінің тарапынан жасалған қиянат жайлы қиналып айтып отыратын.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары медресені қой қараға айналдырған белсенділер, кейінірек мешітке әкеліп бір табын ірі қара малды қамайды. Өздері Қази ишан үйіне түседі.Түнімен карта ойнап, арақ ішеді. Ишанның қарсылығына қарамайды. Амалы құрыған Қази ишан «қарақтарым, малдарың шығып кетпесін мешіттің есік-терезесін мықтап бекітіңдер» дейді. Таң ата манағы мешітке қамалған ірі-қара азан-қазан өкіреді. Барса, барлық мал құтырған, есік-терезені жұлып, сыртқа шығып бірін- бірі жарып өлтірген. Іште 8-9 бас қалған жарылып. Не керек, сол 80-90 бас ірі қара бірін-бірі қуып жүріп жарып өлтірген. Осы оқиғадан кейін мешітке бел- сенділер жоламай, тыныштық орнаған. Құлмұхаммед кіндігінен тараған 5 баласының бәрі де ишан болған екен. Ишандар әулеті, олардың ғажайып қасиеттері туралы ел арасында таралып кеткен әңгімелер өте көп. Қызыл мешіттегі жиында Рахмет болыс Сатыбалды ишанға құран оқу кезегін береді. «Сары ишан» атанған Әбдірахманның білімділігі мен мысы басымдылығы сондай, Сатыбалды ишан оның алдында құраннан жаңылып болмаған соң, Әбдірахман ишан үзіле берген жерден жалғастырып әкеткен, орынсыз қылық танытқанын сезінген Рахмет болыс үлкен басын кішірейтіп кешірім сұраған екен. Құлмұхаммед ишанның немересі Қази ишанның ерекше қасиеттері болыпты. Қази ишан аязды күнде Торыбай байдың өзі құралпы кіші баласы Қиястың үйіне аялдамақ болады. Қияс қисық мінез танытып, қыңыр мінез көрсетіп, жақтырмаған кейіп білдірген соң Қази түнделете үйге жетеді. Шаршап келген Қази таң намазынан кейін көзі ілініп кеткен екен, түсінде әкесі Бірмағамбет ишан оятыпты. Жуынып келген Қази босағада беті қисайып, мойны бұрылмай пұшайман болып отырған Қиясты көріп таң қалып: «Неге қыңырайып отырсың, бері қара!» деп иығынан қаққанда Қияс «Уһ!» деп тілге келіп, сонан кейін Қазидың алдынан қия өтпеген екен («Мысты өңір» газеті. 07.09.2007ж. Қ.Әбдуахитұлы). Құлмұхаммед ишанның кенже баласы Әбдірайым ишан кеңес дәуірінде аударыла көшкен жұртпен бірге оңтүстүктегі Шәуілдір елді мекенінде тұрақтап қалады. Сол жердегі қырманда күзетші болып, әйел, бала-шағасымен күндерін көріп жатады. Күзетші болып отырған қауқарсыз кішкентай сары шалды місе тұтпаған ұрылар қырманды тонамақшы болып, жақындай берсе, шал отырған жерден қырманды айнала биік сым тор пайда бола қалады. Күндіз сыртынан бақыласа қоршау жоқ Аң-таң болған қарақшылардың алдынан келесі түні де сым қоршау пайда болады. Шалдың қасиетінен қорыққан қарақшылар бір мал шалып, одан кешірім сұрап, аяғына жығылған екен дейді. («Ана тілі» газеті, №52 (941)25/XII/2008жыл, 35 бет. Айсұлу Қасымбек. ) Қази ишанның көріпкелділігімен қоса ер балаға пышақ тигізбей батасын берсе, өзі пішіліп қалғанын көрдік. Ал жолаушылар жолдағы мешітке соқпай өтсе, адасып, айналып-айналып мешітке келетін. Қази ишан үйіне арнап келе жатқан адамды оның неше адам екенін біліп, мал сойғызып, қазан көтертіп отырғанын өзіміз көрдік. Жүйке ауруларымен ауырған адамдар сол топырақты басқанда тәуір болып кететін. Дінді қастерлеген, діндар, шежіреші, ауыз әдебиетінің өте жетік білгірі. Туғанбаев Өмірзақ қарт Шымкенттен Қази ишан жанына көшіп келіп ишанға өмірінің соңына дейін серік болды. Балалары, немерелері бүгінде Дулығалы мешітінде тұрады. Осы киелі мешіт жанында медіресемен қатар мектеп үйі болғаны туралы Ә.Марғұлан жазбаларында кездеседі. Ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин мектепті көріп, білім алудың жарқын жолы деп қатты қуанған екен. Алғашқы діни сауатын осы жерден ашқан батыр бабамыз Аманкелді мектептен дәріс алуы бек мүмкін. Осы мектептің жобасын жасап, кірпіштен тұрғызған Талпақ Байтөреұлы деген шебер ғимараттың әр жеріне мұнаралар тұрғызған екен. Бүгінде мешіттің қабырғалары мен азан шақыратын мұнарасы ғана тұр. Ал 24 бөлмелі медресе, мектеп үйі жоқ. Оюлаған қызыл кірпіштен салтанатты болып салынған медресеге қой қамап, кейінде құлатып сырып тастаған. Ал мешіт маңы шашылған бүтін кірпіштер. Ұқыпты адам болып кесегін жинап, бүтінін қайта қаласа, шағын мешіт шыққан болар еді. «Мәдени мұра» бағдарламасына кіретін киелі орынның бірі – осы Бердікей ишан мешіті, Құлмұхаммед ишан кесенесі. Тарихи жәдігерлер мен кесенелер, мәдени мұралар жыл санап азайып, жойылып барады. Осы жерлерге арнаулы ғылыми экспедиция шығып аралап, суретке, бейнекамераларға түсіріп, тарихи-ғылыми шолу жасалса, өткеніміз өшпей есте сақталып, келешек ұрпаққа патриоттық тәрбие болар еді. Ұлы Жыланшық бойы көзі ашық, көкірегі ояу адамға тұнған тарих, тарихи тұлғаларға мекен болған киелі аймақ. Осы діни шамшырақтардан бата алған батырдың бірі әрине Кейкі. Барша саналы ғұмырында дінді құрметеп, жайшылықта жайтып, жауға шапқанда салауат айтуы әрине Бердікей ишан әулеттерінің, Сатыбалды ишан әулеттерінің Торғайдағы Оспан Қожаның, Жыланшық бойындағы Жүзбай, Таласпай молдалардың шапағаты екені анық. Кейкі діндар, әруақты адам. Аллалап атқа қонған, жауына жасындай тиген азаматын киелі жердің әруағы қолдап қорғады. Талай қырғында Кейкіге оқ тиді деп ешкім айтпайды. Иә, киелі жер ешқашан иесіз болмайды.

Шөптібай БАЙДІЛДИН, әлемдік Шыңғысхан академиясының академигі, Арқалық қаласының құрметті азаматы, Абылай хан атындағы Алтын медальдің және «Қазына» сыйлығының екі мәрте иегері, оюшы-қолөнер шебері, өлкетанушы

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button