Білген Шайыр айтады

Ер мен әйелдің жұмбақ айтысы

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы

Әйел:

Жел сөзге тоқтамайсың ей асыл зат,

Еркін сөз қалам менен жазады хат.

Байқасам молдалығың бар ұқсайды,

Құранда қайсы болар мәтсіз аят.

 

Ері:

«Инна ағатайна» сөзінде мәт болмайды,

Айтқан сөз жамандарға еп болмайды.

Жаманға жайын  айтып қозғаған мен,

Өзіңдей бір жақсыға тең болмайды.

 

Әйел:

Айтайын айт дегенде Құдай екем.

Сөзімде Құдай деген барма бөтен.

Құранда екі шолақ Бисмилла бар,

Мәнісі осы сөздің қалай екен.

 

Ері:

Бисмилла екі жерде шолақ болған,

Топан суы басқанда жерге толған.

Нұх пайғамбар кемеден түскен кезде,

Біреуі екеуінің сонан болған.

 

Әйел:

Айтайын айт дегенде Құдай екен,

Сөзімде Құдай деген болмас бөтен.

Біреуін дұрыс айттың рахмет,

Мәнісі біреуінің қалай екен.

 

Ері:

Сүлеймен балықшыға сәлем жазған,

Құтылмас қашып өлім талабынан.

Басына Бисмилланы жазған екен,

Құранда соның үшін нәзіл болған.

 

Әйел:

Мінейін ел көшкенде ақтан керді,

Айтайын біраз ғана бейпіл сөзді.

Молдалықпен атың шыққан жан екенсің,

Құранда неше сүре көзің көрді.

 

Ері:

Мінесің ел көшкенде ақтан керді,

Сабайын шамам келсе бейпіл сөзді.

Молдадан алғаш сабақ алғанымда,

Сүрені бір жүз он төрт көзім көрді.

 

Әйел:

Құдай-ау, мың бір атың Құранда бар,

Алуан сыр айтатын үйімде тар.

Көшелі данышпандай бар екенсің,

Құранның неше жерде пайдасы бар.

 

Ері:

Құранның пайдасы бар отыз жерде,

Ер жігіт тоқталама бейпіл сөзге.

Мендағы заманымда асып жүрмін,

Мұндай сөз шек болама кеменгерге.

 

Әйел:

Өзіңдей кез келдім бір өнерпазға,

Оқ тисе мерт болады қоңыр қазға.

Көшелі жүйрік жандай данышпансың,

Құранның неше жерде сәждесі бар.

 

Ері:

Құранның он төрт жерде сәждесі бар,

Оқуды парыз қылған пәруәрдігәр.

Оқығанын біреудің біреу оқыса,

Парыз қылып ол дағы сәжде қылар.

 

Әйел:

Ғажайып бір құс бар жаратқандар,

Бір басында үш ауыз алты тіл бар.

Ең қыйыны жұмбақтың осы болар,

Жігіт адам табады болса ділмар.

 

Осы жерде төрт қатар түсіп қалған

Әйел:

Бес аққу бір қоңыр қаз жорғалаған,

Штаннан есепсіз бояу сорғалаған.

Есепсіз қоңыр қаздар тұрған ұшып,

Бәріде бір ұяға қорғалаған.

 

Ер:

Бес аққуың адамның бес саусағы,

Қағазы қол ұшында қаламдағы.

Қағазды қаламы мен алғана соң,

Ғылымның сырын шерт ер тіл мен жағы.

 

Әйел:

Қап тауы бір бәйтерек басын шалған,

Саттым деп сатқан адам қылмас арман.

Болған мен жасы кіші заты үлкен деп,

Берсе деп дүниені талап қылған.

 

Ері:

Болмайды жігіт адам сөзге сынық,

Болған мен сөзі сынық, өзі біліп.

Ақыры айтар сөзің таусылған соң,

Айттың ба сіркені де жұмбақ қылып.

 

Әйел:

Әлемнің ортасында бір құдық бар,

Тутқасы қорғасындай балқып түрар.

Су ішкен сол құдықтан бес балапан,

Тамаша бесеуінде бір-ақ тіл бар.

 

Ері:

Сол құдық толықсыған дәуіт дағы,

Сиясы бояуының сауыттағы.

Қағазды қаламменнен  қолға алған соң,

Ғылымның шіркін сөйлер тіл мен жағы.

 

Әйел:

Дүние ойлап тұрсаң өтердағы,

Шын айтпаса кірмейді сөздің мәні.

Тур тауында Алла мен сөз сөйлескен,

Жігіттер есіткенің қайсы тағы.

 

Ері:

Хикаят сөз сөйлестім қисса болар,

Аузымнан шырын сөзім бір-бір тамар.

«Қиссаси анбиядан» көзім көрген.

Сөйлескен Тур тауында Мұса болар.

 

Әйел:

Әлемде жалғыз шыққан бір бәйтерек,

Теректің төрт бутағы болса керек.

Отыз үш мың бутағында жапырақ бар,

Адамның мұны білген ақылы зерек.

 

Ері:

Әлемде бір бәйтерек Алла өзі,

Бендеге парыз дейді айтқан сөзі.

Отыз үш мың сахаба, төрт шаряр,

Болатұғын бұл сөздің қандай тезі.

 

Әйел:

Дүниенің кім біледі өтерін-ай,

Қай күні жанға қаза жетерін-ай.

Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,

Айтып бер бір Алланың мекенін-ай.

 

Ері:

Мекені бір Алланың ділімізде,

Пайғамбар шариғаты тілімізде.

Құдайды күндіз-түні ұмытпайық,

Болады ақыреттік күнімізге.

 

Әйел:

Қонады отыз үйрек балағына,

Басы бар үз жүз алпыс санағында.

Төрт бұрышын төрт кісі болжайды екен,

Қанатын өрге қарап санағанда.

 

Ері:

Болады отыз үйрек айдың күні,

Үш жүз алпыс болады жылдың күні.

Күннің нұры түседі барша әлемге,

Бұл сөздің құрап білер жоқ қой міні.

 

Әйел:

Мінекей, сөзің керек білдің ерді,

Қосыпты Құдай бүгін кеменгерді.

Тоқсан үшке келіпті бір қожа шал,

Сонан бері бұл қожа неше ай жүрді.

 

Ері:

Сөйлейін санама алып бір Құдайды,

Сөзіме Құдай деген жұрт уанды.

Қожекең тоқсан үшке келген екен,

Көріпті бір мың бір жүз он алты

 

Әйел:

Бір нәрсе көруге көп, ұстауға жоқ,

Жаздың күні көп болар, қыстауда жоқ.

Тұрмайды бір мекенді қарар етіп,

Қаншалық туа талап қылса да жоқ.

 

Ері:

Бұл сағым көрінеді ұстауға жоқ,

Жаздың күні болады қыстауда жоқ.

Құдретпен бір мезгіл пайда болар,

Белгілі қалдыратын нұсқада жоқ.

 

Әйел:

Бір нәрсе әйнегі жоқ, жоқ есігі,

Шыныда Құдай берген бар несібі.

Болады бірде жанды, бірде жансыз,

Білмейді еш нәрсені жоқ тәсібі.

 

Ері:

Бұл сөзді ойламаса бос болады,

Жұмбақты ашша көңіл хош болады.

Жұмыртқа әйнегі жоқ, есігі жоқ,

Бірде жансыз,бірде ол құс болады.

 

Әйел:

Мен көрдім бір теңізден, ғажап қайық,

Әр пенде пайдаланар көпке лайық.

Үстінде түңдігі жоқ ойды тынып,

Кетеді рысқыланып барша халық.

 

Ері:

Дастархан теңіз мысал барға лайық,

Бір күнде тойған оннан барша халық.

Шыны аяқ, түгелмейтін ой дегенің,

Әр бенде рысқыланып тынбайды анық.

 

Әйел:

Бір нәрсе жансыз, көрдім ғажап,қайран,

Табылар іздесеңіз зәрлі жайдан.

Төрт түрлі ішіп жейтін азығы бар,

Отырып көп ішінде құрар майдан.

 

Басына бір қалпақты киіп алып,

Ән салар көп ішінде алуан-алуан.

Біреуін төрт азықтың бермесеңіз,

Қалады бір сағатта болып ойран.

 

Ері:

Мысалы ұқсатамын самауырға,

Самауыр қажеті бар барша жанға.

Су менен шай, көмір мен от төрт түрлі азық,

Осы болса қажымас ұзақ таңға.

Қайнатса ортаға алып ән салады,

Айтшы өзің бұл шешімім ұнамайма.

 

Әйел:

Бір нәрсе өзі жалғыз аяғы жоқ,

Су менен шөптен басқа тамағы жоқ.

Есігі ашық қалса бір мезетте,

Жеген суы қалады жабағы боп.

 

Ері:

Шәйнектің ұқсатамын шанағына,

Шайды мысал қыласың тамағына.

Ішіп шайды қақпағын алғанан соң,

Мысалы ұқсамайма жабағыға.

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы қолжабасынан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы Сарыағаш қаласы

 

 

              

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу