Топыраққа хабар қылды һайиу халық:
«Бір мақұлық жаратамын сенен алып.
Жақсысы жәннат барып рахаттанар,
Тозаққа асылары түскей барып».
Аллаға топырақ айтты қылып нала:
«Бұл қызмет артық, ауыр болды маңа.
Жақсысы жәннат барып рахаттанса,
Өкініп, ренжімеймін ешбір аңа.
Жаманы тозаққа енсе, азап көріп,
Онымен күйсем керек мен һәм еніп.
Отына ол тозақтың сабырым жоқ» деп,
Жылады дәргаһына көп тіленіп.
Дария, көл, жер жүзінде бұлақтанар,
Ол күні жер жылаған жасы-дүрләр.
Топырақтың бұл тілегін қабыл алмай,
Әмір етті Жәбірейілге хақ бір уә бар:
«Топырақты келгін, – деді, – жерден алып»,
Барды-лар рухул әмин хабарланып.
Жер міскін: «Менен топырақ алма» деді,
Өтініп Жәбірейілге көп зарланып.
«Алма» деп бір Алладан қасам[1] берді,
Жәбірейіл топырақ алмай қайтып келді.
«Неге сен пәренімді қылмадың» деп,
Алланың дәргаһынан хиттаб[2] енді.
Жәбірейіл арыз етті бір Аллаға:
«Ешбір уауқыт напәрмендік қылмам саңа.
Жер міскін «менен топырақ алма» деді,
Ала алмай рахым қылып келдім саңа».
Әмір етті Исырпалыға айлап ағаз,
Исырапыл хақ әмірімен жерге барды.
Оған да ілгерідегідей көп зарланды,
Оның да жылағанға рахымы келіп,
Алланың дәргаһына қайтып янды[3].
Әмір етті Әзірейілге Алла және:
«Дүниеден келтіргін деп топырақ маңа?!»
Жеті ықылым жер жүзіне қолын салды,
Рахым етпей жыласа да һәр кез аңа.
Бәрінен бір қысымдай топырақ алды,
Жер беті қырық кез төмен түсіп қалды.
Мекке мен Шам шаһарының арасында,
Ол алған топырақтарын қайта салды.
Ол жерден алған үшін топырақтарын,
Қылған жоқ адамдардың бірдей бәрін.
Біреу ақ, біреу қызыл, біреу қара,
Һәм және бірдей қылмай хал-ақуалын.
Бір Құда Әзірейілге айтты және:
«Алма деп айтпауыма топырақ саңа».
Әзірейіл Аллаға айтты: «Әмірің тұтып,
Айтса да рахым етпедім ешбір аңа.
Деп айтты Әзірейілге Қадір Мәулан,
«Күллі рай мақұлығым көп неше алуан.
Һәм және бұл адамның әулетінің
Қабыз етіп алатын бол жаныны сен».
Әзірейіл аллаға айтты, қылып нала:
«Тапсырсаң бұл қызметті енді маңа.
Әнбия, әсбия мен әулиелер,
Қас болар меніменен бәрі һәмма».
Алла айтты Әзірейілге қылып ызбар:
«Әр түрлі кеселдер мен себептер бар.
Ажалын пенделерім сонан көрер,
Сенімен, менен ешбір көрмегей-ләр.
Өлімнің ықтиярын саған бердім,
Бұрыннан жаратып мен қойып едім.
Пенделер өлмектігін сонан көрер,
Ренжіме, бұл қызметке лайық көрдім».
Аллаға арыз етіп айтты Әзірейіл:
«Өлім деп ат қойылған не нәрсе бұл?
Бұрыннан ол нәрсені көргенім жоқ,
Өзіңнің құдіретіңмен хабардар қыл?»
Бір Құда пәрмен етті періштеге:
«Бір жерге жиылыңдар бәрің һәмма!»
Періште баршалары жиналды-лар,
Өкімді көрсетті-ләр Алла аңа.
Өлімге пәрмен етті Қадір Мәулан:
«Бір мәрте қанат жазғыл, қылып жәулан[4]».
Өлім һәм қанат жазып, көзін ашып,
Суретін көрсетті ол неше алуан.
Мәләйіктер назар етіп көрді оны,
Жығылды есін білмей баршалары.
Сол жайда екі мың жыл жатып қалып,
Есіне қайта келді оның бәрі.
Мәләйіктер Аллаға айтты: «Бір уә барым,
Бола ма мұнан үлкен мақлұқларың?»
Алла айтты: «Бұл өлімді бина қылған,
Бәрінен құдіретім көп артық менің».
Алла айтты Әзірейілге үшбу заман:
«Өлімнің ықтиярын бердім саған.
Күллі һай мақұлғымның бірде-бірі,
Өлімнен шәрбат ішпей қалмас аман».
Әзірейіл арыз қылып айтты және:
«Менде жоқ ұстамаққа қуат-шама.
Көрмекке мен өзімнен қуатты-дүр,
Тұрады ол бағынып қалай маңа?»
Бір Алла Әзірейілге қуат берді,
Өлімді хақ әмірімен ұстатты енді.
Онан соң не десе де оған бағып,
Пәрменін мойын бұрмай қабыл көрді.
Әзірейіл Аллаға айтты арзу қылып:
«Істесем бұл қызметімді енді тұрып.
Өлімге уақыты жеткен пенделердің
Жандарын қабыз етем қайдан біліп?»
Айтты-лар Әзірейілге хәкімі күл,
«Іліми ғайып мен білемін, құдіретім бұл.
Білмекке мақлұқтардың халдері жоқ,
Білсем деп өлер уақытын ашпағын тіл!
Өлмекке уақыты жақын болса әр жан,
Белгісін неше жерден білдірермін.
Төменде айтылатын белгілерден
Жандарын мақлұғымның ала-дүрсің.
Деміне дайындалған періште бар,
Өлерде ада болып, дем таусылар.
Алдыңда демі жоғы білгеннен соң,
Қасыңда қазір болып айтқай бұлар:
Деп айтар: «пәлен ибны[5], пәлен пенде,
Қалмады алар демі ешбір онда».
Ырызғына дайындалған періште бар,
Білдірер ырызғы жоғын ол сол демде.
Алдыңа келіп түскей және бір хат,
Ат-есімін ол пенденің аялағын жат.
Аршыда бір ағаштың жапырағынан
Бір пәрік[6] келіп түскей үшбу пұрсат.
Жазылған ол пенденің есімі-намы,
Ақиқат біле-дүрсің мұнан оны.
Аршыда мақұлұқтардың ол дарақта,
Бәрінің санынша бар жапырақтары.
Және де мұнан бөлек көп белгісі,
Айтпаққа бір адамның келмес күші.
Базысын осы жерде білдірейін,
Кейінгі хабарлансын әр бір кісі».
Әзірейіл тақ үстінде қарар қылар,
Есепсіз оң-солында мәлек тұрар.
Әуелден ақырға ше дайын болып,
Әзірейіл қызметінде тұрған бұлар.
Рахметтің періштесі оң да тұрған,
Денесі жүздерінің бәрі нұрдан.
Пормы жақсы, неше түрлі истері бар,
Запыран мен зүбәржаттан хош бой[7] қылған.
Солында тұрғандардың жүзі қара,
Қап-қара денесінің бәрі һәмма.
Иістері ол мәлектің тіптен сасық,
Аузынан отты жалын шығар және.
Бір тақтай Әзірейілдің алдында тұр,
Бір қағаз хат жазылған даяр тұрар.
Бір лаһза бөтен іске айналыспай,
Тақтай мен ол жазуға назар қылар.
Дарақтан ол легенге[8] жапырақ салар,
Ат-есімін әр пенденің оқып қарар.
Тақта мен ол дарақтан аттары өшіп,
Өлмегі ол пенденің нышан берер.
Әгарда жақсы болса ол сол пенде,
Ұстаған қолындағы жапырақты онда.
Рахметтің періштесі оң да тұрған,
Ұзатып оған бергей ол сом демде.
Періште алдына кеп ол пенденің,
Әкелгей алқымына қысып жанын.
Әзірейіл сол отырған қалыбында,
Алғайлар қол ұзартып жанын оның
Егерде иманы жоқ болса, ол құл,
Сол дағы періштеге бере-дүр біл.
Айбатты, отты күрзі қолына алып,
Аузынан жалын шашып бара-дүр біл.
Пенденің мәлек тартар жанын барып,
Алқымнан қиындықпен келгей алып.
Әзірейіл ол пенденің жанын алар,
Отырған қалыбында қолын салып.
Пайғамбар, нәбилер мен мұрсалдардың,
Өлмекке жақын болса, уақыты әнің.
Әзірейіл көк жүзінен пайда болып,
Әр заман келіп алар тәнде жанын.
Бұл жерде имамдардан рауаят көп,
Назым етіп айта алмадым бәрін бірден.
«Дақайық» кітабына қараңыздар,
Әр кісі хасыл етсе көрейін деп.
Я, Алла, күнәсі көп, мен асы құл,
Кеуілімде арыз етер мүдаһам[9] бар.
Жапырағын леген түсіп өлер уақытта,
Оңдағы періштені ұстайтын қыл.
[1] Қасам /архаизм/ – ант, серт.
[2] Хиттаб, Хитаб /а/ – бақытсыздық; қасірет.
[3] Янды – келді, қайтты.
[4] Жәулан – шабуыл, айбат шегу, шапқылау.
[5] Ибн /а/ – бала, ұл.
[6] Пәрік – мәтін бойынша «парақ» мағынасында.
[7] Хош бой /п/ – жұпар иіс.
[8] Леген /ж.с/ – табақ.
[9] Мүдәһа, Мүддаға /а/ – тілек, ой; мақсат, арман; мүдде.