Жарық нұрдың сәулесі

Жақып (Қылауыз) ата

Әр халықтың тегін, түп-тамырының қайдан шыққанын білгісі келуі – ақыл парасат тұрғысынан алғанда ықылас, табиғи танымдық, талпыныс. Өз тегін, оның тарихын, басынан кешкен оқиғаларын, ауызекі әңгіме, аңыз түрінде айтып ұрпақтан-ұрпаққа ұмытпай жеткізіп отыру барлық халықтың дәстүрінде бар. Міне сол өткен ата ұрпағын тізбектеп жазып қалдырған тарих ғылымының бір тармағы – шежіре. Шежіре араб тілінде «Шаджарат», яғни ‘бұтақ’, ‘тармақ’ деген мағына береді.

Жер жүзіндегі халықтардың қайсысы болса да ұзақ уақыттың, тарихи дамудың туындысы. Зерттеліп жазылған тарихи кітабы жоқ халық болуы мүмкін емес. Тарихсыз халық жоқ, халықсыз тарих жоқ. Ислам дінін, ілімін таратуда өткен ғасырларда белгілі ел қадірлеген ғұламалар мен әулиелер, батырлар болғанын бүгінгі ұрпақ ел аузындағы әңгімелерден, көне көз қариялардың сөзінен, баланың баласына айтылып, жоғалмай келген, парағы сарғайған шежіре қолжазбалардан білеміз. Сол көне шежірелердің көрсетуі бойынша сонау пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.- дан кейінгі бірінші халифа Әбу Бәкір әл-Сыддықтың (632-634-ші ж.ж.) буынындағы жиырма бірінші ұрпағы Жақып Ахметұлы Әбулайыс.

Жақып Әбулайыс бабамыз Самарқанда туылып, өсіп, білім алып 35-40 жас шамасында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шақыруымен Түркістанға келеді. Білімге ынталы, қабілеті бар Жақыпты ел басқаруға баулып, ислам дінін таратуға Сыр бойына /Қыр Өзгент шахарына/ жібереді. Сыр бойына келген Жақып жергілікті жерде қараңғы халықтың сауатын ашу үшін мешіт ашып, тұрғылықты халыққа дәріс беріп оқытқан. Ислам дінін орнатуда көп еңбек еткен, бес жүзден аса сарбаз жинап, дінге бағынбағандармен айқасқа барып, ерлік те көрсеткен. Жалқау, еңбексіз, жұмыссыз адамдарды жек көрген. Сонымен бірге адамдарды тазалыққа, еңбекке, әділеттікке үйреткен. Әсіресе өз отбасындағы жастардың келеңсіз жағын дөп танып, ата-анасына масыл болғандарға ата дәстүрін жалғастыра алмағандарға арнап «Ұлың болса – шоқ болсын, Шоқ болмаса жоқ болсын!» деп айтқан сөзі бар. Бұл жерде Жақып Әбулайыс бабамыздың аузының дуалы, халықты тура жолға бастаушы басшы екенін айыру қиын емес. Бабамыздың осы төрелігіне жауап ретінде халық арасында «Қылауыздың жігіті мен атын көр» деген сөз кең тараған.

Халық аузында Жақып Әбулайыс туралы аңыз әңгімелер көп. Өз дәуірінің білімді, ғұлама, ақылды адамы әрі әулие болған. Ол кезде халық жаз жайлауға, күз күземге, қыс қыстауға мал соңынан еріп, көшіп -қонып жүру әдеті болған. Жақып Әбулайыс баба қолына аса алып, сол асасымен дарияның бойымен сызық сызып, сол сызықтың бойымен арық қаздырып су шығарған. Арықтың екі жағына егіс егіп, халықты көшпенділіктен отырықшылыққа үйретеді. Дариядан шыққан су қайтып айналып дарияға қосылса, Сыр бойының халқы бұны «қылы» деп атаған. Сондықтан халық Жақып Әбулайыстың аузынан шыққан сөз қылы болды деп» Қылауыз» атап кеткен.

Қ.А.Яссауи Сыр бойында жатқан әулиелерді аралап, зиярат қылу үшін алдын-ала Жақыпқа хабар жіберіп отырған. Жақып Әбулайыс дарияның батыс жағынан күтіп алып, дұғасын оқып, дарияны кешіп өтетін жолын көрсетіп отырған. Ол кісінің көрсетуі бойынша Қ.А.Яссауи бабамыз нөкерлерімен дарияның шығысынан батысына қарай кешіп өтіп, әулиелерге зиярат жасап отырған. Бірде сол дарияны кешіп өткен жерге келіп аялдап, бесін намазын оқып отырған кезінде жайнамаздың ортасына бір қарақұрт пайда болады. Үрейленген олар қарақұртты кезегімен оқиды. Оқыған сайын қарақұрт ұлғайып, адам жұтатын дәрежеге жетеді.Сонда Қ.А.Яссауи бабамыз, Жақып ауылыңның мақұлығы ғой, өзің оқып қайтар дейді. Жақып Әбулайыс оқи бастағаннан қарақұрттың көлемі кішірейіп, бастапқы қалпына келеді. -Тақсыр, қарақұртты жоқ қылып жіберейін бе?- дейді.

Бізге зияны тиген жоқ қой, жібер өз еркіне, ол да болса Алланың жаратқан мақұлығы ғой,- дейді. Сол кезде қарақұрт көзден ғайып болады. Намаздарын оқып болып, дарияны кешіп арғы бетке өтеді. Сол жерде тұрып Қ.А.Яссауи бабамыз айқайлап;- Жақып, қолыңды жай, сенің бұдан былай атың «Құрт иесі – Қылауыз болсын, Аллаху акбар!» деп батасын береді. Содан бастап халық Жақып Әбулайыс бабамызды » Қылауыз» ата деп атап кеткен. Ал Қ.А.Яссауи бабамыздың нөкерлерімен кешіп өткен жерін халық осы күнге дейін Тассуат деп атап келеді.

Жақып /Қылауыз/ ата ХІ-ХІІ ғ.ғ. Монғол шапқыншылығы қарсаңында өмір сүрген. Шапқыншылық кезінде Сыр бойындағы әулиелердің белгісіз болып кеткен молаларын анықтап білу үшін Бұқарада оқып жүрген Мәуләни Шәмшиддинді ұстазы Сыр бойына жібереді. Ол кісі Сыр бойында жерленген Хорасан ата, Қылышты ата, Төлек ата, Қасым ата, Қойлақы ата,

Сәдір ата, Бақсайыс ата,

Лала бибі, Бұйра баба, Омар ата, Мамыт ата және Қылауыз ата т.б. әулилердің жатқан жерлерін анықтағаны жөнінде мынадай өлең жолдары сақталған;-

Қасым қожа қабірі, ұлы жолдың басында,

Ол рауза тұр, Бұлқас ата қасында

Қорасан, Қылауыз, Қылышты ата,

Лала бибі, Төлек ата хәм осында,- деген.

Міне құрметті оқырман, бұл жерде Жақып / Қылауыз/ атаның өмірі, бастан кешкен оқиғалары, көрсеткен ерліктері жөнінде қысқаша мәлімет беріп отырмын.

Жақып /Қылауыз/ ата кесенесі Жаңақорған ауданына қарасты Әбдіғаппар ауылының батыс жағында 10 шақырымдай жерде орналасқан.

Қылауыз /Жақып/ ата ұрпақтары қызмет бабымен және тұрғылықты мекен жайларымен республикамыздың барлық өңірлерінде, Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласы, Ташкент, Сырдария, Бұқара, Самарқанд облыстарында тұрады.Баба ұрпақтартарының ісін кейінгі буын әрі қарай жалғастырып келеді.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button