Жарық нұрдың сәулесі

Жалаңаяқ Әздер Әулие

Мәді қажы – Дуана қожаның баласы Бақмұхаммедтен туған немересі Жалаңаяқ Әздердің қазақ тарихынан алатын орыны ерекше. Мұның бірден-бір себебі – оның атақты Абылай ханның үзеңгілес досы, өмірбойы сиынып өткен қолдаушы пірі болғандығында. Бұл туралы ханның тікелей ұрпағы, шөпшегі, белгілі ақын Шәдi-төре Жәңгiрұлының (1855-1933 жж.), Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының (1861-1925 жж.), шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың (1835-1865 жж.), ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (1893-1920 жж.), халық мұрасын жинауда алдына жан салмаған Мәшһүр Жүсiп Көпейұлының (1858-1932 жж.) және ел аузында сақталып қалған көптеген аңыз-әңгімелер мен бірнеше тарихи жазба деректерде баяндалған. Осы жәдігерлердің арқасында Жалаңаяқ Әздердің бейнесін тереңінен зерттеп, жан-жақты талдап шығуға толық мүмкіндік пайда болды. Мысалы, Шәді-төренің «Тарихат» дастанында Жалаңаяқ Әздердің Абылай ханды туғанынан бастап, дүниеден өткенінше желеп-жебеуші пірі болғаны қайта-қайта айтылып отырады. Жыр басында ақын көріпкел әулиенің ханға өзін таныстырғанда:

Дүниеге шыр-шыр етiп келген соң сен,

 Өзiңдi желеп-жебеп жүрушi ем мен,

 Атымды Жалаңаяқ Әздүр дейдi,

Шiлтендер бұл қызметтi маған берген, – деп жазып келтірсе, одан кейінгі тарауларда да барынша әспеттеп сипаттаудан еш таймайды.

Мысалы, батырларды жекпе-жекке шығарарда Табын руының Серке батырын «Қолдаушың Жалаң аяқ пiрiм болсын, Бар! – дедi Абылай сонда бетiн басып», найманның Әлібек батырын «Дұғаға қол көтерiп Абылай хан, …Майданға баруына рұқсат бердi, Берсiн деп Жалаң аяқ пiрiм жәрдем…» – деп жауға қарсы аттандырады. Шәді-төре әулиенің ханға көрсеткен көмектерін тек мұнымен шектеп қоймастан, қайта оның өзін де соғыс барысына араластырып жырлап отырады.

Ол әрекеттерін бір жерде:

«Майданға диуана да әр күн барып,

                        Бiр шетте отырады демiн алып,

                        Абылай әулие деп пiрге есептеп,

                        Сиынып тұрушы едi жалбарынып…» – деп сипаттаса, одан ары, қырғызбен соғыстың ең шиеленіскен тұсында:

«…Алдына Абылайдың пiрi келiп,

                        Сөйледi мына түрлi хабар берiп:

                        «Мен саған, қолың көтер, бата берем,

                        Жауыңды қашырасың, бүгiн жеңiп».

                        Соны айтты, өз ұртына қолын салды,

                        «Аттым деп бiр мәртебе… тфу!» – деп қалды.

«…Пiрiнiң хан есiтiп айтқан сөзiн,

                        Толтырып қуанғаннан жасқа көзiн,

                        Орнынан ұстап тұрған туын қозғап

                        Халыққа биiгiрек көрсеттi өзiн» – деген жолдармен толықтыра түседі.

Абылай хан мен Жалаңаяқ Әздер туралы Көкбай Жанатайұлының «Сабалақ» дастанында да осы сарында әңгіме өрбиді. Онда:

«Сол күнде… Жалаңаяқ Әздер деген диуана Созақта жүредi екен. Абылайдың әскері көз алдында оққа ұшырап қалғанда:

– Жалаңаяқ, бұрын олай жүрсем, былай жүрсем мынау Түркiстанда Әмiр Темiр жасатқан ақ күмбездiң иесi – Әзiретi Сұлтан ғой деп, соған сыйынып жүрушi едiм. Бұрынғының «Өлiнiң мыңына сыйынғанша, тiрiнiң бiрiне сыйын», «Мың өлiден – бiр тiрi» деген сөзi бар едi. Көрсет кереметiңдi, – дегенде, Жалаңаяқ Әздер: – Қырғыз Сәдiр-бала балам ғой, – дептi.

Абылай:

– Ол бала да, мынау қазақ мүритiң ғой, қаны бiрге ұлтың ғой. Бiр қырғыз қалай, көп қазақ қалай? – дегенде, пірі:

– Болмас, болмас. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп еді, – деп Жалаңаяқ Әздер… оң саусақтағы сұқ қолын ұртына тығып, қырғызға қарап үш атыпты:

– Ал, шаба бер, бөлемнiң өзiне бықбырт тидi,– дептi.

Қырғыз бықбырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша берiптi де, қазақ көтiнен қуып, Қарабалта Соқылықтың асуына жеткiзбей көбiн қырыпты…» – деп баяндалады.

Осы қырғызбен болған соғыс Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1916 жылы «Қазақ» газетіне жарияланған «Жалаңаш баба» деген аңызда да әңгiме қайталайды. Оның ішінде де Жалаңаяқ Әздер туралы таңғаларлық сөздер келтіріледі.

            «Абылай қырғыздан өш алуға қол жиып аттанбақ болады. Абылайдың жалаңаш жүргендiктен Жалаңаш баба атанған бiр диуанасы бар екен: ұрысқа аттанарда һәр уақыт сонан бата алып, соның рұқсатымен аттанады екен. Бұ жолы Жалаңаш баба Абылайдың бата сұрарын бiлiп қашыпты. Абылай онан бата алмай жүрсем, жолым болмайды деп iздетiп, Ертiстiң бойындағы жалғыз ағаш түбiнен тапқызып алыпты.

– Кәпiрдi ататын жалғыз-ақ оғым қалып едi, мұсылманға атпайын деп қашып едiм,– дептi Жалаңаш баба.

– Мұсылман мұсылманның етiн итке жегiзiп, басынан келдiмұра (кәлләмұнара – Е.О.) тұрғызып, осынша қорлай ма екен?! Жүрмесең, Құдай алдында достық хақымды кешпеймiн,– дейдi Абылай.

«Достық хақымды кешпеймiн» деген сөздi ауырлап, Жалаңаш баба Абылаймен бiрге бармақшы болады. …Екi күн өтiп үшiншi күн толарда, …екi жау беттескен жерде қырғыздар оқ атып, Абылайдың жасап жатқан ғаскерiн бұзып әкеп шатырға тықты. Манағы диуанаға:

– Ендi қайтем, Жалаңаш баба?! – дейдi Абылай.

– Сәске көтерiлгенше ол атса да сен атпа, ол шапса да сен шаппа. Сенiң оғың оларға сәске көтерiлген соң дариды. Осы күнi сағат оларға ауып тұр. Қырылғаның қырыл да, қалғаның орныңда тұра бер! – дедi Жалаңаш баба.

…Сонда Таманың бiр батыры:

– Бiр жалаңаш сарттың тiлiне ерiп оққа иiрiлiп тұрып қырыламыз ба? – деп атын екпiндетiп, Абылайға таман келе берген кезде аты тулап жығып, ортан жiлiгi үзiлiптi.

Қоралас ұлы кеткен соң Әтеке:

– Бiтiмге келсек келейiк. Сүйенген пiрi күштi екен, жорта антты бiзге аударғалы тұр екен – дегенде, Нәдiр бала болмапты. Болмаған соң Әтеке өкпелеп екi мыңдай кiсiмен бөлiнiп елiне кетiптi. Сол арада сәске болып қалды. Жалаңаш баба жерден бiр уыс топырақты алып, жауға қарай шашып, «Ал, ендi шабыңдар!» – дейдi.

Қу адасқан тұман, құлан адасқан шаң болып ат бауырынан қара қан аққан соғыс болады. Ақыры Жайлыханды сегiз ұлымен қабат ұстап алады».

Шоқан Уәлихановтың мұрасынан табылған «Абылай туралы жыр» атты шағын, қара сөзбен жазылған қолжазба беттерінде де Абылай ханның қырғызға жасаған осы жорығы өз сипатын алған. Тек мұнда Жауғаш батырдың іс-әрекеттері әңгімеге арқау болған. Оқиға соңында атақты хан өзінің піріне бұрылып: «Жалаңаш қажым сен болсаң» деп жауға шабуыл жасауға шақырады да, Жалаңаяқ Әздер «Аттым!» деген соң, «Аллалап Абылай шанышқан күн, «Қоқилап» қырғыз қашқан күн, Қазақты дәулет басқан күн, Қырғыздан әруақ қашқан күн» – деп хан жағаласқан жауын ойсырата жеңіп шыға келеді.

Жалаңаяқ Әздердің әулиелігі тек қырғыздармен соғыспен ғана шектеліп қоймайды. Оны Көкбай Жанатайұлының «Сабалақ» дастанындағы қысқа да болса нұсқа боларлық мына төрт жол растайды:

Тіпті жоқ ол уақытта қожа, молда,

                        Ер қаруы бес қару тегіс қолда.

                        Жалаңаяқ Әздер мен Нияз қожа

                        Кереметпен көрініп шыққан сонда.

Кейбірде қазақ ішінде әлдебір тарихи тұлғаның үлкен әулиелердің қатарына жатқан-жатпағанын бақсылардың зікір салуларынан да анықтап алуға болады. Мысалы, ондай сарындарда «Түркістанда бар – түмен баб, Сайрамда бар – сансыз баб», «Ойда отырған отыз қожа, қырда отырған қырық қожа» деген сөз байламдары жиі ұшырасады. Сондай көп сарынның бірінде Жалаңаяқ Әздердің де есімі жебеп-жебеуші пір ретінде келтірілген екен. Мұны орыстың атақты түркітанушы ғалымы В.В. Радловтың 1870 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Тюркские наречья, живущих в Южной Сибири и Дзюнгарской степи» көптомдығының 1-бөлімі «Образцы народной литературы – ІІІ часть» кітабында «Бақсының сөзі» деген айдармен берілген өлеңінен оқуға болады. Онда: «Ханда – Абылай, қарада – Қазыбек, Жалаңаяқ Әзіз диуана жырық» – деген екі жол бар екен.

Ендi Жалаңаяқ Әздердің сыртқы сипаты мен адамгершілік қасиеттері жөнінде бірер сөз. Бұл турасында жоғарыда әңгіме болған Шәді-төренің «Тарихатынан» алынған үзіндіден оқып білсе болады.

Баяғы жалаң аяқ ханның пiрi

                        Қосынға өзi келдi мағлұмданып,

                        Жүредi жалаң аяқ әм жалаң бас

                        Қайрылып иығын жауып тұрады шаш,

                        Нәзiрге әркiм дүние берсе дағы

                        Ешбiрiн аламын деп назар қылмас,

                        Бағзы уақыт жоқ болады кетiп қалып,

                        Бағзыда келер едi мағлұмданып,

                        Алдында адамы жоқ мезгiлiнде

                        Оңаша жолығады ханға барып.

                        Бағзылар уәли дердi көңiлi кетiп,

                        Бағзылар жынды дердi мазақ етiп.

Бұл сөздерден әулиенің неліктен «жалаңаяқ» деген лақабқа ие болғанын түсінуге жол ашылады. Бүгіндері кейбір кісілер онысын үстiне киген жұпыны-жыртық киiмiнен, қысы-жазы етіксіз қар кешiп, тiкенге шаншылып жүргендігiнен деп ойлайды. Бұл өте тұрпайы, сөзбе-сөз түсiнгендікке жатады. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек дегенде ешкiмнің де ойына би сөйлегенде оның даусы қаздай қаңқылдаған екен деген ой келмейтіні секілді, бiздер де «жалаңаяқ» дегенде сөздің астарына, оның балама мағынасына көңiл бөлгенiмiз жөн. Осыған орай Жалаңаяқ Әздердiң өмірбойы Хақ жолында дәруіш боп, тақуалықты ұстанып, жеке басының пайдасынан гөрі барша халықтың қамын жеп, қажет болса қаймықпастан ханға да, қараға да ойындағысын жайып салатыны және атақты Абылайдың сыйынған пірі бола тұра, қарапайым да қанағатшыл болғанын естен шығармағанымыз дұрыс. Мұны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Айтыс» деген поэмасынан алынған мына бiр өлең жолдары барынша растайды:

Дұрыс сөзiн айтудан қаймықпаған,

                        Бермей қояр ат пенен түйесiн деп.

                        «Айтқаны келедi» деп халық сенген,

                        Халық өзi наныста соған ерген.

                        Сондықтан батырлар мен хандар дағы,

                        Қол қусырып пiр қылған, малын берген.

                        Батыр мен хан қауiптi дұшпандарын,

                        «Жалаңаш баба» бата берсе жеңген.

Осындағы «айтқаны келеді» деген тек сәуегей әулиелерге ғана тән теңеудің Жалаңаяқ Әздерге тікелей қатысы бар екендігін әйгілі Мәшһүр Жүсiптiң «Абылай ханның түсi» атты аңыз-әңгiмеде баяндалатын оқиғамен дәлелдеуге болады. Онда мынадай сөздер бар:

«Абылай ханның өлгенiн естiгенде Жалаңаяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен.

– Тақсыр, мұнша неге жылайсыз? – деушiлерге:

– Есiл Абылай баяғыдан берi жүрiп-жүрiп, Сары-Арқада өлмей, сарттың қорғанында өлдi. Ендi хандық сартта қалды, қазақтан бақ кеттi, құт қашты, – деген екен».

Бұл сөздiң жай-жапсарын түсiндiрiп жатудың қажетi шамалы шығар. Себебi, атақты хан дүниеден озған соң оңтүстiк өңiрлерi тасы өрге домалаған Қоқан бектерiнiң езгiсiне түсiп, халқымыздың қайран Абылайдың заманын армандап зар болғанын күнi бүгiнге шейiн есімізден шыққан жоқ.

Сөз орайы келген соң айта кетейін Қоқан хандығы Қазақстанның күнгейіндегі ескі шаһарлар Шымкент, Сайрам, Манкент, Түркістан, Созақты 1809-1810 жылдары жаулап алған, яғни Абылай хан дүниеден озғаннан кейін 30 жылға жуық уақыт өткен соң ғана…

Соңғы жылдары Жалаңаяқ Әздерге қатысты көптеген тың мәліметтердің табылып отырғаны ерекше қуантады. Олардың ішінде Ташкент маңынан табылған шежірелі тарихи құжат, Қызылорда облысының Қармақшы өңірінде ХІХ ғасырдың басында жасаған белгілі Марал ишанға қатысты аңыз-әңгімелер мен оның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған әулиенің көк асасының алатын орыны өте жоғары.

Шежірелі тарихи құжатты алғаш тауып зерттеп шыққан шығыстанушы ғалым Әшірбек Момыновтың айтуынша, бұл көнерген жәдігер 1826 жылы Созақ өңірінде дүниеге келген екен. Оны қожалар шежіресі – насаб-нама мен соған жабыстырылған түрлі көлемді көптеген парақшалар құрайды. Насаб-наманың ішінде Әзіреті Әлі, Ысқақ баб, Әбдіжәлил баб, Сопы (Диуана мағынасында Е.О.) қожалардың есімдерімен қатар «Ир Хал-Мухаммад ‘азизлар, лакаблари Йаланг-Айаг-‘азизлар» – «Ер Қалмұхаммед – лақабы Жалаңаяқ Әздер» деген жазу және оның ұлдары Кедей қожа, Сары қожа, Қажы қожа, Назар қожа, т.б. есімдері келтіріліп, қосымша парақшаларда қоқандықтарға қарсы көтеріліске шыққан «Улуғ йуз, Урта йуз, Кичик йузнинг» ішіндегі қазақ руларының аттары мен ел жақсыларының есімдері жазылған. Әшірбек Момынов бұл сирек құжатты мұсылман елдерінде орта ғасырларда өзара қолданыста болған пәтуаға (фетва) жатқызады. Олай болса, бұл Қазақстан тарихында орын алған жаңа үрдістің сақталып, бізге жеткен, қалған жалғыз ғана нұсқасы болғаны.

Ал енді, Марал ишан (Иса Құрманов) туралы сөз қозғасақ – ол Жалаңаяқ Әздерге шәкірт болып келеді. Оны Марал қалпеге қатысты көптеген аңыз-әңгімелерден бөлек орыс отаршыларының мұрағатынан табылған, 1821 жылдың 9 маусымында жазылған сирек құжат дәлелдейді. Мұнда шет жерден сауда жасап келген бұқаралық Бабажан Үрүстемов пен онымен бірге көшіп-қонып жүрген кірекеш-қазақтардың білуінше:

«Иса, ұмытпаса, 15 жылдай бұрын, не одан да ілгеріде, шешесі мен інісін алып Бұқар жағына кетіп… Шарисапе кентінде Құлмағамбет Сопы деген дінбасының қызметінде болып, сонда хат танып, сол Құлмағамбет Сопыдан қулық (сиқыр – Е.О.)  жасайтын ілімдерді үйретуді өтініп, және соның ақысына оның ағасы Алшымбай мен Едіге деген қазақ екеуі түрлі болыстықтардан әулиеге аталған құрбандық деп 30 түйе мен 20 жылқы жинап, оларды Алшымбай әлгі Құлмағамбет Сопыға сыйлық ретінде, алғысын айтып айдап барған, сол себепті, ол, сол аты аталған Құлмағамбет Сопының көмегімен осы аймаққа келіп, өзін әулие деп жариялап, қазақтардың басын қосып, хиуалықтарды жаулап алған соң, орыстарға елшілер жіберіп өздерімен діні бір – татар, башқұр, орысқа бағынған қазақтарды босату хақында талаптар қойып… бұдан кейін олардың бәрі бірігіп күн көретіндері» жөнінде ниеттерінің бар екендігі баяндалған.

Мұндағы аты төрт мәрте аталған, орысша құжатта Кулмамбет Суфы, Кулмагамет Суфы деп екі түрлі жазылған «духовного звания чиновник», яғни дінбасының, Жалаңаяқ Әздердің жоғарыда айтылған молда азан шақырып қойған шын есімі – Қалмұхаммед екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Марал ишанға байланысты әңгімелерде ол өзінің бәйбішесі, Құланбай қожаның қызы Меңлібикеден көрген бірінші баласының есімін сүйікті ұстазының құрметіне Қалмұхаммед деп қойғаны да осының тағы бір дәлелі болып табылады.

Осы Сыр өңіріне аты кеңінен жайылған Марал ишан жайлы әңгімелерде ұстазы Жалаңаяқ Әздер оған өзінің көк асасын сыйлаған деген сөз бар. Сол алтынға бергісіз асыл зат бүгіндері Маралишанның тікелей ұрпағы Ұлықбек Әлиасқарұлы Абдулхамитовтың үйінде сақтаулы тұр. Жолым болып 2015 жылы оны суретке түсіріп алудың сәті түскені бар-ды.

Көк аса – ақ түсті фарфор тектес шыныдан жасалынған жұмыр зат болып шықты. Уақытында ағаш таяқтың басында тұрғаны оңай аңғарылады. Себебі, көк асаның астыңғы жағында ағашқа қондырып қоюға ыңғайлы болсын деп жасалынған үшкір ұшының сынып қалған орыны сақталған. Заттың ұзындығы 6,3 см, ені 6 см. Тек ақ және алтын жалатылған сарғыш түстерден тұрады. Төбесіне шығыс үлгісінде геометриялық түрде бедерленіп, диаметрі 3,7 см құрайтын, сүйірлене келген 6 ұшты, 12 қырлы жұлдыз өрнегі ойылып салынған. Бел ортасында айналдыра томпайған, сопақшалау келген 6 дөңгелекшесі көз тартады. Әрбір сопақшаның көлемі 2,3 х 2,5 см. Олардың орталарына да, кейбір жерінде сыры көшкен, кішкентай жұлдызшалар алтын сырмен жалатылған. Көннен пішіліп, бір шетін түрлі-түсті жіппен кестелеген қалта-қорапшасы да бар, соған салынып сақталады екен. Заттың түсі аппақ болғанымен қою көлеңкелі жерде, күңгірт түскенде көгеріп көрінетін болғандықтан «көк аса» деп атап кеткен секілді.

Бұл жәдігерден бөлек Марал ишанның ұрпақтарының қолында осы көк асаның темір ұшы да бар болып шықты. Алайда, ол зат туралы ақтөбелік журналист Ырысжан Ілиясқызы: «Ақ шүберекке оралған кішкене, ұзындығы бір сүйемдей темір асаның ұшы, жерге тиер жағы сүйір істік те, екінші жағы ағашқа не темірге кигізердей қуыс, темір болса да ұзақ ұсталғаны, әрі ескіргені байқалып тұрды» – деп жазғанымен, Марал ишан жайлы көп ізденген марқұм Сәден Нұртайұлы бұл киелі зат жөнінде «көк аса Елібай атамның үйінде өзінен өзі ыңыранып тұрады екен. Дыбысы жолбарыстың ыңыранғанындай» деп сипаттап кеткен сөзінен басқа көзбен көріп, қолмен ұстаудың реті келмеді. Мүмкін, бұйырса, болашақта оны да түсіріп алудың сәті түсер деп үміттенемін.

Заманында алты алашқа аты жайылған Ер Қалмұхаммед – Жалаңаяқ Әздердің кесенесі Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Созақ ауылында орналасқан. Соңғы жылдары бабаларының жатқан жерін іздеп тапқан ұрпақтары мазардың айналасын көгалдандырып, бітелген бұлақтардың көзін ашып, арықтың арнасын лайдан тазалап, жаңа көпір салып, киелі жерді айналдыра қоршаған шарбақ тұрғызып, екі жыл қатарынан ас берді. Болашақта, 1969 жылы езіліп құлап қалған, сосын 1996 жылы Мұхитдин деген өзбектің өз қаражатына қайтадан көтерілген кесенені күрделі жөндеуден өткізу шарасы қолға алынбақ.

Сөз соңында, ел ішінде Жалаңаяқ Әздерді – Жалаңаяқ Әздүр, Жалаңаяқ Ашдүр, Әз Жалаңаяқ, Жалаңаяқ Әз, Жалаңаш Баба, Жалаңаяқ әулие, Жалаңаяқ ишан, Жалаңаяқ деп түрленіп атау қалыптасқанын атап кеткенім абзал. «Әздер» деген арабтың «азиз» – құдіретті, күшті, сирек, қымбатты, аяулы деген кең мағыналы сөзінен туындаған болса, «әулие» сөзі – араб тіліндегі «уали» (вали) сөзінің көпше түрі «авлийа» болып келеді. Оның мағынасы – Құдайға ең жақын тұрған, Алланың досы немесе Алланың қорғауындағы адам дегенді білдіреді. Әулие ұғымы – діни құлшылықтың мәніне терең жеткен, Жаратушы туралы ілімді толық меңгерген діндар кісі. Ондай адамдар өз іс-әрекетімен Аллаға-тағалаға жақындап қоймай, сонымен қатар Құранда айтылған «ең әділетті қоғам» құру үшін қажымай, талмай еңбек етеді. Әулие өзінің қара басының мүддесі үшін емес, тек Жаратушының қалағанын іске асыруға жан-тәнін салады. Сол себепті ондай адам өзін Алланың жер бетін басқан өкілі ретінде сезінеді.

Ералы ОСПАНҰЛЫ

Шымкент қаласы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button