Зерделенуі керек тарих
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдиев: «20 ғасырдың басындағы дін ағартушыларының қуғын-сүргінінің толық зерттелмеуінің бір себебі бүгінгі күнде белсенді жұмыс істеп жатқан кәсіби тарихшыларымыз кеңестік мектептен өткен мамандар, ол – атеистік мектеп болды. Дінге қарсы шабуыл, дін қайраткерлерін репрессияға алу процессін заман талабына сай баға беріп, қорыта алмауының себебін олардың өздерінің дүниетанымен байланыстырмағанның өзінде, дін қайраткерлерінің репрессиясына қатысты мұрағат құжаттары әлі күнге жабық қалуында болып тұр. Мен бірнеше жыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында жұмыс істедім, құпиялылық құлпы ашылмай жатқан қаншама құжаттармен танысып жаңа бір әлемді ашқандай болдым. Большевиктер алдымен Алаш зиялыларын репрессияға алды, репрессияның екінші толқыны – кеңестік биліктің басында жүргендерді жалмады, содан кейін, өздерінің сұрқия саясатын жүргізуге көлденең кедергі болып тұрған дін қайраткерлеріне кезек келді. Ол кезде қазақ жеріндегі ислам діні қалыптасқан құрылым болатын. Үлкен мешіттер мен медреселер, шәкірттер, имам-молдалар, ишандардар тұратын үлкен инфрақұрылымды жоймай, большевиктік идеологияны жүргізу мүмкін еместігін түсінген билік дін ағартушыларын жойып, мешіт-медреселерді қиратуға кірісті. Сөйтіп имансыз қоғам орнатты. Өкінішке қарай, бұған қатысты материалдар «жабық» болып тұр. Егер, ондай құжаттардың кілтін ұстап отырғандар бұрынғы «КГБ»-ның ұстанымынан, оның дәстүрінен бас тартпаса, бұл деректердің ғылыми айналымға түсуі екіталай. Зерттеушілердің белсендігінің төмендігінен қазақ халқының рухани әлеміндегі маңызды саласының бірі, ота ғасырдан бері қаант жайған ислам діннің тарихын талдап түсіндіруі кенжелеп қалып отыр. Біздің халқымыз діншіл халық деп айта алмаймын, бірақ Аллаға сенді, қоғамдық өмірімізде өзіндік қалыптасқан дін мәдениеті болды. Дін – рухани мәдениеттің өзегі, іргетасы, дінсіз, имансыз қоғамның болашағы жоқ. Кеңестің құлауы да имансыз мемлекет болғандығында жатыр. Сол кездегі дінге жасалған шабуылының зардабы әлі уақытқа дейін анық байқалып тұр. Бұл рухани мәдениетімізге жасалған шабуыл болатын. Жастардың әсіреқызылдығы, еліктеуіштілігі, басқа мәдениет пен түрлі ағымдарға бейім тұруы, уызына қанбағандықтың, рухани өзегінің әлсіздігінен деп білемін. Діңгегі мықты болмағандық кері әсері бар, ол – діни фанатизмге апарады. Біз бұған да ұрынбауымыз керек. Біз қазіргі заман сұраныстарына лайық исламды ұстануымыз керек. Біздің дініміз кәдімгі тарихи қойнауында қалыптасқан, ұлттық менталитетімізге бейімделген, дәстүрімізбен біте қайнасқан. Біз осы исламға сүйенуіміз керек. Өйткені, ғылыми негізсіз, уақыт сынағынан өтпеген, жолдан қосылған жаңа ілім өтімді де ықпалды бола алмайды. Мұрағаттағы құжаттарға қарап, өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейінгі қазақ даласындағы діни мәдениеттің кемшіліксіз болмағанын білдім, бірақ, оның жағымды тәжірибелері де болды. Бүгінгі күнде исламды насихаттауда оның екі жағын да есепке алуымыз керек сияқты».