Жанәділ ағаны бала жастан біліп өстік. Өйткені ауылдаспыз. Ол Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылынан шығып, аты елімізге танылған алғашқы спортшы және жаттықтырушы еді. Тағы бір ауылдасымыз Еркін Уанбаев екеуі жаттықтырушы әрі ұстаз ретінде Өскемен қаласында ұзақ жылдар бойы көптеген майталман палуандар мен спортшыларды тәрбиелеп, облыс спортының дамуына үлкен үлес қосты.
1990 жылы Өскемен қаласына көшіп келіп, облыстық газетке қызметке орналасқан кезімде Жанәділ ағаның аты қалада дүркіреп шығып тұр екен. Бірде мынадай оқиға болды:
Жаз мезгілі еді. Аяғыма туфли алайын деп Өскемендегі орталық базардың сөрелерін жағалап келе жаттым. Бұл киім сататын бұрынғы сауда дүкендерінің бәрі жабылып, сауданың көшеге шығып кеткен кезі еді. Әр адам көшелердегі халық көбірек шоғырланатын жерлерде тұра қалып, қолындағы затын сата береді десе де болады. Мұндайда неғұрлым дұрыс тауарды арнайы ұйымдастырылған базарлардан ғана табасың.
Базардағы сөрелерді жағалап келе жатқанымда көп туфлиге тап болдым. Менің іздегенімде осы еді. Сөренің арғы жағындағы жас келіншектен заттарды қайдан әкелгендігі мен бағалары туралы сұрастыра бастадым. Бір-екеуін аяғыма киіп те көрдім. Келіншек менің шынымен де зат сатып алуға бейіл екенімді байқап, туфлилерді бірінен кейін бірін суырып алып, таныстыра жөнелді. Олардың сапасы мен қасиеттері туралы да айтып жатыр.
Бір кезде жалтыраған әдемі қара туфлиді көрсетті. «Мұны Жанәділ Атаев киеді» деген сөзді нығыздап тұрып қосып қойды.
Мен сол кезде барып Жәкеңнің жұрт білетін абыройлы азамат қана емес, сонымен қатар жастар кумиріне айналғандығын ұқтым.
Әрине, мұндай туфлидің бағасы да арзан болмайтындығы түсінікті ғой. Дегенмен ауылдас ағамның, мақтаулы азаматтың атын естіген соң, соны айтқан сатушының меселін қайтармай әлгі туфлиді сатып алуға тура келді. Бәлкім, ол келіншек «Жанәділ Атаев киеді» деген ақпаратты маған затын өткізу үшін әдейі айтқан шығар. Дегенмен ағамыздың аты тек қалада ғана емес, бүкіл облыста дүркіреп тұрғаны анық еді. Ал белгілі бір тауарды өткізудің жарнамалық тұлғасына айналу дегеніміз оңай емес. Ол – жеке адам жетістігінің биік шыңы, яғни «ерекше танымалдық» немесе «нағыз халық таңдауы» деген сөз.
Жәкеңнің ерекше танымалдыққа ие болуына облыстың бетке ұстар самбо күресінің палуандарын әзірлеп, солардың ақылшы ағасына айналуымен қатар, облыстың саяси-қоғамдық өміріне белсене қатысуы да әсер етсе керек.
1992 жылы Өскеменде шешендер мен қазақтар арасында кикілжің бұрқ ете қалды. Оған екі халықты да жазғырып қажеті жоқ. Өйткені оқиға қылмыс жағдайынан бастау алды да дүрбелең бұған қатысы жоқ бейбіт адамдарды да шарпыды. Бұл өз кезінде облыс өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Оны басуға сол кездегі еліміздің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастаған арнайы комиссия келді. Шұғыл штаб жұмыс істеді. Қызу қанды жастардың арандап қалмауына жол бермей оқиғаның алдын алу үшін екі жақты мәмілеге келуге халық арасындағы ең беделді адамдар тартылды. Соның бірі Жанәділ Атаев болды. Өйткені мұндайда халық арқа тірейтін спортшылар оның сөзін тыңдайтын еді.
Мен сонда журналист ретінде аталған мәселеге байланысты облыс әкімдігінде өткен шұғыл жиналысқа қатысып, Жанәділ Атаевтың халықты бітімге шақырған сөзін тыңдадым. Мәселені шешуге осындай патриот азаматтардың араласуы және республикалық комиссия мен облыс басшылығының жедел де жігерлі іс-қимылының нәтижесінде төтенше оқиға өріс алып кетпей, дереу тоқтатылды.
Міне, ел мүддесі жолында жұмыс істеген, спорт саласының дамуына аянбай қызмет еткен абыройлы ағамыз Жәкең де жетпістің бел ортасына келіп отыр екен. Жанәділ ағамызға зор денсаулық, қызметінде табыс тілеймін. Зайыбы Риза апайымызбен бірге бақытты да ұзақ өмір сүріп, ел үшін жасаған игілікті еңбегі мен ұрпақтарының қызық-қуанышына бөлене берсін!
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің экономикалық шолушысы, «Құрмет» ордені мен ҚР Президентінің БАҚ саласындағы грантының иегері, Зайсан ауданы мен Өскемен қаласының құрметті азаматы, еліміздің ақпарат саласының үздігі
***
ҰЛТЫНЫҢ ЖЕЛ ЖАҒЫНА ПАНА БОЛҒАН
Жанәділ Атаев тек спорттың ғана атақты маманы емес, қазақтың шығыстағы арқа сүйер тірегінің бірі. Баяғыда Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай, Малайсары батырлар алаштың жел жағына пана болса, қазіргі замандағы елге тұтқа болар ақберен азаматтың бірі осы Жанәділ ағамыз.
Жанәділ ағада көкірегі даңғыл қарияның сипаты бар. Ағамыз боз кілемге қара терін сорғалата төгіп жүріп ұлтының рухани дүниесін де шама жеткенше көкейге тоқи берген екен. Бұл кісіге тізгін ұсынсаң, сонау Әнет бабадан бергі талай тарихты жаңғыртып шығады. Бір Кенесары ханның өзінен талай деректі ақтарып тастайды. Бәз біреулер тәрізді бар уайымы арзан дүние емес, ұлтының қамы. «Орысқа құл болғанымыз аздай, қара қытай қаптап барады, – дейді жаны күйзеле сөйлеп. – Қазақтың мұңынан ұйқы қашатын болды». Елінің зарына жаны ауырған осындай ағадан айналдым! Жанәділ аға кешегі совет өкіметі тұсында шығыстың жауынгер ұлдарын күреске шыңдаумен қатар, олардың бетін ұлттық мүддеге бағыттаған қайраткер ұстаз еді. Соңынан қалың қолдай самсаған балуандар ерген қолбасшы бапкер болатын.
…1992 жылдың күзінде Өскеменде шешендер қазақтың төрт азаматын асқан жауыздықпен паршалап өлтіріп, содан қазақ жігіттері дүрк көтерілді. Қаладағы орталық алаңға жиналған қазақтар шешендерге қарсы майдан ашамыз деп жұлқынып тұрғанда жергілікті билік шығыс өңірдегі бас көтерер азаматтың бірі Жанәділ Атаевтан ақыл сұрайды. Сонда Жанәділ ағамыз екі жақтың да қарулы әрі қазақ жігіттерінің қаны қарайып тұрғанын терең екшей келе, ШҚО атқару комитетінің төрағасы Аманкелді Бектемісовке: «24 сағат ішінде шешен диаспорасын Өскеменнен басқа жаққа көшіру туралы бұйрықты халықтың алдында шұғыл түрде жария қылмасаңыз, халықты тежеу мүмкін емес!» деп кесімді сөзін айтады. Бектемісов Атаевтың сөзіне құлақ асып, тез арада облыстық әкімдіктің қаулысын дүйім жұртқа оқып берген соң ғана қаруын сайлап, ашынып тұрған қазақ азаматтары зорға тоқтайды. Бұл аздай мұздай қаруланған солдаттар төрт қатар сап құрып, қазақтардың жолын бөгемек болады. Сонда Жанәділ ағамыз әлгілердің командиріне: «Әскеріңді тез әкет! Біздің жігіттерде де қару бар. От шығып кетсе, бірінші сен өлесің!» дейді қасқиып. Қазақтың қаһарынан қаймыққан әлгі командир солдаттарын ертіп, дереу тайып тұрады. Осы дүрбелең тұсында Атаев күн демей, түн демей, жігіттердің қасында болды. Билікке белсенді қазақтарға тиіспеңдер, оларды қамамаңдар деп, шыр-пыр боп жүрді.
Сол жылдары шығыста «Лад» деген шовинист ұйым әр жексенбі сайын шеру жасап, елдің берекесін алды емес пе. «Ладтың» көксегені қазақтың тәуелсіздігіне сына қағу, реті келсе, елдің шығыс аймағын Ресейге бөліп әкету. Бұндай жағдайда оларды қарумен, күшпен тоқтату қанды қақтығысқа апаратынын түсінген билік халықтың ынтымағын сақтау үшін үлкен митинг жасауды ұйғарды. Сол митингтің ұйымдастырушысы әрі басты сөйлеушісі Жанаәділ Атаев болды. Жанәділ аға бес мың адам жиналған митингте дүйім жұртты ауызбірлікке, тыныштыққа шақырып, «Ладтың» әрекеті арандату екенін әшкерелеп берді. Осыдан кейін халық сабырға келіп, ел арасын бүлдірушілер аяғын тартты. «Ладтың» шеруі тоқтады.
КСРО-НЫҢ СПОРТ ШЕБЕРІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ ТӨРЕШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖӘНЕ ЗАЙСАН АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
ЖАНӘДІЛ АТАЕВ АҒАМНЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ ТІЛЕК.
Жан жүрегі жұртым деген жолбарыс,
Жақындарға жасай білген қолғабыс.
Жетпіс бестің тұғырына қоныпсыз,
Жылжып жатыр, жалған өмір толғаныс.
Азияға атой салған арыстан,
Атақ-даңқын Мәскеу білген алыстан.
Ақиқатты жалау етіп жанына,
Аққа-жақ боп арамдық пен алысқан.
Найзағайдай намысы бар нар тұлға,
Нарқың бөлек, ісің үлгі артыңда.
Нақақ мақтап не қылайын нанымсыз,
Нардың жүгін арқалаған мәрт ұлға.
Әділдікті жүрегіне ту еткен,
Әділдіктің үні ескен жүректен.
Әңгүдіктің әңгімесін сөз етпей,
Әділетшіл шәкірттерді түлеткен.
Денсаулықты басты байлық санаған,
Дені саудың-жаны сау деп қараған.
Дүбірлеген атақ-даңққа мастанбай,
Дүниеге ойлы көзбен қараған.
Ібілістің ілеспеген ізіне,
Іргелестің құм шашпаған жүзіне.
Ізгіліктің ірге тасын қалаған,
Інілердің ие болып «Сізіне».
Лайықты барлық атақ-құрметке,
Лапылдаған от жігерің тұр бетте.
Лағыл тастай жарқыраған жаныңды,
Лайықсыз жандар үшін кірлетпе.
Аға десем, ағалығы мың төбе,
Ал арыстан, ит үркенге үркеме?
Абыройы асқар таудай Жан-Аға,
Арғымақтай арыныңды іркіме.
Ғибадатқа толы өмірі өнеге,
Ғазез басың иілмеген төреге.
Ғайып-ерен, қырық-шілтен қолдаса,
Ғажап өмір шыр айналар төбеңе.
Атаевты кім білмейді ағайын,
Асқар таудан мен де үлгі алайын.
Алла жар боп 100-ге жетсін жасыңыз,
Атқан таңның құшып әрбір арайын!!!
Ізгі тілекпен; Айтыскер ақын ініңіз Аслан Ғафуров.
ШҚО. 10.05.2021.ж.