Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбай мен Ұлбике

Ұлбике деген ақын Шортанбай ақыннан сұрайды:

Аздыққа ақыл бар ма екен, көп қылғандай?

Аштыққа ақыл бар ма екен, тоқ қылғандай?

Бұған ақыл тағы бар ма

Күнәні қияметте жоқ қылғандай?

Сонда Шортанбайдың айтқаны:

Аз ақылы шүкірлік көп қылғандай,

Аш ақылы  қанағат тоқ қылғандай.

Өтірік, ұрлық ғайбаттан аман жүрсек,

Қияметте  күнәні  жоқ қылғандай.

Хакім–Хазірет Омаровтың өмір жолы кітабы «Өнер» 2013 жылы. ХІХ бөлім Хакімқажының  қолжазбаларындағы ақындар мен билердің  асыл сөздері.

Ұлбике ақын

Ұлбике Жанкелдіқызы  (1825 жылСырдария ауданыҚызылорда облысында дүниеге келген. 1849 жылы Жамбыл облысыТалас ауданыҮшаралда қаза табады)  әйгілі ақын қызы. Келте ғұмырында Күдері қожа, Майлы қожаМәделі қожаТаспа қожа,  Серәлі қожа, Жанкелмен айтысқан. Шортанбаймен айтысы не сөз қағысы туралы ешқандай дерек болмаған. Ұлбикемен жиі айтысқан Күдері мен Таспаның Шортанбаймен немерелес ағайындар екенін ескерсек, ақынның атақты Ұлбикемен Сыр бойында кездесуі және сұрақ-жауап ретінде тілдесуі де әбден мүмкін.

Бұл деректі жазып қалдырған Хакім-хазірет Омарұлы 1906 жылы Бурабайдың баурайында атасы Қосдәулеттің ауылында дүниеге келген. Атасы Ресей патшалығының ресми рұқсатымен медресе салдырған. Сол медреседе ауылдан 100–150 шақырымдағы Кендірлі деген жерден Қаумет, Есбол, Жақып деген кісілер, сонымен қатар жас балалар сауат ашып, тәрбиеленеді. Кейін Жақып осында тұрақтап, Әлқожа, Мұқаш деген екі баласын да оқытты. Мұнда Қосдәулеттің Ысқақ, Омар, Мұхаммед, Ахметжан деген төрт баласы да оқыды. Үлкен баласы, сол медресенің алғашқы түлегі — Ахметжан Мысырда дәрігерлік оқуын бітіріп келген соң, әкесінің медресесінде 1905 жылдан жәдит оқуын ұйымдастырды.

Тағы бір ескеретін нәрсе, Ералы Әсілханұлы Оспановтың құрастырып, көркемдеген «Күдеріқожа  мұрасы» жинағының 23 бетінде Күдерінің Ұлбикеден базарлық сұрауы деген дүниесі  жазылған.

«Бірде Ұлбике Шет (Жезқазған) қаласындағы базарға мал айдап барған әкесімен ере барып, базарлап қайтса керек. Ұлбикенің сапардан оралғанын естіп Күдеріқожа базарлық сұрай барыпты:

Күдері:

Ұлбике, үздік шықтың қазағымнан,

Күн күліп, ай жасқанар ажарыңнан.

Дәметіп базарлықты келіп тұрмын,

Не әкелдің Шеттің барып базарынан?

Ұлбике:

Қожеке-ай, қуанасың жүзім көріп,

Көзіңе көзім түссе, қалмайды ерік.

Әкелдім базарлыққа саған арнап,

Әдемі құндыз жаға қызыл бөрік.

Күдері:

Ұлбике-ай, сөйлейсің-ау  сөзді кері,

Жігіттің қайда қалмас ащы тері.

Үлкені үш баламның жалаңбас жүр,

Бөркіңді  кигізейін, әкел бері! – дегенде Ұлбике тосырқап қалыпты.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button