«Зобалаң жылдар елесі» мен «ұлылардың ұрпақтары»
Мұсахан Әбутәліпұлының «Зобалаң жылдар елесі» мен «Ұлылардың ұрпақтары» атты кітаптарын қожалар шежіресін молықтырған сүбелі еңбек деп бағалауға болады. жалпы тектану саласында Мұсахан Әбутәліпұлының еңбегі ерекше екенін көп айтылады. Сөз еткелі отырған қос кітап – соның дәлелі.
«Аққорғандық қожалар жайлы 1970 жылдан жинақтап, жаза бастадым» деп жазады автор. «Үйге атамның тірі кезінде қожалардың зиялылары, ілімді молдалар мен ишандар, мақсұмдар көп келетін. Солардан есіткендерімді қағазға түсіріп, сандыққа салып құлыпта ұстадым. Өйткені ол кезде шежіре жайлы айтылмайтын, айтуға қорқатын. Егемендік алғаннан кейін ғана көнекөз қариялармен тілдесіп, олардың айтқандарын өзімдегі жинақталған дүниелермен салыстыра отырып, хатқа түсірдім. Өзінің тарихын, тағдырын білгісі келетін оқырмандар бүгінде аз емес, сол себепті қолдағы қазынаны көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім» дейді автор.
Мұсахан Әбутәліпұлы – 1928 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Аққорған деп аталатын төбенің шығыс жағындағы Ақсуат елді мекенінде дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы Өзбекстан жерінде еңбек етіп, туған топырағына 1973 жылы оралады. Шежірешінің мол мұрасы – Қожа Ахмет Иасауидің ағасы Сәдір шайыхтан тараған ұрпақтарды жүйелеп, шежіресін таратқан. Сондай-ақ, ел аузынан жинаған әңгімелері, Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың өмірі және шәкірттері мен ұрпақтарының тарихы, өз әкесі Әбутәліптің ашаршылық жылдары Ташкент жағына ауып барған қандастарына жасаған қамқорлықтары баяндалады.
Қазақта «жақсы перзент әкесін төрге сүйрейді, жаман перзент көрге сүйрейді» деген сөз бар. Бұл ретте Мұсахан Әбітәліпұлының артында қалған ұрпақтары жиылып жазушының еңбегін оқырманына жеткізуге күш салыпты. Жақсының көзіндей болған қос кітап бүгінде өз оқырмандарына жол тапты.