Ғалымның хаты

Алтын орда және ислам

Солтүстік Еуразияның ортағасырлық тарихында Жошы ұлысы, яғни Алтын Орда айрықша орын алады. Осы аумақта күні бүгінге дейін жеткен, өткен күндерден өрнекті із тарта алған көптеген нәсілдеер мен ұлыстардың ортақ мәдени-тарихи мұрасы жасалды. Алтын Орданың империя ретінде қалыптасуы мен дамуында ол мәдени-тарихи дәстүрі бар қоғам өзіндік конглемератын біріктіруші күшке айналып, түрлі жұрттардың сүзгіден өтіп шыңдалған өзгеше өркениетін түзетін жаңа орталықтары бола білді. Бұған көп жағдайда ислам діні нақты әсер етті. Ол ұлысы ұлағатындағы Орталық Азия мен жергілікті әлеуметтік-саяси және этносаяси дәстүрлердің ортақ өркениет аясында дамуын қамтамасыз етіп берді.

Алтын Орданың негізін салушы Бату хан (1242-1256) өз дәурені кезінде Жошы ұлысын атасы Шыңғыс ханның «Яса заңдарына» сәйкес басқарды. Сондықтан, ол өз қарауындағы барлық діндерге ерік беріп, олардың кеңінен таралуына еш кедергі келтірмеді. Әртүрлі халықтар, діндер мекендеген Дешті Қыпшақ даласын Жошы әулетінің бір мемлекетке біріктіруі және ондағы қауіпсіздік пен тыныштық, дамыған канондары мен идеологиялары бар әлемдік монотеистік діндердің осы жерде тамыр жаюына жол ашты.

Сонымен, Алтын Орданың негізін қалаған Бату хан 1255 жылы өзі салған айбарлы астана – Сарайда жанын тапсырды. Ол жөнінде ордалықтар мен сол орданың бір бөлшегі, вассалы болған орыстарлың пікірлері кейін екі бөлек болып шықты. Орыстар Батуды өздеріне Құдайдың жіберген жазасы, сұмдық зұлым санаса, ал тайпаластары оның даңқын әрдайым аспандатып, көкке көтеріп жүрді. Мұны қыпшақтаордың өз хандарына берген «жақсы хан» деген бір ғана лақаб атынан-ақ білуге болады. Бүгінгі заманның кісісі болса, Беркенің ұлан далада жаңа ұлы қыпшақ мемлекетін құрып бергенінің өзін зор жетістікке балаған болар еді. Бұған қоса, бұл әулет Ирандағы не Қытайдағы жұртқа қарағанда, мұнда жергілікті күштерді құрылыс жұмыстарына әлдеқайда аз жекті.

Айтатыны жоқ, Бату құрған жаңа мемлекеттік құрылымның өзін қоршаған мұсылман әлемі ортасындағы ғұмыры ұзақ болуына ұзақ жылдар бойы мемлекет аралық саясатты қалыптастырған інісі Берке өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан мұсылман мәнбелерінде Қыпшақ елі көбіне көп «Берке ұлысы» деп аталды. Бұл баға негізінен Беркенің моңғол билеушілері арасында бірінші болып ислам дінін қабылдауына байланысты берілген еді.

Беркенің билік басына келуі шамамен Бату қайтыс болғасын бір жылдан кейін ғана басталды. Алдымен таққа Сартақ келді. Бұрыннан христиан дінін жақтаушы ол Ордадағы мұсылмандарға бықпырттай тиді. Өйткені, Сартақ хан ислам жұртына ежелден өш болатын, онысы бүкіл Ұлысқа белгілі еді. Оның таққа отырған бейда өзінің исламды ұстанушы немере ағасы Беркені: «Сен мұсылмансың, ал мен христианмын, сондықтан мен үшін сенің жүзіңді көрудің өзі жиіркенішті», – деп қабылдамай тастауы бірден жаңа билеушінің ұстанатын жолын айқындап берді. Мұның соңы шынында мұсылмандарды  маңызды мемлекеттік лауазымдарлан шеттетуге, бұған дейін жеңілдіктерге ие болып келген бұл қауым саудагерлерін қудалауға апарып соқтырды. Соның нәтижесінде вассалдық мәртебедегі Орыс князі Александр Невскийге мен басқа да христиандарға көбірек сенім артылып кетті.

Бірақ мұсылман жамағаты көп Ордада бұлай болып кете беруі мүмкін емес еді. Осылайша көп ұзамай бақуатты мұсылман саудагерлер мен Сартақтың тым христианшылдығына наразы ақсүйектердің қолдауына ие болған Берке Ұлыс билігіне қол жеткізеді. Ертедегі армян мәнбелеріне сүйенсек, Сартақ хан Қарақорымдағы ұлы хан Мөңкеге барып, хан болып тағайындалып, елге қайтып келе жатқан жолында жұмбақ жағдайда қайтыс болып кетеді. Аңыздарға сәйкес, Сартақты өзінің мұсылман ағалары Берке мен Беркечар у беріп өлтіріпті-міс. Алайда, бұл мәлімет өте күмәнді болып көрінеді. Қалай дегенде де, Беркенің Сартақ өлімінен тікелей тиімділік табатындай ыңғайы жоқ-тын. Осыдан кейін Мөңке жас ханзада Ұлақшыны хан етіп тағайындады. Ол туралы, оның тегі туралы мәлімет аз. Бір деректерге қарағанда, Ұлақшы Сартақтың ұлы болуы кәдік. Бірақ мұндай жағдайда оның тіпті жас бала болуы әбден мүмкін. Не дегенде де, Бату мен аралығында өте қысқа уақытта хан болып үлгерген екі билеушіден кейін Алтын Орданың биік тәжіне Берке қол жеткізді.

Сөйтіп, ол Жошы ұлысының хан тағына отырған Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы нағыз мұсылман болды. Ол Жошының Орда-Ежен мен Батудан кейінгі үшінші ұлы еді. Алайда, Мөңкенің Беркені Қыпшақ елінің билеушісі етіп бекітіп бергені жайында жан-жақты айтылатын мағлұмат жоқ. Мысыр менбелеріне сәйкес, Сартақтың бауыры Тоғанның жұбайы Борақшын империяның билігі Сартақтан соң өзінің ұлы Туда-Мөңгенің қолына тигенін қалайды. Алайда, Берке оның бұл жоспары жүзеге асуына жол бермейді, мұны басқа хандар мен жүзбасылар да қолдамайды. Сол кезде табанды әйел дегенінен қайтпай, қалайда Жошы ұлысы жерін басып алуға айдап салу үшін Персияның болашақ билеушісі Хулагу сұлтанға қашып барады. Бірақ мұның шын-өтірік екені белгісіз, себебі, мұндай нәрселерді еш уақытта назардан тыс қалдыра қоймайтын парсы тарихшылары бұл оқиға жайлы ләм-мим деп тіс жармайды. Белгілісі, Борақшын кейінірек Беркенің қолына түсіп қалып, дарға асып өлтіріледі.

Осы кезде Мөңке Хулагудің иран жерінде бастаған ісін ақырына дейін жеткізіп, жеңіспен аяқтауы үшін Моңғолия империясының әр ұлысы оның қарауына өз әскерінің бестен бір бөлігін жіберуі керек деген пәрмен шығарды. Жарлыққа сәйкес, Берке ондағы Орданың екінші ұлы Ктолидің қарауына өз бөлімшесін жіберуге тиіс болды. Ал Хулагуге сол уақыттары шын мәнінде тек қана мұсылман елдерімен соғысып тұруға тура келді. Бұл пәйтте «пайғамбар» ілімін оқып қойған Беркеге бұл ұрыс-қимылдары ұнаған жоқ. Сондықтан оған Бағдадқа қарсы соғысып жатқан Хулагуге жәрдем беру оңайға соқпады. Сол шақта Хулагу Персияда ассасиндермен соғысып жатыр еді, ал Берке оған бар әлеуетімен қолынан келгенінше кедергі жасауға тырысып бақты. Бірақ бұл ақырына дейін бара алмады: 1258 жылы 10 ақпанда Бағдадты басып алу үшін өткен шайқасқа сарбаздарын бермеуге әдді болмай қалды.

Бірақ Берке өзінің немере інісінің бұдан арғы жорықтарын жақтыра қоймайтынын ашық білдірді. Осының салдарынан екеуінің арасында алауыздық өршіп кетті, мұны Хулагу Беркенің мұсылмандарға жақтасып, өз империясының ішкі істеріне араласушылығынан көрді. Мұның соңы Кіші Азия түбегіндегі қыпшақтардың Хулагу иелігіне қарсы әрекеттер жасауға кірісіп кетулеріне апарып соқтырды. Мұның бәрін Беркенің білмеуі мүмкін емес еді. Мысырлық ақпаратшылар Хулагудің Бағдадты басып алғаннан кейін Борақшынның ұсынысын жүзеге асырмақ ниеті болғанын, яғни Алтын Ордаға жорық жасауға ықтиярлық танытқаны Беркені ашындырғанынан туғанын айтады. Осы себеппен екі ханның арасындағы қырғи-қабақ қарым-қатынас ұлғая түсті. Бағдадты басып алғасын бірнеше айдан кейін Хулагу Берке әскерімен бетпе-бет келуге дайын тұрды. Бұл тұйықтан ильханың қарауынан біраз сарбаздың кетіп қалуы шығарды. Осыдан кейін елге қайтатын жолы кесілген Хулагу әскерлерін Мысырға қарай бұрды.

Орын алған оқиға жайын сол кезде Жерорта теңізіндегі саяси күштердің бөлінісі қандай болғаны айғақталғаннан кейін ғана түсінуге болады. 1260 жылы 3 қыркүйекте иран моңғолдары Мысыр мәмлүктерімен Палестинадағы «Голиаф қайнары» (Айн-Жалут қайнары) жанында болған кезекті шайқаста Ніл жазығына дейін бару мақсатына жете алмай, күйрей жеңілді. Осы шайқастан кейін Мысырда Аз-Захир Бейбарыс Бірінші таққа отырып, парсы моңғолдарының бітіспес жауына айналды. Оның осы кезде одақтас іздеп, жан-жағыа қарай бастағанына таң қалуға болмайтын шығар. Халифат қирады, Сирия маңындағы шағын мемлекеттер құлдырап кетті, Триполидегі крестшілер мен басқа жерлердегі кінәздіктерді моңғол наместниктері басқарып тұрды. Киликиядағы армян мемлекеті татарлармен одақ құрып қойды, сондықтан олардың бәрі Мысырдың табиғи жаулары болып саналды.

Нәтижесінде Бейбарыста тиісті келісім жасасудың екі ғана мүмкіндігі қалды. Оның бірі Сицилиямен келіссөз жүргізу еді, бірақ оның королі Манфред мәмлүктермен келісім жасасуға ықтиярлық танытпады, себебі, оның жауы – Рим папасы ильхандармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Бейбарыс бәрінен бұрын екінші мүмкіндіктен көбірек кемел келешек күткен сияқты. Олай болатынысе Сицилия королімен байланыс тылдан аздаған қалқан қойылуына жол берсе, жекелеген жағдайларда теңіздегі коммуникацияны бұзуға мүмкіндік жасар еді, ал сұлтанның Беркемен келісімі мәмлүктерге ильхандардың ту сыртынан соққы беруге таптырмайтын жағдай туғызады.

Бұл жоспарды жүзеге асырудың ыңғайы мен сылтауы да қиыннан қиыстырылып, өз келіп тұр. Берке бұдан бірнеше жыл бұрын исламды қабылдағаннан соң оның Хулагумен арасында бұрыннан бар салқындық одан бетер күшейіп кеткен. Осымен бір мезгілде Қыпшақ ханы өзінің қарауындағы жұртты Рим папасының христиандыққа қарай тартқысы келетін әрекетіне өте ашулы еді. Егер кюре осы кезге дейін бұл жымысқылығын қоймай келе жатса, мұның басты себебі оған ылғи қолдау көрсетіп жүрген ильхандарға сенгендігі шығар.

Сөйтіп, Бейбарыс 1261-1262 (хижра бойынша – 659-660) жылдары Алтын Ордаға бір көпесін жолға салып жіберді. Көпес Беркеге оның мұсылмандықты қабылдауына байланысты Каир сұлтанының қатты қуанып жатқанын, енді Хулагуге қарсы «қасиетті соғыста» (жихад) бірігуге шақыратынын жеткізді. Осылайша моңғол билеушілері арасындағы алауыздық Мысыр сұлтанына ильханға қарсы күресте кең ауқымды коалиция құрылуына көмектесті. Осы аралықта Орталық Азия мен Моңғолияда барынша аласапыран өзгерістер орын алды. 1259 жылы қыркүйекте Қытай қорғанына шабуыл жасап жатқан кезінде ұлы хан Мөңке қайтыс болды. Оның империяны басқару тізгінін өз інісі Арық-Бұғаға бергісі келгені ешқандай күмән тудырмайды. Бірақ империялық жиында Мөңкенің тағы бір інісі Құбылай ағасының бұл ниетіне қарсы шықты. Сол басқосуда оған өзіне Қытайды, Хулагуге моңғол империясының батыстағы жерлерін басқару тапсырылып еді. Ал Арық-Бұға ағасынан босаған таққа отырып жатқан мезетте Құбылай Қытайда өзін ұлы хан етіп сайлаттырып жатқан болатын. Сөйтіп, ол Арық-Бұқа ағасының жоғары билік тағына отыруына ашықтан-ашық қарсылық білдірді. Іріткі осылай туды. Осының нәтижесінде батыста екі моңғол билеушісі арасында ұзаққа созылатын соғыс басталып кетті. Хулагу барлық уақытта өзінің ағасы Құбылайды сыйлаушы еді, бұл жолы да ол соны жақтады. Ал Еділдің бойындағы еңселі Орданың егесі – Берке хан моңғол жерінде дәстүрлер мен көшпенділер қағидаттарын қалтқысыз ұстап отырған Арық-Бұғаны қолдады. Осылайша Қытай мен Персия секілді жоғары мәдениетті елдерді басқарып келе жатқан екі билеуші далалық демократияны жақтаушыларға қарсы тұрды.

Бұдан кейін Берке империяның Үгедейдің ұрпақтары билеп отырған аймағында Шағатайдың немересі Алуғу мұрагермен Екі өзен аралығы үшін таласып жүріп, өзінің ықпалын күшейтіп алған Хайдумен байланыс орнатты. Осымен бір мезгілде Хулагудің енді көпке дейін Орталық Азия мен Батыс Еуропаға қарай ат жөңкілте алмайтыны белгілі болып қалды. Осы одақтың арқасында Бейбарысқа кез келген уақытты ильхандарды қоршап алып, құртып жіберудің мүмкіндігі туды. Алайда, Берке – Хайду – Бейбарыс арасындағы үштік коалиция ешқашан бір мезгілде бірдей қимылдай алатын пәйт келген жоқ. Сондықтан алдымен Хулагу, кейін оның баласы Абака ұзақ жылдар бойы біржола талқандалып кетуден аман қалып келді. Бұдан кейіндегі шешуші ұрыстар Кавказ таулары мен Оксус өзенінің атырабында жүріп жатты. Дегенмен, осы жағдайлардың бәрі Бейбарыстың көпке дейін өз еліне қауіп төндірмей ұстап тұруына жол ашып берді.

Моңғол билеушілері арасында соғыс отының бұрқ ете түсуіне Беркенің Хулагуге елші жіберіп, Шыңғыс хан мұрагерлерінің ішіндегі ежелгі бұтағының өкілі ретінде өзіне қазынаны, соғыс олжаларының бір бөлігін жіберіп тұруды талап етуі тікелей себеп болды. Хулагу бұл міндеткерлікті орындауда бірден бас тартып, Алтын Ордадан келген екі елшіні өлтіртіп тастады. Сол кезде Берке Ширванға басып кірді, соның әсерінен ильхан 1262 жылы 20 тамызда өз ордасын тастап шықты. Сол жылы қазан-қарашада Ноғай батыр бастаған алтынордалықтар Хулагу армиясының Ширемун-нойон басқарған алдыңғы лектегі ең таңдаулы армиясын тас-талқан етті. Алайда, Хулагу Дербент пен Шемаханың арасынан Кавказға өтіп кететін жол тауып, 1262 жылы 10 және 15 желтоқсан күндері тау етегінде қыпшақтарға шешуші шайқаста күйрете соққы берді. Беркенің бірқатар әмірлері (темниктері) сол бойда Грузия патшасы Давид V-нің қол астына барып тығылды. Ал гүржі билеушісі оларды кідіртпестен, Хулагуге беріп жіберді. Бірақ сатқындарға аяугершілікпен қараған ильхан олардың өмірлерін сақтап, өз қосынына қосып алды.

Дегенмен, Терек өзенінің арғы бетіне өткеннен кейін-ақ Хулагуді сәтсіздік шырмай бастады. Сол уақытта, 1263 жылғы 13 қаңтарда Берке ильхан әскерлеріне күтпеген жерден шабуыл жасап, қақаған қара суықта таң азаннан кешке дейін созылған аса ауыр соғыста ірі жеңіске жетті. Қолма-қол ұрыста шыдас бермеген Хулагу әскерлері мұзы әлі толық қатып үлгемеген Терек өзенінің үстіне қарай қуып тығылды. Олардың біразы сол бойда ойылып түскен мұздың астына кетті. Осымен бір мезгілде шығыстан батысқа қарай жылжып, інісі Хулагуге көмек беруге келе жатқан Хубулай да сәтсіздікке ұшырады. Ханның қол бастаған командирлері сенімсіз жандар болып шықты, олар Алтын Орданың иелігіне келіп кіргесін көп ұзамай қыпшақтарға ешбір ұрыссыз беріле салды.

Тағы бір айта кететін бір жайт, осы уақытта Хулагу Кавказ тауларының етегіне өз өктемдігін жүргізе алмағанымен, оның ұшар басын бір өзі билеп-төстеп тұрды. Осылайша ол Алтын Орданы оңтүстіктен келетін қорғаушылардан бөліп тастады. Ал Ноғай бұл кезде Дербентте шеп құрып тұрғандықтан, ильханға оның келер жолына шекаралық күзет қоюға тура келді. Хулагу Беркенің исламды оншалықты қалай бермейтін грузин патшасымен де жақсы қарым-қатынас орнатып алғанын байқамай тұра алған жоқ. Осы қарым-қатынасқа иек артқан Алтын Орда грузин жеріндегі Дарьял шатқалы арқылы Әзербайжанға әскери жорық жасауға мүмкіндік алды. Мұның үстіне, Мысыр сұлтаны Бейбарыс Сараймен арада құрылған одақты күшейте түсуге ұдайы ынталылық танытып отырды. Осындай жағдайда өзінің Кавказдағы үстемдігін сақтап қалу үшін Хулагу жаңа жорық бастауға міжбүр болды.

Екі моңғол мемлекетінің бір-бірімен бұлайща соғыс жағдайында жүруі Мысырдың билеуші Бейбарысқа өте тиімді еді. Ол осының өзінен айтарлықтай экономикалық пайдаға кенеліп тұрды. Осы мезгілде Каирге Қыпшақ жерінен жаушылар келіп жетті. Бейбарыс өз әскерінің күшін айтып беру үшін өз елшілерін жаушыларға қосып Сарайға жіберді. Сол кезде сұлтан өз сарайындағы халиф Әбу-л-Аббас Ахмедтің генеалогиялық дарағын түзіп шығуға пәрмен берді. Әзірге тек Үндістанның солтүстігіндегі жекелеген билеушілер ғана мойындап отырған бұл халифті Берке көптен бері өзіне қосып алғысы келіп жүр еді, оған соның ыңғайы енді келіп қалғандай болып көрінген.

Содан кейін Алтын Ордаға ильханға қарсы соғысқа қосылу жайында ұсыныс келіп түсті. Осыған орай Мысыр өзінің әскери қуатын білдіретін мәліметтерді тергеп көрсетті. Ал мәмлүк сұлтаны бұдан біршама уақыт бұрын, 1262 жылы 13 қазанда (хижраның 660 жылы зулкада айының 27-ші жұлдызы) және 1262 жылғы 16 қарашада (хижраның 661 жылының мұхаррам айының 2-ші жұлдызы) Хулагу әскерінен қашып келген екі жүзден аса сарбазды қабылдап, мейірбандықтың бір ишарасын жасады. Осыны жақсылыққа жорыған Каирдің билеушісі соңына жер қайысқан қалың қол ертіп, терістікке қарай бағыт түзеді.

Бұдан алдын Мысыр елшілері Еділдің бойына жеткенде, мұнда Берке хан Хулагуге қарсы қысқы жорықтарын аз-кем табыстармен аяқтап, етек-жеңін жинап алып жатыр еді. Енді оған исламның мүддесіне шынайы берілгендігін байқатып, өзімен бірге туған, діні бөлек немере інісіне – ильханға қарсы соғыса алатынын дәлелдеуі керек. Каирден халиф жолдаған генеалогиялық дараққа жауап ретінде Берке мысырлық елшілер сарайында жиырма алты күн болғаннан кейін оларға өзімен бірге «пайғамбар» іліміне өткен қыпшақтар тізімін тапсырды. Ол сондай-ақ құрамында бір әмір ғана емес, сонымен бірге шейх те бар елшілер делегациясын жіберді. Елшілер Каирге келгесін олардың екеуін де Бейбарыстың өзі 1263 жылы 25 шілдеде қабылдап, үлкен сый-құрмет көрсетті. Кейінірек қайтар жолға салып жіберді.

Осыдан кейін Берке әскери қолдау ретінде Мысырға құрамы 200-ден 1300 адамға дейін сарбаздан тұратын бірнеше шағын жасақтарын жіберуге дайын екенін білдірді. Содан күш алған Бейбарыс сосын дереу ильханның вассалдары – Фарс (Шираз), Үлкен және Кіші Луристан атабектерімен, Иранның түбі араб хандарының Сүрия шөлінің солтүстігіндегі вассалдарымен жеке-жеке келіссөздер жүргізіп көрмекші болды. Мұндағы басты және бір ғана мақсат Хулагу мемлекетіне іштен соққы беріп, ыдырата беру болды. Бірақ бұл әрекеттер ешқандай іліп-аларлық нәтиже берген жоқ. Бәлки, Бейбарыс пен Берке арасындағы қарым-қатынастың осыдан кейін ұзақ уақыт суып кетіп, бірлескен әскери қимылдар жүргізулері мүмкін болмай қалғанына да мәмлүк билеушілерінің орданы айналып өтіп, өз бетінше жасаған тап осы әрекеттері әсер еткен шығар. Александрия мен Қырым арасындағы байланыс сол кездегі саяси күштердің қалыптасу ахуалына қарай тек теңіз жолымен және 1261 жылы маусымда Палеологтар династиясының өкілі Михаил VIII таққа қайта отырғаннан кейінгі Константинополь империясының келісімімен ғана жүргізілетін болып тұр еді.

Латын империясының құлауы Батыс Еуропа елдерін Шығыстағы тағы бір қуатты тіректерінен айырды. Ал Сүриядағы крестшілер мемлекетін жау көретін Бейбарыс Михаил VIII-нің жеңісіне өзінің қуанатынын білдірді. Палеологтар әулеті таққа отырғаннан кейн көп ұзамай мәмлүк сұлтанымен келіссөз жасалды, онда Бейбарыс елшілерінің, сондай-ақ оның тауарларының, соның ішінде құлдарының теңіз бұғаздарынан еркін өткізілу қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіні атап көрсетілді. Шамасы, Шығыс Рүмнің императоры сұлтан мен қыпшақ ханының өтіп бара жатқан жаушыларын қабылдап, өзінің жаушылары арқылы тиісті тараптарға олардың келгендерін хабарлап қойған сияқты.

Не дегенде де, Михаил бір жақты Бейбарыс (немесе Берке) жағына шығуға дайын бола қоймаған, оған тіпті мүмкіндігі де болмаған сияқты. Бұл оның Византия үшін үлкен қатер төндіре алатынын танытқан Хулагуге ашық қарсы шығуы болып көрінер еді. Константинополь мен ильхан резиденциясы Тебриз арасында ұдайы жаушылар ерсілі-қарсылы шапқыласып жүрді. Тіпті ильханды қарағаттандыру мақсатында Трапезунд үшін Хулагуге алым-салық төлегеннен кейін де император онымен мейлінше тығызырақ қарым-қатынас орнату керек деп есептеді. 1263 жылғы жаздың басында Алтын Орданың елшілері Александрияға бара жатқан жолында Византияға келгенде, Михаил Бейбарыстың көз алдында өз суверені үшін ақталмақ мақсатта оларға өзінің елшілерін де қосып жіберді.

Сол уақытта Каир Генуямен мейлінше тығыз байланыс орнатып алған еді. Екеуі де Латын империясының басты тірек бекеті – венециялықтармен жаулық қатынаста болып, сонымен бір мезгілде Византия билеушісінің достары саналып тұрған. Бұдан бөлек, Генуя Қырымдағы қыпшақ билігінің де жылы ықыласына бөленіп жүрген.

1263 жылдың күзінде Бейбарыс сұлтанның Берке ханға өз жауабы ретінде жіберген делегациясы Византия иелігінің үстімен жүріп өтті. Бірақ Михаил батыс елдері – франктің жасақтарымен соғыс жүргізіп жатқандықтан, оларға көңіл аудара алмады, оның үстіне, өзі Константинопольде болған да жоқ. Алайда, елшілермен тікелей кездесуден бас тарта алмай қалды, сөйтіп, оларды сол мезетте өзі тұрған қамалда қабылдады. Сол жерде Мысырдың елшілері Хулагудің шабармандарымен кездейсоқ бетпе-бет келіп қалды. Император сосын өзінің ильханмен де жақсы байланысы бар екенін білдірмеу мақсатында елшілерді қамалда қамап ұстай тұруға шешім қабылдап, үлкен қателікке ұрынды. Бұл қамау сұлтан елшілері үшін екі жыл мерзімге ұласты. Алайда, мұнысы оған көмектеспеді. Берке онсыз да Михаил мен Хулагу арасында жылы, достық қарым-қатынас бар екенін бұрыннан білетін. Ал ақылы кем императордың сұлтан елшілерін бұлайша негізсіз тұтқында ұстап отыруы оның өзіне қарсы ұрыс қимылдарын бастап кетуге бірден-бір желеу болды.

Бұған қосатынымыз, Палеолог Константинопольдегі сарайында өзіне қашып келген рүм-селжүк Из-ед-динді де аздаған шектеумен тұтқында ұстап еді. Сол кезде Руки ад-дин Қылыш Арслан IV, – шамасы, өзі Из-ед-диннің інісі болса керек, – Беркеге іске тез араласып, тұтқынды мына қиын қыспақтан босатып алуды сұрайды. Бұл Қыпшақ ханына Михаилді Хулагумен тығыз байланысы үшін жазалауға таптырмас сылтау сияқты болып көрінді. Сөйтіп, Кіші Азияда үстемдік жасау ойы бар екенін ильханға білдіріп қоюды жөн санады. Осы мақсатпен ол 1264 жылдың жазы мен күзінде қолбасшысы Ноғайды Фракияға аттандырды. Оның алдына сонда әскерімен тұрған императормен жолығып, сес көрсетіп қайтуды тапсырды. Ноғай Дунай бойына барғасын, ондағы бұрыннан Ордаға бүйректерінің бұрылып тұратынын байқатып жүрген булғарларды қатарына қосып алып, Михаилге біраз айбат шекті. Бұдан зәресі қалмай қорыққан император қашуға мәжбүр болды. Өз қаласы аумағына жедел жетіп алуды көздеген ол теңіз жолымен кетуді ұйғарды. Оның бұл әрекетін сезіп қалған Ноғай қалың қолмен келіп, император Айнос қамалын қоршап алды. Қамалда рүм-селжүк сұлтаны Из-ед-дин де бар еді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін гарнизон қол көтеріп, түгел берілді. Блокада алынды. Ал Из-ед-дин дереу Сарайға аттанды. Берке оны жақсы қарсы алып, өзінің нөкерлері қатарына қосып қойды.

Соның артынша Алтын Орданың астанасына Византия императорының қамауында болған Мысыр елшілері де келіп жетті. Олардың бірі – Фариз әл-Дин Агус әл-Мас Уди сол бойда бұрынғы рүм-селжүк сұлтанын жанына алып, Беркеге өздерінің неге бұлай ұсталып отырғандарының себебін түсіндіріп бермекші болды. Осыншалықты зорлық пен зобалаңды бастан кешіп келсе де, сұлтанның жаушысы өзінің дипломатиялық міндетін ақырына дейін адал атқарып, Каир мен Сарай арасындағы бұрынғы тиімді байланысты қайтадан қалпына келтіруге әрекет жасап бақты. Өйткені, қалыптасқан саяси және экономикалық жағдайдан таза шығып кету үшін Мысырға Орда мен Византияның арасындағы күштер тепе-теңдігін сақтап қалудың маңызы ерекше зор еді. Дәл сол уақытта император бұған дейін өздерінің тарапынан болған барлық қолайсыздықтар үшін қыпшақтарға алым-салық төлеуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ Берке бұған аса селт ете қойған жоқ, тіпті ұсынысты естімеген адам сияқты мүлде аяқсыз қалдырды. Алайда, тарихи деректерде осыған байланысты пікір қабыспаушылығы байқалып қалады. Мысалы, грек жазбаларында қыпшақтардың Византия империясына шабуылы осыған байланысты кешеуілдегені атап көрсетілсе, араб мәнбелері мұның ешқандай әсері болмағанын алға тартады.

Түптеп келгенде, араб тарихшыларының тұжырымдары шындыққа жанасып қалады. Себебі, Берке бұдан кейін көп ұзамай, 1265 жылдың жазында жер қайысқан қолменен келіп, ұзақ уақыт Константинопольдің іргесінде тұрып алады. Осыған байланысты Византия мен Орданың арасы бұрынғыдан бетер ушыға түседі. Бірақ екі жақ та соғыса кетуге батпайды. Осы жағдайда Михаил ильханмен бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатуды көздеп, өзінің туған қызы Марияны Хулагудің ұлы Абагаға күйеуге беріп жібереді.

Бұл екі ортада Кавказдағы ұрыстар жаңа екпін алып, күшейе береді. Өзі өлерінің дәл алдында (1265 жылғы 8 ақпан) Хулагу таулы қыраттарды қорғап тұрған әскерлерін түгел қайта жарақтандырып шығады. Олар Беркенің ильхандарды экономикалық жағынан ұдайы қаржыландырып, армиясы қуатын арттырып тұрған Арран мен Әзербайжанның өндірісі күшті, жері құнарлы аймағына өтуіне жол бермеуге тиіс болатын. Әкесі өлгеннен кейін тақ иесі атанған Абага оның жолын жалғастыруға кірісті. 1265 жылғы 19 шілдеде (хижраның 663 жылы шаввал айының 3-ші жұлдызы) Беркенің келе жатқанын естіп, өзінің туған інісі Юшумутаны оның алдынан жіберді. Ильхан әскерлері Кура дариясын кешіп өтіп, Ширвандағы Присағатқа құятын Ақсу өзенінің жағасына барып тұрды. Осы жерде олар ордалықтармен шайқасты. Оның кейін Мысыр мәнбелеріндегі көрінісінің (Алтын Орда деректері негізінде жазылған) парсы жазбаларындағы мәліметтерден елеулі айырмашылығы болған. Бұлардың армян жылнамашыларына сілтеме жасайтын соңғылары Ноғай басқарған қыпшақ әскерінің жеңіліс тапқанын баяндайды. Осы соғыста бұл қолбасшы дұшпандары атқан садақ оғынан бір көзінен айрылып қайтады.

Алайда, иран мәнбелеріне қарағанда, ильхандар сарбаздары жеңіске жеткендеріне қарамай, кері шегініп, Кураның түстік жағалауына өтіп, шеп құрып тұрады. Олар айнала қабырға тұрғызып, мықты қорғаныс шебін құрып, Тифлис жақтан да болып қалуы ықтимал шабуылды да осында күткен сияқты. Мысыр мәнбелеріне қарағанда, сол кездері Беркенің атты әскерлері екіге бөлініп, алға жылжиды. Оның Сунтай басқаратын бір қанаты біраздан соң Юшумута әскерлерімен барып ұрынып, дереу ұрыссыз кері шегінеді. Себебі, Сунтай осы сәтте Ноғайдың армиясы қоршауда қалып қойды деп ойлайды. Ал бұл сәтте Ноғайдың қосыны керісінше ильхан сарбаздарының соңына түсіп, оларға жеткен жеріне қирата соққы береді. Осы үшін қолбасшы Беркенің сый-сияпатына бөленеді. Осы мәліметтердің өзі иран жазбаларында шындық жоқ екенін, бұл шайқастарда Алтын Орда армиясының жеңістен жеңіске жетіп отырғанын айғақтай түседі. Олардың Ширвандтан қашып шығып, Кураның оң жағалауына өтіп, қорғаныс шебін құрып, осы жерде дұшпандарын күтулері де осының шындыққа жанасатынын білдіреді.

Осыдан кейін Абага өзінің соңына түскен қыпшақтардан қорғанудың барлық мүмкін болған амалдарын жасап бақты. Сондықтан Берке оған жаңа шабуыл жасауға батпады. Ол Персияға жорық бастағанға дейін өзеннің терістік қапталында қырық күндей тұрып қалды. Абага Мцхет өзеніне дейінгі аралықты қамтып, шеп құрып тұрғандықтан, Алтын Орданың қосыны Кура өзені ағысының жоғарғы жағынан кешіп өтіп, Кіші Кавказға қарай ат қойды. Берке әскері ильхандар армиясында қызмет етіп жүрген Давид V-нің иелігіндегі Грузия жерінің біраз аумағын жайпап өтіп, Тифлиске келіп бір-ақ тоқтады. Сол жерде 1267 жылғы қаңтар айында Алтын Орда ханының соңғы демі таусылып, бақилық болып кетті. Осымен Беркені атқа қондырған ұлы шайқастар өзінің соңына жетті. Басшылары қайтыс болған қыпшақтар оның денесін киізге орап алып, Сарайға қарай жол тартты. Сөйтіп, Алтын Ордадағы бірінші мұсылман хан Жошы ұлы Беркенің ислам дініне өз моңғол туыстарын түгел кіргізбек болған арманы орындалмай қалды.

Билікке шамамен 1256-1257 жылдары келген Берке жайлы бұдан да басқа әртүрлі деректер мен аңыздар бар. Белгілі ғалым Джуджани оның мұсылман болғаны жайында: «Берке туылғанда, оның әкесі (Жошы): «бұл баламды мен мұсылман әйелге ғана емізуге беремін, себебі, ол мұсылман болып туылды және ол тек мұсылман әйелдің сүтін ішеді» деді», – деп жазды. Берке білім алатын жасқа жеткенде, елдегі ең білгір деген имам-факыхтардан білім алыпты. Ходжентте білімін аяқтағаннан кейін, Ұлыстағы бүкіл мұсылман әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалады. Көпшілік ғалымдар Беркені шамамен 1240 жылдары Исламды қабылдағанын айтады. Себебі, 1246 жылы Бүкілмонғолдық құрылтайға ағасының орнына барған Беркенің өз отауында мұсылманша сойылған малдың етінен жасалған ас ішкені айтылады. Ал 1253 жылы Батудың ордасында болған саяхатшы, Гийом де Рубрук Беркенің өз ордасында шошқа етіне тыйым салғанын атап өтеді. Жалпы, мұсылман деректерінің барлығы оның өте діндар болғанын, бес уақытын намасыз қаза етпегенін баяндайды. Кейіннен Бұхара қаласындағы белгілі сопы, шейх Сайф-ад-Дин Бохарзидың ықпалымен, оған мүрид болып, ханафи мәзһабын ұстана бастағаны да алға тартылады.

Берке ханнан кейін таққа келген Меңгу-Темір (1266-1280) өзі мұсылман болмаса да, алдыңғы ханның салып кеткен мемлекеттік саясатына ешқандай өзгеріс енгізген жоқ. Мұсылмандар биліктегі бұрынғы орындарын сол қалпы сақтап қалды. Бірақ сонда да Берке хан кезіндегідей қолдау болмағандықтан, исламның таралуы біраз бәсеңдеп қалды. Ал осыдан кейін билік тізгінін қолға алған Туда-Меңгу (1280-1287) нағыз хас мұсылман болды, ол өзінің асқан діндарлығымен ерте танылды. Өзінің айналасына сопылар мен дін адамдарын жинап алған ол мемлекет ісін толықтай беделді түменбасы, Алтын Орданың батыс бөлігінің билеушісі Ноғайға беріп қойды. Соңында тіпті хан тағынан өз еркімен бас тартып, сопылық жолға түсіп кетті. Оның орнына хан болған інісі Төле-Бұқа (1287-1292) Ноғай мен беделді ақсүйектердің қуыршағы болғысы келмей, оларға қарсы соғыс бастады. Бірақ бұл соғыста Ноғай жеңіске жетіп, хан тағына Тоқтаны (1292-1312) отырғызды. Сөйтіп, XIII ғасырдың соңында түменбасы Ноғай билікті толық өз тізгініне байлады. Оның бұлайша елдегі ең ықпалды адамға айналуының бірнеше себептері бар-тын. Бұған дейінгі хандар елді бір орталыққа бағындыруға ұмтылып, көшпелі тайпа ақсүйектерінің кең құқығын шектей бастауы әрі бұл жолда Ұлыстағы мұсылмандарға иек артуы, сондай-ақ мұсылмандық саясатты ұстанып, билікте ислам өкілдерін көбейтіп жіберуі әлі де болса ықпалы зор, тәңіршілдіктен бас тарта қоймаған дәстүршіл топтардың қарсы әрекетін тудырды. Олар сондықтан өз орталарынан шыққан Ноғайдың айналасына жиналып, хандық билікті әлсіретуге күш салды. Ақыр соңында бұған да қолдары жетті. Алайда, Ноғай басшылығындағы феодалдар билігінің ғұмыры ұзақ болмады. Бұл жағдаятқа биліктен айырыла бастаған ен мұсылман қауымы да, исламды қабылдай қоймаған ақсүйектер де, біреудің қуыршағына айналған Бату ұрпақтары да наразы болды. С оның нәтижесінде олардың бәрі түгел Тоқта ханның төңірегіне топтасып, Ноғайға қарсы ашық айқасқа көшті. Бұл шайқас 1299-1302 жылдары аралығында жүріп, соңында хан жеңіп шықты.

Енді Тоқта ханның діні жөнінде айтао болсақ, ол алғашында тәңіршілдікті ұстанғанымен, кейін исламға өткен болып шықты. Мұы 1293 жылы соғылған тиында оның аты Насир-ад-Дин Аллах (Алланың досы) деп берілгені анық аңғартады. Осыдан кейін Тоқта хан әлсіреп қалған билікті күшейтіп, Алтын Орданы әртүрлі ұлыстарға бөлініп кетуден сақтап қалды. Осылайша ол өзінен кейін билікке келетін Өзбек ханға мықты мемлекеттің іргетасын қалап берді. Жалпы, мұсылмандықты кең көтермелеген Беркеден кейін келген бұл хандар исламды ашық түрде қолдамағанымен, оның кең таралуына ешқандай кедергі келтірген жоқ. Олар ел билеуде әрдайым мұсылмандарға сүйенді. Сыртқы саясатта да дәйім мамлүктер билеген Мысырмен достық қарым-қатынаста болып, өздерін исламды қорғаушылар етіп көрсетті. Сондықтан болар, сол кездегі мұсылман авторларының ешқайсысы Жошы Ұлысын «дар-ул Харбқа», яғни кәпірлер дәулетіне жатқыза алмады.

Жалпы, Ислам діні Алтын Орда аумағында әдепкі кезеңдері тек Хорезм мен Сырдың бойында, сосын Бұлғарияда толық үстемдік еткенімен, қалған көшпелілер жайлаған далалы аймақтарда тәңіршілдік пен шаманизмнің, ал Қара теңіз жағалауында христиандықтың ықпалы басымдау болды. Негізі, тәңіршілдік деп аталатын түркілер мен моңғолдардың дәстүрлі діндері бұл кезде Дешті Қыпшақ даласын қоныс еткен көшпенділердің басты діні болды. Айналасында дамыған қалалық мәдениеті бар мұсылман және христиан елдері болғанымен, қыпшақ тайпалары олардың ықпалына түсе қоймады. Жошының бұл аумақты жаулап алуымен бірге еріп келген дәстүрлі дінді ұстанатын ежелгі көшпелі түркі және моңғол тайпалары әлсірей бастаған тәңіршілдікке жаңа бір күш әкелгендей болды. Ал православиенің алғашқы кездері батыс өлкелерде ықпалының күшті болғаны соншалық, 1263 жылы Берке хан оларға Сарайда епархия құруына мүмкіндік берді, оларды мемлекеттің қорғауына алып, салықтан босатты. Ал орыс княздеріне шіркеу иелігіне тиісуге қатаң түрде тыйым салады. Жошы билігінің әуелгі шағында Моңғолиядан келген ақсүйектер арасында буддистер де кездесті. Осындай алуан сипатты жағдайға қарамастан, Жошы ұлысында ислам діні бұл әлемдік және жергілікті сенімдер арасынан суырылып шығып, мемлекеттік деңгейге дейін көтеріле алды. Бұл дінінің аз уақыттың ішінде мұндай қуатты күшке айналуына бірнеше фактор айрықша дүмпу берді.

Тарихшылар бұған, біріншіден, Алтын Орда қанатын жайған аумақта, ислам діні бұрыннан қалыптасқан екі өңір – Хорезм мен Бұлғария болуының әсерін алға тартады. Бірі Жошы ұлысының қиыр түстігінде, бірі қиыр терістігінде орналасқан бұл өңірлер өздерінің айналасындағы көшпелі рулар мен тайпаларға діни және мәдени тұрғыдан қуатты түрде ықпал ете бастайды. Екіншіден, сопылық пен ханафи мәзһабының уағызы күшті болды. Қаншама ғасырлар бойы исламды қабылдамай келген Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпалары сопылардың еңбегінің нәтижесінде айналдырған жарты ғасыр мұғдарында мұсылмандықты қабылдап шыға келді. Шариғат мектептерінің ішіндегі ең мейірімдісі әрі жергілікті дәстүрлерге бейімделе алатын ханафи мәзһабы да айтарлықтай рөл атқарды. Үшіншіден, мұсылман дінбасылары мен саудагерлері қай ханның тұсында да олардың орталықтандыру саясатын берік қолдап отырды. Тек сепаратизмге бейім көшпелі ақсүйектер ғана өз күресінде әрқашан тәңіршілдікке табан тіреді. Сондықтан хандар билігін нығайту үшін алдымен ислам діні мен оны таратушыларды қолдап отырды.Төртіншіден, сол кезде сыртқы саясатта болып жатқан оқиғалардың өзі Алтын Орданы ислам елдерімен достасып, христиандармен соғысуға итермеледі. Бұл да өз кезегінде Жошы ұлысын мекендейтін халықтардың исламға деген дұрыс көзқарастың септігін тигізді, мұның өзі ислам елдерімен рухани-мәдени қарым-қатынастың  жандануына негіз жасап берді.

Бірақ Тоқта хан қайтыс болғаннан кейін даланың көшпелі феодалдары осы кездегі аумалы-төкпелі уақытты пайдаланып, қайтадан тәңіршілдікті көш басына әкелуге, сөйтіп, өздерінің қатты әлсіреп кеткен позицияларын қалпына келтіруге барын сала ұмтылды. Олар хан тағына өздеріне қолайлы сұлтанды өткізіп жібермек болып жанталасты. Сол кезде өздерінің қарасын едәуір көп етіп алып, біраз әлеуетті күш жинап үлгерген мұсылмандар жағдайдың бұлай өзгеруіне іле қарсы шығып, таққа нағыз мұсылманды отырғызуға күш салды. Бұл тұста Хорезм әмірі Темір-Құтлықтың қолдауына сүйенген олар Өзбектің хан тағына отыруына қол жеткізді. Сөйтіп, 1312 жылы Өзбектің хан болып сайлануынан кейін Алтын Ордада ислам мемлекеттік дәрежеге көтерілді. Бұл кезде исламның ықпалды дінге айналғаны соншалық, Өзбек хан енді мүлде ашық түрде тәңіршілдік және шаманизм қалдықтарымен күресе бастады. Мұндағы басты саясат бір жағынан әлі мұсылмандықты мойындай қоймаған көшпелі тайпаларға ислам дінін қабылдату болса, екінші жағынан үнемі сепаратизмге ұрынып тұратын дала феодалдарының тірек тұтар күшін жою болды. Мұның бәрі тып-тыныш өте салған жоқ. Ұлыстың әр жерінде наразы жұрт көтеріліс жасап жатты. Әлбетте, Өзбек хан ұлыстың қай түкпірінде бой көтерушілік бұрқ етсе де, бәрін тез және оңай басып тастап отырды.

Хан тағына отырған соң Өзбек хан Алтын Орда құрылымын түбегейлі өзгертуге кірісті. Мұны ол алдымен мемлекеттік басқару мен сот ісінде жүзеге асырды. Мемлекетті ұлыстарға бөліп басқаруды қолға алды, олардағы биліктің тізгінін мұрагерлік жолымен қалдыруға рұқсат берді. Мемлекеттік мәселелерді алдыңғы хандар сияқты бүкіл әулеттік құрылтайларда емес, өзі тағайындаған адамдардан тұратын Диванда, яғни кеңесті қарайтын болды. Сот істерін Шыңғыс ханның «Яса заңдарымен» емес, шариғат үкімдерімен жүргізуге бұйрық берді. Елдегі сот істері шариғат заңдары негізінде жүре бастағасын, оның маңыздылығы барынша артты. Осының ықпалымен Өзбек хан тіпті Мысыр сұлтанына арнайы елші жіберіп, одан фикһ жайлы кітаптар жіберуін сұрайды. Осылайша Өзбек хан тұсында Алтын Орда бюрократиялық басқару жүйесі бар нағыз мұсылман мемлекетіне айналды.

ҮШ ХАЛИФТІҢ ҰРПАҒЫ кітабынан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button