
Халық орнында отырып,
Хан тұрғанда тағында,
Бiздер һәм туған баламыз
Бегiлер бегi уағында,
Ақын болып iлестiм,
Жақсылардың бағына.
Жетi кенттiң бiреуi
Шымкент пенен Сайрамы,
Шалқушы едi қазақтың
Қымыз бенен айраны,
Байы көп болып, кедейi аз
Бiлмеушi едi пайданы,
Көзбенен көрiп өткiздiм
Екi-үш дүркiн қарияны.
Жылқы да өткен, кой да өткен,
Жиын да өткен, той да өткен,
Ажырық қысқан тарыдай
Адамзатта бой кеткен,
Жасы үлкеннен Шымкентте
Сапақты көрдiк Шойбекпен.
Халық қайран қалушы ед
«Ақылды Асқар қожа» – деп,
Ордада омырау болушы ед
Шоқай датқа Қожабек,
Батырбек датқа бақ жаққа
Бәрiнен басты оза кеп,
Қарқыны қатты кiсi едi
Қанай да өттi қара боп,
Сол қатарлы ерлерден
Айрылды бәрi таза боп,
Қараның өттi хандары
Қарашаға мәлiм боп,
Кере қарыс маңдайы
Қабырғалы қарын боп,
Айқын болды қазаққа
Батырбек, Байзақ сарын боп,
Сол қатарлы ерлердiң
Қара жер кеттi-ау бәрiн жеп!
Жастығын жаудың қуратқан,
Жас баласын шулатқан,
Алысып қалмақ-қытаймен
Сыпатай өттi дулаттан.
Мәмбет бидiң әулетi
Бес жүз үйлi ел болып,
Бiр кiсiнiң әулетi
Даланы қаптап сел болып,
Жылқыны жұтты түгiмен,
Түйенi жұтты жүгiмен.
Көтере тентек-телi боп,
Сұрау бермей қазаққа
Байзақ шықты бел болып,
Қызыл қанды уыстап
Ақмолда шықты ер болып.
Екi нәһан бұлқынып
Тоғысты дулат сең болып,
Батырбек пен Байзақ
Бiр-бiрiмен сынасты
Таразыға тең болып,
Үйiн бүтiн көшiрмей,
Ұйқыдан көзi тесiлмей,
Өртенген оты өшiлмей,
Елу жыл күн-түн белiнен
Қылыш-қанжар шешiлмей,
Екi шалдың ашуы
Осынша жұртқа ем болып.
Қабас таяқ жеп едi
Қарсы боп датқа Қонысқа,
Қоқанда өлдi сондай ер
Бағынбаймын деп орысқа.
Қара орынның баласы
Мұсабек тұрды болысқа,
Төртбай да өттi темiрден
Шымырға әдiл қазы боп,
Алдына барған дауагер
Екi жағы разы боп.
Нарымбеттiң қолында,
Аттанысқан жолында,
Төрт жетiмше аттанды –
Иманбердi, Мәделi,
Момынбек датқа, Әжiбек.
Түркiстанда мекенi
Көтеншiлердiң халқының
ргенiште қалды сүйегi
Телқожа батыр алпының.
Талай жауды жайратып
Көрсеткен едi салқынын,
Егесiз көлдер тартылып
Қайраңы қалды артының,
Қылбелбеу мен Қараман
Қаптап жаткан халқы едi,
Жаманбайдың бағы озған,
Елғонды датқа жалқы едi,..
Қоңсы едi Қоқанға
Көңiлi жақын Жантелi,
Он жетi жасар күнiнде
Абылай ханды шақырған
Атасы оның Бәйтелi.
Барқы аталық баласы
Атығай батыр Төлеген,
Үсенбайдың бетiне
Қарсы боп ешкiм келмеген,
Байзақтай алтайы
Қазақта тумас енеден,
Сауранбайұлы Дүйсенбi
Есiтемiз хабарын
Дүниеден о да жөнеген.
Бастаушы едi сол ерлер
Тарпаң менен көбеңдi,
Емен менен семендi,
Ендiгi бақ сөлкебай
Әр үй басы жегенге,
Болыс боп жүр мал тапса
Емен менен семен де!
Мұсылманнан көп болды
Қуғаны мен қашқаны,
Қара қазан сыпайы
Қаңлы менен шанышқылы,
Молда Қошық датқа едi
Шанышқылының бастығы,
Қырық сан барақ Ташкеннiң
Жау болып келмей шамасы,
Атын айтса қазақтың –
Айбынушы едi қаласы,
Молда Қошық өтiптi,
Бұл дүниеден кетiптi,
Абақтыда деп есiттiм
Бар қайратты баласы.
Тұрлыбек болыс боп шықты
Ауыл ара жiк басы
Әркiмнiң жарып төбесiн,
Ақыр заман келгенде
Қазасы жетiп өлгенде
Адам түгiл Тұрлыбек
Ит сыйламас денесiн!
Шақырып атын мiнгiзген,
Сарпай таңдап кигiзген
Өлiп кеттi сол ерлер,
Ескерусiз қалды демесiн!
Дәуренбек бимен шаншысып
Үй ара жау боп аңдысып
Мұсабек өттi қоңыраттан,
Сар даланы шаң қылған,
Қоқаннан олжа мал қылған,
Мырзабидi өлтiрiп
Батырлығын даң қылған
Мұсабек батыр жандардан,
Құлшығашта ер Тәнен,
Байбақ өттi алғидан.
Жастай алды кәрiнi
Ажалға себеп дәрiнi,
Қаптаған қара борандай
Ысмайылдың сарыны,
Өзi өлгенше ешкiмнен
Басылған жоқ арыны,
Өлiп кеткен осы ерлердiң
Рақымет боп тисiн бәрiне!
Елге қоныс әперген
Жуалыда Батырбек
Келмеген жауы қасына
Арыстан онда жатыр деп,
Арғы атасын сұрасаң
ЬIрысбек, Шiнет – асыл тек,
Сыйқымға қоныс әпердi
Аямай күшiн әзiрлеп,
Соңына ерген халқына
Не десе, соны «мақұл» деп,
Бiр баласы, аты Ыса
Өмiрiнде сақы деп,
«Жоқ» кiрмеген аузына
«Тағы алшы, тағы» деп,
Уыстап теңге беретiн
Кедейлердiң асы деп,
Өлгенiнше жалғаннан
Ысапсыз малды шашқаны,
Бақыты зор боп алаштан
Тау суындай тасқаны,
Ояз, әкiм, жандарал,
Менсiнбеген патшаны.
Үлестiрген нашарға
Уыстап күмiс ақшаны.
Жолдас болып иманы
Қабырда тыныш жатқаны.
*
Шiнет, батыр Ырысбек.
Олар да өткен соғыспан.
Онан бергi Батырбек
Байзақпенен тоғысқан.
Кесiрiнен көп дулат
Қобалжыған қоныстан.
Ыса болыс тең келмес.
Бұзақы өзге болыспан.
Комментарий
Майлы атамыз «ҚАРАНЫҢ ӨТТI ХАНДАРЫ» атты толғауында Күнгейді жайлаған Ұлы жүз бен Орта жүздің отызға жуық тайпалары мен руларының, сондай-ақ сол тайпалар мен рулардың би-болыстары мен батыр, датқаларының атқарған қызметі мен мәртебесіне сипаттама беріп өткен.
Дана бабамыз өз заманының элиталық топтары, олардың арасындағы қарым-қатынас пен талас-тартысы, мүдделері мен мүмкіншіліктері жайлы жан-жақты білікке ие болған.
Ол кезде біүгінгідей ақпарат жүйесі мен логистика жоқ. Көлігі – ат, ақпарат көзі – сұхбат пен елді дүрліктірген оқиғалардың дүбірі.
Толғаудан Майлы атамыздың тілге тиек еткен айтулы тұлғаларды жақсы білгені, олармен аралас, сұхбаттас болғаны көрініп тұр.
Жалпы Әулие ақынның шығармалары – Оңтүстіктің шежіресі іспетті. Бүгінгі ру басылары Майлы ақынның өлеңдерінен бабалары жайлы талай маңызды деректерді таба алады.
Қазір ауылдағылар көрші ауылдың тұрғындарын, ал қаладағылар – көршісін танымайтын заманда бүкіл бір өңірдің жақсылары мен жайсаңдарын, басшылары мен қосшыларын, тентегі мен телісін түгел танитын ақынды Феномен деуге болады.
Бұл толғау да – Майлы атамыздың әулиелігі мен даналығының айқын бір көрінісі.
«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» Жобасының авторы – Үсен Асқаров
МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 79
ҚҰДIРЕТIН КӨРСЕҢ ҚҰДАНЫҢ
Атамыздың белiнен –
Бiр тамшы жалқақ су қылды,
Ерлi-зайыпты қосылып
Әйелден бала тудырды,
Бағзыларды патша қып
Алтыннан пайтақ мiндiрдi,
Бiреулердi бай қылып
Дүниенiң малын жиғызды,
Бiреулердi палуан қып
Дүниенiң жүзiн бiлдiрдi,
Бiреулердi жынды ғып
Адамзатқа күлдiрдi,
Ақты-қара аралас,
Бiреулер сұлу нұр жүздi,
Бiреулер – соқыр, бiреу – таз,
Бiреулер – сараң, бiреу – мәрт,
Бiреулер – алым, базы – ауам,
Адамзат емес бiр құрбы!
Опасы келте сұм дүние
Шалдырмастан шаршатып
Талайдың артын дым қылды,
Анадан жан ғып туғызды,
Дүниеге сауда қылдырып,
Өлтiрiп жерге кiргiздi,
Маһшарда және жан берiп
Бұл пенденi тiргiздi,
Артық пен кемдi теңгерiп
Таразы таңда құрғызды,
Елу жылда ел жаңа,
Қазан деп айтар жүз жылды,
Жанашыр дос деп бiз жүрмiз
Алдамшы дүние құзғынды,
Бұл адамзат саудагер
Бiткеннен соң саудасы
«Қош, қош!» деп салар сүргiндi,
Ажал тұр алда дәйекшiң
Жазғы шапқан бәйге аттай
Беремiз бiр күн шылбырды,
Қашан шылбыр бергенше
Сайратайын бұлбұлды.
Дүние бiр – түлкi, нәпсi – ит
Әуреге салып қудырды,
Аңғарғанға сөзiмдi
Бауға қонған бұлбұл-ды,
Сөз парқын бiлмес наданға
Айқайлап жүрген бiр жынды!
Комментарий
Адамның жаратылысы, тағдыры, біреу бай, біреу кедей, біреу бақытты, біреу бақытсыз болуы – Алланың сырлы мұғжизасы.
Ақын атамыз өлеңінің соңында:
«Дүние бiр – түлкi, нәпсi – ит
Әуреге салып қудырды,
Аңғарғанға сөзiмдi
Бауға қонған бұлбұл-ды,
Сөз парқын бiлмес наданға
Айқайлап жүрген бiр жынды!» – дейді.
Ия, бұл дүние – түлкі. Егер пайым-парасатпен, білім-ғылыммен, тақуалықпен, о дүниемізді мақсат тұтқан ғибадатымызбен қаруланбасақ – сол түлкіге алданамыз.
Монотеиістік діндерде нәпсіні итке теңеу тұжырымдамасы бар. Себебі бұл діндерде ит – ластықтың, тізгінсіз инстинктің белгісі. Ит нәпсінің билігімен өмір сүреді.
Адам үшін де нәпсімен күресу – өте қиын шаруа. Нәпсі – адам жаратылысының құрамдас бөлігі. Тәннің – қалаулары шексіз. Мұндағы басты мәселе – сол нәпсінің құлына айналмау. Осы ерікті құлдықтан құтыла алмай талай адамның тағдыры тауқыметке ұласады.
Алла баршамызға нәпсі құлдығына түспеуге жететін күш-қуат пен ынта-жігер берсін!
«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» Жобасының авторы – Үсен Асқаров
***
МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 76
БАЛЫҚ ЖЫЛ БАСТАРЫҢА НЕ КҮН САЛДЫ?
Ескi мырза, манаптар, бегi, салы,
Балық жыл бастарыңа не күн салды?
Мiнуге атын ерттеп ерiнгендер,
Қарайып аяқ-қолы егiн салды.
Екi салқын уақытта мал қарамас,
Бұл қалай деп бетiңе жан қарамас,
Кұдай салса пендесi көнедi екен –
Күндi бiлмейдi ыстықта жап-жалаңаш.
Екеу болса бiреуi шатақ болды,
Зәкүнмен жөн сұрамақ атақ болды,
Кұмды қыстап, тау жайлап, Сыр күзейтiн
Мал масының бәрi де жатақ болды.
Бәрi де мал масының жатақ болды,
Ақ үйлiге қоян жыл қатап келдi.
Аяғы ұзын жүйрiк ел арғымақты
Әр тоғайға кiсендеп матап бердi.
Сыза тапса еккенi қауын болды,
Жайылған ел топтанып ауыл болды.
Шапқан аттай желiккен дау мен жанжал,
Заманымыз осындай дауыл болды.
Тоқсан сегiз жақындап, жүз жетiп тұр,
Суық хабар, кұлаққа мұз жетiп тұр,
Сүрдi жемей, жеңсiкке сойған сырбаз
Дегенiңе табылмай iздетiп тұр.
Мың-мыңнан қойды аз деп жүрген манап,
Еркек қойын аударған пайда талап,
Күнге сенiп мәз болып күлiмдейдi,
Арпа менен бидайдың басын санап.
Малы кеткен жiгiттiң досы кеттi,
Дiнiңдағы малменен қосыла өттi.
Жалғыз қойын құрттауға ерiнгендер
Жаудан жаман қиынның қосын жектi.
Аң таппайсың атарға мылтық болса,
Алданар ең сүйкенер сылтық болса,
Саба орнатқан үйлердiң сабасы жоқ
Көңiлiң аңсап қымызға ынтық болса.
Мейман сырбаз жеушi едi тегiн жүрiп,
Жарымдамай ақ майды шегiндiрiп,
Ауыл таңдап табасың қой iздесең,
Ат терлетiп өңмеңдеп тебiндiрiп.
Шешен шықты шешiлмес тұйығынан,
Баса алмайсың батпақтап ұйығынан,
Баяғыңды ойлама ендi қазақ
Бақытыңды түсiрген иығыңнан.
Замана алуан-алуан қулық қылды,
Бәрi де күштi жанның ұрлық қылды,
Әркiм жүрген жолынан адасты да
Қаңғырып өзiн-өзi бұрлыктырды.
Әкiмi жүр «ұрыны тиямын» деп,
«Тiл алмаса желкесiн қиямын» деп,
Би мен болыс басының пайдасында –
Парасын, ап дүниенi жиямын деп.
Ұрыларға билер тұр «бере гөр» деп,
«Тез мал тауып даладан келе гөр» деп.
«Бие сойып аузымды майға толтыр,
Мал иесiн бiздерге қоя бер!» деп.
Болмағанға болыстың поштасы жүр,
Шаршатпаққа жол-жолда тоспасы жүр.
Ұрлық қылған жiгiттер тау түлкiсi
Болыспенен мал берiп достасып жүр.
Өлген шалдың ошағы құры боп жүр,
Атшабары сияздың пұлы боп жүр,
Жетпегенiн жеткiзiп малдантады,
Болыс, бидiң қыдыры – ұры боп жүр.
Болыс, бидiң қыдыры – ұры боп жүр,
Колдайтын Бәһәуіддiн пiрi боп жүр,
Зекетi жоқ байлардың жиған малы
Жең ұшында парамен құрыр боп жүр.
Билер түнде сөйлессе бiр үрыға
Жолыққандай болады қыдырына,
Мал иесi дау даулар билер үшiн
Алған пұлы жетпейдi шығынына,
Осы әдеттер қалмаса ел iшiнде
Ендi заман не болар бұ құрбыңа.
Би, байдың iс пен кеңес басында жүр,
Тiгiлген үй сияздың қасында жүр,
Батырбек пен Қанайдың жиынындай
Бар мереке ұрының басында жүр.
Болыс болған сөйлесер үй басына,
Түйедей ақша тығар бұйдасына,
Есегiңдi ел болып ат сайласаң
Көзiң жетер тұлпардың сыйласына.
Жолбарыстың пiлменен күшiн алды,
Тырнағымен мұқалтып тiсiн алды,
Бетеге мен жусаннан бейқадыр қып
Терек пенен шынарды үсiк алды.
Бейбақтардың басына бақ қылып жүр,
Арам жеңiп адалды жоқ қылып жүр,
Ақша берiп билердi антқа салсаң
Мөрiн басып қара iстi ақ қылып жүр.
Бек болмағың бес-алты қарада жүр,
Екi даудың бiр жеңi арада жүр,
Жаратуың Құдайда болғанменен
Жаман, жақсы сайламақ парада жүр.
Бет қағазын пешкеш қып ұрғашы жүр,
«Орыс заңы осы» деп сырласып жүр,
Жаман туған кiсiнiң мияты көп,
Жақсы туған жiгiттiң миы ашып жүр,
Оң жағында орыстың ноғай боп жүр,
Оған жақсаң, жұмысың оңай боп жүр,
Тiл бiлмеген кiсiге тiптi қиын,
Замананың сыңайы солай боп жүр.
Комментарий
Бұл толғау – 19-ғасыр аяғындағы қазақ даласындағы жағдайдың энциклопедиясы, шынайы да терең сипаттамасы.
Дана бабамыз елді жан-жақтан қыспаққа алған заманы жайлы толғап отыр. Бір жағынан – табиғаттың қыспағы, екінші жақтан – орыстың озбырлығы, ең бастысы – ұрыларды пір тұтқан би-болыстардың әділетсіздігі – жайлы кеңінен баяндаған.
Ақын атамыз:
«Әкiмi жүр «ұрыны тиямын» деп,
«Тiл алмаса желкесiн қиямын» деп,
Би мен болыс басының пайдасында –
Парасын, ап дүниенi жиямын деп.
Ұрыларға билер тұр «бере гөр» деп,
«Тез мал тауып даладан келе гөр» деп.
«Бие сойып аузымды майға толтыр,
Мал иесiн бiздерге қоя бер!» деп» – дейді.
Табиғаттың қыспағы – Алланың әмірі, оны ел осылай қабылдап, қолдан келген шарасын көріп жатады.
Ұрлық пен барымта – қазақтың о заманнан тыйылмай келе жатқан қасіреті.
Ал әкім қаралар мен би-болыстардың үстемдігі мен озбырлығы – әділетсіздіктің шарықтау шегі.
Біз өткен заманды әсіре мақтауды жақсы көреміз. Имамдарымыз бұрынғының ақсақалдарын әулие дәрежесіне көтеріп дәріптегенде «ойпырмай, бәрі бес уақыт намазын оқығын, ауыл-ауылда мешіттер мен медреселер болған, ғұсылын алып, дәретсіз жер баспаған екен-ау» деп қаламыз.
Әкімдер мен би-болыстарымызға оралайық. Майлы ақынның толғауын оқып отырып, «Е, бүгінгі «Тендер – бөліп жеңдер» деген ұран сол заманнан келе жатқан қылмыс екен ғой деген ойға келдім.
Бүгінгі байлық иелерінің басым бөлігі мемлекеттің қазыныасы – халықтың салығынан құралған дүниеге – «доступы» бар басшылар мен бизнес өкілдері. Бірі тендер алғанына, екіншісі – «откат» алғанына мәз…
Ия, Майлы бабамыздай заңғар ақындар заманын жырлайды, ал жәй ақындар ішкен-жегені мен алғанын жырлайды…
«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» Жобасының авторы – Үсен Асқаров
***
[10:13, 22.01.2026] Усен Аскаров Қаңлы Сейіт: МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 70ТУҒАН АЙ ЖАРЫҚ БОЛАР ТОЛҒАН САЙЫН
Туған ай жарық болар толған сайын,
Бенде Алланы бiлмейдi болған сайын,
Болғанда ақыл – таяқ, ашу – пышақ,
Кемидi сол таяғың жонған сайын!
Комментарий
Данышпан атамыз:
«Туған ай жарық болар толған сайын,
Бенде Алланы бiлмейдi болған сайын» – дейді.
Бірде Ресейдің олигархы Борис Березовскийдің жазбасын оқыдым. Кезінде ол Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы да болған. Әдетте Қауіпсіздік Кеңесін Президенттің өзі басқарады, яғни бұл мекеменің хатшысы – үлкен өкілетке ие адам.
Березевский байлығы миллиартарды, ал билігі – бүкіл елді қамититын тұлға еді. Сол Березовский: «Менің иелігімдегі ресурстар, көргенім мен білгенім – мың адамның өміріне татитын тағдыр десем артық болмас. Байлық пен биліктің табиғатын ешкім меншелік білмес. Ақшаның, байлықтың бойыңыз бен ойыңызды иелеу динамикасы, алгоритімі төмендегідей: үлкен байлық иесі алғашында Құдайды, туған-туыс, дос-жарандарын және ақшаны ойлайды. Кейін туған-туыс пен дос-жаран әдіре қалып, ақша мен Құдайды ойлайды. Құдайды ойлауы – маған тағы да бере-берсе екен деген тілек. Ал соңында туған-туысты да, Құдайды да ұмытады, сонымен тек ақшаны ойлайтын болады…» деп айтқан болатын.
Березовскидің дүние-мүлкі де, саяси ықпалы да – қайырсыз болды. Құғыннан Ресейге оралуды армандап жүріп, бір күні өз ваннасында жан тапсырды: жүректен кетті ме, «тұншықтырған» білектен кетті ме – ол жағы сыр болып қалды…
Майлы атамыз:
«Болғанда ақыл – таяқ, ашу – пышақ,
Кемидi сол таяғың жонған сайын!» – деп түйіндеп отыр.
Жасанды Интеллектен (ЖИ) үйренеріміз көп. ЖИ өнімін – ақпараттары мен ойларын – автордың өзіне телуі – үлкен қылмыс. Қазақта: «Сөз ұры да – ұры, бөз ұры да – ұры» деген жақсы мақал бар. Назарларыңызға Жасанды Интеллектің (ЖИ) ашуды қалай жеңу, дініміздің бұл тұрғыдағы ұстанымдары, сондай-ақ данышпандардың ойлары туралы деректерін ұсынып отырмын.
«Данышпандар ашу туралы көбіне оны ақылға қарсы күш, ал сабырды – даналықтың белгісі деп сипаттаған.
Міне, бірнеше ой-толғам:
Шығыс ойшылдары
Лао-цзы:
«Өзгені жеңу – күш, өз ашуын жеңу – шынайы құдірет».
Батыс философиясы
Аристотель:
«Ашулану оңай, бірақ дұрыс адамға, дұрыс мөлшерде, дұрыс уақытта ашулану – қиын.»
Сенека:
«Ашу – қысқа мерзімді ессіздік.»
Қорытынды ой:
Данышпандардың бәрі дерлік «ашу басқарылмаса – зиян, ал сабыр мен өзін-өзі ұстай білу – кемелдіктің белгісі» дейді. Ашуды жоққа шығару емес, оны билей білу маңызды.
Ашуды басқарудың психологиялық жолдары
1. Үзіліс жасау
Ашу келген сәтте бірден жауап бермей, 10–20 секунд тоқтаңыз. Бұл миға эмоцияны емес, ақылды қосуға мүмкіндік береді.
2. Тыныс алуды реттеу
4–4–6 әдісі:
• 4 секунд дем алу
• 4 секунд ұстап тұру
• 6 секунд дем шығару
Жүйкені тез тыныштандырады.
3. Мойындау
Ішіңізден: «Мен қазір ашуланып тұрмын» деп айту – эмоцияны бақылауға алудың алғашқы қадамы.
4. Ойды өзгерту
Өзіңізге сұрақ қойыңыз:
«Бұған 1 сағаттан кейін, 1 күннен кейін қалай қараймын?»
5. Қозғалыс
Жаяу жүру, су ішу, жеңіл жаттығу – ашудың физикалық энергиясын шығаруға көмектеседі.
Исламдағы ашу мен сабыр
Құранда:
«…ашуларын жеңіп, адамдарды кешіретіндер… Алла сондай игілік иелерін жақсы көреді.» (Әли Имран сүресі, 134-аят).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с):
• Бір адам: «Маған өсиет айтыңыз» дегенде, Пайғамбарымыз бірнеше рет: «Ашуланба» деп жауап берген.
• Тағы бір хадисте:
«Күшті адам – күресте жеңген емес, ашу үстінде өзін ұстай білген адам» делінеді.
«Исламда ашу – шайтаннан, ал сабыр – иманның белгісі» деп қарастырылады.
Күнделікті өмірдегі мысалдар
1. Отбасында
• Жағдай: Жақыныңыз ренжітті.
• Сабырлы шешім: Үнсіз қалу, кейін тыныш кезде сөйлесу.
Нәтиже: Қарым-қатынас бұзылмайды.
2. Жұмыста
• Жағдай: Әділетсіз сын естідіңіз.
• Дұрыс амал: Дереу қарсы шықпай, дәлелмен кейін жауап беру.
Нәтиже: Беделіңіз сақталады.
3. Бала тәрбиесінде
• Жағдай: Бала қателік жасады.
• Даналық: Айқай емес, түсіндіру.
Нәтиже: Бала қорықпауды үйренеді, жасық болып қалмайды.
Практикалық сунна кеңестері
Ашу келгенде:
• Дәрет алу (су ашуды басады, шайтанды қуады)
• Орныңды өзгерту: тұрсаң — отыр, отырсаң — жат
• «Әғузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» деу.
Қорытынды
Сабыр — әлсіздік емес, ішкі күш. Ашу — өткінші, ал сабыр — адамды биіктетеді».
«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» Жобасының авторы – Үсен Асқаров
[10:04, 26.01.2026] Усен Аскаров Қаңлы Сейіт: Құрметті бауырлар!
Балаларыңыз бен немерелеріңізді цифрлық аутизмнен қорғаңыздар. Қауіптің қайнар көзі – смартфондар.
Смартфондар әсіресе енді қалыптасып келе жатқан жас өспірімдердің эмоционалдық интеллектінің дамуына үлкен зиян әкелуде.
Төменде назарларыңызға осы мәселеге қатысты «Известия» газетінде жарияланған мәнді мақаланы ұсынып отырмын.
Құрметпен «МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» Жобасының авторы – Үсен Асқаров





