Баянауылды мекендеген қожалар
Біздің бабаларымыздың ата қонысы – Баянауыл ауданының қазіргі Жосалы елді-мекені маңындағы Қожасоры деген жер. 1968 жылы мен сол жерде соңғы рет болдым. 2004 жылы жеңіл машинамен іздестіріп таба алмадым. Себебі ол жерде қазір ешқандай елді-мекен жоқ. Алпысыншы жылдардың соңында сол маңда облысымызға белгілі емші-көріпкел Ғайса ақсақалдың шатырлы үйі болатын. Кейін Ғайсекең туған жері Май ауданында қайтыс болды. Ол үй қазір орнында болмауы да мүмкін.
1948 жылы күзде атам Бәзен (азан шақырып қойған аты Файзулла) 1933 жылы қайтыс болған әкесі Оспан қажының басына ағаш шарбақтар орнатпақшы болып ат-арбамен жолға шықты. Жанына бәйбішесі Рәк пен алты айынан бауырларына басқан мені ертті. Жолда Төртүй, Талдықамыс ауылдарына бір-бір қонып, үшінші күні бір бейіттің басына келдік. Онда басқаларға қарағанда биік және дөңгелетіп қаланған екі кесене ерекше көзге түсті. Оның біреуінде ұлы атамыз жерленген екен. 1931-1932 жылдардың нәубетінен кейін елде кесене орнататын мүмкіндік болмағаны белгілі. Қабір шарбақпен қоршалғаннан кейін басына атам өзі жасап әкелген ескерткішін орнатты.
2006 жылы Зукен (Зура) тәтем Бәзенқызы: «Шіркін, атамның (Оспан қажы) басына бір барып келсем» деп қайта-қайта айта берген соң, Болат Әбенов ініме (ол да қожа әулетінен: шешесі Бимарім апамыз Оспан қожаның Нұрхан апамыз Оспан) қожаның Нұрхан (Нұрмағанбет) деген баласынан туған) айтып, жолға шықтық. Ақкөлден асып, Шұға ауылына соғып, әркімнен биік әрі дөңгелетіп салынған екі кесене туралы сұрастырып едік, жарытып ештеңе айта алмады.
Тас жолмен күн батысқа қарай 12-15 шақырым жол жүрдік, ештеңе көрінбеді. Шұғаға қайтып келіп, енді шығысқа қарай Ақтоғай – Екібастұз жолына түстік. Табылмаса, елге ораламыз деп шештік. Ауылдың қабірстанынан өте бере әлгі екі кесене (әрине, құлаған, шөккен, бірақ дөңгелек қалпын сақтап қалған) көзге оттай басылды. Жанына жақын барып біреуінің тұсынан ұлы атамыздың қабірін таптық. Атам 1963-1966 жылдары мен әскер қатарында жүргенде бұрынғы ағаш шарбақтың сыртынан темір шарбақ орнатқан екен. Бейіт басында дұға оқып, көңіліміз жайланды. Бір ғажабы, қабір үстінде бірнеше түсті жидектер өсіп тұрды. Басқа қабірлерден мұндайды көре алмадым. Мен бұны қиын-қыстау заманға қарамастан екі мәрте қажылық сапарын орындаған Оспан Байбековтің діндарлығымен байланыстырдым. Өкінішке қарай, қажылар жайындағы кітаптарда, облыс қажыларының тізімдерінде ол кісінің аты-жөнін кездестіре алмадым.
Баянауыл өңіріне қожалар
Баянауыл өңіріне қожалар қашан келді, қалай орналасты, қайдан келді дегенге келейік. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, біз Саид (кейде қазақшаға икемдеп Сейіт деп те айтады) қожадан тараймыз: Тұяқ – Қоңыр – Бабанияз- Ермек – Қошқар – Төлек – Ақжігіт – Байбек – Оспан – Бәзен – Қайыр. Бабаларымыздың Орта Азия мен қазақ жеріне келгеніне 1100 жылдан асады. Меніңше, Баянауыл өңіріне 18-ғасырдың бірінші жартысында келген сияқты. Исабек ишан атамыздың ұрпақтары Қанжығалы руына сіңіп, Ақкөл жайылманы мекен етті. Біздің бабаларымыз «қожа болсын, ислам дінін насихаттасын» деген ниетпен балаларын әр рудың игі жақсыларына қосып жіберіп отырған. Айталық, Қошқар бабамызға кезінде атақты Қаз дауысты Қазбек би келіп, «Қаракесек елінде қожа жоқ, елдегі жағдай қиындап кетуі мүмкін. Сондықтан балаңыз Төлекті бізге жіберіңіз» деп қолқа салады. Қошқар қожа он төрттегі Төлекті үйлендіріп қойғандықтан, атақты «Бухари-Шарифте» жоғары діни білім алып келген Бегімді жіберуге келіседі. Қазбек би жас шамасы өзімен тұстас, ақыл-парасаты кемеліне жеткен Бегімді өзіне жақын тартып, елдегі жиындарға ертіп жүреді. Осындай жиындардың бірінен қайтып келе жатқанда Қазбек би жолда өліп жатқан мысықты көріп, Бегімге: «Сені бір сынайын. Мына мысыққа жан бітірші» дейді. Бегім бабамыз: «Аллаһтан рұқсат болса, көрейін» деп екі рәкағат намаз оқығанда, мысық тіріліп, Қазбек бидің аяғына орала кетеді. Мұны көрген би елге келген соң осы жағдайды айтады. Осы оқиғадан соң Бегім «мысық әулие» атанады. Кейбір қаракесек руының білетіндері «Бек – мысық әулие» деп құрметтейді. Қазбек би қайтыс болғанда Бегім бабамыз сапарда болса керек. Ұлы бидің өмірден өткенін естіген ол дереу жетіп, оң жақта жатқан мәйітті қамшылай бастайды. Мұндайды көрмеген бидің туыстары бабамыздың қолынан ұстай алып әрі қарай ұруға жол бермейді. Сонда әулие бабамыз: «Қолымды бекер бөгедіңдер, өз обалдарың өздеріңе, бұл кісінің бойындағы әулиелік қасиеті өзімен бірге кетіп бара жатыр еді. Мен жеті ұрғанда, жеті атаңа жетуші еді. Үш-ақ рет ұруға шамамды келтірдіңдер. Енді бектік, салдық үш атаңнан аспайды» деп, үйден шығып кетеді. Шынында, бұл тұқымның әулиелігі мен бектігі Бекболат, Тіленші, Алшынбайдан кейін сетіней бастағаны көпшілікке аян.
Бегім бабамыз әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубеті кезінде Сыр бойы мен Қаратау бөктерінен Сарыарқаның Қарқаралы- Баянауыл өңіріне көшіп келген. Сол жылдары аштықтан ел қырыла бастағанда Қазбек би: «Уа, Бегім әулие, мына сорлы халқымыздан ұрпақ қалмайтын түрі бар. Елді сақтайтын бір амал тапсаңшы» деп қолқа салады. Бегім әулие бір Аллаға сыйынып, дұғасының күшімен далада жүрген табын-табын киікті ауыл маңына иіріп, оның сүтін сауып пайдалануды ұсынады. Осылайша сол төңіректің адамдары аштықтан аман қалған көрінеді.
Бегімнің інісі Төлек ата қонысы Қожасорыда қала береді. Ұрпақтары өсіп-өнеді. Айта кететін бір жайт, Ақжігітке дейін о дүниелік болған қожа ұрпақтарын Түркістанға апарып жерлеп отырған. Төлектің бәйбішесі қайтыс болар алдында: «Болашақта қандай заман болатыны белгісіз, кейінгі ұрпаққа белгі болсын, мені осында жерлеңдер» деп өсиет етеді. Осыдан бастап 1920-жылдарға дейін осы әулеттің бақилық болған адамдары осында жерленетін болған.
Тағы бір бабамыз – Құттықожа
Осы тұста тағы бір бабамыз Құттықожа туралы ерекше тоқталып кеткім келіп отыр. Бұл кісі Бегімнің інісі Төлектің Байбек деген немересінен туған. Жасынан діни оқудың соңына түсіп, «Бухари-Шариф» медресесін бітірген. Бегім бабамыздың жоғарыда айтқан керемет қасиеттері бұл кісінің бойында да болған. Майқайың кентінде тұратын қазір зейнеткер Батанова Шәпен (Шәпиулла) жездеміздің шешесі марқұм Әбілдақызы Күлше апамыз (руы Айдабол-Малгелді) бала кезінде Құттықожа бабамыздың дұғаның күшімен күзде қайтып бара жатқан қаздарды алдыма түсірші дегенде, аспандағы алты қазды байлыққа мас болып отырған байдың алдына түсіреді. 1991 жылы наурыз айында (ол кезде мен Екібастұз аудандық партия комитетінде істейтінмін) партия комитетінде бірге істейтін Зейнуллина Гүлбарам қарындасымыздың анасы қайтыс болып, сол кісінің қырық күндік дұғасына қатысу үшін Шарбақты ауданының Арбиген ауылына бардым. Сонда ауылдың жетпістен асқан ақсақалы Айтжанов Қарман менен дәстүр бойынша жөн сұрасып, мен «қожамын» деген соң, сол ел бойында қожалық құрған Құттықожа қожа туралы жоғарыдағы әңгімені айтты. Мен сол кісінің ұрпағы екенімді айтып едім, ол кісі мені құшақтап, денімнің сау болып, ұзақ өмір сүруіме тілектестігін білдірді. Бұл күнде өмірден озған осы ақсақалға Аллаһ тағала иман байлығын берсін, артындағы ұрпақтарына жайлы өмір, бақыт берсін!
Атам айтып отыратын, бірде көктемде Құттықожа інісі Оспанмен сапар шегіп келе жатқанда ернеуінен шығып тасып жатқан Ащы өзеніне келіп тіреледі. Қайтып кетуге шаруалары тығыз, өту керек… Құттықожа інісіне (екеуі де салт атты): «Атымның құйрығынан қатты ұстап отыр, көзіңді жұмып отыр, мен аш дегенде ашасың» дейді. Бір уақытта «аш көзіңді» дегенде көзін ашса, өзеннің арғы жағына аман-есен өткенін көреді. Бұл кісінің де осындай кереметтері болған. Ол заманда бай адамдар қожаларға, оқыған дұғаларына, сүндетке отырғызу рәсімдеріне көбінесе мал беріп отырған. Құттықожаға аталған мал ол кісі батасын беріп жолға аттанғанда бірге еріп кетіп отырған. Бұл бабамыздан ұрпақ қалған жоқ.
«Қожада – Баубекке, қарада – Шашанға соқтықпаңдар»
Бұдан басқа ел арасында Мұса Шормановтың: «қожада Баубекке, қарада Шашанға соқтықпаңдар» деуі де біздің қожалардың тегін еместігін көрсеткендей. (Баубек, Құттықожа, Шайқы, Оспанның әкесі Байбектің ағасы, егер Баубек бабамыздың ұрпақтары болса, хабарласуларын сұраймын).
Оспан қожаның екінші ағасы Шайқы дін жолын қумаған, шаруашылықпен айналысқан. Бірде қыс қатты болып, боранда жылқылары жоғалады. Таңда Шайқы атамыз жылқының ізімен жүре келе жылқыларды біреу әдейі айдап әкеткенін біледі. Із атақты Күреңбай байдың ауылына әкеледі. Күреңбай таңертеңгі шайға отыра бергенде Шайқы атамыз кіріп келеді. Сол-ақ екен самауыр төңкеріліп, үйдегі ыдыс-аяқтар сынады. Зәресі ұшқан Күреңбай: «Апыр-ай, қожа, неге ренжіп келдіңіз» дегенде, Шайқы болған жайды баяндайды. Сөйтсе, боранды пайдаланған байдың жылқышылары қожаның жылқыларын қосып алыпты. Күреңбай жылқышыларын жазалап, Шайқы атама малын қайтарып, ат-шапан айыбын төлейді.
Ақтар мен қызылдар арасында билік үшін болған текетірес көптеген қазақ ауылдарына зиянын тигізеді. Бұл жағдай атамыз қоныстанған елді мекенді айналып өтпейді. Осылайша Оспан қожа балаларымен 20-жылдардың соңына қарай Ақкөлге көшіп келеді. 1931-32 жылдары елді аштық жайлағанда, Оспан қожаның баласы Нығи (Нығметулла) кенже інісі Әбентай мен әйелі Күләнді алып, үдере көшкен жұртпен бірге Сібірге барып, қазіргі Кемерово облысы Ленинск-Кузнецк (бұрынғы аты Кольчугино, қазақтар Қалашөкін деп атап кеткен) шахталарына орналасады. Атам Бәзен (Файзулла) қартайған әкесімен Ақкөлде қалады. Күндіз колхозда жұмыс істеп, түнде Екібастұз кеңшарының жылқысын бағып, өлместің күйін кешеді. Осылайша ашаршылықты да аман-есен басынан өткізеді.
1929 жылы Майқайың алтын өндірісін ашу туралы өкімет қаулысы шығып, 1932 жылдан Майқайың кен орнында алғашқы жұмыс орындары ашылады. «Сибкрайда» жүрген Баянауыл, Екібастұз өңірінің халқы осы хабарды естіп, Майқайыңға келіп жұмысқа орналаса бастайды. Нығи қожа да отбасымен Майқайыңға көшіп келеді. 1933 жылы Оспан қожа 83 жасында қайтыс болады. Баласы Бәзен отбасымен Майқайында қоныс тебеді. Ағасы Нығи және оның ертерек қайтыс боп кеткен ең үлкен ағасы Ақыштың балалары Уахит, Хамит, інісі Әбентайлармен қауышып, Майқайыңды тұрақты мекендейді. Ақыштың үлкен баласы Хаби (Хабибулла) ашаршылық жылдары Тобылжан тұз өндірісінде жұмыс істеп, сол жерде қалып қояды. Ашаршылық жылдары Уахит пен Хамит, қарындастары Күлшім осы Хаби ағалары мен Бимәрім жеңгелерінің қолында болған.
Майқайыңға келген соң Нығи атамыз діни сауатты Қабыш, Әбіл, Шәкір, Сыздық, Жақып, Оспан моллаларды топтастырып, ислам дінінің өркендеуіне көп үлес қосады. 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргіннің сілемі бұларға да әсер етті. Олар есік-терезені бекітіп, үйлерінде тығылып намаз оқуға мәжбүр болды. НКВД Нығи атамды тергеуге алып, өлген адамға неге жаназа шығарасың, неге оларды ислам салты бойынша жерлейсің, көпшілік оған неге барады, балаларды неге сүндетке отырғызасың деген сарындағы сұрақтарын жаудырады. Ол кісі жауаптан жалтармай, бар шындығын жайып салады. «Сотқа тартылатын болсам, бұл Алланың жазуы, мен көнемін» дегенінен таймайды.
Жүдеп-жадаған ағасына інісі Бәзен, басқа да туыстары «Бұл істен бас тартқаныңды, енді айналыспайтыныңды айт» десе, ол кісі: «Жоқ, бас тартпаймын. Аллаһтың жазғанына көнемін» деп айтқанынан қайтпайды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Бәзен атам мен Уахит әйем (біз ол кісіні «әйе» дейтінбіз) денсаулықтарына байланысты еңбек армиясына ілігіп, Новокузнецкіге кетеді. Хаби атамызға тұз өндірісінде істегендіктен және еңбек озаты болғандықтан «бронь» беріліп, әскерге шақырылмайды. Хамит ағамыз соғыс алдында әскерге алынып, 1944 жылы желтоқсан айында жараланып, біраз күнге демалысқа елге келеді. Алайда кейін майданда хабарсыз кетеді. Сол жылдары елуден асқан Нығи атам забойщик болып жұмыс істейді. Өндіріс озаты болады. 1950 жылдардың басына дейін Нығи атам дінді уағыздауын жалғастыра береді. Ол кісі айлап, апталап жол үстінде болатын. Тіпті көрші Қарағанды, Ақмола облыстарына дейін шығып кетеді.
Ұмытпасам, 1990 жылдардың басында республикамызға белгілі өлкетанушы марқұм Қазбек Нұралин ағамыз көшеде кездесіп қалып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Қайыржан (мені солай атайтын) осы Нығаңнан ештеңе қалған жоқ па? Ол кісі көп білетін адам еді, жазып кеткендері бар ма? деп сұрады. Мен ештеңе қалмағанын айттым.
«Қап!» деп өкініш білдірді. Шынында да жазбаша ештеңе қалдырған жоқ. Барлығын көкейінде сақтаған ғой. Ол кісі жиындарда уағыздарымен, тарихи-танымдық әңгімелерімен жұртты баурап алатын. Көмек сұрағандарға әрқашан қол ұшын беріп отырған. 1946 жылы Алматыға барар алдында Естай ақын Нығи атама келіп, бата алған. 1956 жылы ағасы Нығи қайтыс болғаннан кейін, атам Бәзен балаларды сүндетке отырғызып, яғни рәсімдер жасауға араласа бастады. Бір айта кетерлігі, атам елдің берген садақасын, басқа да сый-сияпатын қасында отырған адамдарға тәбәрік етіп беретін болған.
1968 жылдың жазында Төртқұдық руднигінде тұратын әпкем Зукен мен жездем Балташтың үйіне қонаққа бардық. «Қожа келді» дегенді естіп, ауылдың біраз адамы балаларын сүндетке отырғызды. Осы сапарымызда Төртқұдықта қызмет бабымен жүрген КГБ-ның қызметкері бізді шақыртып, тергеуге алды. Сөздің қысқасы, атамды зейнетақысынан айырып, мені институттан шығаратын болды. Басқа да пәле-жаланы үйіп-төгіп бізді қоя берді. Кейін сол адам жол апатына ұшырап, отбасынан ажырап кетіпті. Бұл да болса, бұл кісілердің жүректері таза, діндеріне берік, ата-бабадан ұрпақтарға жалғасып келе жатқан киелілігін көрсетеді. Арғынның қозған руына сіңісіп кеткен Баянауылды мекен еткен қожалар туралы азды-көпті мәлімет осындай.
Қ.Қабдыл