Сыр-сұхбат

Балақаевтың келіні

Әбіләкім  Ахметжан баласы

Келін болып түскен кезім. Ертемен тұрып, ауланы сыпырып жүр едім, үйдің жанынан өтіп бара жатқан егде әйел сәл кідіріп тұрды да, «әкеңнің аты кім еді? Тілімнің  ұшында тұр» деп қадалып сұрады. Мен:«Жетісай жақтан келдім, әкелерімді танымайтын шығарсыз» десем де, қоймаған соң әкемнің атын айтып едім, «Ей, айналайын, жаным-ау! Әбіләкімнің қызы екенсің ғой. Әкеңнің қолында бес жыл жұмыс істедім» деп мейірленіп маңдайымнан сүйіп, қауқылдап қалды. Содан бері, ара тұра үйге келіп, «Сендер Садаттың әкесін білесіңдер ма?»деп әкемнің жақсылығын айтып кетеді. «Әбіләкім аштан өлтірмей, бізді жетілдірген» деп есіне алғанда төркінім көшіп келгендей болып қаламын. Әкеміз халыққа қамқор жан болып, қаріп-қасерлердің жайын ойлап, көмегін аямаған екен. Бірде көшеде кетіп бара жатқан орыс әйелі, «союзпечаттың» бастығы болып істейтін, сол кісі: «Ты не дочь старика? Ахметжановтың қызы емессің ба?» деп сұрап, естелігін айтып, көзіне жас алып еді. Міне, жақсы атағы жаман ұрпағына қырық жыл азық болған әкеміз туралы айта кетейін» деп  Садат апа, әңгімесіне кірісті.

Садат Әбіләкім қызы

«Әкем – Әбіләкім Ахметжан баласы – Диуана, Мәді қожадан тарайды. Қожжан қожаның бір баласы Заман болса, одан – Әлім, Әлімнен -Таңсық қожа болып жалғасады. Таңсық қожа батыр болған деп айтады. Одан Құлжан Қалпе, Сүлеймен ишан туады. Сүлеймен ишан бабамыз қажылыққа барған сапарында дүниеден өткен екен. Сүлейменнен – Мұхамеджан мен Ахметжан ишан қалады. Ахметжан ишан Әбіләкім, менің әкемнің әкесі. Әкемнің ағасы Әбдімәжит 1895 жылы, өз әкем Әбіләкім 1900 жылы Арқада дүниеге келген. Нұра ауданы «Киевка» деген жерде деп айтады. Әкем айтып отырушы еді, «Сәкен Сейфуллиннен төрт жыл оқып, орысша хат таныған екен. Алғыр шәкіртін  ұстазы – «Ақмаңдай» деп атапты.

Үлкендердің айтуынша, сексеннен асқан шағында Сүлеймен бабамыз Меккеге үшінші рет сапар шегеді. Осы сапарында аталарының қасында қалам деп ниет етіп барады ғой. Парызын өтеп болып, қажылар таң ата  жолға шығамыз дегенде, Алладан белгі болса керек, қажы атамыз: «Мен бабаларымның қасында қалатынға құсаймын. Жұртыма айтыңдар, елге, Түркістанға көшсін» деп, сәлем айтып қоштасады.

Содан әкеміздің 16-17-лер шамасында Түркістанның Сауран жеріне көшіп келеді. Қожаларын қимастықпен шығарып салған Темеш арғындар, «қожалардан қол үзіп қалмайық, арамыз үзілмесін» деп үш қызын ертіп жібереді. Олар бойжеткенде ертіп жіберген келген қожаларына қосып, үбірлі-шүбірлі болады. Күні кешеге дейін Жаңаарқаның К.Маркс ауылынан және Қорғалжыннан туыстар қатынап тұратын.

Әкем Сауранға көшіп келіп, Ташкенттегі мақтаның оқуын оқиды. Оны бітіріп, елге оралып мақта қабылдайтын пунктте меңгерушілік етеді. Елуінші жылдар ғой деймін, Тәжікстаннан көп ағайындар оралды. Араларында адайлар көп болатын. Солардың бірінің бала тұрмай шетіней берген екен. Мұнда к
елісімен де бір қызды болады. Ол  үш айға жеткенде ауырады ғой. Сонда жанашырлары әкемді айтып, сол кісінің әруақтары күшті, үшкіртіп алыңдар дейді. Олар жылап-еңіреп әкеме келеді. Онсыз да қожа болғаны үшін қуғындалып жүрген әкем қауіптеніп келіспесе керек, ақыры болмаған соң, баланы үшкіреді. Содан шақалақ тәуір болып, одан кейін де екі інісі дүниеге келеді. Ал оның Роза деген аты ұмтылып, «қожаның қызы» аталып кетті. Бір науқас есі кіргенде «заведующий пәтеге» апар депті.  Ол да тәуір болып кеткенін білемін. Одан басқа әкеміздің адам емдеп, бала үшкіргенін естімеппін. Бірақ жанындағы жүргендерге ес болып, мүмкіндігінше жағдай жасап, қиындықтан алып шыққаны үшін елдің батасын алғанын білемін.

Салходжаев Раушан Әбенұлы

Осы жерде тағы туғанның дерегін айта кетейін. Әкем оқуын бітіріп келгенде, Салходжаев Раушан Әбенұлымен таныс-біліс болады.  Оның әкесі Әбенқожа өте беделді жан болыпты. Шорнақ, Қоңыртөбеде болыс болған.   Раушан қожа Лениградтағы су мамандарын дайындайтын институтты бітірген. Оның екі қызы болыпты, Зүбайра есімді, екі қыздың біріне әкем үйленеді. Сол жылдары әкеме жала жабылып, он жылға кесіледі. Бірақ, үш  жылын ғана өтеп, елге қайтып оралады. Зубайра науқастау болса керек,  көзі тірісінде  менің шешемді алып беріпті. Менің үш жасымда ол кісі дүниеден өтеді. Үлкен шешемнен екі қыз қалды. Тағы да әкемнің ізіне түсушілер көбейеді. Содан Киров заводында бастық болған жұмысын тастап,  «Красная звезда» деген жерде мақта қабылдайтын пункт ашып, жұмысын жалғастырады. Онда мен бес жастамын. Алғашқыда, әкем жертөле қаздырып, үстіне брезент төсеп, сондай  жерде де
күн көргенбіз. Әкем сол қызметтен зейнетке шығып, мен жиырмаға келгенде дүниеден өтті. Ескіше де кеңесше де өте сауатты адам еді. Кітап жазам деп жүруші еді…

Айтайын дегенім, Салходжаев Раушан Түркістан – Арыс каналын қазуды бастаған жан. Оған Қалжан қожа сеп жасап, жер қазушыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған деп айтатын. Оның Түркістанда шағын мақта зауыды болыпты. Соңғы кезде бұл каналды қаздырушыларды Шараф Ниязовпен байланыстырады. Оның дұрыс-бұрыстығын кім біледі. Бірақ, мен білетін жайт осы. Өкінішке орай, Салходжаев Раушан канал қазуды бастаған жылдары ауырып қайтыс болады. Естуімше, арда туған азаматқа бәйгеден келіп, еті қызып тұрған жылқының  етін асып беріп, уландырып өлтірді дейтін. Ақ-қарасын Алла біледі.

Айта кетейін, Арыс-Түркістан каналы – ОҚО Ордабасы ауданындағы жер суаруға арналған канал.1967 жылы пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы – 194 км. Канал – Арыс және Түркістан деп аталатын екі тармақтан тұрады. Арыс тармағы Арыс өзеніндегі  Қарааспан су бөгетінен басталып, Бөгенге құяды. Ұзындығы – 51 км. Түркістан тармағы Бөген бөгенінен басталады. Ұзындығы -145 км-ге жуық, Түркістан қаласы, Отырар, Ордабасы аудандарының 57 мың га-дан астам жерін суландырады. Заман өзгереді. Адамдар да өтеді. жер бетінде ізі қалған жандардың аты  ешқашан өшпейді екен. (Энциклопедиядан алынды)!

Артында хаты қалған атам еді

Мен түскен жылы атамның ағасы Мәулен Балақаевтың 70 жылдық мерей  тойы өткен екен. Сол 1978 жылы қыста  келін болып түстім. Сәдуақас әкесінің үйінде емес, бір ауланың ішінде салынған бөлек үйде тұратын. Түн ауа   ауылға жеткенбіз. Жуынып-шайынып есімізді жиып болғанша, бір кісі кіріп келді. Біздің жақта гректер көп тұратын. Келген адамның түріне қарап, грек екен деп бейғам тұрсам, жолдасым Сәдуақас, «қайын атаң» деп ымдады. Атам, әлі есімде, қалтасынан он сом қызыл ақшаны алып, біздерді алып келген шопыр балаға «көрімдігі» деп ұстатты да, кідірмей шығып кетті. Атам Түркістандағы бір үлкен мақта зауытында бас есепші болатын. Ат жақты, биік қабақты қалың қасты аққұба келген көрікті  кісі еді.

Ал, Алматыда тұратын Маулен атамыз да келгенде, бір жасап қаламыз. Келіндері аяғымыздың ұшымен жүріп қызмет етеміз. Атамыздың ізінде жүретін ағайындары ерекше құрметпен қарсы алып, шығарып салып жүретін. Бір келгенінде інісіне «саған келінді құдай берген, ренжітіп жүрме» деп айтып кетіпті. Көп сөйлемейтін атамыздың әрбір лебізі біз үшін қадірлі ғой,  Сәкең марқұм оны менімен бөлісіп еді. Мен түскенге дейін де болған шығар,  енді жыл сайын елдің дәмі  деп бір қойды сойып, өрік-мейіз, қымыз-қымыран жеткізуге мені жіберетін болды. Бірнеше күн атамыздың жанында болып, шәйін құйып отырып, (енеміз ертеректе қайтыс болған екен) әңгімесін тыңдаймын. Өзі көп сөйлемейтін, аз-кем айтқан әңгімесінің өзі көңілге қонып жатушы еді. Мені қожаның қызы деп сыйлайтын. Өте мәдениетті адам болатын. Әкемнің көзін көрген академиктер Әбдуәли Хайдар, Өмірзақ Айтбайұлын, сондай-ақ, Шора Сарыбаев, Мұхамеджан Қаратаев, Рабиға Сыздықова сынды атағы асқан ғалымдарды осы үйде кездестіріп, қызмет еттім. Асқар Тоқпановтан біреу «Балақаев қайда отырады?» деп сұраған ғой, жаны әдемілікке жақын ағамыз, «Академиядағы ең сұлу кісіні көрсеңіз, сол Балақаев» деп жөн сілтепті дегенді де сол кісілерден еститінбіз. Ісмет Кеңесбаев құрдасы болатын. Бірде алма ағашына саты тіреп қойып, жемісін жинамақ болғанда тайып кетіп, атамыз аяғын сындырып алған көрінеді. Көңілін сұрай келген құрдасы, «Сені о дүниеге кетіп қалған шығар десем» деп қалжыңдапты. Оған атамыз «Барып келдім, сенсіз келме деп қайтарып жіберді» деп әзіліне әзілмен жауап беріпті.

Балақаевтың қысқаша өмірбаяны

Атамыздың өмірбаяны туралы мынадай деректерді айта кетейін.      Мәулен Балақаев Балақайұлы 1907-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Түркістан ауданы Шаға ауылында туған. Ол Шымкент педагогикалық техникумы (1925-1929), ҚазПИ (1931-1933) және Ленинград университетінің аспирантурасын бітірді. (1934-1937).

Шәкірті академик Өмірзақ Айтбайұлы «Ол екі ұстаздық үлгіні көрді. Оның бірі – С.Жұбанов болса, екіншісі – С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев тәрізді асқан білімдарлар еді. Үшіншіден, ол Т.Тәжібаев, О.Ағыбаев, Ш.Нұрмағамбетов, М.Қаратаев, Х.Есенжанов, Б.Шалабаев тәрізді талантты жастармен бірге оқыды, достаса білді. Осының бәрі жинақтала келе, білімге сусаған зейінді жастың зердесін ерте ашқан» деп естелігімен бөліседі.

Ол Алматы журналистика институтының кафедра меңгерушісі, Шет тілдері институтының директоры, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің кеңесші-референті, Мемлекеттік терминология комиссиясының ғалым хатшысы, Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі, ғылыми кеңесшісі қызметтерін атқарған.   Ғалымның негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тіл ғылымының грамматика, емле, терминология, тіл мәдениеті, стилистика тәрізді өзекті мәселелеріне арналды. М.Балақаев орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға белсене ат салысты.  Көзі тірісінде 150-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 20-ға жуық кітаптар мен монографиялық зерттеулер жазыпты. Ғалымның «Жай сөйлем синтаксисі» атты докторлық диссертациясы тіл білімі тарихындағы жаңалық ретінде бағаланады.

Оның «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы – синтаксистің салаларын ғылыми тұрғыда жүйелеп, құрылымдық қызметін терең зерттеген еңбек.
Профессор-ұстаз «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің негізгі типтері» атты монографиясында синтаксистің дербес саласы ретінде сөз тіркесін алғаш рет зерттеді. Еңбектерінің бірқатары қазақ әдеби тілінің дамуы мен көркем әдебиет тілін зерттеу мәселелеріне арналған. Сондай-ақ ол «Қазақ тілінің мәдениеті» пәнін ашып, оның қалыптауына зор еңбек сіңірген.

Ғалым қазақ жазуы мен емлесін қалыптастыруға да мол үлес қосқан ағартушы ретінде де бағаланды. Оның 1948 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздігі» содан кейінгі жылдары баспа бетін көрген емле сөздіктеріне негіз болды. Аталмыш сөздік жазуымызда көптеп кездесетін ала-құлалықты ретке келтіруге өз септігін тигізді. Ал 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері» атты кітапшасы осы саладағы ғылыми ой-пікірлерге жетекші қызмет атқарды.
М.Балақаев редакторлық қызметпен де үздіксіз айналысып, 30-дан аса еңбектің басылып шығуына септігін тигізді.

Ғұлама ғалым Қазақ мемлекеттік университетінде 25 жыл бойы үзбей дәріс оқып, 5000-нан астам оқытушылар мен мұғалімдер тәрбиеледі. 40-тан астам ғылым кандидаты мен докторын дайындады.

2007 жылы ғалымның 100 жылдық мерейтойы құрметіне арналған пошта маркасы айналымға енді. Түркістан қаласындағы орта мектепке ғалымның аты берілді.

Атамыздың 100 жылдығында шәкірті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Бүкіл өзінің шығармашылық ісі мен өмірін қазақ тіл біліміне, қазақ мәдениетіне бағыш­таған әйгілі ұстаз, атақты ғалым, тамаша аза­мат Мәулен Балақайұлының тіл білімінің, қазақ ғылымының, қазақ мәдениетінің кеңестік дәуірде қанша­лықты дамып, қаншалықты қанат жайғанын нақты елестете аламыз. Біз Мәкеңнің 100 жылдығы арқылы Тіл білімі институтының тарихын сүзіп шығып, оның жетістігі мен кемістігін ойша таразылағандай боламыз. Байқап отырсақ, біздің көбімізге кейде проблеманы Мәкеңше түсініп, Мәкеңше еңбектену жағы жетіспей жататын тәрізді. Оның мейлінше қарапайым да кішіпейіл мінезі, ғылыми және қоғамдық мәселелерге келгенде таймас қағидатшылдығы жора-жолдас, аға-іні, ғалым шәкірттер арасындағы бірқалыпты байыпты да тұрақты қасиеті кімге де болса үлгі. Ол сөз бен ісін қатар ұстай білетін күрескер адал жан, ғылым болашағын терең ойлайтын тәлімгер, басқа да тілдер мамандарын дайындауға зор үлес қосқан отаншыл, қайраткерлік дәрежеге көтерілген үлкен ғұлама еді» деп естелігін жазды.

Түркістаннан топырақ бұйырды

Атамдардың шыққан тегі сейіттерден. Аталары өте беделді, асқан дәулетті болған, ірі саудагер, бірнеше артельдері болыпты. 45 жасында кештеу үйленіп, 1 қыз 2 ұлды болады. Ұлдың бірі – 10 жасында, менің атам – 7 жасында жетім қалған. Атамызды «байдың балалары» деп жетімдер үйінен шығарып жіберген соң, нағашылары  Ахмет қожа, Мамыт қожа, қазір есімде жоқ, тағы да үшеуін қосқанда бес ағайынды болған екен. Олар да қуғындалып кетті ғой, жаңа заманда тыныштық бермепті.

Заманы солай болды ма, «қожамыз» деп, кеудесін соғып отырғанын көрмеппін. Дастархан басындағы әңгіме райы солай қарай бұрылса да, «ә,ә» деп, сөзді ұзартпай, жымия қоятын. Бірақ, қалауы солай болып, көзі тірісінде айтылған «ауырсынбасаңдар, Түркістанға қойыңдар» деген сөзін артында қалған балалары мен ағайындары екі етпей, қасиетті жерге әкеліп, жер  қойына берді.

Атамның өлерінен он шақты күн бұрын жолдасым Сәдуақас Алматыға барған-ды. Сол жолы «Шалдың мазасы жоқ, көп ұзамайды-ау» деп қапаланып келді. Содан көп ұзаған жоқ, атамыздың баласы Ермек қайным үйге телефон шалып,  атамыздың уақыты жеткенін хабарлады. Сол күні аурушаң қызы бар еді, әкесінің хабарын есітіп, ол да кенеттен қайтыс болады. Сонымен қайғыға қайғы жамалып есеңгіреп қалдық.  Бұл 1995 жыл. Заман бір шайқалып, елдің аяғынан енді тұра бастаған кезі. Хабар жеткенде үйде болмаған Сәдуақас қаралы хабарды даладан естіп, үш-төрт адам болып, асығыс Алматыға жүріп кетті.

Содан, Академиядағы ғалымдардың, «Кеңсайға» жерлейік дегеніне көнбей, атамыздың аманатын орындап, Түркістанға қоятын болды. Артынан естіп жатырмыз, Жабайхан Әбділдін деген ағамыз қазанамасын жаздырған кезде, «Ойпырмай, Макеңнің өмір-жолы ашық адам ғой, бұрындары біреуге қазанама жазып, басшыларға жеткізе алмай, екі-үш күн күтіп қалатын едік. Басшыларға хабар жетісімен, жарты сағаттың ішінде жерлеуге қатысты бар мәселені шешіп берді» деп айтыпты.

Сол күндерде ауылда қалған ағайындар ақылдастық. Бірге туғанға бергісіз жолдастарымыздың бірі, әйелі қожа болған соң да іш тартып, жақсы араласатынбыз. Сол күйеу бала деп жүрген Еркебұланға «жылқы тауып алып кел» тапсырдым. Базарласа, оңды мал болмапты, біреу бағып отырған малым бар дейді ғой. Сойылған мал, семіз шықты. Қазан асылып, үйдің алдына палатқа құрылып, намазға жиналған халықты да ризалап, атамызды ақырғы сапарына жібердік. Шамамызға қарап, көктасын да қойдық. Өз атам он жыл бұрын дүниеден өткен, енді асқар таудай болған академик атамыз дүниеден көшіп, жетімсіреп, жұртта қалғандай болдық.

Арада біраз уақыт өтті. Сәду аяқастынан дертті болып, бір айдың  ішінде 29 келі жоғалтып, құр сүлдері қалды. Содан Ташкенге апарып көрсетіп, жұтқыншағын тесіп, темір қойды. Дәрігерлер «дайындала беріңіз» деп, жағдайдың ауырлығын айтты.

Әлі есімде, қарашаның 24-інде күн нөсерлетіп тұрған болатын. Кешқұрым бір адам есік қақты. Айтатыны жоқ, қиын жылдар еді ғой. Өзі басшылық ететін мекеменің әйелдері  келіп, «пособие» сұрап, ауырып жатқан жанның мазасын алатын. Келген  кісіні де солардың бірі екен деп қалып, жолығуға рұқсат бермедім. Өтініп сұраған соң, келген шаруасына қанықтық. Келген әйел Оңтүстік Қазақстан,Түркістан қаласы, Бабайқорған ауылы,Үлгілі елді мекеніндегі мектептің директоры екен. Жақында Алматыдан хабар келіп, мектепке атамыздың атын беретін болыпты. Біздер бұл жайттан хабарсызбыз. Өзгелер құсап, ізденбеген де болатынбыз. Дерті меңдеп, жайы болмай отырған шалым бұл хабарға елең ете қоймады. Дауысы да шықпайтын байғұс, не айтарын білмеді ме, басын қозғай берді. Директор, түк түсінбей маған қарайды.

Сонда: «Сәке, туралап келген ажалдан сені екі шал алып қалды-ау. Бір әулеттен қалған екеуінің артынан құран оқытатын өзіңсің. Сеннен басқа  оларды ешкім іздемейді деп жүргенде, мынау жақсы жаңалық болды. Енді атамыздың халыққа қызметі еш кетпейтін болды, артында шәкірттері толған мектебі қалады екен. Аурумын деп тартынба, рәсімін жасап, халықтың батасын алайық» деп шалыма дем бердім. Мектепке атамның атын беру рәсімі сәуірге бекітілді. Содан шалымның беті бері қарайын деді, ал наурыздан бастап, дауысы шығып, аздап сөйлейтін қалге жетті. Кезінде атам нағашыларының  балалары Мәжит Рызходжаев пен Әбдірейім де білімді жандар еді. Олар да ортақ іске араласты.  Атаулы күн жақындағанда Бабайқорған ауылына барып, нөсерлетіп тұрған жауында екі үйді дайындап, асқа дайындалдық. Дәл Ас берілетін күні, жауын-шашын басылып, күн шайдай ашылғаны. Халық мектептің ауласына жиналып, оқушылардың қойған концертін тамашалап, көктемгі күннің шуағына бөленді. Осы күні аймаққа аты шыққан ғалым азаматтардың да жолы түсіп, ортасында болды. Қуаныш демей не дейін, абзал қартымыздың атын қадірлеп, соған қарап талпынып, білім қуатын ұрпақтары бар. Олардың бой түзейтін биігі де ұшар ұясы да атам атындағы мектеп емес пе?! Әруағынан айнайлайын, осыдан бастап, бұл білім ордасы Мәулен Балақаев атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектеп деп аталатын болды.

Мәулен Балақаев атындағы жаңа мектеп

Аты дардай болғанмен, атам мектебі көзге қораш, барақ сияқты салынған, ескі мектеп еді. Бізді іздеп келген әйел науқасты екен, көп ұзамай қайтыс болды. Орнына жас жігіт келді. Жаңа мектеп болсын деп, шырылдап жүрген байғұс бала үйге күнде келеді. Жолдасым науқас, мен зейнетте, бізден не қайран?!   «Жұрт ақшамен атасына ат бере алмай жүр. Сіздің аталарыңызға  мемлекет өзі берді. Енді мектепті жаңартып беруге күш салыңыздар» деп біздерді қайрап қояды. Мен Сәкеңе қараймын.

Содан бір күні шалыммен ақылдастым. «Балақаев мектебі – сенің әулетіңнің  қаймағы, ажалың келмей өлмессің, көзі ашық азаматсың, жолын тауып сұрастыр, мектепті салдыр!» дедім. Оның да ойынан түстім бе, тынбастан ізденіп, жан-жақпен хабарласты. Бір күні директор бала бір әйел мен ер азаматты Алматыдан келген комиссия деп алып келді. Дастархан жайып қарсы алдық. Олар мектептің жайы шешілетінні айтып қуантты. Қуанғаннан  «қонақтарға не береміз?» дегендей бір-бірімізге қарадық. Қапелімде есіме, қайным Ермектің жасатып берген бриллиант жүзігі түсті. Соны атам үшін берейін деп, тағы сом жүзік бар еді «аталарыңның иісі деп» қонақтарымның қолына кигіздім. Құдай жеткізеді екен. Бір күні әкімдіктен біреуі жүгіріп келіпті. Балақаевтың атындағы мектепті салдыруға 258 миллион теңге ақша «именной» болып түсіпті. Екі қабатты мектеп құрылыс басталып кетті. қазандыққа қаражат жетіңкіремей, шалым жүгіріп жүріп кемістігін толтырды. «Мына шал болмағанда бұл мектеп салынбайтын еді, Осыған  рахмет айтыңдар» деп мектеп салған құрылыстың басшысы жолдасымды мақтап қояды. Директор бала болса, «Әпшемдей адам көрген жоқпын» деп мені де ризалап қояды. біз соған мәзбіз. Содан не керек, сол ауылдың бір қариясы өгізшесін сойып, құдайы беріп жаңа мектептің жібек лентасын кестік. Мектеп керемет, бір бұрышынан Балақаевтың мұражайын жасап қойды. Балақаев оқулары болады. Жақында профессор Талғат  Сайрамбаевтың  шәкірттері  «кабинетін» ашпақ болған екен, ол кісі, «Ұстазым, Балақаевтың атынан ашыңдар» деп хабар беріпті. Түркістандағы универстиеттегі атамның кабинетінде де шәкірттер дәріс алып жүр.

Осы шаруаларды реттеп болып,  Сәдуақас та әкелерінің соңынан кетті. Сол науқасымен он жыл жүрген екен. Он жылда мектептің атына атамыздың атын да берді, оның мектебін қайта салып, бар құрметін көріп те үлгерді. Кейде ойлаймын, осы шаруаларды реттесін де аталарым Алладан он жыл сұрап алды ма екен деп… кім біледі, тектілердің тұқымы ғой!

Балақаевтың келіні Садат Әбіләкімқызының естелігін жазып алып,  дайындаған Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

3 пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button