Жарық нұрдың сәулесі

Сең үстіндегі әулие

Ескі  әдебиеттер мен жазбалар Сыр мен Әмудің арасын Тұран дейді. Кейін мұны арабтар Мәуреннахр деп атаған. Негізгі тұрғындары ежелден келе жатқан түркі жұрты. Сырдың суы ескі заманда Яксарт, XVI ғасырдан бастап Сырдария, одан бұрын Сейхұн деген атауға ие болған. Әмуді алғаш рет адамдар Окс, кейін Жейхұн, Әмудария, ал  қазақтар «Омандария» деп атаған.

Түркістаннан Қызылордаға дейін көсілген дала қойны аңыз бен шежіреге толы. Сондай аңыздардың отаны – Жаңақорған ауданы. Аудан орталығы Жаңақорғанмен шектесіп жатқан Кейден деген ауыл тұнып тұрған шежіре. Ауылдың Кейден аталуында да мән бар. Осы жерді мекендеп келе жатқан Қоңыраттың Қараша атасынан шыққан Кейден деген кісі жүрек жұтқан батыр бопты деседі. Ілгеріде осы елді әлдеқайдан пайда болған айдаһар жалмап тауысатын болыпты. Үрей мен қорқыныштан әбден қажыған елді осы Кейден батыр құтқарыпты. Аңыз Кейден батыр айдаһардың басын  шауып түсіріп, өзі де содан қайтыс болыпты дейді. Артында бір қауым ел қырылудан  аман қалыпты.

Біз осы Кейден ауылына келдік. Сонда үлкен қорым бар екен. Қорымның батысын ала үлкен ақ күмбезбен көмкерілген Жалаңаш әулиенің  кесенесі орналасыпты. Жалаңаш әулие де өзінің тылсымын бойына жасырып жатқан өзге де текті кісілеріміз секілді, әлі құпиясы ашыла қоймаған, тіпті  елге белгісіз болып келген әулиенің бірі. Жалаңаш әулиенің басына келіп, зиярат етіп кесене тұрғызушылар Сайрам ауданының азаматтары – Абдулла  қажының ұлдары – Сәбит, Хамит және Әбдірашит деген жігіттер екен. Бұлардың барлығы да ата тәрбиесімен халқымыздың тамаша салт-дәстүрін бойына сіңірген, бүгінгі күннің іскер азаматтары. Кесене жұмысы 11  сәуірден басталып, 16 маусым күні бітіпті. Бұған кеткен қыштар, басқа да материалдар алыстан тасымалданған көрінеді. Әсіресе, Ташкенттің қыштары сонау Жетісайдан әкелініпті. Жерден ұшар басына дейін 7,5 метр болатын кесене сегіз бұрышты болып келеді. Діни аңыздардағы «тозақ – жетеу, пейіш – сегіз» дегенге негізделсе керек. Істің басы қасында жүрген Әбдірашит Абдулла ұлынан кесененің салыну мәнісін сұрағанымызда, қасымыздағы Саяпан ақсақал былай деп жауап  берді:

– Бұл кісі, жарықтық, Сиқым ішіндегі біздің Бағлан атамыздың пірі болған. Біздің аталарымыз осы Жаңақорған төңірегіндегі Жайылма деген жерді жайлапты. Бір белгісіз жалаңаш адам біздің қыздарымызбен бірге суға шомылып, бірге ойнап-күліп жүреді екен. Бірақ олардың ешқайсысына да зияны болмаған. Ер балалардан ешкімді де жолатпайды екен. Осыны біліп  жүретін аталарымыз да «Е, ол бір шайхы адам ғой, ешкімге зияны жоқ, тимеңдер, жүре берсін» дейді екен. Бағланның Теке атты батыры болыпты. Сол Теке ауылдағы бір тойда отырғанда оның замандас-қатарлары қалжыңдағансып «Сендердің қыздарың қыз емес. Сендерде намыс жоқ. Қайдағы бір жалаңаш еркекпен суға түсіп, ойнап жүрген қызда қандай имандылық қалды дейсің?» деп қалыпты. Содан қаны басына шапқан батыр Теке, әлгі жалаңаш адамды ұстап алып, қыстың күні суға тұншықтырып, жәбірлеп, ақыры мұздың ойығына тастап ағызып жіберіпті. Жалаңаш та тегін адам емес, сумен аға берген ол, келесі бір ойықтан шығыпты дейді. Сыртқа шығып жылап отырса, бір адам кез болып, одан «Су жағасында неғып жылап отырсың?» депті. Жалаңаш басын көтеріп: «Мына жоғарыда Бағлан деген ел бар еді. Солардың қыздарымен бірге суға түсіп жүруші едім. Олардың бір адамы мені қорлады, ұрып-соғып суға ағызып жіберді. Енді оларға айтарым  күзге жетпесін, жетсе де жүзге жетпесін» депті. Жаңағы кісі мұның өзгеше қасиеті бар екенін сезіп, «Елді қарғамаңыз, не де болса кешірім жасаңыз, қарғысыңызды қайтып алыңыз» деп жата-жабысыпты. Ол «Мен Құдай емеспін, айтылған сөз – атылған оқ, Алла ғана өзінің шешімін өзгерте алады. Менде ондай құдірет жоқ» деп болмапты. Оған кісі де көнбей, өтінішін жалғастыра беріпті. Ақыры болмаған соң, Жалаңаш әулие: «Олай болса, Бағландар қырық жылдан кейін менің басыма келіп көк қошқар, не көк өгіз сойып, бата жасасын, сонда ғана кешірілуі мүмкін» деп, өзі дариядағы сеңге мініп, жүзіп кете беріпті. Содан бері қарай біздің қыздарымыз барған жерінде өсіп өнеді де, біз, бағландар, әлі күнге дейін толық дәрежесінде жүз үйге жетпегенбіз. Бұл сөз осы атадан балаға ауысып келе жатыр.

Кешегі Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары біздің Имек деген атамыз, бабалардың сөзін еске алып, елден ақша жинап, оған бір көк тана алып, Жалаңаш әулиеге қарай сапар шегіпті. Ақсақал қасына бір қызын және ұрпақ көрмей жүрген бір шалды алып, көк өгізді есекпенен айдап келе жатыпты. Бір таң қалатын нәрсе көк тана өзінен-өзі осылай қарай жүре беріпті, аналар соңынан ере беріпті. Имек ақсақал 1963 жылдары қайтыс болды. Ол кісінің өскені сондай, немере-шөберелерін қосқанда барлығы 56 адам болды.

Мұндай әңгімелерді адам жас кезінде елемейді екен. Жусансайда мақта бригадирі болып жүргенде, Бекмырза деген кісінің үйінен шәй іштік. Сол әңгіме болып қалды. Біздің жақта «Октябрь» колхозында бау қарауылдап жүретін Сырлыбай деген бар еді. Ол кісі бес уақыт намазын үзбейтін, Алла деген кісі болатын. Осы Сырлыбай Имек Жалаңаш әулиеге баратын болғанында сом берген  екен. Кейін бауға қарауыл кезінде түнде бір нәрсенің салқыны тиіп, аяқ-қолы істемей қалыпты. Ағайындары 5-6 молданы шақыртып оқытқан екен. Үш күннен соң Сырлыбай көзін ашыпты. Сонда молда «Мінекей дуаның арқасында жазылды, Аллаға шүкір» депті. Басын көтеріп Сырлыбай «Ей, молдалар, мен сендердің оқытқандарыңнан жазылғам жоқ. Бауда ұйықтап жатыр екенмін, үстімнен бір топ қара торғай ұша берді, мен артында кете бердім, олар ұша берді, мен кете бердім… Торғайлармен Жаңақорғанға бардым. Сондағы Жалаңаш әулиенің басында баяғы бес сом жатыр екен. Қасыма келген Жалаңаш әулие: «Ей, Сырлыбай мына бес сомды  алып кет» деді. Мен «Жоқ, алмаймын. Сізге қосқаным ол» дедім. Көзімді ашсам, сендер отыр екенсіңдер. Мен Жалаңаш әулиенің шарапатынан қалдым». Бекмырза осыны айтты. Мен ойға кеттім. Бабаларымыз іздеуін іздеген екен, біз неге іздемейміз оны деп, 1978 жылы әрекет жасай бастадым. Сол кездегі Қажымұхан ұжымшарының директоры Молдаәшімовтен бір автобус жүк мәшинесін сұрап алып, бір қара мал, үш қой әкеліп, басына құран оқыдық. Ол кезде шырақшы Әбдіғанидың әкесі Мекебай 83-те еді. Соның үйіне түскенбіз.

Аллаға шүкір, одан жаман болғаным жоқ. Кейін бір балам үйленді. Келініміз алты жыл бойы көтермеді. Бармаған жеріміз қалмады. Бір малмен Арыстан бабқа да келіп қайтты. Арыстан бабтың басында келінім мен балам мәшиненің ішінде түнепті. Түнде әйелдер жатқан жерге келіп, әйелдің бетіне бір-бір үңіліп, «мұның ішінде жоқ қой ол» деп кетіп қалып, таңертең ел шай  ішіп отырғанда түндегі кісі тағы келіп «Түндегі іздеп жүргенім, мына келін ғой» депті, біздің келінді көріп. Артынша «Шырағым, сенің арманың  орындалады, бірақ оқытылуың керек» депті. Ол кісі Арыс қаласынан келген екен. Келінім соған үш күн оқылды. Үшінші күні ол келініме: «Түсімде аян берді. Бір тауда Ақбура деген әулие бар, соған барып түнесең, ұл табасың. Бірақ Ақбураның қай тауда екенін мен білмеймін» депті. Үйге келген соң, Ақбураны іздейік, білетін кісі болмады. Ары-бері саңдалғанымен Ақбураны таба алмайтын болдық та, келінді қайта Арысқа жібердім. Ол кісі: «Ақбураның қайда екенін менде білмеймін. Үйдегі атаң бір әулиеге барып түнеген екен. Лажы болса, соған барыңдар, сол көмектеседі» депті. Оны есіткен менің есіме осы Жалаңаш әулие түсті. Ауылдан бір көк қошқар сатып алып, келінімді ертіп, осында келдік. Қошқарымызды сойып, құранымызды оқып, зиярат еттік. Ертеңіне қайтуға жиналдық. Маған ешқандай белгі бермеді. Көңілім күпті болған мен келінімнен сұрадым. Ол «Ата, кішкене екеуміз қайтып бара жатыр екенбіз, бір ұзын қара кісі келіп велосипед берді» деді. «Я, құдай, онда жолымыз болады екен. Берген екен, берген екен» дей бердім. Ұзамай келінім ұлды болды. Ол немерем қазір 13-ке келді.

Бір келгенде Жалаңаш әулиенің басына соғылған сағананың сұрқы кетіп, құлап та қалған еді. Ілгеріректе мұны Мырзахмет деген қожа лайдан тұрғызған екен. Одан бері неше жылдар өтіп кеткен. Ал мен оны жөнге келтіріп, өзгешелеу бір сағана тұрғызайын десем, шамам келмейтін болды. Бір күні осыны Керізбайға айттым. Керізбайдың шын аты Абдулла. Жақында өзі Меккеге барып келген қажы. Балалары осы заманға лайықты тірлік жасап, елге аты шығып қалған азаматтар еді. Керізбай сөзімді тыңдап алып ұсынысымды мақұл көрді. Сонымен «мақұл, мақұл» болып жүрді.

Жолымыз түсіп, Жұпарбек құдам бар, Керізбай бар, Керізбайдың кенже ұлы Әбдірашит бар – бәріміз Жалаңаш әулиенің басына келдік. Жан-жақтан байқаған Әбдірашит өзінен-өзі сол жолы әулиенің басына сағана орнататын болды. Шырақшы Әбдіғанидың үйінде шырақшыға Әбдірашит 30 000 теңге берді. Келер бейсенбіге осы үйден құдайы беретін болдық. Құдайыға 15-20 адам жиналды. Сол жерде Әбдірашит ойына келген жоспарын айтты.

Арада біраз уақыт өтті. Бір күні Әбдірашит Қызылордаға кетіп бара жатыпты. Алыс жолға шығатын ол алдын-ала әбден тынығып алған. Ұйықтап қалатындай да реті жоқ Әбдірашит Түркістаннан өте бере қалғи беріпті. Бәлкім, қалғымаған да шығар, Әйтеуір сол заматтарда қасына ұзын бойлы қара кісі келіп жайғасыпты. Мәшине зулап бара жатыр. Әбдірашит шошынғандай мына жағына қараса – көкпеңбек, мына жағы да көкпеңбек болып тұрыпты. Әшейінде шаңы шығып жататын жолдың екі жағы құлпырып кетіпті. Бұған таң қалған Әбдірашит «Мынау жерлер не деген көкпеңбек» депті. Сонда қасындағы қара кісі: «Ой, шырағым Әбдірашит, енді бәрі де жақсы болады. Құдай қаласа, енді көгересіңдер» деп айтыпты. Артынша қара кісі мәшинеден түсіп кетіпті. Іле-шала көзін ашып қалса, Қызылордаға келген екен. Күн жылынсын, жаңбыр қойсын деп жүрген Әбдірашит осыдан кейін дереу 11 сәуір күні кесене құрылысын бастап жіберді. Міне, өзің де көріп отырсың, мына беріліп жатқан асқа, сағананың ашылу рәсіміне 600-700 адам жиналды. Мұндағы елге де рахмет, бәрі де келіп жатыр» – деп әңгімесін аяқтады.

Жалаңаш әулиенің осы жерде жатқанын баяғыда бірінші болып Айқожа деген кісі біліпті. Мешіттің басында үш ақ терек тұрыпты. Сол теректердің маңында жолыққан Жалаңаш әулие Айқожаға «Мен мына жерде жатырмын деп» аян берген көрінеді. Содан кейін-ақ күтімге алған олар Жалаңаш әулиенің моласын күтіп баптай бастапты. Егемендігімізді алғалы бері Жалаңаш әулиенің моласы мемлекеттің қамқорлығына алыныпты. Мемлекеттің өкілі дейтін аудандық мекеме әулиенің басына темір тақта қағып, оған «Жалаңаш әулие. XVI ғасыр» деген жазу жазыпты. Одан бөлек ештеңе де жасалмаған екен. Бірақ оның неліктен «XVI ғасыр» екенін ешкім де білмейді.

Бұл жердегілер Жалаңаш әулиені Дуана қожадан таратады. Дуана қожа деген оның лақап аты екен, шын есімі имам Мәді. Имам Мәді – Дуана қожаның он екі ұлы болыпты. Жалаңаш әулие он біріншісі екен. Имам Мәді зікір салып,  қатын-балаларына да қарамай тоғайдан бір жолбарысты ұстап, мініп алып, кетіп қалады екен. Ол кісі елге жолбарыс, бүркіт, киік болып үш кейіпте көрінеді екен. Осыдан ба екен, әйтеуір ел имам Мәдіні «Дуана қожа» деп атап кетіпті. Бұл жерде Жалаңаш әулиеден бөлек көптеген қасиетті кісілер жатыр. Жаңақорғанның айналасы толған киелі әруақтар. Қарасопы, Тілеулі ата, Құттықожа, Ақата, Бүзірік, т.б. толып жатқан шарапатты кісілердің арасында шоқтығы биіктеу болған Жалаңаш әулие екен.

Біздің бір таңқалғанымыз жусан мен селеуден басқа ештеңе жоқ тақыр далада Жалаңаш әулиенің басында ғана қалың тораңғыл тоғай өсіпті. Тоғайдың аумағы да әжептәуір. Онда тораңғылға қоса, жыңғылдар да, шеңгелдер де жымдаса бітіпті. Тораңғыл тоғайға кіріп кетсең, қалың жымнан ары қарай өте шығуың екіталай. Мұны да осындағы ел Жалаңаш әулиенің кереметі дейді.

Алланың берген кереметтеріне ие болған Жалаңаш әулие тым кірпияз көрінеді. Кеңес үкіметінің кезінде мұнда талай келеңсіз жайлар болыпты. Жан-жақтағы егістен түсетін ызаның бойында бір жебірей шошқа бағыпты. Шошқаны жақтырмаған Жалаңаш әулие әлгі жебірейге тыныштық бермей, шошқалары қырылып, өздері де үлкен қиыншылыққа ұшырап, ақыры әлгі жебірейден тұқым қалмапты.

600-700-дей адам жиналған шаршы топтың алдында Жалаңаш әулие кесенесінің ашылу рәсімі болды. Осы өңірдегі көптеген сағаналардан бөлектеу жасалған өзгеше порымдағы кесененің алдына тартылған көк лентаны Жаңақорған ауданының бас имамы мен Сайрам ауданынан барған ауданның бас имамы қиды. Ел осы кесенені тұрғызып, Жалаңаш әулиенің басына зиярат еткен Ақсу кентінде тұратын Абдулла қажының /Керізбай қажы/ балалары – Сәбитке, Хамитке, Әбдірашитке ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. Көпшілік «Құдай, бағландардың ниетін қабыл етіп, Жалаңаш әулие кешірім жасап, Бағландар өсіп-өнсін» деген тілектерін шын ниеттерімен айтып жатты. Бірақ аудандық не облыстық мәдениет басқармасынан бір адам келген жоқ. Мемлекеттің қарауындағы кесенеге қызылордалық мемлекеттік мекемеге көз қырын да салмайды екен ау деген ойға қалдық.

Қазаққа 200 жылдай астана болған Түркістанның маңында ескіден келе жатқан киелі жерлер көр. Олардың көбісінің тарихын ел біледі. Ал елге белгісіз, тірілерден жәрдем күтіп жатқан әулиелеріміз қаншама. Міне, тірілерге тілегін жеткізе алмай келген әулиелердің бірі – Жалаңаш бабаның да басына кесене тұрғызылды. Ендігі уақытта кесене елдің игілігіне айналып, оны тұрғызған Абдулла қажының ұлдары – Сәкеннің, Хамиттың, Әбдәрашиттің ниеттері қабыл болсын дедік.

Риза көңілмен, асыл тілекпен ел тарай бастады. Тораңғыл тоғай күзеткен, жан-жағын мазарлар қоршаған, о баста мұнда сеңге мініп келген Жалаңаш баба сағанасы да артымызда қалды. Ал көңілде көптеген тәтті елестер мен келешекке деген ынтызар арман қалды.

 

Әбділда АЙМАҚ, ақын

(Бұл мақаланың қай жылы, қайсы ақпарат көзінде басылғаны белгісіз, бір бет газет қиындысынан теріліп беріліп отыр. Ә.Аймақ (1954-2014) Оңтүстік Қазақстан өңіріне белгілі болған азамат. Әр жылдары көптеген кітаптары мен 2-томдық өлеңдер жинағы (2003) жарық көрген. Еңбек жолын қарапайым құрылысшы болып бастаған болашақ ақын, сырттай оқып жоғары білім алып, өнер жолына түсіп елге танымал бола білді. 1990-1993 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы облыс бөлімшесінде түрлі қызметтер атқарды. 1993 жылдан осы бөлімшенің директоры. Ордабасы ауданының құрметті азаматы).

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button