Тарихтың бір үзігі
Мына суретте шәй ішіп отырған қоңыр көйлекті Қадиша анамыз, Бабай ишан Жүнісұлының келіні. Баласы бір оқтық болып шейіт болғанда келінінің төркіндері рұқсат сұрай келіпті. Атасы да жастай жесір қалған келініне ырзалығын білдіріпті. Алайда Қадиша анамыз төркініне кері қайтпай, келін боп түскен жерінде қалып әулеттің басына түскен бейнетті бірге көтеріпті. Елуінші жылдары Қазақстанға қайта оралады. Осында дүниеден озды. Артында тікелей ұрпағы қалмаған, бірақ аяулы ағалардың жары болған анамызды кейінгі ұрпақ дұға оқып, бет сипағанда есінен шығармайды. Ал мына құжатты егемендіктің алғашқы жылдары Тәжікстан мұрағаттарынан табылды. Қолымызға тиген осы құжат ескі суретке де жан бітірген еді.
«Тәжікстан Республикасының Қауіпсіздік Министрлігінде сақталған №П-4263 мұрағаттық қылмыстық істегі деректер бойынша:
– Бабаев Қалымбет, 1895 жылы Қазақ ССР Қызылорда облысының 49 ауылында туылған. 11.09.1937 жылы ТәжікССР ХІІК МҚБ «Үштігінің» қаулысымен ТәжікССР ҚК-нің 62 және 58 бабтары бойынша ату жазасына кесіліп, үкім 15.09.1937 жылы орындалған. СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16.01.1989 жылғы «30-40 жылдардың кезінде және 50 жылдардың бас кезінде орын алған қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әділдікті қайта қалпына келтіру бойынша қосымша шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, 11.09.1937 жылғы ТәжікССР ХІІК МҚБ «Үштіктің» қаулысының күші жойылған және қылмыстық іс өндірістен қысқартылып, Бабаев Қалымбет ақталды…»
Ғалия АХМЕТБЕКҚЫЗЫ