Бір суреттің сыры

Қыл шылбырдың пайдасы

Ауданбайқажы Ахметжанұлы

Алланың ерекше ақылды жаратқан жаратылысы – пендесі, алғашқы өмір тәлімін ата-анасынан, отбасы мүшелерінен, олардың күнделікті жасаған іс-амалдарынан, қоршаған ортасынан және оқып-үйренген білімінен алады.  Адам үшін осының бәрінен жоғары тәлімгер – Алла жаратқан жаратылыс.

Жаратылыспен тығыз байланыста болған ата-бабаларымыз күн  райының, жыл мезгілдерінің құбылысын және жан-жануалардың қимылын жіті қадағалап, келесі күннің, жылдың ауа райын бағдарлаған. Бастаған ісін тындыруға қандай амалдың қолайлылығын  пайымдаған.

Мысалы, қазақ халқының күн көрісі – мал өнімдері. Сүтін ішіп, етін жеп, жүні мен терісін киім қылып киген. Осыған орай, кәсібінің негізгісі – мал шаруашылығы. Еліміздің көп жерінде ылғалдың аздығынан құнары төмен. Мал  жайылған жердің үш-төрт күнде шаңы шығып, шөбі сұйылады. Ол жерде жайылған мал оңалмақ түгілі жүдей бастаған соң, жылжып қоныс аударады. Ылғал мол түсетін, жері құнарлы солтүстік аймақтарда жаздың қысқалығынан егін пісіп үлгермейтін жылдар жиі қайталанады. Яғни, егін шаруашылығы да аса тиімді кәсіп  емес.

Жылдың 8-9 айын көшумен өткізетін халқымыздың сауса – сүті сусыны, жесе – еті-тамағы, мініп-жексе – көлігі болатын жылқының  қадірі басқа малдан өзгеше. Жиі болмаса да, кейде 200-250 шақырым жердегі мекемеге, не жақын жуық-туысқанға ұзаса бір тәулікте құжат не хабар  жеткізу қажеттігі туындайды.

Міне, осы сын сағатта қайратты адам мен әлді ат керек. Бұндай қашықтыққа жүруге шыдайтын ат табылғанымен, ат үстінде отыруға пенденің әлсіз мүшесі – сегізкөзі шыдамайды. Қазіргі ғылымның дамыған кезінде омыртқаның бұл бөлігіне түсетін салмақты азайтуға көмектесетін корсет шығарды. Міне, біздің заманымызға дейінгі ескі заманда жылқыны бағындырып пайдаланған бабаларымыз қазіргі корсеттің баламасын – семіз жылқының құйрығының қылынан қатты қылып өрілген қылшылбырды пайдаланған. Алыс жолға шығатын адамның қолтығы мен бөксенің  арасын қылшылбырмен тартып, ораған.  Қылшылбыр  жуық маңда  салмаққа жапырылмайды да, созылмайды. Яғни, сегізкөзге түсетін салмақ еселеп азаяды. Сондықтан адам ұзақ жол бойы сегізкөзге түсетін салмақты аса қатты сезбейді. Басқа малдың түгінде бұндай қасиет жоқ. Қойдың жүнінен төсеніш, киім-кешек, жіп есілсе, түйе жүнінен сырт киім-шидім (шекпен) және басқа жеңіл киімдер тоқуға пайдаланылады, ал ешкінің түбітінен әртүрлі киімдер тоқылады. Бұл малдардың жүнінен  дайындалған бұйымдар жұмсақтығынан өзінің алғашқы қалпын (формасын) сақтамағандықтан, қылшылбырды ауыстыра алмайды. Әрине, адамның табиғаттан алатын пайдалы тәлімдері сансыз. Мақсат оның бәрін талдау болмағандықтан, басқасына тоқталмадым.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button