Жарық нұрдың сәулесі

Даланың даңғыл ерлері

Бұрынғы уақытта Қоқандыда хан тұрады екен.Ташкентте тұрған төрені Парманашы дейді екен. Әулие ата, Шымкент, Түркістандағы бастықтарды Саркарда дейді екен. Даладағы қазақтың ірілерін датқа деп айтады екен.  Сол күнде Ташкенттегі  Мырзахмед  деген Парманашы мырза Майсуып деген бір саркердесін Қазақтарға ел бегі етіп жіберіпті.

-Ошақты Тоқберген деген алым, салық бермеймін деп қарсылық  қылады деп есіттім, қазақтың басқа датқаларына айтып берсе салығын ал, бермесе өзін байлап менің алдыма алып кел,- депті Мырзахмед  парманашы Майүсіпке.

Парманашы оның әмірі бойынша Майүсіп Шымкентке келіп Қоңырат, Дулаттың датқаларын жинап қасына ертіп алып Тоқбергеннің еліне барыпты. Тоқберген қарсыласа алмай тоғыз түйе, тоғыз ат тарту алып Майүсіптің алдынан шығып аулына шақырып құрметтепті. Сонда Майүсіп Мәделіқожаны шақырып алып –Тоқбергенге келгенімізді, оның бізді құрметтегенін, ойланбай екі ауыз өлең мен айтшы дегенде Мәделіқожа:

Аяғы Шашты Әзіздің жылы бұлақ,

Зияратқа келеміз жылда жылап.

Жүзіңізді көргенде жалпаңдайды,

Тоқбергеннің елінің бәрі сыйлап.

 

Тақсыр-ау, құс салдыңыз Қызыл көлге,

Басы бұлақ аяғы ұзын көлге.

Тақсыр-ау, келгеніңіз жақсы болды,

Бірін-бірі сайысқан бұзық елге.

Жағасы жалбыр жаға, жалпақ тұрмақ,

Сиясы келіспейді біздің елге -дегенде Мырза Майүсіп қош көріп Мәделіге сарпай  жауып,Тоқбергенге қонып жатқанда, Құлантөре деген Майүсіпті қонаққа шақырған екен.

Соған бармаққа аттанып келе жатса Шашты Әзіз әулиенің тұсына келгенде соқыр тұман түсіп, біреуді-біреу көре алмай, жол былай деп әркім бір сөйлеп келе жатқанда тұман ашылады.

Қараса «Бүркітті» деген жерге келіп қалған екен. Сонда Майүсіп Мәделіқожаны шақырып алып, тұман түскен жер мен тұман ашылған жерді ойланбастан бір ауыз қылшы дегенде:

Тақсыр-ау, құс қып салдың лашынды,

Жазасыз сермегенде құлашыңды.

Шашты Әзізге келгенде тұман түсіп,

Бүркіттіге келгенде күн ашылды, –депті.

Майүсіп- Мәделіқожаға тағыда бір сарпай жауып, жүріп келіп «Қара Бақыр»деген жерге қонып жатып, ертемен жүріп  «Шәлгі» деген өзеннен ат суарып тұрғанда бір адам семіз торы ала биені жетелеп өте беріпті. «Қайдан келесің,биені қайда апарасың?»дегенде: «Құлантөре ел бегін қонаққа шақырған екен, соған сойғалы апарамын» депті биені жетектеген адам.

Майүсіп-Мәделіқожаға «бүгін қонып шыққан «Қара Бақырды», осы Шәлге өзенді төренің ала биесін – үшеуін қосып өлең қылшы депті.

Мәделіқожа құп тақсыр деп:

Қонған жер «Қара Бақыр» етегінде,

Шәлкіден көлденеңдеп өтемін бе?

Жарты төбеге қонғанда қазы жейміз,

Ала бие төренің жетегінде –депті.

Сонда Майүсіп Мәделіқожаға өзінің үстіндегі шапанын шешіп беріпті. Құлан төренікіне келіп қонғанда, барлық қазақ датқаларына сарпай жауыпты. Сый құрметті көбейтіп әр күні екі малдан сойып жата беріпті. Майүсіп барлық қазақ датқаларына «Парманашының қақына дұға қылыңдар» деп қол жайып дұға қылдырады екен. Өзіме дұға қылыңдар демепті.Бұл әңгіме осы мен тұра берсін.

Ташкенттегі Саркардалар Майсопты күндейді екен. Олар Парманашы Мырзахмедке келіп: Тақсыр, сіз еш нәрсе есітпедіңізбе? Біз есіттік, Майсоп қазақ датқаларына күн сайын екі малдан сойып қол көтеріп баталасып,Қара туырлықты қазақты өзінікі қылып,Сіз бен жау болмақ  ойы бар деп есіттік,-деп арыз етіпті.

-Не дейді,сондай болып па?- деп шошыныпты Парманашы.

-Иә, тақсыр! Солай, Солай,- депті саргердарлар.

Парманашы Мырзахмед жанына үш жүз адам ертіп Ташкеннен аттанып Әулиеатаның бергі жағында Айша бибінің өзеніне түсіп, хат жазып, мырза Майсоп және қазақ датқалары мені келіп көрсін деп, әмір қылып жасауыл жіберіпті. Бұлардың көңілінде ештеңе жоқ бәрі келіп Тоқбергеннің берген тартуларын және өндірген салықты өткізіп келіп Парманашыға көрінеді.

Парманашы бұрынғы қалпында мырза Майсопке және қазақ датқаларына сарпай жауып қайтарады. Әр қайсысы өз қостарына барып дем алады.

Сонда Ташкеннен еріп шыққан саркерделер: -Тақсыр мұныңыз қалай? Бізді әуелде алып шыққанда мырза Майсопты өлтірмекші едіңіз. Мұндай сарпай  беретін болғанда Ташкентке барғанда-ақ берсеніз болатын еді ғой. Бұлай болғанда бізді ертіп келіп масқара қылмақшы екенсіз ғой – дейді-Парманашыға наразылық білдіріп.

Олардың қарсылықтары көрінбейді. Қанша тартулар мен келген соң ұлықтық жолы осылай болады. Қайтадан шақырып алып өлтірсемде менің қолымнан кім алады?-депті Парманашы Мырзахмед. Саркерделер парманашының сөзіне құлдық ұрып бастарын иеді. Парманашы тағы жасауылын жіберіп мырза Майсопты алып келіп дарға асыңдар деп әмір береді. Жасауыл барып парманашының әмірін көрсеткен соң мырза Майсоп датқалар мен амандасады.

Сонда Қоңырат Шапақ (Сапақ болуы мүмкін) датқа деген кісі Жүріңдер, Парманашыдан барып қанын сұрайық депті қазақ датқаларына. Барлық датқалар ере келіп парманашының алдында бірге тұрады. Мен мырза Майүсіпті шақырдым,сіздерді шақыртқаным жоқ қой – депті парманашы.

Арзымыз бар депті Саяқ датқа. Айт, арзыңды! Сіз бізге ел бегі жіберген екенсіз.Ол қызмет етсін деп, әміріңізді өзіңізге уәжіп санап бізде қызметіңізде болдық.

«Иесін сыйласаң итіне сүйек сал»-деген қазақтың мақалы бар еді. Бізде Сіздің қызметіңізде жүрміз. Тектен-тек басқаға бұндай қызмет қылмаған болар едік. Мырза Майсоптың сізге бөтен сөзі болған жоқ. Қайта бес уақыт намазда сіздің мәртебелі болмағыңызды үміт етіп дұға қылатын еді.

Ал бүгін сіз шақырып алап өлімге бұйырды деген соң келіп тұрмыз. «Құлдан қашмақ, кожадан кешмак» деп еді. Бенде ғой жаңылып күна жасаған болса Сіздің Али жанабыңыздан сұранамыз, түзетпек болып едік. «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» дейді

Бұл Сіздің қандай досыңыз еді-депті парманашы. Досым емес-жас өлмесін дейміз. Өзіңізде жас екенсіз. Күна еді бұдан үлкен болсаңыз, бізден хан үлкен, Ханның үстінде Алла хазыр өзіңіз білесіз депті. Күнәсын кештім, өлімін саған бердім, депті. Қазақ датқалары құлдық ұрып мырза Майүсіпті алып жүріп кетіпті.

Олар кеткен соң парманашының қасындағылары, қылыштарын мойнына салып, бәрімізді қылыштан өткізіңіз, күні-түні бәріміз қызметіңізде болсақ та қазақтың бір аузы сасыған шалы құрлы болмадық. Бұндай тірліктің керегі жоқ, өлгеніміз жақсы,-деп шулапты.

Парманашы бұлардың шағымына көңлі тоқырап, тағыда Майүсіпті алып келіп дарға ас деп жарлық беріпті. Жасауыл бұйрықты алып барған соң  қазақ датқалары тағыда барып сұрайық дегенде: -Енді мені сұрамаңдар, айып-шолақ ақылдылық,өзімнен де болды. Күн сайын екі рет дастарқан жайып парманашының хақына дұға қылғанша, соның бір дұғасын өзіме қылған болсам қабыл болса ғажап емес еді. Енді мен Сіздерге разымын, сіздерде меннен разы болыңыздар-деп парманашының алдына барыпты мырза Майүсіп.

-Әркім тұз берген қай астанаға жамандық ойласа оның жазасы өлтіру, мынаны дарға асыңдар,- депті парманашы. –Екі сөзді адамның Құдайдың даргаһында жүзі қара, Пайғамбар шапағатынан махрұм деген. Өлгеніме өкінбеймін, сен секілді намартқа қызмет қылғаныма өкінемін. Енді менің басымды кесіп ал, -деп Ләйллаһа илла Алла, Мұхмадун Расул Алла,Құдай бір, пайғамбар хақ деп тұрыпты. Жендеттер дарға асып өлтіріпті.

Сонан кейін парманашы қазақ датқаларын шақырып Байұзақ датқа Мәмбет ұлына: Ата ұлыңыздың өлігін көрдіңіз бе? -депті.

-Мың мәртебе шүкір, дұшпанның бірі кеміпті. Дұшпан екеу еді бірі өліпті. Енді біреуін Құдайдан сұратамыз. Сарт өлді. Қазағым аман, -деп орнынан тұрып қазақ датқаларына тұрыңдар деп алып жүріп кетіпті.

-Ей лағнаттар,түпке жеттіңдер. Байұзақтың не дегенін білдіңдер ме? Саркардалар бастары салбыратып ауыздарын аша алмай қалыпты.

Содан кейін бір неше жыл өткен соң, Қоқан тарапындағы Қыпшақтар Қоқанд пен жауласып, Құдияр ханды Бұхараға қуып жіберіп, Қыпшақ Ғалымқұл дегенді әмір лашкар қылып Қоқан тағына отырғызып аз күн аламаншылық болып тұрған. Алматыға, Ақ мешітке орыс келіпті,-деп есіткен соң Ғалымқұл Әмір лашкар қазақ датқаларын Қоқанға шақырып алып;

Кәне не маслихат тайтасыздар дегенде: -Тақсыр өзіңіз білесіз депті қазақ датқалары. Мен жалғыз адам не білемін, Сіздерді маслихат айтсаңыз деп шақырдым,- депті Әмір лашкар

-Уа,Тақсыр! Қарадан шығып хан болмайды деген осы ма? Дауазадан шықпай жатып ақыл сұрайсыз, әуелі қосынды топтап, алтын жалауыңызды қолға ұстап шыққан соң маслихат табылады ғой депті Байұзақ.   Ғалымқұл:-Атам дұрыс айтады, –деп сарпай алдырып жапқан екен.

Байұзақтың қасындағы датқалары құтты болсын айтқанда: -Қайдан білейін, құтты болама, аузым құрып кебінің болама,-депті Байұзақ Әмір лашкар Ғалымқұл әскерімен Қоқаннан шығып Шымкентке келіп, Байұзақ датқаны атып тастапты. Алматыдан келе жатқан орыстарға басшы болыпты деп.

Байұзақ датқаның ағасы Байтерек батыр, ірі адам болған екен, өзі зорлықшыл, көңіліне жақпаған адамды ұрып көгендеп тастайды екен. Көгенделген адамды әкесі Мәмбет би ден басқа адам сұрап ала ала алмайтын болған. Мәмбет би өзі келіп: -Ойбай, құтырған-ау, бұ не қылғаның деп шешіп жібереді екен.Сөйтіп жүргенде Бектер бегі деген Ташкенттің ұлығы шақырса Байтерек бармапты. Саркерделер:-Ол дәу адам, Сіздің шақырғаныңызға келмейді.Қазағын көндіріп алса жау болуы да ғажап емес деп көрсетіпті.

Содан кейін Бектер бегі қасына бес жұз адам ертіп Әулие-атаға барып, қазақ датқаларынан Батырбек датқаны шақырып алып: -Байтерек менің шақырғаныма келмеген соң, мен мұнда келдім, енді соған Әділ төрені жіберемін. Сіздер қасына адам қосыңыз өзі келіп жауабын берсін, жоқ келмей жау боламын десе ол сөзін де есітіп қайтарсыз,-дептіБектер бегі. Батырбек датқа Қусирақ Мары дегенді Әділ төреге қосып жіберіпті. Екеуі-Байтерек батырдікіне келіп түскен соң, меймандарының алдына келіп, жолдарың болсын дегенде Бектербегінің қағазын көрсетіпті. Оқып қараса  «Мағлұм болсын,Сізге Әділ төрені қызметіңізге жібердім, келерсіз, келмесеңіз және ықтиярыңыз-деген сөзді жазыпты. Қош Әділ төрені Бектербегі жіберіпті ғой, ал Қусирақ саған жол болсын, жарайды қайыр-Сіздер келіпсіңдер. Енді барайын,- депті Байтерек. Жүз жігітті қасына ертіп, бәріне де қылыш байлатып: «Мен Бектербегінің алдына барғанда сендер аттан түспеңдер. Маған бір түрлі жаза көрсетемін десе, мен алдымен Бектербегінің өзін шауып тастап дауыс шығарамын. Сонда бас қамдарыңды қыларсыңдар,-депті Байтерек.

Келе жатқанда Әділ төре озып кетіп Бектер бегіне келе жатыр деп хабар беріпті. Бектербегі шатырының алдына су сепкізіп, күтіп Байтеректің алдынан шығып көрісіп Шатырға кіргіз депті. Шатырға кірген соң қылышын қынабынан жартылай шығарып алдына қойыпты Байтерек Бектербегіне:

-Саламат барсыз ба? Өзіңізде жақсысызба? Сіз қандай дүрсіз шақырсам неге келмейсіз?-депті Бектербегі.

-Дүр екенім өтірік пе? Ташкенде сен, Қоқанда хан, қазақта мен, осы үшеумізден басқа қай қызыңды….  бар еді? дегенде: «Батыр рас айтады» деп жасауылдарына сарпай әкеліңдер деп бұйырыпты.

Жасауылдары сарпай және ішік алып келіп иығына жауып, жүз жігітке жүз мәуіті ішік жауыпты-да қош деп қолын қусырып тұрыпты.

Сонда Байтерек-Қошуақ болыңыз деп орнынан тұрып жігіттерін ертіп жүріп кетіпті. Ол кеткен соң саркерделер: Бұл қандай іс болды? Әдейі Ташкеннен келіп, бір ауыз ауыс түйіс көрсетпестен, сарпайды тауысып қала бердіңіз дегенде, «Сіздер оған қаһар қылмадыңыз дейсіздер, Батшағарда аждаһаның түгі бар екен, қылышын суырып қасыма отырғанда зәрем кетіп «Сарпай» дегеннен басқаға тілім келмеді дейді.  Бұрын қазақта осындай ер адамдар болған.

Сирек қолжазбалар қорына тапсырған Әлкей Марғұлан.

Сирек қолжазбалар қорынан алып  халыққа ұсынған Сейт Омар Саттарұлы Сарыағаш қаласы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button