Сыр-сұхбат

Жақсылардың жалғасы

Алғаш рет бабаларымыз туралы әкемнің айтқан әңгімелерінен естідім. «…Дүниеге жауырыны жабысып келген қос баланың арқа­сын қылышпен шауып бөліп, бірін-Қожжан, бірін-Қылыш деп атаған екен дейтін…» Әдемі аңыз жадымызда қалған соң ба қасиетті бабала­рымыздың атын қастерлеп өстік. Жас адамның жанына тыным бер­мейтін «мен кіммін, кімдердің жер бетіндегі ұрпағымын?» деген сұрақтардың жауабын да бабалардан қалған аңыздардан зерделедік. Кейіннен қасиетті бабалардың аңыз-әпсанасы жалғыз маған ғана ыстық емес, өзімдей мыңдаған жандардың діліне діңгек болғанын білдім. Бабалар мұрасын қызғыштай қорып, аңызын жинақтап жүрген жандармен жүздескен сайын қасиетті бабалардың жалғасы екендігіме қуандым. Соларға лайықты болуға тырыстым. Бұл менің жер бетіндегі бақытымның бір белгісі шығар, осы күш өз сүрлеуімді табуға көп әсерін тигізді.

Жылдар өте келе бабалардың мәңгілік мекеніндегі кесенесіне зиярат етіп, шырақшысымен сөйлестім… «Қара су мен қатқан нан жесең де» бабаңның басында отырып, шырағын жақпаймысың» деп өтініш айтқандардың сөзін жықпай, осыдан жиырма шықты жыл бұрын Әли қожа қорымның жанына көшіп келгенін айтты. Ол қырқыншы жылғы соғыстан бері санағандағы бабаның жетінші шырақшысы екен. Жанында екі иті бар, Әли ақсақал тікен-жыңғылы ұйыса өскен жерді тазартып үй тұрғызуға кірісіпті. Алдымен Қожжан қожаның мазаратына баратын жолды түзетіп, ағаш отырғызып күтіп-баптауды да қатар қолына алыпты. Шөлейтті далада құдықтан су шығару да күш болады. Бірнеше рет қазған құдығынан су шықпай шаршап жүргенде, бабалар аян беріп, «мына томардың түбін қаз» деп көрсетеді. Белуарға жетер-жетпестей қазған кезде кәусар су атқылайды. Бабаларының назары өзіне тіктеліп тұрғанын сонда сезген. Артынша аян берілген 90 күннің ішінде үй де салынып, зиярат етушілерге жағдай жасалады. «Ақ пен қара арпалысып жатқан мына заманда менің сөзімді қаперге алатын кім бар дерсіз? Шырақшы біздің ұғымымызда аруақты бабалардың жердегі шырағын жағып, мәңгілік мекенінің күтушісі деген ұғымды білдіреді. Осында жолы түскендердің ешқайсысын алаламай алдынан шығып қарсы алып, құранын бағыштап отыру да шырақшының міндеті. Бәріміз де Алланың алдына барамыз. Біздің міндетіміз – адамдардың күнәсі мен бейнетін азайту үшін дұға оқып, қараланып қалғанның жүрегін ағартуға ниет еткеніміз. Таразыға салынар жүгін жеңілдетуде себеп болуға тырысқанымыз» деген шырақшы Әлиқожа атаның сөзі есімде қалыпты.

Қызылорда қаласының іргесіндегі бабалар мекені – Қожжан қожа қорымы деп аталады. Қыштан өрілген кесенеде Диуана-мәді қожа бала­лары Қожан қожа, Қылыш қожа, Қожжанның оның баласы Болат және Пірзада жерленген. Мемлекет қорығына алынған мәдени ескерт­кішінің құлпытасында «ХҮІІ ғасырдың аяғында салынған» деген жазу қашалыпты.

Бұл 2007 жылдың жазы болатын. Арада он жылға жетер жетпес уақыт өткенде бабалардың кесенесін зиярат етіп, бабалардың басына барудың сәті түсті. Әдеттегідей, дәстүрге айналған құрбан айттың екінші күнінде өткізілетін әруаққа арналып берілетін Ас алқалы жиынға айналған екен. Мұнда жиналғандар дін исламның тарихын сөз етті. Қарттарымыз жастардың санасын тұмандандырып бара жат­қан жат ағымның қатерінен сескенетінін білдірді. Жас өркеннің сол нөпірдің арасынан асылын ажырата алмай жүргені алаңдататынын айтты. Көбіміздің жүрегіміздің түкпірінде жатқан аңыздардың алтын арқауы селдіреп, Алланың хақ дінін Түркістан жеріне алып келіп, дәстүрлі дініміздің негізін қалағандарға құрмет – Аллаға мадақ екеніне шүбаланатыны жандарына бататынын жасырмады. Бұл-дағы қысқа мерзімде айқабақтай өзгеріп кеткен уақыттың таңбасы. Уақыттың табы тереңдей берсе, сананы улап, көзімізді байлап, өткенімізді өші­ріп, өркеніміздің тамырын кеседі деп күрсінді қарттар.

Алаңкөңіл аталар жолыннан жаңылған жоқ. Имамдар құран оқып әурақтарға бағыштады. Қалың жұрт қол жайып Алладан медет тіледі, батагөй қарттың батасына аумин десті. Жиналған жұртқа ақыл қоса келген, астаналық ғалым Досай Кенжетай қазақ мұсылмандығы тарихындағы қожалар рөліне тоқталып, оны қоғамдық институт ре­тінде қарастырды. Ғалым осы басқосудың тәуелсіздігіміздің арқа­сында болып жатқанын атап өтті. Ел егемендігіне ширек ғасыр өтсе де кеңестік заманның серпінінің екпінінен айырыла алмай жатқан жайына тоқталды. «Бұл әсіресе, қожалар институты қақында ерекше байқалады деген ғалым түркі өркениетіндегі ислам дамуын жоққа шығарып, қазақтың ұлттық өзегінен ажыратуға бағытталған ұста­нымды әлі күнге дейін ұрпағымыздың құлағына құйып келеміз» деді. Исламды тереңінен қазып зерттеген ғалымның айтары мол. Ақыл­ды сөзге сусап қалған жұрт ғалымның сөзін қалт жібермей көңілге тоқыды. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы мәдениет және өнер инсти­тутының ғылыми қызметкері Серікбай Қосанов қазақ ханды­ғының 550 жылдығын тойлау үстінде арғы-бергі хандардың тұсында пірлік еткен ұлы бабаларыңыздың қызметі зерттеліп, ұлы тұлғалардың қазақ тарихында лайықты орнын алуға атсалысып жатырсыздар ма деп көпшілікке ой тастады. Дін исламды насихаттауда қожалардан шыққан ақын-жыраулардың алдына шыққан ешкім жоқ деді ғалым. «Қазақ әдебиеті Сыр сүлейлерінің, шайырлардың рухани жырларын­сыз жетімсіреп тұрады», дей келе Серікбай Қосанов Бұхар жырау, Майлы қожа, Мәделі қожа, Шортанбай Қанайұлы тағы басқа жырау­лардың мұрасына тоқталды. Олардың халыққа құран сөзін жеткізудегі дәстүріне тоқталды. Осындай асыл сөздің кені болған жыраулардың ішінде шоқтығы бөлек Шортанбай Қанайұлының жырлары. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана оның жырларын қалың оқырманға жеткізуге мүмкіндік болды деді ғалым. «1880 жылдары Қазаннан Шортанбайдың «Баланың зары» деген жинағы шықты. Ол кезде ақын дүниеден өткен болатын, баспагерлер араб әрпінің бір ноқатынан жаңылысып кеткен болуы керек. «Наланың зары» деген атау көңілге қонады. Мәселе атында емес затында болып тұр. 1915 жылға дейін он екі рет баспа көрген жыраудың жырлары түгіл, өзінің аты күні кешеге дейін айтылмай келді.

«Қайыры жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Жарлы – кедей жоқ десек,

Қорлықпенен күн өтер.

Таңда махшар күн туса,

Таразыны аударар

Жаһаннам деген дозақта.

Шайтан болар жолдасы,

Құбыласын білмей құл,

Сонда тартар жазасын.

Кешірмейді құдайым

Бес намаздың қазасын.

Құрт-құмырсқа жиылып,

Сонда алады мазасын.

Жаһаннамның белгісі —

Жалғанға болар расың»,-

деп заманның зарын болжаған Шортанбай жырлары бүгінгі күннің жоқтауындай естіледі. «Ақырзаман болғанда діннің ілімі кетіп амалы қалар» деп жырлап өткен ұлық тұлғаларымыздың мұрасын әлі де толық зерттеп, халқына жеткізу керек-ақ. Сондай-ақ, ғалым «сіздердің көбіңіз Сыр өңірінде өткен шайырлар мен жыраулардың жұрағатысыздар, әулеттеріңізде ескіден қалған жыр-жазбалар болса ғылыми орталықтарға,тікелей маған өткізуге болады» деп жиналған жұртқа қолқа салды. 

Шежіреші Сейіт-омар Саттарұлы да қадірлі қонақтардың бірі ретінде қауым алдында сөз алды. «Өздерін қожамыз деп айтуға қорқып жүрген заманнан кейін бабалардың басында бас қосып, ас бергеніміз де Алланың берген дәрежесі, отанымыздың басына келген егемендіктің арқасында. Енді ел болып жиылып елдің берекесіне қызмет етуіміз керек. Дін мәселесіне келетін болсақ, қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген мақал бар. Қазақтың қожаларына түс­кен тастың ауырлығы ислам дініне адалдығымен өлшенеді. Осы асқа жиналғанда ас ішіп тарқасу емес, «сіздер жеткізген ислам діні­нің жолынан тайған жоқпыз, сіздер салған жолмен жүріп, сол жол­дың жауапкершілігін көтеріп, ұрпағымызға аманаттаймыз» деп баба­лардың әруағы алдында серт беруге келгенімізді бар жүрегімізбен жария етуіміз керек» деді. Шежіреші: «Алланың Расулынан қалған өсиет бар. «Ей, адамзат мен сендерге үш аманат қалдырып барамын. Біріншісі – Алланың кәләмі – Құран. Екінші менің сүннеттерім, үшінші менің ал-байтім. Әл байт – Алланың Расуының жолын алып жүргендер. Олар кімдер? Дүниежүзінде қожа деп пайғамбардың төрт шадияры:Әубәкір, Омар, Оспан, Әзіреті Әлиден тараған ұрпақты мойындайды. Кез-келген араб қожа емес. Кез-келген оқымысты қожа емес, тек қана төрт әзиздің ұрпағы ғана қожалар. Неге? Алланың Расуынан қалған хадис бар. «Менің төрт шадиярымның біріне қарсы келген адам менімен қарсыласқандай болады. Менімен қарсыласқан құдаймен қарсыласқандай болады» дейді Қазақ жерінде Османның ұрпағынан өзгесі жасап жатыр. Әзірет Әлінің Хүсейіннен және Мұхаммед-Ханафиядан тараған ұрпақтары осында. Арнайы ас беріп отырған Диуана қожа әулеті 760 жылдардың көлемінде шахид болған Әбд әл-Жалел бабтан тарайды» деп пайғамбар әулетінің шежіресін қозғады.

Осы бабалардың жұрнағы режиссер Қалила Омаров «мен оқу біті­ріп келгенімде қарттарымның қаймағы бұзылмаған кез еді. Қызме­ті­ме кірісіп, қазағымның атын шығарып болып қожаларымның тарихына ден қойғанымда қарттарымның дені мәңгіліктің кемесіне мініп кетіпті. Өкініш қалды, бірақ үміт бар. Әлі де бабаларымыздың мұра­сын жаңғыртып, өз биігіне шығармыз деп ойлаймын» деп ойын ортаға салды. 

 

Қожжан қожа мазары 1947 жылы профессор Әуелбек Қоңыратбаев бастаған ғалымдар өтінішімен Сыр өңіріндегі аса құнды, ескі тарихи жәдігер ретінде облыстың мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының тіркеуіне алынған еді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жат­қан ұрпақтарының зиярат етер қасиетті орыны ғана емес, ұрпағын ізгі­лік жолына бастайтын, сол жолда бағытын көрсететін жанып тұрған шамшырағына айналып отыр. Жақсысы, бабалар мұрасын зерттеуге ден қойған азаматтардың да бас қосып кеңес құратын орны да осы қасиетті жер екен.  

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button