Тәзкире-и Бұғра хан

Хожа Фақиһ Аийубтың хикаясы

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Бұл тарауда ғайып ғаламының хас падишасы, айыптардың жабушысы, күнәлардың кешірімпазы, жүректердің зерттеушісі, жер жүзінің ғалымы, замананың теңдесіз жаны (Алла рухын әзиз, пәк қылғай) Фаһи Әийубтың шежіресін баян қылады. Өзі бір заманында тең келерлік кісі болмаған ұлық және данышпан зат еді. Рухани ғылымда тариқаттың халқы оның ғылымынан күн сәулесінен нәр алғандай пайдаланатын. Сол тариқатында назарына іліккен кісі кемелге жететін. Олар тегінде диқаншылық қылып тіршілік ететін. Ата-бабаларының күнкөрісі диқаншылық еді. Әзіреті ұлық кішірек жасында әкесінен айырылған-ды. Анасының қызметінде болу оларға уәжіп болды. Аналарының жанында қызмет жасауды ғанибет біліп, оның қызметін орындап жүріп білім-ғылым алуға да кіріскен-ді. Оқу сабақтары екі әлемнің білімін қамтитын. Медреседе оқып жүргенде бір күн бұл мәртебелінің сыныптастары ғылымын жетілдіру үшін ғаріптік жолын таңдап, сапарға шығуды армандапты. Бұл мәртебелі де ойланып үйіне келіп, өзі-өзіне: «Әй, Фаһи Аийуб, мәслихат қалай болмақ – өзіңнің сабақтастарыңмен ғылым қуып кетесің бе? Немесе анаңның қызметінде болып, соның жанында болам дейсің бе? Егер ғылым аламын дегенді мақсат қылып сапар шексең, Құдай Тағала ғылымы жомарттық жасап ғалым боларсың. Онда ананың ризалығынан махрұм қаласың. Ал, сапар қылмай, ананың ризалығын қаласаң, сабақтастарың ғалым болып келгенде, сөзіңді бір жерге жеткізе алмай олардың алдында ұятқа қаласың. Бір істің болып қалған жағдайында дүниеуи ғылымнан амал таба алмай қалсам, не болар?» деп қатты ойға кетті. Бұл жайында анасына айтуды жөн көрді. Бәлкім, ана бұл әлемнің машақатын түсініп, саған рұқсат беретін болар. Одан кейін барсаң, пайдалы нәтижесін көрерсің…

Ақыры анасы бір жерге барып ұлдарды көрді. Ана келіп, ұлын көргенде ол ойланып отырған-ды. Одан: «Әй, ұлым, сізге не болды. Мұңды, абыржыған халдесің. Саған бір жаман сөз естіртті ме, біреуден бір зәбір көрдің бе?» – деп сұрады. Әзіреті Хожа: «Әй, ана, еш жақтан маған нәхош іс болған емес. Бірақ сабақтастарым арасында ғылым үйрену сапарына шығуды таңдағандармен біраз пікірталас болды. Олар ғылым іздеу сапарынан данышпан болып, менің қасыма оралса, мен олардың алдында еш нәрсе білмей, бір күрделі сөзді еш ұғып, жауап бере алмай жүрсем, оларға «мен анамның қызметін жасап жүрдім» деген сылтаудың еш пайдасы болмай қалады. Сондықтан маған рұқсат берілсе, бұл әлемнің ауыртпалығын өз бастарыңа алсаң, мен ғылым іздеп кетсем, Хақ тағала менің ғылымымды сізді мәңгі азаптан құтқаратын дәнекер болар деген үміттемін. Мен де мәңгі бақытқа қол жеткізер едім. Оның үшін: егер бір кісі баласын ғылымға жіберсе, оны бір ғалымның алдына алып барса, ғалымнан үйренген бір мәселе үшін Әзіреті Хақ Тағала төрт кісіні тозақ отынан құтқарады. Әуелі – әкесі, екіншісі –анасы, үшіншісі – ұстазы, төртіншісі – өзі», – деді.

Сол кезде анасы уайымдап, өзгеше бір халге түсті. Ол: «Әй, перзент, мен сізді не үшін бағып өсірдім. Мен әлсіз де жалғыз қалғанымда, күш-қуаттан айырылғанда менің зарыма [құлақ асып] Құдайдан басқа кім жан айқайыма жетіседі. Мені кімге тастап кетесіз. Сол уақытта қорлық көрсем, кім жәрдем береді. Өлсем кім сүйегімді жерлейді? Сонда мәйітім итке жем болады. Менің кеңесімді қабыл қылып, менің қызметімде болып, менің ризалығымды тіле. Құдай Тағаланың міндетсіз бір күші бар. Бәлкім, ол ғылым теңізінің бір тамшысын сенің жүрегіңе тамызып, саған жарандарыңнан жүз мың есе артық білім беріп, оларды сіздің алдыңызда әлсіз қылып, қайран қалдырар. Әрі мынаны біл, ғылымнан мұрат – амал қылмақ, егер іске асырсаң ғана ұлық боларсың», – деп рұқсат бермеді.

Содан бұл мәртебелі жарандарымен бірге барудан үмітін үзіп, анасының қызметін ғанибет біліп, күндіз-түні барып отын алып келетін. Теңдеп сатып тіршілік ететін. Теңделген отынды үйіне қалап қойып, түнгі мезгілде Құдай Тағалаға құлшылық ететін.

Өмір осылай өтіп жатты. Бірақ ұдайы отындықта жылап-еңіреп жүріп отын алып келетін. Бір күні отындықта жылап отыр еді және өз халіне өкініп отырған болатын. Оның жанына бір ақсақал кісі келіп тұрды. Ол: «Әй, перзент, халің қалай? Не үшін жылап отырсыз?» – деді. Бұл ұлық: «Әй, ата, маған қиын болғаны – сабақтастарым білім-ғылым іздеп сапарға шықты. Менің бір әлсіз анам бар-ды, сол үшін олармен бірге бара алмай қалдым. Мен осылай өз халіме жылап отыр едім. Менің достарым ғалым болып келгенде, халық алдында менің жағдайым қалай болмақ екен?» – деді. Ол мәртебелі: «Әй, Фәқиһ Аийуб, бұл жөнінен қам жеме, Құдай Тағаламен бірге бол. Күнде осы мекенде әзір бол. Мен де келіп, саған сабақ беріп, мұратыңа жеткізермін», – деп ғайып болды. Бұл ұлық жас аса қуанды. Үйіне қайтты. Ертеңгісін тұрып қойнына кітап салып, белдігін беліне байлап, жаяулап барып отынын жинап алып, таңып қойып, ол мәртебелі тағайындаған жерде күтіп отырды. Ол мәртебелі келіп, сабақтарын үйретіп берді. Одан кейін фатиха оқып, әзіреті Фәқиһ Аийубтың мүбәрак кеудесіне дем салып, содан ғайып болып кетті. Күн сайын осылайша сабақ берді. Тоғыз жыл осы жолмен дүниеуи және рухани білім берді. Осылай білім алу арқылы кемелге жетті. Жер жүзінде ғұлама-ғалым болса, ол мәртебелінің алдына шыға алмас еді. Рухани ғылымда әулиелікке жетті. Егер әлемнің төрт бұрышында бір оқиға пайда бола қалса, олардың жайы рухани ғылым/арқасында құпия қалмас еді.

Әл-қисса, бұл ұлық жастың сабақтастары ғылым алып, сапарларынан қайтып келгені мәлім болды. Сол күні сейсенбі еді. Бесін намаз, намаздігер арасы еді. Бұл хабар болды.

Таңда, жұма намазда ол жарандарымен кездескелі [ертесіне] орталық мешітте әзір болған-ды. Бір-бірімен кездесіп, өзара хал-ахуалын сұрасқанда Әзіреті Хожа парасатпен сезді. Бұл жамағат Хожаны бөлектеп, кемсіте қарады. Сол кездегі салт бойынша әр адам өз бойында білімі болса, жұмада мешітке кіріп, мінбеге шығып уағыз айтып, халыққа үгіт-насихат айтатын еді. Одан халық олардың білімінен хабардар бола алатын. Сол заманда кенеттен Әзіреті Қызыр (ғ.с.) әзір болып келді де: «Көрдіңіз бе, сіздің сабақтастарыңыз ілгергідей қарамайды. Бүгін сенің күнің. Оларға кезекті алдырмай, мінбеге шығып, уағыз айтың. Әр нәрсеге тәлім беріп едім – солардан айтың. Олардың мінбеге шығуын келесі аптаға қойың», – деді. Хожа: «Әй, мәртебелі, әр нәрсе біздерге айтып едің. Сондай қылайын», – деді. Әзіреті Хожа Фәқиһ Аийуб әзіреті Қызырдың (ғ.с.) рұқсаты және нұсқауларымен жұма намазды оқығаннан кейін мінбеге шығып әдеппен жүгініп отырып, әзіреті Хожа Қызырдың (ғ.с.) тәрбиесі бойынша уағыз айтуға кірісті. Әр нәрсеге Әзіреті Қызырдың нәпсісінен айтып еді. Әзіреті шейхтің нәпсінен де солай айтылды. Сол күні үлкенді- кішілі мәжілістегілердің баршасы жылап, сонда болды. Аспан мен жер тым-тырыс сілкінді. Әуеліде сабақтас болған серіктері Хожаны кемсіте қарап еді. Бірақ та оның уағыздарына қайран қалды. Хожа Фәқиһ Аийуб уағыз соңында халық тарқағанға дейін мәжілістегі барлық жұрт хақында фатиха оқып, мінәжат етті.

Ол: «Әй, жарандар, кешіріңдер. Мен пақырдың сіздерге артық сөз айтуға хақым жоқ. Бірақ қажет жағдайда сіздердің ашық көңілдеріңе шүбә түсіп, мені шеттетпеу керек-ті. Сіздер сол себептен күнәһар болмағай. Сіздер, осыны һәм біліңдер. Құдай Тағаланың мейірі кең және жалпыға бірдей. Алланың дәргаһына ғаріптікте, жолаушылықта, өз Отанында болғандардың бәрі бірдей», – деді. Мәртебелінің бұл сөздері ол жарандардың жүрегіне қатты әсер етті. Бәрі де: «Адал достықпен мойынсұнамыз», – деп шәкіртшілік уәдесін беріп, барлығы да шәкірт болды.

Әрқашанда бұл мәртебелінің қызметінде болды. Осылай екі жыл өтіп, жарандарға дәріс берді. Одан кейін анасы бұл дүниеден өтті. Одан соң мәртебелі [Фәқиһ Аийуб] бұл өмірдің бар қызығынан өзін босатып, тақуалық тауқымет жолын өзіне қажет санап, оңаша қалуды таңдады. Өмірде көңілі қалған заттарды, әуестік нәпсіні тастап, тауқымет жолымен өзін тазарту жолына түсті.

Күнде бұл мәртебелі Әзіреті Хожа Қызырмен (ғ.с.) бірге сұхбаттасып отыратын. Екі жыл дәл осылай өтіп, мәртебеліге зор кереметтер мүмкін болды. Сондай кереметтер бұл мәртебеліден көрінді.

Әл-қисса, керуен Милтан тарапынан алтын мен күмісті, ақша-малдарды есепсіз көп алып келген-ді. Күсән өзенінің жағалауына жеткенде екі күн сол өзеннің жағалауында тұрып қалды. Керуеншілер арасынан бір сорлы үлкен күнә жасады. Бұл бейбақтың күнәсінің кесірінен Құдай Тағала ол керуенді судың астына жіберді. Әрі ол пасық барлық малымен бірге суға батып ағып, сол өзенде өлді. Өзге керуендердің малдары ағып, өздері аман-есен қалды. Өйткені, керуен бұл пасықтың пасықтық істерін көріп, оған кедергі жасамағандары себепті сол апатқа лайық болды. Керуеншілері жоғары-төмен жүгіріп, ойбайлап айқай салып, еш амалын таба алмай жүргенде, сол уәлаяттан бір кісі келіп, бұлардың жағдайын көріп, хабардар болды. Ол: «Әй мұсылмандар, бұл еңіреп зарлауыңыздан еш пайда жоқ. Сіздердің істің дәрмені – бұл өлкеде Фәқиһ Аийуб атты бір әзиз болмақ. Оның кереметтері шексіз. Сіздер оның алдына барып, жағдайды айтың. Бәлкім, сіздердің халіңізге жаны ашып, сіздерді бұл қайғыдан құтқарар», – деді.

Керуен жұрты бұны естіп, еңірей зарлап Әзіреті Хожаға келді. Хожа бұ жамағаттың халін көріп, рақымы келді. Олардың өтінішін қабыл алды. Олардың арасынан бір кісі: «Әй, мұсылмандар, егер Хожа сіздерге медет көрсетіп, Құдай Тағала бұл бәледен құтқара қойса, Хожа қай мөлшерде садақа-нәзір талап етсе, сіздер тарту етесіз», – деді. Олар бәрі бір ауыздан: «Малымыздың жартысын Хожаға беруді мақұлдаймыз», – деді. Бірақ Хожа қабыл қылмады. Халық оған көнбеді. Соңында Хожа үштен бір бөлігіне келісті. Хожа асатаяғын қолына алып дарияның жағасына келді. Түбіне қарап: «Ақ», – деді. Бұл мәртебелінің сол сөзі естілген сәтте өзенде бір тамшы да су қалмады. Тоқтап қалған су халықтың көзіне таудай көрінді. Әзіреті Хожа керуеншілерге «пұл-малдарыңды өзеннен тауып алың» деп айтты. Бұл халық Әзіреті Хожаның әмірімен пұл-малдарын тауып алды. Сол сәтте өзеннің төменгі жағындағы халық келіп тұрған еді. Жоғары жақтан бір кісі келіп: «Қара, көтекте су жиналып қалды» деді. Сол себептен ол жерге «Қаракөтек» деп ат қойды. Керуеншілер пұл-малын тауып алған соң Хожа дауыстап: «Әй, өзен, ақ және өз қалпыңнан асып тасыма», – деді. Әзіреті мәртебелінің бұйрығымен өз қалпынан аспай ақты. Өзен үш күнге дейін бір қалыптан аспай ақты.

Бұл үш күннің ішінде жиылып қалған су тәмам болды. Одан кейін керуеншілердің көңілі тыныш тапты. Шашылған пұл-малын жинап алып, уәде қылған пұл-малын Әзіреті Хожаға алып келді. Әзіреті Хожа дұға қылды. Одан кейін бұл пұл-малдың бір бөлігін кедей-кепшікке нәпақа қылып берді. Қалғанын Құдай Тағаланың жолында дәруіштер үйін салуға өзінде сақтап қойды. Одан басқа Құдай жолында тағы да тоғыз дәруіш үйін салуға ниет қылды. Бұл тоғыз дәруіш үйлердің бірін өзінің тірісінде даярлады. Және өзі сонда болып, дәруіш үйін жасау пікірінде еді. Сонда ишарат болып сүйінші хабар жетті: «Әй, Фәқиһ Аийуб, ілгерідегі әулиелердің салтымен Меккеге баруың керек».

Бұл хош хабар жеткен соң Хожа Меккеге тауап етуге бел буды. Жолға шығып, Хижаз шаһарына жетті. Сол шаһарда Хижаз шейхімен кездесті. Бұл екі әзиз бір-бірімен сұхбаттас болып дос, бауыр болуға уәде етті. Бұл уәдеден кейін Хожа: «Әй, дін бауырым, менің сізден үмітім маған уақытында әзір болып келсеңіз. Менің өз уәлаятымда Құдай тағалаға қызмет жасаймын деген «нәзір» қылып едім. Бұл дәруіш үйлерінің біреуінен өзгесін жасауға қолым жетпеді. Бұл пұл-малды өзге жұмысқа жұмсай алмадым. Өзім жасай алмасымды білемін. Сол үшін ол дәруіштер үйінің міндетін сізге тапсырамын. Мейір көрсетіп, бұл «нәзірді» менің мойнымнан алып, осы қайғыдан мені құтқарың, сонда, бауыршылық хақты орындау – Алланың жолында зая кетпес», – деді. Әзіреті шейх Хожаның өсиетін орындауға бұ қызметке уәде қылды. Ол: «Әй, Хожа, Алла Тағала жеңіс берсе, мен ол істі жасайын», – деді. Одан кейін Хожа көңілі тынышталып қажылыққа жол тартты. Қажылықты орындап, тоғыз ай Меккеде болып, одан соң өз уәлаятына келіп бір жыл, бес ай өмір сүрді.

Бір күн отырып еді. Әлемнен кетудің хош хабары айтылды. Дәруіш үйінің төбесіне шығып қатты дауыспен: «Әй, шейх, сапарыңның уақыты жетті. Енді сапарға шығуың керек», – деп, айғайлады. Одан соңыра бұл мәртебелі сырқаттанып қалды. Әрі жеті күн төсек тартып жатты. Сосын Хожаның мүридтері жиналып келді. Олар: «Әй, мәртебелі, әзіретіміздің жағдайы мынау, оған бұл әлемнен сапар шегу хабары келді. Одан кейін сұңқар құсы тән қапасынан ұшуды қалады. Бұл топырақтан болған тән топыраққа қайта барып тыныш табады. Сонда дәруіштердің мәслихатына кімді лайық көрер, өзінің орнына кімді қоя-дүр?», – деді. Әзіреті Хожа: «Әй, дәруіштерім, қам жемеңдер. Дәруіштердің жайын ойланып, бір кісіге тапсырдым. Менің қырқым болған күні менің мазарымды екі жандық алып келерсіздер. Оны бауыздап қазанға салып, отқа қоясыздар. Бірақ ол ешқашан қайнамайды. Сонда бір кісі әзір болып, бір тұтам отын алып ошаққа салады. Сонда дереу қазан қайнайды. Ол кісіні өздеріңе халифа қылып, менің орнымда деп білің. Өздерің іс басына қойың. Әр нәрсе бұйырса орындаң. Қиын істерге тап болсаңдар, Құдай Тағаладан жәрдем сұрап, мен пақырдың рухынан көмек тілеңдер», – деп жанын Хаққа тапсырды. Әлемнен кеткен соң бір кісі түсінде көрсе, әзіреті Шейх ақ кебін, ақ сәлдемен жүр екен. Одан: «Әй, шейх, Құдай Тағала сіздерге не тарту етті?», – деп сұрады. Бұл мәртебелі: «Маған сыйлағаны – өткен ұлықтарға не сыйласа, соны тарту етті. Құдай Тағала сондай», – деді. Дұрысын Алла біледі.

 

Мәтіндерді көне түркі тілінен аударған
филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан

imac Review Overview

DESIGN - 83%
DISPLAY - 78%
PERFORMANCE - 91%
SOFTWARE - 73%

81%

Great

Don’t act so surprised, Your Highness. You weren’t on any mercy mission this time. Several transmissions were beamed to this ship by Rebel

Get It Now
User Rating: 4.45 ( 4 votes)

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған