Тұрсынай апамның айтқандары

e67ec824afbc9f855ad850f1b49c5b05_XLОңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының тұрғыны жетпіс сегіз жасар Тұрсынай Қалиқызының айтқан əңгімелерінен

Біздің əулетті Сармолда əулеті деп те атайды. Ол өз заманында ел билеген болыс-билермен үзеңгілес болыпты. Жетім-жесірдің қамын жеп, кедей-кепшіктің ақысын алып берген өте əділетті, өткір болған екен. Шын аты Сүлеймен болса да, Сармолда қожа деп айтатын. Мен шежіреге Сүлеймен (Сармолда қожа) деп түзеттім. Бұл Əжінің балаларының басшысы, жігерлісі, үлкенге де, кішіге де сөзі өтетін азамат екен. Ол 19-ғасырларда өмір сүрген.

***

Алакөл, Бозкөл арасында аталарымыз қайықпен қатынаған екен. Бие байлап, қымыз ашытыпты. Суға құлаған жылқылар құйрықтарымен суды шапақтап тұрады екен. Ол заман да өтті ғой. Қазір сол көлдердің кепкен арнасы ғана қалды. Сол заманда қара-қожалар «Алтайдың арынынан, Қиғаштың қия соққан желінен, қырсығынан сақта» дейтін көрінеді. Ол кісілер қапаланса, «сен бе» десе де, одан жақсы болмайды екен. Қиғаш – Байторының баласы, Алтай- Батшаның баласы. Алтай бабамызды “Тілеулі ата”, кейде “Майасар ата” деп атайды екен. Себебі, əрбір бейсенбі күндері əрбір үй есігінің алдына барлық ыдысындағы сары майын алып шығып, жас балалары “Майасар ата, Тілеулі ата біздің үйге келсін” деп тілек тілейді екен. Сонда бабамыз майды жұмырымен жұтады екен, бірақ бұл сырт көзге солай көрінгенімен, пейілі түскен адам оның астындағы арыстанының майды асап жатқанын көреді екен. Бабамыз əрекідік «тойдың ба, жануарым?» деп қояды екен. Содан соң «ал, балам, тілеуіңді тіле» деп бата беріп кетеді екен. Адамдардың тілегі қабыл болып, ол кісіні содан Майасар ата, Тілеулі ата деп атап кетіпті. Қазіргі таңда ол кісінің зираты Жаңақорғанда, əлі күнге адамдар тілегін тілеп, зиарат етіп тұрады.Сапардың «көкірегінен сақта» деп те айтады. Жантемір баласы – Сапар, оның баласы – Оқас. Сапар əлденеге риза болмай, көкірегін көтерген адам оңған емес екен. Міне, қасиетті кісілерге қиғаш келіп, қапаландырудан қорыққан екен. Текті адамдардың мінезі де тік келген ғой…

***

Үлкен той болып, аламан бəйге басталады. Сармолда атамыз да жүйрігін бəйгеге қосады. Жүйріктің шабандозы өзінің тоғыз жасар немересі – Əбибулла. Жас бала құлап қалмасын деп аттың еріне арқанмен байлап қояды. Сармолданың Яхуда деген ағасы да сол тойда екен. Сармолда «Яхуда, бəйгенің алдынан жеткен қараға көз салмашы» деп өтініш айтады. Ол келісімін берсе де, думанның дүбірінен айтқан уəдесі есінен шығып кетіп, алыстан «Бір қара көрінді!» деп айтып қалған екен. Сонда, Сармолда бірінші көрінген қара – өзінің жүйрігі қарауылға бірінші болып жеткенде жануарды «Құрбандық»деп тамағынан орып жіберіп, немересі Əбибулланы ақ киізге орап, ешкімге көрсетпестен алып кеткен екен.

***

Садық қожа еңселі келген, өте келісті жан екен. Бірасқа келіп, атының үзеңгісінен бір аяғын алып, енді аттан түсе бергенде, алдынан шыққан бір қара: «Пай, пай, қожаның келісті келбетін-ай! Сіздей қожасы бардың арманы жоқ қой!» деп тамсанған екен. Құрбан екінші аяғын үзеңгіден алмастан, атының басын кері бұрып еліне оралыпты. Ел шетіне жете бере, дүниеден озыпты деседі.

***

Біздің əулетті «балықшылар» дейтін себебі бар. Аталарымыз Бозкөл, Алакөлден ау тартып, балық аулайтын. Қоғадан себет жасап, ірісін сүзіп алып, майда шабағын суға қайтып жібереді екен. Аулаған балығын асып жеудің де сəні болды. Піскен кезде сүзіп алып шалдарға апарады екен. Олар былқылдап асылған балықты майда қылтығынан айырады. Етінен ажыраған қылтықты кемпірлер қазанға салып қуырып жіберіп, келіндер келіге салыпмайдалап, сосын диірменге тартып ұн қылып, балықтың сорпасына салады екен. Жүгерінің ұнынан жасалған зағара күлшені сорпаға салып пісіріп, балықтың піскен етімен араластырады. Мұны қарма дейді. Астың жұмсағын қарттар жесе, ауылдың келіндері сорпасын ішеміз деп келеді екен. Содан болар, Айқожа ишанның ұрпақтары біздерді «балықшылар» деп атап кеткен екен.

***

Айқожа ишанның баласы Əззам ишан дегенмен бірге тұрдық. Оқас атамның Үріш деген қарындасын алған. Əззам ишанның шешесі Əніш бибі еді. Шалы өлгеннен кейін ишандықты ешкімге бермей, ишанның орнына балам ишан болады деп, баласынан көп үміт күткен болатын. Əззам ишан өте реңді, мінезді əрі білімді болып өсіпті. Айқожа ишанның он екі ұрпағының бойжеткен қыздары Əззамға көңіл білдіріп, сыйлық беріп жібереді екен. Əніш бибі оңашада, ана ишанның қызын алсақ, мына ишанның қызын келін қылсақ деп еміреуін білдіреді екен. Əззам үндемейтін болса керек. Сөйтіп жүргенде Əззам Оқас атаның үйіне келеді. Үрішті көріп, «Оқас қожа қарындасын берер ме екен?» деп сыр тартады. Оны қасындағы кісілер Оқасқа жеткізіп барады. Оқас: «Əззам айтса, мен беремін» деп бір мал сойып, құда түсу ырымын жасап та қояды.

Содан Үрішке Əззам ишанның құда түскені еліне жетеді. Əніш бибі, он бір ишанның қызы жақпай,балықшының қызын таңдады деп көңілі толмайды. Əніш болашақ келінін сынамақ болып, бір есекке жаман тоқым салып, шашы жалбыраған бір қызға жетектетіп, Оқастың ауылына келеді. Ауылдың үлкендері бір тойға кеткен екен. Ол кезде той десе ауылдың үлкендері түгел жиналып барады ғой. Құдайы қонақпын деп Əніш бибі Үріштің үйіне келеді. «Шырағым-ай, құдайы қонақ едім. Бір жаққа бара жатыр едім, кешігіп қалдым, – деп төрге шықпай, – осы жер де жарайды» деп босағаға отыра кетеді. Үріш кемпірді қолынан сүйреп, төрт қабат көрпе салып, төрге шығарады. Тамақ беріп, жайын жасайды. Бибі Үрішке шашын қаратып, əңгімеге тартаты. Ауылда қалған жастарға ес болып қалған Əйкел деген əжеміз бар екен. Жүгіре басып, үйге келіп, Əнішті шырамытып, Үрішке: «Əніш бибі келген бе, неғып қашпай тұрсын енеңнен?» депті. Ақылды Үріш: «Əніш бибі Əніш болып келгенде қашам, қазір келген құдайы қонақ» депті. Əніш бибі болса: «Қой, адам адамға ұқсайды мен Мейірман молданың қызымын, Оқас қожа тойға кетті деген соң, төркіндерімнен хабар бар ма деп келдім» депті. Сөйтіп отырғанда, он екі ишанның бірі Реметтің Əжіман деген қожасы келіп қалады. Жеңгесін танып, «Тəңір алғыр, Əніш, неғып отырсың?» деп шошып кетеді. Қайнысы «өзіңді өзің əжуалап, неғып жүрсің?» десе керек. Сонда Əніш бибі «адам адамға ұқсайды, мен ол емеспін» деп бұрылып жүріп кетеді. Соңынан қуып жеткен қайнысына Əніш бибі «Ауызбастырығыңа бір жорға беремін, сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын» деген екен. «11 ишанның қызының бəрі бір Үрішке татымайды, баламның таңдағанынан айналайын» деп, Үріштің құрметіне тəнті болады. Үріш ұзатыларда Оқас қожаның апасы Жаңыл: «Сен Əззамның бибісі болып барасың, қырық күн аш отырсаң да табалдырықтан аттап шығып, ас сұрама» деп жаңа жердегі жайын түсіндіреді. Үріш оң босағасынан ұзатылып, келін болып түскен соң, Əніш бибі «балықшының» қызын тағы сынамақ болады. Қазан-аяққа араластырып, келген жұртқа қызмет көрсетіп, жұмсамақ болады. Үріш өз орнын біліп, міндетін орындап, артық мінез көрсетпейді. Үріш апамыз өте шебер, ісмер адам екен, тігісін тігіп отыра береді. Шаруаға да араласпайды. Енесі жас келіннің отауына тамақ-шайын жібертпейді. Біраз күн өткенде, Əніш бибі, амалы таусылып: «Ишанның қатыны аштан өліп қалмасын, тамақ апарып беріңдер» деп мойындаған екен.

***

Бұл – өткен ғасырдың басында болған оқиға. Тұрсын атамыз Арқада жүрген кезі екен. Еліне қайтпақ болып, қалаға келсе, қаптап жүрген орыстарды көреді. Олардың «пожалыста», «пожалыста» дегенін «қожаны ұста» дегені екен деп келген ізімен кері қайтады. Ондағы ел, қожамыз келді деп қуанып, Тұрсын атын өзгертіп Келгенбей атап кетіпті. Келгенбайдан тарайтын ұрпақтарының бəрі Арқа жақта тұрып жатыр. Күн қожаның 4 баласы – Тұрсын (Келгенбай), Ашамай, Қорғанбай, Еспенбет болған. Қорғанбайдың ұрпақтары Шымкент, Жетісайда. Ашамайдан Дүкенбай, Қыпшақбай, Тұяқбай. Қыпшақбай мен Тұяқбайдың ұрпақтарынан дерек жоқ. Еспенбет бабамыз Ақтауда жерленген деген дерек бар.

***

Бірде Нұғманұлы Қасым атамды құтырған ит қапқан екен. Содан атамыз қырық күн бойына ешкіммен тілдеспей Құран кітабын оқиды да отырады екен. Сонда қырқыншы күні ит атамыздың түсіне жылап кіріп, «қашан көрсем де дəретсіз отырмайсыз. Құраныңыз қолыңыздан түспейді. Амалым не, мен кеттім» деген екен. Атамыз түсін Мəнсұр ағамызға айтып, «қызыл бəле кетті» деп, қой сойып, садақа таратып, ауруды жеңген екен. Сол құран əулетімізде əлі күнге дейін сақтаулы тұр. Жақында білдік, Құран кітап осыдан 105 жыл бұрын басылып шыққан екен.

***

Қасым атамыз 1946 жылы соғыстан оралды. Саратов пен Орынбордың арасында поезбен майданға зат тасиды екен. Атамыздың кезекшілігінде зат түгел келсе, өзгенің кезегінде тиелген зат жолай жоғалып, санағанда кем шығады екен. Сондай адалдығына көзі жеткен командирлері: «Ей, Нұғыманов, молодец, адал адамсың, сенің кезекшілігіңде бір түйме де кем шықпайды» деп алғысын айтады екен.

Жүсіпұлы Əбибулланың ұрпақтары Жетісайда тұрады. Ол туралы мына екі оқиға есімде қалыпты. Соғыстан кейінгі жылдары ауылымызға жер аударылып келген этнос өкілдерінің жаман əдеттері жергілікті тұрғындардың қытығына тисе керек. Сонда Əбибулла халықтан аттылы қол жинап, бір түнде жер ауып келген жебірлерді төсегінен тұрғызып алып, каналдың суына батырыпты. Ишан-молдаларды ізіне түсіп жүріп, ұстатып берген Сəрсенбай деген ноғай болыпты. Əбиболла Жүнісұлы Жетісайдың базарында Сəрсенбайды көріп қалып «ана ишан қайда? мына мағзұм қайда?» деп сатқынды аттың бауырына салып сабаған екен.

***

Ақырғы пайғамбарымыз өмірден өтерінде барлық ұрпақтарын, сахабаларын, үмбеттерін жинап, қоштасып, “егер тілім тисе, ренжітсем, кешіріңдер” деп кешірім сұрапты, Сонда көптің ішінен бір кісі шығып «менің Сізде ақым кетіп барады, Сіздің қамшыңыздың ұшы маған тиіп еді» дейді. Сонда пайғамбарымыз «ақыңды ал» деп қасына келеді, ал əлгі адам тақсыр «Сіз атта, мен жаяу болатынмын» дейді де, атқа отырып, арт жағынан келіп, пайғамбарымыздың желкесіндегі мөрін көріп тəуетеді, “Егерде кімде-кім осы мөрді көрсе, сол адам екі дүниеде де бақытты деген еді, мені кешіріңіз, мен бүкіл ұрпағыма нəсият етіп айтамын Сіздің ұрпағыңызды сыйлап өтуге” деген екен, Қара қожаның қызын алмайды деген міне осыдан шыққан. Алса, оның да серті бар. Қараның қызындай көріп балағаттап тілін тигізбеген. Қожаның қызын алған еркек əйелінен бұрын төсекке жатпаған. Онда да төсектің аяқ жағынан келіп, қойнына кіреді. Рас-ау, қараның ауру қызын қожаға беріп, мынау «нəзір» өзің емдеп ал дейтіні бар. Қожаның кеселді қайтаратынын біледі. Ал оның қаны тұқымына берілмейді ме?! Менің Əбділда күйеу балам бірде қаралардың «Қожалар андай, ожалар мынадай» деген сөздеріне ашуланып кетіп: «Қожаны құртқан сендер, қайдағы ауру, қояншық, қыздарыңды қожаға байлап, тұқымымызды тоздырдыңдар!» дегенде жиналған қаралар үндемей жер шұқып қалған екен…

***

Емшектес болмаса, қожалар үш атадан кейін қыз алысып, қыз беріскен. Оның да жолы, өз əдебі бар. Мен келін болып түскенде «Сені келін демейміз, сəлем салма, ізет көрсетсең болды. Атамыз Құрбан шайыхтан шаңырақ қалған жоқ, қыздан туған жұрағатсың, келін десек, əруаққа шет боламыз» деп алақандарына салып, құрметтеп еді. Ізіме ергендердің бəрі «əпшелеп» тұрады.

***

Анам Құрбанның қызы Хадиша, қалай ақылды болған. Шешем диуана қожа, менің барған жерім диуана, бірақ сүйегім – сейіт қожа. Анамыз екі қызбен қалды. Сонда «Екі қызым өзімде, емшектесім жоқ. Менің қыздарымды кім іздейді деп, үлкен қызы мені немере ағасының баласына, кіші қызын əкесінің немере ағаларына береді. Сонда екі жақтан да қол үзбейді» деп, бізді ұзатты. Енді, міне, диуананың да, сейіттің де үлкені болып мен қалдым.

***

Анам ақылды адам еді. Мен он жеті жасымда, сіңілім он бесінде ұзатылды. Сіңілім жас қой деп едім, анам: «Балам «тық деген тауыққа тиеді. Сенің босағаңда түрткі болғанша, өз босағасында табағын жаласын» деп еді. Артынша анамыз дүниеден өтті. Бірдеңені білген екен ғой…

***

Бақмамбет Қаратай қожаның немересі – Ержан бізге жиен болып келеді, Алматыға дін қызметкерлерінің білімін көтеру курсына барады. Оқуға Қостанай облысынан келген бір жігітті көріп таң қалады. Жүріс-тұрысы, реңі, сөйлеген сөзі, менің ұлым Əбдімəліктен аумайды екен. Құтты сойып, қаптап қойғандай. Сұрастырса, жігіт «пайғамбар əулетіненбіз» деп айтады. Ал, қай ата екенін айта алмапты. Ержан дереу Əбілдаға телефон шалып, екеуін сөйлестіреді. Ол жігіттен арғы аталарында Мырза қожа, Ырза қожа бар ма деп сұрапты. Жігіттің тегі Мырзақожаев болып шығады. Менің аталарымның

екі бауырын іздестіріп жүргенімді біледі ғой. Содан «Сенің аталарыңның туыстары Шымкентте, Түркістанда, Жетісайда. Сені іздеп жүрген апаң бар!» деп сүйінші сұрайды. Мырзақожа мен Ырзақожа қожаларды қынадай қырған сүргін кезінде елден ажырап, Арқа жақта қалған екен. Кеңестің қылышынан қорқып, тегін де жасырған болуы керек.Ұрпақтары тек пайғамбар əулетінен екенінен басқа ақпарат білмесе керек. Алайда жеті атасын сұрастырып Байторының Қиғашынан – Жүнісқожа, Садық, Сыздық, Ырза мен Мырза туады ғой. Міне, Мырза қожа аталарымыздың жалғасымен осылайша қауыштық.

Ендігі арманым – Ырзаның ұрпағын табу дейді Тұрсынай апа.

Сондай-ақ, оқыңыз

Бәйменқожа (Баймұхаммед)

Бәйменқожа – 1850 жылы Жаңақорған  ауданына қарасты Аққорған елді  мекенінде дүниеге келген. (қазіргі Түгіскен кеңшары). …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған