Басқы бет / Ғақлиат / Хикметтер (жалғасы)

Хикметтер (жалғасы)

33-хикмет

Әркім көрсе жамалыңды, дүние ісін бәрбад етер,

Ертелі-кеш тыным таппай, бір Құданы жар егер.

Кім осындай күйде болса, Хақ та оның жадында дүр,
Әрлі-берлі жүрсе осылай, жады менен пәруәз етер.

Есіл-дертім дәйім Сенің, жадыңда мен болсам екен,

Бағыш етсең, мың-мыңдаған күнәнарды азат етер!

Мағрифаттың майданында көңіл-күйін гүл шат етер.

Дүнияны тәрк әйлаған, Хақ пен өзін «сауда» етер.

Даналарың болса ғашық, арқа-жарқа сайран етіп,

“Әстәғнатты” тілек етіп, Кәміл пірді қалқан етер!

Таңғажайып қарап тұрсаң, бұ Құданың істері мол.

Бірді қара күйедей ғып, бірін аппақ шаңқан етер!

Көңіл үшбу дүние үшін, жапа шегіп жүрер талай,

Ақыр соңы бұл жалғанды, жермен жексен талқан етер!

Ертелі – кеш арзу қылсаң, Хақ дидарын айта жүргіл,

Таза қылғыл бүл көңілді, бір күн сені шәрмәндә етер!

Ей, Құл Қожа Ахмет, қамкөңілдің көңілін аула,

Ақылы дал жандар бейқам, өзін-өзі жат жан етер!

 

34-хикмет 5 – хикметке ауысқан
35-хикмет

Әулиелер айтқан күн келді-ау, деймін,

“Қияметің” жақындап қалды-ау, деймін,

Есті құлдар не боларын білді-ау деймін,

Елден, жұрттан мейір-шафқат кетті достар!

Үлкеннен де, кішіден де әдеп кетті,

Қыз-келіншек, жастардан да ұят кетті,

“Ұят барда иман бар” – деді Расул,

Не бір сұмдық “ғажайыптар” келді достар!

Мұсылмандар, мұсылманға тиді қатал,

Нахақ сөйлеп Хақ істерін қылды бекер,

Мүрид пірін, көрмей кетті өзі қатар,

Ғажап сұмдық заманалар келді достар!

Бұл дүниелік халықтарда сахауат жоқ,

Патшаларда, әкімдерде әділет жоқ,

Дәруіштердің бойында да қасиет жоқ,

Түрлі бәле халқымызға келді достар!

Ақырзаман ғалымдары залым болды,

Қошеметшіл жағымпаздар ғалым болды,

Хақты айтқан дәруіштарға ғаным болды.

Заман азып, небір сұмдық болды достар!

Қиямет күн жақындады, қалғаны жок,

Құл Қожа Ахмет айтқанының жалғаны жоқ,

Өзіне де бір жақсылық қиғаны жоқ.

Насихатын халыққа айтып кетті достар!

 

36-хикмет

Махаббаттың зәрін татқан диуаналар

Қиямет күн ауызынан от шашар достар!

Құдіретімен жаратылған жеті тамұқ,

Ғашықтардың зарлауынан қашар достар!

 

Дозақ жылап зарын шақса бір Құдайға:

“Ғашықтардың зарына бұл жан шыдай ма?!

Қашып келдім, Хақ тағала қыл бір айла!”

Ғашықтардың көз жасынан өшер достар!

 

Ғашықтарың жиналып бір жүріп барса,

Зарларынан дозақ қорқып бұғып қалса,

Тұла бойын аққан жасы жуып барса,

Жеті қат көк тақат қылмай көшер достар!

 

Рахман Ием сақилық қып берсе шәрбәт,

“Кешірдім”-деп бар күнәңді етсе шафқат,

Ожданымнан қашса сонда шайтан лағнат,

Күнә басқан көкірек кірін ашар достар!

 

Ғашық жолын Хақ жолында пәк ұстаса,

Шын ғашыққа бар ықыласын бағыштаса,

Кешірім ғып екі әлемге шаһ істесе,

Ғашық көңілі Хақ тағына ұшар достар!

 

Сұбхан Ием шырын шәрбәт берсе маған,

Зікір зарын айта-айта қылсам тамам,

Хор қыздары, періштелер болар бодан.

Ұжмақ кіріп сый-сияпат етер достар!

 

Алла деумен көрден тұрсаң өлем күйер,

Жас орнына қан ағызсаң жаны иер,

Шын бәндәм деп Рахман Ием сонда сүйер.

“Әлхамды” айтса шайтан лағып қашар достар!

 

Мен айтпай-ақ, Алла өзі шешім қылды,

Адасқан ем, мейірім қылып жолға салды.

Ғаріп болып нала қылдым, қолымды алды,

Сондай ғашық кәусар суын ішер достар.

 

Құл Қожа Ахмет, бейғашықтың ісі қинар,

Махшар барса, Хақ көрсетпес оған дидар.

Ғаршы-гүрсі, Лауқылмахфуз бәрі бизар.

Бейғашыққа дозақ есік ашар достар!

 

37-хикмет

Көзім жаста, жан қапаста, тәнім өлік,

Қандай амал етерімді білмен достар!

Бұл қасіретте өксуменен жасым төгіп,

Қай тарапқа кетерімді білмен достар!

 

Түрлі-түрлі ғаламаттар келді қайдан?

Жүрегімде жарақаттар болды пайда,

Бұ дүнияда бір күн азат болмақ қайда?

Қандай амал етерімді білмен достар!

 

Алла үшін перзенттерім жетім қылсам,

Жаннан безіп, малдан безіп, ғаріп болсам,

Баябанда жалғыз қаздай нала қылсам…

Қандай амал етерімді білмен достар!

 

Шын кұлдардай түніменен қайым болсам,

Шын мүһміндей күніменен сайым болсам,

Ертелі-кеш Алланы айтып дайын болсам…

Қандай амал етерімді білмен достар!

 

Бейғам жүріп, азып-тоздым тағатым аз,

Өтті өмірім өкініш пен қыспенен жаз,

Дайын тұрар көңіл құсы қылса пәруаз.

Қандай амал етерімді білмен достар!

 

Дихан ба ол, кетпен шауып дән бермесе?

Жадырай ма, райхан гүлі нәм бермесе?

Құл Қожа Ахмет Хақ жолында жан бермесең?

Қандай амал етерімді білмен достар!

 

38-хикмет

Ғашық сырын баян қылсам ғашықтарға,

“Тағат қылмай басын алып жөнер достар.

Тау мен тасқа басын ұрып, естен танып,

Ел-жұртымен мал-жанынан безер, достар!

 

Ғашық зарын басқа түскен ғашық білер,

Тасжүректер таспен атып, оған күлер,

Диуана деп басын жарып, тәнін тілер.

Шәкір болып, “Хамдусана” айтар, достар!

 

Бейғашықтың әм жаны жоқ, әм иманы,

Расул Алла сөзін айттым, мағына-мәнін.

Қанша айтып қақсағанмен, білген кәні!?

Бейхабарға айтсам көңілі қалар, достар!

 

Ғашық гәуһары тұңғиықта сыры терең,

Жаннан кешіп, гәуһар алған, ол, Ер-ерен,

Көрсе қызар ғашықпын дер тұрып төмен.

Ар-иманын көк тиынға сатар, достар.

 

Отқа күйдім, жаннан тойдым, қайран болдым,

Ол қандай от? Күймес, жанбас бір жан болдым,

Махаббаттың мұңын шағып көзден қалдым,

Көзі ашылған мұратына жетер, достар!

 

Ақ жыла да зар еңірегін рахым қылсын,

Жол адассаң, рахымы келіп, жолға салсын,

Әмин-дегіл пірің келіп, қолыңды алсын,

Қызмет қылған мұрадына жетер, достар!

 

Заман ақыр болған білем, пейіл кетті,

Расул Алла айтқандары келіп жетті.

Шын құлдары жақсы сөзге ықылас етті,

Құнтсыз құлдар бірте-бірте бітер, достар!

 

“Күнінде бір бітер” деді Хақ Мұстафа,

Үммет болсаң, құлақ салғыл, дүние жапа,

Жақсылардың ақыры қайыр,бәдға қапа!

Қиямет күн жазаларын тартар, достар!

 

Пасық, зұлым таза жүріп жерді баспас,

Руза, намаз қаза қылып, таспих аспас.

Расул Алла өсиетіне құлақ аспас,

Күнәлары күннен-күнге артар, достар!

 

Дүниеқорлар малын көріп маза қылар,

Менмендерге Алла өзі жаза қылар,

Өлерінде Иманынан ада қылар,

Жан берерде қасірет тартып кетер, достар!

 

Дүниеқоңыз көп жандарды көзбен көрдім,

Өлерінде, қалайсыз?-деп халін білдім,

Шайтан айтты:Иманынан жұрдай қылдым!

Жан шығарда жылай-жылай кетер, достар!

 

Құл Қожа Ахмет ғашық болсаң жаның исін,

Сертте тұрып, Алла дегіл, Тәңірім білсін.

Дұға қылғыл мүһмін құлдар малын қисын,

Малын қимай ақыретке жетер, достар!

 

39-хикмет

Махаббаттың шәрбәтінан ішкізбесе,

Жаным, ділім қасіретпенен кетер достар!

Алла жадын өрт әйләмай өлер болсам,

Есіл ғұмырым арманменен өтер, достар.

Алла деген шын ғашықтар пырақ мініп,

Құштарлықтың михнатына мойынсұнып,

Тарихаттың базарында серуен құрып,

Хақиқаттың дариясынан өтер, достар.

 

Хақиқаттың дариясына шомған кісі,

Өзі мұңлық, көңілі сынық, көзде жасы,

Қорлық, зарлық, машақат дүр сыбағасы.

Хақ дидарын арман қылып кетер, достар!

Хақиқаттық ғашықтардың нәпсісі өлік,

Үш жүз алпыс, төрт жүз қырық төрт бәрісұлық,

Сөзі шырын, көңіл қошы жүз құбылып,

Бұ дүнияны көк тиынға сатар, достар.

Нағыз ғашық болам десең, азап тартқыл,

Хақ асылына жетем десең, күн-түн қатқыл,

Бұ дүнияның қызығынан басың тартқыл.

Басың тартсаң, менмендігің кетер, достар.

 

Қияметтің қаталдығын білмегендер,

Тар ләхәдтың шын азабын сезбегендер.

Қаһарынан қорқып жасын төкпегендер,

Дозақ барып жүз мың азап тартар, достар!

 

Уа, дариға, өтті ғұмырым біле алмадым,

Жаннан кешіп Хақ құзырына бара алмадым,

Нәпсім тыйып, Хақ әмірін қыла алмадым.

Өліп барсам қасірет маған жетер, достар.

 

Өтті ғұмырым шариғатка жете алмадым,

Шариғатсыз, тарихатқа өте алмадым,

Хақиқатсыз, мағрифатқа бата алмадым.

Ауыр жол түр, пірсіз қалай өтер, достар?

Құл Қожа Ахмет, нәпсің салды осы жолға,

Соның үшін қаштым, достар, шөлден-шөлге,

Алла деп еш қарамадым оң мен солға,

Алла деген, бал шәрбәттан татар, достар!

 

40-хикмет

Жаратқан бір Алланың жолын тұтып,

Шайтан малғұн жолынан қайтқын, достар.

Ынт-шынтыңмен махабаттың дәмін татып,

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар.

 

Хақ зікірін айтып ішкен тәтті шарап,

Жол үстінде ғазиз басың болар топырақ,

Алла үшін бауырым кәуәп, халім харап.

Жан – діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар.

 

Босағаға басым сүйеп, зар илесем,

Елге зікір айтқандарға жәрдем берсем,

Зікір айтып, сол сұхбатта дүрлер терсем,

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар.

 

Амал қылмай жүргендердің қолы тимей,

Өліп барса, тар ләхәдта жаны күйгей,

Расул Алла: – Дінің кім? – деп ашу қылғай.

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар.

 

Мүңкір-нәңкір: – Раббың кім? – деп сауал қойғай,

Хал ғылымнан бір нүктесін кем қылмағай,

Бұл қасіретте амалсыздар еңіреп тұрғай,

Жан -діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар.

 

Алла деген кәусәр суын пайда қылар,

Ақыретте Алламенен тіл табысар,

Амал қылған шын ғашықты дана қылар.

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

Халің – шырақ, әлің – пілте, майың – жасың,

Қанша айтсамда бәһра алмайды-ау, не қыласың?!

Жол үстінде жалғыз қалсын ғазиз басың!

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар.

 

Ессіз ғалым бойұсынбай жолда қалар,

Оқып, ұқпай дүние-малды ойға алар,

Менмендікпен ессіз өмірің зая болар,

Жан діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

Зәһәр ішіп, тәнін тозар ғалым болсаң,

Махшар күні қолың тұтқай онда барсаң,

Өкінішпен бармақ шайнап жолда қалсаң?!

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

Ғалым ол дүр, намаз оқып, тағат қылса,

Хақтан қорқып, ақыреттің қамын қылса.

Құран оқып, Хақты ойлап зар жыласа,

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

Ол ғалымның екі көзі бұлақ болар,

Таң сәріден ерте тұрып, жылап тұрар,

Күйіп-жанып, Хақтан медет сұрап тұрар.

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

Қорлық тартқыл кәпір нәпсің жырақ кетсін

Өмір бақи бұ дүниеден жылап өтсін,

Топырақ болғыл бәрі сені басып өтсін,

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

Қорлық көріп, Хақ Мұстафа үммәт – деді,

Хақтан қашқан үммәттардың қамын жеді,

Қамқорлық қып, үммәттарға қуат берді.

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

Басы қатып, бауыры езілді үммәт үшін,

Үммәт десе көкірегінен шықты түтін,

Хақ тағала қалдырғай деп бізді бүтін.

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар

 

Құл Қожа Ахмет алам десең Хақтан үлес,

Баязидтей нәпсіңменен күн-түн күрес,

Ей, бейхабар, үммәттарға бұл бір кеңес.

Жан-діліңмен Хақ зікірін айтқын, достар!

 

41-хикмет

Исмағұлдай жанды кұрбан қылмайынша,

Көрермін деп дидар арман қылма, достар.

Жаннан кешіп тарихатқа бармайынша,

Ғашықпын деп жалған уәде қылма, достар.

Ғашықтық ол – ұлы арман білсең мұны,

Михнатпенен сынар болар Тәңірім сені,

Азаппенен михнат тартып күні-түні,

Бір Алладан көңілді өзге қылма, достар.

Тарихатқа тәкәббарсып кірмейді олар,

Жан пидасыз жолға қадам ұрмайды олар,

Нәпсісі өлмей Хақ жолында болмайды олар,

Иман таппай сірә жолға шықпа, достар.

 

Ғашық жолы тар жол-тайғақ болмақ дұрыс,

Мұнда жылап, ақыретте күлмек дұрыс,

Ақша жүзің жапырақтай солмақ дұрыс,

Мұндай болмай ғашықпын деп айтпа, достар.

 

Ұстаздардың қызметіне қыл ықтияр.

Өздігімнен жолға түстім деме зинһар,

Біле – білсең тарихаттың қатері бар,

Қалауыңсыз үшбу жолға түспе, достар.

 

Ұстаздарға қызмет қылсаң, нәпсіге апат,

Надандарға не айтарсың, қылмас тақат,

Адал құлдар бұ жолдарды көрер рахат,

Өліп-тіріл дидар көрем десең, достар.

 

“Әл кәззабү лә ита үммәті”-деді сізге,

Әз Мұхаммед расулдан күдер үзбе.

Жалғаншыға жәннәт жай жоқ онда мүлде,

Жалған сөйлеп, имансыз боп кетпе, достар.

 

Малын, жанын тәрк етпейше көрмес дидар,

Дидар көрсем деген ғашық жанын қинар,

Сол ғашыққа Хақ – тағала дидар сыйлар.

Дидар көрмей сырдан хабар алма, достар.

 

Сырдан хабар алмағандар бейғам болар,

Ол ғашықтың үй-орманы ойран болар,

Ғашық жолда жан бергендер жанан болар,

Өліп – өшпей жаннан хабар алма, достар.

 

Құл Қожа Ахмет, бастан кешпей арман қылма,

Ел ішінде ғашықпын деп аузыңа алма,

Ғашықтықтың жолы орасан ғафіл болма,

Рафіл болған Хақ дидарын көрмес, достар.

42-хикмет

Махаббаттың балып татып, басы айналған,

Диуананың махамына кірдік, достар.

Ашты – тоқты, пайда – зиян ойламаған,

Дел – сал болып зікірге бас ұрдық, достар.

Басын жерге ұрғандарға дүние харам,

Отан – жайдан, дүние – малдан кешті тамам,

Таң сәріде Хаққа сиынып жылар мүддәм.

Содан кейін зікірге бас ұрды, достар.

 

Басын жерге ұрған достар өзін білмес,

Бей-жай жүріп дүние – малды көзіне ілмес,

Мың сан адам “тақсыр” десе, риза болмас,

Дүния тәрки зікірге бас ұрар, достар.

Көзі тоймай, зікірге бас ұрған жәһіл

Хақтың атын бір сәт айтпай жүрер ғафіл.

Дәруішпін дер, қу дүниеге көңілі мақұл,

Дүние үшін зікірге бас ұрды, достар.

 

Жаннан безбей, зікірге бас ұрмақ қата.

Сұбхан Ием оған қылмас иман ғата.

Бой ұсынып, жанын – тәнін қылмас сафа,

Арсыздықпен зікірге бас ұрды, достар.

 

Ей, осындай надандардан үміт қылсаң,

Ойы бұзық, нәпсісі зор ұлықты алсаң…

Қайыр-шафқат алармын деп үміт қылсаң,

Шайтан малғұн ноқта салмай мінді, достар.

 

Жаннан безбей, басын ұрса, Құдай безер,

Күйзелгеннен, қара жерде күдер үзер

Бар тілегім, көрсетпесін оған дидар!

Діннен кешіп зікірге бас ұрды, достар.

 

Диуаналық халге жетпей басын ұрар,

Хақ Мұстафа ондайлардан қашып тұрар,

Сауаптарын, күнәлары басып тұрар.

Күнә тілегі зікірге бас ұрды, достар.

 

Шәбли ғашық құлдық ұрды нұрды көріп,

Мұстафаны көрген замат сәлем беріп,

Дүние қамын талақ етіп, көзін жұмып,

Адал құлдар зікірге бас ұрды, достар.

 

Шәбли ғашық жылап айтты:-«Иә!-деп расул,

Бейтақатпын құлдық ұрсам әм мен мәлүл.»

Расул айтты:-Інша Алла қылғай қабыл!

Рұхсат сұрап зікірге бас ұрды, достар.

 

Құл Қожа Ахмет зікірге бас әркім ұрмас,

Мазақ үшін зікір салса, жәннәт бармас,

Бұл рауаят бір сыр еді естен қалмас.

Хақты тауып зікірге бас ұрды достар.

 

43-хикмет

Шариғаттың шартын жақсы білген ғашық,

Тарихаттың тәлімдерін білер достар.

Тарихаттың бар тәлімін ада қылып,

Хақиқаттың дариясында жүзер, достар.

 

Хақ дидарын көріп болмас күн-түн ұйып,

Шын ғашығы қолдамаса, көңілі сүйіп,

Хақиқаттың дариясының жағасы ұйық…

Көзімді ілмей Хақ дидарын көрдім, достар.

 

Аяу, ғашық, бұ дүнияда михнат тартқыл,

артқан зәбір-жапаларды рахат деп біл,

Зікір салған жерге барып бас шұлғығыл.

Бас шұлғыған мұрадына жетер, достар.

 

Бұ жолдардың азасы дүр қайғы, михнат,

Михнат тартып, жапа шегіп көрер рахат,

Сәһәрларда зар илесең хош сағадат,

Уһілеумен бұ дүниядан өтер, достар.

Жан-ділімен жылағандар көргей опа,

Сұбхан Ием Хақ дидарын қылғай ғата,

Өз еркіңсіз жолға шықсаң, оның қата.

Жолға шыққан үмітіңді үзер, достар.

 

Уа, дариға, өтті ғұмырым білмей қалдым,

Сұм дүниенің айла-амалы шырмап алдың,

Дүние қуып, діннің ісі ұмыт қалдың.

Біле алмадым, халім қалай болар, достар?!

Махаббаттың шәрбатынан татпағандар,

Баязидтей өзін-өзі Сатпағандар,

Дүние қуып, сол бетінен қайтпағандар,

Хайуан шығар,-бәлкім, одан бетер, достар!

 

Ғашық болсаң, Хақ жолына ұрғыл қадам,

Дүние қамын талақ қылғыл мыслы Адһам,

Ақылды алсаң дүния үшін жемегін қам,

Қиямет күн жазаларын берер, достар.

Сыр шарабын ішкен ғашық өзін білмес,

Қу дүниенің қызықтарын көзге де ілмес,

Жүз мың рет насихатта, қыртына алмас.

Мәз-мәйрам боп өз-өзімен жүрер, достар.

 

Рауз әлсат:-Раббің кім?-деп сауал койғай,

“Қалу бәла”-деп Рухтардан жауап алғай,

Хазіреті Тоба рухтар үшін өзі келгей.

Ондай ғашық, Хақ дидарын көрер, достар.

Құл Қожа Ахмет, ғашық болсаң, малдан безгіл,

Ақыреттің азабынан еңіреп егіл,

Жарандардың істегенін сен де істегіл,

Еңбек еткен мұрадына жетер, достар.

44-хикмет

Хаққа иланып, мүһмін болсаң тағат қылғыл,

Тағат кылған Хақ дидарын көрер достар.

Мың сан бәле басқа түссе, төтеп бергіл,

Сонда ғана ғашық сырын білер, достар.

 

Ғашықтары зар жылаумен жолға шықты,

Әр не жапа көрсе, оны Хақ деп ұқты,

Ризалықпен жер астына басын сұқты.

Зар жылаумен таң сәріде тұрар, достар.

 

Ей, достарым, білмедім ғой мен жолымды.

Ізгілікке бумадым ғой мен белімді,

Ғайбаттан да тыя алмадым мен тілімді,

Надандығым мені рәсуе қылар, достар!

 

Ертелі-кеш биғам жүрдім зікір айтпай,

Іждаһатпен көпке дұрыс пікір айтпай,

Махаббаттың базарында өзім сатпай,

– Нәпсім менің үсті-үстіне тілер, достар.

 

Нәпсіңді сен еркінсітіп қойма мүлде,

Ішпей-жемей тағатпенен болғын күнде,

Бір күні Хақ көрсетеді дидар сізге.

Тағат қылған онда дидар көрер, достар.

 

Ей, ғафылдар, Хақ зікірін айтпай қойма,

Дүние боқтың зәрредейін алма ойға,

Жарандардың ізінен ер сен де қалма,

Жолға түскен ақыр мұрат табар, достар.

 

Уа, дариға, арманменен жасым да асты,

Нәпсі нәһән адастырып аран ашты,

Көңіл құсы көкке самғап, рухым ұшты.

Ғафіл жүрген ғұмырын желге шашар, достар.

Дидар керем деген құлдар бидар болар,

Жүрсе-тұрса дамыл таппай, зікір салар,

Іші-сырты ондай құлдың нұрға толар.

Алла нұрын ондай құлға төгер, достар.

Білген ғашық бекер жанын отқа жақпас,

Дертсіздерге ғашық өрті от тұтатпас,

Дүние сиқыр арбаса да қия баспас.

Ықылассыздар бейғамнан да бетер, достар.

 

Құл Қожа Ахмет бәндә болсаң жылап жүргін,

Махаббаттың мәжілісіне барып тұрғын,

Ахметтің азасы дүр, қайғы кұрғыр…

Қайғы жұтқан сырдан хабар алар, достар!

 

45-хикмет

Көңіл құсын ұстай алсаң бал татқызар,

Көкке самғап, ғаршы-гүрсі қонар, достар.

«Құлмын» деген дәйім тынбай зарын айтар,

Ғашық отына бауыры езіліп жанар, достар.

 

Бейхабарлар ғұмырын бекер желге шашар,

Надандық пен жәһәннәмға кетер, достар,

 

Ақырзаман шейхі түзер келбеттерін,

Тақуалыққа түспей бұзар ниеттерін,

Кәдімгідей соғар суайт “өсиеттерін”.

Бетсіздікпен халыққа арын сатар, достар.

 

Иә, надан, ғұмырың сенің өтер желдей,

Көз жасың да ағар дәйім аққан селдей,

Сонда сені дәргәһінан әрі итермей,

Ием сүйсе сені азат етер, достар.

 

Надандықпен ғұмырың сенің өтсе,-айып,

Жаныңменен пірге жүгін қолын жайып,

Содан кейін дәргәһіңа бол лайық.

Пір тұтқандар мұратына жетер, достар.

 

Кұл Қожа Ахмет хикмет айтып, жыла сәһәр,

Жарандардың үлфәтінан алып хабар,

Сөз асылын білгендерге сөзім гәуһар.

Ашу, ыза баққан құр қол қалар, достар!

 

46-хикмет

Ал, достарым, Алла жадын дәйім айтқын,

Алла жады көңіл құлпын ашар, достар.

“Астағфируа астағфирды” тынбай айтқын,

Шайтан малғұн тәннен шыға қашар, достар.

 

Шайтан малғұн сізге дұшпан, дайын жүргін,

Ертелі-кеш Алла, Алла деп жанып жүргін,

Тар ләхадқа енер кезде нұрға толғын.

Періштелер Алла нұрын шашар, достар.

 

Алла нұры қабір ішін раушан қылғай,

Періштелер нұр жүзінен сәуле құйғай,

Мүһмін пенде оны көріп қайран қалғай,

Бүл пәнидің жарығынан қашар, достар.

 

Барша әруақ жиылып келгей мүбәраққа,

Халайықтар еге болғай тәбәрікқа,

Дұға қылып қайтқаннан соң қалар артта.

Барша әруақ сүйіп бір-бір құшар, достар.

 

Жеті қадам шыққаннан соң мүңкір-нәңкір,

Айбат қылып, кіріп келер апыр-топыр.

Екі көзі отша жайнап жаны шошыр…

Нұрды көріп, тағзым қылып пысар, достар!

 

Мүңкір-нәңкір тергемей-ақ нала қылар,

Көздің жасын ағызумен науа қылар,

Хақтың жадын айтып, өзін ауа қылар.

Көкке самғап, аспан-сарай ұшар, достар!

 

Алла сұрар: «Неден қорқып, не жыладың?

Шын құлымнан қабір ішінде не сұрадың.

Ей, биәдеп, құлақ салып не аңладың?»

Мүңкір-нәңкір сонда тұра қашар, достар!

 

“Күндіз-түні, жатса-тұрса менің атым,

Куәлігін қолына алған ол пәк затым,

Ондай құлдың иманы бар, маған жақын”,

Бұрынғы өткен күнәларын кешер, достар.

 

Күнәларын Хақ кешіріп назар салар,

Жан-жағына жатқандары шәкірт болар,

Одан кейін барша әруақ әзір тұрар,

Қабірстанға Хақ Рахманын шашар, достар!

 

“Бихамділла, жақсы келді, біз құтылдық,

Қабір ішінде бар азаптан азат болдық.

Неше жылдар мүрде болып бастырылдық!?”

Дұға қылып Хаққа қолын жаяр, достар.

 

Мүңкір-нәңкір жылап айтар: -”Сен білерсің,

Ұлы Алла не қылсаңда көндірерсің,

Мейірім қылсаң жолсыздарға жол берерсің!”

Сәждә қылып шәкірт тілін ашар, достар.

 

“Лә іллаһа илла Аллаға” шәйдә болған,

Дидар үшін бұл пәниде рәсуә болған,

Дүние тәрки ақыретті ойына алған,

Хауыз-кәусәр шәрбәтінан ішер, достар.

 

Әуел баста тағдыр жазса Хақ жамалын,

Жүз мың шайтан қас қылса да жоқ зауалы,

Күннен-күнге жақсыланар хал-ахуалы.

Дана болып Хақ жолдарын ашар, достар.

 

Махаббаттың майданында серуен салған,

Хақиқаттың дариясынан гәуһар алған,

Мағрифаттың жиһаздарын көп жинаған,

Жүрген жерде дүрр гәуһар шашар, достар.

 

Ғашық сол дүр, Хаққа жанын кұрбан қылса,

Зікірін айтып, сәжде қылып, сәһәр тұрса,

Жарандарға мейірім етіп сауап алса,

Сұлтан болып, дүрр гәуһар шашар, достар.

 

Хақ тағала еркін алса, мұнда тұрмас,

Ишандығын міндет қылып жұртқа жаймас,

Оған әр кез, пақыр, міскін құрбы-құрдас,

Ғаріп болып, ойран болып көшер, достар.

 

Құл Қожа Ахмет нәпсіңнен зор бәле болмас,

Жер мен көктің бәрін жисаң, сірә тоймас,

Топырақ болып жерде жатса, сонда да өлмес,

Нәпсісі өлген, Хор қыздарын құшар, достар!

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Бұ жолдар көнермейтін, кірленбес жол

100-хикмет Әзірейіл бір күн келер қаһарланып, Асыл тәннен, ғазиз жанды бермек керек. Баяны жоқ бұл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған