Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Болашағымызды бағамдаған бабаларымыз-ай!

  Өткен жазда  Қарағанды облысының Шет ауданының 90 жылдығы мен Қанайұлы Шортанбай ақынның 200 жылдығына шақыру алып, қажы Есенғараев Әли, Мәді қажы Диуана қоғамдық қорының басшысы-Жәнібеков Жұман және осы жолдардың авторы  – мен барып қайттық. Аталмыш тойға Астанадан інілерім Маханбетов Кеңес, Нүрекеев Бауыржан қатысып, қатарымызды көбейтті.

Сол күні  Шет ауданында болып, баба басына құран бағыштадық. Екі күнге созылған той шараларына түгел қатысып қайттық. Аудан орталығындағы бұрын Қанайұлы Шортанбай атында болған мұражайды тамашаладық. Бізбен бірге жазушы, этнограф, зерттеуші Шортанбай жайлы көптеген ғылыми мақалалардың авторы, Құрмет орденінің иегері Кәміл Жүністегі ағамыз болды. Ойламсыз бір аудан әкімінің әрекетінен мұражайдан Қанайұлы Шортанбайдың есімін алып тастағанын қынжылы баяндады. Бұл әрекетке біздерде іштей өкіндік.

Сол той-шарадан алған әсерім түрткі болған болу керек, сонау әлімсақтан бері қарай бабаларымыз  қазіргі тәуелсіз қазақстан деп әлем картасына енген, халқы аз жері кең әрі бай, Қытай мен Ресей сынды алпауыт мемлекеттердің ортасында тұрған  қасетті мекенді біздерге мансұқ етуі сынды   тарихи миссиясын қалай жүзеге асырған деген сауал ойымды он тарапқа жүгіртіп, әртүрлі жауаптар тізбегін алдыма тарта берді. Осыншама кең жерді біздерге жеткізуде сол кездегі бас идеология болған Ислам дінінің ролі ерекше болған – ау деген тоқтамға келдім. Осы бағытта өзінің шығармалары мен Ресей отарлаушылығына қарсы тұрған күрескерлердің алдыңғы қатарында Шортанбай Қанайұлы (Молла Әли Мұхаммед) тұрды.

Жеке басым кейін білген, таныған күрескер Ш.Қанайұлы кім?  Ол 1818 жылы үш жүзге ортақ Қожа руынан шыққан. Қазақ ішіндегі қожалар жұртымыздың исламды ұстануында, Құдай, Құран сөзін тануында яғни ұлттың рухани ұйысуы жолында игілікті қызмет атқарғаны белгілі. Шортанбайдың, Күдері қожа Көшекұлының, Мұхтар Әуезовтің бабаларының Сыр бойынан шығып, Сарыарқаға келгендігі мақсаты да осы болатын.

Енді Шортанбай бабамыздың ата тегіне тереңірек үңілсек. Хазірет  Әліден бастау алатын 32 атада тұрған Мәді (Маһди) -Диуана кожаның Қылышынан тарайтын ұрпақтың өкілі. Қылыштың 6ұлының үлкені Көшектен Күдері ақын ал Смайылдан Айтқожа, одан Қанай, одан Шортанбай сонда Күдері мен Шортанбай бабаларымыз немере болып келеді. Күдерінің тікелей ұрпағы қазақтың Қалтайы, биыл 90 жылдық мерейтойы аталынып жатқан драматург Мұхамеджанов пен осы жолдардың авторы, ҚМУ-дің профессоры Қазбай Құдайбергенов.

Шортанбайдың әкесі Қанай Арқадағы Айыртауды (Ақадыр маңы) мекен етіп, Сарым ішіндегі Нақып қожаның қызы Шүкіманға үйленеді. Сауатын ауыл молдасы Ибырайымнан ашқан Шортанбай кейін Шаяндағы медіресені тәмамдап, онае Бұхар оқуын бітіріп, 17 жасында шамасы 1895 жылы елге оралады. Шортанбайдың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары Бәйіш атты қызы болған.

Шортанбай бабамыздың шығармаларына ғылыми тұрғыда сараптама жасау менің қолымнан келе қоймас. Бұл ретте менің жерлес інім ғалым, ғылым докторы Бауыржан Омарұлы «Зар заман әдеиеті» (Астана 2005 ж.). монографиясына, саналы ғұмырын Зар-заман жыршысы Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығына арнап келе жатқан -ағам Кәміл Жүністегінің әр уақыттарда жарық көрген еңбектеріне, 2011 жылы шыққан Шортанбай Қанайұлы қай заман атты жинаққа сілтеме жасаумен шектелемін. Бұған дейін Шортанбай еңбектерінің 1870 жылы Санк Петербургте басылған В.Радловтың 10 томдық әдеби жинағының 3 томына енген 5 діни қиссасын; «Киік», «Шарияр», «Құбас» «Бозторғай», «Құсайын қиссасын» – атап өткен жөн. 1882 ж.бастап өлең, толғаулары жинақталып бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Оларға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды Құдай атқаны», «Атамыз адам пайғамбар», «Өсиет-насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға» т.б. еңбектері енген.

Шешендігімен де, білімділігімен де, көзге түскен Шортанбайды Жамантай, Құсбек төрелер әрә әкесімен немере, Құнанбайды аға сұлтан сайлатқан Күдері қожа щақыртып Қарқаралыға барады. Сөйтіп 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы аға сұлтандыққа сайланар жиынға қатысады. Жиын ұзаққа созылып, билердің сөзі әр қилы шығып, Құнанбайды сайлау сайламасы екіұдай дау туғызыпты. Сонда Күдері қожа Орта жүздің барлық билеріне арнап басалқы айтады:

Атаннан артық тусаң ту ұстарсын,

Ез болсан тезегінді уыстарсын.

Біріңді бірін түртіп не қыласың,

Түсің бір иісі қазақ туысқансың,

Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе,

Көнеден арнасы бір әз емес пе.

Қарадан қан болсада реті бар,

Салмаңдар қу кеңірдек, қыл өңешке- деп тақпақтап өлеңдетіп:

Тұз болмаса ет бұзылады,

Дін болмаса ниет бұзылады

Ел-ерімен көркем,

Жер-көгімен көркем.

Ақылы асқанды хан тұт,

Білімі асқанды пәр тұт.

Жақсыңды қадірле,

Жаманыңды тәрбиеле.

Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,

Соқпақ көргенді жек-деп, «әңгімені төлдете бермей, төрелі сөздің түйініне келіңдер» деген екен. Орта жүз билері Күдері қожа Көшекұлының уәжді сөзіне құлақ асып Құнанбайды бір ауыздан аға сұлтандыққа сайлайды.

Қарқаралыда Шортанбай інісі Күдерімен бірнеше жыл тұрады. Осы жерде ол Арқаның сөз өнері жүйріктерімен сан рет кездесіп шыңдала түседі. Міне осы қалада жас Шортанбайдың Тарлан ақын Орынбаймен айтысы өтеді.

ХІХ ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген Шортанбай белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес. Барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қныс қысымы, отаршылдар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар т.б.. Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алып сатарлар, саудагерлер екенін айқын суреттеді. Патшалық ресейдің ең ілкі тырнағына ілінген Сарыарқа, Еділ, Жайық, Есіл, Ертіс жер суларының шұрайлы бойларынан айрылу Шортанбайдың шымбайына қатты батты. Осы кезде Шортанбай жайлы кейбір зерттеушілер оның өмірден түңілген, жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Бірақ оның қалдырған өлеңдеріне тереңірек бойласақ, ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерілілік, үмітсіздік емес батыл күреске үндей, оптимистік, шынайы патриоттық сезім екенін көрсетеді.

Шортанбай Қанайұлының (Молла Әли Мұхаммед) шығармаларын қазіргі ұрпаққа жеткізу мақсатындағы үлкен істер рухани жаңғыру аясында Ел басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін жандана түсті. Қараша айының соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының мәжіліс залында «Зар заман жыршысы» атты Шортанбай Қанайұлының 200 жылдығына арналған деректі фильмнің тұсау кесері өтті. Калилла Омаров жетекшілік еткен арнайы экспедиция Алматы-Талдықорған-Астана-Қарағанды және ақынның мәңгілік мекені Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауданында болып зар заман жыршысының ізі қалған жерлеріне тағзым етіп, нақты құжаттар мен археологиялық ескерткіштерді жинақтады. Деректі фильмде жыраудың мұрасы жайлы сыр шерткен ғалымдар: Жамбыл Артықбаев, Нұрлан Дулатбеков, Марат Әбсеметов, Қанипаш Мәдібай, Мұхамедғали Әбдуов, Жандос Смағұлов, Қабылсаят Әбішов, Бақытбек Смағұлов және жазушы Шортанбайтанушы Кәмел Жүністегі жыраудың мұрасы туралы ой бөлісті. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Алмасбек Нұрмаханұлы шәкірттері мен бірге ақын  жырларын орындады. Қызылордадан шақырылып барған біздер: Жәнібеков Жұман, Мәжитов Нұрпейіс және осы жолдардың авторы Қазбай Құдайбергенов деректі фильм туралы өз ойларымызды ортаға салдық. Қазіргі уақытта аталмыш фильмді Қызылордалықтарға жеткізу бағытында біршама жұмыстарды қолға алудамыз.

Қазбай Құдайбергенов, ҚМУ-дің профессоры

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жабу