Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Заман ақыр

Шортанбай Қанайұлы

Абібі ақ сәруәрдайын

Абу Бакр, Омардайын

Осман, Әлі Қайдардайын

Әділ патша табылмас-ты.

Жақсыны көзден салмаңыз,

Жақсыдан қапыл қалмаңыз,

Тәңірім қылған оларды

Аяғынан алмаңыз.

Әрбір жұртқа, әр топқа

Алтын сақа табылмас-ты.

***

Бас ауырса тәуіптерді

Алып келіп бақтырарсың.

Жын-бәлекет қашты деп

Өкпеменен қақтырарсың.

Жақсыдан тұмар алып

Мойнына тақтырарсың,

Тура  құрық салған болса

Дертке шипа табылар ма?

 

Қатының өлсе қайғырарсың,

Кеміген болып қалсаң керек.

Көрінгенге көз саларсың

Онан-мұнан қарманып,

Бәз біреуін  алсаң керек,

Төсек қалың салсаң керек,

Өзіңді өзің бассаң керек.

Бәріңізге жүзі қызыл,

Қасы қара кездесер ме.

Бір кеткен соң қамқорың,

Ата-анаң табылмас-ты.

Ажал келіп маңдайыңда

Біткен болса не қыларсың?

 

***

Балаларың мектеп көрсін

Әркім мәселе сұраса

Оған баға табылмас-ты.

Көп мұсылман пақыр болар

Тамам жерлер тақыр болар

Пақырлардың халін сұрар,

Қайырлы байлар табылмас-ты.

Бұл дүниеге көңіл қойма!

Қонақ келсе арық сойма,

Есің болса өзіңді ойла,

Алты құлаш бөзден басқа

Артық пұл да табылмас.

Жарлы екен деп аямас,

Бай екен деп сыйламас,

Әлін адам ойламас,

Өлімге қайла табылмас.

Бір шыбындай жаннан кешіп,

Қатын, бала малдан кешіп,

Дүние тәрі болған да,

Кеш те, күндіз зар жылап

Тғат, тақия қылмасаң

Рәһәтсізбен жатқанға

Құдай дидары табылмас.

***

 

Қан қылып, сурет қылып

Жан салып, нәр ішіріп

Шешесінің қарнында

Тоғыз ай, он күн кешіріп

Жылатып жерге түсіріп

Әуелгідей мұныңды

Пана қылса керек-ті.

Ақыл беріп,  ақ жүз беріп

Қуат қылса керек-ті.

Он екі жасқа кім келсе

Құдайыны  бір білсе,

Басқадан өзін кем көрсе,

Кісіні өзінен ұлық көрсе,

Мұндай кісіні әр топқа

Аға қылса керек-ті.

Тағат қылса Аллаға,

Күнде барса молдаға,

Қағаз қалам алғанға,

Рахмет жауар жалғанда.

 

***

 

Бір пара қылса да ұрлықты

Ұрлықтың түбі қорлық-ты.

Кісіге қылады зорлықты.

Мұның орны жендет-ті

Басы жерге жеткенше

Қоя білмес қарлықты.

Құлағына алмайды

Құдай салған жарлықты.

Мұның орны жаман-ды.

Лепсе болса керек-ті

Қапыл адам жетеді.

 

***

Бір күн тәубе  қылайын

Бір күн тәубе қылғанша

Үзіп жұлып алайын

Аузыма алып салайын

Жас  уақыт тауба қылғанша

Қартайғанда құдайға

Мұқым жатып жылайын.

Өлшеп берген өмірін

Зая қылса керек-ті.

Бір параны, е, құдайым

Алтын таққа міндіріп,

Дәулет- күшін қондырып,

Пәрменіне жұртын көндіріп,

Бағындырып, нандырып

Ел басы қылса керек-ті.

Жастыққа басың жеткенде

Жалынарсың малыңа

Жан алқымға келгенде

Кім сұрайды халіңді.

Шашыратпай қаныңды

Суырып алар жаныңды,

Әзиз жаныңды денеңнен.

Жақсылық қылса керек-ті

Қасықтап жиған мал қалар,

Сайманменен үй қалар,

Ұлан, ұсақ қыз қалар,

Ағайынның басында

Айғай салса керек-ті.

Сені тез жөнелтер

Жеңсіз көйлек кигізіп

Үш жеріңнен бүргізіп,

Қатты жерді ойдырып,

Топырақпен бастырып,

Дұға қылса керек-ті.

Бұл көзіңді оттай қайнатып

Ауыр күрзі ойнатып

Мүңкір, Нәңкүр періште

Сені көрден оятып

Сауал қылса керек-ті.

 

***

Заманы ақыр хандары

Қасындағы сұлтаны,

Тақ үстінде жұртына,

Тұтып тұрғандары,

Жарлыдан алып байларға,

Ақыл қылса керек-ті.

Заман ақырдың қожасы,

Қайырылып келер есікке,

Бұл үйде кім бар екен деп,

Көзін салар тесікке.

Бала-шағасын бастырып,

Төрге шығып отырып,

Дұға қылса керек-ті.

 

Заманақырдың молдасы

Бек үлкен келер сәлдесі

Бауыр қыла көрмеңіз

Рас емес оның дұғасы.

Қолына пайда түскен соң,

Жарым дейді оның бағасы.

Көрмей, білмей біреуге

Куә болса керек-ті.

Заманның шұнақ биіне

Барар болсаң алдына,

Құлағын салар жаныңа,

Қарайды қашан қолыңа,

Қарайды да, жүз, малыңа

Жүре берсе керек-ті

Заман ақырдың байлары –

Ұлық көрер өз басын,

Кісі келсе дәулетті

Оған берер бар асын

Телміріп келсе бір кедей

Көзінен төгіп көз жасын

Бермек түгіл, бейшараны –

Ажуа қылса керек-ті.

Заман ақырдың қатыны

Артына тастап ұятын,

Қиямет күні ол қатын

Жаза тартса керек-ті.

Заман ақырдың жастары

Ата-анасының көзінше

Қол салысып, ойнасып

Ойнағаны күлгені

Зина болса керек-ті.

Ұл әкеден ұялмас,

Қызды ана тия алмас,

Заман ақырдың қыздары –

Бір бірінің үйінен

Өсек айтып қалмағай.

Бір бірінің үйінен

Аяқ, табақ алмағай.

Үй басына бір үй керек-ті.

 

***

Енді Шүршіт шығып Ташканд алғай

Қоқан биінен Қажалты алғай

Мұсылмандар жылап қалғай.

Ұлуғы айбат перизат болғай керек-ті.

Енді Шүршіт жаңа қырыс қылғай

Самарқанға қылыс қылғай

Шахиндза шығып жайдан

Шүршіттердің бәрін қырып

Опат қылса керек-ті.

Тажал шығып дінді бұзғай

Қылышынан қан тамызғай

Мұсылмандар анда тұрғай.

Сол малғұн тәңірмін деп

Дағуа қылса керек-ті

Мәди шығып жолығысқай

Мұсылманға басын қосқай

Тажалменен ұрысқай

Тап тұтылмай Мәди қашып

Пайғамбардың көрін құшқай.

Көрден Ғайса деген

Әуез шықса керек-ті

Аспаннан Ғайса түскей,

Мәдименен көріскей,

Кәпірменен ұрысқай,

Тажалды өлтіріп,

Ғайса үкімі онда болып,

Мәдиді имам қылса керек-ті.

Бір параны көрсеңіз

Аузы тола иман-ды

Қойны тола Құран-ды

Сақар қылып тыңдасаң

Субхан Алла ұранды

Хақтан қорқып жүрегін

Пара қылса керек-ті.

Бір параны көрсеңіз

Беті қолын жуынып,

Әмет белін буынып,

Нәпсісін отқа өртеп,

Өз көңілін бекітіп,

Ол пеңдені құдайым

Иманды қылса керек-ті.

Бір параны көрсеңіз,

Жанын отқа өртеп,

Омырауын желге бұрып,

Нәпсі үшін жүгіріп

Жан жолдасы бес намаз

Қаза қылса керек-ті.

Бір параны көрсеңіз.

Сұрау, сұрау малы бар,

Бір параны көрсеңіз.

Табақ, табақ асы бар.

Бір параны көрсеңіз.

Күн көретін халі бар,

Бір параны көрсеңіз.

Тек шықпаған жаны бар

Қожа бұлға, молда бұлға,

Жақсы бұлға, сұлтан бұлға,

Бәріңізге ұлығы,

Дағба болса керек-ті.

Қайыр үшін жан берің,

Осы күнде басыңа,

Сая болса керек-ті.

Шапағатшы  пайғамбар

Үмбет үшін зар жылап

Кеше көр деп жалынып,

Сажда қылса керек-ті.

Аздар көпке теңелер,

Қорлар зорға теңелер,

Теңеліп алса керек-ті.

Ата ұлға бақпас,

Қыз анаға бақпас,

Әркім өз – өзімен,

Мүптеге барса керек-ті.

Пайғамбарлар бір бөлек,

Мұсылмандар бір бөлек,

Кәпірлер бір бөлек,

Жақсы, жаман бір бөлек,

Әуес қылса керек-ті.

Сұраушылар келерлер,

Бөлек, бөлек қыларлар,

Сират атты көпірге,

Айдау салса көпірдің

Жуандығы бір қылдай,

Ұзындығы үш мың жылдай,

Иманды құл болмаса

Өтпек түгіл мүшкілді

Имансыздар жыласып

Пәле қылса керек-ті.

Артына қараса ұрылар,

Алдына қараса қыл көпір,

Адым қылса жығылар.

Е, кісі, топырақ болсақ екен деп

Зар еңірей керек-ті.

Ол Мұхамбет пайғамбар

Жалаң аяқ, жалаң бас

Көздерінен төгіп жас,

Үмбет үшін жанын да

Пида қылса керек-ті.

Біреу тайып түсер,

Еңбектесіп бірі өтер,

Әркім амалына қарай

Жаза тартса керек-ті.

Бір параға бір демдік,

Бір параға мың жылдық,

Бір параға мың  айлық,

Бір параға бір жылдық,

Әркім қызметіне қарай

Жаза тартса керек-ті.

Ораза мен иманның,

Қылған қайыр ықсаның,

Шалған қойың құрбаның,

Арқасына көтеріп,

Алып ұшса керек-ті.

Көрің расул үмбетің,

Үмбетіне қылған шапағат,

Жиып тамам үмбетін,

Абу Қаусар шербетін,

Ішіп қанса керек-ті.

Жат етпеңіз жаппарды

Жарылғаушы ғұбарды

Абу Бакр, Омарды

Осман, Әлі Қайдарды

Қаузы Қаусар суына

Табақшы қылса керек-ті.

Сүйген құлға оң қолдан

Бат-бақтырар әрқашан

Нығмет қылса керек-ті.

Әлім айтқан сөзіне

Еш алмапсың көзіңе

Құдайымның алдында

Қол аяғың өзіңе

Қуа болса керек-ті.

Мизан таразы құрылар

Әуел намаздан сұралар

Дүниеде  қылған істерін

Мойныңа сенің қойылып

Қалынша қылса керек-ті.

Дүниеде көп күлгендер

Өтпестей білгендер

Күнасы ауыр келгендер

Басын төмен салып

Ұялып тұрса керек-ті.

Пайғамбар ту жасылды,

Әзәзіл ту қызылды,

Қиямет жолы ұзынды,

Бара, бара ұзын жол

Екі айрылса керек-ті.

Бір жол барар бейішке,

Түрлі, түрлі жеміске,

Белі қылдай жіңішке,

Қорлар болса керек-ті.

Қорлар он бес жасында,

Таза гүлдер басында,

Ер жиырма жасында,

Қорларменен ойнасып

Жақсылыққа жетсе керек-ті.

Ден саулық бар, ауру жоқ,

Тірлік бар, өлім жоқ,

Қызығы бар, қайғы жоқ,

Суық іске желі жоқ,

Көктегі құл болса керек-ті.

Ғаишы ғишрет анда бар.

Мазы нығмет анда бар

Шырын шәрбет анда бар,

Жан парағат анда бар,

Құдайым сүйген құлына

Несіп етсе керек-ті.

Бір жолы бар дозаққа,

Тәңрі алар азапқа,

Түрлі, түрлі азапқа,

Душар етсе керек-ті

Оттарға салып қайнатқай,

Ботадай боздатқай,

Өткен ісің басына

Пайда етпесе керек-ті.

Періштелер жиылып

Суын жиып дүниенің

Алып келіп дозаққа,

Құйса да отқа жетпес – ті,

Ол сулар да суалып

Құрғап қалса керекті.

Дозақшылар аш қалса

Закон деген зәрі бар,

Рахметі жоқ кәрі бар,

Сусағандар  зәр ішіп,

Іш қазандай қайнаса керек-ті.

Әркім қылмысына лайық

Жаза тартса керек-ті.

Заман ақырдың адамдары

Өмірлері аз болғай,

Бойлары екі кез болғай,

Өздері құмарпаз болғай

Әр қайсының қолында

Бір-бір домбыра болғай

Жиналып түрлі әлемет қылып

Қол салысып ойнасып,

Жер жүзіне түрлі – түрлі,

Пәле толса керек-ті.

Дария тасып, су ақпай,

Таулардан бу шықпағай,

Малды сауса сүт шықпағай,

Жастары әдеп қылмағай,

Рас сөзі жылмағай,

Имандылық қалмағай

Тәубі есігі байланып,

Бекітілсе керек-ті.

Ақыреттің айбатынан

Перизат етсе керек-ті.

Азанменен қаумет кетер,

Мейірімнен шапағат кетер,

Қалам молдадан хат кетер

Мекке жерден көтеріліп

Аспанға ұшса керек-ті.

Күн тұтылып, жел болғай,

Топырақтан өзге шашылмас,

Бұл жерде гүлдер ашылмас,

Түрлі-түрлі жемістер

Құрып қалса керек-ті.

Асрапыл сырын ұрғандай,

Тау қаңбақтай домалар,

Тас бұршақтай жаумалар,

Жан дегеннің бәрі де

Бақыр болса керек-ті.

Тамам жердің жүздері

Айнадай болса керек-ті.

Төрт Мүккара періште,

Әр қайсы бір істе,

Үшеуін өлтіріп,

Әзірейіл жалғыз қалса керек-ті.

Құдайым айтар кім бар деп,

Әзірейіл айтар мен бар деп,

Өз жаныңды өзің ал десе керек-ті.

Бір қанатын жамылып,

Бір қанатын төсеніп,

Өз жанын әзірейіл,

Өзі алса керек-ті.

Хақтан жарлық болғанда,

Денеге жан кіріп,

Өлген адам тіріліп,

Күн шыққандай таң атып,

Көрінуі керек-ті

Көр басында өзіңнің

Мың-мың жылдай отырып

Көзден аққан жасың да

Ұлы дария болса керек-ті.

Пайғамбар жатқан тарапқа,

Тура қарап симеңіз.

Үйіңізде біреуінің,

Пұлы болса беріңіз.

Аштан өле қалмассыз,

Адал болсын дініңіз.

(Радловтан)

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button