Сыр-сұхбат

Мекке-Мәдина: 100-інші сапар

«Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті   Амангелді қажы Еренғайыпұлының қасиетті сапарларынан

Асыл дініміздегі бесінші парыз – қажылық сапары. Мұсылманға парыз етілген ұлық сапардың толық әрі ислам қағидаттарына сай атқарылуына басышылық ететін компаниялар баршылық.  Біз сөз еткелі отырған «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті  Әбдіқалық Амангелді  Еренғайыпұлы мұсылмандарды  Қасиетті Қағбаға бастап апарып жүргелі  16 жылдан астам уақыт болды. Жақында Мекке-Мәдина қаласына 100-інші сапарын атап өтпек.

Қасиетті Қағбаға кіріп, онда екі мәрте намаз оқып, дұға тілеу құрметіне ие болған, Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңесінің (UNCOPA) шешімі бойынша  «Қоғам алдындағы еңбегі үшін» халықаралық алтын медалімен марапатталып, «Бейбітшілік миссиясының елшісі» атағын алған біртуар азамат 8,5 мыңнан астам қажыларымызға жетекшілік еткен.

Амангелді бауырымыз тәуелсіз елімізде алғаш рет  қажылық компаниясын ұйымдастырған топбасшыларының бірі.  Өзі басқаратын компанияның сапарлары Мекке-Мәдинадағы үлкен қажылықты қамтиды.  Умра – кіші қажылық бойынша жыл бойына  қызмет етеді. Осы ретте Миғраж түнін, рамазан айындағы Қадыр түнін қасиетті Қағбада қарсы алуымен тартымды етіп сапардың шырайын кіргізіп жүр. Ислам әлемінің 3-ші қасиетті  орыны саналатын Құддыс қаласындағы әл-Ақса мешітіне  зиярат етуге де Амангелді бастап апарады.  Әлемнің 7 кереметі саналатын Тадж-Махал мавзолейін  және Үндістандағы ислами тарихи орындарды зиярат ету, Египеттегі  имам Шафиғидың қабірін және пайғамбарымыздың  немересі  Хусейн ( р.а.) мешітін  және  ұлық сахабасы  Амр  ибн-Аас  салдырған мешітті,  Дамаск қаласындағы Әбу-Насыр әл-Фараби, Бейбарыс сұлтан қабірлерін  зиярат етуге бастап апарып, ислам дінін танудағы айырықша бағдарларды ұйымдастыруымен де ерекшеленді.

Осы жақында ғана Алланың ақырғы Елшісінің (с.ғ.с.) тікелей ұрпақтары Шейх Түрки, Шейх Бәдір, Шейх Сүлеймен қатарлы шейхтардың қажылармен жүздестіріп, батасын алуына себепші болды.

Суретте Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) 43-ұрпағы шейх Бәдір мырза келіп қажылық өтеген отандастарымызға елге қайтқаннан кейін де қажылық салауатты сақтап, күнәдан қашық жүру туралы насихат айтып, батасын берді

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 44-ұрпағы шейх Түркидің де Амангелдінің ізгі ниетін қабыл етіп, өзі бастап келген қажылармен дидарластырып, олардың қажылық сапарына жеңілдіктер мен қабылдық тілеп дұға жасады.

Мұндай ұлық тірлік екінің бірінің қолынан келмейді. Мұның артында үлкен ілім тұр. Түп-тұқиянына дейін қазбалағымыз келсе,  ұлық сапарды ұйымдастырудың миссиясы – текті әулетті таңдап, Амангелдідей жалғасына жалын ұстатқан секілді.

Әріден бастасақ, Арқаның  Шашанбай деген болысы Бұхараға барып мешіт ұстауға, бала оқытуға молда сұрап барыпты дейді. Сонда ұстазы бір жас жігітті көрсеткенде Шашанбай: «Мынау жас бала ғой, басқасын берсең қайтеді» десе керек. Ұстаз: «Рахатты түбі осы баладан көресіңдер» деген екен.

Шашанбай баланы алып келе жатқаңда алдарынан киік қашады. Шашанбай: «Қожаны әулие, әулие дейді. Әулиелігіңді көрейін, ана қашып бара жатқан ақ бөкенді тоқтатшы» дейді.

-Мен оны тоқтатуын тоқтатамын. Әулиелік қасиет қашып, жеті атаға дейін қонбайтын болады,- дейді бала.

Үлкен кісі қолқалап болмаған соң Құлжан қожа киікті дұға оқып тоқтатады. Бұлар барса киіктің емшегінен сүт ағып тұрыпты. Шашанбай аяп кетіп, босатуын сұраған екен. Осы қасиет текті әулеттен ұшқан жоқ. Құлжан бабамыз мешіт ұстап, бала оқытып, елге әулиелігімен аты шығыпты. Көріпкелдік қасиетіне тәнті болғасын қожаға «Үйрек», «Қарабидайық», «Сұлы», «Мұрат» деген шұрайлы жерлерді береді. Қырық үй қожа сол жерде тұрыпты.

-Әкем бала кезімде мені Бұхарадағы діни медреседе оқытамын деп айтатын. Мен сол кезде медресенің не екенін жөнді білмейтінмін. «Қашан өсем, қалай мені Бұхараға оқуға жібересің? деп әкемнің мазасын алатынмын.  Әкем біздерге: «біздің ата-бабаларымыз, сонау Араб өлкесінен дін тарату үшін келген. Ата-бабамыздың ісін әрі қарай жалғастыруымыз керек. Менің кезімде бұл міндетті жалғастырудың еш мүмкіншілігі  болмады, бірақ сендер есейгендеріңде бұл істі жалғастырудың реті келеді. Құдай қаласа, өз егемендігімізге ие болар заман келер, сол кезде қасиетті дінімізді әрі қарай жалғастыруға дайын тұруларың керек» деп айтатын. Шын мәнінде біз есейгенімізде, әкемнің айтқан сөздерінің орындалағанын өз көзімізбен  көрген  бұл заманда ойлап  отырсам, қайран әкем әулие екен.  Шариғат кітабында: «Әулиелік – адам дүние салған соң барып білінеді» деген жолдарына көзім енді жетті. Қайран әкем: «Мен 37 жас мүшелімде анамнан, 49 жас мүшелімде жан жарымнан айырылдым, енді келесі мүшелімде өзім кетемін» дейтін. Біз әкемнің  айтқан бұл сөзін жай айта салған сөзге жорып, көп мән бермейтінбіз. Бірақ келесі мүшелінде тура 10 күннен соң әкемнің фәни дүниемен қош айтысуы – бұл айтылған сөздердің  жай емес екендігіне көзімізді жеткізген еді. Осы сияқты әкемнің айтқан сөзеріне қарап отырсам, ол кісіге Алла тағала «әулиелік» қасиетті берген деп ойлаймын.

1990 жылы мектеп бітірген соң, әкем менің құжаттарымды Алматыдағы ҚазМҰУ-дың шығыстану факультетіне тапсыртты. Бірақ әкем маған «Жамбыл облысының Мерке ауданында діни медресе ашылғанын, соған оқуға  тапсырсаң» деген ұсынысын білдірді. Бірақ, сол заманда «медресені» дұрыс түсінбегендіктен бірден бас тарттым. Келесі жылы әскер қатарына ілініп кете бардым. Әскерден соң елге оралғанымда, әкем маған бұрынғы ұсынысын айтып, діни медресеге барсаң деген ойын білдірді. Мен тағы да пендешілікке салынып, «ойланайын, болмаса басқа жоғарғы оқу орындарына тапсырсам ба» деп екі ұшты жауабымды айтып жүргенімде, бір күні таң атып қалған кез болатын, керемет бір түс көрдім.

Түсімде үлкен бір мұнараның басында бір нұр жанып  тұр. Ол нұрдың ішінде  бес саусақтың ізі бар екен деймін. Маған қанат бітіп, сол мұнараны айналып ұшып жүрмін. Кімде-кім сол 5 саусақтың  ізіне қолын қойса, сол адам қажы болады екен. Мен қолымды қойып, қажы болдым деп, қуанып жатқанымда ұйқымнан оянып кеттім. Сол кермет түсімді әкеме айтқан едім, әкем қатты қуанып, саған діни оқу керек деді. Мен сол көрген түстің әсерінен «Көке, сіздің айтқаныңыз болсын, мен Мерке медресесіне барамын» деп, айналдырған 10-13 күннің ішінде, бүкіл құжаттарымыды әкем өзі реттеп беріп, ұшақпен Жамбыл қаласына, одан әрі Мерке келіп, мені медресеге өз қолымен тапсыртты.

Жарты жыл оқыған соң Меркеге Өзбекстан жағынан арабтар келіп, көрші елімізде араб тілін оқытатын оқу орынын ашқандарын айтып, соған жақсы оқитын  шәкірттеріңізді жіберсеңдер біз қабыл аламыз деп, медресе директорына мекен-жайларын тастап кеткен екен. Ол кезде шәкірттердің барлығы қысқы демалысқа үйлеріне  кеткен болатын.  Демалыстан келген соң, мен бұл жаңалықты естіп медресе директоры Әбдулмәжид ұстаздың  батасын алып, әрі қарай арабтың тілін үйрену үшін Өзбекстанның Андижан қалсына оқуға аттандым. Бір жарым жылдың ішінде  араб грамматикасын оқып, шіркін әрі қарай араб мемлекетінде оқысам ғой деп Құдайдан сұрап жүргенімде, Алла нәсіп етіп, Египет Араб Республиканың астанасы Каир қаласындағы бүкіл мұсылмандарға танымал, аты шыққан «Әл-Әзхар» универстиетінің шақыртуымен, оқуға қабылдандым.  Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Менің әрі қарай блім алуыма әкемнің ықпалы зор болды.

1996 жылы  Каирдан Сауд Арабиясына қажылыққа аттандым. Кеме  екі күн Қызыл теңіздің  үстімен  жүреді. Біз мінген кеме түн ортасында Жидда деп аталатын портты қаласына жақындап келе жатты.  Біздің  үстімізде ихрам киімі, кеменің алдына шығып алып «тәлбия» дұғасын айтып келе жатырмыз. Бір кезде алыстан төбесінде кемелерге жол көрсететін маягы жарқыраған үлкен мұнара көрінді. Кеме сол мұнараға қарай беттеді. Мұнара көріне салысымен, мен бұл жерде бұрын болғандай сезіндім.  Ішімнен: «мен мұнда болдым ғой, бұл мұнараны көрдім ғой» деп ойлаймын. Мұнараның басындағы маяк жылтырап,  нұрлы сәулесін шашып тұр.  Сол кезде барып,  мен баяғыда  көрген түсімді еске алдым.

Осы сапарымда  тағдырым шешілгендей болды.  Суец каналы арқылы  кемемен Жидда қаласына дейін 2 күн, 2 түн жүріп бардық. Студентпіз. Қонақ үй алуға қалтамыз көтермейді. Жидда , Мекке, Мадина да арнайы салынған, қажылар жататын тегін такия жайлар бар.  Олардың барлығы өзбек ағайындардың иелігінде.  Мәдинада тәкияда жатқанымызда  300-ге жуық өзбек қажылары келді.  Сол кезде қонақ үйдің иесі: «Араларыңда  зиярат жайлардың  тарихын  білетін адамдар бар ма? Кім түсіндіріп бере алады?»» деп сұрады. «Мен айта аламын» дедім. Өйткені әл-Әзһарда оқып жүргенімде осы зиярат орындардың тарихын жақсылап оқып, көкейіме  түйіп  шыққанмын. Жол көрсетіп, зяират жайын түсіндіріп, өзбек қажыларының батасын алып тұрып:  «шіркін-ай, біздің де елімізден  қажыларымыз келіп жатса, бұдан да артық қызметтер жасасақ қой» деп армандаған едім.

Содан бері осы жолда жүрмін» дейді «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті  Әбдіқалық Аманкелді  Еренғайыпұлы.

Міне, қатарынан озып шыққан азамат ұлық  жолдың жүзінші сапарынан да оралып, Аллаға шүкірлік айтып,  ниеттес жамағатын жинағалы отыр.

«Қасиетті Қағбаны алғаш көрген сәттегі тілегің қабыл болады. Мен де Қағбаны көрген сәтімде  көргенімде, өзіңдің дидарыңды жиі көруге нәсіп етші деп тілеп едім. Тілегім қабыл болды» деп Амангелді сөзін түйіндеді.

Айгүл УАЙСОВА

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу