Білген Шайыр айтады

Күдері қожа Көшек ұлының тың дерегі

Күдері қожа Көшек ұлы қазақ өлең жыр мәдениетінде өз қолтаңбасын қалдырған тұлға. Соның ішінде айтыс өнерінде Күдері қожаның алатын орны ерекше. Күдері қожаның Ұлбике қызбен айтысы қазақ айтыс өнерінің бір шыңы болып айтыс тарихына кірген.

Күдері қожа өмір сүрген дәуірде бел алып турған жыр өнерінің бір көрінісі терме толғау болған.  Күдері қожаның қолда бар еңбектерінде бұл өнерден бізге жеткен мардымды ештеңе жоқ. Қазақстан республикасы Ғылым Академиясының Ғылыми кітапханасы сирек қолжазбалар бөлімінде Күдері қожаның екі толғауы табылды. Жырдың құрылымы, сөз саптауы еш күдіксіз Сыр бойы ақындарының мәнеріне келеді. Демек Күдері қожаның өз аузынан жазылып алынған болуы керек. Тым болмағанда екінші, үшінші хабарлаушыдан әрі емес. Бұлай деуімізге бір себеп, осы жырды  кітапханаға өткізген Б.Әлменов деген азамат Машһүр жүсіп Көпеевтің қолжазбасынан, екінші томынан алынды депті. Ал Машһүр Жүсіптің Күдері қожадан сәл-ақ кеиін өмір сүргенін есепке алсақ,болжам дұрыс болады. Демек бұл бабамыздың қолға  келген еңбегі онша көп өзгеріске  ұшырамай ұрпағына жол тартты. Қабыл алыңыздар.    Сейт-Омар Саттарұлы

 Абылай ханың Қалмақты аударғанын Көшекұлы             

Қүдеріқожаның сөйлегені

Ла илаха иллоху

Мен әуелі Құдайды айтайын.

Бұл дүниені кең еткен,

Топырақтан дене еткен.

Құдайым бәз пендесін күлдіріп,

Бәз пендесін еңіреткен.

Қаhар қылған Құдайым,

Ғазаппенен жан алған.

Жігіттер, мен Әзірейілді айтайын.

Қара жерді қақ жарған,

Пенденің күнәсін сораған.

Жігіттер мен Жәбрейілді айтайын.

Хаққа санасын айтқан,

Пендеге несіп таратқан,

Терезесін тең еткен,

Жігіттер, мен Мекайлды айтайын.

Тауды ұшырған қанбақтай,

Тасты ұшырған бұршақтай,

Есрайпл сүрін үрген,

Өлген адам тірілген,

Қырық жыл жаңбыр жаудырған,

Жігіттер, мен Исрафілді айтайын.

Өзі туып дін ашқан,

Бұл дүниеген нұр шашқан,

Білалға азан шақыртқан,

Жігіттер, мен Мұхаммедті айтайын.

Кәпірге қарап оқ атқан,

Мұсылманға жан тартқан,

Исламның қылышын шапқан,

Жігіттер мен Ғалыны айтайын.

Құдайдың пәрменіменен сөйлескен,

Жігіттер, мен Мұсаны айтайын.

Атасыз Бибі Мариямнан туған,

Жігіттер, мен Ғайсаны айтайын.

Шайхы бурхы дуана,

Адам атадан болған.

Мейірі балықтан туған,

Жігіттер, мен ол Бұрхыны айтайын.

Ол Жақыптың он ұлы

Тоғызы көре алмастан қылған.

Аулақ түзге апарған.

Үстінен киімін алған.

Зындан түбіне салған

Қырық жыл Қахандық қалған

Жігіттер, мен Жүсіпті айтайын.

Бибісіменен бас болған,

Өз ұлыменен қас болған.

Кәрәматын тыймаған,

Екі қошқар бастары,

Бар қазанға сыймаған,

Жігіттер, мен ол құл Сүлейменді айтайын.

Тірі қайып болған,

Оның ұлы ер Жұттышы айтайын.

Ғазрәіилмен дос болған,

Құдай жолын бос қылған,

Тірі кірген бейішке,

Жігіттер, мен Ыдрысты айтайын.

Аталарын еңіреткен,

Аналарын боздатқан,

Өткір пышақ қайратқан,

Қол аяғын өз еркімен байлатқан,

Қыбылаға жүзін қаратқан,

Құрбандыққа жан қиған,

Жігіттер мен Ысмағұлды айтайын.

Молдаға кітап аштырған,

Шариғат төресін берген,

Қалыңсыз қатын құштырған,

Кешегі өткен Ғазизім

Ер Абылайды айтайын.

Аюкенің ауыр қолын жігіттер,

Ер Абылай әруақты.

Дұшпанына салмақты,

Тобасын Тәңір жаңылтып,

Тоз-тоз қылды көрдің бе?

Кешегі Торғауыт.

Тоғыз сан үйлі қалмақты.

Ел қыдырған қожаның,

Қожаменен молданың

Бақсыменен қошнаштың,

Өйтіп-бүйтіп ғаріптің

Есі-дерті алмақты.

Алаш тіле тілеуін,

Абылайдың жаны үшін,

Ер Абылай жатпады,

Сол мезгілде жігіттер,

Оны мұсылман баласының қаны үшін

Сол мезгілде жігіттер

Қалмақ болды көрдің бе?

Еділ менен Жайықтан

Қарағынды сол өтті.

Кемеменен қайықтан,

Дад тіледі бұл қалмақ

Қазекеңе шыдамай

Ералы менен Нұралы

Батыр ұлы ғайыптан,

Өзінен елші жіберген,

Бел шешісіп елдеспей

Бұл Қазақты ел демей,

Айтқан сөзін елемей,

Ұлы таудың бауырында,

Сераң айтты Усаға

Абылай сені шақыртар.

Уса мұнда келсіндер

Ақ үйлісін берсіндер

Зияным жоқ қалмаққа

Жөніменен жүрсіңдер.

Әй Усахан, Усахан,

Менің айтар кеңесім,

Шақыртсада барма деп,

Алтын берсе алма деп,

Абылайды көрме деп,

Ақ үйліні берме деп,

Қазақ біз деп қаймығар.

Өтерміз де кетерміз,

Көке Тәңірім жар болса,

Әуелгіден жігіттер.

Баяғы кең қонысқа жетерміз.

Сол мезгілде жігіттер,

Қалмақ болды көрдің бе?

Сарысуды жағалап,

Ол көртені көбелеп,

Арғымағын тағалап,

Боталы түйе боздатып,

Құлынды бие кісінетіп,

Бұзаулы сиыр мөңіретіп,

Қозылы қойын маңыратып,

Боз баласын сорлатып,

Балаларын жылатып,

Қалмақ болды көрдің бе,

Аударыстың зоры үшін

Қонысының тары үшін

Жалаң аяқ жүре алмай,

Етік қылды сабасын

Ішерге қорек жоқ,

Толағайын толық етті.

Асып жеді баласын.

Бар Құдайым білмей ма?

Пенденің көңілі аласын

Аласы жоқ Абылай

Хаққа айтады санасын,

Ұстап алып күнінде

Ғаріп етті жігіттер.

Кәрі Аюке тәпсірі

Кешегі Шабдар Шахтың баласын

Абылай мұнан аттанды,

Мінген аты астында,

Басқа көзге тебелеп

Ол құртені көбелеп,

Қарсы алдынан шыққалы

Жабдықпенен жебелеп,

Жауған қардай себелеп,

Қалмақ қайда құтылар,

Арық атын төбелеп,

Бұл қалмақ алмай жүрген қол емес.

Көрмей жүрген ол емес.

Алаш сен Құдайына тәубе қыл,

Маңдайы тайғандай жел емес.

Анда Абылай тағы айтары.

Һай-һай Алаш, һай Алаш,

Бұл қалмаққа барма деп,

Қыр соңынан қалма деп,

Һай-һайлап ат салма деп,

Аттан түсіп жатпа деп,

Қараңғыда от жағып,

Темекі, шылым тартпа деп,

Ат үстінде шымшық атпа деп,

Сен атқанда олда атар,

Сен атқан жерде, ол жатыр,

Сен алашсын, бибаш жұртсын,

Басыңды сонда бір байталға ұстарсын

Анда Алаш тағы айтады.

Бұл Абылай бармас деп,

Барса да олжа алмас деп,

Сол жердегі Алашың

Көріп қайытты орысты,

Атадан артық Абылай,

Жер қайысқан қол алып,

Желкілдеген ту алып,

Науалыдан торсыққа су алып,

Барды да алды қалмақты,

Һеш дұшпаннан қамы жоқ.

Абылайдың жігіттері,

Құдайдан басқа жағы жоқ,

Көсем салды ер данасы,

Құлан өтпес кендерде

Шабылушы шығарды.

Күнде шауып дөндерге,

Хабар келді Дайырдан,

Егізбенен Тайымға.

Ордадағы ханымға

Қалмақ бар деп үрікпесін

Балаларым ұйықтасын

Малым жайлап оттасын

Иірмесін түйесін,

Сауып ішсін биесін

Жоқтар мекен бұл Алаш

Дайырдайын иесін

(Дайыр төре, Бөкей Дайырдың Дайыры)

Ақылына жеңгізіп

Көшек ұлы Күдері

Сол келтірді жігіттер

Күнінде сөйлер сөздің жүйесін.

 

Мәшһүр Жүсіп, 2 том.

Баян ауылы Қазылық деген ел найман Қоңырат деген рудан болса керек. Сол елдер Сары арқа бойында өсіп-өніп, жайлап қыстап, бірнеше жыл мекен етіп жүргенде, Сары арқаны орыс алады дегенді есітіп, бұл жер бізге түпкілікті мекен болмайды деп орыс бармайтын  жерге барамыз деп  Сыр құаң деген жерге көшіпті. Туған-өскен жерлерін қимай, жылап-сықтап,  қойдай маңырап, қозыдай шулап, кетіп бара жатып үлкен ақсақалдары жиналып, халқының басын қосып сол замандағы белгілі ақындары Күдері  Қожаға: «қияметке шейін қалатын, осы қалып бара жатқан туған-өскен жерге бір ауыз сөз жазып кетіңіз»-дегенде, Күдері Қожа ел өтінішіне орай  жырлаған екен:

Найманда  жұрттың  ағасы,

Киюге тонның жағасы,

Ел жайлаудан келгенде

Көрініп тұрар обасы

Аударыла шапса да,

Кетпейді екен күнінде

Артқы айылдың доғасы.

Мендей болып жұғатын

Малданған түрлі малдарға

Қорқылдақ көлдің  қоғасы,

Мұны кәпір аралап

Арашыға көріссе

Қабылда болмас сол күнде

Мұсылманның тобасы.

Қылсын енді амал жоқ

Жазылып  құмар жайлауым

Атымтаймен   Жосалы

Кесірі келіп біздерге

Жұқпай тұрып қазағым

Кел  күпірден босалы

Біздің де бір қазақтың

Су жерінің осалы,

Без қазылың, қой төндік,

Көрінер жерің бір күндік,

Күншілік жерден көрінген

Көрінсе көңілің сүінген

Баян ауылы қазылық

Жолың жатыр қазылып

Жаз жайлауға шыққанда

Қонушы едің жазылып

Қыс болғанда қонған тау

Жаз болғанда көшкен тау

Бәйбішелер отырып

Сабаларын толтырып

Қожаға кітап аштырып

Нияздарын айырып

Наурыз дәмін берген тау

Басымнан малым кетпеген

Үстімнен боран өтпеген

Күңіреніп дәурен сүрген тау

Құтты-құтты-құтты тау

Құт сан тара біткен тау

Өмір бойы іздесем

Табылмас сендей сүтті тау

Айқайлы сенің тауларың

Кетейін деп кетпеймін

Енді кетіп барамын

Қайтейін қатты болды, кәпір жау

Қарқаралы қайран тау

Тиюші еді пайдаң тау

Пайдаңның тегін белгісі

Ойымда тұрған  үлгісі

Үлгісінің белгісі

Шаңырағым уығым

Уыған тігім сырығым

Ат ұстауға құрығым

Аяғыммен табағым

Отқа жағар дарағым

Қазаныма қақпағым

Желі соғар тоқпағым,

Арбама арыс білегім

Ел қыстауға барғанда

Сиырым жатар шілігін

Арқанды атқа бір кісенім

Байлауға атқа пішенім

Сарымсақты жуалым,

Жер біткеннен дуалым,

Кетейін деп кетпеймін ,

Қайтайын қаласаң есіл шырағым,

Ат жүре алмас аралдым

Іші толған бұғыменен маралым,

Бұғыда, марал жатқан  жер,

Мергендер таңдап атқан жер,

Мерекеге батқан жер,

Артығын алып сатқан жер,

Бабам өсіп-өнген жер,

Әруағымды көмген жер,

Өрелерін сүйентіп,

Үзенгісін шірентіп,

Құлым шора болған тау,

Байтөбеті маңқылдап,

Байсал тұтып өрген тау,

Азаматым бас қосып,

Басалқы дәурен сүрген тау,

Жалғыз ауыл қонған тау

Жайқалып ел болған тау

Айдарлары желпілдеп

Атам бала болған тау

Ақ бүркеніші желбіреп

Анам бір келін болған тау

Қарада құыс бастауым

Белгілі еді қыстауым

Қоңырда қоңыр тастарым

Көзімнен аққан жапстарым

Шағырлы жусан,изенім

Сенен кетіп күйзелдім

Сабынды қопа қамысым

Жеті арында талысым

Кетейін деп кетпеймін

Енді кетіп барамын

Қайтейін қаласың

Есіл қонысым.

Ағашың көркем көрінген

Жемісі жерге төгілген

Жарықтығым қайран тау

Еш болмасын ойран тау

Жалғыз сиыр сауған тау

Артық бір белгің сол еді-ау

Шілігің толған айран тау

Арқадан өткен суық мұз

Баян аулы қызыл тау

Бауыры толған бие тау

Кетейін деп кетпеймін

Енді кетіп барамын

Қайтейін қаттыда болды кәпір жау

Былай барсам  орыс бар

Орыс барсам алдымда

Сайлаулы сендей  маған қайда қоныс бар

Былай барсам Қоқан бар

Қоқан барсам алдымда

Қоқаңдап жүрген әкім бар

Былай барсам қырғыз бар

Қырғыз барсам  алдымда

Жүрекке түскен ыза бар

Былай барсам найман бар

Найман барсам алдымда

Өзімнен үлкен айуан бар

Былай барсам үйсін бар

Үйсін барсам алдымда

Толып бір жүрген бисін бар

Қайранда енді боз балам

Ор қояндай жылдам жүр

Біріңді  бірің ымдап жүр,

Дабылыңды қақпай жүр,

Шақпағыңды шақпай жүр,

Үйдегілер үйде жүр,

Түздегілер түзде жүр,

Үйде жүрген көп жаман,

Қай көкі де күйде жүр.

Қайран есіл мұрамыз

Қайда барып тәңірім оңамыз,

Әлдилеген әлпешті

Бүлдилеген болпышты

қайда апарып қырамыз.

Есіл мұра сазымыз,

Қаңқылдайтын қазымыз,

Сыр қуаң деген жерлерге

Енді кетіп барамыз.

Барсақтағы тұра алмай,

Байыр тұтып жүре алмай

Бұрынғы өткен бәрі үшін

Мына тұрған кәпірге

Шұрық айналып келерміз.

Түрлі-түрлі жібектей

Түитісі басқа жеріміз

Түлкімен  қарсақтай,

Түбіті басқа жеріміз

Айдын шалқар көліміз

Жағалай қонған еліміз.

Басабер тартқан желіміз,

Сондай жерге қонғанда

Көтерілген көңіліміз

Кіруші еді беиліміз

Кетейін деп кетпеймін

Қайтайын қаласаң

Есіл жеріміз.

Ақсақалды ағалар

Ақсүт берген аналар

Жүгірмек болған балалар

Таласып өскен жеңгелер

Теңесіп өскен інілер

Қоңырда қоңыр тастарың

Басыңа соққан достарың

Соға тұрса дауылың

Жауа тұрса жауының

Күзгі түрі болғанда

Қаптай қонушы едік

Жамайда жапқан

Көп аруақ

Моламды елде көруші едік

Жыл он екі ай болғанда

Басыңа дуа беруші едік

Бұл барғаннан келмесем

Өз еркіммен жүрмесем

Желеп жебеп жүре гөр

Арқада қалған ен аруақ

Тамам.

Осылай деп туған жерлерге амандасып жылап-сықтап  Сыр-қуанға барып, бірнеше жыл арада жүріп, бұрынғы малдарынан айырлып, елу жыл дегенде қайта азып-тозып Сарыарқаға келіп он жылда қайтадан бұрынғы қалпына түсіп, мал айдап, май шайнайды.  Соларды көзі көрген ақсақалдар айтты деп бір ақсақалдан осы сөзді жазып алдым.

 

Жинаушы  Б. Әлменов

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button