Банил жан қалыпының жаралғаны. Төртінші фасыл
Мұнан соң жасалды бір қалып және,
Қойылды «Бәнил жан» деп лақап аңа.
Ол мақлұқ пайда болып жаратылған
Бұл оттың зұлматынан бәрі һәмма.
Қойылды атасының Қарнус намы,
Көп болды аз уақытта әулеттері.
Құдіретпен бір шарият[1] пайда болып,
Пәк жолға дәууат етті Алла оны.
Барлығы Хақтың әмірін тұтып тұрды,
Бір дәурен тазым етіп, мойынсынды.
Бір дәурен дегеніміз кітаптарда,
Алты мың һәм және де отыз жыл-ды.
Хаулында базылардың айтылды бұл,
Бес мың мен дәурендеген жиырма жыл.
Хаулында базылардың төрт мың деген,
Деп айтты жиырма жыл деп дәуренді бұл.
Әлқисса, дәурен өтіп бұл бәнил жан,
Алланың әмірін қойып қылды зиян.
Оларға Жаппар Құда қаһар етіп,
Өлтірді асыларын[2] азаппенен.
Хақ жолда тұрар еді базылары,
Сақтады өлімнен Алла оны.
Біреуін сардар етіп ортасынан
Жилиәніс ол бәнилдің еді намы,
Жаңадан бір шариғат көрсетті аңа.
Әміріне бағынды-лар бәрі һәмма,
Бір дәурен бұл ортада өткеннен соң,
Базысы асы болып кетті және.
Асылар Хақ әмірімен өліп кетті,
Базылар дінін бұзбай тағзым етті.
Һайып нам жаңа біреу хакім болып,
Оларға әмірі мағұрып[3] жол көрсетті.
Бір дәурен өткеннен соң бәнил жандар,
Хақ жолдан күпірлікке кетті олар.
Барлығы набод[4] болып өліп кетті,
Аз қалды ол қауымнан мұсылмандар.
Көбейді бұл қауымдар аз заманда,
Һамусты хәкім етті Алла аңа.
Ілімдар, салих, тақуа пенде еді,
Алланың жария қылды әмірін ана.
Ақыры Һамусқа һәм ажал жетті,
Дүниеден иманменен өтіп кетті.
Және уә бәнил жандар күнәһар боп,
Алланың әмірін тұтпай арасат етті.
Нешелер Хақтың әмірін қылды изһар,
Насихат: ол қауымға қылмады кәр.
Оларға Хақ тағала қаһар етіп,
Аспаннан періштені жіберді-ләр.
Қылышпен періштелер ғазат етті,
Ол күні көбісіне ажал жетті.
Олардың базылары қолға түспей,
Жазира шөл, дарияға қашып кетті.
[1] Шарият, Шариғат /а/ – адам өмірінің барлық жай-жапсарын қамтитын мұсылман дінінің заңы, ережелері.
[2] Асы /а/ – күнәһар, шариғатқа қайшы істер жасаған кісі.
[3] Әмірі мағрұп, Әмір мағруф /а/ – ғылым-білім иесі.
[4] Набот, Набуд /п/ – жоқ болып кеткен, жойылған; жою.