Білген Шайыр айтады

Сексен күн кесел болғанда

Майлықожаның туылғанына 185-жылдығы қарсаңына

 «Қыстың күн сексен күндей кесел болып,

Қалды деп қуанып ек есен болып,

Бадам келіп түсіпті бұл ахуалға,

Таппай қалдым артынан көрсем келіп» -деп Жолбарыс ақын жоқтау жазғанындай Майлықожа 1897-ші жылы қатты кесел болып қиналады. Ел арасынан емші іздеп, болмаған соң Шыназға келіп Салых ахун деген ғұлама молдаға оқытып шыпа табады. Атпен келіп шаршаған ақын қайтар жолында біреудің желкенді қайығын жалға алып Сырдария өзені мен мекені «Қосжарсуатқа»  қайтады.

 

Сахаратил Би-Ғафур

Жасырған, кешкін айыбым көп

Алпысымда пәсейді

Айныды, сыйық-сыяғым

Ақылым білім аңлады

Алдамшы дүние кетуін

Алла саған жылаймын

Жаһанға зәру үкімің

Құдіретің халықтан жасырын

Кешүлік қатар  артық жүк

Қылатұғын ісіңнің

Білмеймін патшам не түрін

Ада қылды дүние

Елдің шал мен кемпірін

Асырап бақ деп Алла тұр

Шал мен жесір жақынын,

Аңламаппын дүнияда

Періштенің түтінін

Жәбірейілге әмір еткін

Бірақ көрейін жаннатын

Мекәйілге әмір еткін

Халыққа етсін қайратын

Қарыны ашқанды тойғызып

Рызықтың алысын кепілін

Әзірейілге әмір еткін

Ажалы жеткен бенденің

Шыбынын алсын ақырын

Исрафилге әмір еткін

Ұстатып сырнай түтігін

Алланың әзіз нұры жан

Ол түтіктің ішінде

Қамап тұрмасын түтінін

Құдіреті күшті құдай-а

Кешкейде ісін ай түннің

Бір айырылып жолықсақ

Он мәртебе күтуін

Жоғары Лаухул- Махфузда

Пешенеге бітуін

Алла бергін пейіл деп

Үстінде едім сыртымның

Ақыретте болған рузы

Тілеп алған дертімнің

Молла Салық ахунның

Айтқанын көріп көзіммен

Кесел боп барып ем жазылды

Диірмені қалмай азылды

Қалмайды деп күнәсі

Қабыл деп қалған тәубәсі

Лаббадан  Сыйқым мағзұмның

Құлаққа түсті қуанышы

Маған бір кесел келді деп

Көңілінің болды ықыласы

Өкпе деген қабынды-ай

Іздеген жоғым табылды-ай

Шыназ барып қалғанда

Көкталға  бет  алғаның

Құс балыққа салып шапқанда

Келтіріп қойды тасымдай

Жел қайық алдым түйеге

Дариямен елге ағуға

Өзім кесел ат қағып

Жол қинады жанымды

Қатерге түскен ғаріп жан

Заманға барма бағынбай

Тәнімде дірмән қалмады-ай

Қойды ғаріп жанымды-ай

Есіл ақын кетті деп

Ел жұртым жылап налыды-ай

Ғайыптың ісін кім білер

Бір Аллаға мәлімді- ай

Алпыста опат деуші еді

Көңілімде қиял кешеді

Отырған жерім түс көрсем

Құдықтың бойы болушы еді

Жазыларға келгенде

Жазығым деумен отырдым

Құлаймын деген қайықтың

Қайғысынан құтылдым

Жазға ілінген арықтай

Шырлана берді сыяғым

Кеселдерім кетті де

Рахмет күн қайта жетті де

Су жәрдем берді ұртыма

Шипа берді дертіме

Рахметіне Алланың

Жүз мыңдаған шүкірді

Қараңғы тұман түрілді

Қайғыға қуаныш кірілді

Арғымақ даңққа сүрінді

Батпақтан жатып тұрылды

Елге қарай қайтадан

Атымның басы бұрылды

Разымын Илахым

Есіркедің мұңымды

Мүсәпір болған күнімде

Күнайымнан арылтып

Қуантқайсың құлыңды

Сексен күн жатқан күнімді

Ағартқайсың кірімді

Жарылқадың падишам

Жаһанның өзің иесі

Қол аяқтан жазылды

Тұз- тұзақтың жазасы?

Бендесіне қатер жоқ

Медет беріп шынайы

Жасырып сырын жаһанның

Айтпаса да білелі

Қатерлі күндер өтті де

Қайтадан рахат болды да

Қалдығой деп ем артымда

Бұл жаһанның дүниесі

Сексен күндік мехнат боп

Айлар мен өтті аптасы

Қайтадан қатты тартылды

Шешілген аттың тартпасы

Жасырып тосқан болсам да

Құлыңа өзің мехрибан

Кең жаһанның падшасы

Жалынғаннан басқаны

Жазған тілім айтпашы

Жақсылық күнді келтірді

Жақсылық қайран жетілді

Қатерлі күнді кетірді

Өзіңнен рух келгенде

Ұлық жаһаннан сол түрлі

Өзің тәңірім беріп ең

Өткінші қылған дертімді

Қуанбай не деп қайғырдым

Ұятым қалды бетімде

Тілеп алған жаңбырым

Басыма еңбек келтірді

Еңбегім болды байлығым

Басыма түсті қиын күн

Қайың ағаш секілді

Еңкейіп, сынбай иілдім

Жолаушы болып жүргенде

Жолдағы түрге киілдім

Жанбасыма жүк батып

Айдалада тік тұрдым

Қадірі өтті жұртымның

Ауылыма келгенде

Бір арманым күйіндім

Қоқан менен Ташкенді

Қатар басып жүрілдім

Халықтан озған ерлердің

Назарына іліндім

Кіндік кесіп, кір жуып

Сыр бойында туылдым

Жамбасым сарсып жатқанда

Жылдай боп әр таң атқанда

Жиыла алмай жатырмын

Кәрі жілік қатқанба

Жаралы қаздай ыңыранып

Жаныма кесел батқанда

Жазылғандай көруші ем

Көңілімді сұрап ағайын

Қалайсың деп айтқанда

Айналайын құдая

Ай күніңнің жарығын

Панайыңда біз ғаріп

Күн көрер халық ғаріп-ай

Рахмат сенен тілейді

Бұл жаһанның бәріде-ай

Жаһаннан саған қажет жоқ

Арық зайып тарымды

Арқаңда аз күн жол батып?

Қалмады сірә жолымда ай

Жыл өткізіп зорға іліндім

Адамзаттың санын-ай

Жаһанды құдай жаратқан

Жалғызсың падшам серіксіз

Біз күнәһәр бандамыз

Шыбыннан нашар еріксіз

Ауқатсыз қойсаң харыпыз

Өмірсіз қойсаң өлікпіз

Топырақ , су, от пен жел

Төрт нәрседен өніппіз

Бір атаның белінен

Бір ананың қарнынан

Адамзат халық болыппыз

Жалғыз деп сенің үйіңнен

Айдалаға тұрыппыз

Қоныс жоқтай таласып,

Әр ықылымға қоныппыз

Ыстық, салқын өткізіп

Суық күнге көніппіз

Жаз жарқылы жарқырап

Қыс жабырқап қалтырап

Тайғақ кешу, тар көпір

Дүниенің жүзі қалпырақ

Қатерді тайғақ қияда

Қалтырап қорқып тұрыппыз

Жаһанды Алла жаратқан,

Жалғызсың патша серіксіз,

Біз күнәкар пендеміз,

Басынан нашар еріксіз.

Ауқатсыз қойсаң әлсіз тіл,

Өмірсіз қойсаң өлікпіз.

Арабы тілде Алланың

Бір сыпаты қайым дер,

Қайым аттың мағынасы

Бір атауы Алла деп

Он мәртебе тағылым дер

Алланың үш мың үш атын

Ашық жерде қойған таухин дер,

Мың бір аты жоғары

Арш-ағлада Захир дер

Анық бір атын біледі

Бұл жаханда қалың ел

Мың бір аты үстінде

Жаханнамның мәлім дер

Алланың үш мың үш атын

Атайды Молла ғалымдар

Есіткен сөзді айтады

Есіткен ғой шайыр дер

Әр рахметті жеткізген

Алла сақы, кәрім, нұр

Кәрім, сақы иә, Алла

Рахымыңның бәрін бер

Көшіп кетер дүние

Көлеңке сыпат пәни дер

Айналайын Зүл-жалал

Өзіңнен басқа жақын жоқ

Екі жахан сенікі

Еш мақұлықтың қақы жоқ

Қожайын хақы көреміз

Құлыңның пида нахлы жоқ?

Ашта, тоқта өтеді

Бұл дүниенің нарқы жоқ

Баста құрық белеңсіз

Замананың арты жоқ

Он сегіз мың ғаламның

Біз білмеген халқы көп

Әр істі өзің қыласың

Құдіретің күшті құдасың

Ақылмен білген жақсылар

Өз жайында жыласын

Қорқып болды қуаныш

Жылап жатты жұбаныш?

Сенбеймін мына дүниеге

Өзіңсің егем, иланыш

Топыраққа дене қосылар

Аманат тұрған бұл жан сайын

Ақылын халықтар алдырар

Түрленіп дүние тұрған соң

Алланың болар қалауы

Бенде күнә іс қылған соң

Заһрине қарайды

Батинин қайдан білесің

Қараңғы лақат тұманға

Қалып ең қатер күмәнға

Тірі жанға өлім бар

Ажал қатер бұл жанға

Фир-сыраттан өткенше

Амалыңмен қуанба

Басым болып түскенің

Ойландым пайда зиянба

Ренішке бармай кетті деп

Алғыссыз жүріп өттім деп

Талайлар түсті қиялға

Тайдырмады қадамды

Шірін жан қалды адамда

Пәниіңде біз ғайып?

Рахымды сана дұғада

Екінші өмір жеткерсе

Пендесі күмән қылама!

Бұл ұзақ терме Жүсіпқожаның қолжазбасынан шықты.

Абдрахманға

 Молда Қошық-Нарбек-Абдрахман асылдың сынығы аз уақыт көлеңкеде қалып барып Ақжал аттай    жарқ етіп көзге көрінген сәттегі Майлықожаның  құттықтап жазған хаты. 

Датқа кетіп, жұрт азып қалың  батқан,

Дарияның арнасы еді ағып жатқан.

Ақжал аттай бақ іздеп озып едің,

Билігің құтты балсын Ғабдрақпан.

 

Заманың кеткенінде кесіріне,

Бектіктің ілінбеген еш жеріне.

Бірің ерте, бірің кеш оздыңыздар,

Тұлпардан тай, құнандар алып жүлде.

 

Тектіден Тұрлыбек пен кетті Нарбек,

Балдарына замана қалды тар боп.

Жарлылық, жалғыздықтан қалып едің,

Бектікке қолың жетті әруақ жар боп.

 

Ақжал аттай бектікке қалың қандай,

Ат ажардан күрмеліп түсе қалдай.

Мұндай болып құс ауған заманында,

Неғып аусын дәрменің алса амалда-ай.

 

Билік сенің болмайды босағаңдай,

Ниет қылсаң қайратың тасығандай.

Темір қазық жұлдыздай тебіренбей,

Құрбың қалды құдайы жолдағандай.

 

Жол-жолдан ат, ауылды талдай келіп,

Боза үшін бес балалар жолды-ай келіп.

Жәрдем беріп Ахмед пен екеуіңе,

Ағайындар ілгергі ұрдай келіп.

 

Пешінде жарты көңіл Тоғызбайда,

Шын құданың мінезі нағыздайды.

Араңызда татулық болса екен деп,

Ешкімнің көңілін қалғызбайды.

 

Ахмедтің баласы бөрілерді,

Арам ниет бір мұздай ерімейді.

Жолдары сан, бір жүрмей мақұл еттің,

Басқа жақтың қарасы көрінбейді.

 

Молла Таш амал алды болмай басқа,

Ернар бек құрған қатар еді досқа.

Балалық қылады деп ойлап достым,

Парқ қылмайды бекер еш басқа жаққа.

 

Жөкеңнің Сұлтандылық қатары жоқ,

Жолдас болдым, жолықтым, айтары жоқ.

Ағайыны алдында аңламай жүр,

Ғадрақпан туған әділ атаны боп.

 

Бұл заманның адамы малды жоқтар,

Малы көп, басы көпке барды боқтар.

Жарлылық, жалғыздықта жасымаған,

Ғабдрақпан бәріде халық мақтар.

 

Ертең ерте, қосқаны кешке озады,

Ылдый жерде қосқаны төсте озады.

Досыбайдың ақ жалы секілденіп,

Түпке тастап кеткен мен басқа озады.

 

Арабы атың тұлпар жалғыз озған,

Қызметіңнің артығы малсыз озған.

Қалын Дарқан жалының қатты шықты,

Айнымаңдар күнінде жалғыз болған.

 

Айбек пенен Шарапты үйде қорға,

Жеткізіп жүр ақыры құрамаға.

Ғабдрақпан көңілді қалдырмас жұрт,

Асылмын деп тұған ол осы араға.

 

Датқа өтті жақсының қалауы боп,

Тәңір оздырған бенденің талайы жоқ.

Әруақ дарыпты деп, ой қылы берем,

Тату болыңдар датқаның баласы боп.

 

Арыстанның баласы Жолдасбекті,

Тату болған лайық жұмыс депті.

Жалғыздық,жарлылықта жасыта алмас,

Жауласқан халық ішінде тойды депті.

 

Ахмед, Ғабдрақпан бабаң датқа,

Бәріңде жарастыңдар Сұлтандыққа.

Билікті саған пайыз қылған құдай,

Өз араңа келіпті кетпей басқа.

 

Өтіп кете жаздады Саркелік,

Алды болмай,жазы бол мерекелік.

Басы айналды Нарбектің баласы деп,

Даңқың барды Қоңыратқа осылай деп.

 

Нарбектің жұртқа шыққан дабысы көп,

Арғымаққа кім айтар жабысың деп.

Бір-біріңе айтқаның амал болса,

Өзіңе қарсы болмайды мәнісі жоқ.

 

Ғабдрақпан артық қой болмысыңда,

Затына Алашаның толарсыңда.

Жетім қалған Нарбектің Тұлпар тайы,

Жетіп, оздың Арқада қалдырса да.

 

Жарлылықтан, жалғыздық кейін келді,

Жасыңнан аңлап өстің жүрегіңді.

Балалары датқаның тату тұрса,

Оттың басы сен болсаң біреуі едің.

 

Сыр жолбарыс ағаңның қолқанаты,

Сыр еліне жайылды болған атың.

Өзге адам   дарақы нөкер алмас,

Өз уақтында бәрінен озған атың.

 

Датқа менен Сыр жаққа арлан Нарбек,

Әруағы қолдағыны саған жар боп.

Мұнан былай шектесі ман қаланың,

Дүниеде кетпесін қарның пад боп.

 

Атаңның әруағы күтті досын,

Малсыз озған қос дәулет дейді осың.

Атаңның берекесін берсін Құдай,

Амал алған билігің құтты болсын!

 

Дүниенің қалпы көп

 

Дүниенің қалпы көп

Алдайды деген даңқы көп

Түнде жанған жалындай

Түрлендірген толқын боп

Қиямет күннің зарпынан

Құлақта шаншу, қаңқу көп

Нәпсің масыл айдап жүр.

Малдан басқа жақын жоқ

Алпысқа жасың жеткенде

Қарындас, қатар халқың жоқ.

Ақырап, қауыс тоқсандай

Кетеді бойың салқын боп.

Әр нәрсені көрсең де

Көңілде қалқып, тасу  жоқ.

Өз көңіліңде ойлайсың

Баяғыдай парқым деп.

Қыз айттырсаң бермейді

Қызықты базар нарқың жоқ.

Қырымды көзің көргендей

Қыйырдан асар шарқың жоқ.

Құйқылжыған құрдас жоқ

Иіліп тұрған жеңге жоқ

Амансың ба жарқын деп

Асы жоқ үйдей болған соң

Асық болар қатын жоқ.

Қалағанын құданың

Қалағаннан басқа мақұл жоқ.

Ағайыннан басқа жақын жоқ

Алланың нұры әзіз жан

Ауыздан шығар жасын боп.

Кідіріп қалар пасыл жоқ

Жалтарып қалар тәсіл жоқ

Тәнеңде қуат, күйде жоқ

Ақылда жоқ, мида жоқ.

Тар лақатта қаласың

Басыңа тіккен үй де жоқ.

Күнде көрген күнде жоқ

Иман нұрың орнаса

Хұрлар келер бірге боп

Олардың жүзін көргенде

Үйіңді сірә, көргің жоқ.

Көңіліңде арман мұңда жоқ

Пайғамбарым Ан- Хазрет

Әрлі ислам дінім шоқ.

Қадір Алла рахым етсең

Ешнәрседен қайғым жоқ-

Бұл өлеңде Жүсіпқожаның қолжазбасынан алынды. Бұл екі өлең ілгеріден көпке мәлім бірақ нақты қолжазбадағыдай емес-тұғын. Көпшілік қолжазбаны іздеп келгенде Түйме баба жаттап алған жерінен айтып беріп отырған.

 

 

Дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button