Білген Шайыр айтады

Періште бес жайда бес түрлі нида қылғаны

ЖИЫРМАСЫНШЫ ФАСЫЛ

Бір кітап ат қойылған дүр «Міжәліс»,

Ішінде айтылады үшбу жұмыс.

Әр күні періштелер бір мәртебе

Бес жайда нида қылар бес түрлі іс.

 

Ол жайдың кәғбәтилла-дүр бірісі,

Раузаий мүбәрак-дүр екіншісі.

Үшінші – бәйтул мұқаддас, төрті – Базар,

Бесінші – қабірстан-дүр мазар іші.

 

Кағбада періште айтар әйлап ауаз,

Қылмаққа жүз қайтарасың парыз намаз.

Ей, пенде, маһшар күні Хаһ рақметі,

Сіздерден қайтара-дүр жүзін һәм баз.

 

Рузада періште айтар: «Ая, үмбет,

Қайтарсаң жүздеріңді қылмай сүндет.

Пайғамбар маһшар күні жүз қайтарып,

Сіздерге қылмағайлар еш шапағат.

 

Мәлектер Мұқаддаста айтар және:

«Істейсіз адал-арам істі һәмма.

Халалдың іштерінде араласып,

Арамнан болған болса жалғыз дана.

 

Кісі ақы, я болмаса, арам пұлдан,

Киімге араласа киіп тұрған.

Алланың дәргаһында қабыл болмас,

Оның мен құлшылығың тағат қылған».

 

Базарда періште айтар: «ибн Адам,

Алғанда әр нәрсені алсаңыз һәм.

Сатқанда артық қылып сатсаңыздар,

Кеткейлер имансыздың бәрі тамам».

 

Бесінші періште айтар көрстанда:

«Дүниеде жүресіздер қылып һәр не,

Маһшар күн болғанынша қарар алып,

Көр ішінде жатсаңыздар, ая, пенде.

 

Екіден қалы болмас істеріңіз,

Бірі сол – жәннат ішіне кіре-дүрсіз.

Екінші жақсы амал іс қылмасаң,

Тозаққа түсесіздер ұшырап кез».

 

Болады көрдің іші қараңғы, тар,

Жолдас жоқ, жалғыз кіріп жатасыздар.

Ол жайда ай мен күннің нұры болмас,

Жолдасың шаян болар, мұратың нар.

 

Еттері тамырлардың кетер еріп,

Топыраққа сүйектерің жатқай кіріп.

Үшбу көр амалыңның сандығы дүр,

Ойлаңыз әнің пікірін өлмей тұрып.

 

Істеңіз жақсы амал ықылас бірлән,

Өзіңе жәрдем болар бергенде жан.

Мәлектің Мөңкір-Нәңкір сауалында,

Бір тұрып жауап берер сенің бірлән.

 

Істеген амалыңыз суретке еніп,

Көрінгей көр ішінде сізге келіп.

«Мен сенің жақсы қылған амалың» деп,

Тұрғай-лар ақырға ше жолдас болып.

 

Әр күні айтылады мұның бәрі,

Бұл сөзден еш адамның жоқ хабары.

Ықыласпен жақсы амал істер еді,

Көр ішінде жолдасым деп білсе әні.

 

Пайғамбар бұл сөзді айтты хабар беріп:

«Қабірге алып жүрсе, әр пенде өліп.

Өліктің мойны үстінде бара-дүрлар,

Кебіннің арасында аруағы еніп.

 

Өліктің қабірдегі аруақтары,

Алдынан қарсы шыққай тамам бәрі.

Деп айтар: «Үшбу күні мұнда келіп,

Дүниенің әкелгенің қай амалы?

 

Бұл күні жақсы амалды келсең алып,

Қабірде жатсаң керек рахаттанып.

Өзіңе жақсы амалың жолдас болғай,

Ақырда шаттандырсын жәннат барып.

 

Әгарда күнә болса әкелгенің,

Құмырсқа, жылан болғай бәрі әнің.

Денеңе неше түрлі зәһәрін[1] салып,

Кетпегей ақырға ше қайғы-қамың».

 

Я, Алла, мен құлыңа рақым айла,

Барғанда қорқынышты о шол жайға.

Жақсылық амалымды жолдас еткін,

Қасыма қабір ішінде қылып пайда.

 

Анадан әуелімде туғанда мен,

Дүниеге келіп едім жылауменен.

Шаттық пен құрсандықта болып еді,

Ата-ана, әр бірәдар бірге туған.

 

Бір күні тұрғанымда ажал жетіп,

Жылар-лар досты, жарым фарияд етіп.

Сол күні мен құлыңды күйінде қыл,

Мархаббат кәрәміңді сен көрсетіп.

 

Сұраса сауал етіп бір адамзат,

Ол күні болады деп қалайша шат?

Пенделер жан беретін мезгілінде,

Тарта-дүр әр тұрғыдан қайғы-қасірет.

 

Бірі сол – шығар уақта жан қиналар,

Әзірейіл Хаһ әмірімен пәнжа салар.

Шайтан һәм мекерлікпен иғуа қылып,

Иманнан ажыратпаққа талаптанар.

 

Қойғанда бола-дүрлар қараңғы, тар,

Һәм және Мөңкір-Нәңкір сауалы бар.

Көр азап, есеп сауал, қапру шер,

Таразы Сират көпір, раузи маһшар.

 

Пенденің алдында бар мұның бәрі,

Өлерде кеуіліне алып ойлар әні.

Бұлардың баршасынан өтпей тұрып,

Жоқ тұрар құрсандықтың еш имкәні[2].

 

Жаһан күлкі, жер емес-дүр тұрар ей, құл,

Әгар гүл қатерден аттасаң құл.

Ишан сопы Аллажар кітабында,

Біздерге нақыл қылып айтқаны бұл.

 

Осылайша айтылады жауап беріп,

Аттаған қатерлердің бәрін көріп.

Қайғырып, қапаланып жата-дүрлар,

Қорқынышы неше түрлі көңілге еніп.

 

Сол уақта нида болып бір Алладан,

Деп айтар: «Ләта кафу уәлә шаһзан».

Мәнісі – ая, пенде, қамсыз болып,

Қауіп етіп, қапаланып, қорықпағын сен».

 

Бір нида Хаһ тараптан келіп және,

Аятын ләтәкнәту айтар аңа.

Мәнісі – ая, пенде, нәпсің үшін,

Өміріңнің сарып айладың бәрін һәмма.

 

Өзіңді наүміт[3] қылма рақыметімнен,

Ғапу етіп, жарылқадым күнәңді мен.

Алланың мәрхаббатын пенде естіп,

Айта-дүр осы сөзді зарлықпенен:

 

«Күнәмнің жарылқадың бұл күн бәрін,

Және де бір тілегім бар-дүр менің.

Ата-ана, аһле әйел, ер бірәдар,

Көтергіл өз кеуілімнен мейірін әнің.

 

Қанша жыл жан денемнен бірге тұрып,

Кетпекке разы болмас енді айырылып.

Екеуін бір-бірінен ажыратқайсың,

Өзіңнің құдіретіңмен кәрам қылып».

 

Сол заман Алла айтты қылып илһәм:

«Ая, нәпіс, рақатта бол, жемегін қам.

Өзіңнен бір Құданың разы ерур,

Тездікпен дәргаһыма келгін жылдам.

 

Ақырда бола-дүр деп орның жәннат,

Құранның кәләмінде айлаған жат.

Һәжірінің сүресінің ақырында

Жазылған тут мәйна туржәи аят.

 

Мәнісін сол аяттың хабар берер,

Нәпсіге бұл аяттан шаттық келер.

Тездікпен жан денеден ұшып шығып,

Хал ділмен бұл айтылған сөзді дей-үр.

 

Деп айтар: «Көп жақсы екен бұрын өлсем,

Алланың бұл рақметін барып көрсем.

Дүниенің ишаратынан жүз есе артық,

Тұрушы мәңгілікті жәннатқа енсем».

 

Бұны деп пенде рузы болубан шат,

Денеден шығып кетер бей машақат.

Алланың рақметіне уәсіл[4] болғай,

Ақырдың қайғысынан болып азат.

 

Ілгері айтып өттім сол үшін мен,

Деп айттым өтер халде күлдіргіл сен.

Алладан осы түрлі нида естіп,

Шығарда шаттанбайды қалайша жан?

 

Құдая, калима ғой асы құлың,

Тұтқаны серік қоспай тура дінін.

Денеден жан шығатын сезгілінде,

Бәріне бұл нидәні нәсіп қылың.

 

Хусусан мен күнәһар асы-жапы,

Момындық дәптерінде болған аты.

Нәпсімді өтер халде шат қылғайсың,

Айтылған үш мәртебе аят ақы.

 

[1] Зәһар /а/ – у.

[2] Имкән – мүмкіндік.

[3] Наүміт – үмітсіз.

[4] Уәсіл /а/ – жақын; ойына, мақсатына, дегеніне жету.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button