…Ғашық болған жігіт сүйгенінің үйіне келіп есігін қағады. Есіктің ар жағында тұрған қыз «бұл кім?» деп сұрағанда, жігіт «есікті аш, бұл менмін, сенің ғашығыңмын» дейді. Алайда қыз оған есікті ашпайды. Арада біраз уақыт өтіп, жаңағы жігіт машұқының (сүйіктісінің) үйіне қайта келгенде, қыз есікті қағып тұрған кім екенін сұрайды. Сонда жігіт жаңағы жауапты және қайталайды. Қыз тағы да «сен әлі дайын емесссің» деп есікті ашпайды. Арада бірнеше жылдар өткен соң махабаттан басы айналған жігіт сүйіктісінің үйіне қайта келіп, есігін қағады. Ар жақтан кім екенін сұрағанда, жігіт «мен бе…?, мен.., мен … білмеймін, кім екенімді ұмыттым» дейді, сонда машұқы «енді міне, сен шынайы ғашық болдың» деп есікті ашып, жылы қабылдайды.
Бұл аңыз не ертегі емес, шығыс мұсылман әдебиетінде «пир-е ешқ» яғни «ғашықтықтың пірі» атанған Жәләләддин Румидің шығармасынан үзінді. Бар өмірін иләһи махаббаттың жолына арнаған Мәуләуи өз шығармасы арқылы ғашық пен машұқ бейнесінің сырын ашуға тырысқан. Сондықтан да оның қаламынан туған дүниелерде ғашықтық мәселесі бірінші кезекте тұрды. Ғашықтық болғанда да, бұл өткінші дүниеге деген махаббат емес, рухани кемелдікке жету жолындағы ғәріптің (Хақты танушы) өз Негізіне қайта қауышсам деген асыл арманы…
«Ғашықтықтың сырын айту – жүректің ісі»
Мәуләуидің жырлаған басты тақырыбы – ғашықтық. Онда да мажази емес, ирфани ғашықтық.
Шайырдың түсінігіндегі ғашықтық – әлемнің бастауы һәм тірегі, он сегіз мың әлемнің жаратылысына да осы ғашықтық себеп болған, «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай жырлағандай, күллі адамзат баласы да осы ғашықтықтың негізінде пайда болған. Сондықтан ақын не айтса да, не жазса да басты тақырып етіп, осы ғашықтықты алды. Ғашықтықтың бастауы һәм шегі жоқ. Әзәли машұқ бар екен, ғашықтық та мәңгілік жасайды.
Ғашықтық туралы сұраған жандарға Мәуләуи:
Ғашықтық «айн», «шин», «қаф» әріптерінің қосындысы емес,
Қайта осы үш әріптің астарына жасырынған бір құпия,
Ғашықтықтың сырын айту – жүректің ісі, –
(жолма-жол аударма – Т.Қ.) деп, қысқа қайырған.
…Рухани кемелдікке шақырған Мәуләуи бұл жолға шынайы ғашық болып қана қол жеткізуге болатынын айтады. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, оның ләззәтін түсіну үшін жүрекпен сезіну һәм сол кейіпке ену ләзім. Имам Ғазалидің «(Рухани) кемтар немесе сол (рухани) кемтарлығы арқылы айуанға жақын болған адамға ғашықтық туралы айтылса болды, ол шаһуаттық арманнан басқа нәрсені көз алдына елестете алмайды» деп жазғанындай, иләһи ғашықтықты түсіну үшін белгілі бір дәрежеде рухани дайындық керек дер едік.
«Оллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін»
«Мен қайда? өлең қайда? Оллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін, мен үшін одан жаман нәрсе жоқ. …Біздің ортамызда шайырлықтан өткен қорлық жоқ».
Жәләләддин Руми өзін ешқашанда шайырмын деп есептемеген. Сондықтан да замандастары секілді патша сарайларында өлең сөздің жарысына да түспеген. Ақындықты кәсіп қылып жан бақпаған, оны атақ-даңққа жеткізер құрал деп те санамаған. Қырық жасына келгенше, яғни ұстазы Шәмс Тебризбен кездескенше бір бәйіт те жазбаған деседі. Мәуләуитанушы ғалым Кәзім Мұхаммадидің сөзімен айтар болсақ, «Алайда Мәуләуи өзге шайырлар секілді шайыр емес. Ол қаншалықты көп өлең жазса да, сол жазған дүниелері жоғары деңгейден табылып жатса да, ол өзін ақынмын деп есептемеген, оны мақтан да тұтпаған. «Шайыр» деген атқа ие болу үшін кейбір ақындар секілді бір өлең жазамын деп, басын тауға да тасқа да соқпаған».
Мәуләуи өзінің «Фиһ мә фиһ» атты шығармасында ақындықты өзіне ар санап: «Мен қайда? өлең қайда? Оллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін, мен үшін одан жаман нәрсе жоқ. …Біздің ортамызда шайырлықтан өткен қорлық жоқ», – деп жазады. Сондай-ақ ол ғазалдарында:
Мен сандырақтайтындай, өлең маған не бопты!?
Мендегі бар дүние басқа шайырлардын өзгеше…
(жолма-жол аударма – Т.Қ.)
Бәйіт пен ғазал хақында шынымды айтар болсам,
Ей, Жаратқан,
Муфтағилун, муфтағилун, муфтағилун өлтірді мені, –
(жолма-жол аударма – Т.Қ.) деп жырлаған.
Сопы шайырлардың өзге ақындардан айырмашылығы: олардың тақырып іздемейтіндігі және ұйқас қумайтындығы. Сондай-ақ жазған дүниесін көп өңдемейтіндігі. Себебі Хаққа ғашық ақын өз туындысын жәзбәға кенелгенде немесе Машұқының жамалына қатты ынтыққан уақытта пайда болатын үлкен илһамның үстінде отырып жазады. Сондай күйге (халға) жеткен ғәріп (Хақты танушы) сол кездегі көңіл-күйін бірден төгіп салады. Жоғарыда Мәуләуидің «Мендегі бар дүние басқа шайырлардын өзгеше» деп жазатыны да сондықтан. Шығармада басты мәселе ұйқас емес, мазмұн болғандықтан да «Муфтағилун, муфтағилун, муфтағилун өлтірді мені» – деп қалам тербеді. Ол атақ-даңққа дәметіп, жеңіл тақырыптарға барып, ұйқас қуған сарай маңында жүрген кейбір шайырларды сын садағына алды. Ондай ақындардың сөз өнерінің қадірін қашырып жүргенін ашына отырып жазды. Оның «бұл күнде ақындықтан өткен қорлық жоқ» деп қалам тартуының астарында көркем сөзге деген жанашырлық жатыр еді.
Хаққа деген ғашықтықты жырлаған Мәуләуи өзінен бұрын өткен шайырлардың айтқанын қайталамауға тырысты. Сондықтан да ол:
Ескі-ұсқыны сатушылардың заманы өтті,
Біз жаңа саудагерміз, сондықтан бұл – біздің базар, – (жолма-жол аударма – Т.Қ.)
деп, ескі тақырыпты қаузаушылардың дәурені өткенін айта келе, әдебиет деген ұлы майданға тың тақырып, жаңа леппен кіругі тырысты. Тағы бір жерде «Енді, жаңа сөз айт, екі әлем өзгерсін» деп жырлады. Бұл да болса оның сөз өнеріне үлкен жауапкершілікпен келгенін көрсетсе керек. Ол мағынасыз тақырыптың ғасырлар бойына жырланып келе жатқанына қатты ашынды. Өлеңдегі басты мақсат ұйқас емес, мазмұн екеніне назар аударды. Сондықтан да оның негізгі шығармасы «Мәснәуи-е мәғнәуи-е Мәуләуи» яғни «Мазмұнға толы Мәуләуидің мәснәуиі» деп аталды.
Бұл пікірден шайыр аруз іліміне яғни ұйқасқа тіпті назар аудармаған екен деген ой тумаса керек. Ақын мұрасын зерттеген ғалымдардың бәрі де оның шығармаларының белгілі бір әуенге, ырғаққа және ұйқасқа құралғанын жазған. Мәуләуитанушы ирандық ғалым Кәзім Мұхаммади: «…Мәуләнә үш жарым мыңдай ғазал жырлаған. Сонда елу бес өлең өлшем бірлігін қолданған. Біздің шайырларымыздың ешқайсысы да парсы тілінде мұншалықты өлең өлшемін дамытқан емес.
Шәміс Қайстың көне заманда болған, бірақ бұл күнде ұмытылған өлшем деп жүргендерінің басым бөлігін осы Мәуләуи дүниеге әкелген әрі кәдімгі (жиі кездесетін) өлшемдерден анағұрлым артық жасаған» – деп жазды.
Сондай-ақ, ғалым Фәрузанфар: «Мәуләнә – талант. Яғни бұрыннан ақын емес адамның (аяқ астынан) өлең шығаруы; ешбір әдеби ортада өлең сырын игерместен, шайырлықта жаттықпастан, көркем сөзбен жыр жазуы әрі оны керемет жеткізе білуінің өзі ғажап! Әрі оның қаламынан туған дүниелер көлемі жағынан біздің бұл күнде есімдері күллі әлемге белгілі мәшһүр болған атақты шайырларымыз Фердауси Туси, Сағди Ширази және Хожа Хафиз шығармаларын бірнеше есе орап түседі. Бұдан шығатын қортынды Мәуләнаның шайырлығы иләһи құдіреттің арқасында пайда болған», – деп оның шайырлық шеберлігін жоғары бағалаған.
«Оллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін»-деп жазған Мәуләуи өз шығармалары арқылы әлем әдебиетінің деңгейін тағы бір сатыға көтеріп кетті. Бүгінде оның қаламынан туған жыр жолдары кейінгі ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтардың дамуына өз септігін тигізіп келеді.
Төрәлі Қыдыр, шығыстанушы