Бір суреттің сыры

Сарғайған беттер сөйлесе: Қазанда басылып, Қазақстанда шашылып…

Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының мұрасы жөнінде

Бұл мақаланы марқұм жазушы Нұрқасым  ҚАЗЫБЕК 1994 жылы Түркістан газетінде жариялаған  екен. Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы өмірінің бір дерегі ретінде оқырмандарға қайта  ұсынып отырмыз.

1980 жылдың бас кезі еді, күтпеген жерден мынадай бір жағдайға тап болғаным бар. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында ертеректе Исмағұл Ибраев деген кісі өмір сүрген көрінеді. Сірә, өз дәуірінің саналы азаматтарының бірі болса керек. Бұлай ойлауымызға мынадай бір жағдай себепші болды.

Аталған ауданның «Восток» совхозындағы бір үйде отырғанбыз, араб әрпімен басылған көне кітаптардың отқа тамызықка  пайдаланылып жатқанын көзім шалып қалды. Қолыма алып қарасам, олар мына төмендегідей кітаптар: «Қиса Қаһарман» (1900 жыл, Қазан), «Қиса Чаһзинда Жүсіпбек (1908 жыл, Қазан), «Кербала, хазірет имам Құсайын» (1902 жылы, Қазан. Соңында: «1897 жылы жазған Жүсіпбек қожа Шайхұлисламұлы» деген сөз бар),  «Хазіретті Ғұсманды қонаққа шақырған көдек бала қисасы» (1900 жыл, Қазан. Жүсіпбек жазған), «Қиса Анхазірет Расулдын мағаражға қонақ болғаны» (1899 жыл, Қазан), «Сайд Жағуфар шаһ әулие Сұлтан Сайд» (1894 жыл), «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» (1899 жыл, Қазан. Кітаптың соңы жоқ),  «Алпамыс»  (кітаптың басында  бес-алты беті жоқ. «Хикаят қылып жазушы Жүсіпбек қожа Шайхұлисламұлы. 1899 жыл. Бір күн, бір түнде бітірдім. Қатесі болса, кешіріңіздер! Уақыт тар болды», – делінген), «Ер Тарғын» (1894 жыл, Қазан. Атақты Марабай ақыннан жазып алған Илминский), «Бозұғлан» (1890 жыл,  Қазан университетінің баспаханасы, Ахмедбек) һәм Жүсіпбек. Сөз соңындағы жазуға қарағанда Ахмедбек пен Жүсіпбек автор сияқты. Өйткені, мұны «көшіріп жаздым» деп қол қойған адам – Ешбай Көзберкінұлы), «Қиса һарон Рашид» (1897 жыл, Қазан), «Қиса Сейфилмәлік» (1909 жыл, Қазан), «Шәкір, Шәкірат падишаһ Әшім балалары» (1901 жыл, Қазан), «Қиса Қасым жомарт» (1901 жыл, Қазан). Жүсіпбеқ қожа жариялаған насар сөзден), «Қиса екі  ғажам» (1898 жыл, Қазан). «Қиса Мәлік Хасен» (1890, жыл, Қазан университетінің бас­пасы), «Жүсіпбек қожанын Әзифа (Шүкей) қызбен айтысы» (1897 жыл, Қазан), «Қиса Чаһзинда» (1899 жыл, Қазан университетінің баспасы, Жүсіпбектің хаты бойынша басылды) екен. Негізінен бәрінің шығуына Санкт-Петербургте рұқсат етілген.

Аталған кітаптардың көбін баспаға дайындаған немесе жаңғыртып жазған адам  – Жүсіпбек қожа Шайхұлисламұлы. Ол өз аты-жөнін кейде Жүсіпбек, кейде Жүсіпбек Қожа, кейде Жүсіпбек қожа Шайхұлисламұлы деп толық жазып отырған.

Кімдер жазса да, қалай болған күнде де көненің көзіндей бұл кітаптарда асыл сөздер аз емесі белгілі. Ендігі мәселе өз кезінде-ақ сол сөздердің кәдір-қасиетін бағалап, жеке кітапхана құраған Исмағұл Ибраевтың кім екенін білу болып отыр. Өйткені, осы кітаптардың бәрінің алғашқы бетіне: «Исмағұл Ибраевич Ибраев» деп, көк сиямен мөр басылған. Ендеше бұл кісіні ел ішінде білетіндер болуы мүмкін ғой. Ондай жағдайда кітапханасының негізгі қоры табылып қала ма деген үмітіміз де бар.

Енді оқырмандарымызға осыншама кешігіп сұрау салуымыздың себебі туралы да айта кетсек, артық болмас. Шынында мен сол отырыста-ақ қасымдағылардан сұрастыра бастаған болатынмын. Бірақ ешкімнің жөнді жауап бергісі келмегендей сыңайын байқадым. Екіншіден, тірнектеп жиған қазынасының тамыздық үшін ошақ-ошақтың басында шашылып жүруі көңіліме күдік ұялатты. Бар тындырған ісім әлгі аталған кітаптарды ошақтың басынан жиып алғаным болды. Үшіншіден, астанамыз Алматыдағы бір өзі бір кен кітапхананың кітабын ғана белгілі-белгілі азаматтарымыздың көздері кеткеннен  кейінгі кезде әлгі қол тигізбей қорғаштайтын асыл қазыналарының тарыдай шашылып,  әркімдердің қолында жүргенін көріп үмітсізденген де кезім болды. Өстіп, ары тарт, бері тарт боп жүргенде көп қағаздың тасасында жата беріпті, Алайда, «ештен кеш жақсы» деген. Егер кімде- кім осы кісіні және оның кітапханасының негізгі қоры қайда екенін білсе,  «Түркістан» газетінің редакциясына  хабарласуын сұраймыз!

Нұрқасым  ҚАЗЫБЕК
1994 ж.
https://turkystan.kz/article/63179-sar-aj-an-better-s-jlese-azanda-basylyp-aza-standa-shashylyp

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button