Мәжмаи ләтәиптер бір нұсқаны,
Расулдың хадисінен айтқан оны.
Осылайша сол кітапта баян еткен,
Ол күнгі болатұғын оқиғаны.
Махшарға бір тайпа тұрар барып,
Жүздері толғай айдай шұғылаланып.
Дүр бірлә шаштарына жақұт таққан,
Қолына кесе бірлә шарап алып.
Астында боладүрлер нұр мінбері,
Көргендер періште деп айтар оны.
Періште мәләкүттер мұны көріп,
Пайғамбар мұрсал ма дер ол пендені.
Пенде айтар құлақ салып тыңдаңыздар,
Періште ия пайғамбар болмағайлар.
Тоқтықта қанағат қып сабыр еткен,
Расулдың тіпті кедей үмбетіміз.
Әр күні бес уақ намаз оқып жүрдік,
Баршасын жамағатпен ада қылдық.
Расулдың ат шарифін есіткенде,
Жас төгіп көзімізден жылап тұрдық.
Сол үшін бұл дәулетті Алла беріп,
Махшарға нұр мінбермен тұрмыз келіп.
Алланың инғам[1] еткен уәдесімен,
Бостанды[2] сәйір етеміз жәннатқа еніп.
Бұл түрлі жамағатта фазилат бар,
Момынлар ада қылып тұрмақ дәркәр.
Базы бір жаман адам жамағатқа,
Уақтында біле тұрып бармайдылар.
Халқына бұл дүниенің салсаңыз көз,
Базысы аз кеселге ұшыраса кез.
Мешітте баралмайтын үзірім бар деп,
Бармасқа баһана[3] қып айтады сөз.
Кеселді жақсы адамдар үзір білмес,
Көңліне кесел бар деп қиял кірмес.
Жүрмекке, отырмаққа уақты болмай,
Шамадан кеткенінше бармай тұрмас.
Бұл іске ісенбейді кейбір кісі,
Келмесе барады деп қандай күші.
Бұл жерде ғибрат үшін бұл айтылсын,
Ілгергі жақсылардың қылған ісі.
Пайғамбар уақты жетіп өлер халде,
Ұшырады науқастанып бір кеселге.
Тұрмаққа, отырмаққа уақты болмай,
Төсекте бірнеше күн жатты онда.
Бір күні болған уақта уақыты намаз,
Азанын Хазірет Біләл айттылар баз.
Көтеріп жамағатқа алып бар деп,
Әліге Расул құда қылды ағаз.
Жоқ еді дәл өзінің еш мажалы[4],
Көтерді арқасына хазірет Әлі.
Сүйреліп Hасул құда барар еді,
Аяқтың жерге тиіп арқалары.
Машақат бейнетпенен осы түрлі,
Намазын жамағатпен ада қылды.
Бұл сөзді Ишан сопы тасни[5] еткен,
«Мәсләкіл муттақинда» айтыларды.
Жамағат сауабының айттым түрін,
Һәм және тағат еткен әзиз құлын.
Тәрік еткен пенделердің тұрысында,
Хадистің білдірейін және бірін.
Хадиспен бұл сөдді айтты хайрул әнам,
Болады жүһүдтерге берсе сәлем.
Кез болса үмбетімнің жүһүдіне,
Сәлемді бермесендер ешбір адам.
Сұрады сауал етіп біреу әнда,
«Үмбеттің жүһүдтері қайсы пәнда?»
«Үзірсіз жамағатқа бармаған» деп,
Пайғамбар жауап беріп айтты әңә.
Мешітте отыр еді бір күн Расул,
Сол заман хабар берді кеп Жәбірейіл.
Деп айтты: «Ия, Мұхаммед, үмбетіңе,
Алланың осы әмірін хабардар қыл».
Муәззин азан айтып берсе хабар,
Есітіп жамағатқа бармасалар.
Жәннәттің назы ниғмат күлләрінің
Исінен бәһра[6] алалмай құры қалар.
Алланың әмірін тұтып ол адамзат,
Істесе намаз оқып күн ғибадат.
Намазда жамағатқа дахыл болмай,
Үйінде жалғыз оқып қылса әдат.
Ол қылған құлшылығы болғай бекер,
Тәрік қылған себебінен гүнәһ жетер.
Періште Таурат, Забур, Інжіл, Фурқан,
Баршасы ол пендеге лағнет етер.
Әбділда бір сахаба инб Аббас,
Расулдан нақыл етіп сұрадылар бәс.
Деп айтты: төрт намазды қайсы пенде,
Оқыса қайсы пенде сыддық ықлас.
Бармаса жамағатқа құптанға егер,
Болады ол пендеге қандай зарар.
Ол құлдың өлгенінде орны от деп,
Пайғамбар үш мәртебе берді хабар.
Әбділда бір айғаша сұрады әні,
Жауаптың ілгергідей болды бәрі.
Жамағатты тәрік қылған тұрысында,
Айтылған хадисінің жоқдүр саны.
Ат қойған ибн Масғұт бір сахаба,
Арыз етіп Пайғамбарға айтты жәна:
«Өзімнен бір жамағат қаза болды,
Сол үшін азат қылдым бір күн әңә».
Пайғамбар жауап беріп айттылар сөз:
«Жамағат сауабына жетпес әркез».
Және ибн Масғұт Расулға айтты:
«Екі құл азат қылсам бола ма тез?»
Масғұттың ұлына айтты шаһы Расул:
«Жамағат сауабына жетпейді бұл».
Расулдан ибн Масғұт сауал етті:
«Алла үшін азат етсем бола ма үш күн?»
Және айтты пәрмен етіп шаһы Абрар:
«Дүниеде әуел ақыр адамдар бар.
Баршасы құлың болып азат етсең,
Жамағат сауабына жетпейдүрлар».
Ибн Аббас ұлы Масғұт сауалдары,
Мәслакта зікір етілген тамам бәрі.
Мәнінен хабары жоқ адам халыққа,
Білсін деп мен білдірдім мұнда әні.
Тасуи әні тәпсір ішірә нун сүреде,
Зікір етіп осы сөзді айтты және.
Сәжде ет деп пенделерге пәрмен етер,
Ол күні құдіретімен һайиу дана.
Момындар сәжде қылар басын салып,
Әр кісі намаз уақтын хабарланып.
Үзірсіз жамағатқа бармасалар,
Уақтында біле тұрып кейін қалып.
Темірден қатты болып біл арқасы,
Тік тұрар иілмекке келмей басы.
Өзінің ахуалына өкініш қып,
Тұрғайлар көп уайым қып пенде осы.
Бұл жерде айтылады бір нақлият,
Сахаба Әбу Мұса аталы бір зат.
Расулдың өз аузынан естідім деп,
Зікір етіп осы сөзді әйлады жад.
Табынса қай нәрсеге дүниеде әр жан,
Тұрмаққа кетедүрлар оның бірлән.
Бармастан ешбір жанға тұрып ғапыл,
Кәлима таухид айтқан әһлі имам.
Нида қып оларға айтты Хақ бұйрығын:
«Бұлармен сіздер неге бармадыңдар?»
Олар дер: «Жер жүзінде тағат еткен
Біздердің жаратушы егеміз бар.
Онымен бір болмаққа тұрадүрмын,
Басқаға бармағаймыз біздер әркез».
Алла айтты: «Жаратушы егеңізді
Егер де көрсеңіздер, танырмысыз?»
Момындар: «Танырмыз деп айтар бәрі,
Бейшүбһә[7] бейнәзирдүр жоқ мысалы.
Бір құда ортасынан пердені алып,
Өз нұрын көрсетерлер тәжәлланы[8].
Момындар бір Алланың нұрын көріп,
Сәжде еткей бір құрсанттық көңліне салып.
Риямен қайсы пенде намаз қылса,
Тәртібін ішіндегі бәрһам беріп.
Олар һәм сәжде етпекке талап қылар,
Иілмей денелері тіке тұрар.
Сиырдың мүйізіндей қатты болып,
Аллаға сәжде істемей тұр ғой бұлар.
Жақсылар бәрімізге бұл ғибрат сөз,
Оқимыз асығыспен намазды тез.
Парыз бен уәжіп, сүннет мұстахаптар,
Орнымен ада болмас әркез.
Сәжденің арасында бас көтермей,
Тездікпен жығыламыз аял бермей.
Қирағат, қиям, рүкүғ жығылса,
Өтеді өз орнына бірі қалмай.
Жүреміз мақтаншылық қылып жәна,
Намазды оқыдық деп бәрін һәмма.
Бір ләһза сабыр қылып отырмаймыз,
Аздырып ақылды алып нәпсі ада.
Сауап жоқ бұл намаздар болғай бекер,
Ақырда сәжде еталмай қайғы жер.
Рәстәні сарқиын деп бұл адамдар,
Хадистен пікайдан да нақыл етер.
Мәнісі ұрылардың ұрысы бұл,
Өз нәпсісін ұрлаған өзінен бұл.
Және де рәкбәсиннас осылар деп,
Хадиспен хабар беріп айтады Расул.
Айтқаны жамандардың жаманы деп,
Нұсқада осы түрлі рауаят көп.
Мендағы осы жерге жаза салдым,
Расулдың бір хадисі көңліме кеп.
Құдая біле тұрып мұның бәрін,
Орнына келтірмейміз ешбірлерін.
Махшарда сәжде ет деп әмір еткен,
Денемді жұмсақ еткін нымдай мені.
Осындай жамандықта болсам да өзім,
Мүддағам дидарыңды көрсе көзім.
Пазлыңмен бұл дәулетке ылайық деп,
Һәм дұғам һәм тілегім осы сөзім.
[1] Инғам /а/ – сый, сыяпат
[2] Бостан – бау, бақша
[3] Баһана /п/ – сылтау, желеу
[4] Мажал /а/ – күш-қуат, әл-дәрмен
[5] Тасни /а/ – жүйелеу, жинақтау; құрастыру; жазу; шығару
[6] Бәһра /п/ – пайда; тағдыр, тәлей
[7] Бейшүбһә – шүбәсіз, күмәнсіз
[8] Тәжәлла /а/ – жарқырап көріну