Білген Шайыр айтады

Төрт түрлі халықтан сауал сұрағаны

ҚЫРЫҚ СЕГІЗІНШІ ФАСЫЛ

Алладан Жәбірейілге әлһам енер,

Байларды есеп жайға алып келер.

«Не үшін оқымадың намазды?» деп,

Бір Құда құдіретімен хабар берер.

 

Пенде айтар: «Малды қылдың дүние беріп,

Тыймаққа айналыстым бейнет көріп.

Сен берген нығметіңді сақтаймын деп,

Мен тұрмын дәргейіңе құры келіп».

 

Алла айтар: «Сүлеймен дүр Дәуітұлы,

Есепсіз беріп едім дүние, пұлды.

Дүниені жинайын деп көңіл бермей,

Артықша дәргейіме тағат қылды».

 

Онан соң әкелгейлер құлды және,

Бір Құда нида қылып айтқай әңә:

«Дүниеде жүргеніңде намаз оқып,

Қылмадың жақсы амал нешік мәңә?»

 

Құл айтар: «Бір Құдаға бек зарланып,

Біздерді пенделерің сатып алып.

Намазды оқымаққа қоймадылар,

Дамылсыз күні-түні іске салып».

 

Оларға нида қылғай әкімі құл:

«Жүсібім Мысыр халқына болдылар құл.

Қызметін күндіз-түні істеп жүріп,

Бір уақта тағатымды қоймады бұл».

 

Онан соң кедейлерді келтірер баз,

Айтады құдіретімен қылып ауаз:

«Дүниеде мекен етіп жүргеніңде,

Деп айтар, – оқымадың неге намаз?»

 

Пенде айтар: «Кедей қылдың дүние бермей,

Қаншама қайғыда қойдың халім көрмей.

Ырзығымды күні-түні іздеп өттім,

Намазды оқымаққа уақытым болмай».

 

Алла айтар: «Әзірет Иса еді жарлы,

Сарп қылып іздемеді дүние, малды.

Әр нәрсе бергеніме қанағат қып,

Істеді күні-түні тағаттарды».

 

Онан соң кеселдерді алып келер,

Оған һәм бір Алладан әлһам енер:

«Кеселдік халатыңда тағатымды,

Неге сен қылмадың?» деп хабар берер.

 

Пенде айтар: «Е, Құдая, һайиу дана,

Дүниеде душар болды кесел мәңә.

Әмір еткен пәрменіңді тұталмадым,

Намазды оқымаққа болмай шама».

 

Алла айтар: «Айуб құлым кесел болды,

Денесі бірнеше мың құртқа болды.

Сол берген кеселіме сабыр қылып,

Бір ләһза тәрік етпеді тура жолды».

 

Осындай неше түрлі халықтар келер,

Баршасы үзір айтып жауап берер.

Ілгергі жақсыларды дәлел қылып,

Алладан баршасына әлһам енер.

 

Ол күні есебінің бұл формысы,

Үзірмен құтылмайды ешбір кісі.

Ілгері айтылып өткен осы сөздер,

Мүжмағат тайпының жазылмышы.

 

Құдая хәдтен артық күнәһым бар,

Інсі, жын сұмдығынан әйлайды ар.

Пазлыңмен кәрәм әйлап кешірмесең,

Ол күні айтқанменен қылмайды кәр.

 

ҚЫРЫҚ ТОҒЫЗЫНШЫ ФАСЫЛ

 

Пенденің намаий амалының келгені

 

Алла айтар нида қылып Жәбірейілге:

«Жәннатты әзір қылып әкел мұнда!»

Жәбірейіл Хақ әмірімен алып келіп,

Қояды аршы ағланың саясында.

 

Саясында даярланып тозақ тұрар,

Үстінен сират көпір һәм құрылар.

Пенденің амалдарын өлшемекке,

Ол жерде таразыны және құрар.

 

Алла айтар: «Қай жақта дүр әзірет Адам,

Ибраһым, Мұса, Иса бәрі тамам.

Мизанның оң жанына келіп тұрсын,

Хабибім Нұр Мұхаммед хайрул әнам».

 

Ризуанға нида қылар һайиу дана:

«Жәннаттың есіктерін ашқыл һәммә».

Онан соң Мәләкке һәм нида қылар:

«Тозақтың есіктерін аш деп жәна».

 

Рахметтің періштесі тұрар барып,

Жәннаттан қолдарына қалғат[1] алып.

Азаптың періштесі келіп тұрар,

Отты тон зәнжірлермен даярланып.

 

Жан шығып көрге пенде қойылғанда,

Бір мәләк Уман атты келіп анда,

Мойнына асады деп айтып едім,

Жаздырып амалының бәрін әрнә.

 

Махшарға жиылғанда халықтың бәрі,

Мойнына қоядүрлер асып әні.

Көрініп қар мысалы келедүрлер,

Пенденің дүниедегі амалдары.

 

Алладан нида келер әр пендеге,

Амалың дүниедегі үшбу нама.

Қағазды оң қолыңмен ұстап алғын,

Оқытып білмек үшін келді сәңә.

 

Алланың мархаматын пенде көріп,

Қағазды оң қолымен тұтқай келіп.

Ауазын бәләнд қылып оқығайлар,

Көңліне ол пенденің шаттық еніп.

 

Базы бір пасықтарға берсе нама,

Сол қолдың тарапынан келгей әңә.

Қағазды ұялғаннан оқи алмас,

Көрініп күнәсінің бәрі һәммә.

 

Амалы кәпірлердің арттан барар,

Көкірегін сол қолымен тістеп алар.

Сәредей амалында сауабы жоқ,

Әбділәбдіғаша отқа жанар.

 

Амалын қолдарына беріп тұрып,

Сұрарлар өткен ісін сауал қылып:

«Дүниеңді қай орынға сарып қылдың,

Өміріңді өткердіңдер қайда жүріп?»

 

Және айтар: «Амалыңды оқып қара,

Әуелде дайын етіп мәләк сәңә.

Әміріммен әуелінде жазып еді,

Ішінде іс бар мекен жалған жала?»

 

Пенде айтар: «Е, Құдая, әкімі құл,

Өз ісім ішіндегі баршасы бұл.

Мәләктің жазғанында қате жоқ» деп,

Қылғанын мойнына алып тұрады біл.

 

Сол қолмен алушылар алып қарар,

Жазылған амалына назар салар.

Істеген күнәларын мойнына алмай,

«Мен қылған іс емес» деп бәрі танар.

 

Егер де қылған ісін пенде танса,

Ол күні куә болып жеті нәрсе,

Пәлен күн, пәлен күнә істедің деп,

Мойнына ол пенденің керек салса.

 

Әуелі қылған жері ол күнәні,

Үстімде істедің деп айтар мені.

Екінші қылғаныңда куә болар,

Күнәні істеуші замандары.

 

Үшінші куә қылар Алла тілін,

Төртінші куә қылар қолын мұның.

Бесінші аяғы һәм куә болар,

Алтыншы куәміндүр һәм хатибын.

 

Жетінші амалына жазылған хат,

Ішінде қылғандарын әйлағай жад.

Ақырғы ахуалымыз сол екен деп,

Сақтансын наһи[2] істен әр адамзат.

 

Құдая, мен құлыңда көпдүр күнә,

Пазлыңмен тіленемін қылып дұға.

Ілгергі айтылғандай денелерді,

Сөйлетіп денелерді қылма куә.

 

[1] Қалғат – қорған

[2] Наһи /а/ – тыйым

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button