(көркемше)
Сөйлеймін әуел бастан Құдайым деп,
Не деймін Құдайды айтпай гүнайым көп.
Кіші жүз Алшын, Жаппас деген елде,
Исатай төре бопты бай Мұхамбет.
Хан болды бай Мұхамбет кіші жүзге,
Исатай шешен екен сөйлер сөзге.
Атасы бір, анасы бөлек екен,
Исатай болыс екен сол бір кезде.
Бастан-ақ тақуалар дін іздеген,
Надандар жолдан шығып күна іздеген.
Солардың болып тұрған заманында,
Бір жетім бала бопты Нияз деген.
Ержетті жетімдікпен Нияз бала,
Ішіне қайғы менен толған сана.
Ержетіп ақыл-есі кіргеннен соң,
Шежіре ақын болды өзі дана.
Шежіре жұрт жеңбеген ақын болды,
Өзіне Шернияз деп атын қойды.
Ержетіп ақыл есі толғаннан соң,
Толымды бір жүйрік ат сатып мінді.
Тауынан Әзіреттің жел соғады,
Жағалый үлкен өзен ел қонады.
Бұлғақтап ақын серің жүргенінде,
Бір жиын Жайық жақта той болады.
Жиылып елдің бәрі топқа жүрді,
Ішінде Шерниязда бірге жүрді.
Бәріде өңкей манап бозбалалар,
Ән салып екі-екі ден сауық құрды.
Қылмайсың жұрт Ниязға ықыласты,
Бәйтіккен еліне ол ғарып басты.
Еділ мен Жайық екі арасынан,
Елсізден Алтай қызыл түлкі қашты.
Түлкіні жұрт жабыла қулады,
Жігіттер жүйрік атты шыға салды.
Бәрінен озып шығып бозбаланың,
Түлкіні Шернияз кеп соғып алды.
Шернияз түлкіні алып жөнеледі,
Жүгірткен сол бейнемен ханға келді.
Болған соң өзі зерек тұрсын нағып,
Төреге өлең айта кіреді енді:
-Еділден қашты бір түлкі,
Жайыққа шейін дем алмай.
Жабыла қуған көп адам,
Бәрі де қалды ере алмай.
Атым жүйрік болған соң,
Қуып жетіп озған соң,
Кім алады мен алмай.
Ағайын дұшпан деген сол
Байланам деп келеді,
Бір түлкіні көре алмай.
Ата-бабам кеткен жоқ
Хан алдында сұралмай.
Мен келгенде алдыңа ,
Я,тақсырым хан еке-ау
Ғапыл болып қалмаңыз,
Билікті жөндеп бере алмай.
Бұны естіген хан өлеңге риза болып, «бір жетім бала екен, тырнақ алды олжасын өзі алсын»- деп бұйрық береді.
Сонымен Шернияз тойда болады, өзінің шежіре ақындық өнерін, жұмысқа спорлығын әйгілейді.Адам болатын бала екен деп түсінген ханның інісі Исатай баланы өзіне іні қылып асырап алады. Қатын әперіп,басына үй тұрғызып, енші бөліп қояды. Содан бастап екеуі бірігіп өнерлерін асырып ел көзіне көріне бастайды.Бұған іштарлығы ұстаған ағасы Баймұхамбет хан Исатай үстінен Шарпатшалығына шағым беріп, ұстаттырып,Сібірге айдаттырып жібереді. Шерниязды да қуғындап қаңғыртып жібереді.
Исатайдан айырылып құса болған Шернияз ел ішінде Исатайды мақтап,Баймұхамбетті даттап өлең шығарады.Бұл өлеңдер Баймұхамбеттің құлағына жетіп,оның үрейін ұшырады.дереу екі жендет жіберіп, Шерниязды жазаламақ болады. Шернияз шақырып келушілерге:
-Мені хан алдына төтелей апармаңдар, ол ашумен мені өлтіріп қояр.Сондықтан мені ханға жақын маңдағы бір ауылға апарып қондырыңдар, таңертең хан дәретке шыққанда өзім жолығайын,осыған мақұл деңдер-дейді.Жендеттер бұл талапты қабыл алады.Шерниязды алып жеткен соң айырым үйге қондырады. Ертесі таңертең аңдып тұрып Шернияз Баймұзамбет ханға жолығады. Жолыққан кезде айтқаны:
-Ассалламуғалейкум,алдияр хан,
Молдалар хат жазады дәуіт ғалам.
Ежелгі ханзаданың баласы деп,
Алдыңа жаңа келіп бердік салам.
Тақсыр-ай,шаң жұқпаған тұяғыма-ай,
Найзаның күміс салдың қияғына-ай.
Қолымда жалғыз ұлпа тұмағым бар,
Барады үшіп кетіп құлағым-ай.
Тақсыр-ай таудан аққан бұлағым-ай,
Мен жеттім қой ішінде ылағың-ай.
Басымды алар болсаң тез алсаңшы,
Саяңда сайрап тұрған шұнағың-ай.
-Әй,батшағар қақсап тұрған кім едің өзің?-дейді хан.
сонда Шернияз:
Аржақта ту ұстаған арғынғазы,
Саяңда сайрап тұрған қоңыр қазы.
Бір тұтқын саяңа кеп сайрап отыр,
Байғұстың туар ма екен жайлы жазы,
Тақсыр ай танымасаң танытайын
Мен едім Исатайдың Шерниязы,-дейді.
-Жарайды Шернияз болсаң үйге кір,-депті хан. Шернияз:
-Тақсыр-ай мен сөйлесем мейірің қанар,
Қараша сындықты айтса білген санар.
Алдыңа шын тоқталып өлең етсем,
Сіз түгіл басқаларда құлақ салар,
Жалаңбас,жалаңаяқ кіріп барсам,
Шықпайма үйдер қуып ханшалар.
Хан үстіне жамылған зерлі тонын шешіп беріп:
-Мынаны киіп үйге кір,одан кейін басқа киім киерсің-дейді.
Шернияз мақұл болып ханның зерлі тонын жамыла салып,ханнан бұрын үйге кіріп ,есікті ішінен бекітіп алады да,ханды жалаңаш суыққа тоңдырып тұрып үйдің ішінен сарнайды.
Алдияр, мені қабыл көрмесеңіз,
Бұдағы қарашым ғой демесеңіз.
Қолыңнан осы күнде не келмейді,
Исатай ішке кеткен егесіңіз.
Ақ сұңқар түлегенде қалар түгі,
Бұдағы бір түгім ғой демесеңіз.
Жамылып ішігіңді не қылайын,
Алдияр басы бүтін бермесеңіз.
-Бәтшағар,болды.басыменен-ақ алшы. Тоңып кеттім, үйге кіргіз,-депті хан.сонан ханды үйге кіргізіп алып сарнапты:
Қасыңа болдыс жолдас сорлы басым,
Жеткізгей екі жүзге ханның жасын.
Бейіштің есігінде лағыл нұрдан,
Отыртқан сом алтыннан босағасын.
Хан екем бұл жерге әкеп бір үй салған,
Болады кімге жолдас бұл сұм жалған.
Бейіштің ортасында лағыл нұрдан,
Отыртқан уығының бауын маржан.
Шерінің сөйлер сөзге ерінуі-ай,
Артынан баба екемнің еруін-ай.
Ханша алты бірдей тұрып жатыр,
Құдайдың келістіріп беруін-ай.
-Үй,батшағар,қыздардың бәрі саған не болып көрініп кетті? Арықарай кірдағы қыздарымды мақтап өлең шығаршы!-дейді хан.Шернияз:
Тақсыр-ай, сіздің қызда жаман барма,
Жаман дер біз байғұста заман барма?
Қызыңның бес тиындық бағасы жоқ,
Қылған соң Құдай ханша амал бар ма?
Алты қыз алты жақта жата қалса,
Хал келмей қалар еді ау қарбаңдауға, -дейді.
-Енді қатынымды мақташы,-дейді хан.
-Тақсыр-ай жауабың бар былқылдаған,
Дауысың бар қоңыр қаздай сыңқылдаған.
Қатының өзіңізге парлар емес,
Кісі екен даусы жаман мыңқылдаған.
Баба екм құрбысынан асуын-ай,
Шеріңнің сөйлер сөзге тасуын-ай.
Ханымның белі бүкір,мұрны кейкі,
Құдайым алуан алуан жан жаратқан,
Тақсыр ай көргенімді жасырдым ба-ай!
-Ал енді өзімді мақташы,-депті хан.
Шернияз ханды мақтағысы келмейді,қайта шындық өмірді ханның озбырлығын әшкерелегісі келеді. Бірақ ,мәтқапыда өміріме қауып төніп қалама деп біраз жасқанып тұрады да, алдымен ханның уәдесін алмақ болып айта жөнеледі:
Тақсыр ай келіп едім тәуекел деп,
Сізді мен жамандайын енді не деп.
Тоқсан алты болысқа ұлық болдың,
Білініп шарпатшаға баймұхамбет.
Тақсыр-ай ғарыптарға көз саларсың,
Міскінді біздей біздей еске аларсың.
Жамандап бір хауыпты айта салсам,
Тақсыр-ай ашуға кеп басты аларсың.
-Хан екі жарлық етпейді, басыңды алмаймын, қорықпа ойыңдағны айта бер-дейді хан. Шернияз:
Хан еке елің барма бүлдірмеген,
Патшаға болдың жолдас тіл білмеген.
Жалғыз бауырыңды Орысқа ұстап беріп,
Сеннен де Қалмақ жақсы ет шүлдірлеген.
Хан еке жақсы болсаң ешкім қумас,
Жаһанда сендей қатал адам тумас.
Патшаға қайтып қиып ұстап бердің,
Жақсы деп айта алмаймын сендей қубас.-дейді
Бұл сөзге төзіп тұра алмаған хан қылышын ала ұмтылады,Шернияз қашып босағаға барып артына қараса хан орынында тұрып қалған екен.сонда Шернияз өлеңдете жөнеледі.
Түсесің хан сілтесе басқа қылыш,
Қаһар төксе түсесің тасқа қылыш.
Хан ұстаған сабыңның тұтамы алтын,
Хан ойланбай жарлықтан аспа қылыш.
Берсеңде қырық қысырақ қосақ алман,
Арғы атам бай тілеуке асағаннан.
Басымды әзір кессең арманым жоқ,
Алла деп бір аттадым босағаңнан.
Мұнан соң ту ұстаған Абалай ды,
Олдағы көп ерліген жұртқа жайді.
Ноғай хан,Тоқтамыс хан ата бабам,
Бүларға екі жарлық жарамайлды.
Сөйле деп өзің әмір беріп едің,
Мен сорлы безеп едім жезтаңдайды.
Онан соң ту ұстаған үрстембек,
Туған жоқ орасанды даншпан боп.
Алдында баба екемнің бір сөйледім,
Кетсемде әзір өліп арманым жоқ.
Онан соң ту ұстаған Мәді сұлтан,
Көрген соң хан баба екем көңілім тынған.
Шерім ай бір тілекті ал деген соң,
Бұл Шерің шыбын жаннан үміт қылған.
Онан соң ту ұстаған бай мұхамбет,
Падшаға отызбес жыл қылдың қызымет.
Ноғай хан Тоқтамыс хан ата бабаң,
Болмаса содан жәрдем кетті ау үміт.
Хан сонда қылышын жерге бір шауып, қынабына салып қояды да:
-Үй, батшағар, жүр бері, кір үйге, -деп Шерниязды үйге ертіп кіреді, бәйбішесіне шай даярлатқызып,ет астырады.дастарқанда отырып хан Шерниязға:
-Сені бір сынақтан өткізейін,содан өтсең алты қыздың таңдаған біреуін беріп,бала қылып аламын,өте алмасаң басыңды аламын.-дейді.
-Болады не сынақ болсада,-дейді Шернияз.
-Бедебай деген ақыным бар,сонымен айтыстырамын,-дейді де хан ол ақынын шақыртып алғызады.
Бедебай есіктен салем беріп кіріп келеді де, ханмен қатарласып отырып ет жеп отырған Шерниязды көріп өлеңдетіп қоя береді:
Тақтайдан ағаш үйге салдым төбе,
Дарианың ортасында жүрер кеме.
Жаратқан құдай артық мен келгенде,
Отырған хан қасында қандай неме?
Шернияз отырған орынынан тапжылмай отырып,оған өлеңмен жауап қайтарады,
Осыма Бедебайың хан мақтаған,
Қолында домбыра бар бармақтаған.
Әдепті хан ақыны екен десем,
Бұдағы нарсе екен ғой қалжақтаған.
Ханым мен ханшалардан ұялмайды-ау,
Немесін қолына алып салмақтаған.
Бедебай:
Соқтырдың сом алтыннан қылышыңды,
Алдияр жаратпаймын бұл ісіңді.
Жаратқан құдай артық мен келгенде,
Шығарма көп былшылдап дыбысыңды.
Шернияз:
Осыма Бедебайың деп айтамын,
Беталды көрмей тұрып неге айтамын.
Бұратұр асықпай ақ Бедебайым,
Шайымлы ішіп,етімді жеп алайын.
Бедебай:
Осыны кім шақырды бұйрық қылып,
Сұрайын ханыс сізден құлдық ұрып.
Шайыңды ішіп,етіңді жеп айтқанша,
Қосып іш сідігіңді тұзық қылып.
Шернияз:
Көргенсоң төре қабыл кеп отырмрыз,
Төреге алдияр бас деп отырмрз.
Тұздықтасаң тұздықта сідігіңді,
Табақты хан екуіміз жеп отымыз.
Алдияр отырсыз ғой мұны көріп,
Алдыңда сөз сөйлеймін аттай желіп.
Ханым мен ханшалардан ұялмайды,
Сізге үлкенін,кішісін маған беріп.
Мергендер мылтығымен құс атады,
Құлағын дәрі,пестон босатады.
Ханым мен ханшалардан ұялсай ақ
Әлгі айтқан тұздықпен ет асатады.
Сонда хан ыза болып ашу шақырады:
-Ей,Бедебай,саған боқ ауыз өлең айыт дедім бе? Табағыма сідігіңді тұздық етпекші болғаныңды қарашы,шық үйден,жоғал аулақ!-деп Бедебайды үйден қуып шығарады.ол кеткен соң:
-Шернияз сен бір жетім бала едің,атқа мініп жігіт болдың. Кешегі Исатай сенің ағаң еді,менің інім еді.Белгілі бір себептермен ол Сібірге айдалып кетті. Егер Исатай келіп қалса сен онымен қалай амандасар едің?-депті.сонда Шернияз:
Айтайын арғы атаңнан батыр Қасым,
Жақсықып Құдай берген мал мен басын.
Қабынан жауыз Шардың шықсаң аман,
Түсерсің қалыбаңа асыл тасым.
Басыңнан арылды ма томағаң ай,
Алдыңда тұр сақтаулы сыбағаң ай.
Төрт мүшең аман болса күн көрерсің,
Түсерсің қалыбыңа хан бабам ай.
Сіз үшін қылдым тілек осы жолда,
Құдай ау пақырыңды өзің оңла.
Ит жеккен барған жерің қиын екен,
Әйтеуір Құдай сақтап келдің мұнда.
Сыртыңнан қабыл болды оң батамыз,
Қолыңнан бұйрық болса дәм татамыз.
Жақсылық кіші жүзге туар енді,
Кешегі қайтып келді хан атамыз.
деп амандасамын-дейді.мұны естіген хан:
-Жауға кеткен немені осынша мақтағанын көр,-деп жантая кетіпті.
Cонда Шернияз:
Құдайым Исатайды сағындырған,
Айырылдым сол секілді бағындымнан.
Исатай өлсе сонда болар шейіт,
Өледі сіздей хандар қағындырған.
Сөйле деп әмір қылдың енді бізге,
Кезкелді сөйлейтұғын кезімізде.
Жатпайды қисық ағаш тез басында,
Салып қой қисық болса тезіңізге.-дейді.
Хан:-Әй,бұл батшағарды жақсы айтты деп сүйініп, жаман айтты деп күйінетін емес,-деп басын көтеріп алады да-осы сен Исатайды сонша мақтадың,ал ол саған өз қызын бермей,біреудің қызын малға сатып алып берген.Енді мен өз қызымның біреуін беремін саған, маған бала бол,-дейді.сонда Шернияз:
Алдияр,бір қызыңды берсең бізге,
Ыразы мүсәпірің тақсыр сізге.
Бір қуға бір сұм жолдас болғаннан да,
Лағып кеткен жақсы ғой жапан түзге.
Қолынан бір сұлудың ұстай жүріп,
Несіне мәз боламыз қызыл жүзге.
Жалаңаш жүріп хан қызын ала алмаймын,
Алдияр,мен ыразымын өзіңізге.-дейді.
Хан:-Бұл батшағар бұғанда ыразы болмады,-деп алты қанат ақ үй тіккізіп беріпті.
Сонда Шернияз:
Үйіңіз көрінеді кең сарайдай,
Қызыңыз көрінеді туған айдай.
Тақсыр ай бергеніңе алдияр бас,
Сондада бола алмайсыз Исатайдай.
Отырмын олай қарап,бұлай қарап,
Бұл үйде болушы еді алуан тамақ.
Кешегі Исатайдың заманында,
Самаурын алтын,күміс шыны табақ.
Бәрін де сол қызықтаң тез ұмытып,
Шеріңнің шықпай жүрген шыбын жаны-ақ-дейді.
Хан булыққандай болып:
-Саған қызымды берейін десемде,үй тіктіріп берсемде жақпадым. Сол мақтаған Исатайың саған нендей жақсылық көрсетіп еді? Соныңды айтшы,-дейді.
Шернияз:
Исатай олда ер еді ақыл ойлы,
Ерлігі ақырында басын жойды.
Бір жылғы қонағыңа жарайды деп,
Жылына бөліп берген бір мың қойды.
Тағы көп оның берген өзге мүлкі,
Қосылған бір сұлумен ойын күлкі.
Бір жылығы жайлауыңа жарайды деп,
Жылына бөліп берген үш жүз жылқы.
Тағыда көп ол берген өзге бұйым,
Қосылған күнде думан,күнде жиын.
Күз болса бай мен қатық ішерсің деп,
Сирдан жүз бұзаулы қылған сыйын.
Тақсыр-ай ойлап көрсем пейілің тар,
Айырылап сол мырзадан боламын зар.
Бір жылғы артуыңа жарайды деп,
Түйеден бөліп берген сексендей нар.
Бергенмен нар басына құры қоймай,
Екіден жабатұғын кілемі бар.
Ер қайда Исатайдай шын асылзат,
Айырылып сол мырзадан болмадым шат.
Мінгенім белі қылдай,мойыны қудай,
Жылмайтын жорға,жүйрік арғымақ ат.
Жүгенім,құйысқаным бәрі де алтын,
Еш адам көзбен көріп білмес нарқын.
Торғыннан алтын күміс шымылдығым,
Жатушы ем сондай үйде қоңыр салқын.
Белбауым лағыл да емес,інжуде емес,
Шегесі меруерт маржан ақық та емес.
Мың кісі қарағанда мың құбылып,
Еш адам көзбен көріп баға бермес.
Әлі де айта берсем толып жатыр,
Салмаймын мен ешкімге заман ақыр.
Сөзі сен жомарттығы Исатайдың,
Мен емес қауым елге балдай татыр.
Сөзімді енді осылай тізгіндейін,
Қастерін Исатайды білгізейін.
Қате жоқ айтқанымда елден сұра,
Ағат айтсам арқамды тілгізейін-деп Исатайды барынша мақтайды. Қайтерін біле алмаған хан:-Исатай дегенің бір болыс қана болатын, мен үлкен хан едім.Исатай бергенде мен бере алмайды деп отырсың ба?менде бере аламын,-деп хан-екең оған Исатай сыяқты мал мүлік, тағы басқа нәрселер беріпті.Сонан соң сегіз жүз үйге болыс сайлап, Көкыйықтағы Байқара батырдың жерін мекендейсің,-деп орналас тырады. Бұл жерге барған соң Байқара жерге таласып, Шернияздың басын жарып тастайды.Екеуі айтысып Баймұхамбет ханның алдына жүгініске келеді.
Байқара сәлем берді хан еке деп,
Шернияз зорлық қылды жеріме деп.
Ханға айтып даттап шағып отырғанда,
Шернияз ода келді келекелеп.
Бұл арада тоқсан алты болыстаң сиезі болып жатқан екен.Шернияз мұқым көпшілік болыстар ортасында былайша өлеңдетеді:
Ассалламуғалейкум,көпке тақсыр,
Келіппіз төбелесіп шөпке тақсыр.
Шен беріп болыс қылып қойып едің,
Болыстың басын жарсын деппе тақсыр.
Болмады билігіміз басымызда,
Байқара жылқы салды қасымызға.
Мұның қалай жылқымды қайыр дейсің,
Жаудырды қамшы келіп басымызға.
Әлден қара Байқара бүйтіп жатыр,
Таласар әрберден соң асымызға.
Болыс қойып басымды жардырғанша,
Қондыршы қараша үйғып қасыңызға.
Хан сонда ызаланды Байқараға,
Қарады Байқарада тым таңғала.
Екеуін оңаша шығарп ап,
Сөз айтты салып тұрып байбаламға.
Ат, түйе Байқараға айып етті,
Нияздың аяғына жығыл депті.
Екеуің ұрысқанды жұрт білмесін,
Білдірмей осы арада тынғын депті.
Байқара хан сөзіне ыза болды,
Ауырып у ішкендей құса болды.
Олдағы бой бермейтін көкжал екен,
Ақыры құсалықтан дүние салды.
Көкжалың өліп кетті Бәкең сынды,
Айтқанда Шерниязың ауыр шынды.
Батырдың байқарадай жерін алып,
Шерниаз ақыныңның көңілі тынды.
Шернияз болыс болды дүрілдеген ,
Халқына жаманаты білінбеген.
Өзінің болып тұрған заманында,
Патшаға елдің сырын білдірмеген.
Сондықтан қалың қауым оны қорғап,
Еш жерге арыз шағым кіргізбеген.
Патшашыл екі беткей есерлерді.
Маңынан ауылының жүргізбеген.
«Түбі бірге түтбейді»- дегендейін,
Қармаққа дос жарларын ілгізбеген.
Ел сүйтіп Шерниязды жақсы көрген,
Жиылып дос-жарлары қасына ерген.
«Өнер алды-қызыл тіл» дегендейін,
Өлтіремін деген хан қызын берген.
Зерделі, зейінді жан болғандықтан,
Жақтырып тіл мен жағын Қызыр ерген.
Тілінің жүйесінен хан жеңіліп,
Желінің өтін бермей ығын берген.
Қисасы Шернияздың міне осылай,
Еліне тарихтың шын сырын берген.
дайындаған Айгүл УАЙСОВА