Бір суреттің сыры

Адалдықтың алдаспаны еді

Шамиль ағамен ағалы-інілі сыйластықта болдым. Қайтып оралмайтын зымыраған уақыт. Міне оның өмірден озғанына да жыл толыпты. Асыл аға жайлы айтарым көп. Ал бұл мақаламдағы негізгі дереккөз: өзінің маған сыйға тартқан Өмір белестері атты кітабы. Арасында өз пайымдауларымдыда қосып отырамын.

                                                                                    Баба өсіп өнген жер,

                                                                                    Аруағын көмген жер.

                                                                                    Күдеріқожа Көшекұлы

         Әкесі Нұрымгерей Орынбасаров Орынбордағы гимназияны, Қостанайдағы пединститутты бітірген орыс тілі мен әдебиеттің маманы. Ұстаз. Әкесі Орынбасар революциядан бұрын болыс болған, ал әйелі (анасы) байдың қызы. Сол уақытта бұндай отбасы «қырағылардың» назарында болатын заман. Шамиль аға 1936 жылы 26 ақпанда Атырау облысының, Қызылқоға ауданындағы, Қамыстыкөл ауылында дүниеге келген. Оның есімін әкесі мен нағашысы Теңел ағай шешен ұлтының батыры сияқты Шамиль болсын деп ырымдап қойған.

1937-1938 репрессия Нұрымгерейдіңде отбасын айналып өтпейтінін сезген болар, Сара апайдың 3 жасында, Шамиль ағаның 1 жасында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданына қарасты Сапақкөл –Сарбас ұжымшарына көшіп келеді. Ұстаздық қызметін жалғастырады. 1942 жылы өзі сұранып соғысқа аттанады. Қиындыққа толы Шамиль ағаның балалық шағы Сапақкөл-Сарбас ауылында өткендіктен, оны сағынышпен жиі еске алатын.

                            -Сенен мені айырмасын дүние,

                            Перзентіңнің тоқтағанша жүрегі,

                            Неге екенін, неге екенін білмеймін.

 Ауыл ылғи түсіме еніп жүреді- дегендей ауыл бейнесі көз алдыма елестейді. Сағынышымды оятады деп тебіреніпті Шамиль аға.

Ақыл таппай дағдарып,

Жанашыр таппай сандалып.

Барарын қайда біле алмай,

Жүрген бір күнде сан ғарып.

                                                                                     Мыржақып Дулатов

Шамиль аға орта мектепті бітіргеннен кейін, арада 18 жыл хабарсыз кеткен Қазалыдағы нағашылары Оңғар,Тәкіш Дүзелбаевтарды,Теңел Жұмабаевты іздеп тауып алады. Бұл 1955 жыл еді.-Сондағы көріністер жасым 70 тен ассада әлі көз алдыма сол күйінде сақталып қалған. Арқамды қабырғаға сүйегендей, құшағымды айқара ашып, арман көңіліммен бір қанаттандым-деп жазыпты аға. Азаматтың жақсысы нағашыдан деп, дана халқымыз бекер айтпаған. Нағашысы Теңел аға Жұмабаевтың өзі не тұрады? Ол ағаны халық біледі, сыйлайды, еңбегіне ел тәнті. Осындай нағашылары тұрғанда Шәкеңнің оларға ұқсамауға ақысыда жоқ қой.

Ашыл, күнім,ашыл,

Дидарыңнан шашыл.

                                                                                          Халық ертегісінен.

Кеңес армиясының қатарында (1955-1958 ж.) үш жыл болып (Монголия астанасы Ұлан-Баторда  2 жыл, Бакуде 1 жыл) Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың Жаратылыстану факультетіне (Химия және биология мамандығына) түсіп, студент атанады. Халық ертегісінде айтылғандай Шамиль ағаның өмір жолының жаңа күндері ашылады. Факультет Комсомол ұйымын басқарып, институт партком мүшелігіне сайланып, белсенді жоғары степендиат атанады. 1961жылы Галина апайға үйленіп, соңғы 5  курста Эмиль есімді ұлды болады. Енесі кең пейілді, адал жүректі Ана -Рабиға апамыз Эмильді бірден «егеленеді». Диплом алысымен Қазалыға көшіп келіп, әдетте мектепте, көп ұзамай аудандық партия комитетіне шақырылып, 3бөлмелі пәтер алады.Қазалыда өткен(1963-1968 ж.) бес жылда Шамиль аға шыңдалды, қасиетті Қазалының қазыналы топырағынан нәр алды, өсті, өнді, көбейді. Аудандық партия комитетінің орынбасырына дейін көтеріліп, Галина апаймен Қуаныш,Қаныш,Ләйла есімді перзенттерін өмірге әкелді. Қазалыдан депутат болып сайланып, облыстық партия комитетіне қызметке шақырылып, Сырдың бас қаласы Қазақстанның екінші астанасы Қызылордада қызығы мен шыжығы мол жаңа өмір басталды.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Айналған Сыр елінің мақтанына.

                                                                                              М.Әміреев

Екі жыл обком партияда қызмет жасағаннан кейін, Шамиль ағаның білімділігін, тәжірибесін, адалдығын есептеп, Қызылорда қалалық партия комитетінің партиялық  ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне ауыстырды. Қызылорда қаласы облыстың өнеркәсіп, сауда, мәдениет, оқу орындары, тарихи ескерткіштер, әуе, темір жол, автомобиль жолдары топтастырылған тоғыз жолдың торабына орналасқан елді мекен. Облыс пен қаланың дамуындағы келелімәселелерге аталмыш бөлімнің араласпайтын жері жоқ. Бастауыш партия ұйымдарын нығайту, жастарды партия қатарына тарту, қала мекемелерінің басшылығына жіберу, кадрлар резервін жасақтау сияқты т.б. күрделі түйіні қиын міндеттер Шамиль ағаның араласуымен шешімін тауып жатты. Партия құрылымындағы осы басты бөлімді 10 жылдай басқарған аға көптеген елге сыйлы азаматтармен қызметтес болды, жаңа достар тапты, ел-халық ризалығына бөленді. Бірін-бірін жүректерімен ұғып, ажырамас достарға айналған Сон Сергей Миронович, Айтбай Ыстықбаев, Мәдібек Ибраев, Ордабек Момынқұлов есімдерін Шамиль аға өмір бойы құрметтеумен өтті.

Адалдықты бірінші кезекке қоятын Ш.Нұрымгереев 1978 жылы Қызылордада қалалық бақылау комитетінің төрағалығына қалалық атқару кеңесінің сессиясы бекітті. Аталмыш мекеменің құзырының кеңдігі сондай, кез-келген басшыны қызметінен босатуға дейінгі құқық берілген. Бірақ Шамиль аға біраз басшылардың ар-намысын бірінші кезекке қойып, оларды ұялтып, уәдесін алып кеңдік жасайтын. Сондықтан біраз азаматтар Шәкеңнің алдында уәдесін орындауға қателіктерін мойындап, оны қайталамауға тырысатын. Бұл олардың қызметтегі жауапкершілігін арттыратыныда сөзсіз.

Осылайша орындалды армандар,

Әке, бала айырылысып қалғандар.

Шүкіршілік етіңіздер, ағайын,

Ақтаусызда, жоқтаусызда қалған бар.

Жүмакүл Құдиярова

Жоғарыда атап кеткеніміздей Шамиль ағаның әкесі-Нұрымгерейұлы Орынбасар 1942 жылы майданға аттанғанда, апасы Сара-7, қарындасы Күләш- 3, інісі Қазбек- 2, өзі 5 жаста екен. Ал анасы Қайша- 28 жасында жесір қалып, 1949 жылы  – сүзек ауруынан дүние салады. Ата-анасыз, панасыз қалған жетімдерге Ойыл орта мектебінің (Ақтөбе) пансионат-интернаты пана болады. 18 жылдан кейін табысқан нағашысы Теңел аға Жұмабаевта іздеу салып, Нұрымгерей 1943 жылы қараша айында, Киев пен Житомир арасындағы ауыр шайқаста қаза болған деген хабар алады.

2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында соғыста  қаза болған жауынгерлер жайлы мағұлматтар интернетке шығып, Мәскеуде тұратын ұлы Эмиль қуанышты хабар жібереді. Сөйтіп Шамиль аға ұлдары Эмиль, Қуаныштармен Псков облысы, Пуштошкин қаласы, Сергейцова деревниясына жақын 10 ноябрь 1943 жылы қайтыс болған әкесінің бейітін тауып басына құлыптас қойып, құран бағыштайды.Сөйтіп 67 жыл аңсаған әкесіне туған елінен топырақ салады.

Некелі тұрмыс құрып, өсіп-өніңдер…

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (С.Ғ.С)  хадисінен

Шамиль аға Галина апайымызбен бақытты өмір кешті, дүниенің барлық қызықтарын бірге бөлісті. Академик М.Базарбаевтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғап, көп жыл ұстаздық етіп, көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, аялы алақанды ана, сүйікті жар, мейірімді әже атанды. Эмиль,Қаныш.Қуаныш есімді ұлдары мен  Ләйла қызының сүйікті анасы.

Эмиль-Мәскеудегі М.Ломаносов атындағы Химия–технология институтын бітірген. Ева Валентиновна  жұбайымен Мәскеуде тұрады. Қыздары Айгүл-магистрант, Әсия-студент.

Қаныш-Мәскеудің жерге орналастыру институтын тәмамдап, профессор Г.В.Гельдиеваның жетекшілігімен диссертация қорғап, география ғылымдарының  кандидаты атанды. Жұбайы Жамалда ғылым кандидаты. Қазір Әміралим,  Ильхан есімді ұлдарымен Германияда тұрады.

Қуаныш-Москва авиация институтын бітіріп, қара шаңырақты ұстап отыр. Жұбайы Луиза жоғары санатты дәрігер. Үлкен қызы Айсұлу облысқа белгілі азамат Темірхан Кенжебаевтың ұлына тұрмысқа шығып, Алматыда тұрады.  Ұлдана Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия университетін үздік бітіріп, Мәскеуде магистатурада. Ұлы Ғазиз Әл-Фараби атындағы ұлттық университетін бітіріп, қазір Қызылордада қызметте.

Ләйла-дәрігер. Жұбайы Алмат Нарымбетов заңгер. «Азия Эдвайзер» жеке компанияның президенті. Қызы Мадина Гаага университетін бітірген, Мельбурнда (Австралияда) тұрады, баласы  Наильдаапасының қасында  университеттің 2-курс студенті.

Көріп отырғанымыздай Шамиль ағамыз бен Галина апамыздың отбасының географиясы кең, ұрпақтары ғұлама ғалымдармен жоғарғы санатты әртүрлі салалардың білікті мамандары. Біразының қызықтарын көріп кеткен Аға қалғандарын сүйікті жары Галина апаға тапсырып, осыдан бір жыл  бұрын мәңгілік сапарға аттанып кетті. Әділдікпен, турашылдықтың, адалдықтың алдаспанындай болған Шамиль ағаның жаны жәнатта, иманы жолдас, топырағы торқа болсын.

                                   Қазыбай Құдайбергенұлы, профессор

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button