Бір суреттің сыры

Аталар аманатына адал азамат

Ұлы Абай он жетінші қара сөзінде «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзінді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнынан келтірмек тек – менің ісім.

Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәріліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады? депті.

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» депті.

Онан соң жүрек айтыпты «Мен адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қалдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын- мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» депті. Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол». Елдің осындай ерекше қасиетті азаматының бірегейі Наурызбаев Камаладин аға деп білемін.

Зерек, зерделі, еуразиялық білімі мен мәдениеті жан-жақты дамыған, қарапайым халықпен де қоғамның элитасымен де еркін коммуникативтік қарым-қатынаста бола алатын еді. Себебі Кәмекеңнің ізгілікті қасиеті мен болмысы тегінен, тектілігінің тамырынан жалғасып жатқан дүние.

Камаладин Наурызбаев бақсайыс қожа руынан.

Бақсайыс – сопылық ағамның ірі өкілі, М. Әуезовтың арғы аталарының бірі. Бақшайыштың шыққан тегі Араб Халифатының төртінші Қазірет Әзірет Әлінің баласы Мұхаммед Ханафияға барып тіреледі.

Алғашқы дерек ұлы Әуезовтың өз қолымен жазылған өмірбаянында өрнектеліпті. Мұханның 1928 жылы Смағұл Сәдуақасовқа берген «Өз жайымнан мағлұмат» (деген жауабында былай делінген: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-де туыппын. Туған жерім-Семей уезіне қараған Тобықты іші-Шыңғыс болысында. Менің аталарым Қожа, алғашқы шыққан жері Қаратау деуші еді. Үлкен атамның үйінде сақталған қожалар шежіресін бала кезде бір көргенімде біздің кожалардың арғы атасы Бақсайыс дейді». Сүгірәлі бабадан жеткен деректер бойынша Бақсайыстың шын аты Хазрат Сеид Камалид-дин. Жаугершілік заманда өмір сүрген Камалид-дин жас кезінде сайысқа жиі түсіп, мерейі үстем болған. Сайыста басына бақ қонған адам болғандықтан Бақсайыс атап кеткен деседі. Мұхан (Мұхтар Әуезов) өзінің ұлы бабасы Бердіқожа туралы нақты дерек қалдырады. Онда «Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп Найман ішінен келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келген ұқсайды». ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Құнанбай Өскенбайұлы Берді әулетін өз жанына көшіріп алып, Бөрліден арнайы қыстау салдырады. Солайша Аралтөбеде – Абай, Тышқанда – Ақылбай, Бөрлітөбеде – Әуез мекенжай тұрғызып, Әуез бен Абай іргесі айырылмаған көрші-қоңсылас, сырлас-сыйлас, айнымас дос болып өтеді. Түрік, шағатай парсы әдебиетінен хабары мол, арабша сауаты, мәдениет-парасаты жоғары Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. Абайдың Әубәкір үйінде отырғанда Разақ Самарханұлы: «Үлкен қожа -ортаң қол, өзгелері-аты жоқ пен шынашақ» деп қадай көрсетуі ұлы ақынның Әуез тұлғасына берген шынайы бағасын танытса керек. Өз кезегінде Әуез де Абай өлендерін құмарта тыңдаған, қағазға түскен тың дүниелерімен алғаш оқып-танысып, ашық пікір бөлісетін жақын адамдарының бірі болған. Әуез Абайдың әдеби мектебінің аса көрнекті өкілі, ХХ ғасырдағы қазақ халқының ұлы жазушысы М.О.Әуезовті кішкентай кезінен бастап тәрбиелеп өсіріп, шығыс әдебиеті мен мәдениетіне қатысты өзіндік дүниетанымын қалыптастырып, Абай мұрасына деген махаббат-іңкәрлігін оятуға бірден-бір себепші болған адам. Әуез өзінің өсиеті бойынша Құнанбай әулеті зиратына жерленген.

Ата-бабадан жалғасып келе жатқан мирас па, қаңдағы ұқсастық па Наурызбаев Камаладиннің әулеті Әбдімомын ақсақалдан тарайды. Әулетке тән қасиет барлығы дерлік діни сауатты, бала оқытып, кейін жаңаша да хат таныған, өмірдегі және қоғамдағы барлық құбылыстарға баға бере алатын, өзіндік ұстанымдары бар кісілер екен. Алғашқы дерек ұлы Әуезовтың өз қолымен жазылған өмірбаянында өрнектеліпті. Камаладиннің әкесі Наурызбай сауатты, көзі ашық кісі болған. Сол себепті колхоз құрылысына белсенді араласып, елде бірқатар басшы қызметтер атқарған.

Бір туған көкелері Әбдіхалық араб, парсы тілдерінде кітаптарды еркін оқи беретін аса сауатты, сөзге шешен, ойы жүйрік, тарихи оқиғалар мен ғибратты әңгімелерді майын тамыза баяндағанда, жұрт сілтідей тынышталатын еді дейді көзін көргендер. Ол адуынды, жалтақтамай, шорт кесіп айтатын, бірбет кісі болған екен. Тұрған ауылын, әулетке қарасты 6-7 отбасын Әбдіхалық ата басқарып, мәселелерді өзі араласып, шешіп отырған. Камаладиннің Әбдіқадыр көкесінің баласы Оралбек Әбдімомынов Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында көп жылдар еңбек еткен, Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген артисі атағына ие болған Қазақстандағы белгілі өнер иесі.

Әмірсейіт көкесі де діни аса сауатты, өңірдегі игі жақсылықтармен белсенді қарым-қатынаста өмір сүрген. Ол кісінің баласы Әмірсейтов Айтжан орта мектепті күміс медальмен бітірі, жеңіл өнеркәсіп технологиясының инженері мамандығы бойынша Ленинградта жоғары кәсіьи білім алған. Қызылордада сусындар заводының, аяқ киім фабрикасының директоры болып жоғары дәрежеде қызмет атқарып, аталған кәсіпорындар тек Қазақ ССР-де емес, Кеңес Одағында да сапалы өнімдерімен атағы шыққан.

Осылайша ата-бабалардың рухани құндылығын әулет, әулетпен бірге ақсүйектіктің, іріліктің, бекзаттықтың, маңыздылық пен биіктіктің үлгісін өз өмірлік ұстанымда Наурызбаев Камаладин де жалғастырды. «Адамның адамшылдығы-жақсы ұстаздан» деп тағы да дана Абай айтқандай, Кәмекең ғибратты ғұмырында жаратылысынан ұстаз болып, қоғам үшін туғандай бойындағы бар білімі ақыл-парасатын шәкірттерге, ұстаздарға арнап, білім саласында жарқын істерімен дараланды. Бір бойына әділет, терең ой, мол білім жинаған кемел адам Кәмекеңнің жастарға білім беруде, олардың азаматтық белсенділігін арттыруда, елжанды, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуде, мұғалім мамандығының кәсіби мазмұнын күшейтіп, әлеуетін арттыру, заманауи талаптармен үйлестіру мақсатында жасаған еңбегі әріптестеріне үлгі болды.

Нәтижесінде К.Наурызбаев Тереңөзек аудандық білім бөлімін басқарған жылдары облыс деңгейінде оқушылардың білім сапасы жоғары, мұғалімдері көшбасшылар қатарында болатын. Отаншыл, мемлекетшіл К.Наурызбаевтың қоғам қайраткерлігі, азаматтық келбеті, жан-жақты білім өрісі мен биік мәдениеті Тереңөзек аудандық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған кездері айқын көрінді. Қанаты талмайтын ізденпаздығы, тынбайтын табандылығы, турашылдығы, әрбір қолға алған іске жауапкершілікпен қарауы – Кәмекеңнің ұстанымы болады. Партияның саясатын, стратегиясын елдің мәдени-әлеуметтік өркендеуіне үндеп, қоғамның ізгілеуіне жаратты. Туған елінің болашағы, халықтың қоғамдық санасы, тұрмыс жағдайы туралы жиналыстарда, ресми басқосуларда айтып қана қоймай, ойтұжырымдарын, ұсыныс-пікірлерін баспасөзде үнемі жариялап тұратын.

Қоғамда болып жатқан түрлі әлеуметтік-саяси оқиғалар, өзгерістер Кәмекеңнің назарынан тыс қалмайтын еді. Камаладин Наурызбайұлының жақын аталас інілерінің бірі мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарған Парламент Сенаторы Мұқтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед «Ол бар ғұмырын Сыр елінің оқу-білім жүйесінің өркендеуіне арнады. Қай қызметте болса да ұстаз деген ардақты атқа адал болды. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, өзіндік мектеп қалыптастырды» деп ағаның адами қасиеттерін жоғары бағалаған еді.

Өмірінің соңына дейін тәуелсіз қазақ елінің келешегіне алаңдап, оған жаны ашып, туған жерін сүйетін қайраткер, ұстанымы айқын, кісілік кескіні жоғары азамат дәрежесін сақтай білді. Көркем бір туындыдағы «Халқыңның адал азаматы болсаң, қанатыңды қарлығаштай қағасың, қиялың ғалам шарықтайды, білім-біліктінің көкжиегі кеңіп, өз еліңе шапағатың күн нұрындай төгіледі» деген ой Сыр руханиятының абзал азаматы Наурызбаев Камаладин туралы айтылған тәрізді.

 

Ержан Уәйіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тележурналист, дипломат, Хорасан Ата республикалық қорының төрағасы.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button