Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы
Күреспен өткен күндер
«Ертеңгілік үшін» (Ахмет Байтұрсынов) деген пенде арыздар астында
Саясимен айыпталып, біраз лагерлерден өтіп, біраз жылдан соң елге оралдық. Орыс мектебіне физрук болып орналастым. Дені орыс. Тыржия қарсы алды.
1966 ж. Қарағанды радиосы «С чего начинается Родина?» деген әнді К. Жүнісовке арнап береміз деп хабарлаған. Үстімнен алғашқы арыз сарт ете қалды. ЧК келді. Тексерді. Кім ұйымдастырды? Қандай қатынасы бар? Біраз сүйрелеп барып тоқтады.
1967 ж. Тарихтан сабақ беріп жүрмін. Саяси сенімсіз адам неге тарихты оқытады деген күңкіл жетерлік. Ойда – жоқта сабағыма Е. Ахметов кірді. Ол инспектор да емес. Басқа мектепте музыкадан сабақ береді. Сірә, күңкілдеуші топтың әсері ме? Не тексеріс, әлі күнге түсінбеймін.
1969 ж. Оқу бөлімі біздің үйге екі орысты орналастырды. Аудандағы гуманитарлық пәндерді оқыту жағдайымен таныспақшы екен. Біреуі Свердлов жағынан. Тарихшы екені көрініп тұр. Екіншісі қайдан екенін ашып айтпады. Ол мектепке барған да жоқ. Күндіз бірер сағат шығып келеді де үйде отырады. «Кітаптарың жақсы екен» деп үйдегі бар кітап, қағазды қотарып шықты. Тарихшысы үш күн бойы сабағыма кірген. Кетерінде «Вы отлично ведете урок. Зачем пишут?» деп қалды. Сонау жоғары жаққа арыз кеткен ғой.
1970 ж. Анекдот айтқансып, менен сыр тартқандардан құтыла алмай қойдым. СЭСте істейтін бір жігіт Карл Маркс туралы «әлгі Карло Мырло» деп бастап социализмді жамандаған болады. Ана бір мектептің мұғалімі «әйелдер күнін неге жасаған» деген анекдотты шұбыртады. Иә, сол мұғалім мен ұсталғаннан кейін 10 класс бітірп жатқан інім Рашид туралы «халық жауының інісі. Мұны да құрту керек » деген.
1972 ж. Орыс мектебінде (қазаққа бізді жолатпайды). Завуч болып істеп жатыр едім. Үстімнен облысқа тағы арыз кетіпті. Бывший «халық жауы, әлі көксеуінен қайтпаған,» оны неге завуч қояды дегендей.
1975 ж. Жаңа мектепке кіргенбіз. Директор Қабжанды октябрь айында орнынан алып тастаған. Мектеп өте суық. Бірінші этажда +10-12 градус, екінші этажда +7 градус, үшінші этажда +5 градус. Даладағы аяз -35 градус. Мұғалімдер де, балалар да киініп жүруін тапсырдым.
Екінші тоқсан ортасында Дәрия жағынан бір орыс әйелін әкелген еді директорлыққа. Сіз неге директор болмайсыз дейді ол? Қайдан білсін. Ол әйел екінші аптада кетіп тынды.
Шала жансар мектеп жағдайын көруге Райком, Райсполком дегеннен ешкім аяқ баспайды. Мектепті алып шығу үшін 3-4 жігіттің басын қосып арпалыстық. Білемін. Мектеп қатуға жақын тұр. Жылу жүйесі бір қатса, бәрінің талқаны шығады. Мұның соңы «халық жауы әдейі қатырды» болып шығуы мүмкін. Оның арты тағы «айдау».
Май айының үші күні завучтықтан босату туралы оқу бөліміне өтініш бердім. К.Әбілдин қабыл алмады.
1976 ж. Мектепте 900-ге жуық оқушы бар. Немісі мен орысы 50-60 қана бала. Басқасы тегіс қазақ. Орысшадан хабары жоқ, не шала-пыла сөйлейтін баланы әке-шешесі орыс мектебіне сүйрейді. Сол балалардың көбі 6 не 7 классқа дейін тілі жетіп, орысша еркін сөйлей алмайды, сол себептен оқуға деген ықыласы да төмен, не сөнген.
Мұны тоқтату үшін (әрі балалар қазақша оқысын деген ниет бар) бірінші класқа қабылданатын балаларды сұрыптау ұйымдастырдым. 50 – ден аса баланы көрші қазақ мектепке жіберттім. Ең қызығы, соларды алып кету үшін сол мектептен бір мұғалім келмеді. Түсінемін. Олардың «халық жауы» менімен қатынаста болғысы келмейді.
1977 ж. «Запорожец» деген машина алдым. Тағы арыз. Кім алып берді? Қайдан алды? Мұндай адамның мәшинелі болуы қауіпті. Қайда барып, не істеп жүргенін кім біледі, кім бақылайды. (Сол қауіптері дұрыс-ау, осы. 1984 жылы 24 октябрьде түнде үйден шығып кетіп, Ағыбай батыр басына көктас қойдық қой. Тағы-тағы талай іс тындырдым.)
1978 ж. Арыз. Леонид Ильич Брежневке. К.Жүнісов бұрынғы саяси қылмыскер. Балаларымызды орыс мектебіне алдыртпайды.
1980 ж. Ақтөбеден бірінші классқа алып келген Монахов деген бала қазақша сайрап тұр. Орысшасы шала. Әрі 15 км Ақтөбеден келіп оқу керек. Бар қазақтың баласы орысша оқуда. Бір орыстың ұлы неге қазақша оқымайды. Іште ыза мен өкініш. Монаховты машинаға салып алып, Ақтөбеге мектепке тапсырдым. Тағы арыз кетті. Арызданушы әке-шешесі емес, өзіміздің қазақ. «Міне, көрдіңдер ме, қазақ түгілі орыстың баласын орысша мектепке алмайды» деген. Тексеріс келді. Тартыстық. «Монаховты күнде мектепке әкеліп тұрасыңдар ма» деймін. Оны ешкім мойнына алмайды. Ақыры Монахов қазақша оқыды.
1980 ж. Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы деген пәленбай жылдығы келе жатыр деген дақпырт жиналыстар басталған. Соның біріне барудан бас тарттым. «Неге?» десті. «Қазақстан қатын емес». «Недейсің?». «Қазақстан қатын емес. Байға тиерде қатыннан ғана сұрайды, өз еркіңмен тидің бе, әлде зорлады ма»- деп жауаптадым. «Қазақ қатын емес» дегенім шошындырды. Ол сөзім жетер жеріне жетті.
Иә, аман қалмадық. Май айының 23 күні кешке үйдегі балаларымды дәрі шашып талдырып тастап, КГБ үйді тінту жасады. Мәселе, мені тізе бүктіруде еді. Жығылып, жалындырғысы келген.
1981 ж. Оқу бөлімінің тарихшылар секциясының жылдағы отырысын мен басқарамын. Қазақ тарихына әр класста 7-8 сағат қана беріледі. Оның өзін Ресей тарихының әр әр кезеңіне бір сағаттан шашып жіберген. Секцияның отырысында «осы қалай, балалар не түсінеді мынадан» деген сауал тастадым. Тарихшылар «иә, дым түсінбейді» деп қостай кетті. Ендеше, әр класстағы сол 7 не 8 сағатты басын біріктіріп, тұтастай оқытайық» деген едім, бәрі қостады, жыл бойы қазақ тарихын солай оқытып келе жаттық. Мұнымыз әлде кімдерге ұнамапты. Тағы арыз.
Тексерушы бар тарихшыны шақыртқан. Зілді-зілді сөзін айтты. Кінәні маған артып жатыр. Тарихшылардың басы салбырап кетіпті. Үнсіз едік, кенет Просторный мектебінің тарихшысы Н.Злоедова «почему вы его обвиняете, вы все решили так, почему молчите» деп шыға келді. Бұрма мектебінің мұғалімі Н.Шанникова «В чем его вина» деп талай сөз айтты. Бұлар Қазақстанға айдалып келгендердің ұрпағы еді. Үнсіздік бұзылды. Кәмен Ибраев, Марал Туғанбаевтар қостай жөнелген. Шуылдасып кетті. Ескерту алып, оны да риза етіп, шығарып салдық.
Иә, бір күні (күні күнделікте бар). Көрші мектеп мұғалімі М. Қосылбеков «Кәмел, саған айтарым бар. Сенің үстіңнен соңғы арызды айдаушылардың ішінде біздің мектеп директоры бар деп және де біраз адамның атын айтқан». Аты-жөндерін атағым келмейді, балаларына обал.
1983 ж. Үкімет пен партия басына Черненко келген. Мектеп, оқу саласы жөнінде біраз пікірі газеттерге шыққан. Соны талқылап, қостау жиналысы бізде де өткен. Райкомнан келгендер сөзді маған берді. Черненко пікірін негізінен қолдай отырып, тағы мынандай – мынандай өзгерістер енгізсе, өте дұрыс болар еді деп аяқтаған едім.
Төртінші күні Ағадырдан КГБ жігіті келді. Капитан екен, фамилиясы есте жоқ. Үстімнен «Үкімет пен партия саясатына қарсы» деген арыз түсіпті. Әр сөзімді жіктеп, дәлелдеп айтып шықтым. «Мына айтқандарыңыздың бәрі дұрыс қой. Сізді халық жауы деп жазып еді» дейді капитан. Директорымыз Телпекбаевтың өңі бұзылып кетіпті. Қорққаны да.
1984 ж. Оқу бөліміне инспектор болып ауыстым. Енді мектепте қалуға болмайды. Жоғарғы класста «Обществоведение» деген сабақта әр кез ретін пайдаланып, талай-талай пікірлерді оқушы санасына сіңіретін едім. Бақылауға түсіп қалдым. Ендігі қызметім инспектор. Оқу бөлімінің басшысы Төлен Мусин, оны Райкомға шақырып, АПО басшысы, үшінші хатшы мен туралы қатты ескерту жасапты. Қатты бақылау керек, жүріс –тұрысын әркіммен ара қатынасын назарда ұстау керек депті».
1985 ж. Т.Мусинге Райкомнан Мұқашев деген 2 рет звандапты. Бізді және біздің әйелдерімізді оқу саласынан жұмыстан шығарған приказды алып кел деп. Кеше Райкомдағы жиналыста Талды мектебінде бір қыздың жүкті болып қалуына оқу бөлімі кінәлі дескен. Өйткені ол жерді Алаш Ордашы (Кәмел, Зейнолла) басып алған, соларды қуу керек деген шешім қабылданыпты.
Бірінші хатшы Абахановқа бардым. Қонаевқа баратынымды естігенде қатты абыржыды. «Мен емес, мұны III хатшы Потапова айтты» деді. Потапова Абахановқа жапты. Сасқан Потапова сөз арасында облыс басшысы Давыдов өзін Шетке хатшылыққа жіберерде «осындай ұлтшылдар бар. Оларды «ежовых рукавицах» ұстау керек» деп «тапсырды дегенді де айтып жіберді
1986 ж. Уақиға өтті. Апрельде Алматыға шақырылып, сырттай – іштей тексерілдік. Бұл ұзақ әңгіме. Қайта келдік. Желтоқсан жастарын даттаған жиналыс бар жерде өтіп жатыр. Бізге Райкомнан К.Тлеубергенов келген. Біраз сілкіледі жастарды. Пікір айтыңдар, – деді. Бәрі үнсіз. Мен де үнсізбін. Қашанғы төсімді оққа төсей берейін. «Сіз, Сіз» айтыңыз деп бәрі мені нұсқайды. «Мына халық сізді нұсқап отыр, сіз сөйлеңіз» – деп ширықты Райком өкілі. «Жоғарғы я төменгілердің бірінен қателік кеткенде» деп бастап қазақ жастарын жақтап, ұзақ сөйледім. Райком өкілі ширықты. «Біз сізді білеміз, қостамай тұрсыз бізді. Жаудың сөзіндей сөзіңіз» дегенмен аяқтаған ол.
1989 ж. Жұрттың беті бері бұрылған. Осыны пайдаланып аудан басшысы С.Медеубаевке «Наурыз»мерекесін өткізу туралы ұсыныс жасадым. Марттың 17-сі күні алғаш рет» «Наурыз» мерекесін өткіздік. Райкомнан С.Медеубаев өзі ғана жүрді. Райком, Райсполкомның қалған қызметкерлері терезеден сығалап отырды. Милиция бастығы С.Адамбеков арамызда.
1992 ж. Аудандық газетке редактор болып келдім. Сол күні газет атауы «Заман» деп өзгертілді. Бұрын «Ильич туы» еді. Райкомдағы жиналыста шу шықты. «Заман» деп өзгертуге кім рұқсат берді? «Ильич туы» неге алып тасталынды?
«Социализм құлап жатыр. Соны сақтауға неге ұмтылып, неге көшеге шықпадыңдар. Соны айтып, ту ұстап шығар кім бар, кәне» дедім. Үнсіз қалды.
1997ж. Ағадырды бізге қосқан. Екі сымы бір-біріне жанаса кетсе, біреудің сөзін екінші адам ести беретін телефон енді әкімшілікке орналасқан К.Тілеубергеновтың Ағадырдағы біреумен (атын айтпайық) «Заман» газетінің журналистерін сілейте жамандап жатыр. Анау ішкіштеу, анау сүмелек, ана бір шал сондай. Сау адам жоқ. Редакторы К.Жүністегі қожа. Әуелі соны құрту керек.
Келесі бөлмеде отырған менің журналистерім де жүгіре кірді. Олар да тыңдап отырыпты. «Не сұмдық»деиді Зәбира Ақсақал, Рымтай, Болат, Серғазылар ашулы. «Фин.отделге айтып, редакцияға қаржы бергізбеу керек» дейді Тілеубергенов. (Осы Тілеубергенов кейін аудан әкімі де болды-ау).
2010 ж. 1993 жылы Шортанбай жыраудың 175 жылдығы алғаш рет республика көлемінде аталып, Шетте тойы өтті. Музейге Шортанбай есімі берілген еді. Енді міне әкім Тілеубергеновтың (сол 1996 жылы жастарды жамандап, жиналыс өткізіп, өзімізді қырып кете жаздап еді, енді әкім) жебеуімен музейден әулие Шортекеңнің есімі алынып тасталды.
2011 ж. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы. Үлкен жиналыс. Арнаулы медаль үлестіріліп жатыр. Біз құр қалдық. Тілеубергеновтің ісі. «Әй, Кәмел мен Зейнолланың аты аталып, ескерілмеуі не сұмдық» деп тарихшы әйел Жібек Құрманова айқай салды.
2018 ж. Шортанбай жырауға 200 жыл. Мерейтойын өткізбейміз деп жазып жатыр. Оны көтерген К.Жүністегіні соттау керек деседі. Бірінші арыз мамыр айында. Екіншісі тамызда. Тәуелсіздік күрескері Шортанбайды алып тастасақ, сол сияқты Махамбетті, Дулат, Мұратты да құрту керек қой. Әрі дегі Бұқар жырау да соның кебін кешеді. Қызылдың заманының идеясы. Теріс оқу сіңіп кеткендер осыны көксейді. Отызыншы жылдардың елесі емей немене?
2020 ж. Музейге Шортанбай жырау есімін қайтару туралы мәселе көтердік. 72 адам қол қойды. Жазушылар одағы қолдап отыр. Шортанбайды сарт деген , мені де жамандаған арыз түсті.
Ал, ендеше. Қай заманда өмір сүріп жатырмыз.
Шортанбай сарт, Махамбет қызылбас, Едіге батыр ноғай-маңғыт, Мұхтар Әуезов қожа, Ғ.Мүсірепов түркімен, М.Сералин қожа, Ы.Алтынсарин түбі белгісіз, Бұқарға ауыз салған, Абайға жармасты, қазақпын деп әлемге ән салған Димашымызға тиіскен не сұмдық. Осыны тиятын билік қайда? Пасық рушылдық неге қозған? Бұл мемлекет іргесін шайқалтар қауіпті дерт.
Біз көтерген Шортанбай жырау музейі мәселесін облыс шешуге дәрменсіз.
Президент Қ.Тоқаевқа шығуға мәжбүрмін.
ОЛАР кешпейді :
8класта: әдебиет сабағында Бұқар, Шортанбаи ,Асан қайғы деген ақындар болыпты, оларды неге оқытпайды деп шу шығарғанымды
9 клас: «Дарвинизм» сабағы.Дарвинизм дәлелденбеген жалған ғылым дедік.Тарихсабағында : орыстың керемет патшалары , батырлары оқытылады.Қазақтың сондаи хан. Батырлары сабақта неге аитылмады? Көсемдері жоқ халық құрып кетуге тиіс. Ал , қазақ өз тарихымен келе жатыр.дегенді аиттық. Әдебиет сабағы тыныш өтпеді.
17 жасымда Едіге батырды іздеи бастағанымды. /Ұзақ жылдан соң «Едіге» романым шықты /
20жастан аса бере «ЕСЕП» партиясын қүрып ,Даланың да , қаланың да қазағының жүрегіне ұшқын тастап, дүрліктірдік.
Сотталып елге оралған соң: Жасырын Шортанбай өмірінің назардан тыс қалған беимәлім тұстарын зерттегенімді.
Қыздарбек күиші мен оның атылып кеткен шәкірттері Әбди, Сембек. Мақаш, Ақмолда т.б. бар туындыларын тауып, домбыраларына деиін жинағанымды. Олардың күилерін жасырын таратқанымды. 10жыл боиы іздеп, Итаяқ күишінің шошақтың шөліндегі мазарын тапқанымды.
Мағжанның, Ахметтің , Міржақыптың өлеңдерін жасырын жинап, елге таныстырғанымды. Мағжанның «Батыр Баян» дастанының озық үлгісімен Сәкен Жүнісовті, М.Мағауинді,Сырбаи, Фариза, Ақселеу,Қалихан, С.Асқар, Т.Кәкішевті т.б.тыңдауларын ұиымдастыруымды.
Кенесары қамалын зерттеп, Кенесарының құдығын қалпына келтіреиік деп жар салғанымды.
Ашаршылықты зерттеп ,бір ғана Шет ауданының 48311 қазағынан 5021 адам тірі қалғанын дәлелдегенімді. Жаппаи кісі ату туралы деректі фильм жасатқанымды. «Апат» деген роман жазғанымды.
Аспан әлемінің қазақы танымын зерттеп, бар жұлдыздардың қазақы атауын қазаққа қаитып бергенімді . т.б.
М.Мағауин маған:
– Сен совет үкіметіне рақмет айт,- деген еді.
– Неге?
– 1) Көшеде келе жатқаныңда, төбеңнен тас түсіріп, миыңды талқан етпегеніне.
2) Қызылда тұрған машина сен өтіп бара жатқанда жүйіткіп келіп, мылжалап кетпегеніне.
3) Көшеде сені бір алақұстың пышақ салып, ішек-қарныңды ақтарып кетпегеніне.
Ащы, Бұл да шындық.
Кәмел Жүністегі