Ғалымның хаты

Философия немесе пәлсапа жайында

Философия – грек сөзі: «φιλοσοφία, philosophia». Оның мағынасы: «ақылды жақтаушы». Сондықтан философия – адамның өмірі мен жаратылыста болып жатқан негізгі құбылыстар жайында ойланып, соның төңірегінде туындаған сұрақтарға жауап іздейді. Сондай-ақ ақыл қуаты адам болмысының ажырамас бөлігі
болғандықтан әу бастан, яғни адам жаратылысынан өз бойындағы бір негізгі қуат болып келе жатыр. Бұл қуат адам баласының көрген-білгендері артқан сайын күшейе түсіп, қолданыс шеңбері кеңейеді. Ақыл – адамның жаратылысында оның болмысының өзге де жануарлардан артық бөлігі ретінде орныққан қуат. Бұл қуаттың адам зейіні мен өмірінде үлкен қозғаушы қуат екенінің жүйесін грек ойшылдары жүзеге асырған соң солардың тілінде ғылыми айналымға енді. Философия ілімі дамыған сайын хас ғалымдарды қалыптастырып, атақты ойшылдар өздерінің философиялық мектебін құрды. «Философия» сөзін тұңғыш
рет Фисағурес (Fisagures, б.з.д. 570–б.з.д. 495) қолданды. Одан кейін «философия» сөзі араб тілінің дыбыстық заңына сәйкес «фәлсәфе» түрінде еніп, айтылып, жазылды. Содан соң арабтан парсыға ауысты. XX ғасыр аясында қазақ тілінде «пәлсапа» болып қолданысқа енді. Алайда пәлсапа ұғымдарды реттеп,
орнықтырады. Ал ғылым пәлсападан туған ойларды жүзеге асырады. Сондықтан практикалық ғылыми пәлсапа көптеген  салада өз мектебін қалыптастырды.
Қазіргі қазақ тіліндегі «пәлсапа» сөзі мен парсылар қолданып келе жатқан «фәлсәфе» сөзінің айтылуында, қазақ-парсы тілдерінің дыбысталу заңында өзгешелік бар екенін байқауға болады. Бірақ ирандықтар «фәлсәфе» сөзінің түбірі гректің «φιλοσοφία, philosophia» сөзінен дейді. Ол сөз кейін араб ғалымдары тарапынан парсы тіліне енген деп тұжырым жасаған.
Сол үшін барлық түсіндірме сөздік пен энциклопедия, ғылыми сайт пен уикипедияларда сондай көзқараспен «фәлсәфе» сөзіне түсінік берген. Демек, «фәлсәфе» араб сөзі ретінде парсы сөздіктеріне енген (Һамид сөздігі. III том. 1852 б.). Онда: «Хикмет, ғылыми мәселелерде ойлану, зерделеу һәм нәрселердің шығу тегі, шындығы және бар болу себептері әңгімеге өзек болады», – деген
түсінік берген. Ал адам ой иесі болғандықтан, ойлану қабілеті әрбір адам баласына тән. Сондықтан жалпы мағынада әр адам ойшыл немесе философ, яки пәлсапашы болып есептеледі. Тек ойлау қабілеті болмыстың күрделі сұрақтарына ауысқанда оның кәсіптік деңгейі артып, өзгеше ой жүйемен артықшылықтарға ие болғаны үшін де жалқы түрде философ не ойшыл атанады. ӘлФараби шығармаларын тереңдеу оқып, зер салғанда адам ойлану қабілетін әлемнің барлығына жұмсап, жаратылысты жаратқан
бастапқы себепке көз жеткізу үшін талпыныс жасау керектігін айтады. Сонда бұл ойлау процесі «хикмет» деп аталады. Өйткені адам даналығы бір Жаратушы бар екеніне ұмтылыс жасау арқылы
«хакім» сипатына лайық бола алады. Абайдың да «хакім» болу себебі: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деп Алланың үкіміне иланып, өмір мен илаһи тағдырын жүректің қалауы мен ақылдың таразысына салып өлшеуге ұмтылған. Абай нақ ақиқатты іздегені үшін «хакім»
болған. Әйтпесе «хакім» емес, «философ» болар еді.
Қазіргі кезде туындап отырған мәселе «пәлсапа» мен «философия» ұғымдары жайында болып тұр. Мәселен, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім «философия» мен «пәлсапа» сөздері жайында мүлдем өзгеше көзқарасты ұстанады. Әңгіме әл-Фараби және оның философиялық танымы мен пайымы туралы болғандықтан аталмыш ғалымның көзқарасын осы еңбекте ұсынғанды жөн санадық.

Қазақ жеріндегі Отырар қаласы: «Отырар – аты аңызға айналған ортағасырлық қала орны, ұлылар дүниеге келген қасиетті мекен. Ол тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб деп те аталып келген. Ежелгі қала Түркістан облысындағы Отырар ауданынан солтүстік-батысқа қарай жеті шақырым жерде орналасқан.
Отырардан шыққан жол Таразға, Баласағұнға, Шығыс Түркістанға апарады. Одан ары Сырдария арқылы жүріп, ежелгі Шашқа, Соғдыға және Мерв пен Нишапурға, Арал жағалауы мен Жайыққа жеткізеді. Батыста Қызылқұм арқылы Харезмге, одан әрі Еділ бойына, Қара теңіз жағалауы мен Кавказға жол тартады»
(wikipedia.kz).

Әбу Насыр әл-Фарабидің мазары Сирияның астанасы Дамаск қаласында. Бұл қорымда мұсылмандардың екінші халифасы әзірет Омар (ғ.с.), тағы басқа сахабалар мен олардың ұрпақтары жерленген.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ

ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «НЕГІЗГІ ОЙ ТҮЙІНДЕРІ» кітабынан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button