Бір суреттің сыры

«Шындық сөзді сөйлеуден, тіл мен жағым талмағай…»

Айтулы ақын, азулы батыр Мәделіқожа Жүсіпқожа ұлының туылғанына 200-жылдығына арналған ғылми-теориялық конференция Шымкент қаласында «Отырар» ғылми-әмбебап кітапханасында өтті.

Қазақтың ұлы даласы сөз бастаған шешендерге, топ бастаған көсемдерге, қол бастаған батырларға қашанда кенде болмаған. Солардың бірі – биыл туғанына 200 жыл толып отырған халқымыздың аса көрнекті ақыны Мәделі (Мәделіқожа) Жүсіпқожаұлы. Ол 1816-1888 жылдар аралығында өмір сүрген Қоқан және Хиуа хандықтары мен Ресей патшалығының отаршылдық әрекеттеріне қарсы қол бастаған ержүрек батыр, күрескер ақын, қайраткер тұлға.

Сыр өңірінің әйгілі жыр дүлдүлі Бұдабай ақын:
Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы.
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді
Тістейтіндей қышқашы, – деп жырға қосатын Мәделі ақынның туған жері Сырдария өзенінің бойындағы кезінде Қосжарсуат аталған (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Қожатоғай ауылы) шұрайлы өлке, құнарлы топырақ. Олай дейтініміз, бұл аймақта қазақ ақындарының дүрі Майлықожа Сұлтанқожаұлы, ауыз әдебиеті үлгілерінің атақты жанашыры, фольклоршы-зерттеуші Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Арын Қаражанұлы, Жолбарыс, Асан, Исабек Майлықожаұлдары, Мырзахмет, Кейкі, Сұлтанбек, Айнабек сынды т.б. талай саңлақтар дүниеге келген.
Шалқар шабытты шайыр, суырыпсалма ақын Мәделіқожа осы елден шыққан сөз зергерлерінің ең жасы үлкені әрі көш­басшысы, өзінен соңғы ұрпақтың ұстазы болған.
Ал кейінгі толқынның жыр жампоздары Мәделінің ізімен бірінен соң бірі көркем сөздің қасиетін, өлең өрімінің құдіретін бойына бойтұмар еткен тамаша талант иелері, ұлы дала елінің рухани-мәдени әлемін шырқау биікке көтерген ерекше дарындар әулеті болғаны жалпы жұртқа мәлім. Сондықтан бұл жайт жыр дүлдүлінің салып кеткен сара жолы, ақындық өнер мектебі екенін атап айтқан орынды.
Майлықожа ақын Мәделінің әкесі Жүсіпқожаның қарындасынан туған, яғни Мәделіге жиен болады. Ол туралы Майлы ақын Айман қызбен айтысында нағашысы Мәделіге жеті жыл ғашық болып қосылған Қасым ханның қызы, Кенесарының туған қарындасы Қалипа сұлудан үлгі алуды ұсынғанда ақын қыздың:
Ер болсаң сертіңе жет Мәделідей,
Дөң маңдай, қошқар тұмсық әдемідей.
Мен Қалипа болайын, сен Мәделі бол,
Ерліктен көңілің болса дәмелідей, – деген сөзіне жауап ретінде Майлықожаның:
Қожасы орта жүздің – ақынымын,
Нақылият сөзі де бар ақылымның.
Сол секілді атақты Мәделінің,
Алысы емес – жиені, жақынымын, – деп тіл қатуы дәлел бола алады.
Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла Тағала жұмыр басты пенделеріне биік сана, сыршыл сезім берді, соған сай ерік-жігер, қажыр-қайрат, мүмкіндік берді. Сезімнің ең жоғарғы көрсеткіші – махаббат: алдымен ұлы жаратушыға, сосын ата-анаға, туған елге, өскен жерге, туған-туыс, ағайын-жұртқа, жора-жолдас, құдай қосқан қосағыңа деген сүйіспеншілік. Ал ақындық өнер – тек қана адамға тән жоғары сезімнің, ақыл-ойдың, жан дүниесінің биік жемісі, Алланың берген шексіз нығметі. «Ақын – елдің жоқшысы, елдің ардағы, халықтың қамқоршысы» дейтініміз сондықтан. Өйткені ақынның бар арман-мақсаты өз елінің береке-бірлігі, ырыс-ынтымағы, сыйластық-татулығы, халқының амандығы мен тыныштығы болған. Өзі соған белсене қызмет еткен. Мұны, әсіресе, Мәделі секілді зар-заман ақындарының өмірі мен шығармашылығынан айқын байқаймыз. Бұл жөнінде ұлы ғалым, заңғар жазушы, академик М.Әуезов: «…Бұрын өз бетімен еркін жүрген елдің тіршілігі осы (ХІХ ғасырдың орта кезінен бергі – Б.С.) дәуірде қайғыны да, қазаны да, толып жатқан өзгерісті де көрген. Сол ауыр күндері ел ортасынан екі алуан адамды шығарды дегенбіз. Біреуі – тарихи өлеңдерде саналған ел қаһармандары, екіншісі – ел тілегін айтып, зар, мұңын сөзбен шығарған ойшыл қария, өлеңші ақын, жырау болатын. Қазіргі қарастырғалы отырған зар заман ақындары сол ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшылар. Бұлардың туысы мен бағыт сарыны ел басына келген тарихи дәуірден туғандықтан, барлық ақынды тарихи көлемінде қарастыру керек. Бұларды ұғу үшін соларды туғызған ел мен шартты тарих бетінен ұғыну керек» деп жазады «Әдебиет тарихы» атты еңбегінің «Зар заман ақындары» деген бөлімінде. Міне, біз сөз етіп отырған Мәделі де сол зар заман тудырған тарихи тұлға, әрі батыр, әрі ақын.
Жастайынан мұсылманша білім алған болашақ ақын өлеңді хатқа жазып та, ауызша айтып та шығарып жүрген. Өзі секілді ақын замандастарымен талай рет айтысқа түскен. Оның «Қоқан ханына айтқаны», «Ақ патша», «Қанай датқаға», «Майлы ақынға», «Батырбек пен Байзаққа», «Досалы мен Қасымбек датқаны жарастыруы», «Әбділда қожаға», «Аман бол, Қосжарсуат, туған жерім!», «Мырза би деген бек шықты», «Ахмет төреге», «Еш нәрсе бұл дүниеге болмас тұтқа», «Тәтен датқаға», «Бәйтерек, Байзақ едің мақтап жүрген», «Мәделі мен Байтақ ақын», т.б. көптеген өлең-жырлары, арнау-толғаулары, айтыстары мен дастандары өз заманының әлеуметтік-саяси жай-күйінен сыр шертіп, елдің сол кездегі белгілі тұлғалары мен жалпы халықтың тұрмыс-тіршілігінен мол мәлімет береді.
Айталық, «Түркістан уәлаяты газетінің» 1875 жылғы шілде-тамыз айларындағы үш (№17, №18, №19) санында жарияланған «Сырдария облысының уаенный губернаторы Калауашовтың Хиуаға барғаны тақырыпта шығарған өлеңі» атты көлемді жыр, ұзақ толғауы орыс отаршылдарының Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.И.фон Кауфман мен оның қарауындағы Сырдария облысының әскери губернаторы, генерал Н.Н.Головачевтің басшылығымен 1873 жылы болған Орта Азияны жаулап алу жорығын қалай жалғастырғаны жайлы толыққанды мағлұмат береді. Бұл шығарма ақынның ең шоқтығы биік туындысы, кең тынысты еңбегі.
Жау шыдамас орыстың ғәскәрына,
Жақын келген қариялар қастарына.
Хиуаға қамданды орыс бармақ үшін,
Қара күнді салғалы бастарына, – деп, жыр-дастанда Ташкентті, Қоқан хандығының жерін, Түркістан өлкесін басып алған орыс шапқыншыларының әскери қолы әрмен қарай Қилы, Әб өзені, Жызақ, Нүрек, Үшбе, Фарыш, Сынтап, Үшбенд, Қосбелгі, Баймен, Аяққұдық, Арслан бел, Қарақ ата, Мыңшұқыр, Гүжімді, Үшқұдық, Шеңгелді, Адам қырылған, Үш ошақ секілді елді мекендерін қалай жаулағаны, одан Сердоба көлін жағалап Хиуа хандығына жасаған шабуылы кезінде орыс-казак әскерлеріне Қазалы арқылы Тамды жерінен екінші отрядтың қосылғаны, оны Ақ патшаның жиені, князь Д.И.Романовский басқарып келгені баяндалады.
Тамдыға Қазалыдан әскер түсті,
Екі тау біріккендей болды күшті.
Ақ патшаның жиені князь келіп,
Екі әскер бір-біріне жолығысты.
Енді орыс бастады қайрат, күшті,
Хиуаға көрсетейін дейді істі.
Солдаттар бара жатып бір топ атты,
Қосынның ортасына барып түсті, – дейді ақын.
Мұндағы Ресей императорының жиені, генерал-лейтенант Д.И.Романовскийдің Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент қалаларын айнала аумағымен бағындырған қанқұйлы орыс генералы М.Г.Черняевтің орнына Ташкент облысының әскери губернаторы болғанын тарихтан жақсы білеміз. Осы шайқастарда Сыздық төре бастаған Түркістан өлкесінің Мәтнияз, Мәтмұрат сынды батырларының сарбаз-қосындарының жойқын соғыстары тілге тиек етіліп, исі мұсылман жұртшылығы әскерлерінің ерлік қимылдары суреттеледі. Ақын:
Біраз ұрысып жөнелді Сыздық төре,
Қарасын оның орыс қалды көре.
Жөніне Хиуаға жөнелген соң,
Орыс көшті артынан бірге ере, – деп жергілікті халықтың азаттық үшін жан аямай соғысқанын жырға қосады.
Мәделі ақын Хиуа ханының сарбаздары отаршылдардың қарша бораған зеңбірек оғына (ол кезде оны «топ» деп атаған – Б.С.) қалай оранғанын, одан мұсылмандар әскерінің бас сауғалап Хиуа өзеніне қарай қашқанын, соңынан Атамұрат ханның қолға түскенін әсерлі өрнектейді.
Газеттің келесі №18 санында жарық көрген дастанның екінші бөлігі:
Өлең қылдым Хиуаны алғанынан,
Бөтен сөз айтқаным жоқ жалғанынан.
Диуанбегі жасауылханы келді,
Аман берді деген соң даңдарымен.
Қашқан ханды қолына іліндірді,
Жарлығын бәріне айтып біліндірді.
Үш адамды қаһар ғып губернатор,
Ішкеріге барысын Сібір қылды, – деп Хиуаны тас-талқан етіп басып алған Түркістан аймағының генерал-губернаторы К.И.Кауфман көтерілісшілерден үш адамды Сібірге жер аударғанын және ол бастаған отаршылдардың әскері хан бағында үш күн масайрап жатқанын жан-жақты баян етеді.
Ал жырдың үшінші, соңғы бөлімі «Түркістан уәлаятының газеті» басылы­мы­ның тамыздағы №19 нөмірінде жарияланады. Мұнда ақын:
Қаратып түрікпенді алмақ үшін,
Тәртіпке Хиуадай салмақ үшін,
Калауашов губернатор өзі аттанды,
Кауфманнан бөлініп бармақ үшін, – дейді басқыншылардың енді түркімен жеріне ауыз салғанын айтып. Онда Шандыр, Қызыл тақыр, Шамбал бел деген жерлерде қиян-кескі шайқас болғанын, түркі халықтарының сарбаздары қып-қызыл қанға боялғанын, сол шайқаста генерал Н.Н.Головачевтың өзі де оң қолынан жараланғанын, соған қарамай соғысын әрі қарай жалғастырғанын жазады.
Уаенный губернатор патша да көп,
Сұрасам ерлік қылған қайсысы деп,
Ерлікпенен жаралы боп Хиуаны алған,
Бұл айтқан губернатор Калауашов, – деп ақын отаршыл генералдың жеңісін баян­дап, тарихи тақырыпты толғаған кө­лемді дас­танын тәмамдайды.

Мәделі ел мүддесін, халықтың ынты­мағын ойлаған ақын. Осы ұлы мұрат жолында ол талай араздас­қан ағайынның арасындағы келіспеу­шіліктерден бастап, бүкіл елдік деңгейдегі үлкен дауларға, келелі мәселелерге дейін белсене араласып, олардың оң шешімін табуына ықпал еткен. Ақын тәжірибелі би ретінде екі рулы елді немесе жаңылысқан дүйім жұртты жарастырып, олардың ортасында бітімгершілікке, араағайындыққа жүрген. Онда «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» демекші, ақын өзінің билік шешімдерін дәлелді сөздермен, поэтикалық терең ойлы толғамдарымен білдіріп, екі жақты өлең-жырмен ақылға келуге шақырады. 

«Түркістан уәлаятының газеті» дастанда суреттелгендей отаршылдардың соғыс қимылдары, жаулап алу жорықтары туралы тұрақты түрде мақала-хабарлар жариялап отырған. 1875 жылғы 27 тамыздағы №20 санында, жырда көрсетілгендей, Хиуаға бағыт алған орыс шапқыншыларының жол-жөнекей елді басып алу әрекеттерін баяндайды. «Қоқан жақтан дуан асып орыс жұртына қараған жерді талан-тараж қылмақ үшін келген 5 мың шамалы адамдар Ахангаран деген жерге келіп жатқан кезде генерал-лейтенант Калауашовтың әскері олармен ұрысып жеңіп, олардың көп адамдарын қырып, жойып, өлтіріпті. Бұл бұзықшылық салып жүрген адамдардың қалғаны Қоқан жаққа қарап қашып кетіпті. Бұлардың артынан біраз атты әскер бірталай жерге шейін қуып барып қайтыпты. Сөйтіп, біздің әскерге ешбір залал болған жоқ» деп жазады газет.
Сондай-ақ басылымда жариялан­ған (1880, 31 қаңтар, №2) мәліметтерде ақынның баласы Ғымхан Мәделіқожа­ұлының Байырқұм болысына кандидат (орынбасар – Б.С.) болып, ал Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының сол болыстыққа би ретінде тағайындалғандығы туралы Сырдария облысы әскери губернаторының бұйрығы шыққаны мәлім етіледі.
Ал ақынның өлеңдері мен айтыстарынан оның болыс болғанын да, Бұқара-Шәріпте діни білім алғанын да аңғарамыз. Мәделі ақынның өмір жолы мен шығармашылығына, би-болыс сынды мансаптарды атқаруына, Бұқар әмірлігінің аумағында еркін жүруіне мән бере қарасаңыз, оның медреседе алған білімінің өте тиянақты болғанын, ислам шариғаты мен қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, ұлттық салт-дәстүрлерді, шығыстың классикалық әдебиет үлгілерін, көне діни кітаптар мен ескі қолжазба әдебиеттерді жақсы білгенін және өз туындыларын жария­лау үшін газет, баспа орындарына өзі барып жүргенін байқаймыз. Мәселен, «Бір жан жоқ болыстыққа талас емес» деген тақырыппен жарияланған өлеңіне жазылған алғы сөзінде «Түркістан уәлаяты газеті» (1878, №3, №4) былай деп жазыпты: «Бір өлеңші адам өткен жылы бір болыс сайлағанда өлең шығарған екен. Біздің газетке басып шығаруға жіберіпті. Бұл өлең тәуір жазылған болса да, ішінде қазақ түсіне алмайтұғын сарттың тіліменен жазған сөзі көп екен. Біз қолымыздан келгенше біраз айқай деген сөздің орнына шақар деп жазған сөздеріндей тілін түзетіп, өлеңшінің сұрауы бойынша газетімізге басып шығардық. Осы күнде қазақтың өлеңшілері қазақ тілін қойып, сарттың тілін қосып өлең шығаратұғын болды. Сөйтіп, қазақтың өз тілімен жазылған өлеңі қазақ өлеңіне ұқсап бір-біреуіне ұйқасып, қызық болмайды».
Аталған өлеңінде Мәделі ақын теріс айналған аласапыран заманның тарлығын, өмірдің күйкі көріністерін, қоғамды жайлаған әділетсіздікті, парақорлықты сынап-мінеп, мансап-дәреже, қызмет-дә­реже ақшаға сатылатынын, елубасы­лар­дың тұрақсыздығын, биліктің мейірім­сіздігін, ел бірлігінің жоқтығы мен ха­лықтың күйзелісін ашына суреттейді. Мәделі:
Есті кісі есермен ойнамайды,
Бойы қысқа тереңге бойламайды.
Ақша берген кісіні болыс сайлап,
Елубасы ел қамын ойламайды, – деп би-болыстардың сайлауында жергілікті билік өкілдері жең ұшынан жалғасып, ақшалыларды қолдағанын, сөйтіп, есектерге тұлпарларды, қарғаларға сұңқарларды, тышқандарға арыстандарды бағынышты (тәуелді) еткенін, соның салдарынан жөн білмейтін, жол білмейтін, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен кездейсоқ адамдардың болыстыққа сайланып кеткенін өкінішпен айтады.
Ал ақынның:
Көкірегім дариядай шалқушы еді,
Қызыл тілім кемедей қалқушы еді.
Сөйлесем мың кісінің ортасында,
Тыңдаған қорғасындай балқушы еді, – деуінен оның өз жеке басының қазақ қоғамындағы алатын орнын, қадір-қасиетін, шама-шарқын, ұйымдастырушылық қа­рым-қабілетін, ел басқарушылық мүмкін­діктерін жақсы бағамдайтынын байқаймыз.
Мәделі ел мүддесін, халықтың ынты­мағын ойлаған ақын. Осы ұлы мұрат жолында ол талай араздас­қан ағайынның арасындағы келіспеу­шіліктерден бастап, бүкіл елдік деңгейдегі үлкен дауларға, келелі мәселелерге дейін белсене араласып, олардың оң шешімін табуына ықпал еткен. Ақын тәжірибелі би ретінде екі рулы елді немесе жаңылысқан дүйім жұртты жарастырып, олардың ортасында бітімгершілікке, араағайындыққа жүрген. Онда «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» демекші, ақын өзінің билік шешімдерін дәлелді сөздермен, поэтикалық терең ойлы толғамдарымен білдіріп, екі жақты өлең-жырмен ақылға келуге шақырады. Мәселен, Ұлы жүздегі дулат тайпасының екі шонжары Байзақ пен Батырбек айтысып, ел арасы бүлініп бара жатқан кезде оларды бірлікке шақырып:
Дұшпандар тың салмай ма шабысыңа,
Тұлпардай әрбір шыққан дабысыңа.
Байзақ, Батырбекпен екі нусың,
От салма өзді-өзіңнің қамысыңа.
Белбеуді бел қышиды шешерінде,
Жылқы мал тебіспейді өсерінде.
Екеуің орта жасқа келіп қалдың,
Тастама жұртқа шала көшеріңде, – дейді аузы дуалы, сөзі уәлі ақын араздасқан ел ағаларына. Бұл жырдың қадір-қасиетін жоғары бағалаған қазақ руханиятының көсемі Ахаң (Байтұрсынов) оны өзінің «Әдебиет танытқыш» атты оқулығына әдеби-теориялық ұғымдарға үлгі-мысал ретінде сонау 1920 жылдарда енгізген.
«Досалы мен Қасымбек датқаны жарас­тыру» деген өлеңінде де осындай ел билеген адамдар арасындағы ашу-араздықты татуластыруы туралы жайтқа куә боламыз. Оларға ақын: «Досалы, Қасымбек ең төс елінде, Жылқы мал тебіспейді өсерінде, Артыңды шабыс пенен тартыс қылма, Қартайып дүниеден көшеріңде… Ақсуда жасақ жиып тұрысқаның, Жауыңды қашан бірге қуыспадым? Атыссаңдар дулаттың баласы өлер, Жалған ба бір атадан туысқаның? Домалап тасың шықса тау бетіне, Мастанба қолыңдағы дәулетіңе, Ашу-дұшпан тілімен адам өлсе, Кек қалар жеті пұтты әулетіңе!» деп басу айтып, келісімге шақырады.
Бұл ақынның ел бірлігін, жалпы қазақ жұртының ынтымағын ойлағандығының айқын айғағы. Бұдан Мәделінің бүкіл ақыл-ой, күш-жігерін салып, халықты қан­төгістен сақтағанын, сөйтіп, үлкен сауап­ты іс жасағанын байқаймыз.
Жалпы, жауласқан екі елді татуластыру, екі тайпа жұртты келісімге келтіру атам заманнан бері келе жатқан адамгершілік асыл дәстүр. Мұны кез келген іргелі діннің қағидат-қисындары гуманистік абзал іс ретінде бағалайды. «Елдестірмек – елшіден» демекші, біздің ұлттық дәстүрімізде де жарастыру ежелден бар әдет-ғұрып жолы, халықтық дипломатияның қайнар бастауы. Мұндай жұмыс елшілік қызметпен қатар саналған.
Ақын:
Ұл туса ата безер өзім деме,
Жақсыны жат, жаманды көзім деме.
Битке өкпелеп тоныңды отқа салма,
Бақтияр өз етіңді өзің жеме.

Дулатқа аға болдың құдай қалап,
Мақтауға әрқалайда тұрсың жарап.
Арқада Шоң, Торайғыр жауласқанда,
Өлеңмен елдестірген ақын Жанақ, – деп, қазақ қоғамында, Сарыарқада бұдан бұрын орын алған осы секілді оқиғаны еске түсіреді.
От ауызды, орақ тілді ақын өз зама­нын­дағы ақындар (Махамбет, Шернияз, Жанкісі, Шортанбай, Мұрат, т.т.) сияқты күн­делікті өмірдің ащы шындығын, ха­лықтың күйзелісін көре білді. Ол қоқаңдаған Қоқан билігінің, одан соң одыраңдаған орыс отаршылдарының қазақ даласына (жеріне) салған ойранын, оның ұлт болашағына, халықтың өмір сүруіне орасан зор қасірет болғанын ашық та батыл айтады.
Ақ патша әділмін деп сендіріп тұр,
Аузынан шыққан сөзін ем қылып тұр,
Ой мен қыр, жер мен суға ие болып,
Әр жерден қазық қағып, белгі ұрып тұр.

Қарыстап қара жерді бөлдіріп тұр,
Көнбегенді күшпенен көндіріп тұр,
Қарсыласқан түсер деп тас қамалға,
Төбеңнен зеңбірегін төндіріп тұр, – дейді ақын момын халықтың ауыр хәлі жайында.
Мәделі ақын өлеңдерінің басым көп­шілігі хандық билік өкілдеріне, ағайын-туысқа, өзінің жақын-жуық, таныс-білістеріне, отбасы мүшелеріне арнал­ғандықтан, соған орай оларда әртүрлі адам мінездері – жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен қатыгездік, қуану мен қайғыру, сүйіну мен күйіну, ұнату мен жек көру сынды қасиеттер әсерлі суреттеледі, игілікті істер дәріптеледі, келеңсіздіктер сынға алынады. Ақын «Қоқан ханына айтқан өлеңінде»:
Бұл жерден үш жұрт өтіпті,
Парсы дари – қызылбас.
Ақтабан ноғай, қалмақ-ай,
Төртіншісі біз едік
Бізге де түсті салмақ-ай!
Бектеріңнің қорлаған
Қорлығына шыдамай,
Көшті елім жапа-тармағай.
Адамға тән ар-ұят
Бектеріңде қалмады-ай!
Атадан қалған жол ма еді?
Қу нәпсіге құл болып,
Хайуандай тоят алмақ-ай?!
Біз білмейтін болмаса,
Шариғатта бар ма жол?
Қыздан зекет алмақ-ай?» деп Қоқан ханы бектерінің халыққа көрсеткен қорлығын, жауыздық іс-әрекеттерін ашық сынап, қыздарға салық салу заңы ешбір шариғат амалдарында болмағанын айтады.
Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты еңбегінде: «…XVIII және XIX ғасырларда қожалар арасынан дарынды ақындар да шыққан. Мысалы, Арқада – Шортанбай, Торғайда – Серәлі, Жетісуда – Жарылғасын мен Жүсіпбек, Сырдария бойында Мәделі мен Майлы. Бұлар… қазақтың халықтық өмірінен талай шындықты ақтарып, арттарына толып жатқан елеулі мұралар қалдырған», – деп жазады. Бұл рас сөз. Өйткені Мәделі шығармашылығы, классик-қаламгер атағандай, қазақтың халықтық өмірінен талай шындықты ақтарады, ел өмірінің шежіресін танытады. Ақын өзі суреттеген халық тұрмысының барлық сатыларындағы оқиғалардың бел ортасында жүреді. Оны өз көзімен көріп, оған белсене қатысады. Көрген-білгенін өлең сөздің құдіретімен өрнектейді. Мәселен, Мәделінің бірсыпыра шығармалары ақын өскен өңірдегі «Мырзаби оқиғасына» байланысты туғанын байқаймыз. «Мырзаби деген бек шықты», «Аман бол, Қосжарсуат, туған жерім», «Орыстың от кемесі өрге жүзді», «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы», «Өзім де әділет үшін қызмет еттім» секілді біраз өлеңдері жоғарыда аталған атышулы оқиғадан соң дүниеге келген.
Мұны ақын жырының өзі айтып тұр:
Қараағашты Тәшкеннен,
Мырзаби деген бек шықты.
Екі иінін жеп шықты,
«Қатын менен қызыңнан
Зекет бергін» деп шықты.
Ордабасы басында,
Қотырбұлақ қасында,
Жер астынан жік шықты.
Қаһарын шашып халыққа,
Екі құлағы тік шықты.
Оның қылған ісіне,
Ел денесі түршікті.
Желкеге шашын түйгізіп,
Еркекше киім кигізіп.
Жасырып қыз бен әйелін,
Көшкелі беттеп жұрт шықты.
Көштің бетін қайырып,
Ақ білек ару қыздарды,
Ата-анадан айырып.
Көзінен жасын ыршытты, – деп ақын Мырзаби нөкерлерінің ылаңын айта келіп, олардың іс-әрекеттері шектен асқан соң халықтың арасынан ел намысын қорғайтын ерлер шыққанын, солардың ішінде өзі де болғанын, олар Қарабастау жанындағы Ақбұлақтың басында шариғаттың үкімі бойынша Қоқан ханы зекетшілерінің басын алғанын баяндайды.
Бұл кезеңді имам Құрбанғали Халидұлы 1910 жылы қазанда «Өрнек» баспасынан жарық көрген «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты еңбегінде былай деп баяндайды: «Ферғана хандарының таққа отыруы орынсыз жанжал, нақақ қантөгіспен қатар жүріп, халыққа ешуақытта тыныштық әкелмеді. Ешбір хан халық пайдасына деп бір іс істеп, болмаса жөнді нәрсе қалдырған жоқ. Олар тек өз басының амандығы, ойын-күлкі сияқты хандықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын істермен өмір кешті, уақыт оздырды… ханға қарсы сөйлеген адамға өлім жазасы кесіледі екен. Онда қай муфти, молда, ғалым ханның бетіне келіп кемшілігін айта алсын. Олардан не үміт, не қайыр күтуге болады».
Шындығында да, ХІХ ғасырдың 58-59 жылдары Қоқан хандығының билігі оңтүстік өлке қазақтарына жасаған жауыздық әрекеттерінің шектен тыс өршіген, тым күшейген сәті Сүйінбай ақын: «…Зорлық қып алған көп малды Әндіжанға айдатты. Қол аяғын кісендеп, көнбеген ерді байлатты. Қауызын әлі жармаған, Сұлуларды зорлапты. Араша тұрар пенде жоқ, Еліңді сөйтіп қорлапты» деп күйіне жырлайтындай қиын кезең болатын. Хандардың халыққа алым-салықтың неше алуан түрлерін салғанына қарамай, оларға қоса бойжеткен қыздарға салық салуды ойлап табуы, мұны өз еркімен орындамағандарды жазалауы, қыздарын зорлап, намысын қорлауы жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды. Сол тұста Ордабасыға келген Ташкент бегі Мырзахметтің інісі Мырзаби бастаған зекетшілер тобы оңаша жерге отау тігіп, кезекті ойрандарын салып, қазақтың ажарлы қыздарының абыройын төгуі, олардың ата-аналарын қанжылатуы, өрімдей жас арулардың көзінен жасын ағызуы ел ағаларының, халықтың қамын ойлаған батырлардың намысын қоздырып, өшпенділігін арттырды. Сонан атқа қонған Мәделі, Мұсабек, Рысқұлбек сынды ел батырлары бастаған сарбаздар зекетшілерден кек алудың, тобасына келтірудің бірден-бір жолы – олардың көзін жою деп шешеді де, сол ойларын жүзеге асырады. Соңынан бұл көтеріліс Қоқан билігінің жазалаушы жасақтарының күшімен басып-жаншылады. Көптеген қазақ ауылдары жан-жаққа үдере көшті. Ал Мәделі Бұқар әмірлігінің аумағына жер ауып, біраз жыл бой тасалайды. Бұған ақын қаламынан туған бірнеше өлеңдері дәлел.
Айталық, «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» өлеңінде:
Тұрмысың аман-есен, Ордабасы,
Не көрмес тіршілікте бастың жасы.
Алдынан қыз-қатынды шұбыртқан соң,
Қоқанның қырғын тапты бозбаласы…

Арыстың суы ағады жарыменен,
Байлар қозы тасиды нарыменен.
Өлтіріп Мырзабиді, өтін алып,
Қолымның ет асадым қаныменен! – дейді ақын Мырзаби жасауылдарының өлім құшқанын суреттеп. Келтірілген өлең үзінділерінен Мәделінің ақындығымен қоса батырлығын да айқын танимыз.
Оның нағыз ержүрек батырға тән өрлігін, жаудан тайсалмайтын ерлігін шығармаларынан жиі байқаймыз. Айталық, жоғарыда атаған «Қоқан ханына айтқаны» атты өлеңіндегі:
Шындық сөзді сөйлеуден,
Тіл менен жағым талмағай.
Жазықсыз елді жазғырма,
Айыптың тұр алдыңда.
Мырзабиді өлтірген,
Басын кесіп алмадай,
Кешсең – кеш, кессең – міне бас,
Шариғат жолы сара дер,
Даңғыл жатқан сарнап-ай, – деген өлең жолдарынан көп нәрсе ұғуға болады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демекші ақынның өз қолымен жасағанын өз мойнымен көтеруге дайын тұрған өрлігі осыдан байқалады. Бірақ ол шариғат жолының әділдігін, оның қара мен ханға, жарлы мен байға бірдей ортақ екенін айтып, өзі сол шариғат үкіміне сай әрекет жасағанын да жасырмайды.
Тағы бірде батыр-ақын Түркістан қала­сындағы Әзіреті Сұлтан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Ақсақ Темір сыйлаған қасиетті Тайқазанды Қоқан бектері алып кетпек болғанда, екі қосын сарбаздарымен оларға қарсы соғысып қамалға кіргізбей, халықтың кие тұтқан жәдігерін қоқандықтардан алып қалып тағы бір ерліктің үлгісін танытады. Бұған ақынның:
Қай дұшпан қорықпаушы еді сарынымнан,
Орыс алып басылдым арынымнан.
Әпердім Әзіреттің тайқазанын,
Сауыт жыртып, оқ тиді қарынымнан, – деген жыр жолдары дәлел.
Бұл жырды Майлықожа да қуаттайды:
Азғана заман атысып,
Қорғап қалдың ерлікпен
Түркістан шаһар қамалды.
Жекеге шыққан уақытта,
Жеткізді оңнан шамалды.
Жекеге кіріп ат шаптың,
Батырлық бағың жамалды.
Бұқардан алдың ерлікпен
Батырбасы амалды, – дейді ақын Мәде­лінің Түркістандағы көрсеткен жан­қиярлық ерлігі туралы.
Ата қоныс, туған жер, өскен ел мүд­десі үшін билікке қарсы қаншама ауыр күрестерді бастан өткеріп, қуғын көрген батыр-ақын өзінің көңілін толқытқан ойды:
Құдая, өзің оңда бұл ісімді,
Дұшпандар көріп жүрсін күлісімді.
Өзім де әділет үшін қызмет еттім,
Ел үшін қанға бояп қылышымды, – деп өрнектейді. Оңтүстік өңірді орыс отаршылдары жаулап алған кездегі елін, жерін сүйген патриот ақынның реніш-наласы да оқырманына өзгеше әсер етеді:
Өзен Сыр, қаласың-ау енді менен,
Күдер үзіп отырмын мен де сенен.
Енді маған сен де қоныс бола алмайсың,
Үстіңе орыс келген от кемемен.

Орыстың от кемесі өрге жүзді,
Ақыр алмай қайтеді тұрсақ бізді?!
Аралап аралыңнан ағаш кесті
Енді сенен Мәделі күдер үзді.

Мәделі Бұқар барып қоныс алар,
Бір жылдан соң бұл жерді орыс алар,
Шымкент пенен Түркістан, жеті кентті
Асып барып Тәшкенге қолын салар.
Мәделінің батырлығы мен ақындығы жыр алыбы Жамбыл Жабаев, Майлықожа, Арын, Жолбарыс Майлықожаұлы, Кейкі, Кенжеқожа шығармаларында кеңінен дәріптеліп, молынан суреттеледі.
Мәделі батыр ағамыз –
Жаудың оғы өтпеген,
Ақсауыт алтын жағамыз,
Арыстан тұлға білегің,
Қайтпаған жаудан жүрегің,
Дау менен жауға келгенде,
Қолдайтын кәміл пір едің… – деу арқылы Мәделінің ержүрек батырлығын да, би-шешен, ақындығын да қатар атаса, ұлы жырау Жамбыл ақынның: «Дала жыршысы, ел сүйіктісі – Мәделі ақын» деп жоғары бағалауы жайдан-жай емес.

Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты еңбегінде: «…XVIII және XIX ғасырларда қожалар арасынан дарынды ақындар да шыққан. Мысалы, Арқада – Шортанбай, Торғайда – Серәлі, Жетісуда – Жарылғасын мен Жүсіпбек, Сырдария бойында Мәделі мен Майлы. Бұлар… қазақтың халықтық өмірінен талай шындықты ақтарып, арттарына толып жатқан елеулі мұралар қалдырған» деп жазады. Бұл рас сөз. Өйткені Мәделі шығармашылығы, классик-қаламгер атағандай, қазақтың халықтық өмірінен талай шындықты ақтарады, ел өмірінің шежіресін танытады.

Ақын шығармашылығының үлкен бір саласы оның Ұлбикемен, Айым қызбен, Майлықожамен айтыстары, сондай-ақ Майлықожа, Жанкел, Бұдабай, Күдері, Ұлбике секілді ақындармен, Майлықожа, Байырбек, Құлыншақ сынды өнер саңлақтарымен сөз жарыстары, ой қағыстары халыққа кеңінен танымал.
Сөз соңында мына жайтты айта кетуді орынды санаймыз. Биыл еліміз өз Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығымен қоса, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдық мерекесін атап өтпек. Бұл ретте Қоқан хандығы дәуірі мен онан кейінгі патшалық Ресей бодандығы, Кеңестік заман тұсындағы жер-жерлердегі әртүрлі үлкенді-кішілі халықтық қозғалыстарды, басқыншыларға қарсы наразылық-толқуларды айтпай кетуге болмайды. «Мырзаби оқиғасы» да сондай көтерілістердің бірі. Ағылшынның XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі философы Эдмунд Берктің: «…Тарих дегеніңіз өмірден озғандар мен тірілердің және әлі өмірге келмегендердің одағы, байланысы» дегені бар. Сондықтан Қоқан дәуіріндегі, патшалық Ресей билігіндегі, Кеңестік кезеңдегі әйгілі Желтоқсан қозғалысына дейінгі барлық ұлт-азаттық көтерілістердің тарихи шежіресін жасап, зерделеп қойған жөн дер едік. Сонда бұл да біздің өткенмен, болашақпен одағымызға, байланысымызға септігі тиер еді.
Өйткені мұндай тарихи оқиға-деректердің көпшілігі халық ақындарының жыр-дастандары мен өлеңдерінде, еліміз егемендігі тұсындағы жарық көрген көркем туындыларда баяндалған. Ендігі жерде тарихшыларымыз бен саясаткерлеріміз, басқа да қоғамтанушы ғалымдарымыз осынау маңызды тарихи оқиғалардың әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени астарларын жан-жақты жүйелегені абзал. Себебі, 1812 жылдан басталған, 1858-64 жылдарда үдеп, 1916 жылдары қайта күшейген, көпшілігінің шығу себебі, тарихы әлі белгісіз болып айтылмай келе жатқан халықтық көтерілістер, жеңіліс тапса да, екі ғасырдан астам уақыт бойы жалғасып жатты. Бұл, әрине, азаттық аңсаған ұлттың еркіндік, тәуелсіздік, дербестік жолындағы үздіксіз болып отырған күресі еді. Сондай көтерілістердің едәуір бөлігі Сыр бойы, оңтүстік, Жетісу топырағында өтіп, онда Ақпан батыр, Жанқожа батыр, Молда Қошық датқа, Байзақ датқа, Шоқай датқа, Шойбек, Момынбек, Сыздық, Рүстем сұлтандар, Сыпатай, Саурық, Сұраншы, Тойшыбек, Мұсабек батыр, Мәделі, Ұзақ, Жәмеңке, Байсейіт сынды ерлер ұлт азаттығы, халықтың еркіндігі жолындағы көтерілістердің бел ортасында жүрді.
Сондықтан Мәделі ақын және оның заманы туралы айтқанда оның туып-өскен, өмір сүрген кезеңі атыс-шабыспен, аттың жалы, түйенің қомында өткен қоғамның өмір аясы тар, халқының бостандыққа зар болған алмағайып заманға сай келгенін айтқан абзал. Ол дәуірдегі батырды да, ақынды да, қайраткерді де өмір сахнасына әкелген сол заманның шынайы шындығы болатын. Зерек те зерделі, ар-намысты ерлер үшін ол кезеңде олай болмау мүмкін емес те еді.
Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button