Білген Шайыр айтады

Топырақты сурет қылғаны

Сегізінші фасыл

Адамның хикаясын қойып кетіп,

Бұл сөзді айтып едім мен көрсетіп.

Топырақтан денесінің жаралғанын,

Бұл жерде білдірейін зікір етіп.

 

Топыраққа жауын жауды бір кем қырық жыл,

Қайғының дариясынан ерді-ләр бұл.

Бір жылы құрсандылықтың дариясымен

Әмір етіп ол топыраққа жаудырды біл.

 

Адамның соның үшін әулеттері,

Көп болар бұл себеппен қайғы-қамы.

Өзінің құдіретімен онан кейін,

Балшықтан сурет етті Алла оны.

 

Бұл жерде ықтылап[1] көп имамдардан,

Түрлі ғып рауятты айтады әр жан.

Хазіреті ибн Аббас сақабаның

Нақыл етіп білдіргенін айтайын мен.

 

Адамның бас топырағын һаийы акбар[2],

Ахсаның топырағынан жаратты-лар.

Мүбәрәк жүздерінің жаралғаны

«Жәннаттың топырағы» деп нақыл қылар.

 

Кәусардың топырағы-дүр тістері оның,

Оң қолы топырағы-дүр һәм Қағбаның.

Сол қолы бина болып жаратылған –

«Һарсының мәнзелі[3]» деп айтты намын.

 

Жағы – Үндістанның топырағы біл,

Топырағы әуретінің шаһар Бабыл.

Рақтың[4] топырағы-дүр арқалары.

 

Тайымның топырағынан жаралды тіл,

Таулардың топырағынан ұстықаны[5].

Каусардың топырағы-дүр көз нышаны,

Жерлердің айтылмаған топырағы-дүр.

 

Еттері, тамырының әр не бәрі,

Ілгері аты аталған ағзалары.

Берді-ләр әр біріне істі һәр не

Ол жерден қарар алып тұрмақ үшін әні.

 

Дайындап ақырға ше айтты аңа,

Басынан ақыл келіп орын алды.

Жүзіне мүләйімділік дайындады,

Оң қолға жәрдемдікті нәсіп етіп,

Дайындап шырындықты тілге салды.

 

Арқадан орын алып тұрды қуат,

Әуретке дайындалды жайы шаһуат[6].

Кеуілдің мәнзеліне иман толып,

Тілге кеп қарар[7] алды һәм шаһауат.

 

Қаттылық – сүйектерде тұрар еді,

Білдіріп және бір сөз айтты-ай енді.

Адамның денесінен Жаппар Құда,

Шығарып тоғыз жерден орын берді.

 

Жетеуі бұл есіктің баста тұрар,

Көз, құлақ, ауыз, мұрын білсең бұлар.

Екеуі денесінің астындағы

«Белгілі екі жол» деп нақыл қылар.

 

Онан соң алты ағзаға Алла Тағала,

Дайындап алты істі берді жәна.

Құлаққа есітпекті нәсіп етіп,

Көз көрер түрлі нәрсе бәрін һәмма.

 

Мұрынға иіс білмекті дайын қылды,

Келтірді пәрмен етіп көзге тілді.

Екі қол ұстамаққа дайындалып,

Алланың пәренімен аяқ жүрді.

 

Жан кірмей сурет болып тұрды қырық жыл,

Мәлекқа нида қылды хәкімі күл:

«Суретті рұқсат бердім көріңіздер,

Халық еттім құдіретіммен адамды бұл».

 

Әр күні пенделерге мәлек келіп,

Таһсин[8] қып таңдандырды мұны көріп.

Ілгері еш мақлұқты қылмап еді,

Адамның порымындай ғып сурет беріп.

 

Бір күні Әзәзіл һәм болды-лар кез,

Қарнына бармақтарын тигізді тез.

Ішінен ауаз беріп, дауыс шықты,

Мәлекқа қасындағы айтты-лар сөз:

 

«Қам жеме, – деді сонда, – жолдастарым,

Кеуек[9] қып жаратыпты ішін әнің.

Сабыр етіп осы жерде тұрыңыздар,

Ішінің мен шығайын көріп бәрін».

 

Әзәзіл ол суретке кірді барып,

Қарады атырабына назар салып.

Әлемде һәр не бәрін көргенінің

Барлығы көрінеді пайымдалып.

 

Аузы беріп және көрді бір хананы,

Ойланды назар етіп көрмекке әні.

Көруге Жаппар Құда рұқсат бермей

Болмады кірмегіне еш імкәні.

 

Сырттағы мәләйіктерге айтып келді,

Барлығын көргенінің хабар берді:

«Кірмекке бір ханаға жол таба алмай,

Кеуілімде қапа болып келдім» деді.

 

Әзәзіл мәләйәктерге айтты және,

Адамды абзал етпес сіз бен маңа.

Әміріне тағат қып, мойынсынып,

Қабыл ғып тұрасың ба бәрің һәмма.

 

Ауаз қып Әзәзілге айтты бәрі,

Әгарда абзал етсе біздерге әні,

Әміріне не десе де біз көнеміз,

Қай түрлі жари болса, хаһ пәрмені.

 

Әзәзіл қиял етті кеуліне алып:

«Әгарда адам маған болса ғалып,

Әміріне ешбір оның бағынбаймын,

Алланың бұл әміріне ризаланып.

 

Әгар мен артық болсам, бұл адамнан,

Әлбетте әлек етіп өлтірермін».

Құданың құдіретіне мәлім етті,

Малғұнның жаман пейілі үшбу қылған.

 

[1] Ықтылап, Ихтилаф /а/ – алуан түрлі, сан қилы, түрлі; айырмашылық, ерекшелік, өзгешелік; толқу, ауытқу, кезектесу; келіспеушілік, талас, қайшылық; алауыздық.

[2] Һайиы әкбар – ұлы жаратушы, ұлық Алла мағынасында.

[3] Мәнзел /а/ – үй, жер, орын.

[4] Рақ – Ирақ.Екіншіден «жол» деген мағынаны да береді.

[5] Ұстықан /қ/ – жамбас.

[6] Шаһуат /а/ – ынтық, ынтызар, құмар, қатты ынта болу, құмарлық.

[7] Қарар /а/ – бұйрық, жарлық; шешім.

[8] Таһсин, Тахсин /а/ – жақсарту; түгелу; жетілдіру; кемеліне келтіру; мүліксіз ету; дұрыстау.

[9] Кеуек – қуыс.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button