Тәуелсіздік тұсындағы мұхтартану мәселелері (1991-2015 жж)
М.Әуезовтің қазақтың рухани көшіне алғаш қадам басып, қалам сілтеген сәтінен бастап негізі қаланған мұхтартану саласының тарихы тым тереңде десек те болады. Өз заманындағы әріптестері, кезінде абайтану мен мұхтартануға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Л.Әуезова, З.Кедрина, Е.Лизунова, Н.Смирнова, Ғ.Сағди, А.Әуезов еңбектері бұл тарауда талданбағанымен олардың осы саладағы сүбелі еңбектерін атап өтуге міндеттіміз. Ал, тәуелсіздік тұсындағы мұхтартану саласына негізінен М.Әуезовтің әдебиет, мәдениет, ғылым, публицистика, театр, кино салаларындағы шығармаларын тұрақты түрде зерттеп жүрген көрнекті ғалымдар мен зерттеушілер белсене атсалысты. Атап айтсақ, З.Ахметовтің «Роман-эпопея Мухтар Ауэзова «Путь Абая» (1997), Р.Бердібаевтың «Мұхтар шыңы» (1997), Д.Досжановтың «Алыптың азабы» (1997), З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» (1997), Б.Құндақбаевтың «М.Әуезов және театр» (1997), Р.Нұрғалидың «М.Әуезов және Алаш» (1997), М.Мырзахметұлының «Әуезов және Абай» (1996), Т.Жұртбайдың «Дулыға» (1994), «Талқы» (1997), т.б. зерттеулері жарық көрді.
Қазақ әдебиеттану ғылымының ірі саласын құрайтын мұхтартану мәселесінің жыл өткен сайын ғылыми деңгейінің сапасы артып келеді. Ондағы әрбір ғылыми мәселелер жеке-дара қарастырылып, бұрындары беймағлұм болған әдеби, тарихи деректер көзі табылып, оларға жаңаша көзқарастағы, жүйелі талдаулар жасалуда. Осынау ұлан-ғайыр мол еңбектің бәрін бір тарау төңірегінде талдап, ғылыми шолу жасау мүмкін болмағандықтан, тәуелсіздік тұсында жарияланған еңбектерді атап өтуді жөн көріп отырмыз. Олар: «Әуезовтің Бальзак еліне сапар шегуі» (М.Маданова. А.«Ниса» баспасы. 1997. 7,5 б.т), «Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» архивтік деректер («Әуезов үйі» ҒМО.А. «Ғылым», 1997. 63, 7 б.т), «Әуезовке қайта оралу» (Ж.Жұмат. А.Әл-Фараби «баспасы. 1997.10 б.т) , «Әуезовке іңкәрлік немесе ұлылықтан үзік сыр» (Ә.Ыдырысов. А. «Атамұра». 1997. – 8 б.т) , «Әуезов-Семейде» («М.Ауэзов в Семипалатинске») атты анықтамалық кітапша (1997. Семей облыстық мұрағат мекемесі. 1997.–37 бет), «Мұхтар аға» естеліктер жинағы. (Г.Омарханова, Ә.Әзиев. А. «Өнер» б. 1997. 10. б.т). «Мұхтар әлемі» телеэнциклопедия.( А.Тойбаева. 1997.), «Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі» (М.Серғалиев. А. «Қазақ университеті», 1998. 6,8 б.т). «Мұхтар Әуезов-суреткер» көмекші оқу құралы. (Б.Майтанов. А. «Әл-Фараби» баспасы. 1996. 6,7 б.т.), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» (Б.Майтанов. А. «Жібек жолы», 2009. 544 б). «Мұхтар Әуезовтің Абайды тануы» (М.Мырзахметұлы. А. Санат. 1994. 17,5 б.т.), «Мұхтар Әуезовтің абайтану туралы лекциясынан» көмекші оқу құралы. (С.Жүнісов. А. Санат, 1996. 3,6б.т). «Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы өнер мен өнерпаз тұлғасы» оқу-әдістемелік құралы (Қ.Алпысбаев. А. «Қазақ университеті». 1998. 2,5 б.т). «Мұхтар мұрасы» (Ш.Ыбыраев пен С.Қорабай. А. «Қазақстан» баспасы, 1997. – 18,5 б.т.), «Мұхтар-мұхит». (Ә.Мұсаев. Шымкент. 1997. 7,2 б.т). «Шыңғыстың шың ұлдары» (Е.Тұрысов. А. «Нұрлыәлем». 2004. – 328 бет), «Даналық мәйегі» ( Т.Әкім. А. «Ана тілі», 1997. – 189 бет), «Әуезовтанудың кейбір мәселелері» (Р.Әбдіғұлов.А. «Олжа», 2009. – 172 бет). «Мен білетін Әуезов» ( Д.Байқадамова. А. «Өлке», 2006-192 бет), «Әуезовтану дәрістері» оқу құралы (Н.Рахманова.А. «Кітап» баспасы, 2010-354 б), «Мұхтар Әуезовтің ата тегі» ғылыми кітап. (С.Саттаров. А. «Жібек жолы», 2010. 340 бет), «Абай, тяжесть полета» (Н.А.Анастасьев. М. «Молодая гвардия». 2008. 20 б.т), «Трагедия триумфатора» (Н.А.Анастасьев. М. «Молодая гвардия». 2006), т.б. Бұл зерттеулердің бәрі М.Әуезов шығармашылығы туралы жазу мен зерттеу тұтас қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері мен ондағы көркемдік құбылыстар жайлы сөз ету екендігін дәлелдесе керек.
Қай кезеңде де талантты тану мен таныту, оны мойындау мен мойындату оңай болмаған. Атам қазақ айтпақшы, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Сол 20 жылдардан бастап «ұлтшыл, байшыл» атанып, бірнеше рет басы бәйгеге тігіліп, бостандығынан айрылып, сын садағынан түспеген М.Әуезовтің әлемге әйгілі әмбебеп мұрасын қайта қарау, жаңаша зерделеу ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселесі. Уақыт талабынан туындап отырған «М.Әуезов шығармашылығының тәуелсіздік кезеңде зерттелуі» деген тақырып негізінде жазылған монографиялық еңбектің мақсаты да мұхтартану саласы бойынша жарық көрген ғылыми еңбектерге шолу жасай отырып, кезінде белгілі себептермен жарық көрмеген көркем шығармалар мен әдеби, ғылыми зерттеулердің бүгінде ғылыми айналымға түсіп, көпшіліктің рухани игілігіне айналған көркемдік құндылықтарына барлау жасау. Және мұхтартану мәселелері жөнінде арнайы монографиялық зерттеулер жазған ғалымдардың еңбектеріне келесі тарауда жеке тоқталып , ғылыми жаңалықтары мен зерттеушілік ерекшеліктерін кеңінен талдайтындықтан бұл тараудағы мақсатымыз – тәуелсіздік тұсындағы М.Әуезов шығармашылығын арнайы зерттеген ғылыми еңбектерді бір ізге түсіріп, жүйелеп, мүмкіндігінше зерттеушінің нысанаға алған негізгі ғылыми мақсаты жөнінде толық ақпарат беру.
Жазушы шығармаларында орын алған тоталитарлық замандағы идеологиялық күрес, таптық тартыс табиғаты бүгінгі тәуелсіз әуезовтану тұрғысынан талданып, таразылануы кімді болса да қызықтырары хақ. Бір ғана мысал М.Әуезов таныған тарихи тұлғалар Абай мен Құнанбай бейнелерінің тәуелсіздік кезеңінде әдеби сын мен ғылымда жаңаша қабылданып, пайымдалуы, ал көркем шығармада басқаша шырай алуы да (Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы») қоғаммен бірге көркемдік қабылдау мен сананың да өзгеруінен сыр береді. Сондықтан да бүгінгі мұхтартанудың теориялық және методологиялық мәселелеріне мән беріп, олардың зерттелу, бағалану барысын бақылау қазақ әдебиеттанушыларының алдындағы абыройлы да келелі міндет болмақ.
Осы орайда, Ләйла Мұхтарқызы Әуезова негізін қалап, келешектегі келелі ізденістердің ізін салып, оны іргелі зерттеулерге ұластыруды мұрат тұтқан «Әуезов үйі» ғылыми – мәдени орталығының ғылыми ұжымы белсенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы үлкен рухани құбылыс болған Мұхтар Әуезовтің 50 томдық толық шығармалары жинағының жариялануы осы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымының бірнеше жылдарға созылған жүйелі жұмыстарының жемісі екендігін ерекше атап өту керек.
Және тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы болып 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан М.Әуезовтің ұзақ жылдар бойы зиянды зерттеу ретінде шеттетіліп, тіпті жоғалдыға саналып, кейін Ғабит Мүсіреповтің жеке кітапханасынан табылып, жарияланған «Әдебиет тарихы» да қазақ әдебиеттану ғылымындағы ерекше жаңалық болғаны мәлім (Әуезов. М Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 бет). 1927 жылы жарияланысымен саяси репрессияға ұшырап, жетпіс жыл бойы қапаста болған бұл еңбекті көрнекті ғалым, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері болған абайтанушы, мұхтартанушы Мекемтас Мырзахметұлы ғылыми түсініктеме жазып, баспаға ұсынған. Қазақ әдебиетінің ғұлама ғалымы Мұхтар Әуезовтің бұл құнды зерттеуі тәуелсіздік таңы атқанда алғаш рет ашылып отырған «Ана тілі» баспасының тұсаукесері, беташар кітабы ретінде жарық көруінде де бір ішкі заңдылық, үзілмеген үндестіктің үдерісі жалғасып жатқандай. ХХ ғасырдың басында ешқандай қазақша арнайы пән оқулықтары жоқ жоғары оқу орындарына бағыттап жазылған «Әдебиет тарихының» тұңғыш кітабы еліміз егемендік алғалы бері ғана ЖОО-да қазақ бөлімдерінің ашылып, оларға керекті мемлекеттік тілде оқулықтар шығаратын баспадан жарық көріп, қайтадан оқырманына жол тартуының өзі тарихи оқиға. Алғашқы нұсқасымен толық күйінде жарияланған кітапқа Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаев «Мұхаң бүгінде ұстаздық мінбесінде» деген тақырыпта алғы сөз жазған. Жазушының өзі жазып, жүйелеген ғылыми ұстанымы толық қалпына келтіріліп, ұсынылған «Әдебиет тарихы» тәуелсіздік жылдары да өз құндылығын жоймай, іргелі ғылыми зерттеу ретінде бағаланып келеді.
Тарауда талданатын еңбектерді жүйелелеуде алдымен М.Әуезов шығармаларының әлемдік және өзге ұлт әдебиеттануындағы зерттелуі мен бағалануына, сонсын жазушының көзін көрген, шәкірті болған, кейіндері арнайы мұхтартану мәселелерімен шұғылданған көрнекті ғалымдарымыздың жеке еңбектеріне, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» атты іргелі зерттеу мен ұжымдық еңбектерге көңіл бөлінгенін ескерткіміз келеді.
Енді М.Әуезов мұрасының әлемдік әдебиеттануында бағалануына өз ғалымдарымыз ғана емес, өзге ұлт әдебиетінің өкілдері де ынталық танытқанын атап өту артық болмас. Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым, даңқты драматург Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, көркем мұралары бүгінде бүкіл әлем жұртшылығының рухани қазынасына айналғаны ақиқат. Оның куәсі- қазақ халқының өмірі мен тұрмысының, этнографиясының, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен әдебиетінің, ана тілі байлығының рухани көрінісі жасалған бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясының 50-ден астам, ал жалпы шығармаларының 160 әлем тілдеріне аударылуы. Және оның адамзаттық ақыл – ой мен көркемдік ой жүйесіне қосқан үлесі де өлшеусіз. Қай кезеңнің де уақыт сынынан сүрінбей өтіп, әр заманның рухани қажеттілігіне сай зәрулік танытқан ұлы тұлғаның туындылары бүгінде әлемдік сұранысқа ие. Мұхтар Әуезов шығармаларын оқу мен мұрасын зерттеуге деген ынта мен ықылас, құлшыныс күннен-күнге артпаса, кемімек емес. Бұл классикалық көркем туындылардың бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екендігіне дәлел болса керек.
Жалпы адамзаттық ақыл-ой қазынасына қосылған М.Әуезов мұралары әлемдік әдебиеттану ғылымында әлі де өзіне лайықты тарихи, ғылыми орнын жоғары деңгейде алып келеді. Осы орайда, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы кезінде ЮНЕСКО аясында өткен «М.Әуезов және ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарына тоқталар болсақ, олардың бәрі де жаңаша көзқараста, өте жоғары сапада арнайы жазылғандығына куә боламыз. Бүгінгі әлем және қазақ әдебиетіндегі мұхтартану мәселесінің қаншалықты деңгейде зерттеліп, қай тарапта ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр десек, Әуезов әлемін зерттеу бүгінгі дүние жүзілік әдеби үрдістегі жаңа бағыттардан, тың талпыныстардан түсінік берері хақ. Әлем және ұлттық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы (философтар, әдебиетшілер, тарихшылар, шығыстанушылар) атақты ғалым-академиктердің, шет елден келген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, әдебиетші, аудармашылардың М.Әуезовтің шығармашылығын әр қырынан талдап, жүйелі ғылыми ой айтуы біз үшін үлкен мерей және абырой. Және олардың бәрі де жаңадан жазылған, соны ой сараптамалары бар, бүгінгі ғылыми байыптаулар. Сондықтан да ғасырда бір айтылатын құнды пікірлер болғандықтан толық қарастыруға, талдауға тырыстық.
«М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі» деген жинаққа (Алматы: Ғылым, 1997. – 160 бет.) Мұхтар Әуезов шығармаларының көркемдік құндылығын бағалайтын және оны мойындайтын қазақ және шетелдік әдебиетші ғалымдар, суреткерлер мен қоғамдық қайраткерлердің ғылыми баяндамалары енген. Әлемдік рухани кеңістіктегі әдеби байланыстар мен Әуезов әлемі теориялық тұрғыдан талданған баяндамалардағы соны бағыттар, әдеби талаптар, ғылыми ұстанымдар, жалпы әдебиеттану ғылымындағы жаңа көзқарастар бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Әуезов әлеміне қатысты қандай да бір құнды пікірлердің қазақ әдебиеттануы үшін де әрқашан маңызды екендігін ескерген жөн.
Айталық, Франциядан келген профессор К.Пужоль өзінің «Мухтар Ауэзов зеркало своего времени, алхимик будущего..» деген сөзінде жазушының өткеннен сабақ алып, келешекті көктетуге қосқан үлесін, осы реттегі тарихи рөлін атап көрсетсе, ал, Түркиядан келген профессор Садық Туралдың «Әуезовті еске алғанда…», Санкт-Петербургтен келген профессор Е.А.Костюхиннің «Мухтар Ауэзов и мировой фольклор», Пакистаннан келген әдебиетші ғалым Фахар Заманның «Мухтар Ауэзов и Пакистанская литература», Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ғалым-әдебиеттанушы Торма Йожефтің «Көксерек және түркі аңыздарындағы қасқыр тақырыбы», Өзбекстаннан келген профессор Лазиз Каюмовтың «М.Ауэзов и узбекская литература» деген баяндамаларында М.Әуезов шығармашылығының көркемдік-эстетикалық құндылықтары шет елдік ғалымдардың көзқарастары бойынша қарастырылады.
Сондай-ақ , ҚР ҒА-ның академиктері С.Қирабаевтың «Әуезов тағлымы», З.Қабдоловтың «Абай және Әуезов», тарихшылар М.Қозыбаевтың «М.О.Ауэзов – великий писатель и историк-мыслитель», Ж.Қасымбаевтың «Аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев тарихи тұлға (М.О.Әуезовтың «Абай жолы» романы бойынша)» деген баяндамалары мен ҚР ҒА сол кездегі мүше-корреспонденттері (кейінгі академиктері) Р.Сыздықованың «М.Әуезов және қазақ прозасы тілінің қалыптасуы», Р.Бердібайдың «Мұхтар Әуезов және фольклор», Р.Нұрғалидың «Әуезов және Алаш», тарихшы К.Нұрпейісовтың «М.Әуезов шығармаларындағы Жетісу мәселелері», т.б атты еңбектерінде М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы нақты көркем мәтіндер негізінде талданған. Және филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраевтың «М.Әуезов және қазіргі әдебиеттану ғылымының мәселелері», өнертану ғылымының докторы, профессор Б.Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов-драматург» деген мақалаларында жазушының ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына енген туындылары қарастырылады.
Осы халықаралық ғылыми конференция материалдарында кеңінен талданған әлем әдебиеті мен М.Әуезов шығармаларының көркемдік әлемі, ғылыми мұраларының теориялық тұжырымдары, танымдық, философиялық, эстетикалық құндылықтары жан-жақты сөз болғаны белгілі.
ҚР ҒА академигі З.Ахметовтің «Мұхтар Әуезов-қазақ әдебиетінің классигі» деген баяндамасында әр елдің классигін өзге елдердің алыптарымен қатар қойып, салыстыруға келмейтінін, олардың әрқайсысы дара тұлға екенін, М.Әуезов ең бірінші қазақтың, содан кейін барып адамзаттың Әуезові екендігін ескертсе, философ ғалым Ә.Нысанбаев «Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасы және ұлттық қоғамдық ойдың дамуы» деген баяндамасында «Мұхтар Әуезов» деген есімге «Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», «тұңғыш академик-жазушы», «ұлы ойшыл» деген анықтамаларды тіркеудің қажеті шамалы екендігін, бір ғасырда бір-ақ рет туылатын дарын екендігін дәріптейді.
Осы конференцияда сөз алған зиялылардың бірі жазушының ұлы, көрнекті ғалым, шығыстанушы, қоғам және мәдениет қайраткері Мұрат Әуезов болды. Ол өзінің «Мир кочевья и Мухтар Ауэзов» атты баяндамасында кешегі көшпелі дәуірдің соңғы тұяғы Мұхтар Әуезовтің Шығыс пен Батыс өркениетінің байланысы мен қайшылықтарын зерттеудегі интеллектуалды ізденістерін Абайдың дүниетанымымен деңгейлес қарастырады. Мұхтар Әуезовтің әдеби ортасы, Алаш зиялыларының әмбебаптық білімдарлығы, саяси белсенділіктері, халқы үшін жанын қиятын ұлтжандылықтары жөнінде жан-жақты айта келіп, оның көпқырлы шығармашылығын түсінудің кілті де осында жатқандығын баяндайды. ХХ ғасыр басындағы сорақы саяси репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының аманатын арқалап, аман қалған Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылми,қоғамдық, қайраткерлік қызметтерінің мазмұндық мәні де тап осы тапсырмаларды орындауымен бірлікте болғаны белгілі.
ҚР ҒА академигі М.Қозыбаевтың «М.О.Ауэзов – великий писатель и источник-мыслитель» деген баяндамасында суреткердің «Абай жолы», «Қилы заман» романдары мен «Хан-Кене» пьесасындағы тарихи мәселелерді сол кезеңдегі өмір шындықтарымен салыстыра отырып талдаса, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраевтың «М.Әуезов және қазіргі әдебиеттану ғылымының мәселелері» деген баяндамасында «Абай жолы» эпопеясының талай тарихи романдардың жазылуына тікелей ықпал еткендігі, әйтседе ондағы көркемдік құбылыстардың қайталанбайтын құдіретін айта келіп,оны герменевтика тұрғысынан зерттеуді Абай дәуірінің өзін семиотикалық белгі-таңбалар жүйесі арқылы қарастыру қажеттігін айтады.
ҚР ҒА-ның сол кездегі мүше-корреспонденті (қазіргі академигі) Р.Сыздықованың «М.Әуезов және қазақ прозасы тілінің қалыптасуы» деген баяндамасында Әуезов ұлылығының бір ұшы тілінде жатқандығын, ол- тілдің көркем проза, драматургия, публицистика, ғылыми әдебиет деп танылатын тарамдарының іргетасын қалаушылардың ірілерінің бірі деген баға беріледі.
Өнертану ғылымының докторы, профессор Б.Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов-драматург» деген мақаласында жазушының ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына енген «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Түнгі сарын», «Абай», «Қарақыпшақ Қобланды» пьесаларының жарыққа шыққан кезінен әлі күнге дейін сахнадан түспей, үнемі қайталанып қойылуы олардың көркемдік-идеялық мазмұнының тереңдігінде екендігі жан-жақты талданып, таразыланады.
Осы ретте М.Әуезовтің көркем шығармалары әлемдік әдебиеттануда қалай бағаланып жүр деген сауалға жауап іздеген «Мир Ауэзова» (Құрастырғандар: М.Маданова, А.Машакова, Д.Конаев, М.Салқынбаев. Алматы: – МКА, 2004. – 212 с) деген жинаққа М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі 1950-2000 жылдар аралығында әлемдік баспасөз беттерінде жазылып, жарияланған 60-тан астам шетелдік жазушылары мен сыншыларының еңбектері еніпті. Бұл еңбек, біріншіден, М.Әуезовтің әлем әдебиетіндегі алар тарихи орнын айқындаса, екіншіден, қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде мойындалуы мен халықаралық әдеби байланысты нығайту үдерісіндегі үлесін көрсетеді. Австрия, Бельгия, Венгрия, Германия, Голландия, Греция, Иран, Испания, Кытай, Пакистан, Румыния, Словакия, АҚШ, Түркия, Франция, Чехия, Швейцария секілді көптеген елдің көрнекті өнер, қоғам мен қалам қайраткерлері, әдебиетші-сыншылары кемеңгер суреткер, ғұлама ғалым, ұлттық драматургия, театр, опера салаларының көшбасшысы болған Мұхтар Әуезов шығармашылығының көркемдік әлемі шетел өкілдерінің қабылдауы мен бағалауы тұрғысынан талданып, танылады. Айталық, белгиялық жазушы Жорж Буйонның «Абай и Ауэзов, что есть в мире сильнее слов?», венгриялық Е.Фехер Палдың «Восток без мифов (Заметки по поводу пятой встречи афро-азиатских писателей), Йожеф Торманың «Серый лютый и образ волка в тюркский легенда», неміс жазушысы Альфред Курелланың «Судьба в сердце Азии», испандық Федерико Майордың «Гений современности» деген еңбектердегі ғылыми теориялық деңгейі жоғары талдаулары мен әділ бағалаулары сөз жоқ, бізді үлкен мақтаныш сезіміне орайды. Бұл еңбек шынында «Әуезов әлемінің» әлемдік деңгейде мойындалғандығының айқын айғағы.
Әлемнің 60-қа жуық елінің көрнекті өкілдері білдірген жылы лебіздер мен ұлы суреткердің барлық көркем шығармашылығын, олардың көркемдік әлемін, адамзатқа тән табиғи-психологиялық, философиялық, эстетикалық, рухани болмыстарын қандай биік кәсіби шеберлікпен бейнелегеніне берілген бағалар бүгінде де өз құндылықтарын жойған жоқ.
Шынында да 1991 жылдан бергі жазылған әдеби-көркем сындарда, ғылыми зерттеу еңбектерде кешегі кеңестік кезеңнің саясатына сай біржақты сыналған шығармаларды таза тарихи шындық пен көркемдік шарт талабына сай талдау үрдісі қолға алына бастады. Соның нәтижесінде бұрынғы сындарда өріс алған жағымды-жағымсыз типтердің орнына таза адами қасиеті жоғары бағаланған кейіпкерлер мен көркем-эстетикалық құндылығы жоғары шығармалар рухани игілікке айнала бастады. Бұл сөз жоқ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің жемісі.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тәуелсіздік кезеңінде еркін рухта жазылған 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихын» жазып, жариялаған болатын. Осы ұжымдық күрделі еңбектің кеңес дәуірі (1941-1956) қамтылған 8-ші томында (Алматы: ҚАЗақпарат, 2004. – 520 бет.) ҚР ҰҒА-ның академигі, көрнекті мұхтартанушы ғалым Зәки Ахметов жазған «Мұқтар Әуезов» атты тарауда М.Әуезовтің алғашқы көркем сөзінен басталып, бүкіл көркем шығармаларында жалғасын тапқан тәуелсіздік идеясы суреткерлік шеберлік шеңберінде «темірге тіл, жаңқаға жан бітіргенін», сөйтіп ұлттық психология мен менталитеттің бүкіл адамзаттық мұратқа ұласқанын зерттеуші жақсы ұштастыра қарастырады. Әрбір кейіпкердің тағдырын ұлт тарихымен байланыстыра отырып, сол кезеңнің күрделі, қайшылықты көрінісін әлемдік деңгейдегі рухани құндылыққа ұластырып, көркемдік шешім шығаратын қаламгердің концептуалдық тағлымын теориялық талдаулар арқылы айқындайды. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып, жариялау жолындағы ұзақ жылғы жанкешті еңбегі үнемі идеологиялық күреспен өткенін, Абай сынды сирек кездесетін тарихи тұлғаға тағылған себепсіз, жалған сындарға толассыз тойтарыс беру жолында адами қасиеті мен шығармашылық қабілетіне қаншалықты қиянат жасалғанын, алайда оның ұлттық ой-сананың дамуына ықпал етуден еш ықпағанын З.Ахметов осы еңбегіне өзек еткен. Мұқтар Әуезовтің театр және кино өнері, әдебиет тарихы мен фольклор, әсіресе Абайтану және көркем аударма саласындағы аса зор еңбектеріне толықтай тоқталған бұл тарауда бұрынғы соцреализмнің стереотипті көзқарастары мен таптаурын талдауларына ғылыми теориялық тұрғыдан соққы беріліп, бүгінгі жаңаша пайымдаулар тұрғысынан әділ де құнды ой-түйіндер берілген. Бұл, әрине, академик, әдебиет теориясының көрнекті маманы, белгілі мұхтартанушы ғалым Зәки Ахметовтің білімдарлығын, теориялық деңгейінің биіктігін дәлелдесе керек-ті.
Осы 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 10-шы томындағы (Алматы: ҚАЗақпарат, 2006. – 528 б. Жалпы редакциясын басқарған-ф.ғ.д., профессор Шериаздан Елеукенов) «Проза. Роман» деген көлемді тарауында (авторы Ш.Елеукенов) 1991 жылдан бері жарық көрген әр жанрдағы көркем туындыларға шолу жасалып, М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, адами қасиеттері мен әдебиет әлеміндегі орны сөз болған Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі, Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романы, Дүкенбай Досжановтың «Мұхтар асуы» (1986), «Мұхтар жолы» (1988), «Алыптың азабы (құжаттардан құралған Әуезов тағдыры. Роман)» (1997) сынды туындылар талданған.
ХХІ ғасыр қазақ әдебиеттану ғылымының алдына жаңа міндеттер жүктеп отырғаны, үздіксіз өсу мен өзгеру үрдісінде болатын ұлттық идеяның көркем әдебиетте көрініс табуы мен оның тарихи, философиялық, мәдени, саяси, әлеуметтік, психологиялық аспектілері әр ғылым салалары тарапынан талданып, бір-бірімен байланыстырыла қарастырылуы қазіргі ғылымға тән құбылыс. Басынан талай кезеңдерді өткізген қазақ әдебиеттануы қазіргі тәуелсіздік тұсында ақталған Алаш идеясы, ұлт-азаттық идеясын қозғаған ақын-жыраулар, көркем сөз шеберлері, өзге де сөз өнері өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын терең әрі әділ, саясатқа араластырмай тек көркемдік құндылық тұрғысынан талдау өріс алғаны ақиқат.
Тәуелсіздік тұсында жазылған 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» мен 2 томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» және 100 томдық «Бабалар сөзінің» дүниеге келуі соның айғағы.
Академик Рәбиға Сыздықова өзінің әрбір еңбегі арқылы қазіргі қазақ сөз өнерінің көркемдік қуатының артуына әдеби тіл нормаларын тұрақтандырып, ұлттық сөз мәдениетін көтеруге табанды үлес қосып жүрген ғалым. Оның «Сөз құдіреті» атты 2005 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген 272 беттік көлемді еңбегі-соның дәлелі.
Тілші ғалым Рәбиға Сыздықова М.Әуезовтің шығармаларындағы әдеби тіл нормаларын қолданудағы үздік үлгілері мен стилдік өрнектері қазіргі қазақ прозасының қанатын кеңге жайып, биік деңгейде дамуына дәнекер болғанын, бүкіл қазақ қаламгерлеріне «шеберлік мектебі» болғанын кәсіби маман ретінде дәлелдеп, теориялық тұрғыдан осылай тұжырымдайды. Және бүгінде 350 мыңнан асқан қазақ сөз қорына кемеңгер суреткер М.Әуезовтің де қосқан үлесі қомақтылығы бұл мақалада ерекше аталып өтеді.
Тәуелсіздік тұсындағы әуезовтану саласына сапалы үлес қосқан ғалымның бірі – Зейнолла Қабдолов.
Академик Зейнолла Қабдолов ұлы ұстазы, көрнекті суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерейлі мерекесіне өзінің өмір бойы аңсаған «Менің Әуезовім» деген роман-эссесін арнап, тарту еткені белгілі.Қабдоловтың жүрекжарды сезімінен туған бұл туындысы өзге де беллетристикалық және публицистикалық шығармаларымен бірге 1997 жылы «Әуезов» деген атпен Алматыдағы «Санат» баспасынан 352 беттік көлемде жарық көрді.
Жалпы академик ғалым Зейнолла Қабдолов М.Әуезовтің көркем шығармалары мен ғылыми зерттеулерін үнемі назарда ұстап, ой жарыстырып отыруды әдетке айналдырғандай. Ұлы ұстаз алдындағы парызын да адал атқарған сыңайлы. Оған автордың жоғарыда аталып, талданған ғылыми зерттеулері мен «Менің Әуезовім» атты әдеби шығармасы, яғни роман-эссесі куә.
ҚР ҰҒА-ның академигі Серік Қирабаевтың тәуелсіздік тұсындағы басты тақырыбы Ж.Аймауытов шығармашылығы болды. Алайда оның қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің шығармашылығы туралы «М.Әуезов қазақ әдебиетінің тарихы туралы», «Әуезов тағлымы», «Біздің рухани әкеміз», «Мұхтар Әуезов» (Өмір өткелдері Естеліктер. – А: Білім, 2006. – 480 б.) деген еңбектері бар.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы ұлт әдебиеті тарихының білгір маманы Серік Қирабаев жас ұрпаққа Әуезов тағлымын терең танытып, насихаттап жүрген тұлғалардың бірі. Ұлы суреткердің кешегі өліп бара жатқан көшпелі мәдениеттің соңғы куәсі ретінде оның халықтық үлгілерін, көркемдік өнерін сақтап қалуға күш салғанын, шындықты тану мен көркем бейнелеу, характер жасау, образ шындығы, сурет байлығы, тіл шеберлігі, психологизмді, профессионализмді дамытудағы шығармашылық ізденістері бұл еңбектердің негізгі зерттеу нысаны. Әлемдік деңгейде мойындалған классикалық туындыларға тән мәңгілік құндылықтың М.Әуезовтің әрбір шығармасына тән қасиет екендігін, олар бүгінге ғана емес, ертеңге де, келешекке де рухани қызмет атқаратынын кәсіби білгірлікпен, дәлелді ойлармен түйіндеп беріп отырады.
«М.Әуезов. Таңдамалы». Қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми еңбектер: монография, зерттеулер, мақалалар, сөздер, баяндамалар, хаттар. (Нысанбаев Ә. Қазақ энциклопедиясы. – Алматы: Бас редакциясы, 1997. – 512 бет) – қазақ, орыс тілінде» деген жинақ 1997 жылы жазушының 100 жылдық мерей тойына орай жазылып, жарияланған. Мұнда М.Әуезовтің өмірлік тақырыбына айналған Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы, қазақ халқының ауыз әдебиеті, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы, қырғыз халқының ерлік эпосы «Манас» жөніндегі іргелі зерттеулері, сондай-ақ ғалымның көпшілікке таныс емес Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері туралы көлемді мақаласы топтастырылған. Ұлы жазушының 20-30 жылдары жазылған мәдениет, ұлт, ғылым туралы мақалалары кезінде тек мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көріп, жазушының шығармалар жинағына түрлі себептермен енбей келгені мәлім. Міне, осынау ойлы дүниелер, атап айтсақ, ғылыми тіл, А.Байтұрсынұлы мен М.Жұмабаев шығармашылығы туралы мақалалары мен хаттары, сөйлеген сөздері осы жинаққа алғаш рет енгізіліпті. Кітаптың соңында жазушының өмірі мен қызметінің негізгі жылнамалары, оның еңбектерінің хронологиялық көрсеткіштері, сондай-ақ М.Әуезовтің шығармашылығы туралы қорғалған диссертациялардың тізімі берілген. Жазушы өмірінің кейбір сәттерін бейнелейтін фотосуреттер де архивтен алынып, тұңғыш рет жарияланған. «Қазақ энциклопедиясының» сол кездегі Бас редакторы философия ғылымдарының докторы, академик Әбдімәлік Нысанбаевтың «М.Әуезовтің рухани мұрасы туралы» деген алғы сөзінде бұл жинақтың өзге еңбектерден ерекшелігі-бұрын бейтаныс болып келген зерттеулердің жарыққа шығуы екендігін, тәуелсіздік тұсындағы жаңару бағытында жаңаша көзқараспен қайта қарала бастаған қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақтардың ашылып, Алаш арыстарының есімдері мен еңбектері елге оралуы нәтижесінде ұлы ұстаз, ғұлама ғалым Мұхтардың да ұлттық құндылықтарға қатысты құнды зерттеулеріне жол ашылғандығын мәлімдейді.
Алғы сөз авторы жазушының 20-30 жылдар аралығындағы ұлт мәселелеріне, оның ішіндегі «Ғылым», «Ғылым тілі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Мәдениет һәм ұлт», «Оқу ісі», «Философия жайынан», «Япония» деген мақалаларындағы мағынасы терең философиялық, дүниетанымдық ойларды кәсіби маман ретінде талдап, өз тұжырымдарын жасайды. Әсіресе, «Адамдық негізі-әйел» атты мақаласы бұрындары әйел теңсіздігі тұрғысынан талданып келсе, енді мәтін астарындағы мағынаның мәнін әйелге деген көзқарастың өзгеруінен іздеген жап-жас жігіт Мұхтардың психологиялық, педагогикалық, философиялық терең ойларын философия пәнінің өз ұғымдарымен түсіндіреді. М.О.Әуезовтің философиялық және ғылыми мұрасын зерттеудің тәуелсіздік кезеңде ерекше маңызға ие бола бастағанын, онда бір табиғи заңдылық барлығы, бүкіл адамзат өркениеті өтпелі кезеңдегі әр елдің ұлы ойшылдары мен зиялыларының санасымен ұғынылып, олардың еңбектерінде зерделенетінінен ғылыми мәліметтер береді. Осы орайда біздің де өз өркениетіміздің алтын бір діңгегі болған М.Әуезовтің рухани мұрасының бай тарихын тануға, шығармашылықтарына қайта оралып, жаңаша ұғынуға ұмтылыс жасауымыз заңды да. М.Әуезовтің ойдау тәсілі, әлеуметтік философиясы мен дүниетанымы қалыптасуының мәдени-тарихи алғы шарттарын, әдебиеттану мен философияның өзара байланысын, әдеби процестің динамикасын философия ғылымы тұрғысынан талдау мен зерттеудің қажеттігін қазіргі ұлттық ғылымның көкейкесті мәселесі етіп өз саласындағы міндеттерді айқындап береді. Бұл тұжырым бір ғана әдебиет пен философия ғылымдарында ғана емес, өзге де қоғамдық гуманитарлық ғылым салаларында да М.Әуезовтің ұлттық рухани құндылығы жоғары мол мұрасы әр қырынан қайта қаралып, жаңаша зерттеле бастағанынан сыр береді.
М.Әуезовтің бұрындары баспа көрмеген ғылыми еңбектері енген жинақтың соңында мұхтартанушы ғалым Рымғали Нұрғалидың «Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу еңбектері» деген мақаласы берілген. Әлемдік мәдениетке қазақ өнерінің көркемдік игіліктерін көрсете білген кемеңгер қаламгерді зерттеуші әдебиеттану, фольклор, тарих, философия, эстетика саласында да аса бай мұра қалдырған энциклопедиялық қуаты бар тамаша ғалым деп бағалайды. Оның ғылыми-зерттеу еңбектерінің, жалпы шығармашылығының зерттелмей келе жатқан тұстарын, онда қандай мәселелерге терең мән берілмей келе жатқанына көңіл аударады. Жазушының жас та болса тіршілік философиясының түйінін тастай етіп тереңдікпен тұжырымдап беретініне, қандай мәселе көтерсе де оның астарын ашып, түп тамырын қазып, тарихынан тарамдап ой қозғайтынына тәнтілік танытқан зерттеуші «Қайсысын қолданамыз?», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Оқу ісі», мақалаларындағы ағартушылық, ұлт зиялыларын қалыптастыру, ұлттық ғылым тілін, пән сөздерін, яғни терминдерді жасау, оқулықтар жазу, шығару, мәселелерін қозғағанын, ал «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет һәм ұлт», «Философия жайында», «Земство һәм кооператив қауымдары» мақалаларындағы зерделігіне зейін қояды. Мақалада ерекше мән берілген М.Әуезовтің ХХ ғасыр басындағы баспасөздердегі алғашқы мақалаларында, атап айтсақ, 1925 жылы «Таң» журналында жарияланған «Қобыланды» жайлы зерттеуі, Ақылбайдың өлеңдерін, Сыбан Ақтайлақ бидің шешендік сөздерін, «Қозы Көрпештің» ең көркем Жанақ вариантын бастырған ғылыми еңбектері, «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» сынды мақалаларын ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихындағы алғашқы кәсіби пікір айтқан, ғылыми талдаулардың үздік үлгісін танытқан туындылар деп жоғары баға береді.
Профессионалды, сапалы еңбектерінің ерекшелігін ғалым ойдың тереңдеуінен, пікірдің өткірлеуінен, білімнің молаюынан, стильдің айқындалуынан іздейді.
Қазақ фольклоры мен әдебиетінің тұңғыш зерттеушілерінің бірі болған М.Әуезовтің шығармашылығын Абай; театр, драматургия, аударма; проза; дүниежүзі халықтары әдебиеті; фольклор жайлы деп бес салаға бөліп қарастырған Р.Нұрғали олардың тарихи маңызын да талдау барысында орынды бағалайды.
Сондай мақсаттағы күрделі еңбектің бірі ғана емес, бірегейі деп «Мұхтар Әуезов Энциклопедиясын» (Бас ред. С.Қасқабасов: ред: алқасы: Б.Қ. Майтанов, Н.Е.Ақбай, Р.Әбдіғұлов т.б. – Алматы: Атамұра, 2011. – 688 бет) атауға болады. Жазушының 100 жылдық мерей тойы қарсаңында жоспарланғанымен кейін түрлі себептердің салдарынан шегеріліп, бұл іс 1996 жылы «Атамұра» баспасының жанынан «Мұхтар Әуезов редакциясы» (редакция меңгерушісі Н.Ақбай) құрылғаннан кейін ғана алға жылжып, республикадағы әуезовтанумен шұғылданып жүрген әдебиет, тіл мамандарының, тарихшы-этнографтар, жазушы, журналистер, өнер қайраткерлерінің осынау күрделі еңбектің сөзтізбесін құрастыруға тартылуының нәтижесінде жүзеге асырылған. Түрлі жанрдағы бұл рухани бай қазынада энциклопедиялық еңбектің стилі мен талабына сай ұлы суреткердің өскен, қалыптасқан, оқыған, еңбек еткен ортасы, отбасылық өмірі, шығармашылық мол мұрасы, шежірелік, қоғамдық, қаламгерлік, педагогикалық қызметтері жайлы ғылыми, әдеби деректер молынан қамтылып, кеңінен ақпараттар берілген. Ол жөнінде энциклопедияның «Алғы сөзінде» қысқаша және өте нақты айтылған. Сондықтан оқырман бұл еңбектің құрылымы мен мазмұнымен терең таныс болуы үшін осындағы мәліметтерді толық келтіруді мақұл көріп отырмыз: «…Ұлы суреткердің өсіп-өнген ортасы, шығармашылық бай мұрасы, дүниетанымы, эстетикасы, поэтикасы, қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірлері, дәстүр-тағлымы туралы мәселелерді жан-жақты баяндауды көздеген сөзтізбеге енгізілетін терминдер (мақала аттары) мынадай тақырыптар бойынша жинақталды: 1) М.Әуезовтің шығармалары; 2) М.Әуезов шығармаларындағы тарихи кейіпкерлер немесе олардың прототиптері; 3) М.Әуезов және әдебиеттану ғылымы; 4) М.Әуезов және абайтану ғылымы; 5) М.Әуезов және тіл ғылымы; 6) М.Әуезов және Шығыс әдебиеті; 7) М.Әуезов және Батыс әдебиеті; 8) М.Әуезов және орыс әдебиеті; 9) М.Әуезов және туысқан халықтар әдебиеті; 10) жазушының дүниетанымы мен көзқарастары; 11) М.Әуезов және өнер; 12) М.Әуезовтің өскен ортасы; 13) жазушы шығармашылығын зерттеушілер; 14) М.Әуезов шығармаларының аударылуы (аудармашылар); 15) М.Әуезов оқыған, біліп-зерттеген, шығармаларында атаған, еңбектерін пайдаланған белгілі тарихи адамдар, хандар, билер, шешендер, ғалымдар; 16) жазушының туған-туыстары, дос-жарандары, жолдас-жоралары; 17) М.Әуезовке қатысты географиялық атаулар. ….Сөйтіп болашақ (бүгінде жарияланған Г.П) энциклопедияның сөзтізбесіне 3 мыңдай атау енгізілген. Оны әзірлеуде М.Әуезовтің 12 томдық (1967-69) және 20 томдық (1979-85) шығармалар жинақтары, сондай-ақ 50 томдық академиялық толық жинағы (1997-2011) негізге алынды…» ( 7 бет). Сондай-ақ энциклопедияға бүгінгі мұхтартанушы ғалымдардың еңбектерімен қоса оның өз заманындағы әріптестері, кезінде абайтану мен мұхтартануға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Л.Әуезова, З.Кедрина, Е.Лизунова, Н.Смирнова, Ғ.Сағди, А.Әуезов еңбектері де ескеріліп, енген. Және энциклопедияға жазушының жарияланған, баспа бетін көрмеген қолжазба күйіндегі еңбектерінің бәрі дерлік енгізіліп, оларға ғылыми сипаттама беріліпті.
Енді энциклопедияның мазмұны-мәнін ашар абайтанушы әрі мұхтартанушы ғалым, академик Зәки Ахметовтің «Әуезов әлемі» атты кіріспе мақаласына тоқтала кетейік. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына ғылыми шолу жасаған зерттеуші оның әр жанрдағы туындыларының көркемдік әлеміне зер салады. Сөз өнерінің көрнекті шебері М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігі мен кәсібилігінің көкжиегі, көркемдік әлемінің кеңістігі көне дәуірден бертінге дейінгі әлем әдебиеті мен ұлт сөз өнерінің тереңге тартқан тамырынан таратылып, талданады.
Әуезовтің қаламгерлік қарымын шағын жанрда әбден шыңдап, игергендігін, алғашқы шығармаларында – ақ адам тағдыры мен психологиясын терең меңгерген жан тамыршысы бола білгендігін оның танымы мен талғамы, өмір шындығын, адамның мінез-құлқын, психологиясын тап басып, тани білетін көрегендігі мен сезімталдығы оны ешқашан жасандылыққа жібермейтіндігімен байланыстырыла зерттеледі. Әдебиеттегі Әуезов әлемінің шырқау биігін ұлы Абай шығармашылығы мен абайтану мәселелерімен тығыз бірлестікте қарастырған ғалым осы мақаласында тарихи тұлғаның өмір сүрген дәуіріндегі қоғамдық қайшылықтар мен екі ұрпақ арасындағы пікір қақтығыстарын, кейіпкерлерінің мінез болмысын, ішкі сезімдік құбылыстарын қадағалай, кеңінен толғап ой айтатын эпикалық баяндау тәсілінің ерекшелігімен үйлестіріп, қазақ көркем прозасында бұрын-соңды көрінбеген кең тынысты, тың тәсілдік шешімдер тапқанын тілге тиек етеді. Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүрі үлкен тірек болғанын, екі ұлы тұлға бір-бірін көтергенін ерекше сүйіспеншілікпен талдап, танытады.
Әдеби шығарманың көркем әлемін анықтайтын образ, уақыт пен кеңістік, оқиғалар, мағыналар, тіл сияқты бес негіз мұнда да кеңінен зерттеліп, әрбір әдеби категория зерттеушінің талғамына сай зерделенеді. «Абай жолы» – жай ғана тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, сомдап бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайындағы терең толғаныс екендігін, ондағы уақыт пен кеңістік категорияларын эпопеяда бейнеленген Абай заманы-тарихи уақыт деп, ал оның жазылған уақыты мен бүгінгі оқырмандардың, сын айтушылардың заманы деп үшке бөліп қарастырады.
Сөз өнеріне тән осынау қасиеттер арқылы шығарманың көркемдік, ал жазушының шеберлік әлемінің сырлары ашылады. Өйткені, шығарма да, оның кейіпкерлері де белгілі бір тарихи кезең-уақытта өмір сүріп, сол өзі өмір сүрген кеңістікті кескіндері хақ.
З.Ахметов осы шағын мақаласында Әуезов әлеміне қатысты көптеген күрделі және теориялық мәселелерді көтеріп, ашып берген. Жазушы шығармашылығы жайлы жаңа ойлар айтып, тың теориялық тұжырымдар жасаған.
Осы алғы сөзде айтылған теориялық тұжырымдары З.Ахметовтің ұлы жазушының 100 жылдық мерей тойы қарсаңында қайта қаралып, толықтырылған, тәуелсіздіктің еркіндігін пайдаланып, көптеген мәселелерді жаңаша зерделеген «Роман эпопея Мухтара Ауэзова» деген монографиясында жалғасын тапқаны мәлім.
Тәуелсіздік жылдары абайтану мен мұхтартану салаларында табанды еңбек еткен ғалымның бірі – Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақ әдебиеттануы ғылымында абайтанудың қалыптасып, дамуындағы М.Әуезов дәстүрі мен мектебі өте күрделі де көлемді болғандықтан оларды тұтас қамту мүмкін емес. М.Мырзахметұлы екі бірдей тарихи және шығармашылық тұлғаның туындыларын көркемдік, ғылыми тұтастық тұрғысынан зерттеп жүрген бірден-бір ғалым. Қазақ және қазақ әдебиеті бар да абайтану мен әуезовтану салалары әр кезеңнің заманауи талабына, рухани зәрулігіне сай жаңаша сапалық деңгейде қарастырылуы заңды құбылыс. Көрнекті ғалым, абайтанушы және мұхтартанушы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» (Астана: Деловой мир Астана, 2010. – 554 б) атты екі кітаптан тұратын іргелі еңбекте ұлт ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының шығысқа қатысы алғаш рет ғылыми жүйеге түсіріліп, толық адам ілімі жаңаша таным тұрғысынан талданған. Кеңестік кезеңнің өзінде бұл тақырыпты сан тараптан тосқауыл қойылса да табиғатынан турашыл, өзінің ұстанған принципінен айнымайтын, барлық кезде ағысқа қарсы табанды түрде күрес жүргізетін ұлтжанды ғалым М.Әуезов бара алмай , біле тұра айта алмай кеткен ұлы ақынның шығыстық сарынына батыл еніп, Мұхтар Әуезовтің әлі де қолжазба күйінде қалған, жарық көрмеген сын, мақала, зерттеулері мен арнаулы түрде жазылған тезистеріне, шашпа пікірлері мен һашия түріндегі архив деректерінің негізіне сүйеніп жазылғандығын, сондықтан еңбекте, негізінен, архивтік деректер көзі басым екендігіне ерекше көңіл бөлген.
Тәуелсіздік жылдары жазылған «Абай, Мұхтар мұрасы айналасында» (1992), «Әуезов және Абай» деген монографиялық еңбегі (Алматы: Қазақстан, 1996. – 272 б) , 2004 жылы жазылған «Мұхтар Әуезов (1897-1961)» деген мақаласы мен «Ұлылар үндестігінде» (2006), «Түркістан Тараз арасы..» (Астана: Білге, 2002. – 432 бет) , «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» деген еңбектерінде бүгінгі мқхтартану саласындағы күрделі мәселелерді арнайы зерттеу нысанасына алады.
Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы сын жанрының қалыптасу, даму сатыларын М.Әуезов шығармаларының негізінде жүйелеп, қазақ әдебиетіндегі көркемдік тұтастықты кешенді түрде зерттеген ғалым. Оған ғалымның «Сын мен сыншы. Жанр жайлауы» деген оқу құралының 1-кітабына (Алматы. Қазақ университеті, 2007. – 462 б) енген «М.Әуезовтің асыл ойлары» атты 3 ғылыми мақаладан тұратын топтамасында жан-жақты зерттелген мұхтартану мәселелері дәлел бола алады.
Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігі мен ерекшелік өрнегін сақтау үшін зерттеушінің ұлттық танымды дәріптеу мәселесін қоюы да маңызды.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы мұхтартану саласына сүбелі үлес қосқан ғалымның бірі – Рахманқұл Бердібай.
ҚР ҰҒА-ның академигі Рахманқұл Бердібайдың «Тарихи роман» (Алматы: Санат, 1997. – 336 б) атты еңбегінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының қазақ әдебиетіне әкелген тың қасиеттері: характер сомдау шеберлігі,шығарманың тартыстық, құрылыстық жүйесіндегі жаңалықтары, суреткерлік лаборатория жайлары мен жазушының адам мінезін, табиғат суретін терең реалистікпен берудегі жаңашылдығы, әдеби тілімізді қалыптастырудағы қызметі жете зерттеледі.
Тәуелсіздік кезеңіндегі мұхтартану саласында табанды еңбек еткен белгілі ғалым Бақытжан Майтанов көп жылдар бойы М.Әуезов мұражайында және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында бас ғылыми қызметкер әрі ғылыми жобалар жетекшісі ретінде еңбек етті. М.Әуезовтің шығармашылығын әр қырынан зерттеуді мұрат тұтқан ғылыми жобалалар негізінде орындалған ғылыми зерттеу жұмыстары жөнінде ұжымдық монографиялар талданар тұста кеңінен тоқталамыз.
Театртанушы ғалым Бағыбек Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов және театр» (Алматы. Ғылым, 1997. – 248 бет) атты монографиясында М.Әуезовтің ұлттық театр мен драматургияның тууы, дамуы мен қалыптасуына қосқан еңбегі сөз болады. Бүгінгі қазақ театрының кәсіби деңгейінің биіктеп, көркемдік шыңға жетуіне көшбастап, көшелі бағыт берген ұлы тұлғаның қазақ драматургиясы мен театрын дамытудағы мол мұрасын театртанушы ғалым сахналық қойылым, әр спектакльдегі режиссердің, актердің, шеберліктерімен бірге көркемдік тұтастықпен қарастырған.
М.Әуезовтің ұлттық драматургияның өз топырағында қалай туатынын, фольклордың мол қорынан қалай сусындау керектігін, озық елдердің жетістіктерінен үйренудің,тәжірибе алудың жөн-жосығын көрсетіп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген ғалым-драматург екендігін Б.Құндақбаев осы еңбегінде кәсіби маман ретінде жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдап, әділ бағасын береді.
Әдебиеттанушы, ҚР ҰҒА-ның академигі Рымғали Нұрғалидың «М.Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух. Көмекші оқу құралы». (Алматы: Санат, 1997. – 432 бет) атты еңбегін қазақтың тұңғыш драматургы, көрнекті суреткер М.Әуезовтің ұлттық театр, кино, опера сынды өресі биік өркениетті өнер өлкесіндегі өлшеусіз қызметі жөніндегі тәуелсіз еліміздің ғылымына қосылған құнды еңбек деуге әбден болады.
М.Әуезов шығармаларындағы көркем мәтіндердің мағыналарын ашып, соны стилдік, жанрлық, түрлік ізденістерін айқындайтын Р.Нұрғалидың зерттеушілік ойлау қабілеті де, ғылыми теориялық тұжырымдары да ерекше білімдарлықты байқатады. М.Әуезовтің шығармаларын, әсіресе драматургиялық туындыларын зерттеу барысындағы көркем мәтінді қабылдау, оның мағыналық, философиялық, психологиялық мәнін тану мен танытудағы ғылыми талқылаулары зерттеушінің мұхтартану саласындағы табанды еңбегінің жемісі.
Тәуелсіздік жылдары М.Әуезовтің шығармашылығы мен ғылыми мұралары ұлттық ғылымның барлық саласында (философия, психология, педагогика, тарих, этнография, лингвистика) жан-жақты тақырып төңірегінде әр қырынан зерттелді. Соның бір айғағы – философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанұлының «Мұхтар Әуезов-ойшыл, ғалым, ұстаз» деген монографиялық зерттеуі. Мұны жазушының шығармашылығының дүниетанымдық бағыттарын тұтас қарастырған пәлсафалық алғашқы еңбек деуге болады. Тәуелсіздік алып, халқымыздың рухани құндылықтарын жаңаша таразылауды қолған ұлттық философия ғылымы көне дәуірден бері қалыптасып, дамыған, алайда кеңестік кезеңде арнайы зерттелмеген қоғамдық-философиялық ойымыздың, дүниетанымыздың даму жолдарын зерттеу бүгінгі замануи қажеттілік. Олай болса, Мұхтар Әуезовтей шығармашылық тұлғаның, дара дарынның, кемеңгер ойшылдың, ғұлама ғалымның өмірі мен еңбектерімен тұтасқан философиялық ойлары мен дүниетанымдық көзқарастарының осы пән категориялары арқылы арнайы зерттелуі заңды да.
Мұрағаттарда құндақталған қаламгердің құпия әлемі әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевтың «Талқы» және «Бесігіңді түзе!..» (Роман-эссе. – Алматы: Жазушы, 1997. – 560 бет.), Алматы: «Бейуақ», Қазақстан, 1990. – 304 бет) деген еңбектерінде қарастырылған.
М.Әуезов мұражайы мен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының негізін қалаған Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың тікелей жетекшілігімен жүзеге асырылған бұл жұмыстар қазақ руханияты үшін, оның ішінде М.Әуезов өмірі мен шығармашылығының тарихын түгендеп, толықтырудағы, жүйелеп, жариялаудағы қызметі мен демеушілігі қазақ әдебиеті, ұлттық рухани құндылықтарға қосылған зор үлес деп түсінуге болады.
М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, оның әрбір белесі жайлы да көптеген ғылыми-танымдық зерттеулер жазылып жүр және жазыла беретіні де ақиқат. Соның бірі – «Мұхтар Әуезов және Алматы» (Алматы: Самара-принт, 2008. – 336 бет) деген ғылыми мақалалар жинағы.
Жинақтың «Ұлы жазушы өмірінің асыл арқауы» атты 1-ші бөлімінде филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Майтановтың «Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы және Алматы» атты мақаласында көрнекті суреткердің шығармашылық өмірбаянын Алматы қаласымен байланыстырып баяндаса, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаев пен Андабек Қуанышбаевтың «Дом Мухтара Ауэзова» деген еңбектерінде 1930 жылдардан басталған Алматыдағы жазушы өмірі, оның отбасымен тұрмыс кешіп, шығармашылықпен айналысқан шаңырақтарының тарихы туралы тағлымды әңгіме өрбітеді. Өнертану ғылымының докторы Бағыбек Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов және ұлттық өнер» атты зерттеуінде ұлттық өнердің көп саласында ұлы суреткердің салып кеткен сара жолының барлығы, қазақ драма театрының қалыптасу, даму дәуірлерімен бірге жүйеленіп, баяндалады. Мұнда «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Абай», «Қарақыпшақ Қобыланды», т.б. туындылары талданып, олардың шығармашылық тарихы Алматы қаласымен байланыстырыла қарастырылған. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Рафат Әбдіғұловтың «М.Әуезов шығармашылығындағы Алматы қаласы мен қала атырабының суреттелуі» деген көлемді ғылыми еңбегінде жазушының классикалық шығармалары «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі, «Бүркітші» әңгімесі, «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» атты мақаласының осы Алматы қаласында өмірге келгендігін,оны жазу барысындағы шығармашылық психология мәселелері ғылыми әңгімеге өзек болады. Және «Абай жолы» роман-эпопеясында ХІХ ғасырдың 90 жылдарындағы Алматы қаласы, 1950 жылдардағы Алматыны «Өскен өркен» романында, «Ол күнгі Алматы» деген әңгімесінде қала маңындағы ауылдарда болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бйенеленсе, «Октябрь үшін» пьесасында, «Іздер» повесінде, «Асыл нәсілдер» пьесасында қала маңындағы ауыл,мал шаруашылығына қатысты ғылыми орталықтар жайында жазылғандығын, ал «Үшқоңыр жайлауында», «Ворошилов атындағы колхозда» атты очеркінде кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарындағы қала маңындағы шаруашылық тұрмысы мен тіршілігі, қала табиғатының тартымды суреттелгені кеңінен талданады.
Жинақтың «М.О.Әуезов және фольклор» деген 2-ші бөліміне жазушының «Ценные памятники киргизского и казахского фольклора», «Эпос и фольклор казахского народа», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ертегілер», «Манас»-киргизская народная героическая поэма» деген зерттеулері енген.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымы құрастырып шығарған «Мұхтар Әуезов әлемі» (Алматы: Жазушы, 1997. – 352 бет) атты жинаққа әке мұрасының жиналып, жүйеленіп,жариялануына жанкешті еңбек етіп, шынайы жанашырлықтың үздік үлгісін танытқан Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың өзі көзі тірісінде құрастырып, жариялауға үлгере алмай кеткен мақалалар енгізілген. Екі бөлімнен тұратын еңбекке шетел жазушылары мен мәдениет қайраткерлерінің ой-толғамдары мен қазақ қаламгерлерінің, ғалымдарының ұлы жазушының шығармашылығындағы философиялық көзқарастар, көркемдік шеберліктер, өмір сүрген кезеңдеріндегі қоғамдық, саяси, рухани кеңістіктердегі психологиялық астарлар, жеке тағдырындағы тағлымды танымдары жөніндегі ғылыми-теориялық талдаулары мен зерделі зерттеулері жинақталып берілген.
Л.Брагиннің «Мұхтардың Ыстықкөлдегі күндері» (ауд. Қ.Қойтаев) атты әңгімесінде М.Әуезовтің Ыстықкөлдегі шығармашылық шабытқа толы сәттерін, отбасымен бақытты кезеңді бастан кешкен аяулы бір кезеңдерін еске ала отырып, қазақ, қырғыз, орыс қаламгерлерінің арасындағы адал достық жайлы сыр шертеді. Мұнда тек демалыс жәйі ғана емес шығармашылық өмірбаян мен психология, суреткердің адами қасиеті, кісілік келбеті, досқа деген адалдығы, білімдарлығы мен ділмарлығы, отбасы мүшелеріне деген қалтқысыз сүйіспеншілігі асқан ілтипатпен суреттеледі. Бұл дүниенің жанры көркем әңгімеден гөрі естелік-эссеге көп келіңкірейді.
И.Брагинскийдің «Ғалым – ақын» (Ауд.Т.Тілеуханов) деген мақаласында ұлы ойшыл Ибн Сина мен діндар Абусаид Мейхенскийдің кездесуі туралы аңызды алға тарта отырып, жазушының даналығы мен ақынның сезім-сырының қабат ұштасқандығымен ұтымды байланыстырып, шығармашылығындағы мазмұн тұтастығын, ғылыми талдауларының өрелі де жүйелігін, құбылыс пен тақырыптың сырына терең бойлағыш ақындық алғырлығын танытады.
Музыкатанушы ғалым Борис Ерзаковичтің «Мұхтардың Абай әндерін нотаға түсіртуі» деген мақаласында 1935 жылы Абайдың музыкалық мұрасын толық жазып алуға деген қамқорлығының арқасында ақынның інісі Ысқақтың баласы Архам Ысқақовтан (1886-1963) 18 әннің жазып алынғаны,оны композитор Латиф Әбдулхайұлы Хамидидің жүзеге асырғаны, алайда бұл жазбалар кезінде жарияланбағандықтан және Л.Хамидидің Мәскеу консерваториясының жанындағы Татар опера студиясына оқуға кетуіне байланысты оның жеке архивінде қалып қойғандығы туралы деректер келтіреді.
Кейін 1939 жылы тағы да М.Әуезовтің ұйытқы болуымен Абай әндері нотаға түсіріліп, Л.Хамиди Жүсіпбек Елебековтің орындауында «Қарашада өмір тұр», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы» әндерінің жаңа нұсқаларын, М.Әуезовтің өз орындауындағы «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты әннің қағазға түскені жәйлі қызықты фактілер келтіріледі. Және 18 әннің атауы беріледі.
Зерттеуші Архам Ысқақовтан кейінгі ақынның музыкалық мұрасын жинауға Тұрағұлдың (1874-1934) қызы Мәкен Мұхамеджанованың орындауында Абайдың 17 әнін,оның 11-і жаңа нұсқа екендігін, «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Әбдірахманның әйелі Мағыштың жоқтауы», «Теректің сыйы» және «Есіңде бар ма жас күнің?», атты әндердің тұңғыш рет таспаға түскені, Мәкен Мұхамеджанова түсірткен магтитофон жазбаларының бәрін Қайролла Жүзбасовтың нотаға салғанын, Абайдың өз өлкесінде сақталған домбыралық мұрасының әлі зерттелмегенін, тек 1983 жылы Ғайса Сармурзиннің орындауынан Уәли Бекенов Абайдың екі күйі – «Торжорға» мен «Мамыр түнін», ал 1975 жылы Қ.Жүзбасов Қотанқарағай ауылындағы Хамса Демесіновтың орындауынан Абайдың «Желдірмесін» қағазға түсіргенін, жалпы сол жылдары Абайдың 27 әні, ақын әуендерінің жаңадан 36 нұсқасының қағазға түскені жөніндегі ғылыми ақпараты да айтарлықтай маңызды.
Азербайжан жазушысы Мехти Гусейн «Абай» – ұлттық ескерткіш» атты мақаласында М.Әуезовтің М.Ибрагимов, С.Рагимов, С.Вургун романдарын жақсы бағалайтынына, түркі тілдерінің майталман жетігі екеніне зор баға береді.
Кітаптағы Корнелий Зелинскийдің «Шырқау шыңда»,Всеволод Ивановтың «Ән туралы роман», Берды Кербабаевтың «Асыл досым, туысым», Евгения Книповичтің «Асыл азамат», Александр Корнейчуктың «Ересен талант», Павел Лукницкийдің «Аяулы жан», Михаил Лукониннің «Өткенге көз тіккен сәуегей», Бенжамен Матиптің, Николай Погодиннің «Біз үшін Әуезов-екінші Абай», т.б. атты естеліктері, ұлы қаламгердің қазасына орай айтылған азалы сөздері де өзіндік өрелі ойларымен оқушы есінде қалады.
Всеволод Рождественскийдің «Дос дидарында» автордың жазушымен алғашқы кездесуінен бастап, өмірінің соңына дейінгі жалғасқан жарасымды достығы Абай Құнанбаевтың шығармаларын 1936 жылы тұңғыш рет орыс тіліне аударған шығармашылық әріптестікке ұласқанын әсерлі әңгімелейді. Ал, Илья Селвинскийдің «Көңілімде өшпес бейне» деген еңбегінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын «Батыр мен қыз» деген атпен орыс тіліне аударғандағы шығармашылық байланысы баяндалса, Леонид Соболевтің «Абайдың рухани інісінде» 1935 жылы Ленинград жазушыларының бригадасымен Қазақстанға 2 айлық сапармен келгенде танысқан М.Әуезовпен достығы соңғы сәтіне дейін сәтті ұласып, ұлының қасында болып, алған ұлағатынан тағлымды ой тарқатады. Андре Стиль «Абай жолы» мен «Қараш-Қараштағы» өмір көріністері, стиль айқындығы, сөз құрамы жағынан Гомерді еске түсіретінін ескертсе, Түгелбай Сыдықбековтің «Ініден ізетінде» 1938 жылдың жазынан басталған достығының шығармашылық тығыз байланысқа ұласқанын, «Манасты» зерттеудегі еңбегі, бірнеше рет сәті түскен кездесулері жайлы сыр шертіледі. Николай Тихоновтың «Заманымыздың зор адамы» деген мақаласында Мұхтар Омарханұлының әдебиет, өнер және журналистика саласындағы Лениндік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі болғандағы адалдығы мен жауапкершілігі жөнінде жылы лебіздер білдірсе, Михаил Шолохов, Александр Фадеев, Константин Федин еңбектерінде де жазушының суреткерлік шеберліктері туралы кәсіби пікірлер айттылған.
«Қазақ қаламгерлері М.Әуезов туралы» деген 2-ші бөлім Тахауи Ахтановтың «Сөз сиқыршысы» деген мақаласымен басталған. Оны жалғастырған Хасен Әдібаевтың «Алыптың тұлғасы», Т.Әкімовтің «Өскен өркен»: өмір материалы және оны көркемдікке айналдыру жолдары», Н.Әлиннің «Ол қоғамшыл еді», М.Адибаевтың «К вопросу о поэтике М.О.Ауэзове», Ә.Әлімжановтың «Дарын даралығы», М.Базарбаевтың «Әдебиет ардагері»,Қ.Баяндиннің «Кісіқырған» қиясында», Х.Есенжановтың «Көркем ой алыбы», Т.Жұртбайдың «Жалғыздың жанталасы», З.Қабдоловтың «Ғұлама», М.Қаратаевтың «Ұстаз салған ізбенен», Қ.Қуанышбаевтың «Аяулы дос», Ғ.Мүсіреповтің «Мұхтар Әуезов туралы сөз», О.Сүлейменовтің «Слово об М.Ауэзове», Э.С.Тажибайдың «Творчество М.О.Ауэзова в оценках немецкой критики», М.Толғанбаевтың «Жадымда жүрер сол жылдар», Ә.Шәріповтің «Конакридегі кездесу», Д.Ысқақұлының «Сара ойлар саңлағы» деген мақалаларында М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы әр қырынан қарастырылған.
Әр кездері М.Әуезовтің көркемдік әлемі туралы сөз болғанда міндетті түрде алдыңғы қатарда аталып, асқан сүйіспеншілікпен сілтеме жасалатын жазушының замандасы, академик ғалым Қаныш Сәтбаевтың тақырыпсыз берілген шағын болса да тағлымды, мазмұнды сөздері бүгінде құндылығын жойған жоқ.
Бұл екі жинақтағы қазақ қаламгерлері мен әдебиетші мамандардың жазған еңбектері кеңестік кезеңде жазылғандықтан да, біздің жобалық тақырыбымыз «М.Әуезов шығармашылығының тәуелсіздік кезеңде зерттелуі» болғандықтан да оларға жеке тоқталып, талдап жатпадық.
Мұхтар Әуезовтің фольклортану саласындағы зерттеулерін бір ізге түсіріп, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, арнайы қарастырып, бүгінгі жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап,баға берген ғалым Әдебиет Молдахановтың «Мұхтар Әуезов-фольклортанушы» (Алматы: Ғылым, 1997. – 152 бет) атты зерттеуінде кезінде саяси идеология салдарынан рухани игілікке айнала алмай ақтаңдаққа айналған «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Әдебиет тарихы» еңбектері қарастырылған. М.Әуезовтің ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялауы, оларды жанрлық тұрғыда жүйелеп,бір ізділікке түсіруі, секілді еңбектерін талдаған зерттеуші Ә.Молдаханов қазіргі прозадағы көркемдік жаңашылдықтың түп-тамыры фольклорлық дәстүрде жатқанын, оны ұлы жазушы асқан білгірлікпен зерделеп, олардың арақатынасын, эпикалық баяндаудың түрлік тәсілдерін, уақыт пен кеңістік категорияларының теориялық мәселелерін М.Әуезовтің қалай жүйелегенін айқындайды.
Автор М.Әуезовтің халық фольклорын жүйелеп, классификациялау принципін алғашқылардың бірі болып зерттегендігін, оның халықтың рухани өзіндік творчествосы ретінде сипатталатынын ғылыми тұрғыдан тұжырымдай білген.
М.Әуезовтің фолклортанушылық еңбектерін арнайы докторлық диссертация деңгейде қарастырып, жүйелі түрде ғылыми жұмыстар жүргізген фольклортанушы ғалым, профессор Ә.Молдахановтың «Мұхтар Әуезовтің көркем шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлері» (1999) деген еңбегі де бар.
Әдебиетші, шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаевтың «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі». (Зерттеулер. – Алматы: Қазақ университеті, 1997.– 186 бет) атты зерттеуінде автор көрнекті суреткер Мұхтар Әуезовтің ұлттық әдебиеттану ғылымындағы қомақты үлесі, Абай мұрасының әлем әдебиетіне қатынасы, қазақ және шығыс әдебиетінің байланысы, екі ұлы тұлғаның шығармашылығының көркемдік тұтастығы, олардың қай кезеңде де кешенді түрде қарастырылуындағы рухани үндестік орайындағы ғылыми мәселелер қарастырылған. Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерей тойына тарту ретінде жазылып, жарияланған еңбектегі «Мұхтар Әуезов және Шығыс» деген мақалада Абайдан арнасын тауып, Шәкәрім Құдайбердиев жалғастырған Шығыс шарапаты, оның қазақ поэзиясына еткен әсері жайлы сөз қозғай отырып, Мұхтар Әуезовтің Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын Ташкентке апарып, «Шолпан» журналының бірнеше санына ұсынуы, 1961 жылы да Душанбеде шығатын тәжіктің «Садон шарқ», «Шығыс үні» деген журналдардың оныншы кітабына Шәкәрімнің Шығыс бұлбұлы Хафиздан алған аудармаларын жариялатуы жөніндегі әдеби деректер кездеседі. Шәкәрімнің Шығысы, философиясы, поэзиясы осы парсының поэзиясын шырқау биікке көтерген Хафиз шығармаларынан көп әсер алғанын, одан кейінгі ақындардың бұл биікке жете алмағанын, Мұхтар Әуезовке белгілі көп көркемдік құндылықтардың әлі де ашылмай жатқандығын, екі елдің рухани байланысын шығыстанушы ғалым ретінде кәсіби білік тұрғысынан талдайды. Өзінің ұлы ұстазы М.Әуезовтің дәріс кезінде Шығыс әдебиеті мен мәдениеті, оның озық өкілдерінің шығармалары жөнінде аса бір сүйіспеншілікпен айтатынын, абайтануға барар жолда Низами дастандарын, Омар Хайям рубаяттарын, Хафиздың ғазалдарын, Сағди саздарын, араб, түрік дүниелерін түгелдей тауысып барып, ұлы ақынды әлемдік деңгейге алып шыққанын нанымды дәлелдейді.
«Мұхтар Әуезов және Индия» деген мақаласында қазақ қаламгерлерінің ішінен алғашқылардың бірі болып әрі ең ұзақ мерзімді (45 күн Г.П.) іс-сапарға барғандығын,осы орайда құнды ойлар мен әдемі әсерге толы «Индия очерктерін» жазғандығын және сәті түсіп 1981 жылы Үнді еліндегі Қазақстан мәдениеті күндерін өткізуде ұлы жазушы жүрген ізбен жүруіне жол түскенін аса бір мақтаныш сезіммен суреттейді. М.Әуезовке Бомбейде болғанда үш ақынның Жамбылдың «Жаңа заң» туралы шығарған жырын жатқа айтқанда мәртебесінің көтерілген сәтін де мысалға ала отырып, ұлт әдебиетін әлемге танытатын тарихи тұлғалар, олардың дана ойлары мен құнарлы шығармалары екендігін ескертеді.
«Мұхтар Әуезов және ақындар, ғалымдар, замандастар» деген тараушада заңғар жазушы замандастарының шығармашылықтары талданады.
Әдебиеттанушы ғалым Бауыржан Жақыптың «Мұхтар Әуезов-публицист» (Алматы: Ана тілі, 1997. – 176 бет) деген зерттеуінде М.Әуезовтің 1917-1961 жылдар аралығын қамтитын журналистік қызметінің кезеңдері айқындалып, қаламгердің публицистикасындағы қоғамдық-саяси көзқарастар сол кездегі тарихи оқиғалар мен жеке тұлғалар тағдырларымен тығыз байланыста қарастырылған. Жазушының публицистикалық шығармашылығының қазақ баспасөзінің туып, қалыптасуы мен дамуындағы рөлі мен қызметі монографиялық зерттеудің «Мұхтар Әуезов публицистикасындағы қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасуы» және «Публицист шеберлігі» деген тарауларда ғылыми тұрғыдан талданады. Зерттеу нысанасына алынған 1917-1961 жылдар аралығындағы публицистикалық шығармалары сол кезеңнің көкейкесті мәселелерін көтерген, халықтың мұңын мұңдап, жоғын іздеген жазушының еңбектері қазақ баспасөзінің, оның ішіндегі ең жедел әрі жүгі ауыр күрделі жанр-публицистиканың биік белеске шығуына көп еңбек сіңіргенін, өз заманының өзекті мәселелерін өткір көтеріп, ұлт мүддесі жолында жанкешті еңбек еткенін айғақтайды. Және бұл еңбекте тәуелсіздікке дейін көпшілікке беймәлім болып келген көптеген газеттік, журналдық мақалалар ғылыми айналымға еніп, ұлттық руханияттың қатарын көбейткені кәміл.
Жазушының мерзімді баспасөздерде жарияланып, жұрт жүрегіне жол тартқан мақалалары мен публицистикалық шығармалары зерттеушінің ғылыми ұстанымына сәйкес 4 кезеңге бөлініп, осы тұрғыдан талданған. Атап айтар болсақ, 1917-1932 жылдар аралығын қамтитын алғашқы кезең, 1932-1941 жылдарды құрайтын екінші кезең, 1941-1945 жылдардағы үшінші кезең және соғыстан кейінгі жылдар және 4-ші кезең, монографиялық зерттеу бойында арнайы мәселе болып, тереңнен талданады. Осы тақырыпты тұңғыш рет арнайы ғылыми мәселе деңгейінде алып, кешенді түрде зерттеген Б.Жақыптың еңбегі сөз жоқ, көңіл аударалық бағалы еңбек.
Әдебиеттанушы Аслан Жақсылықов тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеттану ғылымына табанды еңбек етіп жүрген зерттеушінің бірі. Ол 1984 жылы «М.О.Әуезовтің 20 және 30-жылдардағы прозасы (психологизм, конфликт, баяндау формалары)» деген кандидаттық және 1999 жылы «Қазақ әдебиеті шығармаларындағы діни мазмұндағы бейнелер, сарындар және идеялар (типология, эстетика, генезис)» тақырыбында жазылған докторлық диссертацияларында М.Әуезовтің шығармашылығына арнайы тоқталып, аталған ғылыми мәселелер төңірегінде теориялық ойлар қозғайды. Оның «Религиозные мотивы в художественной литературе» (1998), «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. (типология, эстетика, генезис)» (1999) монографиялық еңбектерінде де қазіргі қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының теориялық мәселелері, өзекті тақырыптары әлемдік әдеби құбылыстармен салыстырыла талданған. Қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік шеберлік мәселелері, ондағы психологизм құбылыстары, кейіпкерлер әлеміндегі тартыстар мен қақтығыстар, түрлік және тәсілдік әдіснамалық жәйттер М.Әуезов прозасындағы кәсіби ерекшеліктер арақатынасы, көркемдік дәстүр мен жаңашылдық категориялары арқылы айқындалып, талданады.
Осы жерде ескертер бір жәйт-орыс тіліндегі зерттеулер Д.Қонаевтың тарауына тиесілі болғандықтан біз тек толық ақпарат болу үшін атап қана өтіп жатырмыз. Марат Әдібаевтың, басқа да зерттеушілердің М.Әуезов шығармашылығы жөнінде қорғалған, жарияланған еңбектері барлығын ескертеміз. Көзге түспей қалғандары болуы да мүмкін.
Осы ретте орыс тілінде бұрындары беймәлім болған М.Әуезовтің әдеби, ғылыми мұралары жинақталған (Д.Қонаевтың алғы сөзімен, Р.Әбдіғұловтың құрастыруымен жарияланған) «Неизвестный» Ауэзов» (Алматы: Жібек жолы, 2005. – 352 стр.) және «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» (Алматы. Издательской дом «Библиотека Олжаса», 2013. – 400 стр) деген жинақтардың (жауапты шығарушысы Сафар Абдулла, құрастырушысы Р.К.Қайшыбаева) жариялануы ұлттық әдебиеттануымыздағы рухани жаңалық болғаны белгілі.
«Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты екі томдық (Жалпы редакциясын басқарған – ф.ғ.д., А.С.Ісімақова 1-том. – Алматы. ҚазАқпарат, 2008. – 646 б) жинақтың «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби-теориялық байланыстар» атты тарауда 1950-2000 жылдар аралығындағы шетел қаламгерлерінің қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің шығармашылығына қатысты ой-толғамдары, естеліктері мен ғылыми пікірлері топтастырылған. Бұл тарауда арнайы талданған «Әуезов әлемі» атты жинақта өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына, оның әдебиетіне, оның ірі өкілі М.Әуезов шығармашылығына қатысты көптеген жылы лебіздері келтіріледі. Суреткердің кісілік келбеті, қаламгерлік қарымы, әлем әдебиеті деңгейінде мойындалуы жөніндегі жаңа көзқарастармен танысқысы келетін оқырманға осы еңбектің қаншама құнды тарихи, әдеби шежірелер мен ғылми деректер түзілген 529-537-беттердегі шолуды жақсылап қарап шықса нұр үстіне нұр дегіміз келеді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінің ғылыми қызметкерлері дайындаған тарауда әлем әдебиеті және М.Әуезов шығармашылығы деген тақырыпқа қатысты құнды ғылыми мәліметтер көптеп кездеседі.
Бұл еңбектерде тоталитарлық жүйеден босаған тәуелсіз елдің 70 жылдық тарихы, оның көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы көркемдік талап тұрғысынан талданып, сөз өнеріне қойылар рухани құндылық ретіндегі өздерінің тарихи бағаларын алды.
Және осындағы «Әдеби өмір шежіресінде» 1991 жылдың 27 қарашасында әлемнің және көп ұлтты совет әдебиетін дамытуға, «Манас» эпосын зерттеуге қосқан аса көрнекті үлесі үшін, қырғыздың жазушыларына ұстаздық жасағаны үшін Мұхтар Әуезовке Шыңғыс Айтматов атындағы клубтың 1991 жылғы халықаралық сыйлығы берілгені жөнінде мәлімет орын алған (423-б).
Көңілі ауған оқырманға осы шежіренің 461-беттен 464 беткен дейін берілген М.Әуезовтің мерей тойына орай өткен түрлі ғылыми, мәдени, әдеби шаралар туралы толық мәліметтер берілгендігін де айта кеткенді жөн санаймыз.
Осы ретте М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің ғылыми ұжымы шығарған жинақтың 1-ші томындағы «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеттануының дамуы (1932-1956)» деген ІҮ тарауында «Мұхтар Әуезов» (ф.ғ.д, проф. К.Сыздықов) деген арнайы тарау жазылған. Шағын тарауда автор М.Әуезовтің алғашқы публицистикалық мақалаларынан бастап, барлық жанрдағы шығармаларына-әдеби-көркем сын, аударма, көркем проза, драматургия, театр, кино, ғылыми монографияларына, т.б толық және жан-жақты шолу жасайды. Зерттеуші осы еңбегінде жазушы мұрағатында диссертациялық еңбектерге, қолжазба кітаптарға, оқулықтарға, диплом жұмыстарына жазған елуге тарта бағамдары, пікірлері он шақты папкіде сақталғанын, оның көбі әлі жарық көрмегенін және М.Әуезовтің осы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру комитетінің мұрағатында, Жазушылар одағының әдебиет пен өнер Орталық мемлекеттік мұрағатында (ЦГАЛИ), «Қазақфильм» студиясының мұрағатында сақталған сөздерінің стенограммалары барлығы, олардың бүгінгі мұхтартану саласы үшін мол қазына екендігі ескертіледі.
Осы жинақтың 2-томындағы (Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 658бет) «Қазіргі кезеңдегі әдебиет тарихы мен әдебиеттанудың теориялық мәселелері» деген тарау авторы ф.ғ.д, профессор А.С.Ісімақова ұлттық әдебиеттану ғылымына қатысты құнды еңбектерге теориялық тұрғыдан талдау жасап, бұрындары тоталитарлық саяси қыспақтың салдарынан біздің сана-сезімімізден әдейі ығыстырылған ұлттық таным-түсініктегі туындыларды бүгінгі көзқарас бойынша зерделеп, ғылыми айналымға енгізеді. Оның ішіндегі абайтануға қатысты зерттеулердегі М.Әуезовтің орасан зор еңбегін Алаш әдебиеттанушылары Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұлдан бастап, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ғ.Тоғжанов, М.Дулатұлы, Ы.Мұстанбайұлы, І.Жансүгірұлы, Б.Кенжебаев, Қ.Жұбанов кеңес кезіндегі Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, Б.Ерзакович, Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметұлы, А.Ысқақов, Р.Сыздықова зерттеулерімен біріктіре қарастырады. Және бірқатар мұхтартанушы ғалымдардың – З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, К.Сыздықов, Ә.Молдахановтардың еңбектеріне арнайы тоқталады.
Әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» (Алматы: Мектеп, 2009. – 560 бет) атты зерттеуіндегі «Мұхтар Әуезов» деген тарауында суреткердің ғылыми шығармашылық тұлғасы бүгінгі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан талданады. А.Ісімақова «Әдебиет тарихында» (1927) зар заман ақындары шығармашылықтарының стилдік ерекшеліктерін талдаған М.Әуезовтің кәсіби әдебиетші ретіндегі ұстаным үлгісін үлкен бір дәуірді тұтас қамтып, әдебиет тарихын зерделеген, ұлттың рухани мұрасын, оның көрнекті өкілдерінің өнерін мейлінше молынан талдап, әдеби, ғылми айналымға түсіргенін жоғары бағалайды. М.Әуезов зерттеген әдеби түсініктер мен әдебиеттану ғылымының іргелі категорияларының, атап айтқанда ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттердің ерекшеліктері, батырлар жырларындағы «батырлық» ұғымы, батырлардың үлгілі мінездері-типтік образдары, өлең-жырдың адам өміріндегі орны жөніндегі әдебиет мәселелерін зерттеудегі М.Әуезовтің ғылми құнды пікірлерімен үндесе пайымдайды.
Зерттеуші Абайдан кейінгі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің кәсіби тұрғыдан қалыптасып, дамуын, ұлттық сөз өнерінің жанрлық, стилдік, көркемдік жалпы руханилық тұрғыдан тынысы кеңіп, жан-жақты дамығанын, түрлі баспасөздердің («Қазақ» газеті, «Абай» журналы) жаңа сапада дамуын, түрлі әдеби ағымдар мен көркемдік бағыттардың өріс алуын және оларда кәсіби тілмен сөйлеудің жаңа сипаттары байқалғаны туралы М.Әуезовтің теориялық тұжырымдары бүгінде қажетті, өз құндылығын жоймағандығын айқындайды.
Әдебиеттанушы «Ахаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында М.Әуезовтің осы аттас мақаласының ұлттық әдебиеттану ғылымындағы ахметтанудың негізгі ұстанымдары болып табылатынын айтса, «Алаш әдебиеттануы» (Алматы: Мектеп, 2009. – 560 бет) атты еңбегінде М.Әуезовтің қазақ әдебиеті тарихын, оның тарихи негізі мен даму кезеңдерін, сол дәуірдегі шығармашылық тұлғалардың өмірі мен өнерін айналымға ендіріп, жалпы ұлт әдебиеті мәселелеріндегі ғылыми, әдеби-теориялық ой-тұжырымдарын теориялық категориялар арқылы бүгінгі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан талданып, зерделенгені мәлім. А.Ісімақованың «Возвращение Плеяды. Экзсистенцияльная проблематика в творчестве Ш.Кудайбердиева, А.Байтурсынова, Ж.Аймауытова, М.Жумабаева, М.Дулатова и М.Ауэзова». [38] деген зерттеуінің 7-ші тарауы « Слово в языке и слово в стиле М.Ауэзова» деп аталады. Мұнда 70 жыл бойы халқымыздың санасынан сызылып, ақтаңдаққа айналған Алаш қайраткерлерінің шығармалары әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен салыстырыла зерттеліп, шығармалардағы өмір құндылықтары экзистенционалды мәселелер тұрғысынан қарастырылып, көркем мәтін ерекшеліктері кәсіби талап деңгейінде дәріптеледі.
Әдебиетші ғалым Дандай Ысқақұлының «Әдебиет алыптары» (Астана: Фолиант, 2004. – 304 бет) деген еңбегіндегі М.Әуезовтің шығармашылығына байланысты жазылған «Тегеурінді талант (М.Әуезов)» деген мақаласы жалпы жазушының өмірі мен өнеріне кеңінен мағлұмат береді. Оқу құралы ретінде жазылғандықтан болар, суреткердің әрбір шығармасының тууы тарихынан бастап, олардың тақырыптық, идеялық, көркемдік қасиеттеріне және шығармашылық өмірбаянына кеңінен шолу жасалып, «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Шаншар журналы», «Жалпы театр өнері мен қазақ театры», «Жақсы пьеса-сапалы әдебиет белгісі» мақалалары талданады. Бұл еңбекте өз заманындағы әдеби процеске үнемі үн қосып, пікір айтуды парыз санаған көрнекті суреткердің публицистикалық мақалалары мен ғылыми зерттеулеріне дейін қамтылған. (Алматы: Таңбалы, 2012. – 580 бет) М.Әуезовтің шығармашылығы қазақ әдеби сын өнерінің қалыптасуы мен әр кезеңдердегі әдеби процестерге үн қосып отыратын әдебиетші ғалым тұрғысынан қарастырылады. Әсіресе осы еңбектің «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын» деген тарауының 181-184-беттерінде М.Әуезовтің ХХ ғасыр басынан бері басына жиі-жиі бұлт иіріп отыратын «ұлтшыл», «алашордашыл» деген айыптан кеңестік кезеңде де біржола айырыла алмауы, 1950 жылдары да бұл жазалау жаңарып, жазушының жанын жабырқатқаны жөніндегі түрлі қаулылар мен мұрағаттық мәліметтерден мысалдар, ұзақ сілтемелер ала отырып, ұлт әдебиетінің тағдыры жолындағы жанкешті ерлік еңбектеріне тоқталады.
Әдебиетші ғалым Теңізбай Рахымжановтың «Романның көркемдік әлемі» (Алматы: Рауан, 1997. – 221 бет) атты монографиялық зерттеуінде жалпы қазақ романының қалыптасу, даму, жаңару үрдісіне үлкен үлес қосқан қаламгерлер М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», С.Жүнісовтің «Ақан сері» атты тарихи романдары талданады. Зерттеуде М.Әуезовтің күрделі жанр – романның, оның ішінде тарихи романның көркемдік сыр-сипатын танытудағы табыстары арнайы сөз болады.Монография – «І тарау. Қазіргі қазақ романындағы психологиялық талдау. ІІ тарау. Көркем деталь және шығармашылық өнердің табиғаты. ІІІ тарау. Қазіргі қазақ романының баяндау құрылымы. ІҮ тарау. Романның көркем жүйесіндегі характер мен сюжет» деген күрделі мәселелер төңірегінде ой қозғайды. 4-тарауда да М.Әуезовтің «Абай жолындағы» көркемдік әлем психологиялық талдауға негіз болады. Автор М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы кейіпкерлердің мінез қырларына, ойлау жүйесіне,жалпы психологиялық жан құбылыстарына психологиялық талдау тұрғысынан зерттеу жүргізеді. Әдебиеттану ғылымындағы ең күрделі сала-психологизм құбылысына тән ғылыми категориялар – монолог, ішкі монолог, диалог, көркемдік деталь мәселелері бұл еңбекте «Абай жолы» арқылы ашылып, көркем мәтін мысалдары негізінде нанымды түрде нақтыланып отырады. Әр тараудағы көтеріліп отырған проблемаға сәйкес талданған роман-эпопеяның көркемдік әлемі-ондағы кейіпкерлердің бейнеленуі, олардың қимыл-әрекетінің, сөзінің, сыртқы бейнесінің сипаттамасы көркемдік детальдар арқылы суреттеліп, әрбір өмірлік оқиғаны тудырған орта, жағдай, көркем тартыстың дәлелдемесімен диалектикалық бірлікте қарастырылуы арқылы айқындалатыны анық. Т.Рахымжановтың бұл зерттеуі М.Әуезов шығармашылығын осы тұстан танып, талдауымен тартымды.
Әдебиетші ғалым Тұрсын Сыдықовтың «Қазақтың тарихи романының поэтикасы: Типология. Стиль. Ұлттық кейіпкер» (Алматы: Арда, 2007. – 336 бет) деген монографиясында жалпы қазақ тарихи романдарының типологиялық мәселелерін,стильдік ізденістерін, ұлттық кейіпкерлерді сомдаудағы суреткерлік шеберлік мәселелері қарастырылған. Осы ретте М.Әуезовтің «Қилы заман» романы зерттеу нысанына алынып, оның өзіне тән поэтикасы нақты мысалдар арқылы талданады. М.Әуезовтің Қазан төңкерісінің құдірет-күшін, әділет пен ізгілікті ту еткен саясатын суреткерлікпен ашып көрсету үшін 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын терең ыждаһаттылықпен зерттеген жазушының ұлттық кейіпкерлерді бейнелеудегі болмысы бөтен стилдік өрнегі жан-жақты қарастырылады. Тарихи роман поэтикасы типологиялық стиль тұрғысынан талданады. Зейнол-Ғабиден Бисенғалидың «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қалыптасу жолдары» атты зерттеуінде М.Әуезовтің «Қилы заман» романының жазылу тарихы, көркемдігі, оларға әсер еткен саяси-қоғамдық, экономикалық сана мен себептер мәселелері талданса, ал «М.Әуезов және Абайдың дін туралы толғамдары» деген ғылыми баяндамасында (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы (Алматы: Қазақ университеті, 21 қыркүйек, 2004 жыл) М.Әуезовтің Абайдың дін туралы көзқарастарын зерттеуге ұзақ жылдарын арнағанын,кезінде ол ойларын ашық айта алмай, астарлап жеткізуге мәжбүр болғанын, оны әсіресе ақынның «Қара сөздері» туралы ғылми ойларында дін мәселелерінің көтерілуі, «Абай жолының» 4-ші томында Абайдың панисламдық, пантүркілік идеялар туралы ойлары берілетінін баяндайды. Осындай «панисламдік», «түрікшілдік» идеяны уағыздаған үгіт-насихат қағаздары Абайдың қолына да талай түскенін, оны Абайдан алуды талап еткен патша ресми органдарының қағаздары сақталғанын, /ҚР Орталық мемлекеттік архивы. Фонд № 15.00.2, д.399, 8-9-бб/» (55 б). Осынау тарихи деректерге және ақынның қара сөздеріндегі діни-философиялық ойларына сүйенген М.Әуезовтің «Абай жолындағы» ұстанымдарын ғылыми негізде жүйелеген.
Әдебиеттанушы ғалым Құныпия Алпысбаевтың «Мұхтар Әуезов және аударма» деген ғылыми баяндамасында (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы (Алматы: Қазақ университеті, 21 қыркүйек, 2004 жыл) М.Әуезовтің «Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибесі туралы» (1936), «Ревизордың» аудармасы туралы» (1936), «Қазақ сахнасындағы аурама пьесалар» (1937), «Жәңгір жыры қазақ тілінде» (1940), «Пушкин и братские литературы советского народа» (1949), «Дворян ұясы» романының аудармасы туралы» (1952), «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері туралы» (1955), «Хужожественные переводы литератур народов СССР» (1955) еңбектерін атай отырып, суреткердің өзі де аударма саласына сүбелі үлес қосқанын, әлем және орыс классикалық шығармаларының біразын қазақ тілінде сөйлеткенін нақты шығармаларды атай отырып, жемісті жұмыстарына тоқталады. Олардың аударылу шеберліктеріне ерекше мән береді. Сөз мағынасын дәлме-дәл жеткізудегі, автордың стилін бұзбай көркемдік тұтастықты теңдей ұстап, ұтқырлық пен шеберлікті ұщтастыра білген М.Әуезовтің тәржімалық тәжірибесі мақалада кеңінен қамтылып, қарастырылған.
Әдебиетші ғалым,филология ғылымдарының докторы,профессор Жұмат Тілеповтің «М.Әуезов және ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» деген мақаласында (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы (Алматы: Қазақ университеті, 21 қыркүйек, 2004 жыл) жазушының 1925 жылы жазып, 1927 жылы жарияланысымен репрессияға ұшыраған «Әдебиет тарихы» атты зерттеуіндегі ғылыми ойлар жүйесіне тоқталып, ондағы көркем мәтіндерді нақты мысалдармен талдайды. Асанқайғы, Сыпыра жырау, т.б. шығармаларында толғанған жайлардың кейіннен шындыққа айналғанын тарихи фактілерге сүйене отырып, дәйектейді.
Әдебиеттанушы ғалым, ф.ғ.к., сыншы Зейнолла Серікқалиев мұхтартануға қатысты арнайы зерттеу жазбағанымен ұзақ жылдар бойы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында еңбек етіп, өзі тікелей атсалысқан жазушының 20 томдығының жүйеленіп, жариялануына, ондағы ғылыми түсініктердің жазылуына зор үлес қосқан ғалым. Жазушы мұрағат қорында сақталған «Хан Кене» сияқты құнды қолжазбаның, өзге де әдебиет тарихына қатысты зерттеулердің әдеби, ғылыми айналымға енуі жөніндегі ғылыми-теориялық ойлары қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған мол үлес деуге болады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Темірғали Есембековтің «Әдеби талдауға кіріспе» (1991), «Драматизм в казахской прозе» (1998), «Әдеби талдаудың негіздері» (1994), «Көркем мәтінді талдау негіздері» (оқу құралы) (2009), «Көркем мәтін поэтикасы» оқу құралы (2012) атты еңбектерінде М.Әуезовтің шығармаларының көркем мәтіндері нақты мысалға алынып, ондағы көркемдік әлем мәселелері үнемі назарға алынып, жүйелі түрде талданып отырады.
Зерттеушінің «Художественно-эстетическое значение драматизма казахской прозы» (1997) атты зерттеуі 20-30-шы және 50-60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ прозасындағы драматизмге құрылған күрделі табиғаты, көркемдік құнары мен эстетикалық қасиеті М.Әуезовтің классикалық көркем мәтіндері негізінде талданып, ғылыми мәселе дәрежесінде сараланады.
Қазақ әдебиеттану ғылымы кезінде кеңестік кезеңнің саясаты салдарынан ұлт санасынан сызып, ғылыми айналымнан алынып тасталған, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы жарияланған «Әдебиет тарихы» еңбегімен бірге репрессияға ұшыраған «Зар заман» дәуірі мен бұл әдеби ұғым тек тәуелсіздіктің арқасында ғана қайтадан жаңа мәнге ие болып, бірнеше зерттеулердің арқауы болды. Бұл дәуір мен бұл терминнің қазақ әдебиеттану ғылымында қайта қалыптасып, жаңа мағыналық мәнге ие болуына әдебиетші ғалымдар Қанипаш Мәдібай мен Бауыржан Омарұлы айтарлықтай еңбек сіңірді. Б.Омарұлының «Зар заман әдебиеті. Монография (генезис, типология, поэтика)» (Астана: Елорда, 2005.) деген зерттеуі бұл тақырыпты арнайы зерттеп, докторлық диссертация жазуының жемісі болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қанипаш Мәдібай бірнеше жылдар бойы филология факультетінің студенттеріне осы зар заман дәуірінен арнайы дәріс оқып, жинаған тәжірибесінен, шығармашылық ізденісінен туған «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 290-б) зерттеудің авторы.
Бұл еңбектерде М.Әуезов зерттеген зар заман дәуірінің әдебиеті, оның ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, олардың поэзиясындағы идеялық-танымдық, көркем-эстетикалық ізденістері мен тілдік ерекшеліктері, өзге де әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері жаңаша қарастырылады.
Тәуелсіздік кезеңде қазақ әдебиеттану ғылымы әдеби байланыстар мәселесін теориялық тұрғыдан зерттеген орыс тіліндегі зерттеулермен толықты. Г.А.Шәріпованың «Интертекстуальное пространство литературы» (диалоги русской литературы ХІХ-начала ХХ вв. и казахской литературы ХХв. Научное издание. Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумелева, 2007. – 284 б) деген зерттеуінде қазіргі қазақ әдебиетінің теориялық мәселелері орыс және әлемдік әдеби жүйесінде, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы Л.Н.Толстой, И.С.Тургенев шығармалары контексінде салыстырала қарастырылған. Мұнда тарихи тұлғаның әдеби мәндегі бейнесі мегатекстуальность тұрғысынан уақыт пен кеңістік категориялары арқылы зерделенеді. Зерттеуші екі әдебиеттегі басты әдеби түсініктерді салыстыру арқылы нақты талдаулар жасаған.
Әдебиеттанушы К.Б.Оразаеваның «Ранняя проза М.О.Ауэзова: фольклорные традиции и национальное своеобразия» (Алматы: Жеті Жарғы, 2000.) және «Ю.Н.Тынянов и М.О.Ауэзова: рецепции русской литературы и национальное своеобразие» (Алматы: Принт-А, 2008.) деген зерттеулерінде фольклорлық мұраның көркем прозаға әсері, ондағы қақтығыстар типологиясының, сюжет, композиция мәселелерінің өзара байланысы бүгінгі тәуелсіз әдебиеттану ғылымының талабы тұрғысынан талданады.
Әдебиетші ғалым Айжан Картаеваның «Абай және Мұхтар Әуезов: рухани сабақтастық пен көркемдік тұтастық» (Алматы: 2010. – 380 б) деген зерттеуі «Абай дәстүрі Алаш әдебиетінде» (Абай мен Алаш ақындары поэзиясындағы көркемдік сабақтастық, Ақын өмір сүрген дәуір болмысының М.Әуезов туындыларында бейнеленуі, Карасөздердегі дүниетанымдық ой-түйіндер М.Әуезов көркем сөздерінде жалғасуы, Абайдың сөз өрнектері М.Әуезов әңгімелерінде, Азаматтық сарынның «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» повестеріндегі көрінісі, Абайдың көркемдік-идеялық ұстанымдары М.Әуезов драматургиясында), «Әдеби үндестік пен рухани сабақтастық» (Абайдың «толық адам» танымының «Абай жолы» эпопеясында берілуі, «Абайдың діні-сыншыл ақылдың шартты діні» ой-толғамының М.Әуезов туындыларында дамуы. Көркем мәтіндегі эстетикалық таным тамырластығы) және «Абай мен М.Әуезов әлеміндегі көркемдік үйлесімділік» (Абай поэтикасының «Абай жолы» эпопеясында іске асуы, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «шығармашылық тұлға» концепциясы, Ақынның сөз образдарын жазушының жаңартып беру тәсілі) деген тараулардан тұрады. Аталған ғылыми мәселелер монографиялық зерттеуде жан-жақты талданған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының (21 қыркүйек, 2004 жыл) жинағында (Алматы: Қазақ университеті, – 415 б) Ж.Дәдебаевтың «Ұстаз», Қ.Алпысбаевтың «Мұхтар Әуезов және аударма», З.Бисенғалидың «М.Әуезов және Абайдың дін туралы толғамдары», Б.Майтановтың «М.Әуезов әңгімесіндегі мәтіндер сабақтастығы», Ж.Тілеповтің «М.Әуезов және ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері», Р.Тұрысбектің «Өмір шындығы және кейіпкер мұраты», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «М.Әуезов шығармалары: шындық пен шеберлік», Н.О.Жуанышбековтің «Творчество Мухтара Ауэзова в аспекте сравнительно-типологического изучения литературы», Б.А.Жетпісбаеваның «К поэтике рассказа М.О.Ауэзова «Коксерек», Ф.Исмаилованың «М.Ауэзов и Е.Исмаилов», С.Акашеваның «Библиография о Мухтаре Ауэзове», жапондық әдебиетші Сакай Хирокидың «М.Әуезов және халық әдебиеті»т.б мақалаларында М.Әуезовтің шығармашылықтары өз тақырып деңгейінде қарастырылған.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың «Ән әуені, әнші әлемі» атты мақаласында («Мұхтар Әуезов тағлымы» Әдеби – сын мақалалар мен зерттеулер. Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жазушы, 1987. – 432 бет) М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы өлең мен өнер табиғаты, ән мен әншінің орны көркем мәтін негізінде талданады. Ұлы жазушының Абай шығармашылығы мен жан дүниесіне өнердің қалай әсер еткенін психологиялық нәзіктікпен бейнелегенін, өнерпаздың азапты шығармашылық тағдырын терең толғаныс, философиялық ойлармен бергенін, Абайдың бала шағында көріп көңілінде қалған Барлас ақын мен Байкөкше ақынның жыр мен әндері туралы көріністердің бейнеленуі жөнінде ғылыми талдаулар жасайды. Абайдың Сүйіндік аулына келгендегі әннен туған әсерлер, алғашқы махаббаттың мәні, сол кештегі Тоғжан бейнесі,олардың бүршік жарған алғашқы жүрек бұлқыныстарын биікке алып кеткен халық әндерінің ынтазарлық қуаты, өнерпаздық құдіреті, «Топайкөк» әнінің Абайдың сезімін оятуы, романдағы өнер мен өнерпаз жаратылысына арналған беттер осы зерттеу нысаны.
Серік Негимовтың «Әсем ырғақтар» деген мақаласы да прозадағы ырғақтық өрнек-үлгілер, эмоциональдық-логикалық-психологиялық паузалар мәселесіне арналған. Сөз үйлестіру, ұйқас құру, ырғақ мүсіндеу, ана тілінің тоқсан түрлі толғауы мен иірімдері, сөз құбылтудың сан алуан сырлары музыкалық, әуендік байлығы М.Әуезов прозасында ерекше бейнеленетіні талданады.
Шәмшиябану Сәтбаеваның «Мол мұраның кейбір қырлары» деген мақаласында М.О.Әуезов және орыс мәдениеті, әдебиеті мәселелерін зерттеу енді қолға алынғанымен екі халықтың тарихи достығы М.Әуезов творчествосында, орыс классиктері М.Әуезов аударуында, М.О.Әуезов орыс әдеби сынында деген өзекті зерттеулер жөніндегі өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады. М.Әуезов зерттеулеріндегі өзге ұлт өкілдері шығармашылықтарының зерттелуі,украйн, белорус және Прибалтика халықтарының, Литва, Латвия, Эстония әдебиеттері туралы еңбектері қазақ әдебиеттануындағы тың беттер екендігін, жазушының Кавказ халықтарының, Орта Азия халықтары әдебиеті, олардың ірі өкілдерінің туындылары батыс Европалық әдебиет, біздегі аударма тарихы, олардағы дәстүр мен жаңашылдықтары жөнінде ғылыми мәселелер қозғалған. 1992 жылы «Әуезов қоры» қоғамы (жетекшісі Мұрат Мұхтарұлы Әуезов) Сейітомар Саттаровтың авторлығымен «Мұхтар Әуезовтің ататегі» атты тарихи-құжаттық, діни-танымдық кітабын жариялайды.
1997-2000 жылдар аралығында орталық қызметкерлері «М.О.Әуезовтің әлем мәдениетіндегі рухани мұрасы» және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығын музейфикацияландыру» деген іргелі зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
«Мухтар Ауэзов. Письма родным и близким» деген еңбекке жазушының 1940-1961 жылдар аралығында жазылған хаттар топтамасы (1997 жылы) тұңғыш рет жарық көріп, оқырмандардың көз қуанышына айналады. Сол жылы белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың құрастыруымен «М.О.Әуезов туралы естеліктер» («Жазушы» баспасынан) және «Мұхтар Әуезов әлемі» деген еңбектер жарық көріп, тәуелсіздік кезеңіндегі мұхтартану саласын толықтырды.Сол жылдары (1996-1998) М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамынан бөлініп, жеке шаңырақ көтерген «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының алғашында аға ғылыми қызметкері (1990-1995), кейін орталық директоры (1996-1998) болған филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың «Талқы», «Бесігіңді түзе» (1997) деген монографиялары жарық көреді. Мұрағаттанушы, мұхтартанушы, ф.ғ.к., Талатбек Әкімнің жазушы мұрағатындағы бұрындары белгісіз болып келген көптеген тың деректер мен жаңа материалдарға толы «Даналық мәйегі» атты еңбегі де сол 1997 жылы оқырмандарға жол тартады.
1998-2000 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиетжәне өнер институтының бір бөлімі болып қайта құрылған, бірақ «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталық деген атауы сақталған бөлім жетекшісі сол жылдары ф.ғ.д., профессор Бақытжан Майтанов болса, ал 2001 жылдан бері ф.ғ.к., Диар Асқарұлы Қонаев.
2000-2002 жылдары «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлердің ұлттық рухани өрлеу үстіндегі көріністері» атты жоба бойынша зерттеу жүргізген бөлім қызметкерлері 2000 жылы «М.О.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері», 2001 жылы «М.Әуезов шығармашылығындағы этнографиялық құндылықтар», 2002 жылы «М.Әуезовтің діни танымдық және этнопедагогикалық көзқарасы» деген тақырыптарда ғылыми жұмыстар жүргізді. Осы 3 жылдық жұмыстың нәтижесінде «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлер» (2004) атты монография жарық көрді (құрастырушылары: К.Рахымжанов, А.Болсынбаева).
2003-2005 жылдары «М.О.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы көркемдік-эстетикалық ізденістері» деген жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «М.О.Әуезовтің көркемдік-дүниетанымдық ізденістері (1920-30 жылдар)» (2006) деген атпен ұжымдық монография жарық көрді. (Құрастырушылар: А.Болсынбаева, Е.Қаныкейұлы).
2006-2008 жылдары «М.О.Әуезовтің шығармашылық дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері» деген жоба негізінде жұмыс жүргізіліп, 2008 жылы «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті» деген монография жарық көреді.(Жауапты шығарушы – Е.Қаныкейұлы)
2009-2011 жылдары бөлім қызметкерлері «М.О.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» атты жоба бойынша жұмыс істеп осы аттас монографиялық еңбек 2011 жылы жарық көреді.
Тәуелсіздік жылдары жазушы өмірі мен шығармашылығы бойынша бірнеше библиографиялық көрсеткіш жарияланды. 2005 жылы «М.О. Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш» ҚР Ұлттық кітапханасымен бірігіп шығарылды. Онда 1917-1997 жылдары жазылған зерттеу еңбектер мен мақалалар тізімі енді. (Жауапты шығарушылар: С.Майлыбаева, Р.Досымбекова).
2009 жылы жарияланған «М.О.Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіште» 1997-2007 жылдар аралығындағы библиографиялық деректер қамтылған. Л.М.Әуезованың жетекшілігімен 1972 жылы және 2005 жылы жарияланған библиографиялық көрсеткіштердің тәжірибесіне сүйене отырып, соның тікелей жалғасы ретінде толықтырылып, жазушы шығармаларын жанрлық тақырып бойынша бір ізге жүйелеп, әр тақырып пен тақырыпшаларға енген туындыларды өз ішінен хронологиялық тәртіппен орналастырған. Және М.Әуезовтің шығармашылығы жөніндегі өзге авторлардың зерттелген, жазылған, қорғалған әдеби, ғылыми, сын жанрлардағы еңбектері әдістемелік талапқа сай алфавит тәртібімен берілген. 1997-2007 жылдар аралығын түгел қамтыған көрсеткішті құрастыруға «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызметкерлері мен ҚР Ұлттық кітапхана библиографтары атсалысты. «М.О.Әуезов шығармаларының жариялануы» («М.Әуезовтің әңгімелері, повестері, очерктері, романдары, пьесалары, либреттолары, сценарийлері, аудармалары, зерттеу еңбектері, мақалалары, М.Әуезов жариялаған әдеби нұсқалар және оның қатысуымен шыққан еңбектер, оның сөйлеген сөздері, баяндамалары, хаттары, өмірбаяндық материалдар, толық, таңдамалы, жеке шығармалар жинақтары), «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы» (М.О.Әуезовтің қоғамдық қызметі, педагогикалық қызметі, ол туралы естеліктер, М.Әуезовтің роман, повесть, әңгімелері, «Абай жолы» эпопеясы, пьесалары, публицистикасы, аудармалары, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, тілі, құрылысы, т.б туралы), «М.О. Әуезов мұрасын зерттеу, насихаттау, оқыту» (М.Әуезовті зерттеу, музей үйі, мерейтойларын атап өту, есімін мәңгі қалдыру, Әуезов образы әдебиет пен өнерде, Әуезов шығармашылығынан қорғалған диссертациялар, т.б.) деген 3 бөлімде жазушы өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды көрсеткіштер тізімі көрсетілген ( Жауапты шығарушылар С.К.Майлыбай, А.Н.Нұрсейітова). Бұл көрсеткіш М.Әуезов мұрасының мәңгілік қазына екендігін, оның көркемдік жетістігі мен ғылми ғибраты әр кезеңнің ұрпақтарына үздік үлгі, үлкен ұлағат екендігін ұғындырады. Бір ғана жазушы шығармашылығының әр қыры жайлы арнайы зерттеулер жүргізіп, диссертациялар қорғалып жатуы соның куәсі. Мәселен, 2011 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан 688 беттік көлемді «Мұхтар Әуезов энциклопедиясындағы» «М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық қызметі туралы негізгі әдебиеттер» деген көрсеткіштің қазақ тіліндегі тізімінде 163 зерттеудің, ал орыс тілінде 48 еңбектің аталуы ұлы суреткердің шығармашылық мұрасы ұлттық және әлемдік рухани кеңістікте кеңінен зерделеніп, әр дәуірдің сұранысына сай зерттелуін айғақтайды. Бұдан өзге де ірілі – ұсақты жанрларда жазылып, бүгінгі ақпараттар ағынында байқалмай құрастырушылар назарына ілікпей қалған еңбектер де болуы мүмкін. Алайда, 1997 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов. Таңдамалы» деген жинақта қорғалған еңбектер тізімі 24 болса, одан кейін жарияланған, толықтырылған 2009 жылғы библиографиялық көрсеткіште неге екені белгісіз 10 еңбектің ғана тізімі көрсетілген. Керісінше кейінгі басылымда соңғы жылдары қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялар мен қоса бүгіндері ұлттық білім жүйесіне енгізілген магистрлік, философия докторы жүйелері бойынша жазылып, қорғалған зерттеу жұмыстары да ескерілуі тиіс еді. Дегенмен, бұл мәселелер тәуелсіздік кезеңін қамтып алдағы уақытта қайта құрастыруды қажет ететін сияқты.
Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы өлмес мұра, таусылмас қазына. Оны әр ұрпақ өз заманының рухани қажетіне қарай зерттей берері заңды. Осы орайда жазушы атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен М.Әуезов мұражайындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымдары бас болып, бірнеше жылдарға жоспарланған жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізіп келеді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы Диссертациялық Кеңесте ұлттық білім мен ғылым саласына жаңа жүйе, яғни бакалавр, магистр, доктор пейджи енгізілгенше жазушы шығармашылығы жөніндегі бірнеше диссертациялық (кандидаттық және докторлық) жұмыстар қорғалса, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында жазушының 28 қыркүйектегі туған күніне орай міндетті түрде қалыптасқан «Әуезов оқулары» өткізіліп тұрады. 2002 жылдан бері осы «Әуезов оқулары» атты І халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары жарияланған жинақтан бері дәстүрлі түрде жыл сайын осындай ғылыми еңбек жарық көріп келеді.
М.Әуезовтің шығармашылығын тереңнен талдап, жүйелі түрде ғылыми жұмыстар жүргізетін бірден-бір ұйым – «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы. 1997 жылдан бастап жазушының 50 томдық толық шығармалар жинағын шығару жұмыстарымен бірге 3 жылдық мерзімге жоспарланатын ғылыми Жобалар негізінде Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын сан алуан тақырып аясында жүйелі түрде зерттеп келеді.
2004 жылы жарияланған «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлер» («Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы. – Алматы: 2004. – 210 бет) атты ұжымдық еңбек тәуелсіздік кезең басталғалы ұлттық құндылықтарымызды, төл тарихымызды қайта қарап, жаңаша көзқараспен саралау жұмыстары жаппай жүргізілуіне сәйкес жүзеге асырылған алғашқы ізденіс.
Жинақтағы еңбектерде М.Әуезовтің бұрындары жарық көрмеген, кейбірі тіпті оқырманға да әдеби және ғылыми қауымғада бейтаныс публицистикалық, ғылыми-зерттеу жұмыстары алғаш рет ғылыми айналымға түсіп, жан-жақты қарастырылған. Жазушының этнос тарихына, діни, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастары мен оның шығармаларының этнопсихологиялық негіздері бұрын қозғалмаған кейбір тың мәселелер ретінде арнайы ғылыми тұрғыдан сарапталады. М.Әуезов шығармаларының жаңа қырларын ашатын бұл ғылыми түсініктер осы жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Майтановтың «М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері (1920-30 жылдар)» деген тарауындағы «І.Этнос теориясы және «қазақ» ұғымы», «ІІ. Тұрмыс-салт және ұлттық қасиет» атты екі тараушада жан-жақты қарастырылған.
Жер жаһандағы адамзат атаулының ата тегі бір, яғни бір ана, бір атадан –Адам Ата мен Хауа анадан таралғанын,оны 1992 жылы жапон ғалымдары дәлелдегенін, сол адамға берілген азғана ғұмырдың өзі өткінші, өмір мен өлім арасындағы алдамшы уақыт екендігі жөнінде ой толғайды, зерттеуші. Адамзатпен бірге ғұмыр кешетін ұлттық құндылықтардың ұлысы-тіл, тарих пен философия, этногенез, антропогенез, гомогенез екендігін ғылыми тұжырымдардан іздеген ғалым көптеген соны пікірлерге жүгінеді. Американдық биохимик, профессор Майкл Дж.Бехе, Канзас университетіндегі орнитолог Ларри Мартин, профессор Алан Федуччи (орнитолог, Солтүстік Каролина университеті), профессор Карл Флирманс, Эдвард Бодрюс, Дэвид Ментонның зерттеулері мен теолог Харун Яхья (бүркеншік аты) «Эволюцияның өтірігі» атты кітабындағы Ч.Дарвин теориясының түкке тұрғысыз өтірік екендігін, құстардың динозаврдан шықпағанын, аюдың китке айналмалмағанын, 50 миллион жыл бұрынғы жарқанаттың тасқа қалған қалдығынан қазірде айнымайтынын толып жатқан нақты ғылыми мысалдар келтіре отырып, өз тұжырымдарын дәйектеген Б.Майтанов әрдайым Құран қағидаға сүйеніп отырады. Адамзаттың ішкі дүниесінде бір Жаратушыға деген сенімнің барлығын, оның құпия сырларына деген құштарлығын Абайдың дүниетанымы тұрғысынан талдап, таразылайды.
Этнос, оның пайда болуы, өмір сүру жолдары, өсу мен өшу, жаңғыру, өзге кейіпке ену заңдылықтары адамзатқа тән биофизиологиялық жағдаяттарға ұқсас екендігін Құран мен көне дәуірдің әдеби ескерткіштерінен (ҮІІ ғасырдағы «Тоныкөк» жырынан) үзінділер келтіріп, өзінің адамзаттың дүниетанымы, этнос мәселелері, этникалық интеграция, консолидация, ассимиляция, парциация мен сепарация процестері жөніндегі пікірлерін нақтылайды.
Б.Майтанов бұл тарауда, жалпы адамзаттың жаратылысы, «қазақ» этносының тарихы, олар туралы ғалым, зерттеушілердің ой-пікірлеріне шолу жасайды. Тегінде, әлемді билеген түркі жұртының тамыры бір екендігін, олар билеген жер мен елде қалып қойып, сіңісіп кеткендігі жөніндегі тарихи деректерді жүйелейді. Этникалық топтар мен ұлт, тайпа, рулардың регенерациясына қатысты ескі аңыздар мен ғылыми болжамдардың ұқсастығын, әр халықтың, ұлттың шежірелерінде әр түрлі нұсқада баяндалатын этностар тарихына Л.Гумилевтің, тарихшы Х.Мадановтың, М.Барманқұловтың (тохар тілі туралы), Ә.Ахметовтің (америкадағы түркі тілі туралы), С.М.Ақынжановтың (қимақ пен қыпшақты бөліп қарау) сынды ғалымдардың болжауларына да әдебиетші маман тарапынан ғылыми барлаулар жасайды. Шартты түрдегі даралық сипаттарды антропогенетикалық заңдылықтардан іздеген зерттеуші қандай жағдайда да түп-тұқиянынан із қалдыру адамзат бойындағы сан алуан мінез-құлық, әдет-дағдылардың арғы тектік бірлігі деген тұжырым жасайды.
Өз ұлтының тарихы туралы толғанбайтын тұлға, жазбайтын зиялы жан болмайтыны белгілі. Осы ретте автор «Қазақ» атауы мен қазақ жүздерінің шығу тарихы төңірегінде түрлі деңгейде зерттеу жүргізген Ш.Уәлиханов, М.Аджи, М.Тынышбаев, М.Дулатов, С.Аспандияров, Н.Карамзин, В.Бартольд, А.Левшин, Г.Вамбери, Х ғасырдағы К.Порфирордный, бүгінгі С.Кляшторный, Т.Сұлтанов сынды ғалымдар еңбектеріне тоқталады.
Және Абай болжамы, Шәкәрім шежіресінен бастау алатын ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлт тарихы туралы терең ізденістеріндегі шығыстық ғұрып,дін мәселелерінің бүгінгі тәуелсіздік кезеңде өте керектігіне көңіл бөледі.
«ІІ.Тұрмыс-салт және ұлттық қасиет» атты екінші тараушада М.Әуезовтің ХХ ғасыр басындағы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық мақалаларындағы этнос тарихы мен психологиясына байланысты жазылған ой-пікірлері парақталады. Бұл мақалалардың өз дәуірінде сауат ашу, қараңғыдан әлемдік өркениет көшіне ілесу іспетті ізгі мақсаттар көздеп жазылғанымен ғылыми тұғырының биіктігі, дүниетанымдық қуаты мен рухани қажырының әлеуеті жоғары екендігін және олардың тарих, әдебиет, журналистика, философия, этнопсихология тәрізді білім салаларына елеулі үлес қосқандығын зерттеуші ғылыми танымдық талдаулар арқылы айқындап береді.
Алғашқы қадамынан-ақ қарымды қабілеті,білімі мен білігі терең, нені жазса да тамырынан қопарып, төңкеріп ой айта алатын алымдылығы, ұлтына жанашырлығы танылып тұратын М.Әуезовтің тосын тұспалдары мен соны стильдік саралаулары кімді болса да тәнті етіп,таңдандырған алғашқы талпыныстарына зерттеуші де аса зейін қойып зерттеген. Талдауға түскен тұңғыш мақаласы – 1917 жылғы 30 наурыздағы «Алаш» газетінің 16-санында Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жариялаған «Қазақтың өзгеше мінездері». Ұлтының бүгіні мен ертеңіне алаңдаулы жастың бұрынғы бабалардың аталы сөзге тоқтаған парасатты қасиеті мен шешендік дәстүрін, тарихы мен өз салт-дәстүрін берік ұстанғандығын, жаулыққа жаға ұстатпайтын тектілігі мен ержүректілігін, әшейінде ағайын арасындағы алауыздыққа бейім болғанымен бөгдеге басын басындырмайтын бірбеткей, батырлығы, тәкәппар өрлігі өз этносына тән ірілікті ірікпей айтып, ізгілікке шақырған шабытты ойларын ғалым жоғары бағалаған. Ол М.Әуезовтің 1822, 1868-жылдардағы патша ережелеріне сай бұзылған дала тәртібі мен бірлігі, ру, жік, тапқа бөлініп, ел санасының бүлінуін, олардың ақыры қазақ этносына өз зиян-зардабын шектіргенін, араб тілінен алынып, қолданған «ахлақ» терминінің қазіргі «менталитет», «діл» деген ұғымдармен ұқсас екендігін, оны алғаш пайдаланып, әдеби айналымға ендірген М.Әуезов екеніне мән береді, Б.Майтанов. М.Әуезовтің қазақтың мінезіндегі міндерді көзге шұқып айта отырып, қайрау, намысын жану, елді ояту секілді мақсат көздегеніне көңіл бөледі.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген даналықты небәрі 23 жастағы Мұхтардың «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 5 қыркүйектегі санында жарияланған «Адамдықтың негізі-әйел» деген мақаласында айтқаны, айтпауға құқығын қалдырмаған қазақтың халі жайлы зерттеуші кеңінен толғайды. Ол жазушының кең ауқымды этногенетикалық заңдылықтарды саралаудағы соны стилдік ізденістеріне, тілдік теңеулеріне, арғы дүние мен қазақ зиялыларының ойлау машығындағы жаңа қуатты үрдістерді талдаудағы терең білімдарлығына талдаулар жасайды.
М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздерін ХХ ғасырдың 20-30-жылдардағы алғашқы қадамынан іздеген Б.Майтанов қазақ менталитетіне тән алауыздықты аяусыз әшкерелеген «Қазақ ішіндегі партия неден?» («Абай»журналы, 1918, № 12), «Қазіргі қазақ күйі» («Абай», 1918, № 9), «Қазақ қашан жетіледі?» («Абай», 1918, № 9) деген мақалаларындағы ұлттық мінез бен ұлттық сананың жаңа заманға сай сапалық тұрғыдан өзгеруі тиістігін, ол үшін оқу,білім іздеп, өркениетті елдерге «Япония» («Абай», 1918, № 4-5) қарап ой түзеу керектігін көксеген Мұхтар мұратына мейлінше мойын ұсынып, ұлылықтың озық үлгісін ұғынады.
«Қазақ оқығандарына ашық хат», «Мәдениет һәм ұлт» деген мақалаларында М.Әуезов қолданған «халықтық рух» терминінің ұлттық психикадағы ең басты тегершік екендігін , ұлттық рухты ояту, ұлттық сананы жетілдіру арқылы айқындалатынын,оның ұлттық қасиет (менталитет) екенін зерттеуші оқырмандарына жақсы жеткізе білген.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Талатбек Әкімнің «Мұхтар Әуезов танымындағы дін және ұлттық бітім» атты тарауында жазушы шығармаларында байқалған діни дүниетаным мен оның түрлі дәрежедегі көріністеріне жан-жақты талдаулар жасалады. Зерттеуші Буддалық, Христиандық, Исламдық діндердегі басты мұрат-адамгершілік, имандылық қағидалары туралы ұстанымдарға, адамзат жеткен ең биік саты – сана екендігіне тоқталады. әл-Фараби анықтап, ғылыми айналымға ендірген сана сатыларының мифологиялық, поэтикалық, риторикалық, діндік, логикалық, динамикалық, диалектикалық болып бөлінетіндігінен хабардар М.Әуезовтің дінге қатысты ой-толғамдары мен мақалаларындағы мәселелерді Л.Н.Толстойдан аударған алғашқы әңгімесі «Буддамен» байланыстыра зерттеген ғалым 1918 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Әлихан Бөкейхановтың «Дін таласы» («Сурат кофеханасы») деген еңбегін де назардан тыс қалдырмайды.
Бұдан әрі автор жер бетіндегі әр түрлі діндерінің қалай, қашан пайда болуы жөніндегі ғылыми болжамдарға, дін терминін ұғындырудан бастап, оның қалыптасу, даму кезеңдеріне, әр елдің ұғымындағы дін уағыздарына, Ислам дінінің қазақ жерінде таралуына, оның насихатталып, діни сауаттылықтың қандай деңгейде жүргізілгеніне, діндер арасындағы алшақтықтар мен ұқсастықтарға, оның басты өкілдерінің тағдырлары мен дін жолындағы күрескерлігіне кеңінен тоқталады. Құран Кәрімнен бастап, діни кітаптарды, оларды герменевтикалық тұрғыдан түсіндіретін «Иман шарттар», «Ғибадат исламия», «Тәпсірлер» мазмұнын қарапайым тілмен түсінікті етіп жазу, секілді ғылыми-әдістемелік оқулықтардың жариялануы жөнінде тарихи, ғылми, әдеби мағлұматтар береді.
Т.Әкім Мұхтардың әкесі Омарханның, бабасы Әуездің де,тіпті арғы бабасы Бердіқожаның да діни сауатты екендігін, жоғарыда аталған діни еңбектермен таныстығын және жазушының ауыл медресесінде де, қала медресесінде де оқығандығын, сол сәби санасына сіңген оқу жүйелері кейін шығармаларында бар сол болмыс – бітімімен көрініс тауып, ойлары ғылыми тұрғыдан сөз етілгеніне кеңінен назар аударады.
Л.Толстойдың «Оқу өрісі» атты кітабынан алынып, аударылған «Будданың» орысша және қазақша нұсқасынан үзінді алып, екі ғұламаның адам жанының тазаруы арқылы ғана жақсылыққа жетуге болады деген даналық дәрістеріне ғылыми дәлелдер келтіреді.Нәпсі тілегінен құтылуды Толстой «іс» десе, М.Әуезов «саты» деген ұғымға телитінін, олардың түпкі ойлары – әуелі жүректі ояту, сонан кейін ниет-ойды тазарту, мінез-құлықты түзету, сөйтіп адам бойына махаббат, рахым сезімін сіңіру екендігін автор дінтанушы ғалым ретінде де сөз етеді.
Будда ілімі туралы ізденісін Толстойдың «Будда» әңгімесін аудару барысында байқатқан М.Әуезовтің жан-жақты хабардарлығы жөнінде молынан ғылыми мәліметтер беріледі. Бір ғана әдеби факт – түпнұсқада Будданың әйелінің аты көрсетілмесе де М.Әуезов аудармада Безугар деп, нақты тарихи есімді енгізеді. Бұл да жас аудармашының өзіндік пайымдаулары барлығын,батыл шешімдерге еркін бара алатындығын аңғартады дейді автор.
Одан әрі зерттеуші Л.Н.Толстойды кезінде бүкілресейлік діни орталығы исламға бүйрегі бұрғаны үшін шіркеуден аластатып, діннен безген адам ретінде үкім шығарғанын, алайда оны әлем жұртшылығы әулие тұтып, алып ой иесінің бүкіл шығармашылығынан өздеріне өсиет боларлық имандылық қағидаларын тауып, тәубә ететіндер көп болғандығын нақты ғылыми деректер арқылы дәлелдейді. Соның бір айғағы ретінде М.Әуезовтің де 1949 жылдың 28-29 мамырында Толстойдың усадьбасы Ясная Полянаға барып, ұлы тұлғаның тыныс-тіршілігімен етене танысып, шығармашылық қуат алғандығы баяндалады. Шәкәріммен хат жазысқан тарихын, Толстойдың өскен ортасына, музей-үйіне, кітапханасына, усадьбасына, исламдық рәсіммен жерленген бейітіне (басына белгі қойылмай, тек жылына екі рет жаңартылып отыратын) барып, тағзым еткен М.Әуезовтің сапары жайлы құнды әдеби-мұрағаттық құжаттар негізінде ғылыми сараптама жасалады. Т.Әкімнің бұл зерттеуінде Л.Н.Толстойдың исламды жоғары бағалаған Гётенің даналығын дәріптеуі, оның бала кезінен араб тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы оянғанын, Құранды оқуға деген талпынысы,тіпті 70 жастан бастап қадыр түнін күзетіп, оны үлкен мереке деп күтетінін, И.Хаммердің аударуындағы «Құранды» басқалаларға түсіндіріп, оқып беріп отыруы сияқты көптеген қызғылықты тарихи деректер келтірілген.
Суреткердің өскен ортасы мен дәуірі сол ислам қағидаларымен тыныстап, қалыптасқандықтан замана шындығынан аластау мүмкін емес-ті. Сондықтан да жастайынан оқып, біліп өскен діни білімін жазушы өз заманындағы саясат талабына сай икемдеп, кейіпкерлерінің аузына салып беріп отырды. Мәселен, «Тартыс», «Ақан-Зайра», «Алуа», «Абай», «Әйел жолы», «Дос-Бедел дос» пьесаларында дін мен діни сауаты төмен дүмше молдалар жөніндегі ойларын оқырманға ислам дүниесінің арғы-бергі тарихы мен теориялық тұжырымдарымен байланыстырып, баяндайды.
Исламды өркениет, ұлы мәдениет дәрежесіне көтерген софылық туралы,оның тарихы мен даму кезеңдері, әр кездердегі оған деген теріс көзқарастар, оны насихаттап, қағидаларын ұсынған ұлы тұлғалар мен ол ойды таратушы ақындар тағдыры туралы ғылыми мәліметтер келтірген Т.Әкім бұл құбылыстардың М.Әуезовтің «Қасеннің құбылыстары» деген психологиялық очеркі мен «Абай жолы»эпопеясында қалай орын алғаны, романдағы Михайлов пен Абай арасындағы диалог арқылы берілген ислам тарихына, оның әлемдік өркениетке араб мәдениетінің қосқан үлесі, шығыс пен батыстың ғаламдық ғылым, білім әлемінде әрқашан бірлікте дамып келе жатқаны жөніндегі мәліметтер сөз жоқ оқушысына ой салары хақ. Зерттеуші М.Әуезовтің зерттеу еңбектерінде дін, ғылым,ислам мәдениетінің тарихына толық тоқтала алмағандықтан көбіне ойларын тезис ретінде беріп отырғанын да алға тартады. Алланы танудағы, адамның мәңгілік ақиқатты танудағы талпынысы тіршілік барда таусылмайтынын, Қасиетті Құранның қағидаларына қастандық жасаған кеңес саясатын сынаған Аятолла Хомейнидің пікірін келтіре отырып, өз дәлелдерін ұсынады, зерттеуші.
Тәуелсіздік алғанға дейін кіші халықтардың бәрін жабайы санаған кеңестік саясат салдарынан қазақ халқының тарихы да дұрыс зерттеліп, жазылмағаны, төл тарихымыз бен мәдениетіміз туралы жазылған қандай бір құнды пікірлі шығарманы шығармауға, тосқауыл қоюға пейілдік танытқаны мәлім. Алайда, Мұхтар Әуезов сынды дарынды ұлт тұлғалары, ақын-жазушылары жолын тауып, астарлы оймен мүмкіндігінше шынайы деректерді жеткізуге тырысып отырды. Осы реттегі Әуезовтің атқарған міндеттері сөз жоқ, қандай мадаққа да лайықты ұлтжандылықтың озық үлгісі. Жазушының қазақ халқының діліне, этнопсихологиялық негізіне, ой-сана тамырына тән табиғи құбылыстарды өз шығармаларында мүмкіндігінше шынайы бейнелеуге, дәл де нанымды беруге бағышталған батылдығын Т.Әкім арнайы зерделейді. Жазушының дін турасындағы ойларын талдауда көп ізденгені көрінеді. Айталық, автордың үнді көсемі Джавахарлал Нерудің арабтардың әлем тарихындағы орнын анықтаған «Индияның ашылуы», Мәскеудің «Наука» баспасынан 1986 жылы шыққан «Ислам. Краткий справочник» атты зерттеу еңбектеріндегі тағлымды тарихи деректер мен ислам ғылымының басты ұстанымдарына сүйене пікір айтуы да оқушысын сүйсіндіреді.Өзінің алып отырған нысанасы – Абай мен Мұхтар ой-толғамдарымен ой таластыра отырып, жазушы оқыған, пікіріне сүйенген әлемдік рухани құндылықтарға да тоқталуды ұмытпайды. М.Әуезовтің дін әлеміндегі ой кеңістігін кеңейтуге себеп болған француз ғалымы А.Мальвердің «Наука и религия» кітабындағы жазушы көңіл аударған, белгі қойған, астын, тұсын сызған парақтарын пайымдай отырып та ой қозғайды, автор. Арабтың орта ғасырдағы ұлы ақыны Әбу Ғала әл-Мағридың «Аллаяр софы» (1840, Қазан), «Шархи сұхбатул – Ғазизин» (Қазан, 1813. 344-б) деген кітаптарын оқығанда жазып алған «Фәин-әл үсідә, татбағүһа зиһабен, Уағүрбәнен фәмән ғүрнен, уәғұр жө», яғни «арыстан жүріп өткен ізбен ақсақ, соқыр бөрі де, қарға, құзғын да ілесе жүріп азық айыратын» деген сөзін Оразбайға бағыштап Абайға айтқызуы және «Бодур бір фәрдәдән юз фәрда би жай» деген өлең жолын «Қасеннің құбылысындағы» Жәмила мен «Абай жолындағы Салтанатқа айтқызуы, секілді әдеби деректер де осы мақалада жиі кездеседі. Жазушының шығармашылық зертханасын жетік білетін мұрағаттанушы ғалым Т.Әкім бұл тіркестердің қаламгер қолжазбаларындағы қай беттің қай санында (23-санында) тұрғанына дейін біліп қолдануы да ғылыми дерек ретінде құндылығын танытады.
Зерттеуші өзі оқып, тәлім алған Махатма Ганди, Томас Карлейл, Д.Шарман, Эварл Гиббон, Симон, Окли, Хургронье, Ламартин, Реф. Восуорт Смитт сынды ойшылдардың ислам діні, Мұхамед пайғамбарға берген бағаларына сүйеніп, өз талдау, тұжырымдарын жасайды.
Осы еңбегі арқылы Т.Әкім М.Әуезов шығармаларындағы дін мәселесіне, ислами құндылықтарға алғашқылардың бірі болып баға береді. Әрине, бұл да болса бүгінгі еліміз жетіп отырған рухани тәуелсіздіктің нәтижесі мен жемісі деп білген жөн.
Ұжымдық жинақтағы Диар Асқарұлы Қонаевтың «Роман-эпопея М.О.Ауэзова «Путь Абая» в русской литературной критике» деген мақаласында шығармашылық тағдыры қиын эпопеяның орыс әдеби сынындағы танылу мен бағалану мәселелеріне бүгінгі көзқарас тұрғысынан талдау жасалады. Жазушының жалпы шығармашылық өміріне тоқталған зерттеуші үнемі сын садағына ілініп, жауыр болған « ұлтшыл, ескішіл, кертарпа» деген жалалардан өмірінің соңғы 7 жылында ғана арылғанына арнайы көңіл бөледі. «Абай жолы» роман-эпопеясының кеңес оқырмандарынан және әлем әдебиетшілерінен жоғары баға алуы оның орыс әдеби-сынында жақсы бағалануына әсер етеді. Жазушының қаламгерлік және қоғамдық қызметтері мен шығармашылық өмірінің әр кезеңдерінде белең алған саяси, әдеби ахуалдарға кеңінен тоқталған зерттеуші 1951 жылы желтоқсанда М.Әуезовтің А.А.Фадеевке жазған хатын келтіріп, эпистолярлық мұраларының енді ғана ғылыми айналымға енгенінен ақпарат береді. Бұл хатта жазушы СССР Жазушылар одағының эпопеяның негізгі идеясының, көркемдік болмыс-бітімінің әділ бағаланып, талқылануын өтініш еткен – ді. Әріптесі әрі рухани досы А.Фадеев жетекшілік ететін Жазушылар одағы қазақ қаламгерін өз қорғауына алып, орыс жазушылары мен сыншылары тарапынан орталық газеттерде бірнеше кеңейтілген түрде әділ пікірлер жариялайды да. Алайда, «Правда» газетінің тілшісі П.Кузнецовтің осы басылымның 1953 жылы 30 қаңтардағы З.Кедринаның «М.Әуезов» деген кітабына жазған «Величание вместе критики» деген сын пікірі бұл игі бастаманы баянды етпей, жаңа бір саяси жазалаудың жолын ашып береді. Ол аз болғандай сол жылғы С.Нұрышевтің «Қазақ ССР ҒА-ның Хабаршысындағы» (№ 4 санындағы) «До конца искоренить буржуазно-националистические изврашения в изучении творчества Абая» деген мақаласы шөпке қойылған өрттей сынды қаулатып жібереді.Оның соңы М.Әуезовтің «Литературная газетаға» «Ашық хат» жазуына мәжбүр етеді.
Мақалада осындай қиын шақта қол ұшын беріп, моральдық тұрғыдан қолдау білдірген жазушының орыс әріптестері А.Фадеев, А.А.Сурков, К.М.Симоновқа және сол кездегі СССР Мәдениет министрі П.Пономаренкоға жазған хаттарының мәтіндері келтіріліп, бұрындары беймағлұм болып келген құнды деректер сөйлейді. Олардағы жазушының жан айғайы, жаланың жалғандығын айтып дәлелдей алмаған шарасыз күйі, өз елінде отырып өгейлік хал кешуі т.б. секілді жүрек сыздатар тарихи фактілер оқырмандарына ой салады.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Санагүл Көлбайқызы Майлыбайдың «М.Әуезовтің этнопедагогикалық көзқарасы» деген мақалада ұлттық тәлім-тәрбиені арттырудағы этнопедагогика мен этнопсихологияның теориялық рөлі мен жазушы шығармашылығында алатын орны жөнінде кеңінен баяндалады. Фольклорист ғалым М.Әуезовтің «Халық әдебиеті туралы» (1924), «Әдебиет тарихы» (1927), «Жұмбақ туралы» (1938), «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» (1939-1940), «Айтыс өлеңдері» (1948), «Қазақтың ауыз әдебиеті» (1957) зерттеулеріндегі балалардың ойын ұштауға, қиялын қанаттандыруға, олардың бойында батылдық, шыдамдылық, талапшылдық секілді жақсы қасиеттер қалыптастыруға игі әсер ететін өлең-жырлардың тәрбиелік мәнін талдайды.
ХХ ғасыр басындағы Алаш зияларының қазақты оқу-білімге тарту мақсатында ағарту жұмыстарын жаппай жүргізіп, әрқайсысы әмбебап әдіскер ретінде бірнеше салада оқулықтар жазғанын, соның бірі – М.Әуезовтің 1929 жылы Даниял Ысқақовпен бірге алғаш рет қазақ әдебиеті оқулығын жазып, оның 30000 таралыммен шығарылғанын, кейін жеке өзі «Новый аул. 2-я книга для чтения по русскому языку для казахских детей. 1-ступени», «Жеткіншек», «Ересек жастар мектебіне арналған оқу құралы» (1930) атты оқулықтар, 1930 жылы Қазақстан Оқу Комиссариаты білім кеңесінің шешімі бойынша шаруа жастар мектебіне арналған «Программа және түсінік хаттарын» жазғаны жөнінде бұрындары белгісіз болып келген құнды деректер келтіреді. Қазақ тілінде тұңғыш рет жазылып, ұсынылған бұл бағдарламада М.Әуезов «Суретті әдебиет туралы» деп аталатын қазақ әдебиеті пәнін оқытуға арналған бөлімінің авторы болғанын, оның «Жалпы сөзден» деп аталған кіріспеден, «Оқуға жаттығу», «Сөйлеуге жаттығу», «Жазу тіліне жаттығу», «Әдебиет жөніндегі істердің қоғамға пайдалы іспен байланысуы», «Әдебиет шығармаларын түр жағынан зерттеу» және жалпы оқу жылдарына арналған (3 жылға) білім қорыту, байқау бағдарламасынан тұратынынан хабардар етеді. Өз елінің өсіп-өркендеуін, өзге өркениетті елдер секілді ұлы мәдениетке қол жетімді болуын ойлайтын ұлт зиялысының жас кезінен ғұмырының соңына дейін тек осы бағытта табанды еңбек еткенін баспасөз беттеріндегі қарапайым мақалаларынан бастап, күрделі көркем туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясына дейін жүйелі түрде зерттеп, жазып, насихаттап келгендігі мәлім. С.Майлыбай өз зерттеуін жазушының осы саладағы сүбелі еңбектеріне құрады. Әсіресе, М.Әуезовтің орыс тілін қазақ тілінде қалай оқытудың әдісін ұсынған «Новый аул» деген оқу құралындағы 1-2-ші бөлімдеріндегі мәтіндерге және «Жеткіншек» кітабында берілген 38 әңгіме, өлеңдерге арнайы тоқталып, олардың балалардың талғамы мен ой-өрісін өсірудегі ықпалын, тәрбиелік мәнін талдайды. Осы оқу құралдарындағы ойын түрлеріне, олардың қазақтың көшпенді өмір салтына сай қалыптасқан ептілікке, батырлыққа, мергендікке баулитын «Қашар доп», «Жұмыртқа жұмыртқалау», «Шілдік», «Қадама», «Ақ сүйек», «Алтыбақан», «Санамақ», «Соқыр теке», «Шекемтас», «Асық» сынды ұлттық ойындар түрлерінің қазір ұмытыла бастаған үлгілерін ойнау тәсілдеріне толық әрі жан-жақты сипаттама береді. М.Әуезов зерттеген, оқулықтарына ендірген осы ойындардың ішінде жазушының өзі бала жастан жақсы көрген «Құс бау қағу», «Әйзік-әйзік» деген асық ойын түрлері де осы мақалада алғаш рет аталады.
М.Әуезовтің этнопедагогикалық көзқарастарын зерттеуші оның ұлт аспаптары-қобыз бен сыбызғы, домбыраларда орындалатын ән-күйлерді қайта түлету мәселелерімен байланыстыра қарастырады. 1948 жылғы «Жаңа өмір» журналының № 3 санындағы «Біздің елдің салт-сауығы» деген мақаласында жазушының жеке үй ішілік, қоғамдық және мемлекеттік сауық-салт түрлерін алғаш әдеби айналымға ендіргенін атап өтеді.
Рафат Әбдіғұловтың «М.О.Әуезов прозасындағы қазақ халқының этнографиялық құндылықтары» атты мақаласында жазушы шығармаларындағы этнографиялық уақытты қазақ хандығы өмір сүрген уақытпен қатар қоюға болатынын, оның «Абай жолы» роман-эпопеясында да ұлтымыздың этнографиялық сипатының мейлінше мол бейнеленгенін, көшпелі өмірдегі әдет-ғұрып, салт-дәстүр, қазақы қоғамдағы сот, билер айтысы, жер мен жесір, ру даулары, көп әйел алу,неке мен туыстық қатынастар секілді этнографиялық құндылықтардың кеңінен орын алғаны мәлім.
Р.Әбдіғұлов бұл еңбегінде М.Әуезовтің мақала, очерк, әңгіме, повестеріндегі этнографиялық құндылықтарының жүйесін және олардың көркемдік мақсатта қолданылуын ғана қарастырады. Әр жанрдағы зерттеу, бейнелеу жүйелерінің әрқилы деңгейде, әртүрлі сипатта болатынын талдау барысында анықтаған зерттеуші: «М.О.Әуезовтің этнографиялық ойлары» атты алғашқы тараушасында М.Әуезовтің алғашқы мақалалары «Қазақтың өзгеше мінездері», «Адамдық негізі әйел», «Қазақ ішіндегі партия неден», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Қазақ қашан жетіледі», «Мәдениет һәм ұлт», «Қазақ республикасы қазақсыз қалады» атты мақалаларындағы таза этнографиялық сипаттағы дүниелерге, олардағы ұлттық этникалық ерекшеліктер мен ұлттық психологияның биік деңгейде көрініс тапқанына тәнтілік танытады. Жас Әуезовтің бұл бағыттағы тақырыптарға көп баруына оның жеке адами қасиеттері-ұлтшылдығы, отан сүйгіш патриотизмі шешуші әсер еткенін, ал осы ұлтшылдық қасиеттен туатын ағартушылық бағыттағы ой-тілектерінің тамырын Алаш зиялыларымен рухани байланысымен бірге қарастырады. Жазушының 1927 жылы Ленинградта жазған «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» және 1925 жылғы «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» деген және жоғарыда аталған мақалаларындағы әр халықты өзге елмен ерекшелендіріп тұратын ұлттық психология мен этнографиялық құндылықтары, олардың элементтері-ұлттық сезім, мінез-құлық, этникалық сана-сезім, әдет-ғұрып, дағды, көңіл-күй, темперамент, ұлттық игілік, ұлттық символика, талғам, ерік туралы толғамды ойларына ғылми тұрғыдан сипаттама береді. Көшпелі этносқа өзге өркениеттегі елдердің басқыншылық, отарлау әрекетінен отырықшы этностарға айналуы, ғасырлар бойы қалыптасқан рулық, аталық, ауылдық, бақташылық жүйенің бұзылуы салдарының соңы 1932 жылдың ашаршылығына, адамзат тарихында болмаған «бейбіт» қырғынға соққаны белгілі. Міне осы олқылықтардың бел ортасында жүріп, көңіліне тоқыған тірі куәгер Мұхтардың мұндай алапат азаптардың астарын, себеп-салдарын зерттеп, зерделемеуі мүмкін де емес еді. Ұлтшылдық қасиетті оятып, қалыптастыратын өз ұлтыңа әділетсіз жасалған қиянат екендігі аян. Сондықтан да суреткер өз ұлтының мақтануға тұрарлық этнографиялық құндылықтарына терең философиялық мән беріп, өзгеше өрнекте биіктете бейнелейді. Ал, шындығында олардың бәрі аса дарынды таланттың тануы мен эстетикалық талғамының тым тәуірлігінен ғана емес, қазақы өмір мен тұрмыстық тіршіліктің таза кейпі тарихи шынайы болмысымен бейнеленуінде жатыр. Рафат Әбдіғұловтың талдауларындағы қазақ халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, рухани мәдениеті жайындағы этнографиялық ойлары «Халық әдебиеті туралы», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақалалары мен «Әдебиет тарихы» оқулығындағы фольклорлық жанрларда көрініс берген кейіпкерлер (бақсы, жын, пері, албасты ) мен «Абыз» ұғымына берілген лингвистикалық, мағыналдық ұғымдардың берілуі, «Сыршылдық салт өлеңдері» тарауындағы жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту сияқты салт-жоралғыларға, үйлену салтына қатысты жар-жар, қоштасу, танысу сынды толып жатқан халық өмірімен өзектес өнер түрлерінен ғылыми түсініктер берілуіне филологиялық талдаулар жүргізу бұл еңбектің құндылығын танытады. Аталған еңбектердің барлық мазмұны мен ондағы этнографиялық ойларға кеңінен тоқталып, әдеби мұралардан алынған мысалдар арқылы өзінің ғылыми ойларының ажарын ашып, тұжырымдарын айқындаған Р.Әбдіғұловтың «М.Әуезов әңгіме-повестеріндегі қазақ халқының этнографиялық құндылықтары» деген екінші тараушасында «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Қаралы сұлу», «Үйлену», «Сөніп жану», «Кім кінәлі», т.б. әңгімелеріндегі қазақ халқының үйлену салтына қатысты этнографияылқ элементтер – құдаласудың жолдары мен түрлері, қалың мал беру тәртібі, күйеу келу, тоқал алу, әмеңгерлік пен балдыз алу салты (сорорат), ұрлық пен барымтаның ерекшеліктері сияқты толып жатқан ұлттық тұрмыс пен менталитетке, психологияға, салт-санаға, әдет-ғұрыптарға қатысты құнды ойлар мен ғылыми-тәжірибелік тұжырымдар кеңінен қамтылып, жан-жақты талданады.
Филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетовтің «М.Әуезов драмаларындағы билік сценасы» деген зерттеуінде жазушы шығармаларында кеңінен орын алған билік, дау сценасы, қазіргіше айтсақ, сот процесі ерекше орын алғандығын, ол тұстарды асқан суреткерлік шеберлікпен бейнелегенін, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай, Абай, Бөжей, Сүйіндік, Байсал, Қаратай, Базаралы, Дәркембай, Шұбар, Тонтайлардың қайталанбас шешендік шиырлары мен «Еңлік-Кебектегі» Көбей мен Еспембет, Кеңгірбай мен Қараменде, «Абай» трагедиясындағы Керім мен Жиренше, Абай мен Жиренше, «Абай» кинодрамасындағы Жортар мен Қартбай, Жиренше мен Керім, Жиренше мен Абай, «Абай» сценариіндегі Ерден мен Шәріп, Ерден мен Абай, «Қалқаман-Мамыр» либреттосындағы Көкенай мен Әнет баба араларындағы билер қақтығыстарының көшпелі өмір табиғатына тән этнографиялық құндылықтар екендігі мәлім.
Зерттеуші жазушының шығармашылық зертханасын, әсіресе оның шығармаларындағы билік сөз бен шешендік дау үлгілерін бейнелеуінің себептеріне арнайы тоқталады. Атап айтсақ, бала жастан даланың данагөй қарттарының тағлымды да тапқыр сөздерін тыңдап, санаға құйып өскендіктен оған деген қызығушылығының ерте оянуы, Абайдың билік сөздері мен заң шығару ісін зерделеуі, қазақ тарихына қатысты қай шығармасын да өмірлік шындыққа құрған суреткердің ақиқаттан алшақтамай, таза қазақи этнографиялық көріністерге шынайылық беруі, сондай-ақ жазушының өзі де жас кезінде заң орындарында қызмет атқарып,сот істеріне қатысты талапты кәсіби маман ретінде меңгеруі секілді нақты тарихи өмірлік және шығармашылық деректер бұл саланы терең меңгеріп, көркемдікпен кестелеуге көп көмегін тигізгені анық. Еңбекте жазушының өзі тәнті болып, жазып алған, жеке архивінде сақталған «Зілқара бидің сөзі», «Қарауыл Құтымбет бидің балаларын Тоқсан бидің сынағаны», «Байдалы бидің Айғанымға айтқаны», «Қарауыл Ешекбай би мен Қанжығалы Саққұлақ би» секілді шешендік сөздері туралы әдеби деректер де келтірілген.
М.Ахетов бұл еңбегінде жазушының драмалық шығармаларындағы шешендік даулар мәселесіне көп көңіл аударып,олардың мазмұнына қарай жер, жесір, құн, мал және ар даулары болып бөлінетінін,ол үлгілердің қалай көрініс тауып, кейіпкерлер образдарын ашудағы қызметтері жайлы талдаулар жасайды. Қазақ драматургиясының тарихы мен көркемдік әлемін зерттеген Р.Нұрғалидің М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының 1922, 1943, 1956 жылдардағы 3 нұсқасын салыстыра зерттегенде өзгеріске түспеген, редакцияланбаған, ең алғашқы қалпын сақтаған билер диалогтары,билік сценасы екендігін, олардағы ой мен сөздің нәрлілігіне қанша нақыш, өрнек салсаң да тілдік құнары мен сөздік қоры бай ұлттық шешендік өнердің өресіне жете алмасымызды айта келіп, қазақ өнерінің ғасырлар бойы қарыштап дамып, образдық-стильдік жүйесі, лексикалық байлығы, ырғақ-интонация қалыбы әбден кемеліне келген бір саласы – билер сөзі, қазақтың шешендік өнерінің М.Әуезовтің драмалық шығармаларында қалай көркемдік құбылыстарға айналып,суреткерлік шеберліктің шыңын табындырғанын нақты мысалдар арқылы нанымды жеткізе білген.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Аманғайша Болсынбаеваның «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің нұсқалары» деген мақаласында1927 жылы жазылып, жарыққа шықпай жатып «саяси репрессияға» ұшырап, жарияланбай қалған повестің 1936 жылғы жеке басылымына жазушы көп өзгеріс енгізбегенін, тек Құрал баланың – Сейіт болып өзгертілуі ғана айырмашылығы екендігін айтады.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының «М.О.Әуезовтің көркемдік дүниетанымдық ізденістері (1920-30 жылдар)» атты ұжымдық еңбектерінде (Алматы, 2006. – 304-б. Құрастырушылар: А.Болсынбаева, Е.Қаныкейұлы) ХХ ғасыр басындағы рухани орта, М.Әуезовтің 1920-30 жылдар аралығында жазылған, жарияланған публицистикалық, ғылыми-зерттеу, көркем шығармалары, олардың жанрлық ерекшеліктері, ұлттық болмысты сезіну мен дәстүрді дамыту мәселелері тәуелсіздік талабы тұрғысынан талданып, жаңаша зерттеледі.
Жинақ Б.Майтановтың «Мұхтар Әуезов және болмысты сезіну мен саралау», Д.Қонаевтың «Творческое содружество М.О.Ауэзова с русскими писателями (20-е годы)», Т.Әкімнің «М.О.Әуезов және ХХ ғасырдың басындағы қазақ журналдарының көркемдік ұстанымдары», К.Сыздықовтың «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүр және М.Әуезовтің жаңашылдығы», Р.Қайшыбаеваның «Динамизм драматургии М.О.Ауэзова 30-х годов», С.Майлыбайдың «М.О.Әуезов повестерінің жанрлық ерекшеліктері (1920-30 жылдар)», Р.Әбідғұловтың «М.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы әңгімелері (текстология мәселесі және балалар тақырыбы», М.Ахетовтің «М.О.Әуезов шығармашылығындағы діни-рухани сарындар», К.Рахымжанның «М.О.Әуезов прозасындағы көркемдік ізденістер», Қ.Раевтың «М.О:Әуезов және ХХ басындағы жазушылар», А.Темірболаттың «Драматизм прозы М.О.Ауэзова 1920-1930 годов (на материале рассказов)», А.Болсынбаеваның «М.О.Әуезов прозасының текстологиясы және мәтінді өңдеу жолдары», Е.Қаныкейұлының «М.О.Әуезов және ұлт тәуелсіздігі» деген мақалаларын құраған ұжымдық жинақта М.Әуезовтің 10 жыл көлемінде жарық көрген барлық жанрлардағы еңбектері әр қырынан қарастырылғаны тақырыптарынан аңғарылады.
Б.Майтановтың «Мұхтар Әуезов және болмысты сезіну мен саралау» деген тарауында рухани құндылықтарды көркемдік-эстетикалық тұрғыдан қабылдау, болмысты сезіну мен саралаудың тарихына көз жіберіп, олар туралы ойларын көне түркі жұртына ортақ әдеби жәдігерлердің көркем мәтіндері арқылы айқындай келіп, «Еңлік-Кебек» драмасындағы қаһармандық пен асқақтық категорияларының көркемдік қызметі мәселесіне мән береді. «Еңлік-Кебек» аңызының екі әңгіме, екі поэма түрінде жеткен 4 нұсқасы бар екенін, оларды өзара салыстырып, оқиғалардың, кейіпкерлердің бәрі бірдей, өзгеріссіз екендігін дәлелдеген Р.Нұрғалиевтің пікіріне сүйене отырып, мұндағы ең үлкен рухани сарын асқақтық (возвышенное) категориясының заңдылықтары екенін алға тартады.
Бұл тарауда жазушының 1920-30 жылдардағы рухани-дүниетанымдық ізденістерін айқындайтын «Еңлік-Кебек» пен «Хан Кене» пьесаларының көркемдік-тұжырымдамалық тереңдігі, эстетикалық-экспрессивтік мазмұны, философиялық межесі, әлеуметтік-психологиялық нанымдылығы нәтижесінде дара сипатқа ие екендігі баяндалса, «2.2. Реалистік эстетика және стиль» деген екінші тараушада автор осы кезеңдегі М.Әуезовтің әңгіме-повестерінде көрініс берген өзгеше көркемдік-эстетикалық таным айшығының ерекшелігін анықтайды. Жазушының тақырып етіп алған өмір құбылыстарының бұрын көзге іліне бермейтін тосындығын, қыр тұрмыс-тіршілігіне деген жаңа көзқарасын, шығарма нысанын бейнелеу, астарлы тұжырым түю және стиль поэтикасының сонылығын жаңаша көзқараспен зерделеген ғалымның талдау әдіс-тәсілдері де өзгеше өрнекте өріс алады. Мәселен, «Қыр әңгімелері» мен «Қыр суреттеріндегі» оқиғаның дамуы мен қаламгердің қолданған көркемдік бейнелеу құралдарын да, шығармашылық ойлау жүйесіндегі ізденістерін де қазақ әдебиеттануында қалыптасқан қалыпты баяндаулардан алабөтен, бұл саладағы аналитикалық талдаудың соңғы әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, жаңаша ой айтуды әдебиетке әкелген Әуезовке ғана тән стилдік ерекшеліктерді айқындап береді.
Жазушының қазақ прозасында бұрындары байқалмайтын мүлдем тосын –модернистік, постмодернистік әдебиеттерде кеңінен қолданылатын әдеби әдістерді әбден меңгерген, шеберлігі мен тәжірибесі мол кәсіби маман екендігін өзі талдап отырған әңгімелеріндегі мәтіндер мысалында дәлелдеп, дәйектейді. Бүкіл қазақ прозасының көркемдік-эстетикалық құндылықтарын осы, модернистік, постмодернистік бағыттағы әдебиеттердің көркемдік әлемімен байланыста зерттейтін Б.Майтанов М.Әуезовтің шығармашылығын да осы тарапта қарастырады.
М.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы шығармаларының поэтикасын эстетика мен стиль категериялары аясында талдаған әдебиеттанушы «Үйлену» (1923), «Сөніп-жану» (1923), «Заман еркесі» (аяқталмаған роман), «Оқыған азаматтағы» (1922-1923) әрбір әдеби әдістер мен көркемдік бейнелеу құралдарының қолдану шеберлігі мен поэтикасы, стильдік ерекшелігі, өзгеше тілдік өрнегі, сол кезеңдегі ұлт прозасы үшін үлкен жаңалық болған психологиялық талдаулары жөніндегі ғылми пайымдауларын әлемдік және орыс әдебиеттанушыларының теориялық тұжырымдарымен түйіндеп отырады. Шығармалардағы пейзажға, портретке, салыстырмалы талдауларға, лирикалық шегіністерге, ондағы баяндау кеңістігіне жан-жақты толымды түрде зерттеу жүргізген ғалымның әрбір әңгіменің көркемдік әлемін ашудағы табанды ізденістері, білгірлігі қазіргі әлемдік әдеби үрдістегі жаңа танымдармен жақсы таныс екендігін аңғартады.
Сондай-ақ М.Әуезовтің «Барымта» (1925), «Бүркіт аңшылығының суреттері» (1925), «Жуандық» (1926) әңгімелерінде болашақ романистке тән эпикалық қарым мен сахарадағы жер, ру таластары секілді этнографиялық детальдардың ұлттық сипатын,ел арасындағы әңгімелердің көбінде полифониялық қасиет алатынын суреткердің соны стильдік өрнегі өрісінде талдаған ғалым психиколингвистикалық талдаулардың да жақсы нышандарын танытады.
1925 жылы жазылған «Кінәмшіл бойжеткенін» қазақ әдебиетінде алғаш рет бой көрсеткен жеке сезім иірімдерін алғы шепке шығарған шығармаға санайтын әдебиеттанушы Б.Майтанов ұлттық қасиетке жат, дәстүрлі қазақы мінез-болмыстан, әдет-ғұрыптан бөтен, өзге елдің жат қылығын қызықтаған жастардың (Ғаббас пен Ғайша) жалған сезім жетегіндегі алдамшы өмірлері мен жеңіл жүрісті қыз тағдыры, қала өмірінің көлеңкелі жақтары мейлінше көркем бейнеленгенін, қоғамнан орнын таппай тәлкекке түскен жанның ішкі арпалысынан модернистік көзқарас айшығын тануға болатынына мән береді. Және М.Әуезовтің 1920-30 жылдары жазылып, өз кезінде нақты жанрлық түрін анықтай алмаған «Көксерек», «Қасенннің құбылыстары», «Шатқалаң» атты шығармаларын повесть жанрына жатқызуды дұрыс деп табады. Бұл, әрине, зерттеушінің өз ұстанымы. Осы кезге дейін психологиялық очерк деп саналып келген «Қасеннің құбылыстары» шын мәніндегі повесть жанрының жүгін көтере алып тұр ма? Ол жағы әлі де зерттеуді қажет етеді.
Сонымен қорыта айтар болсақ, жоғарыда талданған шығармалардағы тосын бейнелеу тәсілдері мен баяндау үрдісі, оқиғаның дамуы мен кейіпкерлер тағдырының бейнеленуі, ішкі драматизмнің кескінделу айшығы модернистік және постмодернистік бағыттағы қолданылып жүрген терминдер жүйесі арқылы айқындалған. Б.Майтанов осы жанрлардағы фрейдшілдік сарынды арнайы зерттей отырып, жазушының жаңашылдығын, суреткерлік шеберлігінің көркемдік қуаттылығы мен сөз өнеріндегі ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегін, даралық қасиетін бүгінгі ғылми стилі қалыптасқан қазақ әдебиеттануының жаңа әдеби ұғымдарымен түсіндіріп, талдап, танытады.
Талатбек Әкімнің «М.Әуезов және ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдарының көркемдік ұстанымдары («Абай», «Таң», «Сана»,»Шолпан») атты тарауында жазушының алғашқы ой-толғамдарының оқырмандарына жолдама алған журналдары «Абай», «Шолпан», «Сана», «Таң» мен «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттеріндегі Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси, ғылыми-әдеби, жалпы ұлт руханияты саласындағы ұстанған бағыттарына сипаттама беріледі. Әдебиет тарихы мен М.Әуезовтің өмір мен шығармашылығына қатысты бүкіл мұрағатты жетік білетін әрі оны өз ортасындағы психологиялық ахуалмен, сол кезеңдегі дәуір шындығымен шебер байланыста қарастырған мұхтартанушы ғалым аталған газет-журналдардың тарихы мен оларда жарияланған жазушының әрбір мақаласының ұстанған бағытын, оларға ортақ мақсат – ұлт тарихын, мәдениетін, әдебиетін насихаттап, халықты оқуға, білім алуға, сөйтіп өзге өркениетті елдердің қатарынан қалмау керектігі көзделгенін алға тартады. Зерттеуші М.Әуезовтің Ж.Аймауытовпен бірігіп шығарған «Абай» журналының 11 саны, «Таң»журналының 4 саны ғана шығып, тоқтап қалғанын, алайда «Таңда» «Абайдың басылмаған сөздері», «Абайдың жоқтап айтқан сөздері», «Абайдың кейбір оспақ өлеңдері», «Абайдың басылмаған қара сөзлерінен», «Абайдың жарияланбаған өлеңдері» жарияланғанын, «Сана»журналы, «Алаш», «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттерде ұлы суреткердің алғашқы туындыларының тұсауы кесілгенін нақты әдеби деректер арқылы әңгімелейді. 1928 жылы С.Сәдуақасовтың жолдаған анкетасына Ж.Аймауытов та, М.Әуезов те бірге жазған мақалаларын емес, жеке аттарымен жариялаған мақалаларын атағанын («Сарыарқадағы» «Адамдық негізі-әйел»), оны кейін «Өз жайымнан мағлұматта» да нақтылағанын (382-бума, 71-бет) айта келіп, екі қайраткердің де ірілігін, баспа этикасын жоғары ұстайтынын ұлағат ретінде ұсынады. Дегенмен осы мақалаға байланысты әлгі өмірбаяндық жазбасындағы: «..Бұл анығында менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі болатын. Негізгі пікір соныкі еді, мен соның пікірімен жаздым. Мақаланы бергенде ешқайсымыздың қолымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса Әлімбеков пе, біреуі мен әкеп берген соң «семинарист Әуезов» деп аяғына қол қойып жіберіпті», – деген тың дерек осы кезге дейін М.Әуезовтің мәтелге айналып кеткен «Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе!», – деген даналығының дәнегі Тұрағұлда жатқанын нақтылайды. Ақиқаттың аты ақиқат,және ол өзге емес, жазушының өзі мәлімдеп отырған шындық.
Ұлт зиялыларының рухани ұстанымын ұлық тұтқан «Бірлік», «Жас алаш», «Талап», «Жас азамат» деп аталатын ұйымдардың белсенді мүшесі болған М.Әуезов өз әріптестерімен бірге қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді көтеруде еуропаның ғылми жолын ұстануды, ол үшін «Қазақ тілі»газетінде «Қазақ оқығандарына ашық хат» жолдап, алаш мүддесіне адал болып, ел дербестігіне бірлесіп еңбек етуді ұсынғанын айта келіп, «Абай» журналындағы Тұрағұл Абайұлы, Жүсіпбек Аймауытов үшеуінің бүкіл мақалаларды бірлесіп жазғандарын, кейбірінің тіпті авторсыз басылғанын, оны мақсат тұтпағанын, керісінше бүкіл ынтасын ортақ мақсат-Абайды, оның шығармашылығын насихаттау, зерттеу арқылы бүкіл қазақ әдебиетінің даму тарихына, оның кезеңдері мен көркемдігіне, өлең сөздің теориялық мәселелеріне ерекше мән беріп, тереңнен талдайды.
Осы басылымда жарияланған «Ғылым» атты мақаласындағы ғылым тілі, философия, мәдениет, дін секілді күрделі ғылым салаларының өзекті мәселелерін сөз етпес бұрын оған дейінгі дайындықтың дәйекті болғанын, оның арғы-бергі тарихынан ,адамзат өміріндегі орны мен рөлі Абайдың «Он жетінші» қара сөзіндегі қайрат, ақыл, жүрек айтыстарымен астастырыла қарастырылғанын, мұндағы білім, тәрбие, ғылым мәселелерін зерттеуші француз ойшылы Жан-Жак Руссо, қытай ойшылы Кун-цзының (Конфуций ) пікірлерімен сабақтастыра талдайды.
Т.Әкім де әр мақаланың шыққан, жарияланған тарихы мен сол кезеңдегі тарихи жағдайлар кешенді түрде қарастырылып, тұтас талдайды. Ал, көркем прозадағы шығармаларының оқиғалары нақты өмірлік фактілермен, кейіпкерлерінің прототиптерімен салыстырыла баяндалады. Бұл Т.Әкімовтің өзінің зерттеу нысанын анықтаудағы, ғылыми жүйелеудегі ерекшеліктері десе де болғандай.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Керімбек Сыздықовтың «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүр және М.Әуезовтің жаңашылдығы» деген тарауында жазушы шығармашылығының қазақтың көркем прозасының қалыптасып, дамуындағы әсері талданады.
Зерттеуші қазақ халқының ұлттық менталитетіне байланысты арнайы еңбек жазған ғалым Т.Бурбаевтың «Ұлт менталитеті» атта монографиясындағы қазақ халқының ұлттық менталитетіне қатысты анықтамаға сүйене отырып, халықтың жанын, оның ішкі жан дүниесінің сырын сол ұлттың әдебиеті мен өнерінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен іздеу керектігіне көңіл бөледі. Көбінде М.Әуезовтің әдеби дәстүр мен жаңашылдық мәселесі туралы жазылған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі (тарихи-әдеби сын)» атты 1922-1923 жылдары «Шолпан» журналындағы (№ 2-3,4-5) еңбегіне және халық ауыз әдебиеті, әдебиет тарихы, Абай дәуіріндегі сөз өнері мен қазіргі әдебиеттің өзекті мәселелері жайлы көзқарастарына кеңінен тоқталады.
Зерттеуші М.Әуезовтің ХХ ғасыр басындағы алғашқы прозалық туындыларының көркемдік әлеміне, әсіресе кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, психологиясына терең мән берген психологизм құбылыстарына тоқтала келіп, жазушының қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүрді байытып, дамытудағы жаңашылдық қасиетін айқындап береді.
Қазақ әдебиеттануындағы екі күрделі мәселе-дәстүр мен жаңашылдық категорияларының зерттелу жайын М.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы әдеби, ғылыми зерттеулері мен көркем прозасындағы ізденістер тарапынан талдап, зерделеген ғалым Керімбек Сыздықовтың бұл еңбегі, сөз жоқ, өз тақырып тарапынан құнды дүние десе болады.
Филология ғылымдарының кандидаты Раушан Қайшыбаеваның «Динамизм драматургии М.О.Ауэзова 30-х годов» деген тарауында М.Әуезовтің көркем прозадағы ізденістеріне ғылыми талдаулар жасалады. Жазушының әдеби-көркем сындағы, әдебиеттанудағы, драматургиядағы, театр өнеріндегі, педагогикадағы, тіпті қоғамдық-саяси өмірдегі қайраткерлік қызметтері де мұнда қаламгерге қосымша шығармашылық мол қуат бергенін танымдық-тәрбиелік тұрғыдан қарастырылады. М.Әуезовтің өзіне ғана тән шығармашылық әлемі оның өмірлік шындықты көркемдік-эстетикалық тұрғыдан қабылдауына әсер етіп, тұтас рухани құбылысты құрағанын зерттеуші әдеби ұғымдар арқылы түсіндіреді.
Әлемді ұлттық ойлау мен ұлттық қабылдау жүйесі тұрғысынан танитын Әуезовтің шығармашылық даралығы өзі өмір сүрген өліара кезеңнің барлық қайшылықтары мен адамзат санасындағы психологиялық қақтығыстарын шынайы әрі шебер бейнелеуімен айқындалған.
Еңбекте автор қазақ әдебиеті тарихында М.Әуезов шығармашылығына дейін ақын образы, жеке шығармашылық тұлғаның кейіпкер бейнесінде көрінбегенін, бұл саладағы тұңғыш талпыныс бола тұра оның бас айналдырар толағай табысқа жеткенін щынайы талдауға ұмтылады. Жазушының жеке мұрағатында сақталып, 1997-2011 жылдары шығарылған 50 томдық толық шығармалар жинағының 14-томында «Дала дастаны» деген жаңа аталыммен жарық көрген «Ақан-Зайра» атты пьесасының да қазақ әдебиеті үшін мүлде соны, жаңа дүние екендігі баяндалады.
Және осы 30-шы жылдардағы драматургиялық шығармаларында М.Әуезовтің алғаш рет «мәтін астары» (подтекст) деген әдісті енгізгенін,(терминді енгізген Станиславский), оның кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі психологиялық құбылыстарды бейнелеудегі рөлі мен көркемдік қызметі жайлы теориялық тұжырымдарға жиі жүгіне отырып, өз түйінін жасайды, зерттеуші. Сондай-ақ, еуропалық драматургиядағы әзілқойлар пайдаланылатын «маскалардың» емес, пьеса соңындағы Зайраны қоршаған әйелдер мен қыздардың жүздерінің сайқымазақ кейіпке айналып, суреткердің оны асқан шеберлікпен пайдаланып маск театрына айналдырған суреткерлік шеберлігін әдебиеттанудың өз ұғымдарымен нақтылап көрсетеді. Әуезовтің бұл пьесасының көтеріп отырған идеялық мұратын «Қобыланды», «Еңлік-Кебек» сынды күрделі шығармаларындай жалпы адамзаттық құндылық дәрежесіне көтергенін, қоғам мен тұлға, ақын мен тобыр-мәңгілік бітіспес қайшылықтар әлеміне алып келгенін зерттеуші жан-жақты талдап, жаңаша пайымдайды.
Р.Қайшыбаева мақаласында осы пьесаның негізгі кейіпкерлері Ақан мен Зайраның тағдыры, оларды қоршаған қатыгез қоғам мен оның өзіндік заңдылығы, әдет-ғұрпы, танымы мен түсінігі барлығын баяндай келіп, тақырыптық, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін айқындайтын ғылыми болжаулар жасайды. Қазақ драматургиясының дамуына, жанр ретінде қалыптасуына, театр өнерінің өркендеуіне өзіндік өрнегімен үлес қосқан М.Әуезовтің «Ақан-Зайра» пьесасының идеясы бүгінгі заман талабына да жауап бере алатындай биік көркемдік дәрежеде екендігін, сондықтан М.Лермонтов атындағы орыс драма театры ұлы суреткердің драмалық туындыларына жиі көңіл аударып отыратынын атап көрсетеді. Ұлы суреткердің драмалық шығармаларының көркемдік құндылығы әр кезең ұрпақтары өз заманының рухани сұранысына сай қайта жаңғыртылып, оқырманның ойына қозғау, санасына серпіліс беруімен бағаланатын болса керек.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Майлыбайдың «М.О.Әуезов повестерінің жанрлық ерекшеліктері (1920-30 жылдар) «деген тарауында… жазушының бұрындары ғылыми айналымға ене қоймаған шығармалары зерттеу нысанасына алыныпты. 1920-30 жылдары жазылған «Үш күн», «Білекке білек», «Іздер», «Құм мен Асқар», «Шатқалаң», «Тас түлек» әңгімесі мен «Тас түлек» пьесасы өз заманындағы жаңа өмір тынысын, қазақ қоғамы мен совет адамының санасына өзгеріс әкелген саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, рухани тіршіліктегі жаңа танымдар турасындағы толғақты мәселелерді толғаған зерттеуші замана шындығын, кеңестік кезеңнің жұртқа жағымды жақсы тұстарын – оқу, ағарту, әдебиет, мәдениет, өнер мәселелерін көтерудегі келешегі зор келелі жәйттерді кеңінен насихаттап жазудағы суреткердің кәсіби шеберлік сырына үңіледі. Осы орайда кеңес дәуіріндегі жаңа өмірді, колхоз-совхоздардағы тұрмыстарды, ел шекарасын қорғау тақырыптарын дәріптейтін «Бүркітші» (1936), «Құм мен Асқар» (1935), «Шатқалаң» (1935) әңгімелері мен «Тас түлек» (1936), «Қат-қабатта», «Шекарада» (1937) атты пьесаларындағы қыр елі мен жергілікті халық санасындағы сапалық өзгерістерді асқан шеберлікпен бейнелеген жазушының зертханасына зер салынады.
Әдебиетші ғалым Рафат Әбдіғұловтың «М.О.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы әңгімелері (текстология мәселесі және балалар тақырыбы)» деген тарауында да осы кезеңдегі шығармалар талданатындықтан оларға көп тоқталмай, тек текстология мәселелері мен жазушы шығармашылығындағы балалар тақырыбына арналған туындылардың тағдырына қатысты тұстарына ғана тоқтала кетуді мақұл көрдік. Р.Әбдіғұлов осы он жыл көлемінде жарияланған шағын жанрдағы шығармаларын балаларға арналған әңгімелер, романдық-эпикалық сипаттағы әңгімелер, психологиялық пландағы әңгімелер, новеллалық сипаттағы әңгімелер, өмірбаяндық сипаттағы әңгімелер, әңгіме-суреттемелер деп, 6-ға бөліп жіктейді.
«М.Әуезов әңгімелерінің шығармашылық тарихы мен текстологиясы (1920-30 жылдар)» деген тарауында жазушы мұрағатындағы мәтіндерді – автордың өз қолымен жазған, басқа көшірушінің қолымен жазылған, жазу машинкасында басылған қолжазбалар, баспа бетін көрген басылымдар, жоспарлар, тезистер, үзінділер, корректура жасалған нұсқалар, автордың өмірбаяндық материалдары, естеліктері, хаттары, мемуарлық материалдар деп бөлінетінін атай келе мәтінтану ғылымының арғы-бергі тарихына ғылыми шолулар жасайды. Және олардың антика дәуірінің, орта ғасырлардың, жаңа әдебиет текстологиясы деп жіктелетінін, ал оның негізгі мақсаты – мәтінді тарихи, диахроникалық тұрғыдан тексеріп, қаталарын шығара оқып, жариялауға, баспаға дайындау екендігімен таныстырады, оқушысын.
Р.Әбдіғұлов М.Әуезов шығармаларының жазылу тарихын арнайы зерттеген З.Ахметовтің «Поэтика эпопей «Путь Абая» в свете истории ее создания» (1984), Т.Әкімовтың «М.Әуезовтің «Өскен өркен» романының жазылу тарихынан» («Даналық дәйегі»), Т.Жұртбайдың 1920-30 жылдардағы әңгімелерінің шығармашылық тарихына қатысты деректерге құрылған «Бесігіңді түзе!..» атты монографиясы жарияланғанынан да ақпарат береді.
Автордың айтып отырғанындай, шынында да қазақ әдебиеттану ғылымында кешігіп дамыған мәтінтану саласы мұхтартануда да мәз еместігін ескертеді. Өткен ғасырдың орта кезіне дейін жарияланған жазушының 6, 12, 20 томдық басылымдарының ғылыми түсініктерінде текстологиялық тұрғыдан зерттеу қолға алынғанын,алайда нағыз жоғары сапа 1997 жылдан басталған 50 томдық академиялық толық шығармалар жинағында жүйелі түрде жүргізілген ғылми жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілгені жөнінде толық мәлімет береді. Академиялық жинақ шығару үшін әр шығарманың мәтін тарихын жан-жақты зерттеп, барлық қолжазбалар мен басылымдарды мұқият салыстырып канондық мәтін жасап, әр жеке шығармаға берілген ғылыми түсініктемелерде мәтіннің барлық нұсқалары мен редакцияларына мұқият талдау жасалынып, варианттар мен редакциялық жұмыстардың себептері ашылуы керектігі, бұл жұмыстардың міндетіне даталарды, басқа да атрибуттарды анықтау да жататыны, аталған жұмыстардың нәтижесі академиялық жинаққа қабылданған мәтінді толық ақтап, дәлелдеп беруі керектігін автор анықтап береді.
«М.Әуезовтің балаларға арналған әңгімелері» деген тараушасында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінен бастау алған балалар әдебиетінің зерттелуі тарихына тоқтала келіп, бұл тақырыпты арнайы филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайымның қарастырғанын, алайда олардың бірде-бірінде М.Әуезовтің балалар тақырыбына арналған шығармалары аталмауының себебін тұңғыш рет жазушының 20 томдық шығармалар жинағының (Алматы: Жазушы, 1985.) 16-томында (293-393-беттер) шыққаны болмаса қазақша аударылмағандығы және әдеби де, ғылми да айналымға түспегендігі деп түсіндіреді. Сөз болып отырған М.Әуезовтің балаларға арналған шағын, мөлтек әңгімелері көркем шығармалар жинағында емес, оқулық, хрестоматияда жарияланған. М.Әуезовтің Д.Ысқақовпен бірге жазған «Русский букварь» для казахских детей» деген әліппе-оқулығы 1929 жылы Қызылордада Казиздат баспасынан шыққан. Осы жылы аталған баспадан М.Әуезовтің «2-я книга для чтения по русскому языку детей школ 1-ступени» атты кітабы да жарық көреді. Алайда, бұл оқулықтар педагогикалық, энциклопедиялық, анықтамалық еңбектерде аталмауы себебін М.Әуезовтің 1930 жылы НКВД тарапынан айыпталып, абақтыға жабылуынан деп атап көрсетеді автор. Оқулықтың бір данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында сақталғаны, ал, Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасының сирек басылымдар қорында микропленкаға түсірілген нұсқасы барлығы, әрине, сирек кездесер әдеби факт.
Әдебиет тарихынан белгілі болғандай ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бәрі халықты жаппай сауаттандыру саясатына бір кісідей белсене атсалысып, әр сала бойынша оқулықтар жазуға, орыс тілінен аударма жасауға жұмылдырылған болатын. Өз елінің өркениетті елдердегідей білім, ғылым, мәдениетті меңгеруіне мөлшерсіз үлес қосқан М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің тарихы» (Қызылорда,1927), «Жеткіншек. Ересек жастар мектебіне арналған оқу құралы» (Алматы,1930), және қазақ әдебиетінің оқулықтары мен хрестоматияларын, педагогикалық тақырыптағы мақалаларын жазғаны, Ю.Вагнердің «Жердің жаратылысы туралы әңгімелер», В.Эвальдтың «Құрылыс материалдары» оқулықтарын қазақ тіліне аударғаны мәлім.
67 параграфқа бөлініп, көлемі 115 бетті құраған әліппе-кітабы 2 бөлімнен (әліппе, хрестоматия) және сөздіктен тұрады. Барлығы 198 шығарманың 89-ы М.Әуезовтікі екен. Мақала авторы Р.Әбдіғұлов М.Әуезовтің шығармашылығына тән құрмалас сөйлемді, кең көсілетін эпикалық стильдің бұл оқулықта байқалмайтынын, керісінше бала ұғымына лайықты жеңіл стильде, қысқа әрі мағыналы жазылған мөлтек әңгімелер арқылы балаларға хат танытып, оқуға жаттықтыру көзделгенін айтады. Әдеттегі әңгіме жанрына қойылатын көркемдік шарттың бәрі мұнда сақталмаса да жас баланың оқып-түсінуіне лайық жай сөйлемдерден құралған, мәліметтік сипатта жазылған дүниелер деп бағалайды, автор.
Қазақ ауылының тұрмыстық, шаруашылық әрекеттеріне, әдет-ғұрпына, этнографиялық ерекшеліктеріне орай жыл мезгілін бейнелейтін «Жазды еске алу», «Мектеп», «Күз»,Жайлауда», «Бие сауу», «Менің құлыным», «Құрт қайнату», «Ақ сүйек», «Шөп шабу», «Бақташылар сүтті қалай пісіреді?», «Қыстауға шөп тасу», «Киіз басу» тәрізді көлемі бір беттен аспайтын, көркемдік әдісі біркелкі, 1-ші жақтан баяндау тәсілімен жазылған әңгімелердің құндылығының өзі осы қысқалығы мен мазмұндық мәнінде болса керек. Ғылыми, әдеби айналымға әлі де түсе қоймаған әліппе әңгімелерінің қазақша аудармасын жасап, жариялап, зерттеп жүрген де – осы тараудың авторы, әуезовтанушы ғалым, әдебиетші Рафат Әбдіғұлов.
Филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетовтың «М.О.Әуезов шығармашылығындағы діни-рухани сарындар» атты тарауында кеңестік кезеңдегі атеистік көзқарастың салдарынан ұлттық әдебиеттанудағы дін мәселесі, оның ішінде М.Әуезовтің дүниетанымы, ұстанған философиялық көзқарастары, діни сенімі, жалпы шығыстық бағыты жайлы мәселе зерттеуден тыс қалып қойғанын, оны өзі 3 бағытта-фольклорлық мұралар, ата-тектің ықпалы және Абай дәстүрі тұрғысынан қарастыратынын мәлімдейді. Осы мақсатқа сай жазушы мен оның туыстарының естеліктеріне жүгініп, бұл жәйттің тамыр-тарихына көз жібереді. М.Әуезовтің Л.Толстойдың «Будда» әңгімесін аударуы, дін тақырыбын 1936 жылғы «Абай» трагедиясында да қозғап, толық адам туралы түсінікті толықтырған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» атты теософиялық трактаты мен жазушының «Дос-Бедел дос» пьесасындағы дінге қатысты ойларды, кейіпкер диалогтары мен монологтарынан ұзақ сілтемелер ала отырып, заман талабына сай өз кезеңінде ашық айтып, жаза алмаған мәселелерді жан-жақты ашуға тырысқан.
Филология ғылымдарының кандидаты Келіс Рахымжановтың «М.О.Әуезов прозасындағы көркемдік ізденістер» атты тарауында жоғарыда қарастырылған тарауларда оқиғалары мен идеялары баяндалған «Қорғансыздың күні», «Сөніп-жану», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі»» «Оқыған азамат», «Жуандық», «Қаралы сұлу» «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Хан Кене», «Қилы заман» шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер мен кейіпкер сомдаудағы соны стильдік ізденістері жайлы көркем мәтіндерден мысалдар ала отырып, өз тарапынан талдау жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Қайрат Раевтың «М.О.Әуезов және ХХ ғасыр басындағы жазушылар» атты тарауында ұлы жазушының үш қоғамдық құбылыстың өтпелі кезеңіндегі дүрбелеңді көрсе де ұлт жолында адал қызмет етіп, өзінің азаматтық болмысын, өнердегі даралығын жоймағандығы «Көксеректің» тақырыптық идеясын талдау барысында баян етіледі. Кеңестік кезеңде оның астарынан саяси астар іздеген сансыз сындарға тиек болған туындыны зерттеуші таптық емес, таза көркемдік талап бойынша талдауға талпынған.
Зерттеушінің зер салып, зейін қойған мәселесі – эксизтенциалистік құндылықтар, яғни бүкіл адамзатқа ортақ өмір мен өлім, әділеттілік пен қиянат, адалдық пен тоғышарлық арасындағы мәңгі бітпейтін қақтығыстың бейкүнә бала мен түз тағысының арасында туындауы. Адамдар арасындағы жауыздықтың дала жыртқыштарынан келетін апаттан да ауыр екендігін автор шығармадан саяси астар іздеп емес, таза көркемдік құндылық, шеберлік, көркемдік іздейтін тәуелсіз қазақ әдебиеттануының ғылми талабы тұрғысынан талдап, танып, танытады.
Филология ғылымдарының докторы Алуа Темірболаттың осы ұжымдық жинаққа енген «Драматизм прозы М.О.Ауэзова 1920-30-х годов (на материале рассказов)» деген мақаласында әдебиеттану ғылымындағы «драматизм» категориясының анықтамасы мен оның көркем шығармадағы міндетін анықтау барысында Аристотель мен Платонның, ХІХ ғасырдағы неміс философтары А.Шлегель, Г.В.Гегель, Ф.Шеллинг және ХХ ғасырдағы әдебиеттанушылар Э.Штайгер, А.Козак, В.Хализев, Р.Нұрғалиев, Т.Есембеков зерттеулеріндегі теориялық тұжырымдарға сүйене отырып, М.Әуезовтің ХХ ғасыр басындағы алғашқы шығармаларынан осы драматизмнің көріністерін іздейді.
М.Әуезовтің жоғарыда аталған көркем шығармаларындағы драматизм элементтерінің көптеп кездесуінің сырын көркем мәтіндегі әрбір оқиғаның дамуы мен шиеленісуі, кейіпкерлер көзқарастары мен іс-әрекеттеріндегі қайшылықтардың драмалық қақтығыс дәрежесіне жетуіне дейінгі даму заңдылықтарын суреткерлік шеберлікпен, психологиялық нанымдылықпен бейнелейтіндігіне мәтіндерден мысалдар ала отырып, кеңінен талдайды. Мұндағы талдаулардың көбі қазақ оқырмандарына таныс болғандықтан қысқа қайыруды жөн көрдік.
Филология ғылымдарының кандидаты А.Болсынбаеваның «М.О.Әуезов прозасының текстологиясы және мәтінді өңдеу жолдары» атты мақаласында жазушы шығармашылығына қатысты текстологиялық зерттеулердің тапшылығы туралы айтылса, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің текстологиясы» деген тараушада бұл шығарманың алғашқы нұсқасы (1927) әдеби сынға ұшырап, қолданыстан алынғалы бірнеше рет өңделіп, жаңа нұсқалары жасалғаны, осы күнгі зерттеулерде тек екінші нұсқа алынып, бірінші нұсқа назардан тыс қалып қоятыны, олай талдауға кеңестік идеологияның талабы мүмкіндік бермегені, тәуелсіздік алған соңғы жылдары ғана оған жол ашылғаны жайлы баяндайды.
«Жаңа мектеп» журналының бірнеше санында жарияланған алғашқы нұсқасы мен кейінгі латын тілінде жөнделген 1936 жылғы нұсқасы жеке кітап болып шыққаны, және сол жылы латыннан кириллицаға түсіріліп, машинкаға басылған, жазушының өз қолымен түзетілген 3 данасының жазушының жеке қорында сақталғанын, ал соңғы нұсқасы 1960 жылы жарияланғанын, онда «повестің оқиғасы мен көркемдік шешіміне өзгерістер енгізіп, стильдік түзетулер жасап,қайтадан өңдеп шыққанын, соңғы нұсқада 15 адам, жер аттарына байланысты жазушының бір бет көлемінде қарындашпен жазылған қолжазбасы барлығы туралы әдеби фактілер келтіріледі.
Екі нұсқаны салыстыра, зерделей оқыған адамға М.Әуезовтің алғашқы қалам тартысына жатпайтын, заманның ығы мен саясаттың салқыны сезіліп тұратын суреттеулерді көптеп кезіктіруге болатынын, алайда, жазушы шеберлігінің өзі сонда, сол сөлекет сөйлемдердің өзі шығарманың өн бойына тарап кірігіп кетіп отыруында екендігін зерттеуші нақты мәтіндер негізінде нақтылап, ғылыми тұрғыдан тұжырымдайды.
А.Болсынбаева бірінші нұсқаның (1927) құрылымы жеті бөліктен, 23.373 сөзден тұратынын, ал кейіпкерлер саны-15 екендігін, екінші нұсқа (1960) құрылымы сегіз бөліктен, 21.918 сөзден тұратынын, бірінші бөлімнің тыңнан қосылғанын, ондағы кейіпкерлер санының 23-ке жеткенін ғылыми дерек ретінде ұсынады.
Егер де салыстыратын алдыңғы нұсқа болмағанда, екінші нұсқаны мүлде жаңа туынды ретінде қабылдауға да болатынын ескертеді, зерттеуші.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Қаныкейұлының «М.О.Әуезов және ұлт тәуелсіздігі (М.Әуезов көсемсөздеріндегі ұлт тәуелсіздігі 1917-1920 жылдар)» деген тарауында ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларымен бірге М.Әуезовтің де қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени-ағартушылық мәселелерін көтерген көптеген көсемсөздер жазып, халықтың намысын оятып, ұйықтап жатқан санасына сәуле түсіруге, өз заманының мұң-мұқтажын батыл көтеруге белсене атсалысқанын айғақтайтын тарихи деректер, құнды құжаттардан сілтемелер молынан келтіріліпті. Мәселен, демограф-ғалым М.Тәтімовтің мәліметі бойынша 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жазалау кезінде ресми дерек бойынша 600 мыңға жуық адамның өлтірілгені, осы кезеңде белең алған аштық салдарынан 950 мың қазақ, (немесе жергілікті тұрғындардың 18-19 пайызы) апат болуы, шет елдерге 400 мың адамның біржола қоныс аударуы, соның салдарынан кеңестік дәуірдегі қазақтардың саны 1.350 мың адамға, яғни 25-27 пайызға қысқарғаны, т.б. фактілер кім-кімнің жанын түршіктірері сөзсіз.
Қазақтың ұлттық құндылықтары мен өздерінің заңды тарихи отанын, жерін, тілін, ділін, малы мен шұрайлы қонысын тартып алып, алапат қауіп төндіріп келе жатқан отаршылдыққа қарсы оқығандарды біріктіретін білектің күші емес, білімнің күшімен күресуді көксеп түрлі ұйымдар құрып, халықтың-көзі, құлағы, сөзі болған басылымдар, ондағы ел санасын оятарлық ойлы мақалалар екендігіне жете көңіл бөлген зерттеуші жазушынының 1917 жылдан 1932 жылдар аралығындағы публицистикалық еңбектеріне жан-жақты талдау жасайды.
Ол М.Әуезовтің өз заманында өзгеше жол ұстанып,алабөтен ой айтқан қайраткерлігіне қоса ұлт мәселесін қоя білу мен жол нұсқап, жөн сілтеуде де асқан көреген, реформатор болғандығына өз тарапынан ғылыми болжамдар жасайды.
ХХ ғасыр басында қазақ халқының ұлт тәуелсіздігі жолындағы мүддесін көксеп, мәселе көтерген М.Әуезовтің «Қырдағы елге», «Қазақ қызметкерлерінің міндеті», «Сот», «Не себептен?», «Қазақ қалам қайраткерлеріне» (ашық хат, 1922), «Шаншар»журналы туралы», «Жалпы театр өнері мен қазақ театры», «Қазақстан мемлекет театры», «САКУ-дің оқушылары мен оқытушылары», «Қазақ жаңа емлесі туралы декрет», «Қазақстан шаруасының қалпы мен байлаулы қазақ жастарының міндеттері» мақалаларындағы қазақтың мұң-мұқтажы әлі де өз құндылығын жоймаған. Тәуелсіздік жылдары ғана ұлы суреткердің ұлт мүддесі тұрғысындағы еңбектерінің «бағы ашылып», оларда сөз болған ел бірлігі, мемлекет келешегі, ұрпақ тағдыры, руханият мәселелері өзінің өрісті ойларымен өміршеңдік танытып отырғаны туралы Ермек Ханыкейұлы осы мақаласында орынды пікірлер айтып, жақсы тұжырымдар жасайды.
Жалпы, «М.О.Әуезовтің көркемдік дүниетанымдық ізденістері (1920-30 жылдар)» атты ұжымдық жинақта жазушының ғасыр басындағы әр жанрда жазып, ұлт руханиятында жоғары бағаланған көркемдік-эстетикалық ізденістері мен ұлт тәуелсіздігі жолындағы қаламгерлік әрі қайраткерлік қызметтері бүгінгі заман талабына сай соны серпін, тың таным тұрғысынан зерттеліп, өздерінің ғылыми мақсатын жоғары деңгейде орындап шыққан деп айтуға болады.
2006-2009 жылдардағы ғылми Жоба негізінде жүзеге асырылған жүйелі жұмыстың жемісі болған – «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті». –(Алматы: Арда, 2009. – 488-бет. Жауапты шығарушы Е.Қаныкейұлы) атты ұжымдық монографиясының 1-ші бөлімі «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ романындағы эпикалық баяндау үрдістері» (Б.Майтанов), «Заманалық сарын және М.Әуезовтің шығармашылығы» (Т.Әкімов), «Мұхтар Әуезов дәстүрі және қазақ әдебиетінің даму үрдістері» (К.Сыздықов) деген тараулардан құралса, 2-ші бөлім: «Қазіргі қазақ прозасындағы М.Әуезов дәстүрі» (Р.Әбдіғұлов), «М.О.Әуезов шығармаларындағы фольклорлық мотивтердің қазіргі қазақ әдебиетіндегі көрінісі» (С.Майлыбаева), «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ драматургиясы» (К.Рахымжанов), «Әдеби мұра және М.Әуезовтің текстологиялық ұстанымдары (тарихи тақырыптағы драмалық шығармаларының негізінде)» (А.Болсынбаева) «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ повесі: стиль поэтикасы» (Е.Қаныкейұлы) атты тараулардан тұрады. Ал, 3-ші бөлім «Вопросы изучения казахско-русских литературных связей в научных трудах М.О.Ауэзова» (Д.Қонаев), «Проблема национальной независимости в творчестве М.О.Ауэзова» (Р.Қайшыбаева), «Хронотоп в прозе М.О.Ауэзова и связи писателя с литературой народов Казахстана» (А.Темірболат) деген орыс тілінде жазылған тараулардан тұрады.
Ұжымдық еңбекте М.Әуезов және қазіргі қазақ жазушылары шығармаларындағы көркемдік дәстүр мен жаңашылдық ізденістеріндегі идеялық-концептуалдық, стильдік-дүниетанымдық, образдық-баяндаушылық аяларда байқалатын ортақ сарын, өрнектердің генезисі мен бүгінгі беталысы қарастырылған.
Жоғарыда аталған тарау авторлары әрқайсысы өз тақырыптары төңірегіндегі мәселелерді мұқият зерттеп, оларға ортақ – М.О.Әуезовтің түрлі жанрлық түрдегі туындыларындағы көркем мәтін мәселелері, жазушы шығармашылығына әлемдік және ұлт әдебиеті үздік үлгілері мен сол кезеңдегі әдеби үрдістің әсері, олардың кейінгі көркем прозадағы даму заңдылықтары, шығармашылық зертхана мен текстологиялық жұмыстар жәйі және стиль даралығы тұрғысынан талданып, зерттеледі.
Мәселен, «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ романындағы эпикалық баяндау үрдістері» атты тараудың авторы Б.Майтанов жазушы шығармашылығының өз кезеңі мен кейінгі қазақ прозасының көркемдік кеңістігі мен тақырып аясының кеңеюіне, кәсіби деңгейдің дамуына дәнекер болған дәстүр сілемдеріне, жеке қаламгердің қолтаңбасына тән эпикалық баяндаудың ерекшелігіне, сөз өнерін өрнектеудегі – эпитет, теңеу, метафоралардың көркемдік қызметіне аналитикалық сараптаулар жүргізеді. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» атты романындағы ақын тағдырын зерделеудегі дәстүр тағлымы мен әр талантқа тән өзіндік стиль даралығы салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан талданады. Бұл тарауда автор мәтін құрылымындағы эпитеттің сезімдік құбылыстарды және кейіпкердің жан дүниесін ішкі мағынасымен нанымды бейнелеудегі көркемдік міндетін айқындауды мақсат тұтқан. М.Әуезовтің «Абай жолындағы»эпитеттерді мазмұн, құрылымына қарай жіктеп, жүйелеудегі міндеті мен ой мен сөзді бейнелеудегі көріністерін, көркемдік сипатына әдебиеттану ғылымындағы теориялық тұжырымдар талабынан қарап, талдау жүргізеді. М.Әуезовтің өзге жазушылардан ерекшелеп тұратын лексика байлығы, тың синтаксистік өрімі, соны стилистикалық тәжірибелеріне еліктемеген қаламгерлердің болмағанын, олардың қатарына Ғ.Мұстафин, Т.Әлімқұлов, З.Қабдолов, А.Нұрманов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, Р.Тоқтаров, Т.Тілеухановтарды атап өтеді.
Осылардың ішіндегі Р.Тоқтаровтың «Абай жұмбағы» деген роман жазып, ақын тағдырына өз кезеңі, өз көзқарасы тұрғысынан талдау жасағанын, осы кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болғанын, мұнда да эпитет мысалдарының молдығын, әдеби дәстүрді жарасымды жалғастырғанына көңіл аударады. Зерттеуші «Абай жолы» жазылған кезең мен Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» дүниеге келген мезгіл екі басқа екендігін, бірінде эпикалық баяндау ашық түрде басым келсе, екіншісінде психологиялық нарратив алғашқы кезекке шыққанын сөз етеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жазылып, біздің санамызға сіңген Абай ақын өмірі мен өнеріне еркін ой, таза көркемдік талап тұрғысынан жаңаша сараптама жасаған Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағына» бүгінгі көзқараспен талдау жүргізеді, ондағы эпитеттерге мысалдар келтіріп, мазмұндық, көркемдік ерекшеліктерін айқындайды.
«Табиғат және тұлға» атты тараушасында М.Әуезов психологиялық паралеллизм тәсілін алғашқы шығармалары мен «Қараш-Қараш оқиғасында» асқан шеберлікпен пайдаланса, «Абай жолында» ол түрлі сезімдік шақтарда табиғи фон немесе мекеншақтық (хронотоп) бірлігі ретінде әр алуан геоморфологиялық, эстетикалық, танымдық, философиялық қызметтер атқарғанын анықтайды.
«Заманалық сарын және М.Әуезовтің шығармашылығы» атты тараудың авторы Т.Әкімов М.Әуезовтің бай әдеби мұрасы күні бүгінге дейін жан-жақты, бүкіл қыр-сырымен, өзіне лайық сипатымен зерттеле қоймағанын, әсіресе кеңестік дәуір шындығын жазудағы талпынысы,кең ауқымды эпикалық стильді ұнататын жазушының «дәуір қаһармандарының сом бейнесін жасау ойы роман-эпопея жазуды 4 томға жоспарланған тетралогиясының бесінші томы «Өскен өркен» жарым жартылай, оның өзі әлі толықтырылып пысықталмаған нұсқасында қалып қойғандығын, кеңестік дәуірдің жақсы, жағымды жаңалықтарына (халықтың жаппай сауаттануы, рухани өміріміздің өркендеуі, әйел-аналардың теңдігі, өркениеттің қала-ауыл өміріне енуі) шын ниетімен қуанып,аз уақыт ішінде «Октябрь үшін», «Түнгі сарын» пьесалары мен «Тұман айығарда», «Колхоз үшін күрес», «Тоғыз тарау» (бұл романы үшін баспамен келісім шартқа да отырып қойған). Сондай-ақ «Түнгі сарын», «Бекет», «Айман-Шолпан», «Ақан-Зайрадан» басқа да көптеген әңгіме, очерк, пьесаларының жаңа заман тақырыбына арналғандығын, бұл еңбектердің бір мезгілде бірнеше жанрда жазылуының өзі жазушының шығармашылық құлшынысын танытатынын тиянақтап, баяндайды. Мәселен «Тұман айығарда» атты романының жоспары «Түнгі сарын» пьесасының жоспарымен бір дәптерге жазылғанымен, пьеса сахналанып, роман жарыққа шықпай қалғанынан ақпарат береді. Кеңестік кезеңде өзгеріске ұшырап, колхоз,поселке салынулары, оқыған қызметкерлердің бейнелері мен олардың арасындағы қақтығыстар 10 тарауға жоспарланғанымен жазылмай қалғандығын, «Тастүлек» деген «ұзақ әңгімесінде» 1930 жылдардағы ашаршылық зардабы туралы жазылмақ болғанымен, аяқталмай 5 беттік жоспарының қолжазбасымен қалғандығы жөніндегі ойлары көптеген құнды ғылыми мәліметтер беруімен бағалы.
Т.Әкімовтің тарауында жазушының шығармашылық зертханасына, жаңа заман туралы жазылған және жазуды жоспарлаған туындыларының тарихы туралы көптеген құнды құжаттар, әдеби деректер кездеседі. Оның көпшілігі жалпы оқырман қауымға әлі күнге дейін белгісіз. Әрі десе бұл ұжымдық монография аз тиражбен институт көлемінде ғана таратылатын болғандықтан көпшілікке таңсық тарихи деректерге көбірек тоқталып, жазушы шығармашылығының «ақтаңдаққа» айналған кезеңінен кеңірек ғылми ақпарат беруді дұрыс санадық. Ұжымдық зерттеулердегі тарауларға тоқталғанда бірі шағын, бірі ұзап кету жағдайларының сыры мен себебі осында деп білген жөн.
1930 жылдары жаңа заман тақырыбына тағы да «Құм мен асқар биік» (бұл кино-әңгімеден кейін, 1943 жылы» Райхан» кинофильм түсіріледі), «Шатқалаң», «Бүркітші», «Үш күн», «Қасеннің құбылыстары», «Ақ қайың» деген шығармалар жазылады. Зерттеуші «Шатқалаң» повесінің бірнеше нұсқада жазылғандығына байланысты бірінде бар кейіпкер, екінші нұсқасынан кездеспейтінін, кейбіреулері қысқарып қалса, кейбіреулерінің жаңадан қосылғандығын ғылыми жүйемен талдап, түсіндіріп отырады. «Ақ қайың» туралы тың фактілер де қызғылықты оқылады.
1940 жылдары тек «Абай жолы» романының жазылуына көңіл бөлген жазушы өз заманының көркем шежіресін жазуды да ұмытпағандығын, осы орайда «Қазақ эпосы мен фольклоры», Абай өмірі мен шығармаларына қатысты орыс тіліндегі зерттеулері, «Әр тынысың отан дейтін күн бүгін», «Ерлік-елдің сыны», «Конвейерде күй мығым», «Жеңеміз біз, жеңеміз», «Асыл елдің алып ұлы», «Шабдар ерге бай не дер», «Ақын елінде», «Жыр жалауы Амангелді», «Қазақ бөлімі», «Ер серігі сергек ой» деген очерктері мен «Бес дос», «Гвардия алға», «Намыс гвардиясы», «Қара қыпшақ Қобыланды» деп аталатын пьесаларын әрі қазақ, орыс тіліндегі көптеген мақалалар жазғандығын, соғыстан кейін «Асыл нәсілдер» атты әңгіме де, пьеса да жазғандығын және «Үшқоңыр жайлауында», «Воршилов атындағы совхозда» дейтін очерктер, «Алуа» пьесасы мен «Әйел жолы» кино-әңгімесіндегі әйел теңдігінің кеңестік кезеңде қалай өзгергені жайлы ойлары «Бақталай», «Зорталай», «Большая судьба», «Ее доля», «Из дали веков», «Путь женщины», «Такой не бывало» деп бір-бірінен едәуір айырмашылықтары бар нұсқаларының барлығы жөніндегі әдеби деректер де бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін құнды екендігі күмәнсіз. Жаңа заман жөнінде пьеса да, роман да жазбақ болғандығын эпопеяның соңғы кітабын аяқтау кезінде жазған «О трудах настоящего и ближайшего» (244-бума, 34-б), «Добавление о последних работах» (34-б),«Над чем работаю» деген жазбалары айғақтайды.
Әуезовтанушы ғалым Керімбек Сыздықовтың «Мұхтар Әуезов дәстүрі және қазақ әдебиетінің даму үрдістері» деген тарауында ұлы суреткердің ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастаған барлық жанрлық түрлерде, әсіресе көркем проза мен драматургияда қалыптастастырған әдеби, мәдени дәстүрлеріне, тарихи тақырыптың негізін салып, үздік үлгісін жасап, әлемдік деңгейдегі шығармалар жазғаны, көркем әдебиет тілінің ерекшелік қасиетін кейінгі толқынға тағлым етуіне ғылыми шолу жасап, осы реттегі әдеби-көркем сындағы ой-пікірлерін жинақтап, жүйелеген.
Ұжымдық жинақтың екінші бөліміндегі «Қазіргі қазақ прозасындағы М.Әуезов дәстүрі» атты тарауды орталықтың ғылми қызметкері Әбдіғұлов Рафат жазған. Мұнда дәстүр мен жаңашылдық категорияларының әдебиет пен философиядағы әдеби-теориялық анықтамаларын арнаулы сөздіктерден ала отырып, осы салада жазылған, қорғалған ғылми еңбектердің методологиясы негізге алынған. Автор бұл еңбекте Әуезов дәстүрімен байланысы зерттеле қоймаған соңғы жылдарда жарияланған прозалық шығармаларды нысанаға алған. Атап айтсақ, М.Мағауиннің «Шаһан шері» романы, С.Асылбеков пен Ж.Шаштайұлының әңгіме-повестерін, «Көксерек» повесінің көркемдік ұстанымдарының көрінісін О.Бөкейдің, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтың табиғатты, жануарлар әлемін тақырып етіп алған шығармаларының көркемдік желілерімен салыстыра қарастырады. Жазушының «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі мен «Қилы заман» романының көркемдік дәстүрлерін Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жұлдызды көпір», «Қызыл көпір», «Тамұқ» романдарынан іздестіреді.
«Қорғансыздың күні», «Өткен өмір», «Бір оқиға» деген тараушалардан тұратын еңбектегі ғылыми жұмыс зерттеушінің М.Әуезов прозасының дәстүрлі көркемдік кестесін, стилін анықтау үшін өзінше құрып алған 9 түрлі жоба (жазушының өмірлік материалды таңдауы,өмірлік материалды көркемдік тұрғыда игеру мақсаттары,өмір шындығы мен көркемдік шындықтың арақатынасы, баяндаушы мәселесі, көркем бейне жасау, прототип және көркем бейне, өмірлік материал және көркем идея, сюжет, композиция) негізінде жанрлық ерекшеліктеріне қарай емес,тақырыптық-идеялық, көркемдік тұрғыдан жіктеліп, қарастырылады.
Ұжымдық еңбектің екінші бөліміндегіндегі Санагүл Майлыбайдың «М.О.Әуезов шығармаларындағы фольклорлық мотивтердің қазіргі қазақ әдебиетіндегі көрінісі» деген тарауында қазіргі қазақ прозасындағы фольклорлық сарындарда байқалған суреткердің әсерін жас қаламгерлер Әлсейіт Ақпанбетұлының шығармасы «Қансонарды» «Қорғансыздың күнімен», Мақсат Мәліковтің «Қанды қолын» «Қасеннің құбылыстары» мен «Кінәмшіл бойжеткен» желісіне ұқсас жазылғандығын, Мирас Мұқашұлының «Ит жанарындағы жас», Сламхан Жақыбайдың «Ақазудың ажалы» және Асқар Алтайдың «Түсік», «Казино», «Лайбаран», «Кентавр», «Тұл» әңгімелерінде «Көксеректің» әсері бар екендігін салыстыра отырып, талдайды. 2004-2005 жылдардағы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған жас толқынның туындыларындағы фольклорлық мотивтер мен М.Әуезовтің әсері осы тарау бойында баяндалады. Алайда әдеби ортада әлі жақсы таныла қоймаған кейбір талапкерлердің туындыларындағы суреткердің әсері әсіре бағаланып, салыстыруы да сенімсіздеу көрінеді. Жастары шамалас, бірақ кезеңдері мен суреткерлік шеберліктері сәйкес келмейтін екі толқын арасындағы шығармашылық әсер, іздену, талаптану, зерделеу мәселелері бүгінгі күн тарапынан жаңаша бағамдалған.
Филология ғылымдарының кандидаты Келіс Рахымжанов «М.Әуезов және қазіргі қазақ драматургиясы» атты тарауында жазушының қазақтың әр тойында болатын беташар, сыңсу, қоштасу, ақындар айтысы, ат жарыс, палуан күресі театр өнері үшін дайын көрініс деп бағалағанын, олардың «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы билік сценасы, «Қобыландыдағы» эпостық сюжет пен композиция, «Қарагөздегі» беташар, жар-жар, ақындар айтысы, «Ақан-Зайрадағы» атжарыс, той үстіндегі суреттер арқылы көрініс тапқанын баяндайды.
М.Әуезовтің бұл саладағы шығармашылығын қазақ драматургиясының тарихы мен оның өсу, даму кезеңдерімен, ұлттық театр өнерінің көшбасшыларының туындыларымен салыстырған автор осынау бай тәжірибенің бүгінгі жарқын көрінісі ретінде Мұрат Әуезовтің ұйымдастырумен Сорос қорының конкурс нәтижесінде «Арыс» баспасынан 2006 жылы жарық көрген «Театр-өмір» атты екі томдық пьесалар жинағына енген 30-ға жуық туындыға шолу жасай отырып, бүгінгі қазақ драматургиясының жетістіктері мен кемшіліктеріне назар аударған. Зерттеушінің Б.Тоғысбайұлы, А.Шаяхмет, С.Асылбеков, Т.Алшынбай, Ә.Ақпанбет, Ж.Әлмешұлы, Р.Мұқанова, И.Сапарбай, Ә.Файзуллаев, Т.Ахметжан сынды драматургтардың туындыларындағы көркем шығармаға қойылар эстетикалық талаптың артқаны жөніндегі ойлары орнықты «Әдеби мұра және М.Әуезовтің текстологиялық үстанымдары (Тарихи тақырыптағы драмалық шығармаларының негізінде)» атты тараудың авторы А.Болсынбаева жазушының драмалық туындыларын текстологиялық тұрғыдан зерттелуінің әлі де кенже қалғанын, көп шығармаларының сол кезеңдегі саяси жағдайға байланысты жиі өзгертіліп, өңделгенін, соның салдарынан бірнеше нұсқалардың дүниеге келгенін айта келіп, «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек» драмаларына кеңінен тоқталады: «Айман-Шолпан» пьесасының алғашқы нұсқасы (1934ж) 4 перделі,күйлі пьеса делінсе, екінші нұсқасы 4 актілі,бес суретті, күйлі пьеса, ал үшінші нұсқасы 4 акт, 5 картиналы комедия, драма театрларына арналған соңғы редакциясы» деп көрсетілгенін, бірінші нұсқасында 17 кейіпкер берілсе,соңғы екі нұсқада 12 кейіпкерге жеткенін нақты деректер арқылы айқындайды. Және әр кейіпкерге берілген мінездеменің де өңделгендігі, келтірілген үзінділердің қай нұсқада бар екендігі мен кейіннен алынып тасталғаны, оның сырлары мен себептері талдау барысында кеңінен әңгімеленеді. Небір қызықты, бұрындары беймәлім құнды мәліметтер жазушы мұрағатындағы өз қолымен өңделіп, өзгертілген нұсқаларды салыстыру арқылы анықталады.1-2 нұсқалары ақ өлеңмен, ал 3-шісі қара сөз үлгісінде жазылғанын, алғашқы нұсқаның ешқайда жарияланбай,жеке мұра ретінде қалғандығын автор талдау барысында жан-жақты ашып береді. Тап осындай талдау тәсілі «Хан Кене», «Бекет батыр», «Қара Қыпшақ Қобыланды» пьесаларына да қолданылады.Сондықтан оларға ұзақ-сонар тоқталу міндет емес. «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ повесі:стиль поэтикасы» атты тарау авторы филология ғылымдарының кандидаты Е.Қаныкейұлы стиль ұғымының анықтамаларына тоқтала келе жазушының суреткерлік машығының қалыптасуына әсер кеткен 3 бастау – халық ауыз әдебиеті, Абай әсері,орыс пен батыс әдебиеті екендігін,оның әдеби, публицистикалық, қоғамдық саяси және әдеби-сыни, ғылми (5) стилі болғандығын осы бағытта жазылған шығармаларын талдау арқылы оның өмір шындығын өзінше тани білу, сезіну, тақырыпты өзінше игеру, өзінше ой толғап,бейнелеп айту арқылы танылатын суреткерлік шеберлігі, дара қолтаңбасы туралы өз тұжырымын жасайды. Е.Қаныкейұлы қазіргі қазақ прозасында өзіндік стилі қалыптасқан көрнекті жазушылар А.Сүлейменовтің «Адасқақ», «Қара шал», «Ақ кемпір» әңгімелерін, М.Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаятын, Д.Досжановтың «Құмда қалған кемелер» атты әңгімесі мен «Келіншектаудың көгілдір бояулары» деген повесін «М.Әуезов және қазіргі қазақ повесі: стиль поэтикасы» тақырыбы аясындағы талдауына зерттеу нысанасы етіп, оларды стиль поэтикасы тұрғысынан талдап, әрқайсысының көркемдік дүниетанымын, баяндау үлгісін, сөз қолдану ерекшелігін М.Әуезовтің әдеби мұрасымен салыстыра зерттейді. Осы ретте 3 мәселеге, атап айтсақ, қазіргі қазақ повесінің көркемдік деңгейіне, шығармалардың композициясына, әдіс-тәсілдеріне, стилистикасына мән беріліп, олар М.Әуезовтің әңгіме-повестерімен салыстырылады. Әр шығармадан алынған үздік үзінділер, баяндау тәсілдері, сөйлеу мәнері, жазу машығы, образ сомдау мен ой-идеяны жеткізу жолдары, стиль ерекшеліктері М.Әуезов дәстүрі бүгінгі көркемдік деңгей тұрғысынан талданып, оның тағлымды тәжірибесі толығымен көрініс табады.
Үшінші бөлімде орын алған филология ғылымдарының кандидаты, «Әуезов үйі» мәдени-ғылыми орталықтың жетекшісі Диар Қонаевтың «Вопросы изучения казахско-русских литературных связей в научных трудах М.О.Ауэзова» деген тарауында жазушының ғылыми еңбектеріндегі қазақ-орыс әдебиетінің байланысы сөз болады. Тек өз заманы ғана емес күні бүгінге дейін өзінің өзектілігімен зәрулігін туғызған ұлы суреткердің ғылыми теориялық тұжырымдары, әлеуметтік-эстетикалық ойлары, театр, кино, музыкалық өнер, әдебиет тарихы, көркем сын, аударма, драматургия, әдеби байланыстар, ұлттық және жалпы адамзаттық рухани құндылықтар жөніндегі мағына мазмұны терең толғақты ойлары қашанда рухани қажеттілікке ие.
М.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық шығармалар жинағына енген белгілі, көбісі бұрындары белгісіз болып келген ғылыми зерттеу еңбектері біздің ұлттық ғылымға қосылған құнды дүниелер болып табылады. Тарау авторы Д.Қонаев сондай-ақ жазушы мұрағатында әлі де не әдеби, не ғылыми айналымға енбеген жазушының өз қолымен жазылған, алайда көбінде толық аяқталмаған, жазар ойларының жоспар нобайын түсірген талай тылсым сырлар мен тағлымды тарихи, ғылми, көркем ойлар тұнып жатқан мұралардың бар екендігін, егер де олардың бәрі қазіргі қазақ әліпбиіне түсіріліп, жарық көретін болса ғұлама ғалымның ғибраты мол мұрасы әлі де толығып, ұлттық рухани құндылықтарымыздың қатары мол мағлұматтармен толығарын мәлімдейді.
М.Әуезовтің ғылымға келу жолы мен зерттеу еңбектеріне толық түрде ғылыми шолу жасаған Д.Қонаев М.Әуезовтің қазіргі қазақ әдебиетінің тарихи, теориялық мәселелеріне арналған «О традиционном и новаторском в современной казахской литературе», «Рожденная революцией», «Современный роман и его герой», «Размышления об эпосе семилетки», (кейіннен, 1959, 1961 жылдары «Мысли разных лет», «Әр жылдар ойлары» деген тақырыпппен жеке жинақ болып жарияланған) деген мақалаларындағы қазақ, орыс және өзге де ұлт әдебиеттерінің байланысы, аударма мәселесі, қазақ оқырмандарын әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен таныстыру секілді толғақты ойларына тоқталады. Жазушы кітапханасындағы әлем әдебиетінің інжу-маржандарына, дүниежүзілік әдебиеттану ғылымына қатысты теориялық құнды зерттеулердің көптігіне,осы арқылы өскен жазушының ғылыми өресі мен көркемдік кеңістігіне көңіл бөледі. М.Әуезовтің зерттеулері мен көркем шығармаларында баса көрінетін екі бағыт: қазақ-орыс әдебиетінің байланысы, әсіресе Абай мен Пушкин шығармашылығына қатысты ойлары, сондай-ақ орыс зиялалырының дала данышпандары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсариндерге әсері жөнінде көптеген еңбектер жазғанын, атап айтар болсақ, «Достоевский и Чокан Валиханов», «Традиции руского реализма и казахская дореволюционная литература», «Манас», «Эпос и фольклор казахского народа», «Сказки», «Айтыс», «Козы-Корпеш –Баян сулу», «Проблемы изучения истории казахской литературы», «Рожденная революцией» және Ш.Уәлихановтың 5 томдық толық шығармалар жинағына редколлегия мүшесі ретінде белсене атсалысқаны да ақиқат.
М.Әуезовтің 1948 жылы 15 мартта республикалық семинарда «Абай Кунанбаев – казахский классик» деген баяндамасындағы Шоқан Уәлихановтың Достоевский, Дуров, Майков, Ядринцев, Потанинмен, ал Ыбырай Алтынсаринның Ильминскиймен, Абайдың Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьевпен болған рухани байланысы, кімге де үлгі болар адал достығы жөніндегі ойларына және өзі мен замандастарының шығармашылығына игі әсер еткен Л.Толстой, Тургенев, Чехов, М.Горький, В.Маяковский, М.Шолохов сынды орыс суреткерлерінің көркемдік әлемі жайлы мағлұматы мазмұнды, мағыналы да мәнді пікірлеріне тоқталады. Әуезовтің әсіресе М.Горький шығармашылығының қазақ әдебиетіне еткен әсері жөнінде «Лучший друг национальных литератур», «Наше общее дело» деген бірнеше мақалада жан-жақты салыстырмалы әдіспен зерттеу жүргізгені жөнінде жаңаша пайымдаулар жасайды.
Д.Қонаев зерттеулерінің ең құнды қасиеттерінің бірі – жазушы мұрағатындағы бұрындары не әдеби, не ғылыми айналымға түспеген тың деректерді, жаңа еңбектер тізімін беріп, ұлы тұлғаның бізге беймәлім толғаныстарына ой түрткі жасауы дер едік. Мәселен, зерттеуші келтірген мына мағлұматтар келешекте талай тың ізденістерге із салары сөзсіз: (М.О.Ауэзов. Выступление на заседании актива Комиссии по литературам народов СССР.4 февраля 1957 г.Архив СП СССР Опись 25, дело 26; Выступление на обсуждении казахской прозы во время декады казахской литературы и искусства в Москве 17 декабря 1958 г.Рукописный фонд НКЦ «Дом Ауэзова» п. 228; Выступление на 14 пленуме Союза писателей СССР. Рукописный фонд НКЦ «Дом Ауэзова». п.241; выступление на обсуждении рукописи «Истории казахской литературы». Рукописный фонд НКЦ «Дом Ауэзова». п.228.и многоие другие). Осынау мол мұраны игеріп, ондағы жазушының әлемдік және орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланысы, олардың көрнекті өкілдерінің ұлттық сөз өнеріне еткен әсері мен шығармашылық тәжірибелері жөніндегі пайымды пікірлеріне автор тарапынан жасалған теориялық талдаулар қазақ әдебиеттануы үшін жаңалығы мол құнды дүние екендігі даусыз.
«Проблемы национальной независимости в творчестве М.О.Ауэзова» атты тараудың авторы филология ғылымдарының кандидаты Раушан Қалиқызы Қайшыбаева ұлттық тәуелсіздік мәселесінің жазушы шығармашылығындағы көрінісін оның көркемдік ойлау жүйесімен тығыз бірлікте қарастырады. Өйткені, өзін ұлтының ары мен абыройы санаған суреткердің титтейінен тұлабойындағы әрбір тамырдың соғысы тек қазақтың қаны мен қамымен қайнап тіршілік кешкендіктен бұл мәселені кешенді түрде қарастыруға тура келеді. Бала кезден Абайдың даналығынан дәріс алып, бүткіл қазақтың қамын жеуге жастайынан дағдыланған дарын иесі өмірінің соңына дейін өз ұлтының тағдырына, тіліне, рухани қажетттілігіне талмай, табанды әрі адал еңбек етті. Абай жырларымен ауызданып, Алаш зиялыларының ұлттық идеяларымен қаруланған, әлемдік және орыс әдебиеті көрнекті өкілдерінің ағартушылық-демократиялық ойларынан тағлым алған талантты тұлғаның ұлтжанды қасиеті кімге де болса үздік үлгі. М.Әуезовтің табиғаты мен шығармашылығына тән осынау ұлы қасиеттерді кешенді түрде зерделеген зерттеуші Р.Қайшыбаева ұлттық құндылықтар мәселесі қозғалған барлық тарихи туындыларын, драмаларын, көркем әңгіме-повестерін тек ел тәуелсіздігі тақырыбы тұрғысынан қарастырады. Әсіресе, ұлт тарихы мен табиғаты, тұрмысы мен өмірі, салт-дәстүрі түгел қамтылған «Еңлік-Кебек» пен «Хан Кене» пьесаларының көркемдік әлемін тұтас қарастырған ғалым көркем мәтіндегі автор ойы мен жазушының осы шығармаларын жазу, жариялау, одан кейінгі қазақ әдеби-сынындағы тарихы жайлы мәліметі бай мұрағат құжаттарына сүйене отырып, зертханалық шеберханасының құпия сырларына тереңірек үңіледі.
М.О.Әуезовтің әлеуметтік, саяси,адами және көркемдік идеясымен шебер үндесіп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет тарихи тақырыптардың тұсауын кескен «Хан Кенені» жазу (1928 ж) мен сахналау (1934) аралығындағы таусылмайтын толықтыру, өңдеу, өзгерту секілді тынымсыз ізденістеріне тоқталған ғалым ұлттың тарихи жадын жандандырып,төл тарихын қалыптастырып, дамытуға, солар арқылы ұлт санасын оятудағы шығармашылық идеяларын нақты көркем мәтін мысалдарымен ғылыми барлау жүргізеді.
Бір сөзбен айтқанда халық тағдырына, оның тарихы мен келешегіне немқұрайдылықпен қарамайтын ұлт жанашыры М.Әуезовтің әрбір туындысында төл тарихымыздың ең маңызды кезеңдері мен оқиғалары ойып орын алғанын, және олардың бәрі ұлт санасын оятып, ел тәуелсіздігіне өз себін тигізгенін зерттеуші Р.Қайшыбаева аталған екі пьесадағы автор идеясы мен көркемдік шеберлік арқылы ашып, айқындап береді.
«Хронотоп в прозе М.О.Ауэзова и связи писателя с литературой народов Казахстана (На материале рассказов двадцатых годов)» деген тарау авторы филология ғылымдарының докторы А.Темірболат ХХ ғасыр басында жазылған алғашқы әңгімелерінің көркемдік әлемін уақыт пен кеңістік категориялары негізінде зерттеген. Мәселен, «Сиротская доля» (1921) атты әңгімесінде баяндалған оқиғаның өткен кезеңі мен кеңістігі өмірлік,тарихи, діни-мифологиялық бағытта көрінуі, ондағы баяндау тәсілі риторикалық сауалдар арқылы берілуі, кейіпкерлердің ой мен сезім қозғалыстарының бейнеленуі сияқты көркемдік әлем мәселелері теориялық тұрғыдан талданады. Алғашқы жинақта А.Темірболаттың «Драматизм прозы М.О.Ауэзова 1920-1930 годов (на материале рассказов)», деген тарауында да тап осы кезең, осы әңгімелер драматизм тұрғысынан талданса, мұнда уақыт пен кеңістік, яғни хронотоп категориясы арқылы қарастырылады. Мұнда жазушының «Ученый гражданин» (1922), «Красавица в трауре» (1925), «Барымта» (1925), «Расправа» (1926), «Серый лютый» (1929) туындыларындағы уақыт пен кеңістік мәселелері әрбір деталына дейін бөлшектеніп, оқиға желісі толық баяндалады. Олардағы хронотоп категориясының көркем мәтіндегі қызметі қазіргі қаламгерлер Г.К.Бельгердің «Там, в долине», «Дождь со снегом» мен М.Т.Пактың «Однажды в декабре», «Лев» деген әңгімелерімен салыстырыла зерттеледі. М.Әуезов әңгімелерінде кездесетін риторикалық сауалдардың, музыка әуендерінің кейіпкердің ішкі сезімдерін айқындаудағы рөлдері баяндау мен бейнелеу тәсілдерінің аталған отандас қаламгер шығармаларындағы көркемдік әлеммен ұқсастықтары жайлы А.Темірболаттың талдаулары қызықты көрінеді. Олардағы ортақ көріністер мен әр жазушының өзіндік стилдік ерекшелігі мен баяндау, бейнелеу тәсілдеріне тән өзгешеліктеріне де зерттеуші өз көзқарасы арқылы ғылыми топшылаулар жасайды.
Міне, осылай салыстыру әдісі арқылы талданған туындыларда М.Әуезов прозасындағы хронотоп мәселесі Қазақстан халықтары әдебиетіндегі жазушылардың өзара шығармашылық байланысы жан-жақты қарастырылады.
Қазіргі қазақ әдебиеттануында кеңінен зерттеліп жүрген хронотоп, полифония категориялары М.Әуезовтің прозасы арқылы айқындалып, жаңаша пайымдалады.
Жалпы «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті» деген жинақта М.Әуезовтің шығармашылығы жалпы поэтика мен көркемдік тұтастық тұрғысынан қарастырылып, ондағы суреткерлік шеберліктің кейінгі жазушыларға қалай әсер етіп, жеке тұлғаның шығармашылық дәстүрі мен жаңашылдық категорияларының даму заңдылықтары бүгінгі әдеби процесс пен мәдени дискурс барысында жаңаша пайымдалып, жаңаша баға берілген деуге әбден болады. М.Әуезовтің үздік үлгісі бүгінгі қаламгерлердің туындыларындағы ізденістермен үндесіп, олардағы ортақ жетістіктер мен жеке стилдік ерекшеліктер нақты көркем мәтіндерді талдау барысында ғылми сүзгіден өтіп, сараланған.
2011 жылы еліміздің егемендікке ие болып, тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерей тойы қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы ұсынысымен «М.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» атты ұжымдық ғылыми жинақ даярланды. Бұл кітапта қазақ әдебиетінің классигі, ғұлама ғалым, даңқты драматург М.О.Әуезовтің көркем туындыларындағы ұлттық идея, тәуелсіздік тақырыбы бүгінгі көркемдік талап тұрғысынан қарастырылды. Қарымды қаламгердің әр жанрда жазылған шығармаларындағы ортақ идея-ұлт тәуелсіздігі мәселесі әр қырынан қарастырылып, олардағы рухани құндылықтар қазіргі қазақ оқырмандарының қажеттілігін өтеу мақсатына жұмылдырылды. Атап айтар болсақ, «Абай жолы» романындағы тәуелсіздік идеясы» (ф.ғ.д., проф. Майтанов.Б), «Тәуелсіздік идеясының тарихи-танымдық аялары және М.Әуезов шығармашылығы» (ф.ғ.к.Әкім.Т), «М.Әуезов әңгімелеріндегі тәуелсіздік идеясы» (ф.ғ.к.Қалиева.Ә) деген тараулар жинақтың 1-ші бөлімін құраса, 2-ші бөлім «М.Әуезов драматургиясындағы тәуелсіздік сарыны және эстетикалық мұрат», «Еңлік-Кебек», «Қарагөз пьесаларындағы тәуелсіздік идеясы» (ф.ғ.к.Рахымжанов К), «Бекет»,» Түнгі сарын» пьесаларында ұлт-азаттық көтерілісінің суреттелуі» (ф.ғ.к,А.Болсынбаева); «Ол күнгі Алматы», «Октябрь үшін» шығармаларындағы Жетісудағы ұлт-азаттық күресінің көріністері» (ғ.қ.Әбдіғұлов.Р); ІІІ бөлім бойынша «Идея независимости в научных трудах М.О.Ауэзова» (ф.ғ.к.Қонаев Д); «Әуезовтің алғашқы кезең туындыларындағы ұлттық өмір шындығы: тарихи уақыт пен кеңістік» (ф.ғ.к.Қаныкейұлы Е), «М.Әуезовтің 1930-жылдардағы әңгіме-очерктеріндегі уақыт және азаттық сарындары» (ф.ғ.к.Қалиева Ә); «Тәуелсіздік идеясының М.Әуезов шығармаларындағы көркемдік сипаты» (ф.ғ.к.Майлыбай С).
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының үш саласында, яғни әдебиет тарихы, әдебиет сыны мен теориясы бойынша соңғы жылдары арнайы және жүйелі түрде мемлекеттік тапсырыс арқылы зерттеліп келе жатқан тәуелсіздік идеясы бұл еңбекте М.О.Әуезов шығармашылығы негізінде талданады. Әлемдік әдебиеттану ғылымындағы жаңа бағыттар мен әдіснамалық зерттеулерді жете меңгеруге мән беретін теоретик ғалым Б.Майтанов кеңестік кезеңде жазылған М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан тәуелсіздік идеясын іздейді. Ұлттық сөз өнерінің шеберлік шыңын танытып, дала өміріндегі түрлі дауларда сөз тізгінін ағытар шешендік өнердің небір үздік үлгілерін танытқан туындыдағы тәуелсіздік идеясы да осы даулар мен кейіпкерлер арасындағы, тап өкілдері арасындағы пікірталастарда көрініп, жеке тұлғаның тағдыры мен тіршілік философиясымен тамырлас қарастырылады. Қай тақырыпты қарастырса да әдебиеттану ғылымының жаңашыл үрдістеріне үңіле отырып, ой айтуға машықтанған Майтанов нарратологиялық, дискурстық талдау тәсілдерін ұстанып, мәтіннің көркемдік-эстетикалық белгілеріне баса көңіл бөледі. Бұл зерттеуінде де «еркіндік архетипі» деген әдеби ұғымды басты нысана ете отырып, «Абай жолындағы» әрбір кейіпкер тағдырын анықтаған жеке бас азаттығы жолындағы азапты күрес жолдары мен іс-әрекеттерін әңгімелейді. Есік алдындағы құл мен күң кешкен құлдық өмірдің азабынан туған наразылық ақырында ұлттық тәуелсіздікке әкеп тірейтінін романдағы кейіпкерлер тағдыры дәлелдейді. Зерттеуші Абай дәуіріндегі қазақ арасындағы ішкі руаралық араздықтың зардаптарын ертеңін ойламайтын ел билеушілері ғана емес көрші ел көсемдері жақсы пайдаланып, өздерінің жымысқы пиғылдарын, саяси отаршылдық әрекеттерін жүргізгенін Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық ойлар мен М.Әуезовтің алғашқы публицистикалық мақалаларындағы маңызы зор мемлекеттік мүдделермен байланыстыра баяндайды. Өзі болмаса да әкесі Құнанбай куә болған қазақ тарихындағы Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай басқарған ұлт-азаттық көтерілісінен хабардар болған, қара халыққа жаны жақын болған Абайға патшалықтың ресми орындары күдікпен қарағаны,алайда ашық күреспен нәтижеге жету әлі ерте екендігін түсініп, таза ағартушылық жолды таңдап, бас бостандығын қорғау үшін білімді болу, өз құқығын қорғай білу басты мұрат деген мақсатты көздегенін және осы уақытқа дейін қазақ әдебиеттанушылары тарапынан жете көңіл бөлінбей келе жатқан шығарманың мәтіндік жүйесі, автор болмысы немесе автор образының поэтикасы, көркемдік-эстетикалық образдар жүйесінің жете әрі жеке-дара қарастырылмағанына қынжылыс білдіреді автор.
«Әуезов үйі» ҒМО-ның жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.Талатбек Әкімнің «Тәуелсіздік ұғымының тарихи-танымдық аялары және М.О.Әуезов шығармашылығы» атты тарауда қазақ халқының тарихында болған ұлт-азаттық қозғалыстардың (300-дей) тарихына, олардың әдебиетте бейнеленуіне, Алаш пен қазақ ұғымының бірлігіне жалпы шолу жасай келе, осы тәуелсіздік идеясымен жақсы таныс және ол ойларын алғашқы туындыларында-ақ танытып үлгерген ұлтжанды тұлға М.Әуезовтің «Өліп таусылып қаупі» деген мақаласындағы отаршылдық жүйе мен шоқындыру және орыстандыру саясатына қарсы ашық пікірлеріне тоқталады. «Қазақ қашан жетіледі?», «Қазіргі қазақ күйі» мақалаларындағы М.Әуезовтің қазақтың қашан бас бостандығын алатынын, табиғатқа жақындап, отырықшылық, егіншілік, кәсіпшілікпен айналыспай, оқу,білімді серік етіп, «әлемді адам ақылына бағындыру» мәселесіне мән бермей ұлт болып ұйысып, ел болып бірікпейтінімізге, азаттық алып, тәуелсіздік туын тіге алмайтынымызға байланысты айтқан тұжырымдарын Т.Әкім өз тарапынан бүгінгі көзқарас тұрғысынан интерпретация жасайды. Алаш зиялыларының Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов тәуелсіздік жолындағы қайраткерлік, қаламгерлік қызметтеріне, өз идеяларын жүзеге асыру жолындағы жанкешті ерлік – еңбектеріне мұнда жан-жақты талдау жасалады. Әсіресе, М.Әуезовтің алғашқы дүниелерінен басталған тәуелсіздік ойларының арқау жібі ең соңғы «Өскен өркен» романына дейін үзілмей жалғасып келгенін, тіпті бүгіндері де оның ойлары өлмес мұрасы арқылы талай толқын ұрпақты тәрбиелеп келе жатқанын және солай бола беретініне де сенімі мол екендігіне ерекше тоқталып, жазушы мұрағатындағы бұрын жарияланбаған мақалалары мен қолжазбаларындағы құнды пікірлеріне тоқтала отырып, терең талдаулар жасайды. Абай мен Мұхтар шығармашылығындағы тәуелсіздік ойлар тарихына, Құнанбаймен байланыста болған Кенесары хан туралы тарихи тың мәліметтер де Т.Әкімнің осы тарауында бұрындары белгісіз болып келген көптеген құнды мәліметтер арқылы айқындалып, жаңаша пайымдалады.
Ал, ф.ғ.к. А.Қалиеваның «М.Әуезов әңгімелеріндегі тәуелсіздік идеясы және көркемдік ізденістер» атты тарауда М.Әуезовтің өмірі мен сөз өнеріндегі барлық мұрасында жүйелі түрде орын алған алашшыл идея, көне жұрт пен өз заманындағы жақсы мен жаман қасиеттердің бірін бағалап, бірін сынай отырып, азаттық алар келер күнді көксеген көрікті ойларына әңгімелеріндегі тәуелсіздік идеясы тұрғысынан талдау жүргізеді.
Жинақтың екінші бөліміндегі ф.ғ.к. К.Рахымжановтың «М.Әуезов драматургиясындағы тәуелсіздік сарыны және эстетикалық мұрат» атты тарауында М.Әуезовтің драма жанрындағы туындыларының өзекті тақырыбына айналған тәуелсіздік идеяларына аса көңіл бөлініп, олардың көркемдік-эстетикалық жетістіктері талданады. Алаш зиялыларының басты мақсаты болған ұлт келешегі, оқу-білім, әдебиет, мәдениет мәселелерін дамыту, ұлт өнерінің барлық саласын көркейту, жалпы халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеру секілді мәселелерін өркениетті елдер қатарына қосу жәйі М.Әуезовті де бей-жай қалдырмаған. Жастайынан осындай ұлы мұраттар жолында жүйелі ізденіп, жанкешті еңбек еткен М.Әуезовтің драмалық шығармаларында сол кезеңнің күрделі қоғамдық-әлеуметтік мәселелері биік рухани деңгейде көтерілгені белгілі. Көрнекті қаламгер қаламынан туған 20-дан астам драмалық шығармаларының, ( оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Хан Кене» т.б) жазылу, сахналану, зерттелу тарихы осы көлемді тарауда жан-жақты әрі түбегейлі қарастырылады. М.Әуезов драмаларындағы даралық қасиетті зерттеуші З.Ахметовтың, З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Р.Нұрғалидың, С.Негимовтың пікірлеріне сүйене отырып, осылай ой түйеді.
М.Әуезовтің кеңестік кезеңде арнайы зерттелмеген 20-30 жылдардағы барлық жанрдағы, әсіресе драматургиядағы туындылары бастапқы түпнұсқадағы қалпына келтіріліп, осы күнге дейін көлеңкелі болып келген жақтарына тәуелсіздіктің жарығы түсіп, айтылмай келген сырларының құпия себептері ашылып, бүкіл шығармашылығының тарихы толық игеріліп, жүйелі зерттеле бастады. Дегенмен, қазір оларды түгелдей тануға деген талпыныс болғанымен олардың жеке қырлары, көркемдік әлемі әлі де жете қарастырыла қойған жоқ. Ол, әрине келешектің міндеті. Әзірге қолда барды оқырманға жүйелеп жеткізу. Оның өзі осы тәуелсіздіктің нәтижесінде қол жеткізіліп отырған мол олжа.
Бүгінгі уақыттың рухани қажеттілігін тудырып отырған тәуелсіздік идеясы –ұлт идеясынан іргесі ажырамайтын тұтас құбылыс. Өзіміздің тәуелсіздігімізді тек сөз жүзінде емес, сана-сезімімізде, рухани өмірімізде, іс-әрекетімізде орнықтырып, тұрақтандыру үшін бұл тақырыптың зерттелуі заңды. Ал, оларды нақты көркем мәтіндегі ұлттық құндылықтар тұрғысынан танып, тарихта қалдыру, ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі әдебиетіміздің басты міндеті болмақ.
А.Болсынбаеваның «Бекет», «Түнгі сарын» пьесаларындағы ұлт-азаттық көтерілісінің суреттелуі» деген тақырыптағы тарауында да К.Рахымжановтың еңбегіндегі мәселелер қарастырылғандықтан тек «Бекет» пьесасы жөніндегі пікірлеріне ғана тоқталмақпыз. Мұнда автор «Бекет» пьесасының тұңғыш рет 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №2 санында, кейін 20 және 50 томдықтарда жарияланғанын, М.Әуезовтің осы тақырыппен орысша либретто жазғанын, олардың қолжазбалары мұрағаттағы 167-бумада сақтаулы екендігін, бұл пьесаның сахналық ғұмырының қысқа болуының себебі – Есет Көтібаров басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі екендігін, оған қатысқан Бекет Серкебайұлының өмірі мен оның көркем әдебиеттегі орны жайлы нақты ғылыми мағлұматтар келтіреді. Бұл тарихи оқиғаның маңызы мен пьесаның мазмұны мұнда толық баяндалатындықтан біз оны қайталамай, тек зерттеушінің бұл шығарманың көркемдігі мен суреткердің шеберлігі, көркемдік ерекшелігі жайлы түйінді пікірлеріне ғана тоқталамыз. Бекет батырдың қаһармандық ерлігі жайлы жалғыз М.Әуезов қана емес Ә.Бөкейхановтың да қалам тартып, «Батыр Бекет» деген мақала, алғашқы қазақ журналисі Сабыр Айтқожиннің 1922 жылы «Бекет» деген пьеса жазуы, Орынбордағы орыс театрының актрисасы, драматург Н.П.Анненкова-Бернардың орыс тіліндегі «Бекетті» жазуы, оның А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мерей тойына тарту етілгені, Н.Анненкованың пьесадағы Бекеттің шешесі Ұлбосынның рөлін сомдауы, мұның жазылуына Байтұрсыновтың себепкер болуы, Бекет туралы деректердің Ғ.Ахмедовтың «Жем бойында» деген романында келтірілуі, Әуезов пьесасында патша үкіметіне ұсталып, Сібірге айдалған Бекеттің соңынан әйелі Зейнептің іздеп баруы, оның Ә.Бөкейханов мақаласында орыс декабристерінің әйелдерімен теңестірілуі, 1857 жылғы Есет бастаған көтерілісті қырғынға ұшыратқан подполковник Кузьминскийдің бір отряды ғана 164 ауылды өртесе,жазалаушы отряды қазақтың 42 мыңға жуық малын айдап,адамдарды қыруы, бұл айуандық әрекеттердің А.И.Герцен шығарып тұрған «Колокол» журналында жариялануы, бұл көтерілістің 12 жылға созылғаны,2000 жылғы «Жұлдыз» журналының № 2 санындағы Жұбаназар Асановтың «Ақпан ақын» деген мақаласында «Бекет батыр» жырының авторы Ақпан ақын деген мәліметтің келтірілуі секілді тарихи деректер де оқырманға қызықты. Бекет бастаған көтерілістердің бүгінгі жеткен тәуелсіздігіміздің жұлын тамыры екендігі тарауда егжей-тегжейлі талданып, дәлелденген.
Ғылми қызметкер Р.Әбдіғұловтың «Ол күнгі Алматы», «Октябрь үшін» шығармаларында Жетісу ұлт-азаттық күресінің суреттелуі» деген тақырыптағы тарауында еліміздің тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістердің тарихына, әсіресе М.Әуезов аса мән берген 1916 жыл оқиғалары суреттелген «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі, «Қилы заман» романы, «Ол күнгі Алматы» әңгімесі мен «Октябрь үшін» пьесасы талданады. 1932 жылдан кейін басталған жазушының астаналық өмірі Ілияс Жансүгіровпен бірге Талғар, Есік, Түрген, Кеген, Нарынқол, Қарқараны аралап, Жетісу өңірімен оның тарихымен танысудан басталады. Кейін бұл Жетісу суреттерінің «Абай жолының» Әбішке қатысты тарауында бейнеленгені белгілі. Зерттеуші «Ол күнгі Алматы» әңгімесінде Үшқоңыр, Қарғалыда болған Бекболат Әшекеев бастаған 1916 жылғы көтерілісті суреттегенін, бұл туындының түпнұсқасы сақталмай, 20 томдықтың 8-ші томында (1981ж), 50 томдықтың 11-ші томында да 1-ші жартысы, яғни 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 4 желтоқсанында жарияланғаны ғана белгілі болса, 1997 жылы Ұлттық кітапхана қызметкерлері қайта қарап газет тігіндісінің 29 қарашадағы саны шығып, бұл мұра түгенделгені ұлттық құндылығымызға қосылған бағалы дүние екендігі баяндалады.
3-ші бөлімдегі «Идея независимости в научных трудах М.О.Ауэзова» деген тарауда Д.А.Қонаев М.О.Әуезовтің фольклор, қазақ әдебиетінің тарихы, әдеби байланыс саласындағы ғылыми зерттеу еңбектеріне, 1927 жылы жарық көрісімен репрессияға ұшыраған «Қазақ әдебиеті тарихы» еңбегінен бастап, өмірінің соңына дейін Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімін басқарған кезіндегі көптеген ғылыми жұмыстарға жетекшілік еткеніне, халық ауыз әдебиетінің үздік үлгілерінің жүйеленіп, жиналуына, ұлы ақын Абай Құнанбаев пен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бай мұраларының зерттелуіне дәнекер болғанына кеңінен тоқтала келіп, 1922 –1960 жылдар аралығында жазған еңбектерінің тізімін береді (309-314-бб). Бұл тізім ұлы тұлғаның жан-жақты еңбек еткенін мәлім етеді және осы тақырыпты зерттеушілерге жақсы бағыт береді. Ал, «2. Идея независимости в научных трудах М.О.Ауэзова по истории казахской литературы» деген тараушасында жоғарыда аталған еңбектердегі тәуелсіздік идеясының көрінісіне, зерттелуіне зер салады.
М.Әуезовтің көбінде жазықсыз жазалануы, дерексіз күмән келтіру фактілерінің көп болғанына, олардың бәрі ұлы тұлғаның шығармашылығы мен өміріне зиянды зардап шектіргеніне бүгінгі тәуелсіз ой – сана тұрғысынан талдаулар жүргізеді. 1930 жылдардағы тұтқындау мен 1950 жылдардағы саяси қуғындау тарихына бүгінгі мамандардың, әдебиетші зерттеушілердің көзқарастары мен ғылыми пікірлері, М.Әуезовтің сол кездегі ( 1953) «Литературная газетаның» редакторы К.Симоновқа жолдаған хаты, «Абай жолы» роман-эпопеясын жалған жаладан арашалауға белсене атсалысқан орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, әріптестерінің моральдық қолдауларын танытатын орыстың белгілі әдебиет сыншысы К.Зелинскийдің шын жүректен жазылған жанашыр хатынан үзінділер береді. 1954 жылы мемлекет басшысы өзгеріп, осы кезге дейін арына дақ болып тиген саяси кінәлар алынып, М.Әуезов таза шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік алғанын жазушының жары Валентина Николаевнаға жазған жүрек жарды хаты арқылы дәйектейді.
Д.Қонаев М.Әуезов сынды ұлт жанашырларының ел-жұрт арасынан жанкештілікпен жинаған 530 баспа табақ көлеміндегі 165 эпостардың, 175 б.т 58 тарихи әндер мен сюжетті поэмалардың, 323 шешендік сөздердің, 186 айтыстардың, басқа да көптеген әдеби жәдігерлердің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында барлығын аса мақтаныш сезіммен мәлім етеді. Өйткені, жалғыз қазақ әдебиеті тарихында ғана емес, қазақ тарихы, мәдениеті, этнографиясы, этнопсихологиясы салаларында сүбелі орын алатын мол мұра сөз жоқ біздің ұлттық рухани құндылықтарымыз.
Еліміздің рухани егемендікке ие болуы жолында өзінің өмірі мен шығармашылық өнерін арнаған, соның жолында жанкешті еңбек етіп, ұлтымыздың жарқын келешегін көксеген ұлы дарын иесі М.Әуезовтің ғылыми зерттеу жұмыстарындағы тәуелсіздік идеясының көрінісіне тарихи деректер тұрғысынан талдау жүргізген Д.Қонаевтың еңбегі жазушының шығармашылық өмірбаянындағы әдеби, саяси, тарихи мәліметі мол мағлұматтарды мұражайдағы құнды құжаттар негізінде жария етуімен маңызды.
Е.Қаныкейдің «М.О.Әуезовтің алғашқы кезең туындыларындағы ұлттық өмір шындығы: тарихи уақыт пен кеңістік» деген тарауында жазушының шығармаларын жасанды түрде екі кезеңге (1932 жылға дейінгі, одан кейінгі мезгіл) бөліп зерттегісі келген ғылыми пікірі тарихи уақыт пен кеңістік категориялары аясында қарастырылған. Жазушының өмір кешкен кезеңіндегі қоғамдық саяси ахуалды, ұлт идеясын көтерген қазақ зиялыларына көрсетілген қысымшылық пен опасыздық ойранына бүгінгі тәуелсіз елдің жас ғалымының еркін ойлы, жаңашыл көзқарастары жарасымды әрі ойлы.
Ғалым жазушының 1917-20 жылдардағы көсемсөздеріндегі ұлттық ияделарға әрқайсысына жеке тоқталып, талдай отырып, бүгінгі күннің көзқарасын білдіреді.
Және осы еңбекте Е.Қаныкей жазушының сол жылдарда Оңтүстік өңірінен жазылған кеңестік кезеңнің жетістіктерін көрсеткен «Білекке білек», «Іздер», «Үш күн», «Бүркітші», «Құм мен Асқар», «Шатқалаң», «Істері сөйлейді», «Көктемнен бері», «Сөз алған тау сағыз бен көк сағыз», «Біз аткөшнекпіз», «Қарғалы колхозында өткізген төрт күн» сынды әңгіме-очерктеріндегі сол заманның тыныс-тіршілігін танытатын көркем шежіресіне тоқталып, «өз дәуірін дәріптемеді» деген замандас-әріптестерінің жазғыруларына жауап ретінде жазылған дүниелердің суреткердің кәсіби шеберлік деңгейінде көріне алмаса да жаңа қоғамдық – саяси жүйені жете танып бейнелегенін тарихи уақыт пен кеңістік мәселесі тұрғысынан талдайды. Ф.ғ.к. А.Қалиеваның «М.Әуезовтің 1930 жылдардағы әңгіме-очерктеріндегі уақыт және азаттық сарыны» деген еңбегінде жазушының кеңестік дәуір шындығы мен жаңа кейіпкерлер мәселесі қозғалған. «Жуалы колхозшысы», «Істері сөйлейді», «Үш күн», «Білекке білек», «Іздер», «Құм мен Асқар», «Бүркітші» сынды кеңестік идеология шеңберінде жазылған әңгіме-очерктерінің сюжеттік желісі мазмұндалып, ондағы жаңа заман талабына бейімделген жергілікті ұлт өкілдерінің ертеңгі ұрпағының тәуелсіздігі мен өздерінің жеке бас бостандығы жолындағы патриоттық сезімдері мен ерлік істері «теңдік» деген түсінік арқылы айқындалғанына ғылыми барлау жасап, өз қорытындыларын береді.
Ал, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. С.Майлыбайдың «Тәуелсіздік идеясының М.Әуезов шығармаларындағы көркемдік сипаты» деген тарауында жазушының «Қазақтың өзгеше мінездері», «Оқудағы құрбыларына» «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Өліп таусылу қаупі», «Япония» мақалалары мен «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Шатқалаң», «Тас түлек» деген туындыларындағы тәуелсіздік идяелардың қалай бейнеленуін, ондағы кейіпкерлер тағдыры мен іс-әрекеттеріндегі күрескерлік қасиеттер, жалпы шығармадағы авторлық идея мен замана шындығы қалай суреттелген деген мәселелер төңірегінде әдеби талдау жасалады. Зерттеушінің ол ойларының бәрі нақты көркем мәтіндегі мысалдармен тұжырымдалып отырады.
Жалпы, «М.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» атты ұжымдық жинақ өз алдына қойған ғылыми мақсатын жоғары деңгейде орындаған, ұлы суреткердің бүкіл шығармашылығына бүгінгі тәуелсіз еркін ойлы, жаңа сипатты талдаулар жасалған бір ғана бағытты ұстанып, бір тақырып төңірегінде жан-жақты теориялық ғылыми талдаулар жасалған жақсы еңбек деп айтуға болады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қазақстан тәуелсіздігінің ХХ жылдығына арналады» деген айдармен «Қазақ әдебиеті мен өнеріндегі тәуелсіздік идеясы» атты іргелі зерттеу жобасы негізінде жарық көрген «Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет» (Құрастырушы: Қалиева А.Қ. Алматы: Signet Rrint, 2011. 5-кітап. – 388бет.) атты ұжымдық жинақтың 5-ші кітабының негізгі бөлігін Мұхтар Әуезов шығармашылығына қатысты зерттеулер құрайды. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталықтың жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Талатбек Әкімнің «Әуезовтің тарихи, деректі шығармалары және тәуелсіздік идеясы», ф.ғ.к. С.Майлыбайдың «М.Әуезов және қазіргі қазақ повестеріндегі тәуелсіздік рухы», ф.ғ.к. К.Рахымжановтың «М.Әуезов трагедияларындағы тәуелсіздік идеясы және эстетикалық мұрат», ф.ғ.к. А.Болсынбаеваның «М.Әуезовтің «Бекет» пьесасындағы қаһармандық күрес тақырыбы» деген тарауларында ұлы дарын иесінің қазақ халқының тәуелсіз болашағын көксеген жүрекжарды ой толғаныстары тасқа қашалғандай мәңгілік таңбасын түсірген көркем шығармалары талданады. Бұл зерттеулер жоғарыда аталған «М.Әуезовтің шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» деген ұжымдық жинақта аздаған өзгерістермен жарияланғандықтан арнайы тоқталуды артық санадық. Оқимын, танысамын деген ізденушілерге сол еңбекті ұсынар едік.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталықта жазушының 28 қыркүйектегі туған күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде қалыптасқан «Әуезов оқулары» өткізіліп тұрады. 2002 жылдан бері өткізілетін «Әуезов оқулары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары негізінде жас ғалымдардың ғылыми баяндамалары жарық көріп келеді.
Соның бірі – «Ұлы тұлға ұлағаты» атты жинақ. «Әуезов оқуларының» жас ғалымдардың І халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары жинағына (Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2002. – 150 бет. Құрастырушылар: Д.Құдайбергенов, Г.Құрманғали) енген 32 автордың, атап айтсақ, Г.Балтабаеваның «Көксерек» повесі және әлеуметтік талдау», Г.Жұмасейітованың «Роль М.Әуезова и становлениии и развитии казахского национального балета», Вурал Халдунның «М.Әуезов және түрік әдебиеті», Г.Орданың «М.Әуезов пен Қ.Кемеңгерұлының шығармаларындағы ортақ тақырып», Т.Берікболовтың «М.Әуезов және Шәкәрім өлеңдерінің мәтіндік ерекшеліктері», М.Ахетовтің «М.Әуезовтің түрмедегі күндері», Б.Мүрсәлімнің «М.Әуезовтің суреткерлік қолтаңбасы («Қараш-Қараш» оқиғасы негізінде)», Айбек Мукановтың «Ауэзов-Нурпеисов. Традиции психологизма в казахской прозе», А.Болсынбаеваның «Қараш-Қараш» повесіндегі авторлық идея тұғырнамасының көріністері», А.Ментаеваның «М.Әуезов және Ж.Аумауытов прозасындағы пейзаждың көркемдік-эстетикалық қызметі», Г.Құрманғалидың «М.Әуезов және «Манас» эпосы», А.Әлібекұлы «М.Әуезовтің ежелгі әдебиет туралы ойлары», Р.Маткеримованың «Казахская литература на французском языке. От М.Ауэзова к О.Сулейменову», А.Қалиасқарованың «Абай жолы» роман эпопеясы мен «Абайдың жұмбағы» роман хамсасындағы поэтикалық үндестіктер», Д.Жақанның «М.Әуезовтің халықтық салт-дәстүрлер туралы ой-пікірлері», Ж.Досбайдың «Жүрек жылуы (М.Әуезов және Қ.Бекхожин)», С.Қамшыгердің «М.Әуезов және айтыс өнері», М.Салқынбаевтың «М.Әуезов және араб әдебиеті», Ж.Бимағамбетованың «М.Ауэзова и литература путешествий», А.Бултбаеваның «М.Ауэзов и музыка: к проблеме изучения казахского эпоса», Т.Қыдыр «М.Әуезов және Шығыс», А.Қазтуғанованың «Аспапты музыканың этномәдени құбылыс», А.Камалованың «Либретто М.Ауэзова в интерпретации В.В.Великанова», Д.Құдайбергеновтың «М.Әуезов және қорқыттану», Б.Қапасованың «Әуезов және Бабыр мұрасы», З.Ермағамбетованың «М.Әуезов тағлымы және Кәкімжан Қазыбаев шығармашылығы», Ж.Рақышеваның «М.Әуезов және «Қамбар батыр» жыры», Б.Мамырайымның «М.Әуезовтің әдебиеттану туралы кейбір ой-толғамдары хақында», Б.Махметованың «Концепция творческой личности в произведениях М.Ауэзова и Р.Роллана», Ж.Тұрысбекованың «Мұхтар және Төлеу», А.Хасенованың «М.Әуезов публицистикасының алғашқы кезеңі» деген мақалаларының тақырыптарының алуан түрлігі мен онда көтерілген мәселелердің әр қыры М.Әуезов мұрасының мәңгілік құндылығын көрсетеді. Және ғылымға жаңа келген жастардың Әуезов әлеміне деген әуестігі де көңіл қуантады.
«ІІІ Әуезов оқулары: Жас ғалымдардың ІІІ халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы: М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының компьютерлік баспа орталығы. 2005. – 264 бет. Құрастырушылар Д.Жақан, А.Зекенова)» бұл жинаққа енген 44 мақаланың 23-і өзге тақырып та 21 мақала тікелей М.Әуезовтің шығармашылығына байланысты арнайы жазылған баяндамалар. Жинақтағы мақалалар тақырыптық-мазмұндық жағынан да, ғылыми мәселе көтеру, ондағы зерттеушілік дәрежесі әрқилы деңгейде болуы заңды. Өйткені, ғылым жолын жаңа бастаған жас ғалымдардың жаттығу қадамдары, жинақ аннотациясында айтылғандай: «Ортақ мақсат-сан қырлы талант иесі, ұлы тұлға М.Әуезовтің рухани әлемін жаңаша көзқарас тұрғысынан тану мен баға беру, бұрын сөз болмаған тың тұстарына ой жарығын түсіру» болса керек. Жинақтың алғы сөзі ретінде сол кездегі институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Ә.Нарымбетовтің «Мұхтар Әуезов библиографиясының мәселелері» деген мақаласы берілген. Мұнда автор жазушы шығармашылығын зерттер адамның алдымен сол жазушыға арналған библиографияға жүгінетінін баса айта келіп, М.Әуезовке арналған библиографиялық деректер 1950 жылдардан (Ғали Әбетов «Қазақ совет әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» (1917-1946) басталғанын, алайда сол кездегі саясаттың салқынынан «Қорғансыздың күні», «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», «Әдебиет тарихы» атты шығармалары мен зерттеу еңбегінің енбегендігін, ал жазушының жеке шығармашылығына арналған библиография тұңғыш рет 1966 жылы М.Бөжеевтің құрастыруымен «Мектеп» баспасынан жарияланғанын,1968 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік республикалық А.С.Пушкин атындағы кітапханасы шығарған «Мұхтар Әуезов» атты әдебиеттер көрсеткіші жарық көреді. Бұл көрсеткіштегі ерекшелік жазушының 1950 жылы өз қолымен жазған өмірбаяны тұңғыш рет қазақ, орыс тілдерінде жарияланады. 1972, 1984 жылдары М.Әуезов шығармашылығына арналған 1917-1971 жылдарғы баспа бетінде жарияланған 4 мыңдай библиографиялық дерек енген 2 ғылыми көрсеткіште жазушының «Семинарист», «Арғын», «Жаяу сал», «Қоңыр», «Айғақ», «Казпедтехникум» сияқты жазушының бүркеншік аттарын анықтау авторлардың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан құнды жаңалығы болғаны белгілі. Алайда, библиограф ғалым Ә.Нарымбетов бұл еңбектің жетістігін атай келіп, кемшіліктеріне де көңіл бөледі: Әдебиет библиографиясына қойылатын ең бірінші талап оның мейлінше толық болып шығуы, яғни сол тақырыпқа тікелей қатысты ешбір деректің қалып қоймауы керектігін, онда суреткердің күрделі өмірі, тағдыры, кездескен қиыншылықтары, шығармашылық жолындағы өсу, өрлеу процесігің бәрінің болуы тиістігін қатаң ескертеді.
Библиограф ғалымның бұл сыны 2005, 2009 жылдарғы библиографиялық көрсеткіштерде ескерілгені мәлім.
М.Әуезовтің көркем туындылары мен ғылыми зерттеу еңбектерін кейінгі ұрпақ өкілдерінің жаңаша көзқарасы тұрғысынан тану мен талдауға, баға беруге бет бұрған бұл жинаққа М.Оразбекованың «М.Әуезов әңгімелеріндегі қылмысты суреттеу позициясы», Р.Әлмұханованың «М.Әуезов еңбектеріндегі ру айтысы», К.Рахымжановтың «М.Әуезовтің «Шекарада» пьесасындағы кейіпкерлер әлемі», Е.Қаныкейұлының «М.Әуезов көсемсөздеріндегі ұлт тәуелсіздігі (1917-1920 жылдар)», Б.Қапасованың «М.Әуезовтің қазақ әдеби тілінің қалыптасуы туралы ойлары», А.Еркебайдың «М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы және қойылымы», А.Тоқбаеваның «М.Әуезов шығармаларындағы ұлттық тәрбие көріністері», А.Ағыбаеваның «М.Әуезовтің очерктері туралы», Р.Мұсаханованың «Б.Кенжебаев пен М.Әуезов арасындағы сұлтанмахмұттануға қатысты рухани байланыс», Б.Мұратованың «Творчество Мухтара Ауэзова как источник пополнения лексикографического словаря», т.б. деген баяндамалары жазушы шығармашылығын әр түрлі қырынан алып қарастырады. «Теңіздің дәмі тамшыдан танылады» дегендей әр баяндама тақырыптарынан көрініп тұрғандай әр ізденуші өз саласы тұрғысынан сөз алып, өзінің білім-біліктігіне сай ой-пікір айтады. Олардың бәріне тоқталу мүмкін болмағандықтан, жинақтағы М.Әуезов шығармашылығына тікелей қатысты еңбектерді осылай тізіп, атап шығумен шектелуді жөн көрдік.
2, 4, 5, 6-шы және т.б. да «Әуезов оқулары» жинағының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кітапхана қорында болмағандықтан біздің назардан тыс қалып отыр. Осы барларындағы еңбектердің өзінен де талай түсінік алуға болады ғой деп ойлаймыз. Өйткені, Мұхтар мұрасы – мұхит, оның бәрін бір кітап көлемінде де, тарау барысында да тізіп, талдап, бағалап жату тіпті мүмкін емес. Және ол біздің монографиялық еңбектің негізгі міндеті де емес.
«ҮІІ Әуезов оқулары: Жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары» Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2009. – 173 бет. Құрастырушы А.Әлібекұлы. Бұл жинаққа енгізілген 28 баяндаманың 6-ы тікелей М.Әуезов шығармашылығына қатысты. Олар: Г.Орданың «М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы повесі мен Ш.Мұртазаның «Қызыл Жебе» романындағы Тұрар Рысқұлов бейнесі», А.Ментебаеваның «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін жаңаша оқығанда», С.Акашеваның «Самореализация личности как важный фактор в духовном развитии (размышления писателя З.Кабдолова в романе-эссе «Ауэзов»), Г.Әбенованың «М.Әуезов және ақындық дәстүр жалғастығы», Қ.Сарқанбаеваның «Мұхтар Әуезовтің түрік әдебиетінде алатын орны», Ж.Дүйсембаеваның «Б.Уахатов М.Әуезов прозасы туралы». Жастар баяндамаларындағы ой-пікірлердің ортақтығы, мазмұндау мен талдаудың ұқсастығы, шығармалардың бір теориялық мәселелерін алып мәтін негізінде талдаудың орнына оқиға мен сюжет желісін қайталап баяндау жағы басым болып жататыны өкінішті, әрине. Алайда, ғылымға жаңа басқан қадамдары болғандықтан да кешіріммен қарауға тура келеді, кейде.
«ҮІІІ Әуезов оқулары: Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. Алматы: Тау-Самал, 2009. – 268 бет. Құрастырушы филол.ғ.к., А.Әлібекұлы.
Жинаққа енген 40 баяндаманың 10-ы М.Әуезов шығармашылығының әр қырын қарастырған. Атап айтсақ, С.Майлыбайдың «Көксерек» повесінің жазылу тарихы мен поэтикасы», Е.Қаныкейұлының «М.Әуезовтің 50-60-жылдардағы мақалаларының шығармашылық тарихы және жарияланымдарының текстологиясы», А.Болсынбаеваның «М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасы», З.Исламбаеваның «М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясына түрлі режиссерлік көзқарас», Ж.Ақсақалованың «Кенбаев шығармашылығындағы М.Әуезов бейнесі», А.Машақованың «Абай, Шакарим и Мухтар в современной китайской рецепции», Ж.Сыздықованың «М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі уәж сиапттары», А.Ойсылбайдың «Әдебиет теориясы: А.Байтұрсынұлы және М.Әуезов», Б.Темірбаеваның «Мұхтар Әуезов пен Жақан Смақов арасындағы рухани шығармашылық сабақтастық», Г.Құрманғалиеваның «М.Әуезов дәстүрінің қазақ романдарына әсері: тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселесі». «ІХ Әуезов оқулары: Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы: Таңбалы, 2010. – 286бет.». Құрастырушылар: ф.ғ.к. Ұ.Еркінбаев, М.Әзімхан.
Бұл жинақта 37 мақаланың 11-і М.Әуезов шығармашылығын түрлі тақырып тұрғысынан талдап,зерттеген. Олар: Ұ.Еркінбаевтың «Көксерек» әңгімесінің мағыналық және құрылымдық ерекшеліктері», А.Машакованың «Рецепция литературного наследия М.О.Ауэзова в Германии», Д.Жақанның «М.Әуезов еңбектеріндегі дауыс ұғымының семантикасы», Ж.Мұхаметжановтың «Мұхтар Әуезов туралы естеліктердің тарихи-поэтикалық ерекшеліктері», А.Таңжарықованың «М.Әуезов шығармаларындағы этнофольклорлық дәстүрдің қазақ прозасындағы сипаты», А.Қалиеваның «М.О.Әуезовтің кеңес тақырыбындағы очерктері», А.Ақтанованың «Шәкәрім мен Мұхтар Әуезов: рухани үндестік», Т.Әкімованың «М.Әуезов «Ер Тарғын» жыры» туралы», Д.Мұхамадиевтің «М.Мырзахметұлы және әуезовтанудың қазіргі мәселелері», Ш.Серікжанованың «Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесіндегі Жәмеңке Мәмбетұлының бейнесі», А.Тылахметованың «М.Әуезов және орындаушылық өнер», т.б.
Жоғарыда шолу жасалған жас ғалымдардың ғылыми конференцияларында жасалған баяндамалардың ішінен іріктеп аларлық әдебиеттің іргелі мәселелерін қозғаған, қазіргі әлемдік әдебиеттану ғылымында кеңінен өріс алған тың теориялық тұжырымдарға сүйене отырып, әрбір ұлт әдебиетіне өзіндік әсерін тигізіп жүрген жаңа көркемдік бағыттар мен әдеби ұғымдарды жастарға тән алғырлықпен пайдаланып, жаңаша ғылыми пайымдаулар жасаған баяндамалар аз да болса кездеседі. Айталық, Б.Мүрсәлім, Ұ.Еркінбаев, А.Машақова, Д.Жақан, Г.Балтабаева, Е.Қаныкейдің баяндамаларындағы жаңаша зерттеулерді атап өтуге болады.
Қорыта айтар болсақ, «М.Әуезов шығармашылығының тәуелсіздік кезеңінде зерттелуі» деген ғылыми жоба негізінде зерттеліп, біз қарастырған ширек ғасырда шыққан ғылыми монографиялар мен ұжымдық жинақтар, жеке зерттеушілер еңбектеріндегі мұхтартану мәселесіне біршама шолу жасалынды деп ойлаймыз. Біз мүмкіндігінше М.Әуезовтің шығармашылығы туралы арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталықтың ғылыми ұжымы атқарып отырған жүйелі ғылыми ізденістеріне ,жобалар негізінде жүзеге асырылған монографиялық еңбектердегі әуезовтану мәселелеріне кеңірек тоқталдық. Ол заңды да. Себебі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы ғылыми-мәдени орталық М.Әуезов шығармашылығын арнайы зерттейтін бірден-бір ғылыми мекеме. Және М.Әуезовтің шығармашылығы туралы арнайы монографиялық зерттеулер жазған әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектеріне тоқталдық. «Әуезов оқулары» жинағындағы жас ғалымдардың мұхтартану саласында жазған мақала, баяндамаларына да көңіл бөлуге тырыстық. Қалай болғанда мұхтартану мәселесі таусылмайтын тақырып. Және дара дарын, ғұлама ғалым, даңқты драматург Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын сан салада зерттеп жүрген ғалымдар да баршылық. Олардың бәрін қолға түсіру де, қарап шығу да мүмкін емес. Сондықтан біздің көзімізге түспей, ғылыми шолуға ілінбей қалып жатқан мұхтартану мәселесіне қатысты еңбектер болса оларды қарастыру келешектің шаруасы болмақ.
Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, филология ғылымдарының докторы