Білген Шайыр айтады

Үшбу қисса Зеңгір Жүһүд

Жаратқан Пәруардигар пана болған,

Сол нұрдан жаратылған дін мұсылман.

Хазіреті Мұртаза, Шаһимардан

Не қылса һәр ісіне тәубе қылған.

 

Кәпірде бір патша бар Зеңгір атты,

Келбеті пендеде жоқ салтанатты.

Ғали атты палуанды көрмедім деп,

Дүниенің төрт бұрышымен соғыс қыпты.

 

Рүстем Дастан олардан арман қалған,

Зеңгірге азап қылып һеш болмаған.

Хазіреті Жәбірейіл жетіп келіп

Құданың құдіретімен берді хабар:

“Сонан кейін хазіреті Ғали шығып,

Бұ кәпірді сол алар енді”, – дейді.

 

Тоғыз жүз мың шақырым бар қалалары,

Үш жүз кез бойлары бар денесінде.

Елу ұғлының қаласы өз алдында,

Зеңгір ханның алмаған жан қалды ма?!

Күнбатыс, күншығыстың бәрін кезіп,

һеш жолықпай жүр екен Пайғамбарға.

 

Он екі жыл соғысып дию қырған,

Неше мың шаһарларды ойран қылған.

“Енді менің алмаған жаным жоқ”, – деп,

Сол кәпір үлкендікті ойына алған.

 

Құдай сақтап Мәдине аман жүрген,

Бұ кәпір мықты екен барша жаннан.

Қисабын бұл кәпірдің Тәңірім білер,

Жын, шайтан сонан қорқып жерге кірген.

 

Терсе жүһүд қорыққанынан жерге кірген,

Шамасы келмеген соң олар да өлген.

Барша жан бұл кәпірді жеңе алмаған,

Бір палуаны бар екен Маңғаз деген.

Үш күрзіні беліне байлап алып,

Күнбатыс, күншығысты ол да көрген.

Отыз лек пері жиып Рүстем батыр,

Келген бұған, әй, жарандар.

Елу үш күн шаһарын қамап алып,

Шамасы келмеген соң олар да өлген.

 

Зеңгірдің бір қызы бар Зейнеп атты,

Келбеті дүниеде жоқ салтанатты.

Алтын сарай ішінде жатқан түні

Пәруардигар Құдайым құдіретімен

Сол қызға ұйықтап жатқан аян берді.

 

Бұ қыздың атын сұрасаң, Зейнеп қыз

Бір баланы түсінде енді көрді.

Қыз Зейнеп бір жігітке ғашық болып,

Ұйықтап жатып жігіттен сөз сұрайды.

Хазіреті Жәбірейіл жетіп келді,

Зейнеп қыздың қолына Құран берді.

 

Мен түсімде көрдім ғой хақиқатты,

Құдай маған көрсетті Мұхаммедті.

Сол жерде ұйықтап жатқан қызға келіп,

Он екі жерден үйретті шариғатты.

 

– Сұраймын шын көңіліңді қисаң, жігіт,

Бұ жерде не жұмыспен жүрсің, жігіт?

Мәдиненің жолын сен білермісің,

Құдайға құл, мұсылман болсаң, жігіт.

 

– Бабам аты – Мұхаммед, [әкем] Ғали,

Атым – Хасен, айтайын білсең мені.

Түсімде көріп маған сен болсаң ғашық,

Мендағы қабыл алдым сізді, – дейді.

 

– Сізден бір сөз келеді сұрағымыз,

Маған сал, әй, Хасенжан, құлағыңыз.

Неше күнде барады еліңізге,

Қандай жер-дүр, перизат, тұрағыңыз?

 

– Мекке менен Мәдине – қалам, – дейді,

Нұр Мұхаммед – жәрдемші бабам, – дейді.

Екі жүз елу күнде барар адам,

Көріскенше аман бол, Зейнеп, – дейді.

Зар жылап тұрысыменен таң да атты,

Хасен кетіп қасынан, зар тұтады.

Зейнеп қыз тақыттан түсіп жылап жатса,

Барша кәпір дауысын есітеді.

 

Тоқсан күн, тоқсан түндей жылап жатты,

Ғалиұғлы Хасенге ғашық бопты.

Дәм татпай, ас ішпей он бір күндей,

Арасында төрт жұма, екі ай өтіпті.

 

Ғашық болып зарланды Зейнеп қыз да,

Ислам дінін көрсетті Хақ Тағала.

Ғашықтықтың отына шыдай алмай,

Күні-түні жылап налаш қыпты.

 

Зейнеп қыздың жырлағаны:

 

Жаратқан Жаппар атың,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар,

. . .*   болған жарым,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар.

Он сегіз мың ғаламды Жаратқан ПатшаҚұдайым,

Бір өзіңе жылаймын,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар.

Мекке ихсан адамы, сізден де бір медеткер,

Тамам әулиелер және

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар.

Иә, Ыбраһим – Халел Алла,

Иә, Ысмайыл – Забихул Алла,

Иә, Дәуіт – Халифа Алла,

Иә, Сүлеймен – Ғалат Алла,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар.

Иә, Тауратты оқыған Мұса,

Төртінші қат көкте тұрған хазіреті Ғайса,

Ғашықтардың мұраты,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар,

Он сегіз мың ғаламға  . . . * болған

Төртінші қат көк үстінде

ЛаухҚалам, ҒаршыКүрсі,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар,

Иә, хазіреті Жәбірейіл, Мекайыл, Ысрапыл, Әзірейіл,

Құданың сүйіп жаратқан төрт мұқарраб періште,

Сіздерден жәрдем тілеймін,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар.

Иә, Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Ғали Хайдар,

Құданың сүйген жары,

Тоғыз жүз тоқсан мың машайықтар,

Сиындым бүгін өзіңе,

Мені қойма бұ кәпірде ынтызар.

 

Көз жасын көл қылып бұлағанда,

Зар жылап бір Алладан сұрағанда,

Күзетші, жаушы кемпір келді дағы,

Зейнепке құлақ салып тұра қалды.

 

Ғашықтықтан Зейнеп қыз жылап жатты,

Жаушы кемпір Зейнепке көп тіл айтты.

Жаушы кемпір сол қыздан сөз сұраса,

Көрген түсін сол кемпірге бәрін айтты.

 

– Ұйықтап жатып түс көрдім алтын тақта,

Бұ айтқан сен сөзімді атама айтпа.

Бек жақсы, сұлу жігіт түсте көрдім,

Жамағат көп жұртыма тағы да айтпа.

 

Бар екен дүниеде бір шаһар Мәдине атты,

Нұр Мұхаммед ішінде нұр сипатты.

Бек жақсы, сұлу жігіт түсімде келіп,

Сол маған түн ішінде көңіл айтты.

 

Мен өзім “кімсің?” дедім оған қарап,

Сөзіне бек қызықтым жауап сұрап.

Дүниеде ол сипатты жігіт болмас,

Күйгенімнен айтамын бұлай зарлап.

 

– Әуелі бір Құдайға сиын, Хақ білсең,

“Мұхаммед– пайғамбар” деп дінге кірсең.

Атым – Хасен, Ғалидың перзентімін,

Кәпір қызы – шаһзада, маған нансаң.

 

Хасен айтты бұл сырды маған, шеше,

Бұ сырды тамам қылдым саған, шеше.

Бұ сырды сіз естіңіз, сіз сақтаңыз,

Бұ жігіт түске кірді әлденеше.

 

Ол Хасен қайтып келмес енді маған,

Түсімде ғашық болдым оған жаман.

Бір хабар сол жігіттен тауып берсең,

Мал-мүлкім берермін бәрін саған.

 

Осыны айтып болды да жылап жатты,

Кемпірге бастан-аяқ сырын айтты.

Бұ сөзге ит кемпірдің жыны келіп,

Тез жүгіріп айтуға ханға кетті.

 

Жүгіріп сол ит кемпір ханға барды,

Қызметшілер есікте бәрі көрді:

– Не жұмысқа жүгірдің, кемпір-ау, – деп,

Не болса да жұмысыңды айтшы, – деді.

 

Үш мың жүздік даналары бар алдында,

Құп үлкен жауап берген төре, ханға.

Зеңгірдің атакеші ішінде отыр,

Жаушы кемпір жүгіріп барған шақта.

 

Алдында нөкері бар сөз тыңдаған,

Сөзін тыңдап кемпірдің патша тұрған.

Алтын тақыт үстінде отырысып,

Құлақ салып кемпірден сөз сұраған.

 

– Әй, тақсыр, алтын үйде қызың жатқан,

Шақырып алып маған сырын айтқан.

Отыз бес күн болыпты дәм татпайды,

Бір жанға ғашық болып зарлап жатқан.

 

Мен сұрадым қызыңнан, маған нансаң,

Ол баланы қызым деп нағыласың.

Айтқан сөзін қызыңның айта берсем,

Ажалыңнан бұрын сен тірі өлерсің.

 

Дүниеде бір шаһар бар дейді Мәдине атты,

Мұхаммед ішінде нұр сипатты.

Ғали деген бар екен бір палуаны,

Осы сөзді маған сол қызың айтты.

 

Сол Ғалидың баласы Хасен атты,

Падиша, өз басыңнан дәулет кетті.

Отыз бес күн болыпты сол қызыңа,

Мен барған соң қасымнан әзер кетті.

Мұны естіп падиша айғайлады,

Қыздың жатқан сарайын бұзып алды.

Жасауылдар патша қызын алып келді,

Аузы темір қараңғы үйге салды.

 

Бұ қызға мұнша азап істер салды,

Өз алдына шақыртып жауап алды.

Бір күнде һәр түрлі қып сабаса да,

Хасенге ғашықтығын һеш қоймады.

 

Бұ қызды алып келді, дарға асты,

һәр түрлі жамандықты қылды қатты.

Шынжырменен байлап қойып соқсадағы,

Сонда да ғашықтығын һеш қоймады.

 

Бұ қызға мұнша жаман азап қылды,

Қанша азап қылса да һеш болмады.

Атасының дауысын естіген соң,

Үш ұғылы жиылып бәрі келді.

 

Үш ұғылы жиылып келіп тұрды,

“Бұ немене іс болды?” – деп жауап сұрды.

Бұ жауапты есітіп ағалары,

Отыз үш түрлі Зейнепке азап қылды.

 

Отыз үш түрлі азапты оған қылған,

Иті, құсы жиылып бәрі де оған.

Алладан Жәбірейіл пайда болып,

Қанатын жауып бұ қызды қорғалаған.

 

Палуандары кезекпенен жерге ұрған,

Бәрінің зардабынан аман қалған.

Бір ұрса да мың пара болар еді,

Бір Алла құдіретімен сақтап тұрған.

 

Бұ қызды өлтіре алмай ыза болған,

Адам көрмес бек қатты күйге салған.

Бұ қызға бек қатты азап салып,

Өлтіре алмай бұ қызды қайғыланған.

 

От ішінде сақтады Жаппар Халық,

Мың түрлі азап істер қызға салып.

Бұ қызға һешбір хайла қыла алмаған соң,

Елінде қызды ұрмаған жан қалмаған.

 

Енді ұрмаған бұ қызды жан қалмады,

Елінде бір батыры бар еді Манап атты.

Жарлықпенен елінен Манап келді,

Тоқсан жүз батпан күрзіменен келді де ұрды.

Алла Тағала бұ қызға қорған болып,

Бұ қызды өлтіре алмай ыза болды.

 

Тағы да бір қараңғы үйге салды,

Зейнеп қызды кәпірлер күйге салды.

“Мәдинені тірі жан біле ме?” – деп,

Зеңгір сонда жер жүзіне елші салды.

 

Елу мың кісі жиылып дүние кезген,

Елшілер дүние кезіп бір жыл жүрген.

Жасауылдар дүние кезіп жүрген шақта,

Бір кәпір көп жасаған душар болды.

 

Бұ жүһүд Мәдинені іздеп жүрген,

Кәпірлер қайда екенін һеш білмеген.

Мың аты, жүз түйемен отын артып,

Көрік басын қыздырып үйге салды.

 

Жасауылдар осы шалды алып қайтты,

Атыбар қойшы шал атын айтты.

Зеңгір патша алдына алып келген соң,

Мәдине мен Ғалидан хабар айтты.

 

Зеңгір патша жауап сұрап тұра тұрсын,

–Зейнеп қыздың мәнісін білемісің.

Қызым Зейнеп Хасенге ғашық болды,

Мәдине мен Ғалиды білемісің?

 

– Мен жасымда Шын-машын шаһар бардым,

Көңіліме алған бұйымның бәрін де алдым.

Бағдат пенен Мысырды жасым кешті,

Падиша, бұ тіліме енді нанғын.

 

Бізден бұрын өтіпті Рүстем Дастан,

Біздің жұрт әуелі батырдан жаман сасқан.

Сол шаһарға, әй, падиша, он бес бардым,

Падиша, бұ тіліме енді нансаң.

 

Көрмеген шаһарым жоқ мұсылманда,

Қартайып ғаріп болдым бұл жаһанда.

Мекке мен Мәдинеге сапар қылдым,

Мәдине атты бір шаһар бар дегенге.

 

Саудамен барайын деп ойыма алдым,

Екі жүз ат, түйеменен оған бардым.

һәрбір түрлі адамның бәрін көрдім,

Жыл он екі ай саудаменен сонда тұрдым.

 

Ғалиды бір күн көріп қайран қалдым,

Шаһарын аралап жүріп көзім салдым.

Ғажайып үлкен екен кереметті,

Палуандығын көрдім де есім тандым.

 

Ғалидың палуандығы сондай күшті,

Падиша душар қылды һәрбір істі.

Қызықпенен ішінен шыққым келмей,

Сол жерде анық үш жыл тұрдым, – дейді.

 

Мұны естіп Зеңгір сонда қуанды,

Жар шақыртып жұртына ойын қылды.

“Мұхаммедтің шаһарына барамын”, – деп,

Қырық күндей жар салдырып ләшкер жиды.

 

Мың сан ләшкер ертіп патша жүрді,

һеш тірі жан шаһарын білмейді енді.

Зеңгірхан барабанын соқтырған соң,

Үш ұғылы жиылып бәрі келді.

 

Зеңгірхан шаһарына ойын қылды,

Жұртын жиып шаһарына жиын қылды.

Палуандары беліне қылыш байлап,

Бәрі де текеумет пілді мінді.

 

Палуанын санап жатыр өз алдында,

Кеңесін құрып жатыр көз алдында.

Хан соқтырды барабан, жар шақыртты,

“Палуаным аттансын,– деп,– бәрі мұнда”.

 

һәр қайда он сан адам бәрі жүрген,

Атақты батырларға хабар берген.

Өзінің қолы менен ұғылы қолы,

Сол жерде тау-тас көшіп жер күңіренген.

 

Сонда жүз сексен мың қолменен Зеңгір жүрген,

Елу үш мың алдында ерлер жүрген.

Зеңбірекші, мылтықшы жүз мың адам,

Қақпасының алдына келіп тұрған.

 

Және Манап бас болды сегіз мыңға,

Оның да палуаны қырық мың адам.

Қисабы жоқ кәпірлер құмнан да көп,

Жиылып жатыр әскері бөлек-бөлек.

 

Сыбызғышы, сырнайшы жүз мың адам,

Үлкен ұғылы келеді маңғаз тамам.

Тау-тастай адамы бәрі келді,

Шүләнкөрі алдында қырық лек адам.

 

Ләшкерінің қисабы құмменен тең,

Палуандары алдында отыр ерің.

Алмаған жауы жоқ-дүр бұ Зәңгінің,

Қарсыласқан жауын қылған жермен-жексен.

 

Онан соң тағы жүрді он сан адам,

Зарығып батыр жүреді оң жағынан.

Жер қайыстырып келеді бұ да қаптап,

Бұған да пар келмейді ешбір адам.

 

Онан соң мойнына жүз мылтық салған,

Төрт қылышты беліне байлап алған.

Он бес қадақ мойнында, жүз садақты беліне байлап,

Оныменен Фердан батыр келіп қонған.

 

Тоғыз мыңы тоғыз батырына келді дейді,

Елу мың сексен мыңнан таяу жүрді.

Адам біліп болмайды бұл кәпірді,

Қисабын бір Алланың өзі білсін.

 

Бұ қу шал басшы болды мұнша ерге,

Жалғанда не қымбат бар, бәрі сонда.

Дүние жүзін қап-қара шаңдақ қылып

Сансыз адам келеді Мәдинеге.

 

Құдіреті Құдайымның өзі қылды,

Көшкен елді сол жүһүд ойын қылды.

Ішінде нәубет қызық көреміз деп,

Қатыны, қыздарымен бірге жүрді.

 

Қылыштарын жаниды найзағайдай,

Дүниеде хан жоқ-дүр Зеңгір хандай.

Төрт күн жүрді далада сауықпенен,

Таянып келе жатыр Мәдинеге-ай.

 

Қошғөр деген бір палуан бұрын жүрді,

Бұ кәпірдің бойлары көк тірейді.

Бұ батырдың қайратын сынайын деп,

Сол жерде Зәңгір патша жарлық қылды.

 

Сонша топтан Қошғөрінің қайраты асқан,

“Тауды ұр” деп падиша жарлық қылған.

Бір тауды малғұн кәпір ұрған жерде,

Тау ұшып аспан-көкке араласқан.

 

Кәпірлер арақ ішіп, ойын қылған,

Өздері күш сынасып тойын қылған.

Мәдинеде Ғалиды аламын деп,

Палуанның күшін көріп үміт қылған.

 

Бес айдай жүріп келеді Мәдинеге,

Жарандар, бұ дүниеге көңіл берме.

Баршасы желдей есіп келіп қалды,

Елші жіберіп хабар салды Мәдинеге.

 

Елші кәпір Пайғамбарға келіп жетті,

Пайғамбарға кәпірлер душар болды.

Пайғамбарды білмейді ол кәпірлер,

Елші екенін Пайғамбарға келіп айтты.

 

Қарашы кәпірлердің жауабына,

– Бес айда келіп жеттік біз шаһарыңа.

Зеңгірдің жер қайысқан қолы келді,

Хабар бер деп жіберді хандарыңа.

 

Бес айда келіп жетті жиылған қол,

Зеңгірдің жер қайысқан ләшкері мол.

Әдейі іздеп келемін Мұхаммедті,

Шаһарын бұзып, өлтір – айтқаным сол.

 

Хабарсыз жатқан Мұхаммед жетім,

Хабар келді кәпірден, әй, үмбетім.

Зеңгір атты бір кәпір іздеп келген,

Шаһар бұзып, өлтірер – айтқаны сол.

 

Дін мұсылман есітіп қайғы қылған,

Сахабалар жиылып тамам болған.

Ғұмар, Ғұсман, Әбубәкір, Ғали Арыслан,

Жиылып мұнан шықты төрт мың адам.

 

Ғали жүрді он сегіз ұғлы менен,

Ғанбар Біләл азаншы жарыменен.

Ғалидің балалары қуанып жүр,

Көп ойын қылармыз деп мұныменен.

 

Бағдат таудың басына бұлар барды,

Шуылдап ар жағынан кәпір келді.

Ләшкерменен Пайғамбар келіп тұрып,

Жиылған көп кәпірді көзі көрді.

Пайғамбарды кәпірлер көрейін деп,

Пайғамбардың қасына келіп тұрды.

 

Тамаша қып кәпірлер келіп тұрды,

Зеңгір патша сол жерде атқа мінді.

Өзін-өзі көтеріп Зеңгір кәпір

Пайғамбарға бұлай деп айтып салды.

 

– Мұхаммед, келген кісің бәрі осы ма,

Не қыларсың келгенменен мұнша қолға?

Қарап тұрып бұл жерде тек өлгенше,

Бәрің кірсең болмайма біздің қолға.

 

– Әй, кәпір, бізге Құдай дәрмен берер,

Пайғамбар мұндай сөзді бек жек көрер.

Кәпірлікпенен айтасың, ей, зәнталақ,

Қаза жетсе Алладан пендесі өлер.

 

Ғұмар шықты майданға, күрзі қолда,

Өлтірген көп кәпірді талай жолда.

Төрт батпан күрзіні қолына алып,

Айғайлап барып тұрды майдан жерге.

Шыққанын палуанның кәпір көрді,

“Біреуің бар” деп Зеңгірхан жарлық қылды.

Қызыл киім, қызыл ат мініп алып,

Бір кәпір айғай салып келіп тұрды.

 

Ғұмар батыр күрзімен басқа ұрды,

Ұршы деп осы кәпір қарап тұрды.

Кәпірді күрзіменен ұрысып жүріп,

Он бес піл, он бір аты ұрыста өлді.

Тоғыз күн, тоғыз түндей ұрыс қылды,

Бір-біріне екеуі кәр қылмады.

 

Төрт жардың бір қолының бір жағында,

Зар илеп жетті Ғұмар Пайғамбарға.

– Ғұмар батыр, тоқта енді, барма, – дейді,

Тағы бірің шық күреске бұл майданға.

 

Пайғамбар салауат оқып дұға қылды,

Мәлікаждар майданға жетіп барды.

Мәлікаждар майданда қарап тұрса,

Әлгі кәпір Мәлікаждарды келіп ұрды.

 

Мәлікаждардың басынан оттар шықты,

Астындағы  аттарын ұрып жықты.

Он екі ат өлтіріп Мәлікаждар,

Сол майданға жарамай қайтып шықты.

 

Жетіп келіп Пайғамбарға зар илеген,

Күрзіменен ұрғанда тітіреген.

– Әй, ата, қысылдым мен майдан жерде,

Дұға қыл, қысылдым ғой, тақсыр, – деген.

 

Мұса Риза майданға жетіп барған,

– Кәпірге мен барайын, тақсыр, – деген.

Ықыласыңменен бата бер, тақсыр, – дейді,

Пайғамбар қолын жайып бата берді.

 

Мұса Риза майданға жөнеледі,

– Жылдамырақ жүре бер енді, – дейді.

Әй, адамзат, өліміңе жоқ болсаң,

Мені бірлән майданға кіргіл, – дейді.

 

Үлкен майдан сол жерде ұрыс қылды,

Етінен қарыс болып түгі шықты.

Айбаттанып сол жерде күрзі ұрды,

Бір-біріне қару қып қарсы тұрды.

 

Бек қатты айбаттанып айғай салды,

Қаһарланып сол жерде қарсы тұрды.

Құлағынан тұтып алып ұрып,

Мұса сонда кәпірдің басын алды.

 

Көрген кәпір Мұсадан зәресі ұшты,

Бұ Мұсаның қайраты болды күшті.

Отыз үш мың сахаба дұға қылып,

Баршалары бұл іске шаттанысты.

 

Зеңгірхан бұларына намыс қылды,

“Тағы біреуің шығың” деп жарлық қылды.

Үш күрзіні ұстап бір қолына

Өзінің үлкен ұлы Маңғаз шықты.

 

Найза ұстап, қамшыланып пілді мініп,

Майданның ортасына келіп тұрды.

– Атым – Маңғаз білінген жер жүзіне,

Көремісің қызығымды менің, – дейді.

 

– Әй, кәпір, таныдым ғой сені, – дейді,

Сен де анық білдің ғой мені, – дейді.

Маңғаз болсаң, мендағы Мұса Риза,

Келе ғой дәмең болса бермен, – дейді.

 

Екеуі үш-төрт күндей ұрыс қылды,

Қалқан, сауыт – баршасы пара болды.

Түсе қалып күресті сол арада,

Сауыттары екеуінің пара болды.

 

Армансыз боп күресті көңіл басып,

Сол кәпірден Мұсаның қайраты асып.

Екеуі үш-төрт күндей ұрысқанда,

Кәпір айтты: – Ұйқым келіп, қарным ашты.

 

Ұйқыны көрмеген соң қаным қашты,

Кәпірден ер Мұсаның қайраты асты.

– Асымды ішіп келейін, ер Мұса, – деп,

Сол кәпір өз қолына қадам басты.

 

– Ғапылдықпен өлдім деп қылма арман, – дейді,

Таң атқанша тағам жеп қорек қыл да, – дейді.

Ертең тұрып тағы кел өзің, кәпір,

Осы айтқан уағдаңды қылма жалған, – дейді.

 

Жүгіріп атасына жетіп келіп,

Көрген ісін баршасын баян қылды.

Батыр Мұса майданда қарап тұрса,

Маңғаз барып атасына зар жылайды.

 

– Жүз қара нан, жүз қойдың етін жедім, – дейді,

Оған тоймай қорек қылып келдім, – дейді.

– Ей, батыр, рұқсат алып келдім, – дейді,

Он бес өгіз жеп, тоғыз шелек суды іштім, – дейді.

 

Екі күндей сол жерде майдан қылды,

Батыр Мұса кәпірді алып ұрды.

Сол арада кәпірді алып ұрып,

Жаны тура жаһаннамға барып кірді.

 

Батыр Мұса қылышыменен басын алды,

Қанжарын сол арада қасына алды.

Және бірін шығар деп бұйырады,

Мұса шаршап қолына қайтып барды.

 

Сол Мұсаның інісі Ахмет барды,

Қышқырып сол арада айғай салды.

Мәсих деген бір палуан жетіп келді,

Ахметті көтеріп алып ол лақтырды.

 

Ахмет барып жиылған қолға түсті,

Бұ кәпірдің өзі де сондай күшті.

Ахмет барып бұлайша келгеннен соң,

Майданға рұқсат алып Ғұмар шықты.

 

Ғұмарды атыменен ол лақтырды,

Бұл кәпірге Пайғамбар қарап тұрды.

Пайғамбардан бата алып хазірет Ғұмар,

Сол майданға тағы да барып тұрды.

 

Екеуі ат үстінен құшақтасты,

Сол кәпір ашуланып судай тасты.

Көтеріп Ғұмар ерді тасқа ұрды,

Сол жерде хазірет Ғұмар жаман састы.

 

“Тағы өлмедің, Ғұмар” деп лақтырды,

Ыза болып ол Ғұмар қарап тұрды.

Шамасы бұл кәпірге келмеген соң,

Сиынып Пайғамбарға жылап тұрды.

 

Солардың ызасына шыдай алмай Хасен келді,

Екеуі үлкен нәубет ұрыс қылды.

Тоғыз күн, тоғыз түндей ұрыс қылды,

Күн тұтылып, аспан-көк тозаң болды.

 

Хасен тұрып кәпірдің басын алды,

Жаны тура жаһаннамға барып кірді.

“Жүз палуан,шығың” деп Зеңгір бұйрық қылды,

Жүз палуан аждаһадай жетіп келді.

 

Айдархан,Ханафия атқа мінді шаттанысып,

Келді де Пайғамбарға қол қусырды.

Екеуі кәпірлерге барамыз деп,

Бата ала Пайғамбарға барды дейді.

 

Пайғамбар қолын жайып бата берді,

Бата алып бабасынан жөнелді енді.

Айдархан, Ханафия екі палуан

Келді де үлкен нәубет ұрыс қылды.

 

Кәпір менен мұсылман бірдей көрді,

Екеуі кәпірлермен соғыс қылды.

Тауысып кәпірлердің бәрін қырып,

Екеуіне болмай бірі қалды дейді.

 

Үш бойлары бар денесінде,

Бұларды тіпті алмайды естеріне.

Дүниедегі адамды теңгермейді,

Үлкендік бар сол кәпірдің денесінде.

 

Тұлғасына мұсылман қайран қалды,

Ер Хасен сол арада тұра қалды.

Айдархан, Ханафия жеңбеген соң

Бір Құдайдан Хасенге пәрмен болды.

 

Хазіреті Жәбірейіл келді жетіп,

Құданың құдіретімен хабар берді.

Пайғамбарға Жәбірейіл келдідағы,

– Кәпірге Хасен батыр барсын, – дейді.

 

Хасен батыр кәпірге барсын, – дейді,

Сиынып бір Аллаға тұрсын, – дейді.

Бір Құдай Хақ Тағала қылды бұйрық,

Баршасы қызығына қарап тұрсын, – дейді.

 

Батыр Хасен сол жерде атқа мінді,

Келдіде Пайғамбарға ол қол көтерді.

–Жолыңды ашып, бақ берсін бір Тәңірім, – деп,

Мүбәрак қолын жайып бата берді.

 

Айдархан, Ханафия жүзді қырды,

Бұл іске қайран қалып кәпір тұрды.

Батыр Хасен сол жерде ұрыс қылып,

Екеуі бес-алты күн жүріс қылды.

 

Құдай-а, сақтағайсың бұл бәледен,

Көтеріп шоқпарменен кәпір ұрды.

Алладан Жәбірейілге пәрмен болып,

Хасенді қанат жауып қорғап тұрды.

 

Шоқпар тиіп жер жүзі күңіренді,

От пен жайын халайық қайран қалды.

Кәпірдің ұрғанымен естен танып,

Қолын сипап қарады екі жағын дейді.

 

Кәпір жүһүд шоқпармен сонда салды,

Жиылған жұрт бұл іске қайран қалды.

Кәпір жүһүд салғаны сонша болды,

Хасен батыр сол жерде естен танды.

 

Бір уақытта есін жиып атқа мінді,

Пайғамбар сол арада қол көтерді.

Ғалидан зұлпықарын сұрап алып,

Батыр Хасен майданға қайтып келді.

 

– Ей, кәпір, кезек бергіл бізге енді,

Көрсетем теперішті сізге енді.

Ер Хасен зұлпықармен салған шақта,

Ортасынан кәпірді екі бөлді.

 

Ақырып “не қылдың?” деп кәпір тұрды,

Ыза болып кәпір ит қару қылды.

Қолына шоқпар алып ұмтылғанда,

Екі жаққа сол кәпір құлап қалды.

 

Екі жаққа құлады таудай енді,

Дін мұсылман қуанды бұған енді.

Хасен барып кәпірді өлтіргенге,

Пайғамбар бір Құдайға шүкір қылды.

 

Хасен бөліп кәпірді таудай қылды,

Мұны көріп мұсылман қуанды енді.

Хасеннің қайратына бек шаттанып,

Отыз үш мың сахаба дұға қылды.

 

Зеңгірхан ашуланып бұйрық қылды,

Бір палуанын шығарды онан мықты.

Кәпірлерменен бұл ұрыс ойын қылды,

Кәпірлер рәсім бірлән тойын қылды.

 

Өзі кәпір болса да күші қатты,

Жамағаттар, бұл сөзге құлақ салың енді.

Кәпірлер “жекпе-жек” деп ақырып тұр,

– Шаһзада, кезектесіп бірің бар, – деп,

Бұ соғысқа кезекпен түселік, – деп,

Кәпірлерді кетеді басып өктеп.

 

Ұмтылды қамшы басып Ханафия,

“Маған рұқсат беріңіз, бабам, сірә”.

Әсіресе ұмтылды Хасен батыр,

“Бір тілекті бере көр, бабам, бізге”.

“Қызығын баласына береді” деп,

Біреуі өкпеледі тағы және.

 

Бір-бірінен кейін қалып жүре алмайды,

Өлеміз деп ойына, сірә, алмайды.

Пәруардигар Құдайға сиынады,

Қайсылары барарын біле алмайды.

 

Құдайға мінәжат қып тіледі енді,

Қайсылары барарын біле алмады.

Пайғамбар мінәжат қып тілеген соң,

Хазіреті Жәбірейіл жетіп келді.

 

Пәруанның көп ғаламнан күші қалың,

Үстіне Арысланның қалқан жабың.

Құдіретімен Құдайым қылды жарлық:

“Бұ кәпірге Мұртазаның өзі барсын”.

 

Хазіреті Мұртаза атқа мінді енді,

Пайғамбарға келді де қол көтерді.

Алладан анық хабар естіген соң,

“Ықыласыңмен бата бер маған”,– дейді.

 

Пайғамбардан бата алып қадам басқан,

Ғалиды көрген кәпір жаман сасқан.

Алладан анық хабар естіген соң,

Шер Ғалидың қуанып көңілі тасқан.

 

– Құлағыңнан ұстап алып жерге ұрайын,

Сүйегіңді күл қылып ұшырайын.

Ақырды келе жатып Ғали Арыслан,

Кәпір көріп қорықты мұның жайын.

 

– Әй, кәпір, танимысың, мен Ғалимын,

Арысланы Алланың дұғайымын.

Әй, кәпір, бірің түгіл, бәрің шықшы,

Бәріңді бір шапқанда жай қылайын.

 

Ақырып Пәруан келді, күрзі қолда,

Лебізінен тау-тас тітірейді ақырғанда.

Зұлпықарын суырып қарсы тұрды,

От пен жайын шығарды ұрысқанда.

 

Шоқпарменен ұрысты сол арада,

һәр түрлі қару қылды бір-біріне.

Күрзілері бөлініп аспанға ұшты,

Бұл ұрыста өтіпті сегіз жұма.

 

Қарулары бөлініп ұшты аспанға,

һәр түрлі қару қылды бір-біріне.

Осы Ғали қайтеді деп қызық қылып,

Түсе қалып күреседі сол арада.

 

Қиямет қозғалғандай ұрыс болды,

Жер ортасы майданға дұрыс болды.

Ұшар құс, жын, диюлар бәрі шулап,

“Ғалиға қуат бер” деп налаш қылды.

 

Құстар сонда аспанға ұшып кеткен,

Тілек тілеп аспаннан қайтып келген.

Баршасының шулаған себебі сол,

Баршасына Зеңгірдің тізесі өткен.

 

Барша жандар Алладан тілек қылған,

Неше түрлі ұрысып жүр кәпір хайуан.

Сондадағы кәпірді жыға алмай жүр,

Кәпір жүһүд Ғалидың көңілін басқан.

 

Хазіреті Ғали созылып көпке барған,

Неше түрлі хайламен ұрыс салған.

Сондадағы кәпірді жыға алмайды,

Сол уақытта Ханафия жетіп келген.

 

Ханафия бұларға жетіп барған,

Бабасының қасына келіп тұрған.

Ғали Арыслан кәпірді жыға алмаса,

Зеңгірден келіп тұрған алтын сайман.

 

– Жан баба, қылмадың ба хайла бұған,

Зеңгірден келіп бұған  [алтын] сайман.

Сіз шаршасаңыз, қоя бер бұ кәпірді,

Тамаша ғып қараңыз енді маған.

 

Жетіп келді Ханафия сонда терлеп,

– Қызығымды, жан баба, өзің көр, – деп.

һешбір хайла қылмадың бұ кәпірге,

Қолыңдағы қаруың маған бер,– деп.

 

Бұ сөзіне ашуланды хазірет Ғали,

Қалқан, сауыт һәммасы болды пара.

Денесінен қарыс болып түгі шығып,

Барлық күшін қолына жиып алды.

Шер Арыслан сол жерде қаһарланып,

Бек қатты ашуланып лақтырды.

 

Пәруан батыр аспанға құстай ұшты,

Бұ кәпірдің өзі де сондай күшті.

Қаһарланып атқаны сонша болды,

Ішіне мұсылманның барып түсті.

 

Түскенде Пәруан батыр қалды талып,

Қаһарланып ер Ғали айғай салып.

Көргеніңнен көрмегенің көп екен, – деп,

Пәруанды бес жүз жігіт алды байлап.

 

Пәруанның інісінің аты – Ғарап,

Дауыстады ер Ғали бұған қарап:

–Дүниеде мың бір жаның болсадағы,

Маған сен пар келмессің, батыр Ғарап.

 

Бұ сөзге Хасен батыр ашуланды,

Барды да күрзіменен салып қалды.

Айтқан сөзі кәпірдің қарсы болып,

Сүйегі топырақпенен бірдей болды.

 

Қалқан, сауыт – баршасы пара болды,

Түгі қалмай баршасы күлдей болды.

Зеңгірхан бұған енді намыс қылды,

Пілменен палуандарға жарлық қылды.

 

Атқа мініп, қару-қапшық сайлап алып,

Мың палуан сап тартып келіп тұрды.

Соғысуға Ғалименен даярланып,

Қасына Пайғамбардың келіп тұрды.

 

Мың палуан сап тартып келіп тұрған,

Пайғамбарым бұларға қайран қалған.

“Ей, Мұхаммед, шығар, – деп, – бір палуанды”,

Солай деп ақырып тұр кәпір хайуан.

 

Шер Арыслан сол жерде атқа мінді,

Пайғамбарға келді де қол көтерді:

“Жалғыз өзім ұрысам бұ кәпірмен,

Ықыласыңмен бата бер бізге”, – дейді.

 

Пайғамбар қолын жайып бата берді,

Соғысқалы ер Ғали атқа мінді.

“Бабамыз жалғыз кетіп барады” деп,

Тоғыз ұғлы қасына жүгіріп келді.

 

Тоғыз ұғылын ертіп өзіменен,

Шер Арыслан он болып атқа мінді.

Осыншаға он мұсылман келді, – деп,

Аламыз деп кәпірлер үміт қылды.

Хасен батыр көрді кәпір соғыстарын,

Үлкен майдан сол жерде соғыс қылды.

 

Бір мұсылманмен ұрысқан жүз палуан,

Ер Ғали тоғыз ұғлыменен кәпір қырған.

Қаһарланып сол жерде ШерАрыслан,

Соғысқан кәпірлерді қойдай қырған.

 

Хазіреті Ғали кәпірге қаза салған,

Жердің жүзі қып-қызыл қанға толған.

Сансыз кәпірді ер Ғали қырғаннан соң,

Бір он кәпір Зеңгірге қашып барған.

 

Он кәпір Зеңгірханға қашып барған,

Қол-аяғы қызыл қанды басып барған.

Тамаша етіп Ғалидың ұрысын сөйлеп,

Падишаның алдында зар жылаған.

 

– Ей, тақсыр, мұндай жанды көрмедік біз,

Мыңымыз бір адамдай болмадық біз.

Елу күндей ұрыстық Ғалименен,

Қайратын білсеңіз– ұшан-теңіз.

 

Бұ сөзге құлақ салсаң, хан сұлтаным,

Баршаңыз құлақ салып маған наның.

Әскер алып бармасаң, ей, тақсыр хан,

Әйтпесе кетер, – дейді, – сіздің сәнің.

 

Зеңгірхан бұларына намыс қылған,

Ол барған он батырды қайта қуған.

– Ей, тақсыр, өлтірсең де Ғалиға бара алмаймыз,

Енді сенің дініңде тұра алмаймыз,

Қорықсақ та, сыйласақ та дініңе кірдік,

Пайғамбардың дінінен ұялмаймыз.

 

Он палуан жүгірді “барамыз” деп,

Зеңгір қуды артынан “өлтірем” деп.

Мұсылман болып қашқанын Ғали біліп,

Ғали тағы ат қойды аламын деп.

 

Қиямет қозғалғандай соғыс қылды,

Жер ортасы майданға дұрыс болды.

Ұшар құс, жын, диюлар бәрі шулап,

“Ғалиға қуат бер” деп налаш қылды.

 

Адасты бір-бірінен сахабалар,

Ақылынан адасты тірі жандар.

Жалғыз-жалғыз болып кетті бет-бетімен,

Бір-бірлерін біле алмайды сахабалар.

 

Кәпірді хазірет Ғали аралайды,

Ішінде жүріп баршасын саралайды.

Ол күні өлген жанның қисабы жоқ,

Аққан [қан] судай болып сарқырайды.

 

Хазіреті Жәбірейіл жетіп келді,

Келді де Пайғамбарға хабар берді.

“Ей, Мұхаммед, туыңды тік, бөлек шық”, – деп,

Хазіреті Жәбірейіл айтып кетті дейді.

 

Пайғамбар туын тігіп, жұртын жиды,

Бағдат тауының басына барып тұрды.

Барша жұртын жиып алып түгендесе,

Сахабадан он төрт мың шаһид бопты.

 

Он төрті шаһид болды сахабадан,

Кәпірден қырылыпты есепсіз жан.

“Ғалиды өзім барып өлтірем”, – деп,

Сол жерде Зеңгір патша ойына алған.

 

Зеңгір патша сол сөзді айтып атқа мінді,

Майданның ортасына келіп тұрды.

– Дәмең болса, кел, Ғали, жылдам желдеп,

Қорыққаныңнан дініме кір, – деп айғайлады.

 

Даусын естіп Арыслан ақырады,

Пайғамбарға келді де қол қусырды.

–Қызығын бұл кәпірдің бір көрейін,

Ей, баба, батаңды бергіл маған, – дейді.

 

Пайғамбардан бата алып қадам басқан,

Ғалиды көрген кәпір жаман сасқан.

Ақырып келе жатыр хазіреті Ғали:

–Дәмең болса, ей, кәпір, келші маған!

 

Пайғамбардан бата алып қадам басқан,

Көрген кәпір Ғалидан жаман сасқан.

Екеуі екі-үш күндей ұрыс қылды,

Ғалидан Зәңгір лағин қуаты асқан.

 

Қиямет қозғалғандай ұрыс қылды,

Жер ортасы майданға дұрыс болды.

Ұшар құс, жын, диюлар бәрі шулап,

“Ғалиға қуат бер” деп налаш қылды.

 

Тау басына күресіп шықпақ болды,

Қаһарланып шоқпарменен соқпақ болды.

Екі-үш күндей екеуі ұрысқанда,

Кәпір жүһүд Ғалиды жықпақ болды.

 

Күресті сол арада қатты терлеп,

Бір тарлық Ғалиға түсті үлкен міндет.

Күрсіңді сол арада Ғали Арыслан,

“Хал кетті, тақсыр бабам, қолдай көр”, – деп.

 

Жәбірейіл сол арада жетіп келді,

Ғалидың қысылғанын көзі көрді.

Алланың Арысланы қысылған соң,

Тізелесіп Жәбірейіл екеулейді.

 

Жәбірейіл келгеннен соң көңілі тынды,

Кәпірің мұны көріп мойын сұнды.

Ер Ғали Жәбірейілмен қосылған соң,

Екеулеп сол арада алып ұрды.

 

Зұлпықарын суырып алып барды,

Суырып мойнына салып барды.

“Әй, кәпір, кәлима айтып, дінге кір”, – деп,

Ғали Арыслан осылайша хабар берді.

 

– Бәрі дағы күшке асты, – дейді,

Жарымынан бәрінен тасты, – дейді.

Көп жұртымменен мұсылман мен болайын,

Рұқсат бер бүгін кешке маған, – дейді.

 

Тұрғызып Зеңгірханды қоя берді,

Алланың бұйырғанын көреді енді.

Өз қолынан жүз мың ләшкер бөліп алып,

Түнде қашып Зеңгірхан жөнеледі.

 

Таң атқан соң Зеңгірге Ғали барды,

Кәпірлерді аралап көзін салды.

Түнде қашып кетіпті Зеңгір патша,

Шаһзада сол арада қайғырады.

 

Ғали Арыслан сол жерде ашуланды,

Ашуланып Дүлдүліне мініп алды.

“Қалған кәпір, жазаңды берейін”, – деп,

Кәпірге сол арада қырғын салды.

 

Дүлдүлге мініп кәпірді аралайды,

Кәпірдің араларын саралайды.

Өлген жанның кәпірден қисабы жоқ,

Аққан қан судай боп сарқырайды.

 

Дүлдүлге ашуланып мініп алды,

Кәпірге сол арада қырғын салды.

Тіл алғанын мұсылман қылды сонда,

Дінге енбеген кәпірді қырды сонда.

 

Дүлдүлдің тері ағады сауырынан,

Ғалидың кім қалады дауысынан.

Қисабы жоқ кәпірді қырған шақта,

Қан келеді Дүлдүлдің бауырынан.

 

Ашуланды Зеңгірді қуамын деп,

Мен оны не себептен жіберем деп.

Пайғамбарға келді де қол көтерді,

“Кеткен Зеңгір патшаны қуамын”, – деп.

 

– Ей, балам, бұ қылғаның жарайды емес,

Кәпірге бұ қылғаның жаман емес.

һәммасын да Құдай енді бізге берді,

Бұ да енді біздерге жаман емес.

 

Ғали сонда Пайғамбардың тілін алды,

Тілін алып сол арада тұра қалды.

Қашқан-пысқан кәпірдің көп олжасын

Үлесіп, сахабалар байып қалды.

 

Жүһүдке Пайғамбарым барған жері,

Кәпірге ақырзаман салған жері.

Елдей көшіп Мәдинеге жөнеледі

Кәпірдің дінге кірген баршалары.

 

Енді бір гәп сөйлейін Зейнеп қыздан,

Тілегі қабыл болады зарлағанның.

Ғашық болып зарланып жатқан екен,

Қашан хабар келер деп Мәдинеден.

 

Хасенге ғашық болып зарлап жатқан,

Көктегі періштелер құлақ салған.

Құдайдан Жәбірейілге пәрмен болды,

“Зейнепті Мәдинеге ерткіл” деген.

 

Жәбірейіл бұйрықпенен жетіп келді,

Зеңгірханның үйіне құлақ салды.

Зейнеп қыздың жылаған үніменен,

Темір үйдің төбесін тесіп жетіп келді.

 

Тесігінен тырнақтай келді кіріп,

Түрегелді Зейнеп қыз тағзым қылып.

Жәбірейіл екенін таныған соң,

Қол қусырып тұрады тәубе қылып.

 

Темір үйден тебіретпей алып ұшты,

Қанатының үстіне салып ұшты.

Көзін ашып-жұмғанша Жәбірейіл алып ұшып,

Шаһарына Мәдиненің алып келді.

 

Қыз көрген соң Арыслан қылды тойды,

Отыз бес күн шаһарын жиын қылды.

Тамам асхаб бұ тойға көп жиылып,

Сахабалар баршасы қызық қылды.

 

Зеңгірхан түнде қашып кеткен жері,

Мұратқа екі ғашық жеткен жері.

Мәдинеге Зеңгірдің барған жері,

Көп жамағат ұрысты салған жері.

Үш жүз алпыс қатынды Хасен алып,

Ең үлкені Зейнеп қыз болған жері.

 

Құдай қосқан қосағы Зейнеп қызды

Түсінде душар қылды Хақ Тағала.

Үш жүз алпыс қатынды Хасен алып,

Кітапта бір күн көрдім тағы өзім.

 

Көңілім бұл Зейнепке тола ма деп,

Басыма дәулет құсы қона ма деп,

Көп қатынды алыпты Хасен сонда,

Кітапта көрген қызым бола ма деп.

 

Хасенді қосқан қосағы Зейнеп қызға,

Түсінде душар қылған Хақ Тағала.

Бір Құданың достарын көп сөйледік,

Қол көтеріп қылыңыз бұған дұға.

 

Таммат тамам

* Бір сөз танылмады.

*Бір сөз танылмады.

 

Үшбу қисса Зеңгір жүһүд. Дастан ӘӨИ-дің Қолжазба орталығында сақтаулы [Ш:885,2-дәп.]. Қолжазба жолсыз сары түсті қағазға араб әрпінде арпадан күйдіріп жасалған қара сиямен қауырсынмен жазылған. Қолжазбаны Шығыс Қазақстанның тұрғыны, ауыз әдебиет үлгілерін жинаушы С.Сауытбеков тапсырған.

Томға дастан ӘӨИ-дің Қолжазба орталығында сақтаулы мәтіннен даярланды.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ

АЛМАТЫ – 2015

ҚАЗІРЕТ ӘЛИ

Діни дастандар

Жалпы редакциясын басқарған –филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корр-мүшесі

Уәлихан Қалижанов

 

Жауапты редактор: филология ғылымдарының кандидаты Т.Әлбеков

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button