Жарық нұрдың сәулесі

Хазіреті Мұхаммед-Ханафия

Ибн Касирдың «әл-Бидая уан-ниһая» кітабында мынадай бір ғибратты оқиға бар. Абдулла бин Мутиъ және бірқатар бүлікшілер Мұхаммед-Ханафияға, сол тұстағы халифа Язидтің үстінен шағым айтып келеді. Мұхаммед-Ханафия хазіреті Әлидің (р.а.) баласы, хазіреті Османның қызы Шәмшібибі анамыздың күйеуі. Аналары бөлек болғанмен, хазіреті Хасан мен Хусейннің әкелері бір інісі. Бүлікшілердің мақсаты Язидті тақтан тайдыру болатын. Бүлікшілер көсемі: «Мағауияның баласы Язид халифа намазын оқымайды»,- деп үлкен айып тағады. Әрине, бұл үлкен күнә. Сонда хазіреті Әлидің баласы Мұхаммед-Ханафия: «сендер айтқан мінді халифадан көргенім жоқ. Мен оның құзырында болдым, сарайында бірер уақыт қонақ та болдым. Ол намазына өте мұқият, үнемі жақсылыққа талпынып тұрады, шариғат жайлы көп сұрайды және де сүннетке берік», – деп өз бағасын береді. Ал, бүлікшілер «оның бұл әрекеті тек сен үшін жасанды және көзбояушылық ретінде жасағаны» – деді. Мұхаммед-Ханафия болса: «Жасанды істейтіндей, менен қорқады ма, әлде менен бір нәрсе дәмеленеді ме? Сендер оны өз көздеріңмен көрдіңдер ме? Егер көрген болсаңдар, сендер оның күнәсіне ортақсыңдар. Ал, көрмеген болсаңдар өздерің білмейтін іс-ке куәлік етулерің шариғат бойынша жөн емес», – деді. Бүлікшілер: «біз көрмесек те, ақиқатты айтып отырмыз»,-деп сендірмек болып тырысып бақты. Сонда хазіреті Хасан мен Хусейннің інісі Мұхаммед-Ханафия өзінің тоқтамға келетін сөзін айтты:«білмей тұрып куәлік етуді Аллаһ тағала тыйым еткен»-деп «Тек шын куәлік бергендер бұған қосылмайды»,-деп Зухруф с. 86а. оқыды.

Абдуллаһ ибн Аббас сахабалардың ішіндегі ең білімділерінің бірі болатын. Көзінің тірісінде оны Хибрулъ-умма (үмметтің дана ғалымы) және тәржуманул Құран (Құранды аударушы және бізге жеткізуші)-деп ұлықтаған. Абдуллаһ ибн Аббас 687 жылы Тайфте қайтыс болды. Жаназа намазын Әлидің баласы Мұхаммет-Ханафия оқыды. Ол: «Бүгін бұл үмбеттің ең білгір ғалымы қайтыс болды. Оның өлімі мұсылмандарды мұңға батырды»,-деген болатын. Мұхаммед-Ханафияға халифаның үстінен шағымданып келуі, Абдуллаһ ибн Аббас сияқты мәртебелі сахабаның жаназасын шығартуы, Мұхаммед–Ханафияның өзі өмір сүрген ортада, замандастарының арасында сый-құрметке ие болуының дәлелі.

Ауданбай қажы Ахметжан ұлының
Шежіре кітабынан алынды

ҺАЗА КІТАП МҰХАММЕД-ХАНАФИЯ
дастаннан үзінді

Мұхаммед Құдай досты, Пайғамбарым,
Құрбандық сол тақсырдан менің жаным.
Жарандар, хикаятын сөйлейін мен
Әли ұғлы Мұхаммед-Ханафияның.

Құданың Әли Хайдар Арысланы,
Алланың шын жаратқан данышпаны.
Айында мұхаррамның қылдым кеңес,
Көзіммен көріп тұрып бұл нұсқаны.

Жігіттер, тыңласаңыз менен назым,
Ағалар, айыптама ақылым азын.
Мұхаммед тақсыр Расул бір күндерде
Оқыпты-ау мәсжідінде таң намазын.

Махшарда жүрсек біздер оған еріп,
Тақсырдың алтын жүзін көзбен көріп.
Намаз оқып, батасын қылған екен,
Алдына бір ағраби келген кіріп.

Сол ағраби алдына барған кіріп,
Мұхаммед пайғамбарға сәлем беріп.
– Рұм шаһарын мұсылман қылып Әли
Келе жатыр, мен келдім соны көріп.

Ей, тақсыр, бер сүйінші сөзімді ұғып,
Үміт бар шапағаттан көңілім тоқып.
Бұйырды Пайғамбарым асхабтарға:
“Алдынан Әли ердің бәрің шық”, – деп.

Алдынан сахабалар шықты бәрі,
Келген соң есен-аман батыр Әли.
Мұхаммед пайғамбарға сәлем беріп,
Табылды ер Әлидің ынтызары.

Сөйледі көрген ісін бастан-аяқ,
Жылайды Пайғамбарым Әлиді аяп.
– Үйінде қайсар-патша бір қыз көрдім,
Оған нұр берген Алла аямай-ақ.

Шаһарына қайсар Рұмның барып келдім,
Бәрін де тура жолға салып келдім.
Жеті күн күрес тұтып, әрең жығып,
Сол қызды тірі байлап алып келдім.

Мұхаммед Хақтың досты алтын теңге
Олжасын бөліп берді қадим елге.
Сол қызды өз алдына шақырып алып,
Айтыпты: – Кір, балам, – деп, – ислам дінге.

– Ханафия – менің атым, атам қайсар,
Ап келді-ау асып күші Әли Хайдар.
Алайын тіліңізді қайт қылмастан,
Тапсаңыз менің көңілім, ей, Пайғамбар.

– Ей, қызым, мұсылман бол, тілімді алып,
Барғанда ақыретке – ұжмақ анық.
Кісіге көңілің сүйген сені қосып,
Берейін алтын сарай саған салып.

– Мен көрдім, хақ Пайғамбар, алтын жүзің,
Алдыңа ғаріп болып келген кезім.
Болайын пәк мұсылман тіліңді алып,
Үш ауыз қабыл көрсең айтқан сөзім.

Пайғамбар “сөзіңді айт” деп берген жарлық,
Түсіпті-ау қыз байғұсқа сонда зарлық.
– Кісіге көңілім сүйген қосар болсаң,
Қылмаса ол Фатима іші тарлық.

Әлиден басқа жанға атастырма,
Күндестік Фатимаға таластырма.
Ұл туса Мұхаммед деп атын қойсаң,
Ей, тақсыр, мені мұнан адастырма.

Пайғамбар тоқтай қалды қайран қалып,
Отырды басын тақсыр төмен салып.
Жәбірейіл жетіп келіп хабар берді:
– Иә, тақсыр, тұт қыз сөзін қабыл алып.

Жәбірейіл Мұхаммедке хабар берді,
Қуантты хабар беріп асыл ерді.
Есітіп Ханафия қыз Хақ жарлығын,
Шығарды һеш көңілінен жаман керді.

Болыпты қыз мұсылман айтып иман,
Той қылып хақ Мұхаммед жұртын жиған.
Некелеп ер Әлиге қызды қосып,
Ұл туып, Мұхаммед деп атын қойған.

Ат қойды бала туып Мұхаммед деп,
“Фатима қызым, бұған қыл құрмет” деп.
Төрт жыл, төрт ай болғанда бала өмірі,
Беріпті бір ұстазға “дін үйрет” деп.

Үйретті алиф-әбжад, иман-шарттан,
Кітап Құран тамамдап, өнері артқан.
Жеткенде он екіге ер Мұхаммед,
һәр түрлі өнері асты адамзаттан.

БАБАЛАР СӨЗІ көп томдығының
Діни дастандар кітабынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button