Қарахандық Қаған
Қайта оралды дін ислам кешіккенмен,
Естілетін болды азан мешіттерден.
Сонау ғажап ғасырға кетті ойларым,
Хақтың жолын халқыма шешіп берген.
Оғыз, қыпшақ, түркі, ғұн сақтар елі,
Ұлан ғайыр жерді алып жатқан еді.
Бұлтты жарып бір жарық жетті алыстан,
…Хазіреті үш алып Бабтар еді.
Болды ма айқас, дау-талас, найзаласқан,
Адам қаны сарқырап сайға қашқан.
Қарсы болса келгенге Кет!»-дер еді,
Сірә Құран ілімі пайдаға асқан.
Сол заманға қараймын, сол далаға,
Дала -қала болғасын толғана ма?!
«Ассалаумағалайкүм!»-дейін мен бабтарға ұлы,
Маған жауап береді сонда ғана.
Уақыт бүгін бұрылып жалт қарасын,
Жатыр қанша жасырын артта ғасыр.
Әбді Рахим баб менің ұлы бабам,
Хазіреті Әлиге тартқан асыл.
…Шаһи Мардан Ғали шер бабаң еді,
Масһаб ашқан Куфа шәәр -қалаң еді.
Қаһарлы сол қайқы алмас заманында,
Арбады екен қалайша дала демі?!
Тұрмаса да жат жердің жүрегі иіп,
Жасыл туын Расулдың кие қылып,
Түркілердің жау баспас даласына,
Қалың қолмен келді олар түре тиіп…
Абыр- сабыр састырып патшаларды,
Қалтыратып қалалар, тас қамалды,
Аппақ шалма алыстан айбар шашып,
Қайғылы етті мұғтар мен тарсаларды.
Қалың қауым Түркінің тайпалары,
Қыл құйрықты тулары шайқалады.
Қалай жылдам жарасты жойқын күштер,
Айта алады тарихтың қай парағы?
Толқытқандай айдынды дауыл тұрып,
Тұран дала ұйтқыды дабылды ұрып.
Жарты ғалам жауласты келгендермен,
Жарты ғалам қарсы алды қабыл қылып.
Қалаларды қала ұстап тұрар еді,
Ар жағында көшпелі ел, құба жері.
Арасында бар еді бұлардың да,
Көне Зәдуш дінінң мұрагері.
Ол діндерді қайтеді танып терең,
Өрттей өжет көшпелі халық берен.
Өздеріне ұқсатты арабтарды,
Жолбарыстың жүрегін жарып жеген.
Болашақтың болмайды тағдыры айқын,
Жаңа келсе, ескілер бар құлайтын.
Ұлы өзгеріс әкелді бұл өлкеге,
Әбі Жәлил, Ысқақ баб, Әбді Рахим.
Бірі жайса құшағын қабыл қылып,
Бір жерлерде басталды қалың бүлік.
Әбді Рахим атанды Қылыш Қаһан,
Талай асау қаланы бағындырып.
Тараз, Өзгент, Ферғана, Баласағұн,
Емес еді ол кезде қала шағын.
Хан талапай, хандықтар, патшалықтар,
Қалап жатты қағанат болашағын.
Бола қоймас әудемде халық нұрлы,
«Аллалаған»- әулеттен қәуіп қылды.
Қайшыласқан қылыштың жараларын,
Шәһарларда мешіттер сауықтырды.
Әбді Рахим ақыл мен айласы асқан,
Ат үстінде алпыс жыл майдандасқан,
Сонау Шамнан, Шаматтан шығарында,
Отқа түсер ер еді ойланбастан.
Қамалдарға Әлидей «Мен кірем!»-деп,
Халықтар мен қауымды «көндірем»-деп
Қалды қанша шерігі шейіт жолда,
Көмек те жоқ арабтан енді келмек.
Не болса да күшейтер көппен елді,
Ислам діні сеніммен сертпен енді.
Арыстанға,
Бураға бағынышты,
Салық төлей бастады кенттер енді
Ғасырларда жағдайлар тез алмасқан,
Жиһадшылар екі үлкен өзенді асқан.
Бұл күндері Бағдаттың халифасы,
Түркі еліне қарайды көз алмастан.
Қарайды да шамасын біліп тұрып,
Бабтарды да қойған-ды Түрік қылып.
Бой көтерді бұл кезде бір қағанат,
Күллі қайсар халықты біріктіріп.
Хазіреті бабтардың жорығы бұл,
Ірілік пен бірлікке толы ғұмыр.
Аббасидтік азусыз халифатқа,
Хорасаннан жететін соны дүбір.
Пайғамбардың жалауы -жасыл Пырақ,
Батыста емес, Шығыста басымдырақ.
Құдіретті қағанат келе жатты,
Түркі тектес тайпаның басын құрап.
Ғасырларда көрмеген қайғы арылып,
Талай арыс мерт болды айға атылып.
Арпалыстың орнына қойды Әмірші,
Адал іс пен сауданы пайдалы қып.
Тоқтау салып толассыз таластарға,
Ақыл құйып ақ жолдан адасқанға,
Жүзден асқан шағында Әбді Рахим баб,
Қайта оралды Қашқардан Қараасманға.
Қанша әлемді қарт батыр жүріп келді,
Бауыр етті жауынгер Түріктерді.
Ұйғыр, Қырғыз, Қарлұқтар, Сарт пен Соғды,
Аясына бір елдің біріккен-ді.
Пұттарды алғаш Бұхара бір құлатып,
Ұйыды ел исламдық нұрды ұнатып.
Мауереннахр төменде,
Алтай биік,
Азан айтып бәріне тұрды уақыт.
Самарқанда, Шашта да, Отырарда,
«Қара қаһан!»-деді аят оқыларда.
Медіресе, мешітте балауыз шам,
Білім берді бойында оты барға.
Басталды бір зор қадам болашаққа,
От өшпейді Иллаһи ол ошақта.
Әбді Рахим баб баба тақтан кетті,
Қағанаттың қауқары тола шақта.
Құпияға айналып жалынды өмір,
Құлшылық қып Жаратқан Тәңірге бір,
Ұлы империя үлгісін салған ізбен,
Келді артынан Шыңғысхан, Әмір Темір.
Ұлыларды жасырар жалған елес,
Өте берер ойланып, толғана көш.
Бұл далаға уақытты баянды еткен,
Мұндай адам тарихта болған емес.
Әр ғасырда әруағы жаңғыратын,
Қалай халқым,
Айта алмай қалдың атын?!
Әли ұлы Мұхаммед Ханафия,
Зәузатынан тарайды Әбді Рахим.
Хорасаннан жиһад қып көшем -деген,
Бірге өрілді тағдыры осы елменен.
Қабырғасын қатайтқан дін -исламның,
Түркілерге бабтарды көсем -деген.
Бағдар болып осынау далаға паң,
«Аллаһ!»-десе ашылар бар алақан.
Көк мұнардан көрінбей тұрса -дағы,
Бұл даланың имамы -Қара Қаһан!
Иманды Әмір әл қылып ұмытпауға,
Қанша ғасыр хұтба оқып, ұлықтауда.
Әлі айбарлы қағанат Қарахандық,
Сондықтан да тұр арты тұнып дауға.
Мойындамас ұрпағы, мойындар -ақ,
Көзін ашар кер заман шойын қабақ.
Аңыз -Шындық сұралар бір Алладан,
Болса кімнің ойында, бойында Хақ.
Ақиқаттың айтылар кезі келер,
Айналады Тарихқа шежірелер.
Ғасырлардың қойнында жатқан сырды,
Қарахандық қағанның өзі берер!…
М.Әбдімомын.
БАБТАР
Қасиетті Қорасан бабам менің,
Жетер ме екен тілегім, сәлемдерім?
Жетер ме екен бүгінгі саған демім?
Өмір сүрген өзіңнің үмітіңмен,
Он үш ғасыр кейінгі әлемдемін.
Күмбезіңе келеміз зиярат қып,
Күн қарайды төбеден қиялап тік.
Он үш ғасыр бұрын бұл кең далаға,
Өзіңе еріп келіп біз ұя таптық.
Біздің Ұлы сапарды бастадың да,
Күн боп қалдың тарихтың аспанында.
Менің Ұлы бабам да бірге болған,
Топырағын осы елдің басқанында…
Қасиетті әзиз баб бабаларым,
Іздеріңді -іздесем, таба аламын.\
Сіздер үшін көтерді халық көкке,
Ұрпағыңнң бүгінгі бағаларын.
Адам Хақты таныды,
Құдай ұтты,
Өмір сүрдік біз соған лайықты.
Қасиетті әзиз баб бабаларым,
Міне, тағы көгімнен күн айықты.
Түгендейін -деп Ұлы бабамызды,
Тарих етіп жүрмін мен тағы аңызды.
Сізден енді сұрайын, кешіріңіз,
Әбі Рахим немере ағаңызды…
Сіздер барда кетпейді даладан бақ,
Әбді Жалил, Ысқақ баб, Қарахан баб.
Бөле жармай Сіздерді Түркі жұрты,
Бәріңізге дұғасын барады арнап.