Білген Шайыр айтады

Бір Аллаға қиын ба қайырым қылса?

«Мұхаммед-Ханафия» дастаны Өтенұлы Сайыпназар ахун

(жалғасы)

Бір Аллаға қиын ба қайырым қылса?

Әр істің ақыры оңбас Құдай ұрса.

Ғажап бір көрініс көзге түсті,

Шың басында зер салып қарап тұрса.

 

Алдында тарау-тарау  аққан бұлақ,

Сарқырап, ағып атыр төмен құлап.

Айдын көл, гүлді алқап, мың құлпырған,

Жайқалған жағалауы жасыл құрақ.

 

Жұпар жер, масатыдай, исі аңқыған,

Бетінде аққу ұшып, қаз қалқыған.

Жарқырап алтын шатыр жағасында,

Жаннаттың айнымайды  нақ қалпынан.

 

Ұмтылды тұлпар суға шаба зулап,

Бас қойды, суды кешіп, омыраулап.

Жануар қаны кеткен, қанып ішіп,

Тынықты,  шөлі қанып, суға аунап.

 

Жарылқады, мейірі мол Алла қолдап,

Тұлпарын айдын көлге алды жалдап.

Жуынды, шөлін басты, жөнге келіп,

Асынды бес қаруын таңдап, талғап.

 

Түрленіп тұлпарына қайта мінді,

Шатырға қарсы тұрған қарай жүрді.

Үш рет дауыстады еш  жауап  жоқ,

Бұл неткен адамы жоқ үй деп білді.

 

Аң-таң боп Ханафия аттан түсті,

Білмекке жұмбақ шатыр, жұмбақ істі.

Төрінде алтын тақ тұр, алтын шашақ,

Төрт аяғы жақұттан,  дүр пүлішті.

 

Қарады шымылдықты қолмен ашып,

Бір сұлу ұйықтап жатыр нұрын шашып.

Болды деп ойламаған күнәлі іс,

Шатырдан Ханафия шықты қашып.

 

Жәудір көз, оймақ ауыз, түйме басы,

Қиылған қисыны мен қиған қасы.

Қыпша бел, алма мойын кербез сұлу,

Секілді хас арудың  ханзадасы.

 

Ханафия  хас сұлуға қайран қалды,

Ажары ару қыздың ақылды алды.

Бар екен мәстен кемпір қызды күткен,

Батырды үйден шыққан көзі шалды.

 

«Тәрбиесіз тәлімі жоқ, неткен жансың,

Жансың ба шыққан жерден, түскен көктен.

Үйіне патша қыздың  басып кіріп,

Бар ма еді алашағың  бізде кеткен?»

 

Ханафия қарт сөзіне ашуланды,

Қылыштың қынабына қолын салды.

Батырлы ақыл жеңіп, сабыр сақтап,

Қолдарын қынаптағы тартып алды.

 

Кемпірге Ханафия жауап берді,

Сөкпеңіз әдепсіз деп біздей ерді.

Адасқан тура жолдан мен бір ғаріп,

Таба алмай, ата-анам мен туған жерді.

 

Қарт ана, қатты сөйлеп қапа қылма,

Жөн іздеп, жол сұрауға келдім мұнда

ол болса патша қызы, мен шаһизат,

Адастым жолды білмей, қызыл құмда.

 

Мұны айтып Ханафия атқа барды,

Тыңдады не айтар деп аналарды.

Ішінде алтын  шатыр дабырласқан,

Сөзіне қыз бен кемпір құлақ салды.

 

Қыз айтты, жуындырып әкел тамақ,

Айдала, қапасқа бір қойды қамап.

Тірі жан жоқ тілдесер сенен басқа,

Сарғайтып зарықтырды оңашалап.

 

Сырнай тарт, ән сейілтер, қиял жүгін,

Бір хабар болып қалар, ертең, бүгін.

Айдын көл, аққан бұлақ, айнала гүл,

Ішінде алтын шатыр кетпес түгің.

 

Сөз тыңда, ақылға кел, айналайын,

Ас дайын, жая дайын, киім дайын.

Келгесін қамалатқа патша қызы,

Арнаулы күтім болар осыңдайын.

 

Жаңа бір Бекзат келді шатырыңа,

Бұл жердің ұқсамайды батырына.

Үстіңе байқаусызда кіріп шықты,

Кешірім ет, жіберген ғапылыма.

 

Жас батыр бір жан  екен жанып тұрған,

Сымбатты сұлу нұры тамып тұрған.

Ақылы сай ажарына, алып күшті,

Көрген жан ақыл-есін алып тұрған.

 

Бұл жердің адамынан заты басқа,

Жас ноян жаңа келген кемал жасқа.

Неге кірдің деп едім, ашуланып,

Арқамнан ала жаздады тіліп таспа.

 

Жан екен жас та болса түсі суық,

Көрмедім мұндай батыр, өзім туып.

Кек тұтып айтқан сөзді кетіп қалды,

Долданып, айбат шегіп, ашу буып.

 

Қыз естіп, кемпір сөзін қалды қайран,

Заты кім, аты-жөні, келген қайдан?

Тез барып шақырып кел, көп сөйлемей,

Сол болсын бір тигізген маған пайдаң.

 

Жүгірді кемпір артынан айқай салып,

Бір қарап жүре берді, іштей налып.

Шақырдым, кетіп қалды шаһизада,

Шырағым жолық-деді өзің барып.

 

Қайырып желкесіне шашын түйді,

Басына дулыға, үстіне сауыт киді.

Тұлпарға мініп алып, қуды артынан,

Сайысып көрсетпекші, егес сыйды.

 

Дабыл қақты қыз келіп, батыр тұрды,

Атының қызға қарап басын бұрды.

Қыз жақындап келді-дағы қалды тоқтап,

Көрмеп ед бұрын жігіт мұндай нұрлы.

 

Ханафия қыз қасына жақын келді,

Әдеппен ізет етіп, сәлем берді.

Орнына соғысудың сонда сұлу,

Аттан түсіп, дізе бүгіп түрегелді.

 

Артыңнан іздеп келген жұмысым сол,

Құрметті ордаға жүр, қонағым бол.

Доссыңба, дұшпансың ба білісейік,

Жасырын жаулық жасап, қазбаймын ор.

 

Жүгіріп қыз артынан келсе кемпір,

Екеуі жайма-шуақ сөйлесіп тұр.

Білместік бір көргенде еттің мұндай,

Ханшаға кейіді кемпір құрғыр.

 

Ордаға  ертіп  барып түсіреді,

Тәтті тамақ неше түрлі  пісіреді.

Жайнатып жайып қойды дастарханға,

Жас батыр ас жемеді, қыз түсінбеді.

 

Сұрайды қайта-қайта сұлу қоймай,

«Тағамды неге ішпейсіз, нені ойлай?

Арды-артың, айнала жау, абайлаңыз,

Адамда күш бола ма асқа тоймай.

 

Асымды іш, жөніңді айт, атыңды айт,

Қандай патша баласысың затыңды айт.

Меніңше бекзадасың асыл текті,

Мақсатың не, ақылға кел, райдан қайт.

 

Ханафия көп рахмет деді саған,

Ас жемеймін, бір шара су әкел маған.

Алдыменен ат-жөніңді өзің білдір,

Мақсатың не, тілегім қояр саған.

 

Бір шара су әкеліп берді сұлу,

Ханафия не айтса көнді сұлу.

Өз атым Пазым, әкем  Ымлақ,

Әкем патша осы елге-деді сұлу.

 

Әкемнің  жеті батыр баласы бар,

Көңілінің жазылмайтын жарсаы бар.

Арабта мұсылман дінін ашқан,

Бар еді Мұхаммед атты ақ Пайғамбар.

 

Пайғамбардың батыры бар Ғали деген,

Әкемнің  ауруы сол қайғы жеген.

Ғалидың кім өлтіріп, басын кессе,

Уәдесі бар, менің соған берем деген.

 

Сексен мың әскері бар қаруланған,

Ағам бар жеті батыр оттай жанған.

Бас батыр аты Зордан  кіші ағай,

Талайдың қан майданда басын алған.

 

Қарт батыр Таудың  ұлы Дауыл деген,

Лат Манат берген  күшті ұлы егем.

Қан майданда қаны қызып алған кезде,

Жауының жүрегін жұтып, бауырын жеген.

 

Ханзаңғар сол Дауылдың ұлы жалғыз,

Қанышер, қаныпезер боп туған нағыз.

Ғалидың басын кесіп әкелем деп,

Патшамен уағдаласқан аусар Абыз.

 

Уәдемен бүгін келіп, мені көрмек,

Әкемнің шартына ол болды көнбек.

Аттанып, Мәдинаны шауып алып,

Ғалидың басын кесіп, әкеп бермек.

 

Бағынар Лат Манатқа діні кәпір,

Бойы бар отыз аршын, өзі батыр.

Ғалидың басын кесіп әкелем деп,

Сексен мың  әскер жинап елде жатыр.

 

Бұл жерде сол себеппен жатқан қызбын,

Қайғыға жалғыз жатып батқан қызбын.

Бірі беріп, бірі мені алмақ болған,

Басына бір Әлінің сатқан қызбын.

 

Ғашықпын жанабыңа жас батырым,

Мінеки аяқтадым сөз ақырын.

Бар сырын баяндадым патшалықтың,

Болар деп ақыреттік ең жақыным.

 

Бар сырын Ымлақ патша білді бабаң,

Сыр бермей, сырт айбат пен күлді бабаң.

Бір Алла  ақ дін үшін медет берсін,

Шапағат етер, деді Расул бабам.

 

Сұлуға  жөн  айтпады, бүгіп сырын,

Майданда сайыспап ем бұдан бұрын.

Жазуы жаратқанның болад-дағы,

Я, Алла нар тәуекел  біз бір құлың.

 

Бұл сұлу Ханафияға болған ғашық,

Ханафия сыр бермеді, шынын ашып.

Қанша жақсы көрсе де патша қызын,

Ұстады қайыр дін деп бойын қашық.

 

Майданда Ханзаңғармен айқасайын,

Жар болсын әруақытта бір құдайым.

Сұлу қыз жауды жеңсем, қайда қашар,

Ақ діннің ақ жолынан айнымайын.

 

Осылай Бабаң іштей сырласып тұр,

Жалғыздық басқа түсіп, мұң басып тұр.

Атасын, елін шауып, өлтірмекші,

Дұшпанын көрмесе де жауласып тұр.

 

Ханзаңғар Ғали қанына екен тоймақ,

Атасы үшін, дін үшін, арын ойлап.

Ханафия қаһарланып мінді атына,

Дүлей күш, бойын буып, салып ойнақ.

 

Қараса қала жақтан бір жан келеді,

Артында будақтаған көп шаң келет.

Ханзаңғар қан іздеген  сол шығар деп,

Ханафия қаймықпастан қарсы келет.

 

Ханзаңғар қаһар шашып, келді шауып,

Көктен сұраған жауын, жерден тауып.

Қуанып ақ найзасын аспанға атты,

Атойлап, дабыл қағып, ауық-ауық.

 

«Жан шыдап көрген емес ұрысыма,

Даңқым кеткен жердің төрт бұрышына.

Құлағыңды кесем де құл етемін,

Қаныңды былғамаймын қылышыма.

 

Кеудең жармай жүрегіңді суырамын,

Қансырадым, қаныңа жуынамын.

Жерім басып, еліме неге келдің,

Тірідей кесіп, етіңді қуырамын».

 

Ханафия Ханзаңғарға деді былай,

Жаратқан  бәрімізді патша құдай.

Алаңғасар, ақылсыз жан екенсің,

Әуелі білмейсің бе ат-жөн сұрай?

 

Адасқан жолаушымын  бетім ауып,

Себеп боп, тірі қалдым, ел, су тауып.

Қан төгіп, құл ететін жау емеспін,

Жөн сілте ойыңдағы етпей қауіп.

 

«Не қыламын жөнің мен затыңды,

Алтын тон мен аламын тұлпар атыңды.

Құлағың кесіп, құл етемін бағасын,

Алтын үйде жатқан біздің қатынды».

 

Осылай деп ожар мінез Ханзаңғар,

Сақтайтұғын Лат Манат бар, не қам бар?

Ханафияға ұрды найза жүректен,

Ақырын күт, бұл айқастың жарандар.

 

Алып күшпен ақ найзасын тірейді,

Тіреген сайын  күші артып шірейді.

Бір Алла мен ақ Расулге жалынып,

Ханафия бойдан жойды үрейді.

 

Ханафия енді қимыл бастады,

Адам көрмей Ханзаңғардай қасқаны.

Шірей тартып Ханзаңғардың найзасын,

Ұңғысымен омыра  шауып тастады.

 

Кезегіңді ал, деді Ханзаңғарға тағы да,

Білгеніңді істе, қалғаныңша уағыда.

Хан майданда қапы қалма батырым,

Барыңды сал, күшіңді сал бабыңа.

 

Бұл сөзге ашуланды Ханзаңғар,

Сәтсіз боп тұр қолдансам да сан амал.

Бұла күштің бұрауына келмеуші ет,

Бұл батырдың әкесіндей не жандар.

 

Алмас қылыш шапсам неге өтпейсің?

Алмас қанжар  неге жарып кетпейсің?

Тасқа салсам бауырдай ғып тілетін,

Тауға салсам өкпедей етіп өктейсің.

 

Қайда кеттің дүлей күшім қаһарлы,

Бір  күнде алған перғауындай шаһарды.

Бұл батырды жеңе алмадым, болушы ем,

Жалғыз өзім жайпайтындай жаһанды.

 

Осылайша Ханзаңғарың толғанды,

Шекті айбат,  қаһарланды долданды.

Жал күткен ақырғы айқас болған соң,

Бар күшімен бар әдісін қолданды.

 

Гүрзі ұрып, садақ тартты, салысты,

Қанжар ұрып, қылышпенен шабысты.

Бес қаруды түгел жұмсап болғасын,

Екі батыр аттан  түсе алысты.

 

Бір жойқын  күш пайда болың еріңе,

Салды қолды Ханзаңғардың беліне.

Аяқ-қолын сереңдетіп, көтеріп,

Ұрды апарып жартастың сүйір жеріне.

 

Қолы сынды, басы быт-шыт жарылып,

Бұл дүниесі қалды енді  тарылып.

Байқап көрсе тіршіліктен нышан бар,

Ес жиғанша күтті батыр сарылып.

 

Бір уақытта Ханзаңғар көзін ашады,

Көзін ашып, зәре-құты қашады.

Мұсылман бол, Иман айтып, дінге кір,

Деп Ханафия жақсылықты жасады.

 

Ханзаңғарың ажырайып қарады,

Ақ дініңе кірмеймін деп қалады.

Пазым келіп басын кес деп ымдап тұр,

Ханафия басын кесіп алады.

 

Пазым иіліп сәлем берді батырға,

Қошеметтеп апарды алтын шатырға.

Жанға керек жақсы тағам бәрі бар,

Ас жемеді, ауыз тиіп батыр да.

 

Патша қыз бұл жағдайға болды аң-таң,

Деп сұрады, не үшін татпайсың дәм.

«Мұсылманға  бөтен дін асы мәкіру,

Тағамды мен жемеймін дәл сондықтан».

 

Жас та болсам көріп ем істі талай,

Түсіндір тамақ жейсің, қайтсем қалай.

Иман айтып дінге кір мұсылман бол,

Тамағыңды сонда жеймін шарт талғамай.

 

Пазым қыз иман айтып дінге кірді,

Ақ діннің қасиетін танып білді.

Тамақ жеп, сусын ішіп, демін алып,

Екеуі алтын тақта ойнап –күлді.

 

Үш күндей Ханзаңғардан хабар болмай,

Көңіліне Дауыл батыр күдік орнай,

Білуге кеткен жақтан хабар-ошар,

Қарт батыр атқа  мінді өзін зорлай.

 

Қарт батыр Дауыл келді екпіндетіп,

Алдына алтын шатыр келді жетіп.

Кім бар? деп айқай салған даусыменен,

Мәстен кемпір шығады  дауыс етіп.

 

Болғанын бір сұмдықтың білді сонда,

Қарады қауіптеніп  оң-мен солға.

Өз көзіне өзі сенбей Дауыл батыр,

Келеді сезіктеніп құба жонда.

 

Тігілген майдан белгі жерді көрді,

Екі батыр соғысқан белді көрді.

Естен танды, есеңгіреп Дауыл батыр,

Жан шошыр бір сұмдықты көзі көрді.

 

Қараса Ханзаңғардың жатыр басы,

Сорғалап көзден ақты қанды жасы.

Дене жатыр әудем жер мылжаланған,

Қызыл қан алтын шатыр айналасы.

 

Мәстен кемпір шатырдан шығып келді,

Көлдетіп көздің жасын сығып келді.

Заты бөлек, жас батыр анау тұрған,

Басын кесті Ханзаңғардай жығып ерді.

 

Бір жас бөтен  Баһадур түсі суық,

Қасына бара алмады батып жуық.

Сүйегін Ханзаңғардың ала алмастан,

Қорықты тұла-бойын үрей буып.

 

Мұхаммед-Ханафия  мінді атқа,

Дауылдан жөн менен жол сұрамаққа.

Баламен кездесуге бата алмай,

Дауылың  қашып берді, қала жаққа.

 

Атының  мойнын құшып, ойбай салды,

Патшаға қаладағы қашып барып.

Қақпа алдына келді де естен танып,

Атынан Дауыл батыр құлап қалды.

 

Орданың жасауылы мұны көрген,

Таниды Дауыл батырды шала өлген.

Көтеріп Ымлақ  патша алып барса,

Таңырқап бұл не іс деп көңіл бөлген.

 

Есі кіріп, бір уақытта көзін ашты,

Ханзаңғар ойға түсіп, зәре қашты.

Ымлақ тұқымымды құрттың-ау деп,

Маңдайын тоқпақтады, жұлып шашты.

 

Алтынтақта Ымлақ,

Патшам шалқып жатыр-ды.

Уайымың жоқ, қайғың жоқ,

Бұл дүниеден ғапылды.

 

Әзірейіл түсті  аспаннан,

Байқауға сендей батылды.

Ханға бояп өлтірді,

Ханзаңғардай батырды.

Тұяқсыз өткен дүниеден,

Көрдің бе мендей пақырды?

Көріңді енді қаза бер,

Ажалға басың шатылды.

 

Үш күн келмей қалғасын,

Бардым хабар алмаққа.

Ханзаңғарым көрінбей,

Қараймын бер жақ, ар жаққа.

Басы жатыр кесіліп,

Денесі жатыр шаңлақта.

Заты  басқа  батырдан,

Душар боп ажал қармаққа.

Сүйегін жатқан ала-алмай,

Кек алуға бара алмай,

Азуды бастым бармаққа.

 

Хабарым бар атынан,

Хабарым жоқ затынан.

Арыстандай айбатты,

Қаймықтым қаһарлы қалпынан.

Тас жанып, тау күйіп тұр,

Нұһра тарытқан  зарпынан.

Түсі суық айбарлы,

Ұқсайды араб халқынан.

Сүйегін ал, кегін ал,

Ханзаңғардың бар артынан.

Батырыңмен  мақұлдас,

Уәзіріңмен ақылдас,

Патшалықтың шық шартынан.

 

Тартып ал, алтын шатырмен,

Айдын көл, аққан бұлақты.

Сүйегін алып құрметте,

Ханзаңғардай шырақты.

Қызыңның қи желкесін,

Қатыны бопты тұрақты.

Ханзаңғардың тұлпары,

Өзіңмен алып сұр атты.

Намысқа шап Ымлақ,

Күнің жерге құлапты,

Айың суға  құлапты,

Осылай Дауыл жылапты,

Естен танып құлапты.

 

Ойы ойран болыпты Ымлақ аң-таң,

Асқан батыр бар екен Ханзаңғардан.

«Біліңдер не жұмбақ іс, не керемет,

Дию ма пері ме екен, әлде адам?»

 

Ымлақ патша отырды ақыл нұсқап,

Қырық уәзірімен кеңесті қауып қыстап.

Пазымды көрген жерде өлтіріңдер,

«Батырды әкел-деді, тірі ұстап.

 

Белгілі үш жүз батыр іріктеңдер,

Болсын бәрі сайыпқыран, білікті  ерлер.

Таңалды тәтті ұйқыда жатқаныңда,

Тор салып ұстаңыздар, дүрлікпеңдер.

 

Шықпаңдар жекпе-жекке етіп егес,

Ханзаңғарды жеңген жау осал емес.

Қызды өлтіріп, батырды тірі  ұстаңдар,

Деп Ымлақ әскеріне берді кеңес.

 

Аттанды жаусыраған өңкей батыр,

Ұстауға Ханфияны келе жатыр.

Таңалды тәтті ұйқыда жатқанында,

Ішінен ұстаймыз деп алтын шатыр.

 

Тұлпары жерді тарпып кісінеді,

Белгіге Ханафия түсінеді.

Сауыт киіп, қаруын алды асып,

Деп түн кезген-қарақшы кісі ме еді?

 

Үстіне Пазым сұлу сауыт киді,

Шашын жинап төбесіне әкеп түйді.

Қасына Ханафия жетіп келді,

Болса да бірдей көрмек қандай күйді.

 

Бұл ісі Ханафияға сүйеу болды,

Екеуі ертелетіп атқа қонды.

Майдан болар төбеге барды бұлар,

Сақтықпен жете қарап оң мен солды.

 

Ханафия қала жаққа назар салды,

Қалың әскер қаптаған арты-алды.

Мені іздеген Асан-Үсен көкем бе деп,

Алайын дос па, қас па бір хабарды.

 

Осылай Ханафия жақындады,

Бұл пікірді Пазым сұлу мақұлдады.

Дос емес, жау боп шықты тілі бөтен,

Сөзіне түсінбеді, мыңқылдады.

 

Жар бола гөр жасаған ақ тағалам,

Дұшпан көп, мен жалғызбын көңілім алаң.

Я, Алла сыйынамын бір өзіңе,

Жан бабам қажыды ғой аттас балаң.

 

Осылай тебірене жалбарынды,

Жасанған жау екені аңғарылды.

«Аллалап» қалың жауға жалғыз кірді,

Көрген жан көзге сенбес таңқалынды.

 

Төрт кіріп қалың топты төртке бөлді,

Жаусап жау төбе-төбе болып өлді.

Майданда кесілген қол, аяқ пен бас,

Қан мен өлік рахатын құзғын көрді.

 

Осындай болды соғыс қанды жорық,

Қан-жоса жау жеңілді қырғын болып.

Қалғаны қала  кірді қашып барып,

Қамалға патша  қорқып  қойды қорық.

 

Үсті қан, жараланған аман бірақ,

Басына барды батыр аққан бұлақ.

Сағынып Асан-Үсен көкелерін,

Сүйеніп ақ найзаға тұрды жылап.

 

Осылай Ханафия жата тұрсын,

Азабын қиындықтың тата тұрсын.

Сөйлейік Ымлақ патша дұшпан жайлы,

Қорқытпай, қосып-алмай, шын дұрысын.

 

Жеңіліп қашқан жаулар қала барды,

Хабарын қан майданның ала барды.

Батыры, әскері де жеңілгесін,

Шектен тыс Ымлақ патша қапаланды.

 

Жинады батыр, уәзір ғұламасын,

Сарапшы, сардарларының қосты басын.

Жасырын жағдаятта жиын жасап,

Кеңесті жұмбақ батыр оқиғасын.

 

Берейін  намыс-арды жауға қолдан,

Болсын деп қолбасшыға батыр Зордан.

Соғысты Ымлақ патша өзің басқар,

Деп ЛаМанат қамқоршы болсын қорған.

 

Дабыл қағып Ымлақ патша жинады қол,

Қалың қол, қаруымен жинады  мол.

Қырық мың қол соңына ертіп Зордан батыр,

Соғысуға Ханафиямен бастады жол.

 

Ымлақ патша, Зорданмен қолды бастап,

Латманатқа сыйынды антын жастап.

Дию ма, пері ме екен, әлде адам ба?

Халықты қанға бөккен шын ойқастап.

 

Аттанды қырық мың қолы Ымлақтың,

Енді хәлі не болмақ нұр шырақтың.

Қалың қол алды қоршап айналасын,

Майдан алаң алтын шар, ақ бұлақтың.

 

Ертерек оқып алып таң намазын,

Ханафия қапаланды дауылпазым.

Асан, Үсен көкемді аман көріп,

Мадинаны сайрандай ма екенбіз-деді Пазым.

 

Қадалса ақ кеудеме бір адал оқ,

Қасымда басым сүйер туысым жоқ.

Я, Алла мен құлыңды қолдамасаң,

Қалады  ит пен құсқа денем жем боп.

 

Жол білмеймін Мадинаға кететұғын,

Дұшпан көп маған қастық ететұғын.

Я, Алла сүйенерім бір өзіңсің,

Медет ет мақсатыма жететұғын.

 

Я, Алла сыйынамын бір өзіңе,

Қалың жау қарсы шықты бір өзіме.

Ақ дін үшін, халық үшін жаным құрбан,

Періште  Кираман, Капиб куә бұл сөзіме.

 

Жәрдем ет, перзентіңе бабам-атам,

Майданда жекпе-жектің салты-қатаң.

Бермесең өзің қолдау ақ Расул,

Ит-құсқа қу далада жем боп жатам.

 

Әкең жау, өзің доссың Бибі Пазым,

Алла білер, өмірдің көбін-азын.

Бетімді топырақпен жасырарсың,

Ажал жетіп, бұл шайқаста болсам жазым.

 

Ханафия  осылай деп атқа қонды,

Батыр Зордан топтан шығып қарсы  жүрді.

Сұрланды Ханафия ішін тартып,

Боларын бір сұмдықтың іші білді.

 

Аюдай күркірейді Зордан кәпір,

Жаманнан жау көргенде кетер ақыл.

Аузына тілі сыймай көзі аларып,

Күңірентіп керней-сырнай келе жатыр.

 

Зорданның күші дүлей, Қаһары қатты,

Пазымға қаһарланып бұрды атты.

«Қаныңды ішіп, басыңды кесейін деп,

Өз қолыммен бауыздап сен бейбақты».

 

Пазымға көленең тұрып, ара түсті,

Көрмесе де Ханафия мұндай істі.

«Ер тұрғанда әйелмен ұрысатын,

Көрмедім-деді, көрмедік нақұрысты.

 

Ей, батыр есермісің, денің сау ма,

Ата жол: батыр жауға, қатын дауға.

Халқыңнан ұялсайшы қатынмен ұрысуға,

Шын қорықсаң жаныңды сұра сауға!

 

Ей, Зордан, бақсымысың, батырмысың,

Адамдық парасаттан ғапылмысың.

Ер болсаң майданға шық жекпе-жекке,

Болмаса пайымы аз пақырмысың?»

 

Зордан ақырып, аузынан көбік шашып,

Бұрынғы әдісімен болған  машық.

Айбалта мен маңдайдан келіп шапты,

Құмартып қан ішуге аранын ашып.

 

Дулығаны дүлей күш шала кесті,

Қатты соққы, қажытты ақыл-есті.

Құламай ат үстінде теңселіп тұр,

Сонда да  кәлима айтып, «Алла» десті.

 

Ханафияның мүшкіл хәлін білді тұлпар,

Бұлтармай бұлақ жаққа жүрді тұлпар.

Көре сала ұмтылды Пазым ару,

Деп жылап «жаның қалды асыл сұңқар».

 

Ханафия жерге түсті, тежеп атты,

Қызыл қан шекесінен заулап ақты.

Бас сүйегін қақ жарып өтеді екен,

Періштелер балтаны  тұтып қапты.

 

Пазым келіп көреді жарақатты,

Аюдың  ақ дәрісін  әкеп жақты.

Ілезде есі  кіріп,  қаны тоқтап,

Қалпына қайта келді салауатты.

 

Майданға шабуылдап қайтып барды,

Зордан  мұны көріп қайран қалды.

Ер кезегі үшке дейін майдан салды,

Деп, Зордан екі рет кезек алды.

 

Дәл шапты дулығадан  болған кетіп,

Қалқан тұтты Ханафия  шалттық етіп.

Мұхаммед-Ханафия қуатттанды,

Алладан бір айырықша медет жетіп.

 

Зордан шапты айбалтамен  үшінші рет,

Сақтады Ханафияны бір құдіреті.

Еш батыр өлмей аман қалмап ед деп,

Зордан іштей қорқып, дірі-дір етті.

 

Кезек алып, ат басын бұрды батыр,

Түтігіп, қас шүйіліп тұрды батыр.

Қарамай қарсыласқан айласына,

Гүрзімен  отыз батпан ұрды батыр.

 

Аттан бұрын Зордан түсті аунап,

Үстіне ат құлады омыраулап.

Жандалбаса сезімде түрегелді,

Қара қан аузы-мұрыннан  аққан заулап.

 

Есі жоқ, дәрмені жоқ, діріл қақты,

Көз қарауытып, құлағынан қаны ақты.

Қалпына келгеннен соң кездеспек боп,

Төбесіне төніп тұрып бұрды атты.

 

Шайқалып, бірде құлап, бірде тұрып,

Қан атқылап, кеудеден сүлде құрып.

Теңселгенін көрді-дағы Ханафия,

Қарамай жүре берді мойын бұрып.

 

Пазымның хәлін білмек бұлақтағы,

Қиялы Ханафияның шыдатпады.

Пазымға бір жаратқан жәрдем жасап,

Тілегі қабыл болды, жылатпады.

 

Ханафияға Бибі Пазым деді былай:

«Сақтасын әр уақытта патша құдай,

Қолдасын Ақ Пайғамбар шапағат қып,

Жалбарынып Жасағанға  жүрмін жылай.

 

Бір Алла  жарылқап, медет берсе,

Зорданды аяма басын кес, сәті келсе.

Перзенті ғой шыдамай әкем шығар,

Қалай шыдап тұрады Зордан өлсе.

 

Көп жауықпа қан төгіп, жауға батыр,

Бұлаққа кел  аптық бас, тәуба батыр,

Әкем ғой, перзентімін, өмірін қи,

Сұраймын әкем қанын сауға батыр».

 

Осылай күнде батып, басталды түн,

Таң атып, шуақ шашып шығыпты  күн.

Айқай сап, Зордан мықты қайта түлеп,

Дабылдап, атой салып екінші күн.

 

Ханафия кезегін күтіп тұрады,

Зордан келіп гүрзімен ұрады.

Алып күштің  қарқынына шыдамай,

Гүрзі сонда сағағынан  сынады.

 

Екінші рет Зордан тартып садақты,

Қақ жүрекке сұр жебесін қадапты.

Төрт қабатын тесіп өтіп сауыттың,

Жағасынан жырта жаздапты соңғы қабатты.

 

Енді кезек Ханафияға келеді,

Нақ кіндіктен дәлдеп тартты жебені.

Қақ айырып, ер Зорданның кеудесін,

Ар жағында аударды бір төбені.

 

Бір жекпе-жек шайқас болды осындай,

Екі жақтан ешбір  батыр қосылмай.

Зордан батыр шын өлгенін көргесін,

Қашты көбі, қол тұра ма шошынбай.

 

Батыр өліп, халқы егесіз қалады,

Қайғылы күн туды, патша қарады.

Өлсем жаным артық па деп Зорданнан,

Жекпе-жекке Ымлақ патша барады.

 

Бұл Ымлақ бір бәлені бастады,

Ханафияға бұғалық арқан астады.

Дулығаның жағасынан таяқша,

Буындырмады, Ханафияны сақтады.

 

Ымлақ кетті, тар жерде тәсіл тауып,

Бұғалықты тартады, сүйрей сауып.

Демалысы тарылып, тыныс бітіп,

Ханафия денесі барады ауып.

 

Сіресті тақымға салып, кере тартып,

Ханафия қозғалмады кейін шалқып.

Бұғалықты керіп тұрып, қолмен ұстай,

Қылышпен қиғаш кеп шапты қарпып.

 

Тарс үзіліп, бұғалық, Ымлақ ұшты,

Бетімен сүзе құлап, жерді құшты.

Қозғалтпай кеудесіне найза тіреп,

Шабуға шығарады, саф қылышты.

 

Пазым да қалт жібермей, көзін ашып,

Әке үстінен құлады жылап барып.

Ханафия уәдемен сауға берді,

Қылышын қынабына қойды салып.

 

«Алла білер, қашан бітет, кімнің демі,

Өлімге қисаңдағы әке мені.

Аталық парызың үшін-деді Пазым,

Өлімнен ажыратып, алдым сені».

 

Ханафия майданнан кетті қайтып,

Қыз жылады, әкесіне өкпе айтып.

Ымлақ патша ұялып, үндеместен,

Бас шайқап, сырт айналып, кетті тайқып.

 

«Кешірерсің, қатені балам,-деді,

Қартайған соң қажыған ғой санам,-деді.

Батырды Ордаға апар қонақ болсын,

Қошаметтеп шын қарсы алам деді.

 

Пазым хабарды түсіндірді жолдасына,

Зорға көнді, көнбеп еді ол басында.

Тартылып, сырнай-керней құрметтеген,

Ханафия түсті кеп патша ордасына.

 

Сары бал, жая мен жал көбінесе,

Ыдыс алтын аяқ, күміс кесе.

Патшалық сән салтанат, сәнді құрмет,

Айтқанға адам нанбас, көз көрмесе.

 

Шалықтап Ымлақ отыр алтын тақта,

Қалмаған хан мен уәзір бек манап та.

Барлығы Ханафияны қошеметтеп,

Жиналған  салтанатты бұл санатқа.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button