Алтайбек ахун баласы Әбсадық Мақсымның Мәді қожаға хаты

Менің әкем Мәді Құрбанқожаұлы Мұсақожа 1901-1988 ж.ж. Қоғалыкөл елді мекенде туған, шешесі Рабиға арғынның қызы Торғайдан. Әкесі Құрбанқожа, молда , өте қатал, мінезді адам болған. Әкемнің білімі болғаны екі жыл ауылдын медресесінде. Шешем Құльшахара 1916-2005 жж, олда Қоғалыкөлден, Еспенбет қажының қызы, қорасан қожа Абыт тармағынан. Шешем оң құрсақ көтерген, казір алтауы тірі. Әкем жастайынан өте белсенді болған өзінің етінің тірісінің арқасында. Жастайынан аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болған. Сол кезде аудан хатшысы өзге ұлт өкілі әкеме тиісе берген «молданың баласы» деп, әкем шыдамай бір ұрған, сол үшін сотталып кеткен. Әкем біраз қызметте болған, 1926 ж Ақмешіт қазақтын астанасы болған кезде әкем Темірбек Жүргенев, Сәкен Сейфулиннң, Сұлтанбек Қожановтың көзін көрген. Әкем 1936 жылдары Қызылорда қаласында “Союз пищевиков” мекемені басқарада, сол кезде талай қазақтың отбасын аштықтан сақтап калады, біздің үйді талай қазағым паналайды, көзі көргендер осы әкемнің жақсылығын айтып отыратын. Әкемнің ақындық қасиеті де болған, сотталған кезде талай өлеңмен жазған хаттары бар анасына, ағасы Мырзахметке, інісі Хан Жанахметовке, інісі Нұрке ағама, соттаған прокурорға, өзіне ор қазған бауырына тағы да басқа жазбалары.
Басына қандай қиындық түсседе әкем сынбады ұл-қыздарын шешем екеуі тәрбиелеп, бәріне жоғары білім беріп бақытты өмір кешті. Сол әкемнің шапағатын көрген, қамқорын көрген Алтайбек Ахунның бел перзенті Әбсадық Мақсым, сол кісінің хаты:
Алтайбекұлы Әбсадық Мақсымның Мәдіге хаты.
Ал Мәді жанабына жазылды хат,
Жүрмісің аман- есен сау саламат.
Саламат саулығына тілектеспін,
Сыртыннан ғайып дана дайым сауғат.
Білсеңіз біздің дағы амандықты,
Отырмыз от басында көңіліміз шат.
Біліспек бір біреудің амандығын,
Ойласаң өзің дағы лайық хат.
Қадірмен қай уақытта қарағым- ай,
Айтайын жанабына жай-жағдаят.
Тындасаң ағаң сөзін құлақ қойып,
Мінекей біздің енді ахвалахат.
Кеселге ағаң пақыр кездесіп жұр,
Ақырын алла білер қандай болад.
Негіз бұл кеселің жақсы емес,
Ауырлап күннен күнге кетіп барад.
Қай жерден біздің кесел болсын жақсы,
Ішерге кеміген соң жерлік аухат.
Жағдайсыз жаман науқас кездесіп жүр,
Қораға тиген өрттей барып апат.
Жарылқап я жасаған оңалмаса,
Басына ағаңыздың не күн туад.
Апаттан аман Алла сақтағай деп,
Күні түні ағаң қып мінәжат.
Қалайда бұл кеселдің жайы жаман,
Етпесе бір Алла өзі шапағат.
Асылып дархакіңа біз отырмыз,
Дертіңе дәрмен бер деп, сұрап медет.
Болмайды күдер үзу құдіреттен,
Пазылымен рақым етсе өзі жомарт.
Ағаңды әртүрлі жағдай жүдетіп тұр,
Ауыр жүк артылғандай бек қабағат.
Тәуекел сондай ауыр болғанымен,
Көтеріп жүрміз әзір қылып хымбет.
Әл дәрмен, күш – қуаттың алды бәрін,
Арылып денеден ет, бойдан қуат.
Қиындау кесел шіркін болғаннан соң,
Дағдарып біз отырмыз жеп хижалап.
Ел – жұрт, ата-ана мекен еске түсіп,
Болар деп ахуалым не тарихат?
Ешнәрсе бұрын- соңды ойламаушы ем,
Жүрген соң басым аман денім сағат.
Жаңылып ақыл- естен қалып ойға,
Жатырмын орнағандай басқа нәубат.
Түсіп тұр не қиындық ғазиз басқа,
Ас жүрмей тамағымнан болып қажат.
Жеген нан, шайнаған ет көкірекке,
Кідіріп жүрмей әрман тұрып қалат.
Бермесін мұндай кесел мұсылманға,
Бір шайнам нан жұтуға қып ғарурат.
Құдай-ай, қор қылма деп мен отырмын,
Кеселден сондай қорқып бек қапахат.
Арылып бұл бір науқас кетпеген соң,
Көңілім қапаланып жабырқанат.
Бұл күнде не қиындық біздің бастан,
Түнерін жауған қардай басып ғұлмат.
Арылып басқан зұлмат кетер ме екен,
Дегендей көңіл шіркін соңы ойланад.
Нақылы бұрынғының бар ғой жаным,
Шыққанша кеудеден жан, үміт қылад.
Денсаулық. – Уа, денсаулық деп отырмын,
Ағаңа керек болып бұл зәрурат.
Қадірін денсаулықтың білмей жаным,
Басымнан өткеріппін болып набад.
Денсаулық енді айналып келсе бар ғой,
Қадірін білгендеймін арзан-қымбат.
Қарпытып қара көже ішсең дағы,
Адамға болады екен көп шарапат.
Май мен ет, шекер мен шай болмаса да,
Көжені ас демедік қылып аухат.
Қадірін нағыматтың білмеген соң,
Алланың ісі шығар бұл бір нәубет.
Шүкірлік бұған енді етіп тұрмыз,
Жолына ақтың қылып біз ғибадат.
Іні едің аяжаным бір қамқоршы,
Жүрме деп, жаяу аға мінгізген ат.
Түскен соң басқа жұмыс жағдай кетіп,
Біз жүрміз көрісе алмай боп зәрурат.
Жайымды жақын жерден сен білуші ең,
Жүргенде баста бақыт, қолда үкімет.
Шырақ- ай, не айтайыненді саған,
Бұл күнде үкіметке болдыңыз жат.
Сүйенген артымдағы бір сен едің,
Ағаңа болып жүрген құйрық- қанат.
Ей, Алла – ай, сені ондай, мені мұндай,
Құдайдын ісі шығар бұл бір хикмет.
Жаным- ай не қылайын бұған енді,
Ақырын болса болар- бір хайрят.
Қайратты асыл болат қарағым-ай,
Заманың емес сәйкес лайық хат.
Жер басып Қызылорда маңайында,
Жүрсеңіз болар дағы сау – саламат.
Алла мен бабалардын әруағы,
Жар болып жүргейдағы қылып мәдат.
Кездесіп әр жұмысқа килігесің,
Кісіге қымаймын деп мен залалат.
Сәйкесі замананың бұл емес қой,
Тура сөз, әділ айту қалды інабат.
Жалбақтап жамандарға қошемет қып,
Өткермек өмірін бұл адамзат.
Жаласбақ бір-біреудің ауыздарын,
Түлкідей түгейдегі түгі қымбат.
Заманның түлкі болған кезі ғой бұл,
Ылайық бұған қарап жұмыс істеп.
Болса да көну керек, не зарурат,
Арыстан, Аю, Қасқыр болам деме.
Болғандар қайда кетті білесің бе,
Асылдар жатқан жоқ па, қу топырақ.
Аңғартып өткендерді, кеткендерді,
Ағаңыз қылып отыр нақылят.
Ағалық әрқашанда айтушы едім,
Етпе деп ішкілікті сен бір әдет.
Байқа деп бахадурым айтым саған,
Басыңа пайдасыз деп бұл бір замат.
Ақыры ақыбетің қандай болды,
Тордағы бүркіттейсің түскен қармақ.
Жалынып жамандарға ісің түсті,
Патшаның кетіп дәуір, басынан бақ.
Еріксіз есіл ерім, жүрсін енді,
Қайтесің құдай ісі оңғарылад.
Ағаңның жағдайымен жұмысын жоқ,
Жұрген соң ықтиярсыз баста қызмет.
Ағаңды бұрынғыдай көре берме,
Отыр деп от басына баха зурат.
Сүйеніп құдыретке ағаң отыр,
Ішіп -жеу, ойын-күлкі жоқ рахат.
Жайымды жанабыңа көп айтайын,
Болар деп, қалайынша біздің қалат.
Біреудің біреуменен жұмысы жоқ,
Еркіммен жүргеніңде болып адамзат.
Түскенде басқа жұмыс қиыншылық,
Іздейді сонда ғана зәрурат.
Жақынды жақын сонда іздемекші,
Жығылсам сүйенем деп қылып дәрмат.
Айтайын жақындықтан саған жағдай,
Кеселден қысылған соң жей бір ақырет.
Сол уақыт кездесем деп қандай халге,
Көңілім жабырқанып қатты қорқад.
Анаң мен бала – шаға өз басыңның,
Келешек жағдайаты қалай болад?
Доғарып осыменен сіздің әлді,
Сөйлейін өз жайымнан үлгі ғыйрат.
Өлген соң жайым қандай болады деп,
Ағаңыз көбінесе соны ойланад.
Өлімнен қауіп қылып айткан емес,
Бар дейді алдымызда көпір ысырап.
Ағайын ауыл-аймақ, жанашыр дос,
Қадірден қайда қалды біздің асмат.
Туысқан аға-іні қай жерлерде,
Жүргені белгілі ғой бұл мағлұмат.
Халқымыз бұл отырған көршілестер,
Хабарлар халқымыздын әр дауамат.
Бәрі де ертелі- кеш хал сұрап тұр,
Ақсақал ауылдағы қария қарт.
Тағдырға олардағы шара таппай,
Күйзеліп , күңіреніп келіп тұрад.
Осындай халық ықыласын қимай тұрмын,
Болмаса кеткендеймін етіп жахат.
Лажсыз басқа жұмыс түскеннен соң,
Көңілім әр тарапқа аударылад.
Әйтеуір қайда жүрсем бір өлім ғой,
Иманым болсын жолдас, сол қанағат.
Сабырлылық әр қалайда істеп жүрмін,
Тапсырып ғазиз жанды хаққа аманат.
Тарығып бұл кеселдің тартқан зарын,
Кездескен не кемеңгер небір бекзад.
Бәрі де дауа таппай кеткен өтіп,
Мал- жанын ысырап кеткен неше азамат.
Қорықпасқа алдымыздан болады ма
Бар дейді қиын- қиын не машақат.
Талпынып тағдырға лаж таппаған соң,
Жалғаннан жапа шегіп айттым қоят.
Солардың бәрі дағы көргеннен соң
Болар деп біз де отырмыз қандай болад
Ағаңды қайғы- қапа басып отыр,
Айрықша келгеннен соң орнап нәубет.
Дауасын бір жасаған таппаса өзі,
Ағаңыз жамылды тон лайық хат .
Жазуы жалғыз қақтын болса осылай
Өлімнен қашып енді кім құтылад.
Өлмесе ата-баба қайда кетті,
Алланың сүйер досы Айша зурат.
Пайғамбар мұғыржаға барғанында,
Біз үшін қанша тартты қайғы-қасірет.
Үммәттім, үммәттім деп кетті өтіп,
Баршана осы арасы мағлүм данет.
Сол ердің жолыменен біз кетерміз,
Жүрген соң Әмір- Мағруа ақ шареғат.
Құдая осы жолдан айырма деп
Тілейін барша Мүкі мұн көп адамзат.
Әлішер олардағы өткен кетіп,
Кәпірге күн тудырған не қиямет.
Ақырда солардағы өлді құлдан,
Себебі болайынша болып хисмат.
Хұсайын Қарбалада шәйт болған,
Су бермей хауаржылар кәпір лағнат.
Басына қайғы қапа түсті қандай,
Тарығып құрып кетті таза аулат.
Тарлықтың олардағы тартқан дағын,
Таба алмай бір жұтім су болып хахат.
Сол кезде қабыл болмай мұддағасы,
Бәріде болды жаман неше шахизат.
Әзелде жазу сондай болғаннан соң,
Не ерлер кеткен жоқ па Бағасы қымбат.
Асанға алған жары захар берген,
Болған соң ақ әмірі ылайыққат.
Азғырған әзәзілдің тіліне еріп,
Қор қылды – ау сондай ерді ту пәләкәт.
Захардың зардабына шыдай алмай,
Қабырына пайғамбардың айлаған дат.
Әй ,балам ақ әмірі осылай деп,
Қабырдан шықты әуаз бір ақихат.
Өлімге ықтияр боп қиды басын,
Алладан болмаған соң еш дәрамат.
Сондай боп солардағы өткен екен,
Асан мен Үсейінге таппай мұрат.
Болған соң бастан жазу шара бар ма?
Жалғаннан табар деймін кім камалат.
Соларда осылайша өткен екен,
Кезінде келгеннен соң ажал нәубат.
Бел байлап бір құданың құдіретіне,
Отырмыз болады деп не жағдайат.
Азайып күн- күн сайын керегіміз,
Шырақ- ай болмай жүр – ау іш мажалат.
Құданың аз- мұз берген қуатымен,
Дос- жарды көріп жүрміз болып ұлпат.
Шүкірлік бұғандағы етіп тұрмыз,
Жазудан тағдырдағы кім құтылмақ.
Білсеңіз ағаң жайы міне осылай,
Өтеді – ау бастан деймін дәуір ғылат.
Қалқайып қалбандап мен жүргенімде,
Ағаңды деп жүрме сен тәуір болад.
Замандас, қатар- құрбы, үлкен- кіші,
Бұларды көргеніміз бір ғанибет.
Мұбада жазатайым қалсам жатып,
Жаныма жанашырдан кімдер барад.
Тірлікте бір- біреуді көрген жақсы,
Шыққанша тәнімізден жан аманат.
Айрылсақ сапар шегіп бір- біреуден,
Кімді -кім іздегенмен қайдан табад.
Ақ неке адал жұпты алған жарың,
Ажырап ақырында бұл да қалад.
Айырған қосағынан талайларды,
Бұл өлім сөйтіп- сөйтіп зар қақтырад.
Құдайдан тілеп алған болса балаң,
Қайғының отын жағып қапаланад.
Мейрбан ата- анам деп есіне алса,
Дұғадан лайым- ауқат жоқтап тұрад.
Жеткерсе перзентіңді адалынан,
Үстіне қабырынның нұр жаудырад.
Я, алла бұл мақсатқа жеткере гөр,
Дегендей болып отыр біздің мақсат.
Дұғадан қалас қылып қоймағайсың,
Пәндеден бізде пақыр көрсе зарурат.
Өлген соң иман жолдас пәндесіне,
Мал- жан, қатын бала жалған сәулет.
Құдай- ай иманымды берегөр деп,
Отырмын осы күні болып қажат,
Иманның көркеюі дұғаменен,
Етсе алла пазылымен қарзиғаплят.
Уа, дариға опасы жоқ, келіп өлім,
Атадан ажыратып ұлды айырад.
Қара жер бауыры суық айырғаннан,
Мұнан кім айрылмасқа лаж табад.
Құдайдан тілеп алған екі бала,
Тапсырдым сендерді мен ақ тағала.
Жасыннан балапандай мәпеледім,
Өсірдім ер жеткіздім тәрбиелеп.
Ешкімнің ата- анасы жолдас болып,
Болмайды бұл жалғанда солда қалат.
Пәнденің арттырғаны сол емес пе,
Артыңда ұл менен қыз қалса зұрат.
Қарақожа талай қызық сен көрдін ғой,
Болмаса қарағым қалқам Мұрат.
Кездесіп колхозшылық заманыңа,
Өмірі мехниятпен өтіп барад.
Жете алмай мақсатына көкесі отыр,
Қаншама ұмтылғанмен етіп жахат.
Қорғалып үйде отырып қалғаныма,
Кеселдің жайын қылып алты ай болад.
Қырымға қиядағы көз саламын,
Кез қыл деп бір жақсы жан адал ниет.
Бір алла бұл тілекті берер деген,
Үміт бар иншалла- ақ замат.
Басшы бол Қарақожа қалғандарға,
Енші алып бір-біріңнен болмаңдар жат.
Бірліктің берекесі деген сөз бар,
Аңғарып бұл сөзімді біл ақиқат.
Шырақтар бұл айтқанымды қылсын менің,
Ақырын ақырғыша болғай абад.
Қой көңілім оны- мұны айта бермей,
Бұрынғы келе жатқан жолыңа тарт.
Кеткенсоң біз сіздерді көру қайда?
Болғанша аңғартып қой нақылният.
Талайлар сөйтіп өлім тартқандағы,
Мезгілсіз келіп ажал ішіп шарбад.
Біздағы сол жағдайға кездесіппіз,
Келерін алла білер наубат.
Ойламай еншәрсені денсаулықта,
Пәндеміз жүре берген болып ғапляд.
Айналып басқа бір күн келгенінде,
Бұл өлім ертеменен кеш демейді.
Қазандай қауынды ұрған жер соқтырад,
Өлімнен ешкім қашып құтылмаған.
Не пері, не дию, не адамзат,
Бәрінде ақырында ажал тартқан,
Дүние жинағанмен ғып ыждағат,
Солардан біздағы- ау артықпыз ба?
Көңілім жабырқанбай көңіліңді жүз,
Пайғамбар әр жұмысқа сабыр деген.
Күтейік бір Алладан шарапат,
Көбейтіп сөз аяғын неғылайын,
Ағаңыз айта берсе сөз табылад.
Бір жерде қапа болып отырған соң,
Шығардым азғана сөз қып нақыляд.
Айыпқа естіген жан бұйырмасын,
Сөзімнің артық- кемі болса зият.
Алжасып ақылым менің адасып тұр,
Өлімді қиын біліп бір ұлық зат.
Қорқамын қауіп кіріп көңілге енді,
Сапарға жүргендеймін мініп бір ат,
Балдарым ойламандар бұл хикмет,
Хабарын білдіріп тұр қып ішірәт,
Өлімді баршаң тегіс ойлаңыздар,
Мойнына үлкен-кіші алып міндет,
Жас, кәрі, жаман, жақсы демейді өлім,
Алладан келсе үкім шын ақиқат.
Ата ұлдан, ана қыздан айыратын,
Пәнденің бас- басына бір күн туад.
Лухының қаламымен жазулы тұр,
Өлшеулі өміріміз аллаға аят.
Ойламай мұны ешкім ғапыл болып,
Демендер басымызға келмей қалад.
Келмейді өлім айтып дегендейін,
Бітіп дем, жетсе қазаң тауып алад.
Минут пен секундына қаратпайды,
Әзірейіл келсе егер мал күл мәулет.
Өлімнен бейғам болып жүре бермей,
Ескеріп есіңе ал, көп әләумет.
Әр жерде бірлі жарым көрсе өлім,
Осындай боламыз деп сонда ойланад.
Қорқамыз бір құданың қахарынан,
Намаз бен руза жоқ еткен тағад.
Құдай- ай өзің рақым ойламасаң,
Пәндең жүр өлімнен болып ғаплят.
Ақырын замананың ақ білмесе,
Қалмады- ау , айтарлықтай еш мұжалат.
Дегенмен заман түрі талай болды,
Біздің де түзелмей тұр қулық- ният.
Уайым, ер қорғаны деген сөз бар,
Болама ойламасқа мұны адамзат.
Сөзімді естіген жан дұғада бол,
Тындаған үлкен- кіші қып ыждағат.
Шаршап бір шалдыққандай боп отырмын,
Сияқты ара шөлде болдырған ат.
Нақыл сөз өздеріндей азаматқа,
Жазушы ем жалықпай – ақ замат- замат.
Дегендей ерік кетіп өзімізден,
Қамауда тұрғандаймын қабат- қабат.
Жақындап жар басында отырғандай,
Болып тұр осы күнде біздің қалат.
Июньнің первойында жаздым мұны,
Естітіп тыңдағанға қып нахлят.
Доғардым осыменен сөз аяғын,
Айтқанмен ада болмас бұл әдәбият.
Жылында мың тоғыз жүз қырық алтыншы ,
Ағаңның Әбсадықтан бұл сәлем хат!
Әбсадық Алтайбекұлының менің әкем Мәдіге жазған хат-толғауының түпнұсқасы болған, кейіннен ағам Қайырбек Мырзахметұлы ( Қорасани) “ Менің бабаларым” атты жинағына енгізді. Әкем Әбсадық мағзұммен жақсы сыйласқан. Ол 1946 ж қайтыс болған, оның екі баласы болған – Қарақожа мен Мұрат, біріншісінен ұрпақ жоқ, Мұраттан бір қыз қалған, тағдыры белгісіз. Әбсадық мақсұмның баласы Мұраттан Дүйсен деген баласы оның баласы Серік. Бәтіш (Пәтіш) Айша деген қыздары бар. Одан тараған ұрпақтар бар.
Хорасан қожалар шежіресінде Алтайбек ахунның бұл баласының аты аталмаған,
Абд ал-Жалил Бабтың ұлы Сұлтан Хұсейін қожа Ата, оның ұлы Жақып қожа, оның ұлы Мұхаммед қожа, оның ұлы Сейт Ахмед Қожа Ата, оның ұлы Оспан (Усман) қожа Ата, оның ұлы Хусейн қожа Ата, оның ұлы Атажан қожа Ата, оның ұлы шах Мұхаммед қожа Ата, оның ұлы Ашраф қожа Ата, оның ұлы Айййб қожа Ата, оның ұлы Сүлеймен қожа Ата, оның ұлы Құдайқұл қожа Ата. Құдайқұл қожа Атаның алты ұлы болды. Бірінің аты Хусайн қожа, одан екі ұл. Оның бірі- Құрбан қожа. Құрбан қожаның төрт ұлы болды. Бірінің аты Қасы қожа, бірінің аты Араб қожа, бірінің аты Көшек қожа, бірінің аты Қожан қожа.
Көшек қожа-Әзқожа (Аязқожа)-Алтайбек ахун, Есімбекқожа. Алтайбек ахуннан неше бала бар?Алтайбек ахун, Есімбекқожа.Алтайбек ахуннен – Қожық (Қожабек), Исабек (Исақожа, Сражиддин. Бұл шежіре Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Өзгент ауылының тұрғыны Бердіқожа (Мұхаммед) Сүлейменұлының жинаған деректерінен алынды.
Дайындаған Мұқамеджан Мұсахожаев





