Қабылдың Ақылима атты сіңілісі ер-ді,
Абылға неке қылып оны берді.
Абылдың Ләбуда атты бір сіңлісін
Қабылдың алмағына лайық көрді.
Ақылима сұлу еді артық түрі,
Жоқ еді Ләбуданың ондай нұры.
Адамға Қабыл айтты: – Сіңілім беріп,
Алмаймын түрі жаман әркез мұны.
Қабылға Адам айтты: – Хақ әмірі бұл,
Алланың пәрменіне разылық қыл.
– Абылды жақсы көріп өзің қылдың,
Хақ әмірі бұл емес, – деп айтты Қабыл.
Әуелі асы болған Қабыл еді,
Адамның тілін алмай қарсы келді.
– Сен алмай Ақылимаға талақ бер, – деп,
Абылға және келіп хабар берді.
Қабылға Абыл айтты қылып ызһар:
– Некелеп атам маған бергенді-ләр.
Алла мен һәм атамның пәрменіне
Қарсылық еш қылмаймын әслі зинһар.
Адамның құлағына тиді бұл сөз,
Әмір етті «құрбан ет, – деп, – егізің тез.
Құрбаның қайбіріңіздің қабыл болса,
Жанжалсыз Ақылимаға болыңыз кез».
Екеуі бұл айтқанын қабыл қылды,
Минә деп ат қойылған тауға келді.
Байлаған бір бидайды Қабыл қойып,
Бір қойды тау басына Абыл шалды.
Екеуі дуа қылып, тұрды қарап,
Құрбаны қабылдығын қылды талап.
Аспанға жай сияқты бір от шығып,
Күйдіріп қойдың етін қылды қабыл.
Қабылдың бидайына қылмады кәр,
Ол уақтың адамында бұл үкім бар.
Құрманы әр ксінің қабыл болса,
Аспаннан бір от келіп күйдірер-лар.
Онан соң Ақылиманы Абыл алды,
Қабылдың кеуілінде кінә қалды.
Хақ жолдан бұрын алып азғырмаққа,
Қабылға Ібіліс лағын дұшарланды.
Деп айтты: «Білесің бе, әй, Қабыл!
Күймеді жанған отқа құрбаның бұл.
Құдай деп отқа қарап сәжде қылып,
Ықылас қып, жүрер еді бұрын Абыл.
Абылға соның үшін жәрдем етті,
Құрбаны қабыл болып, күйіп кетті.
Һәм және атаң Адам өз кеуіліне
Сол уақта осы түрлі қиял етті.
Абылға бергендігі Ақылиманы,
Дүниеден ажал жетіп шықса жаны,
Абылдан туған, өскен балаларын
Орнына халифа қып қойғай оны».
Шайтанның Қабыл біліп бұл айтқанын,
Азғырды айла қылып, кеуілін әнің.
Бас қойып, жанған отқа сәжде етті,
Затына серік қосып бір Алланың.
Әуелі бұл пейілінен хабарланып,
Сәжде етті жанған отқа басын салып.
Қанша халық, атам Құрайыш кәпір болды,
Қабылдың әулетінде тәлім алып.
Қабылдың жаман пейіл кеуіліне енді,
Абылды өлтірсем деп қиял келді.
Қай түрлі іс қылғанда өледі деп,
Кеуіліне қиял етіп, ойлар еді.
Бір құсты алып келді шайтан лағын,
Таспенен майдалады басын әнің.
Шайтанның бұл қылғанын Қабыл көрді,
Үйренді өлтірмектің тәлімдерін.
Бір жылы қажыға барды хазірет Адам,
Қой бағып жүрер еді Абыл дауам.
Алдынан даярланып Қабыл барды,
Сол жерде қылмақ үшін ісін тамам.
Ұйқыда жатыр еді Абыл жалғыз,
Алдына Қабыл, лағын келді-ләр тез.
Інісін өлтірмекке қиял етті,
Кеуіліне рақым айламай әслі әркез.
Абылды жатқанында таспен ұрды,
Сол жерде басын жарып, шаһит[1] қылды.
Өлігін не қылуға ақылы жетпей,
Көтеріп құшағында біраз жүрді.
Абылдың қайсы жерде тамса қаны,
Пендеге пайдалы етті Алла оны.
Қабылдың алдына кеп шайтан лағын,
Өлтірді таспен ұрып бір қарғаны.
Жер қазып тұмсығымен шұқыр етіп,
Қарғаның ол өлігін қойды елітіп.
Үстінен топырақпенен мәккам қылып,
Онан соң өз жайына қалды кетіп.
Шайтанның бұл қылғанын Қабыл көрді,
Абылды лақат[2] қазып, жерге көмді.
Жеті күн һәм жеті түн өткенінше,
Жет тітіреп қабыл алмай тұрар еді.
Қаж қылып хазірет Адам келді және,
Көрді-ләр әулетінің бәрін һәмма.
Абылды оларменен көрмеген соң,
«Не үшін келмес, – деді, – Абыл маңа?»
Адамға Қабыл айтты: «Қой бағып жүр»,
Әмір етіп, Адам айтты: «Оны келтір!»
Ақыры қоймаған соң Қабыл айтты:
«Абылды мен өлтірдім келе алмайды».
Адамның қапалығы һәдден өтіп,
Аллаға дұға қылды, зарлық етіп.
«Бұл жерді не десемде әмірімде қыл,
Қабылды тұттырайын әмір етіп».
Алладан жерге және болды илһам:
«Адамның тұрғын, – деді, – әміріменен».
Онан соң хазірет Адам ауаз етіп,
Жерге айтты: «Тез тұтқыл[3], – деп, – Қабылды сен!»
Қабылды ұстады-лар жер тебіреніп,
Жеткенше тобығына тұрды еніп.
«Я, ата, рақым еткін» деп жылады,
Ол малғұн зәресі ұшты мұны көріп.
Қабылға Адам айтты: «Әй, лағын,
Бір туған інің еді Абыл сенің.
Абылды таспен ұрып өлтіргенде,
Кеуіліңе келмеді ме рақым сенің?»
Әмір етті жерге және «тез тұтқын» деп,
Жер тұтып, тізесінен тұрды-лар кеп.
Адамға Қабыл айтты: «Бір Аллаға
Сен асы болғаныңда бидайды жеп.
Бір Құда тұттырмады жерге сені,
Рақым етіп шығармайсың, неге мені?»
Қабылға Адам айтты: «Бидай жесем,
Ол ісім қателікпен болып еді.
Е, лағын, бұл істі сен қастан еттің,
Абылдың нақақтан сен қанын төктің».
Және де жерге қарап ауаз етіп,
Деп айтты: «Бұл малғұнды бәрһам етің!»
Жер тұтып, берге шейін келді және,
Адамға Қабыл айтты қылып нала:
«Я, ата, рамазанда әрбір күні
«Жүз рақмет жауады» деп айттың маңа.
Тоқсанның һәм тоғызын момын алар,
Басқаның баршасына бірі қалар.
Сол дерден несібемді менің бер деп,
Алланың дәргаһына бергін хабар».
Қабылға хазірет Адам айтты-лар сөз:
«Берілмейд бұл рақметтен саған әркез».
Онан соң жерге және пәрмен қылды:
«Көрсетпей тұтқын, – деді, – Қабылды тез!»
Жер тұтып, алқымына тұрды келіп,
Адамның рақым етпейтін халін көріп.
Алланың дәргаһына жалбарынды,
Жан-ділмен мінәжат қып, көп тіленіп.
Ауаз қып Қабыл айтты: «Я, бір уә бар,
Ілгері атам маған қылды ызһар.
Өз атың һәм Мұхаммед достың аты,
Жазулы арыш қасында тұрады-лар.
Достыңның сол атының құрметінен,
Қалас қып, жер қойнынан шырғарғыл сен.
Хабибің құрметі үшін құтқармасаң,
Өзгеден үміт үздім бұл күні мен.
Алладан жерге және пәрмен енді,
«Лағынды жібергін» деп нида келді.
Хабибі расул намын айтқаннан соң,
Шығарып жер қойнынан қалас берді.
Адамның болмасны деп кеуілі мәлүл[4],
Әмір етті мәлекке хакимі кул.
Дүниені жеті мәрте айналдырып,
Қаншама азаппенен өлтірді бұл.
Мұнан соң Хауа ана мен хазірет Адам,
Абыл деп жүреді-ләр жылап дауам.
Бір күні Жәбірейілге Адам айтты:
«Абылды көрсетсең, – деп, – бұл мүдәғам».
Айтқанын Жәбірейіл һәм қабыл көрді,
Абылды көмген жерге алып келді.
Лағынет кеп, ұлы қанын жұтқан жерге
Ауаз қып хазірет Адам хабар берді.
Сол заман қайнап шықты Абыл қаны,
Көрінді денесінің һәм нышаны.
Лақаттан хазірет Адам аршып алып,
Шығарып бір табытқа қойды әні.
Көтеріп ол табытты қырық жыл жүрді,
Тынбастан күні-түні парияд қылды.
Бәз уақыт «отырайын» деп жерге қойса,
Атыраптан құстар келіп жылар еді.
Абылдың жылар еді көріп халін,
Айтады осы сөзді баршасы әнің:
«Адамның перзентінде опа болмас,
Өлтірді бірәдарлар бір-бірлерін».
Мақлұқтар осы түрлі көп сөз айтып,
Жайына кетер еді бәрі қайтып.
Олардан мұны есіп жылар еді,
Артықша хазірет Адам қапа тартып.
Ақыры лақат қазып көміп кетті,
Сонымен неше заман ортада өтті.
Адамның перзенті мен әулеттері
Сол уақта жүз жиырма мыңға жетті.
Өлмеді бір Абылдан басқасы әркез,
Адамға әулеттері келді-ләр тез:
«Біздердің арамызда кәсіп ететін,
Бір нәрсе болса екен» деп айтты-лар сөз.
Дұға қып, хазірет Адам қол көтерді,
Жәбірейіл сол заманда Хақтан енді.
Бір уыс шамасындай алтын менен
Бір уыс хақ күмісті алып келді.
Деп айтты: «Бір Алланың пәрмені бұл,
Әулетің кәсіп етсін хабардар қыл».
Ауаз қып Жәбірейілге Адам айтты:
«Жетеді әулетіме қалайша бұл?»
Жәбірейіл онан кейін тауға барды,
Алтын мен күмістерді оған салды.
Алғанмен ада болып таусылмайтын,
Көп болып, ақырға ше кен боп қалды.
Алланың әмірімен хазірет Адам,
Бір мың жыл бұл дүниеде жүрді дауам.
Онан соң бірнеше жыл кәсіп етіп,
Болды-лар бұл дүниеде өмірі тамам.
Дүниеден өтерінде жіберді көз,
Алдына Шиш нәбиді алдырды тез.
«Хақ жолдан әулетімді аздырма» деп,
Айтты-лар неше түрлі насихат сөз.
«Дүниеден ажал жетіп өте дүрмін,
Қауымыма халифа бол, орныма сен.
Е, перзент, бес өсиет сөз айтайын,
Амал қыл, мұнан кейін оның бірлән.
Әуелі насихатым, бұл дүниені
Артықша жақсы көрме кеуіліңде оны.
Бейішті шын кеуілмен жақсы көрдім,
Тастады соның үшін жерге мені.
Екінші, қайсы түрлі жұмыс қылсаң,
Ақырын көз жіберіп, ойлағын сен.
Ешкіммен ақылдаспай бидайды жеп,
Пәлеге асы болып, ұшырадым мен.
Үшінші, әр сөз айтса, қатын егер,
Сенбе, қабыл көріп оған зинһар.
Хауаның айтқан тілін алған үшін,
Осынша Алла мені қылды-лар кәр[5].
Төртінші, әрбір істі істегенде,
Істеме тітірер болса кеуілге онда.
Бидайды мен жейін деп аузыма алдым,
Сол уақта денем тітіреп кеттім әнда.
Бесінші, іс қылғанда кеуілге алып,
Істегін, жолдасыңа ақыл салып.
Мен дағы періштелерге айтқанымда,
Бидайды жегізбес ед хабарланып.
Һәм және өзіңде бар расул нұры,
Артықша ықтият[6] қып, сақта мұны.
Дайындап әулетіңе өсиет қыл,
Қиянат істемесін бірде-бірі».
Шиш айтты атасына айлап ызһар:
«Мұны сіз дайындайсыз қылып тәкірар.
Мұхаммед екеуіңіздің араңызда,
Айтыңыз, қайсыңызда абзалдық бар?»
Бұл сөзге жауап бермей Адам тұрды,
Арыз етіп, үш мәртебе Шиш һәм сұрды[7].
Ақыры болмаған соң жауап беріп,
Білдіріп осы сөзді мәлім қылды.
Деп айтты: «Мұхаммедте көп пазылат[8],
Артықша аты ісін әйлайын жат.
Хақты бір, оны расул барһах[9] білген,
Ақырда бұл ұлыма болғай үмбет.
Әуелі бір күнәмен мені Құда
Жәннаттан әйлады-лар мені жұда.
Істеген неше түрлі күнәсімен
Жәннатты нәсіп етер үмбетіне.
Екінші, істеді деп бір күнәні,
Адамға достан етіп қойды мені.
Үмбеті неше түрлі күнә қылса,
Жасырып, білдірмейді әркез әні.
Үшінші, бір мәртебе күнә қылдым,
Үш жүз жыл Хауа анаңнан ажырап жүрдім.
Үмбеті неше түрлі қылса күнә
Ажыратпас әйелінен оны білдім.
Төртінші бір істеген күнәменен,
Үш жүз жыл рақат көрмей жыладым мен.
Үмбеті бір мәртебе тәуба қылса,
Күнәсін әпу етер қадір Мәулен.
Бесінші, өзім ұшырап бір күнәға,
Алды-лар кигенімнің бәрін һәмма.
Үмбеті қанша күнә қылса-лар һәм,
Болмайды жалаңаштық ешбір аңа.
Алтыншы қабылдыққа тәубем жетті,
«Барғын» деп Арафатқа пәрмен етті.
Үмбеті қайсы жерде күнә қылса,
Кешіріп күнәсінің бәрін өтті.
Өзімнен Мұхаммедтің артығы бұл,
Сен-дағы мәртебесін ақиқат біл.
Кеуілінде тасдиық етіп, қабыл қылсын,
Кейінгі әулетіңе хабардар қыл.
Онан соң бір сандықты алып келді,
Кілт салып, оның аузын ашып көрді.
Әндіштен Шиштің ұғылы әуел бастап,
Қасен мен Құсейін шақ жазулы еді.
Пайғамбар шаһиярлардың суреттерін,
Болатын халифаның тамам бәрі.
Адамға Жаппар Құда беріп еді,
Көрмекке тілеген соң пормын әнің.
Сандықты Шиш нәбиге берді және,
Білдірді тәусиптікті бәрін һәмма.
Кеселі онан кейін қатты болып,
Тұрмаққа, отырмаққа болмай шама.
Шишқа айтты хабар беріп, хазірет Адам:
«Зәйіт илан[10] зейтун тілер көңілім дауам.
Аллаға Турға барып арыз айттым,
Жәннаттан жемегіме келтір маған».
Шиш нәби атасының тілін алып,
Арыз етіп, ада қылды Турға барып.
Зәйіт илан зейтун атты екі миуа
Табақпен келіп түсті әзірленіп.
Адамға миуаларды алып келді,
Зейтунді луқма[11] қылып алып жер-ді.
Зәйтіні алып денесіне сүйкеген соң,
Жазылып кеселіне шипа берді.
Денесі сақаттанып тұрды біраз,
Және де кесел болып ауырды бәз.
Жәбірейіл ақ панадан кәпән алып,
Адамға сәлем беріп, айтты-лар раз.
Әзірейіл Мәлекул-мауыт келді және,
Тағызым қып, сәлем беріп айтты сонда.
Көзінен жасын төгіп отыр еді,
Адамның арқасында хауа ана.
Хауаға Адам айтты алысқа бар,
Раббымның расулдары сөйлесер-лар.
Әуелде сенің тілің алғанымнан,
Болғамын әр пәлеге мен кіріптар.
Айтты-лар хазірет Адам Жәбірейілге:
«Жіберді асы қылып, мені мұнда.
Малакут аспандағы періштелер,
Артымнан сөз айтады қай мазмұнда?
Асы деп айтпады ма, күнәһ қылған,
Болмаса қылды дей ме қателікпен.
Хауа деп айтпады ма жол бастаған,
Бұл күні мәлім етіп, білдір маған?»
Жәбірейіл жауап бермей жылар еді,
Мәлектің баршасы һам қайғы жеді.
«Я, Адам, жоғарғыға назар қыл» деп,
Алланың тарапынан нида келді.
Қарады хазірет Адам назар салып,
Көздерін раушан етті пердені алып.
Адамның жәннаттағы орындары
Көзіне көрінді-лар мағлұмданып.
Айтты-лар Әзірейілге хазірет Адам:
«Ісіңді кешіктірмей бітір тамам.
Жаныммен жанабына мен құмармын,
Жәннатқа тездікпенен қояй қадам».
Әзірейіл Хақ әмірімен даярланып,
Тарттылар ізетпенен пәнжа[12] салып.
Дененің айуанынан паруаз[13] етіп,
Жәннатқа рухы шариф қонды барып.
Ғұсыл етіп, Шиш пайғамбар таза жуды,
Жәбірейіл тәлім беріп, айтып тұрды.
Жәннаттан алып келген ақ пунбауан,
Адамның денесіне кебін қылды.
Жәбірейіл Шиш нәбиге тәлім етіп,
Намазда имам болды ілгері өтіп.
Қубайыстың тауындағы мұнараға
Қойды-лар лақат қазып дәпін[14] елтіп.
Дүниеге топан суы тамам толған,
Нұқ нәби кемесіне алып қойған.
Онан соң Сәрандиге лақат қазып,
Бұрынғы лақатындай дәпін қылған.
Аз уақта Хауаға һәм ажал жетті,
Жәннаттың айуанына жанын елтті.
Кебіндеп, әулеттері намаз оқып,
Жиддәуа мүбәракке дәпін етті.
Бәріміз екеуінің әулетіміз,
Дүниеге онан туып, тарадық біз.
Ата-ана аруағына айтыңыздар:
«Қалу иннә иллаһи рәжиунды»[15] сіз.
Сыярдың алты бармақ – бір нұсқасы,
Әуелден айтылады оның басы.
«Сыяр» мен һәм «Қисса-сулдың» сөздері-дүр,
Адам мен нәби Шиштың бұл қиссасы.
Өскен соң хазірет Адам әулеттері
Әр жерді отан етіп кетті бәрі.
Кеуілінде дұшпандықты тіпті үдетіп,
Азғырды, бағындырып шайтан әні.
Базылар асы болды тілін алып,
Алланың хақ жолынан құры қалып.
«Құдай» деп от пен пұтқа атабынды-лар,
Шайтанның алдауына кеуілі нанып.
Ажыралды онан кейін кәпір, ісләм,
Өз дінін мақұл көрді баршасы һәм.
Дүниеде түрлі қылған істерінің
Жазасын мақшар күні тартар ол дем.
Екеуі ақырында дұшпан болды,
Қаншама қан төгіліп, адам өлді.
Сап түзеп, бір-бірімен ұрыс қылып,
Уақытында неше түрлі істер көрді.
Қанша мың пайғамбарлар шықты және,
Білдірді іліми-ғайыпты Алла аңа.
«Алланы – бір» білмеген кәпірлерді
Хақ жолға бастады-лар бәрін һәмма.
Базылар пайғамбардың алып тілін,
Алланың мықты ұстады тура дінін.
Әміріне мойынсынды, тағат қылды,
Кеуіліне ғапыл[16] қылмай ақыр күнін.
Ықыласпен намаз оқып, қылды тағат,
Хақ зікірін саһар[17] тұрып, айлады жат.
Шайтанның алдауына кеуіл қылмай,
Істеді күні-түні көп ғибадат.
Ол қылған қызметі үшін бұ дүнияда,
Артықша ақы бермес ешбір аңа.
Кәпірлер жаман істі қылғанменен
Оған да азап етпес Алла және.
Өлгенде момын құлдар жәннат кірер,
Тозақтан кәпірлерге орын берер.
Бұл қылған жақсы-жаман істеріңнің,
Жазасын мақшар күні бәрі көрер.
Құдая, момындықта болса әр құл,
Мәкірінен ол малғұнның аманда қыл.
Адамнан қысастығы бақи қалып,
Әзелден дұшпан еді біздерге бұл.
Хусусан мен күнәһар асы пенде,
Аздырар ақылымды алып әр заманда.
Шәрінен ол малғұнның аман еткін,
Қиямет майданына мен барғанда.
[1] Шаһит – дін жолындағы соғыста өлген адамды айтқан. Кейінгі кезде отаны үшін өлген адам туралы да айтылып жүр. Отанын адал қорғап өлген деген мағынада.
[2] Лақат /а/ – қабірдің мүрде қойылатын қуысы.
[3] Тұтқыл /т/ – ұста, ұстағын.
[4] Мәлүл /п., а/ – көңілі қалу, ренішті, қапалы, күйінішті, қайғылы, мұңды; азап шеккен; шаршаған; қалжыраған; дегбірсіз, сабырсыз, тағатсыз, шыдамсыз.
[5] Кәр – қаһар, ашу-ыза, ызбар; қиыншылық, таршылық.
[6] Ықтият /а/ – мұқият болу; сақтану.
[7] Сұрды – сұрады.
[8] Пазылат /а/ – артықтық, абзалдық.
[9] Жұда – құр алақан, жұрдай, мақұрым.
[10] Илан /т/ – мен, бен, және.
[11] Луқма /а/ – үзім, тілім, жапырақ.
[12] Пәнжа /п/ – бес саусақ.
[13] Пәруаз /п/ – жарқыл; сәуле; шұғыла.
[14] Дәпін /а/ – жерлеу, арулап қою; көму.
[15] Қалу иннә лиллаһи рәжиун /а/ – бәріміз Алладанбыз және оған қайта ораламыз делінген.
[16] Ғапыл /а/ – қапы қалу, білмеу, байқамау, сезбеу, аңқаулық; надан, қараңғы.
[17] Саһар /а/ – сәресі, таң атып келе жатқан мезгіл.