Шортанбай жырының жаңа қолжазбасы табылды
Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының кітап музейінде сақталған қолжазба-кітаптардың бірінен Шортанбай өлеңдерінің қолжазбасы табылды. Оның иесі және қолжазбаны кітап музейіне тапсырған – атақты дін ғалымы Сәдуақас Ғылмани.
Дәптердің мұқабасы арасындағы артық параққа мөр басылған. Мөрдің жоғары жағына қызыл сиямен «ШК33121» деген жазу жазылған, мөрдің ішінде «Музей книги Казахстана, поступил от Гилманова С.Г., акт №102, 26.09.1980, цена 25.00, Фонд РК, Инв. 701» деп жазылған.
Мұқабаның ішкі жағында қолмен жазылған «Алма-Ата 23, Шолохову…» деген мекенжай және дәптер шығарылған фабриканың «СВЕТОЧ» мекенжайы көрсетіліп, 1930 жыл деп жазылған.
Қолжазба 1а бетінен басталып, 27а бетімен аяқталады. Екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім 1а бетінен басталып, 18б бетімен аяқталады. Бұл бөлімде «Ғабдул Ғалым» хикаяты орын алған. Басталуы:
Бісміллә деп сөз бастаймын Тәңірім атын,
Серкалы мұны жазған менің атым.
Жамағат, тыңдасаңыз бұ қиссаны,
Мәлика Бақираның қикаятын
Ағалар ұлықсат берсең жазайын қат,
Болады оқығанда көңілің шат.
Ақылбек Сәбелұлы өлең жаздым,
Кейінгі боз балаға бәйіт болып жат.
Мұқамбет Расулоллаһ Құдай досты,
Надандар ойлап тұрсам діннің босы.
Жазайын нұсқа сөзді өлең қылып,
«Қикаят Ғабдул Ғалим» болады осы.
Мен Ақылбек өлең жазам өткенімше,
Астына қара жердің жеткенімше.
Аяқталуы:
Дүние көп жүгірген көш секілді,
Ойлағанда бір көрген түс секілді.
Оянғанда түсімнің біреуі жоқ,
Дүния түсте көрген іс секілді.
Кіріспе өлеңге қарағанда бұл дастанды жазуға бірнеше адам қатысқан, солардың бірі – Серкалы. Бұл кісі дастанды басқа тілден аударып, қара сөзбен жазған болуы мүмкін. Екіншісі – дастанды өлең түрінде жазған Ақылбек Сәбелұлы.
Екінші бөлім қолжазбаның 19а бетінен басталып, 27а бетімен аяқталады. Бұл бөлімдегі Шортанбай өлеңдерін екі топқа жинақтап берген бірінші бөлігі «Шортанбай сөздері» деп, екіншісі «Шортанбайдың бала зары» деп аталады. Бірінші топтағы өлеңдерге, «Тар заман», «Заман қайтіп оңалсын», «Мынау заман қай заман?», «Тәңірдің ісі қымбатты», «Жалмауыз болды үлкенің», «Көтерілді керемет», «Ұлың киер дүрия», «Бұрынғының сөзінің», «Малыңды билеп ұлың тұр», «Басқа тисе өлдің деп», «Асылық асқан заманда», «Адам ата өткелі», «Жұрт жиылып бүлінген», «Бұл асылық асқан заманда», «Ауылдың малы бұралқы» деген өлеңдері топтастырылған. Шортанбайдың бала зары атты топтамада «Атамыз Адам пайғамбар», «Алдау жалған дүниенің», «Опасыз жалған», «Онша азды ел неден», «Жалғаншы», «Жалғыздық – кедейлік», «Жас өмір», «Не болар?», «Еділді алды», «Азған заманда», «Шұнақ бидің тұсында», «Жүдеме», «Өзі туралы айтқаны», «Шортанбайдың өлерінде айтқаны» деген өлеңдері орын алған. Бұл еңбек шортанбайтанушылар үшін үлкен олжа болып табылады.
Шортанбай сөздері
Тар заман
Сөздің басы бісмелда,
Мұсылманның тариықы.
Төріт аяқты жануар,
Бұл жалғанның жарығы.
Бағасы кеткен жігіттің,
Бетінен ала зайыбы.
Бір Тәңірден өзгенің,
Көп түр қылған айыбы.
Әуелігі зорлар қор болды,
Сондағы қорлар зор болды.
Әуелгі байлар жоқ болды,
Сондағы жоқтар тоқ болды.
Жөн білмейтін жамандар,
Ел билеген бек болды.
Көтере алмай бектігін,
Ұласқан үлкен кек болды.
Ниетіне қазақтың,
Тымақ тәуір еп болды.
Қысы көбейді, жаз аз боп,
Бай таусылды мал аз боп.
Ағаны іні көрмеді,
Атаға бала араз боп.
Сөйтеме деп ұлымыз,
Кетеме деп пұлымыз,
Отар заман болар деп,
Сол себептен қорқамын.
Әр нәрсенің болжалы,
Келе жатыр жақында.
Ағашты жерге үй салып,
Алды дұшман алқымдап.
Елді еркіне қоймады,
Буырсындай тақымдап.
Сорлы қазақ қамалып,
Тарылды кең қоныстар.
Жарысқа кірген жақсылар,
Дуан басы болыстар,
Шұлғып басын изейді.
Жауыздың сөзін мақұлдап,
Осы бәлем қайта аз деп,
Үйде күлер сақылдап,
Нашардың биттей бұлы жоқ,
Құр жылайды қақылдап.
Қорлықпен өлген қуымыз,
Ашылар қашан көзің деп,
Сол себептен қорқамын.
Асылық асқан заманда,
Алуан-алуан жан шықты,
Адам азар қан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Жарылы кедей жоқ жітік,
Қайтып күнді көрер деп,
Сол себептен қорқамын.
Бір пара жанды зорсынды,
Бір пара жанды қорсынды.
Осы күнгі адамдар,
Еш нәрсе жоқ ойында.
Әдет қылып ұрлығын,
Қасиет қалмас бойында.
Арамға баулыр баласын,
Ит есебі көрмейді,
Ата менен анасын.
Бұл сұм заманның аяғы,
Заман кетті баяғы.
Жарлының жалғыз таяншы,
Мал болыпты баяғы.
Ықылас ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады.
Ұлықсыған ұл туып,
Заман жауға тиген соң,
Ұлықсыған қыз туып,
Қай үлкенді сыйлайды.
Жан есінен адасты,
Жамандық мұнша ұласты.
Жарысқа кірген жақсылар,
Жақынмын деп тартынбай,
Жауменен бірге қанасты.
Аузына кәпір қаратты,
Дін мұсылман Алашты.
Бұл дүниенің тұтқасы,
Ойлап тұрсам мол екен.
Енді соған жігіттер,
Кәпір мен қазақ таласты…
***
Заман қайтіп оңалсын,
Адам қайтіп қуансын.
Жарандар болды ұлығың,
Майыр болды сыпайың.
Айырылмайтын дерт болды,
Кедейге қылған зорлығың.
Кінәзді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің биіңдей.
Дуанды көрдің үйіңдей.
Абақты тұр қасыңда,
Қазылып тұрған көріңдей.
Байлар зорлық қылады,
Мал көзіне көрінбей.
Билер жейді параны,
Сақтап қойған сүріндей.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Заман түрі бұзылды,
Текеметтің түріндей.
Жеті жұрт кеткен қу жерден,
Сен тұрмассың бүлінбей.
Қазақтың ұлы жойылып,
Құдайыңа сыйынып.
Қайылы қарға қат жазып,
Кешіктірмей бұт жазып,
Өлмесінің қамын қыл,
Басқа бәле ілінбей.