Ғақлиат

«Көргеніңнен көп екен көрмегенің»

Исатай Әбдікәрімовтың естелігінен

Облыс атсаң асықтай үйіріліп түсетін шағын аудан емес, қозғайтын мәселесі көп, етек-жеңі кең, сан-салалы тірліктен тұрады. Сондықтан менің жұмыс ырғағым Қызылордаға келгесін өзгерді. Бұрынғысынша шаруашылыққы жиі шығудан қалдым. Мұнда ең бастысы тапшылықты уақыттан көреді екенсің. Бұрыннан таныс емес, тіршіліктері қанша, көбісімен енді білісесің, біліміңді жетілдірмеске шараң жоқ. Бізге дейін де мол тәжірибелі басшылар өлшеусіз еңбек сіңіргенмен, жүктің ауыры керуеннің соңғы түйесіне түспеуші ме еді? Оны түсіну үшін ерекше қабілеттің керегі жоқ.

…1991 жылы Қазақ теледидарының тілшісі Аралға арналған симпозиум кезінде маған жік-жақпар жабыса кетті:

– Аға, сіздің бір-екі ауыз әңгіме айтуыңыз керек. Пікіріңізді білдіріңіз Арал жөнінде, әрі ақсақалдық кеңес беріңіз…

Баспасөз бен жалпы ақпарат құралдары қызметкерлерінің  кейбір қиянатты жақтарын білетінмін, ауыздан шыққан сөздің өңін айналдырып,  бұрмалап көрсетуге құштарлары-ақ көп. Білімі саяз, журналист ағайындардың кейбір беделді басылымның тұтқасын ұстап отыпғанына қайран қаламын. Сондықтан, бұл жолдастармен әңгіме-сұқбат жасауға қай кезде де құлықты емеспін. Бірақ мына бала алдымды кес-кестеп қоймағасын:

– Жарайды, – дедім бір-екі ауыз лебіз білдіруге келісім беріп. Бұным да қате болған екен. «Бір-екі ауыз пікір емес», сөз сағасынан әлгі тілшіміз көрер-көзге мені айыптауға көшті.

– Өзіңіз облыс басқарып тұрған заманда Аралға неге  араша түспедіңіз? Сол кезде жоғары жаққа білдіріс жасадыңыз ба? Әлде Аралдың халқын тыныштандырып, олардың із-түзін білдірмей көшірумен ғана шұғылдандыңыз ба?

– Мүмкін, Аралдың тағыдыры сіз үшін бәрі бір шығар

– Теңіздің тартылуына өзіңіздің қатысуыңыз бар деп есептейсіз бе? Кінәңізді мойныңызға аласыз ба?

Көп ұзаған жоқ орталық теледидар хабарларын қарап отырып, экранда «Аралды жұтқан кімдер?» – деген титрдің пайда болғанын көрдім. Ұят-аятты аттап, уәделі сөзден айнып, тақырыпты бұрып кеткен тілші кәдімгідей маған кіжіне сұрақ қояды. Мен өткен өмірімен жауап беруге жалтақтаған адам сипатында қалыппын. Бұл арандатушылық әрекеттердің бірі еді. Арал үшін біздің бәріміз, оның ішінде мен де, Д.Қонаевта теңіз бен туған жер алдында жауапты болатынбыз. Қайта құрудан кейін туған бала болмаса, бұның ішінде тілшінің өзі де бар.

Менің облыста жұмыс жасаған 1972-78 жылдар аралығында Арал халқының басына түскен қиындықпен тұспа-тұс келді. Су құрдымға құлай берді, елді індет жайлады. Кәсіпсіздіктен тоқырауға түскен халық азып-тозып, көзі-көріп, құлағы естімеген жаққа қарай бет-берекет көше бастады. Аудандағы халыққа күн көрістік үшін тігін кәсіпорны мен насос жабдықтарын жасайтын  заводтарын іске қосуға күш салдық. Бұрын жабылып қалған Сексеуіл депосын қайта аштыруға тура келді. Бәрібір, біздің кішкене әрекетіміз апат дариясының алдында кетпенмен бөгет салғандай бейшаралық  секілді еді, басқа амал жоқ-ты. Обалына не, Димаш Ахметұлы Аралдың басындағы ауырмалықты партияның екі съезінде айтты.Бірақ тыңдайтын құлақ қайда бір десеңізші?!

Жартымсыз қаражатымызбен теңіз қолтығындағы елге қайранымыз тимесіне көзім жеткесін осы мәселемен Д. Қонаевқа арнайы кірдім.

– Димеке, мына Арал төңірегіндегі бір тайпа ел алдымызда қиналып жатыр. Ел ішінде жүргесін құлағым шалып қалады, ағайындарымыз бізге ренжулі. Сіз маған рұқсат етсеңіз, мен есебін тауып Брежнев жолдасқа кірейін

– Қайдан білейін, қабылдай қойса жақсы… Бос әуреге түсіп жүрмесең? -деді Димекең.

– Не дегенде бақ сынап байқайын, жағдайымыз тіпті қиын ғой…

– Жарайды, – деді Димекең үмітсіздеу селқос қана. – Қоятын мәселеңді жинақтап, сайланып бар.

Сол күні Алматыда жүріп, айтатын сөзімнің жобасын қағаз бетіне түсіріп, оны Димекеңе көрсетіп алдым.

1977 жылы маусым айының аяқ шенінде Мәскеу қаласында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы өткелі жатты. Осы сессия қатысу үшін мен де бардым. Ертерек қимылдап бас хатшының көмекшісіне әрең дегенде аяғым ілінді. Кірісімен Брежневтің қабылдауында болғым келетінін айттым.

– Қандай мәселемен?-деді таң ертеңнен бері сапырылысқан көпшіліктен әбден қажыған көмекшісі тереңнен дем ала отырып.

– Аралдың жағдайы… Теңіз тартылып, төңірегі тұз басып барады, елді індет жайлай бастады, халық беті ауған жаққа босқындап көшіп жатып. Димаш Ахметұлымен кеңесе келе бұл жағдайды Леонид Ильичпен ақылдасуды жөн деп таптық.

– Шынында, жағдай қиын екен. Реті келсе аудиенция алудың жағдайын жасайын. Жатқан жеріңізбен телефон нөміріңізді беріңіз…

Сессия өз жұмысын аяқтады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Предидиумының төрағасы Л.Брежневтің өзін сайладық. Бұдан соң бас хатшының көңіл-күйі жақсы шығар деп топшылап қойдым. Бірақ, хабарласмын деген референттің қоңырауын тосып, «Москва» қонақ үйінде жұлдыз күткендей сарылып екі күн жатайын. Сол маусымның отыз бірінші жұлдызы күні түскі асымды ішіп келіп, бөлмеге кіргенім сол еді, телефон шыр ете қалды.  Бұл сағат түскі екілердің шамасы еді.

– Сізді, тағы бірнеше обкомның хатшыларын қосып қабылдайтын болды. Уақыты – сағат бес, -деді референт тақылдай. – Тура сол мерзімге келерсіз.

Заманында Брежневтің қабылдауында болу – Меккеге барып қайтқаннан да мехнатты жұмыс. Бұндай құрметтің сәті туғалы тұр. Уақытынан ертерек баруға бекіндім.

– Иә, әруақ жар бола көр. Брежнев те бұл заманның ақ патшасы ғой. Ықыласы ауып, рахымы түсіп кетсе, ақшасында, заводын да бере салар. Сібірдегі өзендерін тездетіп әкелу де қолында тұр ғой, – дей жүріп, қағаз қаламдарымды жинастырдым. – Жалғыз өзімді қабылдағанда қайтесің деймін, өзі көңілшектеу кісінің санасына Арал қасіретін айтып сіңіру қиынға түспес еді. Қазір әркім өз мұқтажын айтып маған сөз бере ме?

Дегенмен, бұған да шүкір, кішкене тумауратып қалса да, «ол кісінің уақыты өте тығыз» – деп елге қайтара салуы да мүмкін еді.

Брежневтің бөлмесіне Ресейдің хатшылары бастап кірді де, әркім облыс пен аты-жөнін айтып қол ала бастады. Орта шеніне таяу:

– Қызылорда облысының обком хатшысы Исатай Әбдікәрімов, – дедім.

– О-хо-хо. – Марқұмның мақұлдағыны, танығаны, әлде амандасқаны екені белгісіз осылайша әркімге бір ықылас білдіріп, орнынан әрең түрегеліп, столынан бір қадам шығып тұрған еді.

– Леонид Ильич, жаңа қызметіңіз құтты болсын!

– Құтты болсын, Леонид Ильич!

– Біз сізге өз облысымыз атынан зор ден саулық тілейміз! – деген дауыстар орнымызға жайғаса бере жамырап кетті. Осы тілектен өзім қалыс қалдым десем, әрине өтірік болар еді.

– Ал, жаңа қызметімді халық қалай қабылдап жатыр?

– Жақсы, жақсы Леонид Ильич.

– Ел болып қуанып жатыр… Дұрыс болды деп жатып…

-Обкомның хатшылығы деген жақсы ғой,-деді Леонид Ильич қабағын оқтын-оқтын қозғап қойып. – Уақыт жетеді, қыдырыстап қайтуға да мұрсаларың бар. Менің үкімет үйінде отырғаным болмаса, түрмедегі адамнан жағдайым бір де кем емес. Қазір сағат жетіде мына Черненко жолдас қолыма екі чемодан қағаз береді. Соны таң азанға дейін сарыла отырып, қарап шығамын. Жауап жазамын, жан жаққа жолдаймын. Сөйтіп, мазам жоқ..

Брежнев үздік создық әңгімесін тамамдаған кезде менің алдымды орап екі хатшы сөйледі: бірі берген көмегі үшін алғыс айтты, екіншісі – кішкене мұқтаждығын білдіріп, көмек  сұрады.Үшінші кезекте барып сөз тиді-ау.

– Қызылорда халқын Қазақстанда жүрген кезіңізден жақсы білесіз, – өзінің де біздің өлкемен өмірлік байланысын ашықтай түсіп, бір табан жақындата сөйледім…

Леонид Ильич, өзіңіз көмек көрсетпесеңіз жағдайымыз күн санап ауырлап келеді. Дариядан келетін су тоқтады, теңіз жағалаудағы елден біраз шақырым қашып кетті. Балықшылар кәсіпсіз қалды. Теңіз табанынан ұшқан тұз айналасындағы өсімдіктерді күйдіріп жатыр. Халықтың арасында ауру-сырқау бар. Ендігі үмітіміз өзіңізде қалып тұр.

Бірінші ұсынысым, дария бойына одақтық бақылау қойылып, су әділетті бөлінсе екен. Теңіздің үлесіне ешкімнің қол сұқпау қажеттігін айтым. Екінші ұсынысым – Қызылорда әлі күнге дейін ауылшаруашылығы облысы. Кеніші мол жерден таяу жылдары өндіріс орындарын көптеп ашуға қамқорлық көрсетсеңіз, бұның көшіп келген Арал босқындарына кәсіп болатынын жазған қағазымды сол арада көмекшісіне табыс еттім.

Брежнев маған қаратып бір ауыз сауал да қоймады, Арал жөнінде тіс жарып үндемеді де. Сол қалғып-мүлгіген қалпы айналасын бір шолып:

– Уақыт біраз болып қалыпты ғой. Әлде сіздерге кешкі ас әзірлейін бе? – деп қалжың айтты.

– Рахмет, Леонид Ильич! Сізбен бір дидарласудың өзі біз үшін таусылмайтын тамақ қой, – деген бір хатшының  қыстырма сөзі көбімізге еріксіз езу тартқызды.

Мәскеуге қанат байлағандай қомданып жетсем де, бас хатшыға кіріп шыққан соң біраз пәс түсіп: «Брежнев осы қалпында Аралды қайтсін, Қызылорданы қайтсін?» – деген күмәнмен іштен өз денемді өзім ауырлап шықтым. Әрі мен сөйлеген кезде, сол күнгі салтанатты сәтке барлық мұң-зарыңды айтқаның қалай дегендей төңерегімдегі төрт-бес хатшының көздері жалт-жұлт ете қалған.

…Міне, үш минуттың ішінде тілші мен телекөрермендерге қалай жеткізіп үлгеремін. Аралдың қасиеті шымбайына батпады деу маған жасалған қиянат-ты. Бірақ, теңіз халқын босқыншылықтан аман алып қалатындай үлкен бір іс тындыра алмадың десе, ол тарихи шындық. Қанша аласұрғанмен орталыққа сөзімізді өткізе алмадық.

Мен осы сапардан соң облысқа қатысты мәселе шешуге деген көзқарасымды түбірінен өзгерттім. Себебі, барлық істің тетігі мен ақша қаражаты, қажетті құрал жабдықтардың бәрі – Мәскеудің жан қалтасында. Егер тіл тауып сөйлесе білсек, біздің мұқтажымызды үкімет арқылы емес, кейде жеке адамдар арқылы шешуге болатынына көз жеткіздім. Алдымен одақтық министрліктерді өзім жағалап көрдім. Сол кездегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бастығы Байбақовқа ұтырын тауып, екі мәрте кіріп, ел басындағы ауыр жағдайды мәлім етуге тура келді.

Байбақов та – Брежневтің үзеңгілес достарының бірі. Жетпістің сегізіне шықса да қызметінде табандап отыр. Кәрілік кімнің көңіліне қарасын, қарадай қажыған, аузындағы сөзі ылбырып түсіп тұр. Бірақ қалтаның аузын ұстаған адамға мұның бірін білдірсін бе? Құлағы естімейді екен, бір айтқанымды екі-үштен қайталап, әбден әлекпем шықты. Жасы келген жанның иі бостау болады, біртіндеп беті бері қарай бастады. Бәрібір Байбақов қартайған адам екен деп қайтып кету менің де қаперімде жоқ. Қалтамда Қызылорда облысына өндіріс орындарын ашу жөнінде жәрдем жасауға шығарған Орталық Комитеттің қаулысы, ұсыныстары бар. Шал мұны көрген соң қозғалақтап-қозғалақтап, «Көмектесемін» – деп уәдесін берді. Қаулына сол төңіректе жүрген жігіттерін жұмсап таптырып алды да:

– Енді ақша қаражаты жағынан іркіліс болмайды, – деді.

Қаладан өндіріс орындарын салдырудың алғашқы аяқ алысы жаман емес еді, бірақ бұған емексіп Мәскеуге сыпайы «шабуыл» жасауды тоқтатуға болмайтын еді. Сондықтан елге келісімен обкомның жауапты қызметкерлері Сәрсенбаев пен Рябовты шақырып алдым да, жағдайды түсіндірдім.

– Жігіттер, ендігі жерде жұмыс кеңселеріңді Мәскеуге көшіруге тура келер. Барыңыздар, айлап-жылдап жатыңыздар, министрліктен министрлік қоймай кіріп, талап қойыңыздар. Бәріміз елде дүмеліп жүргеннен ештеңе таппаймыз, Алматыдан сынық бұрау деметпеңдер.

– Бірінші кезекте қандай мақсатта жұмыс істеуіміз керек?

– Тоқылмайтын маталар фабрикасы, күріш шаруашылығы машиналарын жасау және электр бұйымдары товарларнының жобада қарастырылған құрал-жабдықтары, ақша көздері, арнайы маман – құрылысшыларымен қамтамасыз ету жағына күш салыңдар. Одан уақыттарыңыз ауысса Мемлекеттік жоспарлау, су шаруашылығы, тіпті, музыкалық аспаптар алуға мәдениет министрлігіне дейін кіріңіздер. Қашыртпа сөзге алданып қалмай, қажет заттарыңызды табандап сұраңыздар. Сосын облыс орталығынан музыкалық училище ашқымыз келеді. Өздерің қарастырарсыздар…

…Жоқ, жауапты қызметкерлердің Мәскеуде делдалдықта жүргені бірден нәтижесін бере бастады. Аптасына екі-үш рет хабарласып, қандай бағытта жұмыс істеу керектігін ақылдасып аламыз. Кімнің қалай қабылдағанына дейін қолымда мәлімет бар. Көндіге қоймайтындар кездессе, біреуді біреуге жұмсап дегендей, тірлігіміз біртіндеп ілгерілей бастады. Бірақ, осының бәрі амалдың жоқтығынан, заманына қарай жасалған тәсіл еді. Әйтеуір, елге пайдасы тисе еді деген ниетпен Алматыны аттап, Мәскеуден шыққан себебіміз сол.

Бір күні, сәскелікте ме, телефоным шар ете қалды. Көтерсем, Димаш Ахметұлы екен, шамалап маған ренжулі көрінеді.

– Исатай, сенің адамдарың елден істеуге жұмыс таппай, Мәскеудің босағасын торуға шыққан ба? Ана қызметкерлерің айлап жатып не тындырып жүр?

Көрмейсіз бе, табан тіреп жұмыс істеуге қарағанда Мәскеуде ұнатпайды. Сол жақтан біреулер Димаш Ахметұлына қырық құбылтып хабар салғаны ғой.Сонда да болса Димекеңе үй-күйсіз жер, су асып жүргенде бітірген шаруамыз жайлы айттым.

– Тездетіп жігіттеріңді кейін шақыр, – деді Димаш Ахметұлы менің уәжіме жарым-жартылай ғана құлақ асып. – Ұят сақтағанымыз дұрыс. Партиялық инабаттылық керек.

Енді қайтейін… Мәскеу біздің инабатымызды түсініп, кәсіпсіз қалған халыққа көз қырын салып жатса айтары бар ма? «Жазған құлда шаршау жоқ», екі уәкілімді кейін шақырдым

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button