Жарық нұрдың сәулесі

Сүлеймен қожа

Шеңгелдіде тұз сатып байыған руы алтын Қарабай деген тәкаппарлықтан үйіне қонақ түсірмейді екен. Бір күні ел аралап жүріп Сүлеймен қожа барып қалады. «Хабарлас»,-деп дауыстаса үйінде жатып  Қарабай айқайлапты:

–  Үйімде қожаға орын жоқ,-деп. Сүлекең қайтып сөзге келмей Әбдіжалил қожаның үйіне барып жатыпты. Таңертең екі әйелін ертіп,жеткен Қарабай   аяғына жығылып, бір буда ақша, қаракөл тері, қант-шай беріп кешірім сұрапты.

– Қожеке, жаздым-жаңылдым бір бура түнімен қуып ұйықтатпай, таңды атыра салып келіп отырғаным үйге жүріңіз, қонақ болыңыз, батаңызды беріңіз,-депті. Сонда Сүлеймен қожа:

«Ол бураның аяғы тұсаулы болды. Болмаса кеудеңе шығып тұншықтыратын еді. Такаппардың көңілін бас деп Алланың маған жібергені», депті.

                        ӘБЕНҚОЖА ҰЛЫ АСҚАР.  Теміртау

                      БЕРГЕНДІ САДАҚАҒА ТАРАТАТЫН

Бәсші қожа ұлы  Сүлеймен қожаға кім не атаса жолшыбай жағдайы төмен деген отбасыға  үлестіріп, үйіне бос қайтатын. Бірде Күкірттінің үстімен базарға бару үшін Сүлекеңмен жолдас болдық. Кештетіп үйіне түстік. Қоралап қой айдап, жүрген жерінен олжасыз қайтпайтын қожекеңнің үйі жүдеулеу көрінді. Қонақасын жеп, түнеуге ыңғайланып, жолдасыммен бірге тысқа шықтық. Сол кезде Жұмагүл бәйбішенің қатқылдау сөйлегені есітілді: «Осы әкелгендеріңізді үйге жаратайықшы. Жүдеп-жадап отырғанымыз. Келген қонақтан ұяламын. Жұртқа берген садақадан бізге де қалдырсаңызшы. Айлап ел кезіп, жұртқа жаманатты боласыз. Берулерін беріп алып: «Ойбай, қожаға бердік. Бұлар алғанды жақсы көреді деп сауаптарын суға ағызып отырғандары. Сонша жылдан бері біреудің бергенін біреуге берумен келе жатырсыз. Бала-шағаға бір пайдасы жоқ». Басқа да бірталай әңгіме айтылды. Сүлеймен қожадан үн шықпады. Төсекке жатарда шынымен де ойландым. Жинағанын үйіне жаратса болады ғой. Бұл маңайда осы үйден тұрмысы төмен қожалық көрініп тұрған жоқ. Қожаға беріп алып айтатынымызда рас. Жаманаты қожанікі. «қожа берсе қойныңа сал!» деп солардан үнемі дәметіп тұратынымыз тағы бар. Жол қақты болып шаршағанбыз. Оянып, таңғы шайдың үстінде бәйбішенің жылағанын байқадық. Сөйтсе таң сәріде әкелген қойларын қожекең Алланың жолына садақаға лайық дегендердің үйіне апарып, тарқатып келген екен.

Біз аттанып кеттік. Бірақ көңілде көп ойлар кетті. Шаршап, кейбіреулерге жеккөрінішті болып тапқан мал-мүлікті  балаларына, үйіне қимай  бөтен бірулерге беріп жіберудің өзі мәрттік қой. Жарықтық Сүлеймен қожа әулие еді ғой.

Қошқаралы Қайыпназардың айтқан әңгімесін оқырманға жеткізген

            ЛАТИФҚОЖА ҰЛЫ РАУШАНБЕК.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button